Туризмнің пайда болуы
Сауда жасау, жерді жаулап алу мен игеру, ресурстар мен жаңа көлік жолдарын іздестіру мақсатында дүниені тану мен жаңа құндылықтарды жасау деген – адамның бүкіл көпғасырлық тарихындағы мызғымас қасиеті. Өркениетіміздің шынымен көзге көрінерлік уақыт аралығы онша ұзақ емес, бес мың жыл мерзімді қамтиды. Алайда, саяхаттардың сенімді түрде жасалған сүреттемелерінің жасы одан да кем, тек жақында өткен дәуірлерге жатады. Жаңа құрлықтар мен аймақтарды, халықтар мен табиғи құбылыстарды ашқан, географиялық және басқа білімдердің негізін қалыптастырған ұлы саяхатшылардың аттары адамзат тарихында мәңгі сақталып келе жатыр.
Жер мен ресурстарға ие болу және сауда жасау құмарлығы адамзатты ғасырлар бойы басқа жерлерге, аумақтарға, елдерге, тіпті, құрлықтарға итермелеген. Белгілі грек тарихшысы Геродот б.з.д. V ғасырдың өзінде барлық өзіне мәлім саяхаттар мен жаңа жерлерді сүреттеп берген. Массаланың (қазіргі Марсель, Франция) тұрғыны, географ және зерттеуші Пифий б.з.д. 320 жылы Еуропаны айналып, өз дәуірі үшін ғажайып саяхат жасаған, Британия жағалауынан асып, тіпті, Норвегияға жеткен; Исландияға жетті деген жорамал да бар. Саяхаты, көптеген географиялық ашулары жөнінде суреттеген «Мұхит туралы» атты еңбегін жариялаған.
Ежелгі Рим дәуірінде бай ақсүйектер императордың рұқсатымен демалу мақсатында Мысырға, басқа елдерге сапар жасағандығы тарихтан белгілі.
Америка құрлығының бірнеше мәрте ашылуы мен игерілуін, Исландия мен Гренландия жерінде 900-1100 жылдары қоныстану туралы мәліметтерді атап шықсақ, артық болмайды. Колумб дәуіріне дейін жүрек жұтқан викингтер Гренландияға, одан кейін Америка құрлығына шейін (Ньюфаундленд) жетіп онда колония орнықтырған. Олар тұрған қоныстардың қабырғалары табылған, тіпті, колонистердің есімдері құжат түрінде анықталған. Бұл Исландия тұрғындарынан жинақталған экспедицияны 982 жылы ирландық Эрик Рыжий (Сарыбас Эрик) басқарыпты. Сауда мақсатында ашылып пайдаланған өте ұзақ сауда жолдарын, олардың ішінде «варягтардан гректерге» («из варяг в греки»), Ұлы Жібек жолын және т.б. атауға болады.
Саяхаттар жаңа сауда жолдарын ашу, дүниені тану, жаңа елдер мен жерлерді ашу мақсатында өткізілген.
Ұлы араб саяхатшысы мен ғалымы ибн Баттута (Абу Абдаллаһ Мұхаммед ибн Абдуллаһ әл Лавати ат-Танжи) (1304-1368/69) 21 жасында сапарға аттанып, Шығыс елдерінің барлығын жаяу аралап шыққан (70 мың шақырымнан астам), Солтүстік Африка, Үндістан мен Қытай елдерінде болған. Көптеген елдер мен сауда жолдарының, халықтардың салт-дәстүрлерінің географиялық сүреттемелері аса құнды «Рихле» деген кітабына кірген. Ибн Баттутаның кітабы біршама еуропалық тілдерге аударылған. Бұл кітапта өте ауқымды тарихи, географиялық және этнографиялық материал жинақталған; бүгінге дейін Орта ғасырлар тарихын зерттеуде маңызы айтарлық. Итальян саудагері Марко Поло (1254-1324) 1271-1295 жылдары Қытайға ғажайып сапар жасаған*.
Онда 17 жыл тұрып, осы ел туралы маңызды мәліметтерін жинақтап, оларды өзінің «Әлем ғажайыптары туралы кітап» деген еңбегінде жариялаған. Венециялық Марко Поло орта ғасырлардың ең белгілі саяхатшысы болып есептеледі.
Жаңа жерлерді ашу мақсатында ежелгі уақыттан бастап өте ауыр саяхаттар жасалған. Бүгінгі таңда Американың Колумбқа дейін әлдеқайда бұрын ашылғаны белгілі , ал Гренландияда («жасыл жер» деп аударылады, қазіргі кезде бұл мұзбен бүркелген құрлық) атам заманынан бері Еуропадан қоныс аударған адамдар өмір сүргені мәлім. Мұздықтың таралуының дамуына қарасақ, алғашқы тұрғындарды 600-800 жылдарға жатқызуға тура келеді. Қазіргі кезде Оңтүстік Америкадан Полинезияға көп кісі сыятын сал қолданып бірнеше айлық ұзақ саяхаттарды жасау мүмкін емес сияқты, бірақ бальс бөренелерден жасалған салмен Тынық мұхитын кешіп өткен Тур Хейердал осындай жанкештілікті дәлелдеген.
Ұлы саяхатшылар, алғашқы ашушылар, ғалымдар мен теңізшілер – Фернан Магеллан (1480-1521), Васко да Гама (1469-1524), үш каравеллада 14921493 жылдары Атлант мұхитынан өтіп Америка құрлығын ашқан Христофор Колумб (1451-1506) есімдері бүкіл әлемге әйгілі.
Ресей елі де өз саяхатшыларымен мақтана алады. Нақты мәліметтермен расталған ертедегі саяхат жасағандардың бірі – Афон мен Қасиетті Жерге 1065 жылы сапар шегіп, жолда көрген-білген өңірлер мен халықтар туралы мағлұматтарды қалдырған игумен Даниил болды. Парсы мен Үнді елдеріне 1471-1474 жылдары саяхат жасап, «Хождение за три моря» («Үш теңіздің ар жағына сапар») шығармасын қалдырған Афанасий Никитин, кейінгі белгілі саяхатшылар В.И.Беринг (1681-1741), Н.М.Пржевальский (1839-1888), Н.Н.Миклухо-Маклай (1846-1888) және басқалар бар.
Жер шарын айналған саяхаттардың жолы 75 мың милядан да асып кеткен. Осылардың нәтижесінде ғылыми бағыттар мен білім жүйелерінің негіздерін салған баға жетпес ғылыми мағлұматтар жарық көрді. Сақталып қалған әлемнің карталарында құрлықтардың нобайлары өте дәл көрсетілген, осы карталарды жасау үшін қажетті ақпарат пен әдістемелерді ежелгі адамдар қалай тауып алғаны таңғаларлық.
Саяхаттар мен туризм – адамның өмір әрекетінің белгілі бір салтын суреттейтін бір-біріне тар байланысты қос ұғымдар. Мұнда әдеттегі тұрғын орнынан тыс жердегі аумаққа, елге, құрлыққа адамның уақытша сапар шегуі –
__________
* 1298 жылы Марко Поло саяхаттары туралы Пиза қаласының тұрғыны Рустичаноға әңгімелеген (Жюль Верн. История великих путешествий – М.: Альфа-книга, 2008. – 772 с.). Осы сапар жөніндегі мәліметтердің бірталайы күмән туғызады. Орталық Азия туралы мәліметтерді саудагерлерден сұрастырып жинаған деген дәлелдеуге қиын жорамал бар. Мұндай көзқарас кең тараған және тарихшылар ол жөнінде пікір алмасуда.
саяхатты іс-әрекеттің басқа аяларынан ерекшелейтін әрекет анықтамасын атау қажет.
Туризм саяхаттардың ерекше түрі болып табылады, бірақ жалпы саяхаттар ұғымынан ерекшеленетін шектеулерге, сипаттамаларға ие. Туризмнің көптеген мағыналық анықтамалары бар. Туристік саяхатқа, туристік сапарға, жорыққа қатысатын адам жалпы түрде турист деп аталады.
Саяхатпен салыстырсақ, туризм дегеніміз экономика мен саясаттың күшті ықпалындағы категория, сонымен қатар, осы құбылыстың ішкі табиғатының дуализмі (екі қырлылығы) байқалады, себебі, туризм дегеніміз – а) туристер анық туристік мақсаттарында жасайтын саяхаттардың бұқаралық ерекше түрі, яғни бұл туристің өзінің іс-әрекеті (туристік іс-әрекетінің субъекті); ә) осындай саяхаттарды ұйымдастыру мен іске асыру іс-әрекеті, яғни туристік іс-әрекет. Бұл іс-әрекет туризм индустриясының әртүрлі кәсіпорындарымен (туристік ісәрекет объектімен) іске асырылады.
Туризмді ең алдымен, саяхат деп есептесек, туризм негізі өте ежелгі уақытта жатыр. Адамзаттың жазбалы тарихы пайда болуынан бұрын саяхаттардың көне түрлері дүниеге келген. Ежелгі Грекия мен Римде өркендеген антикалық дәуірде өркениеттің жоғары дамуына, қолы бос, «еріккен», мәдениеті жоғары бай таптың бар болуына байланысты, туризмнің қазіргі мағынасына жақын, саяхаттардың рекреациялық және танымдық түрлері орын тапқан.
Грек пен Рим саяхатшыларының ең жиі баратын жері Мысыр болған. Барған жерлерінде өз аттарын тасқа қашап қалдыра берген. Ғылымда осындай жазбалар «граффити» деп аталады (граффити итальяндық graffiti – қашалған, тырнап жасалған деген сөзден шыққан). Граффити таса жерлерде ғасырлар бойы сақталып, гректер мен римдықтардың Мысырға барып жүргендігін растайтын «құжат» болып қалған.
Ніл алабында табылған ең ежелгі граффитилер б.з.д. VI ғасырға жатады. Грек жалдамашылары, Нілдің жоғары сағасына көтерілген кезде Әбу-Симбел ғибадатханасының алдында тұрған алып мүсіннің аяғына өз аттарын сызбалап жазғантұғын. Ніл алабына Афин заңнамашысы Солон, математик Пифагор, сәл кейінірек грек логограф-тарихшысы Милеттің Гекатейі сапар шегіпті-мыс деп жорамалдайды антикалық авторлар.
Грек пен римдықтар сапарлары жөнінде тек граффити ғана емес, ауқымды жазбалы дерекнамалар да хабарлайды. Геродот Фивы қаласына және бірінші Ніл табалдырығының жанында орналасқан аралға жасаған сапарлары жөнінде баяндайды.
Бүгінгі таңда туризм дамуының адамзат дамуы үдерісіндегі кейбір белгілер мен бағдарларды іздестіру әрекеттерін жасап отырмыз. Саяхатшылар барлық дәуірлерде көп болған: жиһанкездер, кезбелер, жолаушылар, мінәжат етушілер мен жай ғана серуендеушілер, бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Дегенмен, туризм саласындағы нағыз қопарылыс туралы біз тек қана ерте жаңа дәуірден бастап әңгіме қозғай аламыз.
Туристік саяхаттардың ұйымдастырылуын шынымен растайтын ақиқат – алғашқы туристік жолнамалардың пайда болуы. Олар VIII ғасырда француз королі Ұлы Карл (742-814) мен «Мың бір түнде» талай әңгімеленген халиф Һарун әл-Рашид арасында достастық қатынастар орнатылған кезде шығарылды. Осыдан кейін француз шонжарлары Палестина мен Кіші Азия елдеріне жиі-жиі экскурсияларға бара бастаған.
Оларға сапарға аттанудың алдында баратын жері туралы, қалалар арасындағы жол қашықтығы жөнінде қысқаша мәліметтер жазылған арнайы жолнамалар берілген. Жылдар өте жолнамаларда түнеу орындары, бағалар туралы, климаты жөнінде, назар аударарлық орындар, ескерткіштер туралы, т.б. мәліметтер жарияланатын болды. Шетелдік туризмнің алғашқы ұйымдастырушылары – Генуя, Пиза, Аугсбург, Нюрнберг саудагерлері болған.
Бірте-бірте саяхатқа саудагерлер мен жер жаулап алушылардан басқалары да аттана бастады. Жұрт айналадағы дүниені тануға тырысты. Географиялық ашулар қызығушыларды сапарға ынталандырды. Басқа елдер туралы мәліметтер мен картографиялық материал саны көбейді.
Төрт жылда бір рет өткізілетін Олимпиада ойындарының (б.з.д. 776 ж. – б.з. 394 ж.) жөні ерекше болған. Мұнда көптеген грек полистарынан (қалаларынан) келген спортшылар, кейінірек римдықтар да қатысқан. Ойындар басталмай көрермендердің алдында ақындар, философтар, ділмарлар өз өнерін көрсеткен. Осының барлығы ежелгі грек қаласы Олимпияға көп жұртшылықты қызықтырып тартқан, оларды орналастыру үшін арнайы үлкен үйлер салынған. Бүгінгі көзқарас бойынша, Олимпиада ойындарын спорттық туризмнің ерекше бір түріне жатқызуға болады. Олимпиада ойындары 1896 жылы қайта жанданды, олардың дамуы қазір де жалғасуда.
Ежелгі Грекияда, әсіресе, ежелгі Римде негоцианттар (саудагерлер) өте жиі сапар жасаған. Осы айтылғанның бәріне сүйенсек, антикалық әлемде рекреациялық та, спорттық та, бизнес-туризмнің де бастаулары болған.
Көпшілік жұрттың орнын ауыстыру үрдісі оларға баспана тұрғызуды қажет еткен, сондықтан саяхатшылар үшін қонақ үй шаруашылығын дамыту өзекті мәселеге айналған. Б.з.д. Рим империясында бір-бірінен аттың бір күндік жолында орналасқан жолаушылар қонатын мемлекеттік қонақжайлар (постоялый двор) пайда болған. Жолаушылар қонатын жайлар римдік шабармандар мен мемлекеттік қызметшілер өтетін қалалар мен даңғыл жолдарда орналасқан. Провинциялар мен Римнің өзінде баспаналардың: патрицийлерге (ақсүйектерге), плебейлерге арналған екі түрі болған. Сапар кезінде римдықтар арнайы жолнама-карталарды пайдаланған.
Антакалық әлемнің ыдырауы нәтижесінде жұрттың жүріп-тұруы, әсіресе, феодализм дәуірінде, бытыраңқылық заманда күрт азайды. Алайда, христиан, мұсылман діндерінің дамуымен бірге, мінажат етушілердің саны әлдеқайда көбейді: христиандар Иерусалимге мінажат ету үшін, мұсылмандар Меккеге қажылық жасау үшін сапар жасайды. Мұндай саяхаттардың жолы ұзақ болған. Сонымен бірге, мінажат етушілер жақын орналасқан монастырлер мен басқа қасиетті жерлерге де аттанған. Қарақшылардан қорғану үшін қажылыққа аттанған адамдар топтасып жүрген – бұл құбылысты қазіргі топтық діни туризмімен салыстыруға болады.
Феодалдық бытыраңқылық пен экономикалық қатынастардың үзілуіне қарамастан, жұрттың жол жүру әрекеті мүлдем тоқтап қалған жоқ. Сапарға мінажат етушілермен қатар саудагерлер де (оларды қонақ деп атаған) аттанатұғын. Антикалық дәуіріндегідей, бай адамдар шипа суларға емдіксауықтыру мақсатында баруын тоқтатпаған (келешекте бұл рекреациялықбальнеологиялық туризмге айналды). Жол жүрген адамдар қонақжайларында, қонақүйлерінде, оның ішінде монастырлық қонақүйлерінде пана тапқан. Кейде қона үйлердің, әсіресе, кішігірім қонақүйлердің (кейбір жағдайларда құр жай пәтер немесе меншікті үйлердегі бөлмелер) иелері өз клиенттердің істеріне делдал ретінде қатысқан. Шығыс елдерінде қонақүйлер керуен сарай деп аталған. Жалпы айтқанда, қонақүйлердегі қызмет көрсету сапасы өте төмен деңгейде болған. Ал тамақтану қамын қонақтардың өздері ойластырған.
Аймақаралық, еларалық, тіпті, құрлықаралық байланыстардың жаңа кеңею кезеңі Қайта өркендеу, Ұлы географиялық ашулар дәуірінен басталады. Дегенмен, бұл кездегі саяхатшылар көптеген ауыртпалықтарға ұшыраған. Сондықтан осы дәуірдегі туризмнің дамуы туралы әңгіме қозғауға, әрине, болмайды. Біздің қазіргі түсінігіміздегі туристер жоқ болған десек қателеспейміз.
Қорыта айтсақ, туризм аясындағы нағыз қопарылыс тек Орта ғасырлар соңы мен ерте жаңа дәуірде басталды деуге болады.
Туризм тарихын дәуірлерге бөлу мақсаты – оның дамуындағы біркелкі кезеңдерін анықтау. Туризм дамуы: ХІХ ғасырға дейін – бастапқы; ХІХ ғасырдың басы – ХХ ғасырдың басы – дегдарлар (элиталық) туризмі, туристік арнайы қызмет көрсету кәсіпорындарының қалыптасуы; ХХ ғасырдың басы – Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін — әлеуметтік туризмнің қалыптасуы; Екінші дүниежүзілік соғыстан қазіргі күнге дейін – бұқаралық туризм, туристік индустрияның туризмге арналған тауарлар мен қызметтерді өндіретін салааралық кешен ретінде қалыптасуы сияқты төрт кезеңге бөлінеді*.
Бастапқы кезең туризм дамуының ХІХ ғасырға дейінгі уақытын қамтиды. Бұған туризм дамуының: антикалық туризм, саяхат жасау себептері – білім алу, мінажат ету, емделу, спорттық жарыстар; Орта ғасырлар туризмі, саяхат тетіктері – діни туризм, білім алу, ақсүйектік қатынастар; жаңа дәуір туризмі (бұл кезде демалыс сипаттары өнеркәсіп революциясына байланысты болған жұмыс уақыты өскеніне орай жұмысшылар мен қызметкерлердің рекреациялық қажеттігі мәселесін шешу) сатылары кіреді.
География ғылымдары туристік проблемаларды уақыт аспектісімен бірге кеңістікте орналасу қырынан да қарастыруға мүдделі. Ең алдымен бұл ХІХ ғасырдың басынан басталған кезеңге қатынасы бар: осыдан бері туристік миграциялар курорттық аудандар мен демалыс орындарының дамуына, туристік қасиеттері бар аумақтардың ланлшафтарына зор ықпал жасап келеді.
Туризм – қоғамдық, шаруашылық, кеңістіктік құбылысқа, көне
дәуірлерден басталған ұзақ және бай салт-дәстүрлерге ие. Туристік әдебиетте __________
* Зорин И.В., Квартальнов В.А. Энциклопедия туризма – М., 2000. туризмді уақыт дәуірлеріне бөлу жөнінде көптеген ұсыныстар кездеседі. Мысалы, бұл мәселе туралы В.Унцикер (1941), Дж.Мариотти (1967),
А.Ковальчик (1995), К.Пшеславский (1973, 1997) т.б., ресейліктерден – В.Б.Сапрунова (1997), И.В.Зорин, В.А.Квартальнов (2000), А.Ю.Александрова (2002, 2008), М.В.Соколова ((2002, 2007) және Қазақстан ғалымдарынан В.Н.Вуколов (2000, 2002) пен Е.С.Никитинский (2008) жазған.
Біз қарастырып отырған еңбекте туризм тарихы К.Пшеславскийдің (1973) [93] бөлуіне сәйкес:
1) XVIII ғасырдың соңына дейінгі; а) көне дәуіріндегі;
ә) Орта ғасырлар мен Қайта өркендеу дәуіріндегі;
б) XVII-XVIII ғасырлардағы;
2) ХІХ және ХХ ғасырлардағы туризм – ІІ дүниежүзілік соғысқа дейінгі;3) қазіргі замандағы туризм даму кезеңдері қолданылған.