МЕНШІКТІК КАПИТАЛДЫҢ ЕСЕБІНІҢ АУДИТІ

МЕНШІКТІК КАПИТАЛДЫҢ ЕСЕБІНІҢ АУДИТІ
«Бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру туралы» ҚР Заңында меншіктік капитал — бұл субъектінің міндеттемелерін шегеріп тастағаннан кейінгі оның активтері деген анықтама берілген. Яғни меншіктік капиталдың шамасы бухгалтерлік есептің балансында бағаланып көрсетілген активтер мен міндеттемелердің құнына тікелей байланысты. Меншіктік капиталға: жарғылық, резервтік төленбеген, қосымша төленген және төленбеген, айналымнан шығарылған капитал және бөлінбеген табыс (жабылмаған зиян) жатады. Демек, бұл аталғандар меншіктік капиталдың элементтері ретінде аудиттің зерттеу объектісіне айналады. Алдымен меншіктік капиталдың элементтері аудиті қарастырмай тұрып, меншіктік капиталдың элементтерінің қалыптасуына ықпал ететін меншік түрлеріне сәйкес әрқайсысы шаруашылық жүргізушісі мәртебесіне ие бола алатын шаруашылық жүргізуші шаруашылықтардың ұйымдық-құқықтық нысандарын анықтап алу қажет.
Қазақстан Республикасының күшіндегі заң актілерінде мына төмендегідей ұйымдық-құқықтық нысандағы субъектілер көрсетілген:
— мемлекеттік ұйым;
— коммерциялық емес ұйымдар;
— өндірістік кооперативтер;
— шаруашылық серіктестіктер.
Аталған ұйымдық-қүкықтық нысандағы шаруашылықтардың құрамын анықтап, оларға қысқаша тоқталуды талап етеді. Өйткені олардың өзінің ішкі жіктелуі шаруашылықтың меншіктік капиталының қалыптасуына әсерін тигізеді.
Меншіктік капиталдың негізгі элементі болып табылатын жарғылық капитал деп шаруашылықтың құрылған кезінде оның қьізметін қамтамасыз ету үшін мемлекеттің бөлген мүліктерінің және қаражаттарының немесе құрылтайшыларының (салымшыларының) мүліктік үлесінің жиынтығын айтамыз. Жарғылық капиталдың нақты бағыты, атқаратын қызметі жөне қалыптасу тәртібі шаруашылықтың үйымдық-қүқықтық нысанына негізделген.
Аудитор шаруашылық жүргізуші шаруашылықтардың ұйымдық-құқықтық нысандарына қарай жарғылық капиталдың есебіне аудиторлық тексеру жүргізгенде, олардың ерекшеліктерін ескере отырып, тексерудің ауқымын толық қамтитындай етіп бағдарлама жасауға тиісті. Бағдарламада қаралатын басты мәселелерді және олардың ақпарат көздерін қоса қамтыған жөн.
Бағдарламада қаралған басты-басты мәселелер тексеру барысында арнайы тестер жүргізу арқылы толықтырылып, пысықталып отырылады. Аудитор тексеру барысында анықталған факторларға байланысты бағдарламаға түзетулер енгізіп, аудиторлық тексерудің әдістерін белгілеп отырады.
Жарғылық капиталдың аудитінің келесі кезеңі оның қалыптасуының дұрыстығын тексеру болып табылады.
Аудиттің бұл іс-әрекетін жүзеге асыру үшін аудитор шаруашылықтың қашан, қай ауданда тіркелгендігін, құрылтайшыларының кімдер екендігін, жарғылық капиталдағы олардың үлесін және қалыптасу тәртібін анықтайды.
Жарғылық капиталдың қалыптасу тәртібі заң актілерімен және құрылтайшыларының құжаттарымен реттеледі. Меншік нысанына және шаруашылықтың шаруашылық жүргізу ұйымдық-құқықтық нысанына байланысты олар әр түрлі болып қалыптасады. Мемлекеттік шаруашылықтардың жарғылық капиталы, шаруашылықтың өнім (жүмыс, қызмет) өндіру бағытына сәйкес құрылған сәтінде, олардың қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттің бюджеттен бөлген қаржысын көрсетеді.
Аудитор шаруашылықтың капиталына нақты келіп түскен құрылтайшыларының ақша қаражаттарының есеп айырысу шотына немесе кассаға кіріске алынған күнін, негізгі құралдар, материалды емес активтерді қабылдау-өткізу актілеріндегі немесе нысандардың шаруашылыққа келіп түскенін растайтын басқа да құжаттарының жасалған күнімен салыстырып мынандай мәселелерді:
— жарғылық капиталға заңды құжаттарында белгіленген мөлшерде шаруашылық тіркелгенге дейін құрылтайшыларының бәрінің қосқан үлестерін;
— жарғылық капиталдың құрылтайшыларының құжаттарына және заң актілерінің талабына сәйкес қалыптасқанын;
— жарғылык капиталға құрылтайшыларының қосқан үлестерінің қандай түрде жасалғандығын;
— мүліктердің жарғылық капиталға үлес ретінде емес, тек қана пайдалануға берген қатысушыларының үлестерінің көлемінің қалай анықталғандығын;
— құрылтайшыларының үлестерін ақшалай бағалау тәртіптерін, бағалаудың қандай жолдармен жүзеге асырылғандығын анықтауға тиісті.
Жарғылық капиталдың аудитінің маңызды іс-әрекеті жарғылық капиталға енгізілген езгерістің негізділігін және оларды құрылтайшыларының құжаттарына дер кезінде енгізілуін тексеру болып табылады.
Жарғылық капиталдың ерекшелігі — шаруашылықтың басқа мүліктік көздеріне қарағанда тұрақты шама болып саналады. Бұл жарғылық капиталдың көлемін арттыру немесе кеміту тек қана шаруашылықтың қызметінің қорытындысының нәтижесіне қарап және құрылтайшыларының құжаттарына сәйкес өзгерістерді енгізгеннен кейін жүргізілуі мүмкін болады. Ол қажет болған жағдайда, жаңа құрылтайшыларды қабылдаудың нәтижесінде, құрылтайшыларының қосымша үлестерімен (акционерлік қоғамнан басқа) толықтырылуы мүмкін болса, ал құрылтайшылары шаруашылықтың құрамынан шыққан жағдайда, керісінше, кемуі мүмкін.
Жарғылық капиталға тексеру жүргізудің сапасын арттыру үшін аудитордың субъектінің жарғылық капиталына жарна ретінде салынбаған мүліктерге және басқа да мүліктік қүқықтарға түгелдеу жүргізуді ұйымдастырғаны тиімді.
Өйткені жарғылық капиталға жарна ретінде мерзімі өтіп жарамсызданған негізгі құралдар және өндіріс қорлары қатарына жататын мүліктер немесе басқа да мүліктік құқықтың қатарындағы әлдеқашан пайдалы қызмет ету мерзімі өтіп кеткен интеллектуалды меншіктің салынған фактілері практикада кездесіп қалатын жағдайлары болады.
Аудитті аяқтаудың іс-әрекеттері жарғылық капиталдың есебінде күшіндегі заң актілерімен салыстырғанда анықталған ауытқуларға қорытынды жасап, оларды жою бойынша негізгі ұсыныстар жасау болып табылады. Егер аудитор анықтаған кемшіліктер онша елеулі емес, мемлекетке, меншік иелеріне және несие берушілерге ешқандай зиян келтірмейді деп санаса, онда ол қанағаттанарлық оң қорытынды беруіне құқы бар (аудиторлық бағдарламаға сәйкес басқада есеп нысандарын тексерудің нәтижесіне байланысты). Егер аудитор құрылтайшыларының құжаттарынан, сондай-ақ шаруашылықтың заңды қызмет істеп тұрғанына күмән келтіретін немесе мемлекетке, меншік иелеріне (акционерлеріне) және несие берушілеріне зиян келтіретін жарғылық капиталдың есебінде елеулі кемшіліктерге жол берілсе, онда ол шаруашылық жүргізуші шаруашылықтың әкімшілігіне анықталған кемшіліктерді жоюға уақыт беруге тиісті.
Резервтік капитал (қор) күшіндегі заң актілерінің баптарына сәйкес және құрылтайшыларының құжаттарында қаралған тармаққа сәйкес шаруашылықтың күтпеген шығындарын (зиянды) жабу үшін, сондай-ақ есепті жылдың табысы жетпеген жағдайда инвесторлардың табысын төлеу үшін құрылады. Бір сөзбен айтқанда, резервтік капитал дегеніміз шаруашылықтың сақтандыру капиталы. Резервтік капиталға бөлінбеген қаржылар шаруашылықтың тұрақты жұмыс істеуінің және үшінші тұлғаның мүддесін қорғаудың кепілдігі болып саналады. Осылай құралған қаржы көзі шаруашылықтың үшінші тұлғаның алдындағы міндеттемесін орындайтындығына олардың сенімін арттырады.
Резервтік капиталды құру міндетті және ерікті сипатта болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, ол Қазақстан Республикасының Заң актілерінде қаралған баптарға сәйкес құрылса, ал екіншісінде — шаруашылықтың құрылтайшыларының жүргізіп отырған саясатына сәйкес құрылады. 1996 жылғы 12 қарашада №2 Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп жөніндегі ұлттық комиссиясының қаулысымен бекітілген қаржылық қорытынды есепті дайындау және тапсыру үшін тұжырымдық негіздемеде резервті құру шаруашылықты және несие берушілерін зиян шегудің салдарынан қосымша қорғау үшін жарғысында немесе заңда қаралады деп атап көрсетілген.
Егер құрылтайшыларының құжаттарында резервтік қор құру қаралмаса, онда шаруашылыққа өз еркімен қор құруына рұқсат етілмейді.
Аудитор тексеру барысында мынандай мәселелерге назар аударып:
— резервтік капиталды құру тәртіптерінің сақталғандығын;
— резервтік капиталдың жарғылық капиталмен салыстырғанда мөлшерінің сақталғандығын;
— резервтік капиталдың есебінен жабылған шығындардың заңдылығын;
— резервтік капиталдың есебінен төленген дивидендтерді және олардың құрылтайшыларының құжаттарында қаралғандығын;
— резервтік капиталдың баланстағы көрсеткішінің Бас кітаптағы, есеп регистрларындағы, машина жазбалардағы мәліметтеріне сәйкестігін;
— резервтік капиталды тиімді пайдаланудың резервтерінің құрастыру бойынша ұсыныстар жасауға тиісті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *