Меншікті капитал есебі

Меншікті капитал есебі

Капитал – бұл дара кәсіпкер тұлғаның немесе ұйымның активтеріндегі барлық міндеттемелер шегеріліп тасталғаннан кейінгі қалған үлес.
Меншікті капиталдың қаржылық есебінің негізгі мақсаты ресурстарды дұрыс қолдану мен сақтауда бақылаудың болуы. Бұл мақсатқа жету үшін қаржылық есеп мыналарды бақылауға қамтамасыз етуі тиіс:
— жарғылық капиталға қатысушылардың үлестерін уақытында және толық қабылдап алу;
— мерзімінде, толық және дәл көрсетілген жарғылық капиталдың немесе оның әр түрлерінің жалпы сомаларының өсуі немесе кемуі жайлы өзгерістерді айқындап отыру;
— меншіктік акцияларды сатудан (эмиссиялық кіріс) түскен табыстарды алу;
— инфляцияға байланысты негізгі құралдарды, инвестицияларды және басқа да активтерді қайта бағалаудан кейін капиталдың сомасын уақытында және дәл анықтау;
— резервтік капиталдың уақытында және дұрыс құрылуы мен оны дұрыс қолдану;
— алдыңғы есеп беру жылы мен есеп беру жылында пайда болған бөлінбеген кіріс (жабылмаған залал) сомаларын дұрыс анықтау және көрсету.
Меншікті капитал есебіне Халықаралық қаржылық есеп стандартының бухгалтерлік есеп шоттарының жұмыс жоспарына сәйкес V бөлім арналған.
«Капитал және резервтер» бөлімінің шоттары капитал мен резервтерді есепке алуға арналған. Капитал — бұл ұйымның активтерінде оның барлық міндеттемелерін шегергеннен кейін қалған үлес.
Аталған бөлім мынадай кіші бөлімдерді қамтиды:
5000 «Жарғылық капитал»
5100 «Төленбеген капитал»
5200 «Сатып алынған жеке меншік үлестік аспаптар»
5300 «Эмиссиялық кіріс»
5400 «Резервтер»
5500 «Бөлінбеген кіріс (жабылмаған залал)»
5600 Қорытынды пайда (қорытынды залал)»
Кәсіпорынның жарғылық капиталы қызметті бастауды қамтамасыз ету үшін жаңадан құрылған кәсіпорынның жасаған қаражаттарының сомасы болып саналады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, шаруашылық жүргізуші ұйымдардың алуан түрлері құрылады.
Ол акцияларды орналастырудың немесе сатудың, жеке капиталын салудың, мемлекеттiң қаражаттарының, материалдық емес активтердiң және басқа да мүлiктердiң немесе мүлiктiк құқықтарының есебiнен құрылады. Сонымен қоса, жарғылық капитал жаңадан құрылған заңды тұлғалар өз қызметiн бастау үшiн бастапқы материалдық базасы болып та табылады, ол құрылтайшылардың (акционерлердiң, қатысушылардың) қатысу үлесiн және кепiлдiк сипатын анықтайды.
Шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салынатын салымдары, ақша да, бағалы қағаздар да, мүлiк те, мүлiктiк құқық та және басқа да мүлiктер (интеллектуалдық қызметтiң нәтижесiнде берiлген құқын да қоса алғанда) болуы мүмкiн.
Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталына натуралды нысанда салынатын салымдары немесе барлық құрылтайшылардың келiсiмi бойынша немесе барлық құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешiмi бойынша мүлiктiк құқығы ақшалай нысанда бағаланады.
Акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы үш негізгі функцияны атқарады:
— ол бастапқы капитал болып саналады, яғни қоғам қызметі үшін мүліктік негіз;
— ол барлық құрылтайшылардың (акционерлер, қатысушылар) салымдарының үлесін анықтауға мүмкіндік береді, себебі жиналыста қатысушының дауыс беру саны мен оның табысының мөлшері осыған сәйкес;
— жарғылық капиталдың көлемі қоғамның үшінші тұлғалар алдындағы міндеттемелерін орындауға кепіл береді, сондықтан оның минималды көлемі заңмен бекітіледі.
Акционерлік қоғамның жарияланған жарғылық капиталының ең аз деңгейдегі көлемі – бір айлық есеп айырысу көрсеткішінің 50 000 есе мөлшерін құрайды және мемлекеттік тіркеуден өткен күннен кейін 30 күннің ішінде төленуі керек. Артықшылықты акцияны шығару барлық жарияланған акциялардың жалпы санының 25% көп болмауы керек.
Акционерлік қоғам — жарғылық капитал барлық жарияланған акциялар шығарылымының жиынтық атаулы (номинальдық) құнына тең.
Акцияның номиналдық құны- акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарында анықталған құрылтайшылармен төленген жарғылық капиталдың қалыптасуына қатысатын акция құнының ақшалай көрінісі.
Орналастыру бағасы — алғашқы бағалы қағаздар нарығына акцияны орналастыруда анықталатын акция бағасы.
Акциялар қарапайым және артықшылығы бар болып бөлінеді.
Қарапайым акция акционерге акционерлердің жалпы жиналысына қатысуы кезінде барлық сұрақтарды шешуге, ұйым таза табыс алған кезде дивиденд алуға, сонымен қатар қоғам жабылған кезде заңмен бекітілген негізде қоғамның мүлігінің бір бөлігін алуға құқық береді.
Артықшылығы бар акция акционерлерге қарапайым акцияны иеленетін акционерлерден бұрын қоғамның жарғысында көрсетілген алдын-ала анықталған міндетті түрде алатын дивидендтерді алуға құқық береді.
Акционерлік қоғамның артықшылығы бар акцияларының саны оның жарияланған акцияларының жалпы санынан 25 пайыздан аспауы керек.
Қоғамның жарияланған жарғылық капиталы түгелдей төленіп және орналастырылып біткен соң ғана ұлғайтуға рұқсат беріледі. Жарияланған капитал мен шығарылған капиталдың арасында айырмасы болса, онда сол сомаға жарғылық капитал азайтылады.
Жарияланған жарғылық капиталын ұлғайту және азайту туралы шешім акционерлердің жалпы жиналысында қабылданады, бірақ оларды минималды деңгейден төмендетуге рұқсат етілмейді.
Кәсіпорын мемлекеттік тіркеуден өткен кезде оның қатысушылардың салымының сомасына немесе акцияға жазылудан түскен сомаға тең жарғылық қоры құрылтай құжаттарында көрсетіледі. Жарғылық капиталдың мөлшері, бір акцияның тұрақты құны, жай және артықшылықты акциялардың ара қатынасы, «Алтын акцияның»1 болуы акционерлер жиналысында белгіленеді және тиісті мемлекеттік органдарда тіркеледі.
Егер бұрын жарияланған көлемін қатысушылар толығымен төлемеген болса, жарғылық капиталды ұлғайту туралы шешім тіркеуге ңабылданбауға тиісті. Жарғылық капиталды азайту туралы шешімге несие берушілер наразылық білдіре алады. Жарғылық капиталға салымдарды төлеу үшін ақша қаражаттары, интеллектуалдық меншікті қоса алғанда материалдық емес активтер, «Ноу-хау», негізгі құралдар, жер иелену қүқығы және басқа активтер қабылданады.
Жарғылық капиталдың нақты барын және оның қозғалысы туралы ақпараттарды жалпы қорытындылау үшін бухгалтерлік есеп шоттарының 5000 «Жарғылық капитал» бөлімшесінің шоттарында жүргізіледі:
5010 «Артықшылығы бар акциялар» — мұнда акционерлік қоғамның төленген эмиссияланған артықшылығы бар акцияларының жиынтық атаулы құны көрініс табады;
5020 «Қарапайым акциялар» — мұнда акционерлік қоғамның төленген эмиссияланған қарапайым жиынтық атаулы құны көрініс табады;
5030 «Салымдар мен пайлар» — мұнда серіктестіктің жарғылық капиталына салымдар мен жарналар көрініс табады.
Акционерлік қоғамның жарғылық капиталына салынатын салымдар бойынша құрылтайшылармен есеп айырысуларды есепке алу 5110 «Төленбеген капитал» шотында жүргізіледі. Бұл шоттың дебеті бойынша жарғылық капиталға салынатын салымдар жөніндегі құрылтайшылардың салымдарының нақты түскен сомалары көрсетіледі. 5110 «Төленбеген капитал» шотының дебетттік қалдығы жарғылық капиталға жарияланған, бірақ төленбеген салымдар бойынша құрылтайшылардың берешек сомасы көрсетіледі. Ұйым өзінің жарғылық капиталын құрылтайшы құжаттарда белгіленген тиісті мөлшерде толық қалыптастырғанда, 5110 «Төленбеген капитал» шоты толық жабылады және онда дебеттік қалдық онда болмайды.
Акционерлік қоғамның жарғылық капиталына салынатын жарияланған және тіркелген салымдардың нақтылы құны бойынша құрылтайшылардың берешек сомасына бухгалтерлік есеп шоттарында келесі жазулар жүргізіледі:
5110 «Төленбеген капитал» шот дебеті
5010 «Артықшылығы бар акциялар»
5020 «Қарапайым акциялар» шоттар кредиті
Құрылтайшылармен жарияланған және тіркелген акциялардың құнын төлеу негізгі құралдар, материалдық емес активтер, тауарлық-материалдық қорлар түрінде келіп түссе, келесідей жазба жасалады:
Дебет шот 1310, 1320, 1330, 1350, 2410, 2730
Кредит шот 5110
Акционерлік қоғам өзінің акцияларын бағалы қағаздар нарығында олардың нақтылы құнынан асатын баға, орналастыру бағасы бойынша сата алады. Мұндайда акцияларды орналастыру бағасы бойынша есептелген сату құнының нақтылы құнынан асқан сомаға шоттардың келесі жазбасы жасалады:
Дебет шот 1010, 1030
Кредит шот 5310 «Эмиссиялық кіріс»
Жарғылық капиталдың айналымнан алынған акциялар сомасына азайған кезде олардың түрлеріне қарай келесі жазба жасалады:
Дебет шот 5010, 5020
Кредит шот 5210 «Сатып алынған жеке меншік үлестік аспаптар»
Ұйымның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) жарғылық капиталына қатысушылар ақша, ТМҚ, бағалы қағаздар түрінде салымдар мен жарналар енгізсе, бастапқы кіріс құжаттары негізінде келесідей жазбалар жүргізіледі:
Дебет шот 1010, 1030, 1310, 1320, 1330, 1350, 2410, 2730
Кредит шот 500
Жарғылық капиталдың аналитикалық есебі №13 журнал-ордерде жүргізіледі. Акциялардың аналитикалық есебін жүргізу үшін мынандай мәліметтері бар акционерлер тізбесінен /реестрінен/ алынған жазба негіз болады:
— акцияларға ие акционерлердің жалпы саны;
— артықшылықты акциялардың жалпы саны және оларға ие акционерлердің саны;
— акциялардың 5%-інен астамына ие акционерлердің сондай-ақ жеке және занды тұлғалардың жарғылық қордағы үлесі.
Жазбаның шығу сан реті, күні, тіркеушінің атауы және оның орналасқан орны көрсетілуі керек. Жазбаға лауазымды /басшы/ адам қол қояды және тіркеушінің мөрімен куәландырылады.
Акциялардың қозғалысы жөніндегі операциялардың бухгалтерлік есебіндегі жазулар тәуелсіз тіркеушінің /бағалы қағаз ұстаушылардың тізімдемесін жүзеге асыратын заңды тұлға/ операцияларды тіркеуі негізінде, төлемдемедегі тиісті жазуды өзгерту жолымен жүргізіледі.

2. Төленбеген капитал есебі. Қайта сатылып алынған меншікті үлестік құралдар
Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарияланған және тіркелген, бірақ жарғылық капиталға енгізілмеген салымдар бойынша берешек сомасы төленбеген капитал деп аталады. Төленбеген капиталдың есебін жүргізу үшін 5110 «Төленбеген капитал» шоты арналған. Бұл шотта заңды және жеке тулғалардың шаруашылық серіктестіктің жарғылық қорына қосқан үлестері бойынша қарыздарының сомасы туралы ақпарат жинақталады.
Жарияланған /белгіленген тәртіппен тіркелген/ жарғылық қор сомасына 5110 «Төленбеген капитал» шоты дебеттеледі де, 5000 «Жарғылық капитал» бөлімшесінің шоты 5010,5020 /акционерлік қоғамдарда/ және 5030 «Қосқан үлестер мен жарналар» /серіктестіктердің акционерлік қоғамдардан басқа түрлерінде/ шоттары кредиттеледі.
Eгep 5110 «Төленбеген капитал» шоты бойынша дебеттік қалдық өтелген болса, бұл кәсіпорын өз жарғылық қорын толығымен қалыптастырды деген сөз кредиттік қалдық акционерлер /құрылтайшылар/ енгізуге тиісті қаражат сомасын, яғни акционерлердің салым бойынша қарыздарын көрсетеді.
Акционерлік қоғам сатып алатын орналастырылған акциялардың саны орналастырылған акциялардың жалпы санының 25 пайызынан аспауға тиіс, ал қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алуға жұмсайтын шығындары:
— орналастырылған акцияларды акционерлердің талап етуі бойынша сатыпалған кезде — олардың жалпы жиналысы бекіткен әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады;
— орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатыпалған кезде — қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алу туралы шешім қабылдаған күнгі жағдай бойынша оның өз капиталы мөлшерінің 10 пайызынан аспауға тиіс.
Сатып алынған жеке меншік үлестік аспаптар — бұл сатылған, содан соң шығарған акционерлік қоғам сатып алған акциялар. Сатып алынған жеке меншік үлестік аспаптар фирманы тарату кезінде активтердегі үлесіне дивидендтер алуға құқық бермейді.
Кейіннен сату мақсатында немесе еліміздің заңдарына және акционерлік қоғамның жарғысына қайшы келмейтін өзге де мақсаттар үшін акционерлерден сатып алынған меншікті акциялар туралы ақпараттарды жалпы қорытындылау үшін 5210 «Сатып алынған жеке меншік үлестік құралдар» шоты арналған. 5210 «Сатып алынған жеке меншік үлестік құралдар» шотының дебеті бойынша акционерлерден сатып алынған меншікті акциялардың құны, ал кредиті бойынша сатып алынған меншікті акцияларды оралымнан қайтарып алуды көрсетеді.
Акционерлерден меншікті акцияларын нарықтық құны бойынша ақшалай қаражаттар, ТМҚ, негізгі құралдар, материалдық емес активтер және басқа да мүліктер түрінде қайтып сатып алынғанда бухгалтерлік есеп шоттарында келесідей жазулар жүргізіледі:
Дебет шот 5210
Кредит шот1010,1030, 1310,1320,1330,1350, 2310, 2410, 2730
Сатып алынған акциялардың нарықтық құны олардың орналастыру құнынан төмен немесе жоғары болуы мүмкін болғандықтан олардың арасындағы айырма сомасына алдыңғы бухгалтерлік тізбеге қосымша бухгалтерлік есеп шоттарында келесідей жазулар жүргізіледі:
— егер сатып алынған меншікті акциялардың нақты құны орналастыру құнынан төмен болғанда: Дт шот 5210 Кт шот 5310
— егер сатып алынған меншікті акциялардың нақты құны орналастыру құнынан жоғары болғанда: Дт шот 5310 Кт шот 5210
Акционерлердің жалпы жиналысының шешіміне сәйкес оралымнан акцияларды шығарып алу жарғылық капиалдың сатып алынған акциялардың нақты құнының азаюына әкеледі де, ол келесі жазбамен көрсетіледі:
Дебет шот 5010, 5020
Кредит шот 5210
Мекеме өзінің жұмысшылары мен қызметкерлерінің материалдық қызығушылықтары мен ынталықтарын көтеру мақсатында сатып алынған меншікті акцияларды опцион арқылы сату бойынша олардың арасында қайта бөліп беруге құқығы бар, сонымен көрсетілген акциялар нарықтағы сатудың нақты құны мен арақатынасына байланысты келесі жазбалар беріледі:
— егер сатып алынған акцияларды сатудың нақты құны олардың нақтылы құнына тең болса: Дт шот 1010, 1030 Кт шот 5210
— егер сатып алынған акцияларды сатудың нақты құны олардың нақтылы құнынан төмен болса:
Дт шот 1010, 1030
Кт шот 5310 — сатып алынған акциялардың нақты құнының оларды сатудың нақтылы құнынан асқан сомасына
Кт шот 5210 — сатып алынған акциялардың нақты құнына
Ескеру керек, егер эмиссиялық кіріс сатып алынған акциялардың нақтылы құнының оларды сатудың нақты құнынан асқан сомасы өтеуге жеткіліксіз болса, онда өтелмеген сома 5510 шотының дебеті бойынша есептен шығарылады:
— егер сатып алынған акцияларды сатудың нақты құны олардың нақты құнынан жоғары болса:
Дт шот 1010, 1030
Кт шот 5310 — сатып алынған акциялардың нақты құнының оларды сатудың нақтылы құнынан асқан сомасына
Кт шот 5210 — сатып алынған акциялардың нақты құнына.

3. Эмиссиялық кіріс есебі
Эмиссиялық кіріс дегеніміз — акционерлік қоғам өз акцияларын олардың атаулы (номиналды) бағасынан жоғары бағаға сату нәтижесінде түскен сомасы (эмиссиялық кірісі). Мұндай капиталдың есебі 5110 «Эмиссиялық кіріс» шотында жүргізіледі. Бұл шоттың кредиті бойынша акциялардың нақтылы құнынан оларды сатудың нақты құнының асқан артық соманың түсуіне қарай ақшалай қаражаттарды есепке алу шоттарының немесе 1280 «Өзге қысқа мерзімді дебиторлық берешек» шотының дебетінде көрсетіледі.
Эмиссиялық кіріс шоты акционерлермен дивиденд түріндегі бөлуге жатпайды. Басқаша айтқанда, эмиссиялық кірістің ақшалай эквиваленті алынғаннан кейін ол компанияда қалады.
Акционерлік қоғамның кассасына және ағымдағы банктік шоттарына меншікті акцияларын сатқаннан олардың нақтылы құнынан асқан артық сома түскен кезде бухгалтерлік есеп шоттарында келесідей жазулар жүргізіледі:
Дт шот 1010, 1030
Кт шот 5310
Сатылған акциялар үшін есеп айырысу құжаттарын төлеуге ұсынғанда бухгалтерлік есеп шоттарында келесідей жазулар жүргізіледі:
Дт шот 1280 «Өзге қысқа мерзімді дебиторлық берешек» (төлеу мерзімі 1 жылға дейін болса)
2180 «Өзге ұзақ мерзімді дебиторлық берешек» (төлеу мерзімі 1 жылдан асқанда)
Кт шот 6210, 6213, 5310
Меншікті акцияларды сатумен байланысты шығындар (андеррайтерлердің еңбегіне ақы төлеу, әлеуметтік салық, жарнама жасаушығындары, бағалы қағаздар нарығына андеррайтерлердің қатысу үшін алымдар және т.б.) 7410 «Активтердің істен шығуы бойынша шығындар» шотына есепкеалынады. Тек бұл шотқа қосымша 7413 «Қаржылық активтердің істен шығуы бойынша шығындар» шотын ашу керек. Мұнда шоттардың байланысы келесі түрде көрсетіледі:
— андеррайтерлерге немесе акцияларды сатумен шұғылданатын тұлғаларға есептелген еңбек ақы сомасына есеп айырысу-төлем тізімдемесіне сәйкес:
Дт шот 7410, 7413
Ктшот 3350
— есептелген еңбек ақы сомасынан әлеуметтік салық және әлеуметтік сақтандыру бойынша аударымдар сомасына:
Дт шот 7410,7413
Кт шот3150, 3210
— жарнама жасауға төленген шығындар, әртүрлі алымдар және акцияларды сатумен байланысты басқада шығындар сомасына шығыс касса ордерлеріне, ағымдағы банктік шоттардың жазбаша үлгілеріне сәйкес:
Дт шот 7410, 7413
Кт шот 1010, 1030
Эмиссиялық кірістерді мекеменің ағымдағы мұқтаждығына пайдалауға болмайды. Олар белгіленген тәртіпте, әдеттегіндей, жарғылық капиталды ұлғайтуға және меншікті акцияларды сатудан пайда болған зияндардың орнын толтыруға, яғни меншікті акцияларды сатудың нақты құны олардың нақтылы құнынан төмен болғанда пайдаланылады.
Мұндайда бухгалтерлік есеп шоттарында келесідей жазулар жүргізіледі:
— жарғылық капиталды ұлғайтуға:
Дт шот 5310
Кт шот 5010, 5020
— меншікті акцияларды сатудан пайда болған зияндардың орнын толтыруға:
Дт шот 5310
Кт шот 7410, 7413
5110 «Эмиссиялық кіріс» шоты бойынша талдаалық есеп №13 журнал-ордерде жүргізіледі.

4. Ұйымның резервтерінің есебі: резервтік капитал, активтерді қайта бағалау резервтері; шетел валютасын қайта санау резервтері және басқа да резервтер.
Резервтік капитал — акционерлерлік коғамның және басқа да тараптардың таза табысының есебінен қалыптасатын меншік капиталының бір бөлігі. Резервтік капитал субъектінің негізгі (оперативтік) кызметінен алынған зияндарын жабуға және ағымдағы табыс жеткіліксіз болған жағдайда, дивиденттерді төлеуге пайдаланылады. Резервтік капиталды құрау және оны пайдалану құрылтайлық құжаттармен және қолданыстағы заңдармен анықталады. Резервтік капитал жарлық капиталымен және басқа да қаражатгармен бірге бухгалтерлік баланстың пассивінде көрініс табады және ол кәсіпорынның меншікті капиталы болып табылады.
Резервтік капиталды құрудың негізгі мақсаты акция құнының төмендеуі тәуекелі туындаған жағдайда жарғылық капиталдың белгіленген мөлшерін ұстап тұру, себебі жарғылық капитал осы резервтер есебінен толып отырады. Резервтік капитал ұйымның мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін екі жыл ішінде қалыптасуы керек.
5400 «Резервтер» кіші бөлімі резервтерді есепке алуға арналған, ол қаржылық есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес, сондай-ақ құрылтай құжаттарына және ұйымның есепке алу саясатына сәйкес капиталдың шоттарында көрсетіледі және шоттардың мынадай топтарын қамтиды:
5410 «Құрылтай құжаттарында белгіленген резервтік капитал» — онда Қазақстан Республикасының заңнамасына және құрылтай құжаттарына сәйкес белгіленген резервтік капитал көрсетіледі;
5420 «Негізгі құралдарды қайта бағалауға арналған резерв» — онда негізгі құралдарды қайта бағалау жөніндегі операциялар көрсетіледі;
5430 «Материалдық емес активтерді қайта бағалауға арналған резерв» — онда материалдық емес активтерді қайта бағалау жөніндегі операциялар көрсетіледі;
5440 «Сатуға арналған қаржы активтерін қайта бағалауға арналған резерв» — онда қаржыактивтерін қайта бағалау жөніндегі операциялар көрсетіледі;
5450 «Шетелдік қызмет бойынша шетел валютасын қайта есептеуге арналған резерв» — онда монетарлық бап бойынша туындайтын бағамдық айырмалар көрсетіледі, ол барлық жағынан шетелдік ұйымға ұйымның таза инвестицияларының бөлігін құрайды, меншікті капитал ретінде ұйымның қаржылық есептілігінде, таза инвестициялардың шығарылуына дейін, одан кейін олар кіріс немесе шығыс ретінде танылуы тиіс;
5460 «Басқа да резервтер» — онда алдындағы топтарда көрсетілмеген басқа да резервтер көрсетіледі.
ҚР заңнамасына сәйкес құрылған мекеменің резервтік капиталының нақты бары және қозғалысы туралы ақпараттарды қорыту үшін 5410 «Құрылтай құжаттарында белгіленген резервтік капитал» шоты арналған.
Резервтік капиталдарды қалыптастырған кезде 5510 шоты дебеттеледі де, 5410 шоты кредиттеледі.
Резервтік капитал қаражаттарын пайдалану 5410 шоттың дебетімен мына шоттардың кредитінде көрініс табады:
3030, 3390, 3050 – артықшылығы бар акциялар бойынша төлем жасауға қажет қаржысы болмаған жағдайда серіктестіктердің резервтік капиталының ішіндегі дивидендтердің есебінен төлеген кезде; 5510 «Есепті жылдың бөлінбеген пайдасы (залалы)», 5520 «Өткен жылдардағы бөлінбеген пайда (залал)» — зиян шеккен соманы резервтік капиталдың есебінен жапқан кезде.
Қайта бағалауға арналған резерв – бұл инфляцияға байланысты негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді, қаржылық активтерді және басқа да активтерді қайта бағалаудың нәтижесінде алынған сома.
Аталған активтерді қайта бағалаудан алынған резервтерді активтер бойынша жеке көрсетіп, бақылауды күшейту мақсатында бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарында жеке шоттар қарастырылған.
Негізгі құралдарды, ұзақ мерзімге жалға берілген негізгі құралдарды қосқанда, аяқталмаған күрделі құрылыс және орнатуға арналған жабдықтарды қайта бағалауды заңдарға сәйкес мекеме өз бетімен инфляцияның нәтижесінде активтердің құнының өсуіне байланысты жүргізеді. Сондай-ақ , мекеме негізгі құралдарды индексациялау жүргізуге құқылы. Бағалар тиісті құжаттармен немесе эксперттік жолмен расталуға тиіс.
Негізгі құралдарды (жерден басқа) қайта бағалау кезінде 2410 шоты дебеттеліп, 5420 шоты кредиттеледі, негізгі құралдардың қайта бағалауына байланысты олардың тозу сомасы ұлғайғанда 5420 шоты дебеттеліп, 2420 шоты кредиттеледі.
Негізгі құралдардың құнының өзгеруіне байланысты тозу сомасына да түзетулер жүргізіледі.

Бөлінбеген пайда (табыс) — кәсіпорынның жалпы кірісінен (пайдасынан) барлық жұмсалған шығындарды (бюджетке төленген салық сомаларын, кірістен (пайдадан) басқадай бағыттарға пайдаланған сомаларын шегеріп тастағандағы қалған бөлігі болып табылады.
Кәсіпорынның қорытынды табысынан бюджетке төленетін салықтарын және табыстың есебінен өтелетін басқадай шығындарды төлегеннен қалған сомасы есепті жылдың «Бөлінбеген пайдасы (жабылмаған залалы)» болып табылады.
«Бөлінбеген пайда (залал)» есебі бухгалтерлік есеп шоттарының жұмыс жоспарындағы 5500 бөлімшесіндегі шоттарында жүргізіледі.
5500 «Бөлінбеген пайда (жабылмаған залал)» бөлімшесі бөлінбеген кірісті немесе жабылмаған залалды есепке алу үшін арналған және мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
5510 «Есепті жылдың бөлінбеген пайдасы (залалы)» — онда есептік жылдың пайдасы немесе залалы көрсетіледі, сондай-ақ есептік жыл үшін түпкі қаржылық нәтижені қалыптастыру жөніндегі ақпарат жинақталады;
5520 «Өткен жылдардағы пайда (залал)» — онда өткен жылдардағы пайда (залал) көрсетіледі.
Бөлінбеген пайда (жабылмаған залал) есебі бойынша жүргізілетін шаруашылық операцияларға шоттардың байланыстары төмендегі кестеде берілген.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *