Туризмнің қалыптасуы (XVIII-XX ғ.)

Туризмнің қалыптасуы (XVIII-XX ғ.)

XVIII ғасырдың екінші жартысында орыс педагогикалық әдебиетінде туризм орнығуының белгісі болған мектеп экскурсиялары жөніндегі алғашқы мәліметтер берілген.
Балалармен экскурсиялық жұмыс жүргізудің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі – декабрист И.Д.Якушкин болған. Құғында болып, ол Тюмень губерниясының Ялуторовск қыздар мектебі ашылғанынан бастап онда сабақ берген, жазды күні жорықтар мен экскурсияларды, ең алдымен, өсімдікті зерттеу үшін ұйымдастырған.
Бірте-бірте экскурсиялардың таралуы соншалық, олар мектеп жарғыларына енгізілді. Мысалы, 1786 жылы «Халық училищелердің жарғысында» («Устав народным училищам») оқу экскурсияларын жүргізу нұсқауы болған. 1804 жылғы жарғы оқушылар үшін табиғатқа, мануфактураларға, шеберханаларға т.б. экскурсияларды ұйымдастыруды міндет қылған.
Экскурсиялық іс-әрекеттің жандандырылуы – ХІХ ғасырдың екінші жартысында Петербургте, Мәскеуде, Қазанда, Екатеринбургта, Тифлисте және Ресейдің басқа қалаларында ұйымдары бар Жаратылыстану әуесқойлары қоғамының пайда болуына байланысты. 1905 жылы алғашқы экскурсиялық мекемелерінің бірі – Ялтаның экскурсиялық бюросы ашылды. 1899 жылдан бастап Мәскеу педагогикалық қоғамының жанында гимназиялар, коммерциялық және реальдық училищелер мен мектеп оқушылары үшін жалпы білімдік экскурсияларды ұйымдастыру комиссиясы жұмыс істеген. Бұл комиссия Мәскеу оқу округының жанындағы Орталық экскурсиялық комиссиясының жұмысын үйлестірген. Өз еркімен, онша үйлесімді түрде жұмысын атқармаған болса да және аталған ұйымдардың дегдарлық сипатына қарамастан, олар оқушы жастарды табиғат, тарих пен мәдени құндылықтарын білу ынтасын туғызуда маңызды рөл атқарған.
1910 жылы Б.Е.Райков пен Г.Н.Боч редакциясымен «Школьные экскурсии, их значение и организация» («Мектеп экскурсиялары, олардың маңызы және ұйымдастырылуы») еңбегі жарық көрді. Бұл кітапта алғашқы болып экскурсиялық әдістемелігінің қағидалары жасақталып барлық пәндер мен сыныптар үшін оқу экскурсияларының жүйесі ұсынылған.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында Ресейде ең алдымен елтану мен оқу экскурсиялары сұрақтарымен айналысқан бірнеше журналдар: «Экскурсионный вестник» (Мәскеу), «Школьные экскурсии и школьный музей» (Одесса), «Русский экскурсант» (Ярославль) және әдістемелік әдебиет, инструкциялар мен нұсқаулар шыққан. Экскурсия жетекшілерін даярлау жұмысы жүргізілген.
Экскурсиялық іс-әрекетінің дамуымен бірге тарихи, мәдени және табиғаттану ескерткіштері, ансамбльдері, мұражайлары мен көрмелер ашыла бастаған. Бұл үрдіске ғылыми қоғамдар, демократиялық интеллигенция өкілдері өз үлесін қосты. 1872 жылы Политехникалық, 1873 жылы Тарихи мұражайлар ашылды. П.М.Третьяков өзі мен інісі жинаған картиналарды Мәскеу қаласына сыйға тартып, атақты Третьяков галереясын ашқан.
ХІХ ғасырдың 90-жылдары мектептік-экскурсиялық кәсіп ресми биліктің, оның ішінде Халыққа білім беру министрлігі мен Синод қолдауына ие болды: олар экскурсияларды оқушылардың моральдық-діни тәрбиесі құралы ретінде пайдалануды пайымдаған.
Дегенмен, революцияға дейін экскурсиялар ең алдымен, табиғи ортаны зерттеу мақсатында және тарихи маңызды жерлерде өткізілген.
Ресей туризмнің қалыптасу уақыты жөнінде бірыңғай пікір жоқ.
Мүмкін, оның қалыптасу алғышарттарының бірі XVIII ғасырдың басында І Петр 1718 жылғы 12 ақпандағы жарғысымен Ресей өлкетануының іргетасын салуы шығар. Бұл жарғыда барлық елді қызықтыратын табылған нәрселер туралы хабарлау жөнінде бұйрық жазылған. Ұзақ уақыт өтпей Петербургте алғашқы өлкетану мұражайы – Кунсткамера ұйымдастырылды. І Петр өзі де саяхатқұмар болған. 1697-1698 жылдары ол Еуропа бойынша алғашқы саяхатын жасаған. Екі жыл (1716-1717) ішінде Голландия, Германия мен Францияны аралап шыққан.
Дәл І Петр Ресейді басқа елдерден бөліп тұрған «темір шымылдықты» қиратып, оның үлгісі болған. Оған дейін орыс патшаларының біреуі де Ресей шекарасынан асып өтпеген. 1697-1698 жылдары «Ұлы елшілік» деп аталған алғашқы шетелдік сапар жасалған. Бұл саяхат бірталай мақсат көздеген. Біріншіден, сыртқы саясат мақсаты: Осман империясымен Қара, одан әрі Жерорта теңіздеріне шығу үшін жоспарланған соғыстардағы болашақ одақтастарды іздеу. Екіншіден, экономикалық-танымдық: Еуропа ғылымы мен техникасының деңгейін көріп алып олардың жаңашылықтарын Ресейде, ең алдымен эскери әлеуетін көтеру мақсатында игеріп енгізу. Үшіншіден, батыс халықтары өмір салты және мәдениетімен танысу. Сөйтіп, «Ұлы елшілікті» бірнеше көрсеткіштері бойынша туристік саяхат деп қарастыруға болады.
І Петр Курляндия, Пруссия, Голландия, Англия, Австрия мен Польша елдерін аралап шықты. Академик С.Ф.Платонов І Петрдың осы шетелдік сапарына: «І Петр бір жарым жыл бойы шет жерінде болуы оның тұлға қасиеттері мен бағытталуын біржолата қалыптастырды. Ол көптеген пайдалы білімдерді игеріп алып, Еуропа өмірінің мәдени формаларына үйреніп, ойсанасы есейіп, өзі де рухы жағынан еуропалық болып кетті. Сонымен қатар, Мәскеу патшасының Батыс сапары Мәскеу мен Батыс қатынастарын жандандырды, Русь пен Еуропа арасындағы адамдар алмасуын нығайтты. Осыдан бері көптеген орыстар шет елдерде тұрды, оқыды, жүздеген шетелдіктер Ресейге шақырылды және өздері осында ұмтылды. Петр шетелде болғанда державалардың шынайы қатынастары жөнінде дұрыс біліп алып, түріктерді Азияға қуу туралы сандырақты ойдан бас тартып, өз ата-бабалары жоғалтқан Балтық жағалауы үшін Швециямен таласу жөнінде қол жетерлік жоспарын пайымдады» [130], – деп сипаттаған.
Ресейде саяхатқұмарлардың ең алғашқы қолдаушысы ІІ Екатерина болған деп есептеледі. 1765 жылы Екатерина дворяндарды міндетті қызметтен босататын «Жалобная грамота дворянству» (Дворяндарға ақы беру грамотасы») деген жарғы шығарды. Осының нәтижесінде алыс сапарға шығу үшін жеткілікті бос уақыты мен қаржысы бар алғашқы адамдар пайда болды. Император ханымның өзі де, Ресей жерінде көптеген саяхат жасап (мысалы, 1772 жылы ол алғашқы рет Иматра сарқырамасына барған), дворяндардың өз ел географиясы мен тарихын білу ынтасына ықпал жасаған.
1775 жылы ІІ Екатерина Ресей бойынша танымдық саяхаттар дәуірін бастады. Князь Григорий Потемкин ұсынысын тыңдап, Екатерина, қошеметшілер мен шетел елшілерін ертіп алып, империяның бүкіл батыс бөлігін аралап, Днепрмен жүзіп өтті, салынып жатқан Херсон мен Севастополь қалаларын көріп шықты.
Дегенмен, зерттеушілердің көпшілігі ұйымдастырылған туризмнің бастаушы жылы деп 1777 жылды есептейді. Осы жылда Мәскеуде Веньямин Генш «План предпринимаемого путешествия в чужие края» («Бөтен жерге саяхат жасау жоспары») деген кітабын шығарды, ал арнайы ұйымдастырылған Ресей немесе шетелге ұйымдық саяхаттары жөніндегі бұдан ерте шыққан құжаттар қанша іздесе де табылған жоқ.
Мәскеудегі бір пансионды басқарған В.Генш 20 жылдан астам жастарды тәрбиелеумен айналысқан. Ол өз дәуірінің білімі зор ғұламасы болған, ұзақ уақыт, өзі жазғандай, «шетелдерінің талай академияларының мүшесі болған, Германия, Швейцария, Италия, Франция, Англия мен Голландия елдерін бірнеше рет аралап шыққан және саяхаттардың пайдалылығы мен жастар тәрбиесіндегі маңызын терең сезінген».
Генш жоспары бойынша жас дворяндардың шағын тобы «жас адамға оның игілігі үшін, қажетті де пайдалы болуы мүмкін заттарды біліп алу» үшін неміс, итальян немесе француз университеттерінің біріне сапар жасаулары керек болған.
Университеттерді көргеннен кейін Швейцария, Италия мен Францияны осы елдер өнері мен фабрикалар жұмысын білу үшін аралап шығу жоспарланған. Қатысушылар осы саяхатты ұйымдастырушы Геншке келісімшартта аталған көлемде сыйақы төлеуі керек болған.
Қалай да болса, В.Генш «Жоспары» XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі шетелдік туристік саяхаттарды ұйымдастырудың алғашқы ұсыныстарының және осындай іс-әрекеттің алғашқы жарнамасының бірі болды.
XVIII ғасырдың соңында Ресейде туризмнің бастамасының пайда болу белгісі – алғашқы жолнамалар. Саяхатшыларды Ресейдің жаңа астанасы СанктПетербург өте қызықтырған. Жаңа қаланың алғашқы суреттемесін 1718 жылы Франкфуртте Геркенс шығарған. Кейінірек Петербург құрылысы жөнінде 1721 жылы шығып ұзақ уақыт өтпей неміс тілінен ағылшын және француз тіліне аударылған (орыс тіліне қысқартылған түрде 1872 жылы ғана аударылған) ФХ.Вебердің «Преображенная Россия» («Жаңартылған Ресей») кітабының бірінші бөлімінде жазылған.
Жолнама қажеттілігін алғашқы болып шетелдіктер аңғарғанын жоққа шығаруға болмайды. Олар бірінші болып қала өмірінің өзгешіліктеріне қызыққан. Оның финн батпақтарында пайда болуы мен өте қолайсыз жағдайдағы таңғалдырар қарқынмен өсуі елді тәнті қылдырды.
Бірақ Петербургтың алғашқы елу жылдық тарихы мен тұрмысының бар қырларын толық және дәл түрде суреттеген шығарма Андрей Богданов пен Василий Рубанның кітабы болды. Шығармасы 27 жыл мұрағатта жатқан негізгі автор Андрей Богданов өз еңбегін көре алмай кетті. Василий Рубан қолжазбаны тауып алып, оны сәл толықтырып шығарды.
Андрей Богданов жолнамасында Петербург салынған жердің тарихы жөніндегі мәліметтер жинақталған. Автор қаланың пайда болу себебі мен уақыты, өзендер мен арналар, көрікті жерлер мен олардың аттарының қалай пайда болғаны жөнінде түсіндіріп жазған. Ол бай шонжарлардың сарайларын, діни ғимараттарын, салтанатты мерекелерді, шетел елшілерін қарсы алу салтанаттарын суреттейді (1751)*.
Атағы кең жайылған тағы бір жолнама – «Описание российскоимператорского столичного города Санкт-Петербурга и достопамятностей в окрестностях оного с планом» («Ресейлік-императорлық қаласы СанктПетербург пен маңайындағы көрікті жерлердің планы бар суреттемесі»). Оны Ғылым академиясының химиялық зертханасының меңгерушісі Иоганн Готлиб Георги неміс тілінде жазған. Орыс тіліне П.Х.Безак аударған.
Георги үлгі ретінде Христофор-Фридрих Николаидің «Берлиннің суреттемесі» кітабын қолданды. Георги жолнамасының құрылымы осы кітапқа ұқсас болып келеді. Орыс тілінде кітап Санкт-Петербургте 1794 жылы шықты. Суреттемемен бірге қаланың жоспары да көрсетілген.
Мәскеудің алғашқы жолнамасы 1782 жылы Петербургте сол дәуірге лайық өте ұзақ атауымен шықты. Қызық болу үшін атауын аудармасыз келтірейік: «Описание императорского, столичного города Москвы, содержащее в себе: звание городских ворот, каменных и деревянных мостов, больших улиц и переулков, монастырей, церквей, дворцов, присутственных и казенных мест, число дорог, застав, число извозчиков и прочая, собранное в 1775 году и изданное в свет для удовольствия общества издателем Описания российскоимператорского столичного города Санкт-Петербурга и достопамятностей в окрестностях оного с планом В.Г.Рубаном». Бұл жолы Василий Рубан кітаптың авторы да, баспашысы да болды.
XVIII ғасыр жолнамаларының бір ортақ ерекшелігі – олардың барлығы астаналар туралы мәліметтерді бүкіл Ресей мемлекетіне таратып, Ресей азаматтары мен шетел қонақтарынын қызығуына ықпал ететін «әуес қылушыларға» арналғаны.
XVIII ғасырда жолнамалар баспа кәсібінде сирек кездессе, ХІХ ғасырдан бастап олар жиі шығып, олардың саны өседі және түрлі талғамдарға арналады.
Бұқаралық саяхаттар дәуірі Ресейде жаңа қатынастарға жол ашқан ІІ Александр реформалары толқынында басталады. 1861 жылғы крестьян реформасына сәйкес, 1964 жылы помещиктерге крестьяндарға берген жерлері үшін керемет үлкен көлемде ақшаларын өтеп береді. Осындай ақшаға ие болған дворяндар Еуропаны көріп, өздерін де елге көрсетем деп шетелге ұмтылады. 7080-жылдары туристер санына ХІХ ғасырдың «жаңа орыстары»: реформа дәуірінің кәсіпкерлері, инженерлер, өнеркәсіп пен сауда кәсіпорындарының қызметкерлері қосылады.
_________
*1997 жылы Ресей Ғылым академиясы мұрағатының Санкт-Петербург филиалының Солтүстік-Батыс библиялық комиссиясы Андрей Богдановтың осы еңбегін баспадан шығарды.
Саяхатшыларға қызмет көрсету үшін жаңа арнайы фирмалар қалыптасады. Алғашқы орыс туристік компаниясы «Иматраның акционерлік қоғамы» болды. ІІ Александр шешімі бойынша, 1871 жылы 28 ақпанда Финляндия Сенаты бекіткен қоғамның жарғысы бойынша, қоғамның міндеті «жазғы айларда Выборг қаласы мен Иматра сарқырамасы арасындағы қатынастарды дұрыс және жайлы түрде ұстап отыру, осы жолда салынған ғимараттарда келушілерді күтіп, лайықты тамақтандыру» болған.
Петербург жазушыларының жолда жазған шығармалары да жұртты саяхаттарға тартқан. 1789-1790 жылдары Еуропаға саяхат жасаған прозаик пен тарихшы Н.Карамзин өз көрген-білгендерін «Орыс саяхатшының хаттары» кітабінде жазған. Пушкиннің жер кезгені туралы «Арзрум сапары» әңгімелейді.
Ресей мен шетелге саяхат жасағандардың санының өсуі теміржол дамуымен байланысты. Петербургтан Батыс Еуропа мен Ресей қалаларына апаратын жолдар салынған. 1869 жылы Петербургте «Ресей мен шетелдері бойынша жолнамасы» шықты. Мұнда Ресейдің сол кездегі барлық байланыс жолдары: теміржолдары, бу кемелері, дилижанстар, пошта аттары, телеграф көрсетілген. Сонымен қатар, Германия, Дания, Швеция, Норвегия, Англия, Франция, Испания, Португалия, Италияның басты теміржолдары, жүру мерзімдері, жолдағы уақыт, бағалары, Батыс Еуропаның кеме мекемелері мен негізгі порттары аталған.
1885 жылғы сәуірде Санкт-Петербург Цензура комитеті «В.Кенне мен компания» атты артистік шұғыл баспалық мекемеге «Леопольд Липсонның дүниенің барлық елдеріне қоғамдық саяхаттар жасауға арналған Ресейдегі алғашқы кәсіпорын» кітапшасын баспадан шығаруға рұқсат берді.
Біз үшін бұл басылым неге қызық болып көрінеді? Біріншіден, туристік фирманың ұйымдастырылған жылын анықтауға болады. Екіншіден, мұнда саяхат ұйымдастырушысы өзіне алған міндеттер және осындай сапарға қатысатын туристерге көрсетілетін қызметтер тізімі берілген.
Автор өзінің шетелде болған ауқымды тәжірибесі туралы баяндайды. Ол Италия, Франция, Испания, сондай-ақ Шығыс елдерін аралап шыққан. Дәл сол кезде автор таныстықтар мен байланыстар жасайды. Осыған орай, «ел және оның халқымен ұзақ уақыт таныс болғандықтан, менің кеңсем мәртебелі мырзалар мен ханымдарға ойдағыдай бағаға саяхат пен қалаулы жайлы қонақүйлерде орналастыру мен күту ұсынады және шетелдіктерді ертіп жүретін және маза бермейтін мақтаншақтарға емес, өз тәжірибемізге сүйеніп, ең көрікті жерлерді сіздерді жалықтырмай көрсете аламыз», – деп айтқан.
Леопольд Липсон саяхатты осындай түрде жасап, уақытын өткізетін болса саяхат қоғам үшін өте жайлы да ләззатты келеді деген тұжырым жасайды. Осындай жағдайдың себебі – «саяхаттың тиянақты жасалған бағдарламасы саяхатқа қатынасы бар адамдардың арасындағы келісімшарт сияқты» болғаны. Липсон мен кеңсесі «саяхатшылар толығымен риза болып ел және оның халқымен егжейлі-тегжейлі танысқаны үшін» қолынан келетінінің бәрін істейді. «Кіріспесінің» маңызды тұжырымдары: «әрбір саяхаттың мақсаты рақатпен бірге оның танымдық сипаты, екіншіден, мекеменің ұраны – уәде бергенін тиянақты орындау».
Дегенмен, бұл кезеңдегі саяхатқа қатысушылардың саны өте аз болған және оларға қоғамның тек кең қалталылары ғана қатыса алатын. Көпшілік жұрттың оған қолы жетпеген.
Сонымен, қорытып айтсақ, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресейде, кейбір еуропалық елдеріндегідей, алғашқы туристік ұйымдар пайда болды. Олар Кавказ бен Қырым тауларымен танысып оны зерттей бастады. Олардың іс-әрекеті кең ауқымды болмаса да, туристік-экскурсиялық кәсібінің қалыптасуына ықпалын тигізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *