Көне дәуірдегі туризм
Жалпы алғанда, туристік саяхаттар саудалық сипатынан айырылған кезде басталды деп есептеледі. Осындай алғашқы сапарлары ретінде б.з.д. төртінші мыңжылдықта Ежелгі Мысырда орын алған мінажат ету саяхаттары қарастырылады. Бірте-бірте туристік саяхаттар қалаларға, көл жағаларына, шипа суларға, пирамидаларға жасалған. Алайда, жақсы жолдар желісінің, түнеу мен тамақтандыру орындарының болмауы (олар тек қана Ежелгі Грекия мен Римде пайда бола бастаған) саяхаттарға кедергі келтірген. Ол кезде туризм табыс көзі болмаған [70].
Жолдар торабының маңызын тек парсылар дұрыс бағалаған: олар өз мемлекетінің аумағында кейінгі аты шыққан римдік жолдарынан асқан жол байланыстарының жүйесін қалыптастырған. Ең жақсы күйінде күтілген жолдар – Вавилон, Сузы және Экбатан қалаларын мемлекеттің шеткі аумақтарымен байланыстыратын ұзындығы 3 мың км «патша жолдары» болған. Әр 30 миля сайын парсы жолдарының жанында саяхатшылардың демалуына арналған керуен-сарайлар, жабдықтау жайлары, қоғамдық орындар орналасқан. Қызмет көрсеткені үшін міндетті түрде бірқалыпты, байлар мен кедейлерге бірдей ақы мөлшері бойынша төлемақы алынған.
Ежелгі Парсы елінде үлкен керуендер болып, түйеге мініп саяхат жасаған. Әдетте, керуен жолының жанында шатыр құрып түней берген. Дегенмен, кейде керуен-сарайларда да тоқтаған. Керуен-сарай ол кезде апатты жағдайлардан, керуендерді тонайтын қарақшылардан қорғайтын тосқауылмен қоршалған, түйелерді қамайтын қорасы, жолаушылар түнейтін баспанасы бар нағыз қонақүй кешені болған. Бұл дәуірде Еуропада саяхатшыларға көрсеткен қонақжайлықтан Азиядағы күту қызметтері әлдеқайда асып түскен. Шығыс елдерінде сауда Еуропамен салыстырғанда өте қарқынды болғандықтан, жұрт жиі-жиі сапарға аттанған. Қытайда қолданатын аттарды ауыстырып отыратын «пошталық» жүйе римдік байланыс жолдарына қарағанда өте тиімді болған, бірақ оны тек кең қалталы саяхатшылар пайдалана алған.
Дегенмен, антикалық туризм көбінесе, Ежелгі Грекия мен Римде өркендеген деп айтуға болады. Осы екі елде туристік саяхаттардың экономикалық қырына ерекше назар аударылған. 2300 жыл бұрын Ксенофонт грек порты Пирейде сауда орындары мен мемлекеттік қонақүйлерді салу қажет екенін жариялаған; оның пікірінше, осының нәтижесінде үлкен табыс табуға болатын еді. Гректер сияқты, римдіктер де саяхаттарға аттанған, кейде ұзақ жолға шыққан және Грекияның жол жүйесі нашар дамығандықтан, гректер көбінесе, теңіз жолдарын пайдаланған.
Ең алғашқы саяхатшы ғылымдардың бірі Геродот (б.з.д. 484-430 ж.) болған. Геродот ауқымды сауда байланыстары бар бай отбасында дүниеге келген. 20 жасқа толғанда бірінші саяхатына аттанған. Әуелі Мысырға барып, Нілдің жоғары сағасына жеткен; одан кейін шығысқа аттанып, Вавилонияға сапар шеккен. Саяхаттарының солтүстік шеті Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы грек колонияларында жатқан. Борисфен (Днепр) өзені бойымен жоғары көтерілді деген жорамал бар. Батыста Оңтүстік Италияға барып, өз отандастарымен бірге колония орнықтыруға қатысқан. Мысырда жазбаларды аударып беруді өтініп, осы мемлекет тарихы жөнінде жергілікті абыздардан сұрастырып мәлімет жинаған. Перғауындар ғұмырын зерттеумен шектелмей, мумия қақтаушылар шеберханаларына да барған. Пирамидалардың периметрін қадаммен өлшеп, әртүрлі математикалық есеп шығарған. Осындай есептерді әйгілі Лабиринтті суреттегенде де келтірген. Сонымен Геродот Грекияны, Оңтүстік Италияны, Кіші Азияны, Вавилонияны, Мысырды, Парсы елін аралап шыққан, Жерорта теңізінің көптеген аралдарында, Қырым мен скифтер елінде болған.
Әлемге белгілі «Тарих» деген еңбегі үшін «тарих атасы», «география атасы», тіпті, «өтіріктің атасы» сияқты мәртебелі атақтарға ие болған. Геродот бұл кітапта халықтардың тарихы мен этнографиясы жөнінде үлкен көлемдегі материал келтірген. Б.з.д.V ғасырға дейін белгілі болған негізгі географиялық білімдерді өз кітабында біріктірген.
Антикалық дәуірдің басқа ғұламасы Страбон (б.з.д. 64-23 ж.) да көп саяхат жасаған. Кіші Азияда, Жерорта теңізінен Қара теңізге баратын жолда орналасқан кішігірім Амасия қаласында дүниеге келіп, 20 жасында өзінің алғашқы сапарына – Рим қаласына аттанған. Страбон өмірбақи саяхатта жүрген. Кіші Азияны, Тавр (Қырым), Кавказ тауларының бөктерін, Киклад аралдары мен Балкан түбегін, Мысырды, Апеннин түбегін аралап шыққан. Саяхат жасағанда бар көрген-білгенін баяндап, хатқа түсірген. Жан-жақты білімдар, майталман, талдау қабілеті зор, дарынды жазушы, Страбон біздің заманымызға жеткен «Географиясының» 17 кітабын жазған (Страбонның «Тарихи жазбаларының» 43 кітабы сақталмай қалған). «Географиясындағы» мәліметтердің шындығын Страбон жиі қайталайтын «Мен осы жерде болғанда…» деген сөздері растайды.
Балкан түбегінің жағалауын, Эгей теңізінің көптеген аралдарын, Кіші Азияның батыс жағасын мекендеген ежелгі грек тайпаларының өмірінде теңіз өте маңызды рөл атқарған. Теңіз оларды қоректендірген, басқа елдер мен халықтар арасында байланыс жасауға мүмкіндік берген. Гректер құрлықтан бұрын теңіз арқылы саяхат жасаған.
Ірі жалпыұлттық ғибадатханалардың, мысалы, Олимп тауының айналасында мінажат етушілер үшін «қасиетті» жолдар салынған. Оларда экипаждардың дөңгелектері үшін тіпті, жол сораптары қазылған. Саяхаттар көбінесе, жазда, өзендер тартылып кеткен кезде өткен, сондықтан көпірлер аз салынған. Саяхатты жаяу, ат мініп, арбаға отырып жасаған. Арбалардың білігінде үш жағынан жабылатын шанақ бекітілген бір аяқты немесе жолаушылармен қатар олардың жүгі де тиеленетін үлкен төрт доңғалақты екі түрі болған.
Ежелгі Грекияда қонақүйлер орын тепкен, бірақ тамақ берілмеген. Сондықтан саяхатшылар азығын өздері алып жүрген. Жолдас-жораларының үйлерінде жиірек тоқтаған. Қонақжайлық тұрмыстың бір салты ретінде қалыптасқан. Барлық бай үйлерде қонақтарға арналған бөлмелер болған. Ал үй ішінде қонаққа орын жетпей қалса, ол аулада, яғни таза ауада түней салған. Грекияның жайлы климаты бұған кедергі жасамаған.
Қонақжайлық Зевске тән болған. Гомер оны «Қонақжай Зевс» деп атаған. Алайда, грек полистерінің арасындағы байланыс нашар болғандықтан қонақжайлар мен қонақүйлер саны аз тұғын. Бай үйлерде шетелдіктерді тегін қабылдау салты орнаған және олар міндетті түрде туысқан немесе таныс болмаған.
Қонақүй шаруасы, ішімдік сататын орындарды ұстау гректер үшін арам әрекет болып есептелгендіктен олар бұдан бас тартқан. Қонақжайлар мен қонақүйлер мемлекет қарамағында болған және жұртшылық жиналатын жерлерде ғана орналастырған, мәселен, спорттық жарыстар өтетін жерлерде, курорттарда немесе мінажат ету орындарында ұйымдастырылған. Қонақүйлерде тек қана шетелдіктер орналасқан. Афина, әсіресе, Спарта тұрғындары шетелдерге аса бара қоймаған, себебі, ол үшін шетелдік паспорт қажет болған.
Ежелгі Грекияда курорт шаруашылығы мен емдік туризм қалыптасқан. Емдеу құдайы Асклепий ғибадатханалары атам заманда тұрғызылып, классикалық дәуірде (б.з.д. V-IV ғ.) олардың саны 60 шамасына жеткен. Олар қалалардан алшақ, биік және климаты жайлы да шипалы жерлерде орналасқан. Бұл ғибадатханалардың абыздары медицинамен шұғылданатын адамдар болған.
Сауығуды іңкәр еткен мінажат етушілер құдайға баруға рұқсат алу үшін белгілі бір: ораза ұстау, дәрет алу, моншаға түсу және таза діни рәсімдерден өтуі керек болған. Осындай дайындықтан кейін азаптыларды ғибадатханаға түнеуге кіргізген – бұл рәсім инкубация деп аталған. Таң ата ауру көрген-естігенінің бәрін абыздарға әңгімелеген, осыған қарап «құдай жазған» ем берілген.
Емі жаққан кісілер ғибадатхана колонналарына есімдерін қашап, жазбалар, тіпті, толық әңгімелер қалдырған.
Гректер шипалы суларды (күкіртті, тұзды-күкіртті, кейде темірлі, бірақ оларда қышқыл су болмаған) гераклей сулары деп атаған. Оны өте жоғары бағалаған. Шипалы сулар көп болған, бірақ Фермопилы мен Элидадағы курорттар ең жақсы болып есептелген. Иониядағы тау көздеріндегі емделу мен демалыс үшін керемет жабдықталған шомылу орындары жөнінде Страбон мен Павсаний хабарлаған.
Діни мақсаттағы сапарлар Ежелгі Грекияда кең тараған құбылыс болған. Дельфыдағы Аполлон ғибадатханасына мінажат етушілер басқалардан жиі барған. Бұл жерде «құдай таңдаған» пифия (сәуегей) бал құрған. Алғашқыда оракул бір ғана пифиямен қанағаттанған, ал енді оның мәртебесі әлем көлемінде танылғанда, тағы да екі «штаттық» пифия мен бір көмекші пифия пайда болған. Сәуегей әйелдер абыздар корпорациясына кірмеген, тіпті, абыздар оларды «хайуанға ұқсас болса, ғанибет» деп, ең сауатсыз, надан әйелдердің қатарынан таңдаған. «Жын соққан» күйінде пифияның жанында тұрып екі абыз оның түсініксіз, кикілжің сөздерін талқылап, кейде өлең ретінде немесе жазбаша түрде түсіндірген. Жаңылыс болмау үшін бал ашу түсіндірмесінің көшірмесі ғибадатхана архивінде сақталған. Егер сұрақтың мағынасы абыздарға белгілі болса, жауабы анық және екі мағына болмаған. Ал енді болашақта не болатынын сұраса немесе олардың құзыретінен асып тұрса, жауабы да екі ұшты болып кеткен.
Спорттық туризм Ежелгі Грекияда дамыған деп айтуға болады. Олимпиада ойындары төрт жылда бір рет жазғы Күн тоқырауынан кейінгі бірінші Ай туғанда басталған.
Олимпиада ойындарының басталуы жөнінде арнайы елшілер – феорлар хабарлаған. Феорлар бүкіл, оның ішінде ең алыс жерлерге – Солтүстік Африка мен Қара және Азов теңіздерінің жағалауларында орналасқан грек полистарына жіберілген. Феорлар Ойындар өтетін мезгілге қасиетті татулықтың орнатылуын жариялаған:
ойындар өтетін қасиетті бір айлық мезгілінде барлық алауыздық
әрекеттер бүкіл грек полистарында тоқтатылуы керек;
Олимпия – Ойындар өтетін жер – мерекеге қатысатын барлық елдер үшін қасиетті, қол сұқпайтын жер; грек жеріне кіргенде кез келген шетелдік әскерлер қаруын тапсыруы
қажет; бітім бұзған әскер айыпталады;
Олимпия мерекесіне бара жатқан саяхатшыға зорлық-зомбылық жасаған кез келген адамға лағынет жаудырылады және айып салынады [130].
Олимпиадаға аттанғандардың бәрі Зевстің қонақтары болып есептелген. Арасында жоғары мәртебелі қонақтар да болған. Әдетте, осыларды қабылдаушылар қарсы алып, орналастырған және тамақтандырған.
Туристер көп келген. Стадионға 40 мыңдай көрермен сыйған және өңкей ер адамдар болған. Күйеуге шыққан әйелдерге өлім жазасы қатерімен жарыстарды көруге рұқсат бермеген. Бірақ Ойындарға өте жиі толық отбасымен келген.
Ойын-сауық бизнесі өте жақсы дамыған. Олимпиада мезгілінде әрқашан үлкен жәрмеңке ұйымдастырылған. Ол үшін сауда қатарлары салынған. Туристер көне ғибадатханаларды тамашалаған, ақша төлеп, түрлі аңыздарды гидтерден тыңдай алған. Өткен-келген жұрт Жаңғырық залына баруды жақсы көрген: оның қабырғалары айтқан сөзді жеті дүркін қайталаған. Тасаттықтың алдында құдайы құрбан жасауды, абыздардың өтуін көру үшін, топыр-топыр ел жиналған (қазіргі құрмет қарауылын көруге жиналатын жұрт сияқты).
Олимпиадада өз көзімен «жұлдыздарды», олардың арасында атағы шыққан әскери қолбасшыларды, мысалы, грек-парсы соғыстарының каһарманы Фемистоклды, уағызымен немесе ерсі жүріс-тұрысымен көзге түсіп айналасына ел жиналатын философтарды – Анаксагор, Сократ, Диогенді көрген. Олардың арасында, тіпті, Ойын жеңімпаздары, мысалы, Пифагор мен Платон болған деседі. Мұнда белгілі ақындар өлең оқыған, шешендер сөз сайысына түскен. Өзінің «Тарих» кітабының тарауларын Геродот оқып жариялаған. Суретшілер ашық вернисаждарды ұйымдастырған.
Барлық шетелдіктер арнайы салық төлеуге міндетті болған. Әрбір мінажат жасайтын турист құдайы берген немесе тасаттық жасаған.
Олимпиада бес күнге созылған. Жарыстардың өзі екінші, үшінші, төртінші күндері өткен. Олимпиялық ойындардан басқа да жалпы грек ойындары болған. Истм ойындары екі жылда бір рет Коринф мойнағында өткізілген; Арголиданың Немей алабында, Зевс ғибадатханасының жанында Немей ойындары да екі жылда бір рет өткізілген; Олимпиада ойындары сияқты, төрт жылда бір рет пифиялық ойындар Кристе (Фокида) өткізілген [130].
Туризм индустриясы, осы ұғымның кең мағынасында, Ежелгі Рим дәуірінен басталды деп айтуға болады.
Рим жолдары өте жақсы күйде күтілген, бұл саяхат жасау алғышарттарының бірі болып табылады. Әрине, римдықтар жол жүйесін әскери қажеттілігіне орай дамытқан. Әскери жасақтары орталықтан империя шекараларына өте жылдам жете алған. Бірақ бұл жолдардың маңызы әскери мақсатымен шектелмеген: олар Римдік қана емес, бүкіл Еуропа өркениетінің дамуында өте жоғары орнын тапқан. Римнен Капуяға апаратын Аппий жолын Әлемнің ғажайыптарына жатқызған тарихшы Прокопиймен толығымен келісуге болады.
Рим жолдары инженерлік өнердің барлық қағидаларына сәйкес салынған. Жолдар құрылысы б.з.д. 312 жылы Костантин императорының дәуірінде басталды. Күні бұрын жолдың жоспары әзірленген, одан кейін жылға қазылып тасқа толтырылған. Жолдың өзінде су тұрып қалмау үшін жолдың жанында арнайы су ағатын арықтар тартылған. Құрылысшылардың шеберлігі соншалық – Рим жолдары барлық Еуропа елдерінде дерлік қазіргі автомобиль және темір жолдардың негізі іспетті. Римдіктер елді мекендер арасына ең қысқа және ыңғайлы жол іздестірген. Жол салынған кезде барлық кез келген кедергілер жойылған. Римнің жол құрылысшыларының шеберлігінің мысалы ретінде
Путеола мен Неаполь арасындағы тауды жарып жүргізілген туннелді (Позилиппо үңгірі) келтіруге болады. Әдетте, Рим жолдары түзу келген.
Қазіргі еуропалық темір жол табаны – 143 см. Рим арбаларының дөңгелектерінің арасы дәл осындай болған. Осы стандарт бойынша, Ежелгі Рим жолдарында арнайы сораптар төселген. Барлық елді мекендерде жолдың жанында тротуарлар жасалған.
Су кедергілерден өту үшін көпірлер мен виадуктер салынған. Кейбір осындай құрылыстар қазірге дейін сақталған әрі осы күнге дейін пайдалануда.Оның мысалы ретінде Испаниядағы Алькантара өзеніндегі көпірді айтуға болады.
Жолдарда миля санын көрсететін бағаналар, олардың жанында демалу үшін орындықтар орнатылды. Рим милясының ұзындығы мың қос қадамға тең, осыдан миля атауы да пайда болды (миля латын тілінде «мың» деген сөз, бір миля 1480 м тең). Барлық Рим жолдарының жалпы ұзындығы 100000 км шамасында. Римнен шығатын барлық жолдардың орталығы мен бас бағдары ретінде Октавиан Август билігі кезінде милялық алтын тас қойылған. Бұл тас алтын жалатылған қола конусы түрінде жасалған.
Түнеуге болатын станциялар белгіленген арнайы карталар шығарылған. Карталарда станциялар арасының қашықтығы көрсетілген, сөйтіп, жол уақытын есептеген.
Даңғыл жолдарда пошталық станциялар бір-бірінен 6-дан 15 миляға шейін қашықтықта орналасқан. Олар мемлекеттік пошта қызметінің құрамына кірді. 15 миля сайын орналасқан мемлекеттік қонақүйлер (пансиондар) жүйесі де болған. Кейбіреулері ондаған қонақтарды орналастырған, бірақ олар өте жайлы болмаған. Әрбір станцияда жолаушылар тамақтанатын таверна қойылған. Әрбір тавернаның маңдайшасына бүркіттің, әтештің, тырнаның, басқа жануарлардың, кейде заттар мен бұйымдардың суреті (мүсіні) салынған. Мысалы, Лиондағы бір қонақүйінің «Мұнда Меркурий табысқа, Аполлон денсаулыққа, Септимен – жақсы дастарқан мен қонақжайлыққа уәде береді. Мұнда кірген адам рақаттанады. Жолаушы! Жатайын деген орныңды дұрыстап қарап ал», – деген жарнама тақтасы болған [130].
Жол бойында жиі-жиі (кейде 5 км сайын) қонақжайлардың жақсы ұйымдастырылған жүйесі де саяхат жасауға септігін тигізген. Бұл жайлар шеберлікпен салынған және өз заманы үшін өте жайлы болған. Марко Поло, мысалы, «корольды да қарсы алсаң ұятқа қалмайсың», – депті. Үкіметтік шенеуніктер мен шабармандар әрбіреуінде демала беріп жалығып қалмауы үшін әдетте, бұлар бір-бірінен 25 миля қашықтықта орналасқан. Онда тек арнайы үкіметтік құжатты көрсетіп жайғасатын. Осындай құжаттар иелерінің ерекше мәртебесін растайтындықтан оларды жиі ұрлаған немесе жалған құжаттарды жасаған.
Кейбір бай жер иелері де өз жерлерінің шекараларында меншікті қонақжайларды салған. Әдетте оларды құлдары басқарған. Қалаларға жақын орналасқан қонақжайлар мен таверналарды қаржыларын «мейрамхана бизнесіне» жұмсаймын деген азаттық алған бұрынғы құлдар немесе «зейнетке» шыққан гладиаторлар ұстаған.
Тарихтағы алғашқы «іс адамының ланчін» ұйымдастыру ойы бірінші болып римдік трактир иесі Секвий Локатқа келген. Ол б.з.д. 40-жылы галералық айлақта істейтін және үйіне барып түскі ас ішуге қолы тимейтін маклерлердің тұрмысын әлдеқайда жеңілдеткен.
Ежелгі римдық қонақжайлар иелерін өз дәуірінің «конрад хилтондары» деп атасақ қате болар. Көптеген азаматтық құқықтарға, мысалы, әскери қызмет етуге, біреумен соттасуға, ант беруге және қамқоршы құқығына олардың қолы жетпеген. Осындай іс-әрекетпен айналысқан адамдардың беделі төмен болған, олардың ар-намысы басқалардға күдік туғызған.
Бірақ Рим аспаздары өздерін ел дегдарлары деп есептеген, бір-біріне мәртебелі атақтарды аямаған. Адриан императорының билігі дәуірінде (117-138 жылдары) Рим шеф-аспаздары Палатин төбесінде Аспаздық өнер академиясын ашты.
Қарапайым таверналар жаман іс қордасы атағына ие болған, ондай жерге қарапайым жұрттан басқа тек әбден азып кеткен ақсүйектер барған. Ал ел шонжарлары қоғамдық моншаларда ләззаттануды қалаған. Калигула билік алған кезге таман (37 ж.) мұндай моншалар күні-түні жұмыс істеген. Ерлер мен әйелдер бірге бумен шабынған, шарап дегеніңіз көл-дария болып аққан. Моншаларда салтанатты ас бөлмелері болған. Мұндағы отырыстар, сырлас болсын, көпшілік жиналған той болсын, соншама дүркілдетіп өткізілгендіктен, үкімет римдықтардың ас пен ішімдіктерге жұмсайтын шығындарын шектейтін заң қабылдауға мәжбүр болған.
Тасымалдау қызметін (оның ішінде туристік тасымалдау) жеке тұлғалармен бірге императордың қарамағы мен қадағалауындағы мемлекеттік пошта (cursus publicus) атқарған. Бұл істі император кеңсесінің арнайы бөлімі – Мемлекеттік саяхаттар бюросы (Officium de facere evectionem) басқарған [103]. Римдіктердің осындай туристік белсенділігіне орай кейбір авторлар оларды Еуропадағы демалыс қозғалысының бастаушылары деп мойындайды.
Жоспарланған жол туралы ақпарат беру үшін, Римде саяхатшыларға саяхаттың толық жоспары мен кездесетін жерлер атауларының тізімі көрсетілген «жол бұйрықтары» (itineraria scripta) ұсынылған. Осындай «бұйрық» баспана мен тамақтандыруға рұқсат берген. Сонымен бірге, саяхатшыларға қазіргі жол карталарының ежелгі үлгісі – «суреттелген карталар» (itineraria picta) берілген [70, 103].
Карталарға ол кезде соншалық көз үйренген – оларды естелік суреттер ретінде әртүрлі бұйымдарда, мысалы, кубоктарда салған. Осындай кубоктың біреуінде, мысалы, барлық қонақжайлар мен арақашықтықтары белгіленген Кадикстен Римге дейінгі маршрут суреттелген. Кейде географиялық карталар сарайлардың қабырғаларында әшекейленген.
Ежелгі Римде жолнамалар да шығарылған; оларда жолдағы көрікті жерлер, қонақүйлердің орналасуы мен бағалар белгіленген. Бордодан Иерусалимге мінажатқа аттанғандарға арналған осындай жолнама (IV ғасыр) белгілі. Б.з.д. І ғасырда пайда болған туристік бюро барлық қажет еткендерге жолнамалар мен анықтамаларды ұсынған.
Шипалы жерлерге бару туристік саяхаттардың ерекше бір түрі болған. Ең алдында бай гректер мен римдықтар қалаларға жақын орналасқан кенттерге барған, кейін мұндай сапарлардың географиясы кеңейген. Минералды көздер мен ғибадатханалардың жанында қазіргі санаторияларға ұқсас объектілері салынған, ал шипалы аймақтардың жоғары сапалы қызметімен және ойын сауықтарымен атағы шыққан.
Римдықтар шипалы минералды суларды гректерден де жоғары бағалаған. Б.з.д. бірінші ғасырдың өзінде (республика дәуірінің аяқталуы кезінде) ең бағалы курорт ретінде Байя көздері белгілі болған. Плинийдің мәліметі бойынша, бұл судың құрамына күкірт, натрий, селитра және басқалар кірген. Римдықтар үңгірлердің ішінде жасалған табиғи булы күкірт моншаларын да жақсы көрген. Осы курорттың айналасы да өте көркем келген. Мұнда Рим байлары өздерінің жазғы резиденцияларын ұйымдастырған.
Аталған заманда ең атақты шипалы жерлер қатарына кейбір авторлар ежелгі римдық «Остендесі» деп атайтын Кампаниядағы (қазіргі Италия) Байяда (Baiae) орналасқан минералды көздерді жатқызуға болады. Римнің басқа провинцияларындағы Aguae Calidae (қазіргі Виши, Франция), Aguae Helveticae (қазіргі Баден, Швейцария), Aguae Herculi (бүгінгі Байе Херкулан, Румыния), Aguae Solis (қазіргі Бат, Ұлыбритания) сияқты емдеу орындарын атап айту керек.
Кампанияның Байядан басқа да жерлерінде, сонымен қатар, Этрурияда, Римның айналасындағы Габияда, т.б. курорттар болған. Империя тұрғындары демалу мен емделу мақсатында шетелдерге де барған. Шетелдік туризм объектілерінің қатарында қазір де атақты Рейн курорттары – Висбаден мен Баден-Баден, Африканың Атлас таулары етегіндегі курорттар бар.
Шипалы жерлермен бірге римдіктер таулы және теңіз жағалау өңірлерде жазғы демалысын өткізген; ең жиі баратын жерлері – Неаполь шығанағының айналасы болған. Ежелгі Римде туристік сапарлардың екі маусымдық сипаты байқала бастаған, және жазда демалатын жұрттың саны қысқы мезгілден әлдеқайда асып түскен.
Ежелгі Римде білім алу туризмі де ойдағыдау дамыған деп айтуға болады. Балаларын білім алу үшін Афины немесе Родос аралына жіберу жоғары үлгі деп бағаланған. Яғни римдіктер грек білім беру жүйесін озық деп есептеген.
Рим империясы ыдырағаннан кейін қонақжайлық қызмет көрсету саласында саяхатшылардың орнына басқа келушілерге назар аударыла бастады. Мысалы, Англияда қонақжайлық орындары саяхатшылардан бұрын ішкіш адамдарға көңіл бөлетін болды. Бұл заманда саяхат жасайтындар не король айналасы, не шіркеумен байланыстылар болған. Қонақжайға соғып кеткеннің өзінде бір нәрсе ішу үшін ғана кірген. Жол бойындағы трактирлер ұсынатын нашар күйдегі баспаналар оларды қызықтыра алмаған. Саяхатшылардың көбі ол кезде миссионерлер, уағыздаушылар, қасиетті жерлерге аттанған мінажат етуші пилигримдер тұғын. Сондықтан жұрт түнеуге тоқтайтын қонақжайлар ғибадатханалар мен монастырлерге жақын салына бастаған. Тұрмысы өте қарапайым күйде қалған; қонақжайларды ғибадатхана басшылары мен дін қызметшілеріне құл болған адамдар басқарған.
Көне дәуірі мен Орта ғасырлардағы адамзаттың ұлы жетістігі Ұлы Жібек Жолы болып табылады. Жібек Жолы (Ұлы Жібек Жолы) — Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шыңжәң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысқа баратын керуендік жол бағыты. Атауды алманиялық ғалымдар Ф. фон Рихтгофен бен А. Херман (ХІХ ғ.) ұсынған.
Жол бұдан 3-4 мың жыл бұрын болған. Ол Қытайдың Хан патшалығы кезінде ғана өркендей бастаған, себебі Хан патшалығының Хан Уди патшасы Жаң Чянды батыс өңірге екі рет жіберіп, Орталық Азиядағы елдермен достасуға пейілді болған. Жаң Чян қазіргі Ферғана, Самарқан және Балқаш көлі сияқты жерлерге барған. Жаң Чянның сапары бұл жолды шығыс пен батыс үкіметтері арасындағы байланыс жолына айналдырған. Осыған орай саудагерлер де «Жібек жолында» ат ізін суытпаған. Жаң Чян батыс өңірге және Орта Азияға Қытайдың жібек өнімдерін ала барған; ал елге қайтарында барған жерлерінің тауарлары және батыс өңірінің музыкасы сияқты алуан түрлі мәдениетті алып қайтқан. Жаң Чянның сапары қытайлықтардың батыс өңірі мен Орта Азияны түсінуіне мүмкіндік берді. Ал Жаң Чян барған жерлердегі халық та Қытайдың өнімдері мен мәдениетіне қатысты түсінігін анағұрлым тереңдетті. Осылайша, бұл жол гүлденіп, көркейе бастады. Шығыс пен батыстың аралығындағы дәнекерге айналып, өркениеттерді өзара тоғыстырды. Осы жолды қорғау және дамыту мақсатында, Қытайдың әр дәуірдегі патшалары жол бойына қарауыл қойып, әскер ұстады.
Жібек жолы іс жүзінде өзгермейтін тұрақты жол емес, қайта ол уақыт ізімен өзгеріп отырған, бірақ тарихтағы дәстүрлі сорабы өзгермеген: жол шығыста Чаң-аннан басталып, Тарым ойпатынан өтіп, Памир үстіртінен асып, Орталық Азияны, Батыс Азияны кесіп өтіп, Жерорта теңізінің шығыс жағалауына дейін барады, жалпы ұзындығы 7000 км асады. Ерте кездегі Жібек жолы Шыңжәңнан 3 айрыққа бөлінген, Тянь-Шань тауының солтүстігіндегі ежелден бар дала жолы: Жемсары, Іле өңірін басып, Балқаш өңіріне барады, онан ары батыс солтүстікке жүргенде Қара теңіздің шығыс жағалауына жетеді. Оңтүстік айрығы Крораннан (Лулан) шығып, Күнлүн тауының батысын қапталдап Жаркентке барады, онан ары жүргенде адырлардан асып, Орта Азияға, Батыс Азияға, Еуропаға дейін созылады. Кроранның батыс солтүстігіндегі Көншы өзенінің батысын бойлап, Иіңпанды, Күшарды басып, Қашғар Жаңашар ауданына баратын жол солтүстік айрығы саналады, бұл жол да адырлардан асып, Еуропаға дейін барады. Кейін тағы 3 айрық жол пайда болды: Юймынның батыс солтүстігінен басталып, қазіргі Құмыл, Тұрпан, Жемсары сияқты жерлерді басып, бұрынғы дала жолына тұтасатын жол, бұл кейінірек «Солтүстік жол» деп аталды. Тұрпаннан шығып, Тянь-Шань тауының оңтүстігін қапталдап, батысқа беттеп, Қарашәр, Күшәрді басып, бұрынғы солтүстік жол айрығымен тұтасатын жол кейінгі кездері «Орта жол» деп аталды. «Оңтүстік жол» бұрынғысымен ұқсас. VII ғасырдан кейін, теңіз қатынас-тасымалы дамығандықтан, Жібек жолы біртіндеп екінші орынға түсті, бірақ ХІІІ ғ. дейін шығыс пен батыс қатынасының маңызды жолы болып келді. ХІХ ғасырдың басында, Иcпанияның елшісі Қытайдың 800 түйелік сауда керуенін өз көзімен көріп тұрып, Самарқанның жағдайы туралы: «Төңіректің төрт бұрышынан келген тауарлар Самарқанға жиналыпты… Қытайдың торғын-торқалары көз жауын алады. Қытайдың торғын-торқасы осы жолмен Орта Азияға, Батыс Азияға және Еуропаға толассыз тасылды, сонымен тұт ағашын өсіру өнері де батысқа тарала бастады», – деп жазады. Сондай-ақ Шыңжаңнан шығатын қас тасы, былғары, жүн өнімдері сияқты тауарлар мен орта жазықтың темір ыдыстары, фарфор ыдыстары, сырлы ыдыстары, шабдалы, өрік, рауғаш, дәршен сияқты өнімдері батыс базарына қатар кірді. Орта Азияның, Батыс Азияның және Еуропаның әйнек, жақұт, экономикалық дақылдары және хош иісті заттары, дәрі материалдары, сондай-ақ Отқа табыну діні, Будда діні, ислам діні сияқты діндер де Қытайға кірді және таралды. Шығыс пен батыс арасындағы экономикалық, мәдени ауыс-күйіс адамзаттың материалдық мәдениетін байытты. Шығыс пен батыстағы халықтар Жібек жолы арқылы сыртқы мәдениетті қабылдап, бұрынғыдан да салауатты мәдениет жарата алды. Жібек жолы тек сауда жолы болып қана қалмастан, дүниежүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосты.