Әкімшілік мәжбүрлеу
Әкімшілік мәжбүрлеудің құқықтық негізі Әкімшілік мәжбүрлеу мемлекеттік мәжбүрлеудің бір түрі бола отырып, мемлекет атынан және оның қызығушылығымен жүзеге асырылады, сонымен қатар заңдық рәсімге ие. Бұл заңды мәжбүрлеу қандай да болмасын міндетті ережелерді орындамағаны үшін мемлекет атынан құзіретті органдар қолданады. Мемлекеттік билік аясына қатысты мәжбүрлеу әкімшілік-құқықтық нормалардың ережелерінің орындалуын қамтамасыз ету шарасы болып табылады. Билікті жүзеге асыру оның нұсқауларына бағынуды көздейді. Мәжбүрлеу көбіне ерікті болады. Бірақ кей жағдайларда оған анық мәжбүрлеусіз қол жеткізгенмен, сонда да толық өз еркімен емес, яғни бағыныштының еркі мен тілегіне қарсы болады. Мәжбүрлеу элементтері заңның және басқару актілерінің барлық ережелерінде бар, себебі олардың барлығы міндеттейтін сипатта болады және мемлекеттің беделі мен күшіне сүйенеді. Қазіргі жағдайларда мәжбүрлеу тек қана қажет емес, сонымен қатар қоғамдық өмірдің кейбір салаларында пайдалы (мысалы, елді қорғау, оның қауіпсіздігін қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және т.б.). Мемлекеттік мәжбүрлеу тікелей ықпал ету объектілеріне байланысты физикалық және психикалық болып бөлінеді. Оның мақсаты – нақты құқық субъектілерін белгілі бір ережелерді сақтауға немесе белгілі бір әрекеттерді жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу. Керекті нәтижеге қол жеткізу субъектінің еркінсіз, оның ішкі, кей жағдайда сыртқы қарсыласуымен жүзеге асырылады. Құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастардың әртектілігі оларды қорғау үшін мемлекеттік мәжбүрлеудің әртүрлі түрлерін қолдануды талап етеді. Бұл мәжбүрлеудің түрлері бір бірінен өздерінің мазмұндарымен, жүзеге асырылу негіздерімен және тәртіптерімен ерекшеленеді. Қалыптасқан тәжірибеде мемлекеттік мәжбүрлеудің негізгі 4 түрі бар: қылмыстық-құқықтық; азаматтық-құқықтық; тәртіптік; әкімшілік-құқықтық. Мемлекеттік мәжбүрлеудің жеке бір түрі бола тұра әкімшілік мәжбүрлеу оны құқықтық мәжбүрлеудің басқа нысандарынан бөлетін белгілі бір ерекшеліктерге ие. Әкімшілік мәжбүрлеуді сипаттайтын негізгі белгілерге мыналарды жатқызуға болады: Әкімшілік мәжбүрлеу мемлекеттік басқару аясында пайда болатын қоғамдық қатынастарды қорғау үшін арналған мемлекеттік мәжбүрлеудің ерекше түрі болып табылады. Әкімшілік мәжбүрлеу шараларына мемлекеттік-биліктік сипат тән. Әкімшілік мәжбүрлеуді қолдану негізі болып, әдетте, әкімшілік құқық бұзушылықтың мазмұны немесе құқықтық нормамен қарастырылған ерекше жағдайлардың туындауы табылады (мысалы, эпидемиялар, табиғи апаттар). Әкімшілік мәжбүрлеу оны қолдану қызметтік бағыныштылық қатынастармен байланысты еместігімен сипатталады. Әкімшілік билік субъектісі мен құқық бұзушы бір еңбек ұжымының мүшелері болып табылмайды. Егер тұлға әскери-қызметтік, еңбектік немесе ұжымда басқа да мемлекеттік тәртіпті бұзса, онда оған тәртіптік мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Әкімшілік мәжбүрлеу шараларын қолдану актілерін мемлекеттік биліктің көптеген органдары шығаруға құқылы: Праламент, Президент, Үкімет, мәслихаттар, әкімияттар. Бірақ әкімшілік құқық бұзушылық жасаған үшін санкциялар тек қана заңмен немесе Президенттің заң күші бар жарлығымен орнатылатындығын ұмытпаған жөн. Әкімшілік мәжбүрлеу құқықтық актілермен анықталған құзіретті органдармен және лауазымды тұлғалармен қолданылады. Әкімшілік мәжбүрлеу өзінің мазмұны бойынша жеке басылық, ұйымдастырушылық немесе мүліктік сипаты бар шектеулер (айырулар) болып табылады, яғни қандай да бір жағымсыз салдарлар нысанында адамдардың сана сезімі мен мінез-құлқына сырттай мемелкеттік – құқықтық психикалық немесе күштеп ықпал етуден тұрады. Әкімшілік мәжбүрлеу көрнісінің сыртқы нысандары өте әр түрлі. Бұл солардың көмегімен қамтамасыз етілетін қатынастардың аса көп түрлілігмен, мәжбүрлеуді қолданудың мақсаттарымен, негіздерімен, осы шараларды пайдалануға құқық берілген органдар мен лауазымды адамдардың құзыретінің мазмұнымен және бірнеше өзге де жағдайлармен байланысты. Адамның жеке басына байланысты шектеулер, мысалы, ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік қамауға алудан, бұзушыны ұстаудан және полицияға жеткізуден көрніс табады. Ұйымдастыру шектеулеріне, мысалы, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының антисанитариялық жағдайы үшін жабу, ойын – сауық мекемелерінің өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін бұзуға байланысты жұмыс істеуін тоқтата тұру жатады. Мүліктік шектеулерген, мәселен, айыппұл, тәркілеу жатады. Әкімшілік мәжбүрлеудің барлық шаралары субьектіні қандай да болмасын бір іс-әрекеттерді жасауға немесе олардан бас тартуға, не болмаса белгіленген құқықтық шектеулерге бағынуға түрткі болу, көндіру үшін қолданылады. Сонымен, мәжбүрлеп ықпал жасаудың обьектісі сайып келгенде жеке адамның өзі емес, оның мінез-құлқы болып табылады. Әкімшілік мәжбүрлеудің шаралары тек құқықтық актілермен ғана белгіленуі мүмкін. Бұл шараларды қолдануға заңдардың негізінде ғана және тек құқық нормаларымен қаралған шеңбер мен нысанда ғана жол беріледі. Сондықтан, әкімшілік мәжбүрлеу мемлекеттік басқару аясындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық актілерді іске асыруға бағытталған құқықтық мәжбүрлеу болып табылады. Әкімшілік мәжбүрлеуді оған уәкілеттік берілген органдар мен лауазымды адамдар ғана қолданады. Олардың тобы құқықтық актілермен қатал түрде белгіленеді. Әдетте, оларға мемлекеттік басқару аясында құқық қорғау функцияларын жүзеге асыруға уәкілеттік берілген атқарушы органдар мен олардың лауазымды адамдары жатады (мысалы, ішкі істер органдары, бақылау- қадағалау органдары т.б.). Сонымен, әкімшілік мәжбүрлеу осындай мәжбүрлеу шараларын қолдануға уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың көптігімен сипатталады.
2сұрақ.Әкімшілік ескерту шараларының түсінігі және тағайындалуы Әкімшілік мәжбүрлеу біртекті ұғым емес, ол әкімшілік-құқықтық мәжбүрлі ықпал ету шараларының жиынтығынан жинақталады. Әкімшілік мәжбүрлеуді қолданудың негізі болып, әдетте, әкімшілік құқық бұзушылық жасау немесе ерекше жағдайлардың туындауы табылады. Әкімшілік мәжбүрлеу шараларының кешені сан қилы. Олардың барлығы мақсаттарына, қолдану негіздері мен тәртіптеріне байланысты ерекшеленеді. Мақсаттарына және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тәсіліне байланысты әкімшілік мәжбүрлеу шараларын
3 топқа бөлуге болады. 1.Әкімшілік-ескерту шаралары – мемлекеттік басқару аясында болуы мүмкін құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, сонымен бірге табиғи апаттар, авариялар, қайғылы оқиғалар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылады. Көбінесе олар құқық бұзушылықтармен байланысы жоқ жағдайларда азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіпті болдырмау үшін қолданылады. Әкімшілік-ескерту шаралары сан алуан. Олардың ең көп тараған түрлері болып табылады: полиция қызметкерлерінің тұрғын үйге немесе қызметтік ғимаратқа кіруі. Мысалы, төлқұжат режимінің сақталуын тексеру үшін; құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатымен құжаттарды тексеру. Мысалы, жүргізушілерден – жүргізуші куәлігін, жол қағазын; аңшылар мен балықшылардан – сәйкес лицензияларын; кеден органдарымен қолданылатын заттарды, жүктердщі қарау, сонымен қатар жеке қарау (бұл мемлекеттік шекарадан контрабанданы өткізбеу мақсатында қолданылады); көлік және адам қозғалысын шектеу немесе тоқтату. Мысалы, табиғи апат, жолды жөндеу жұмыстары кезінде; тұлғадардың денсаулық жағдайыларын және кәсіпорындардың санитарлық жағдайларын куәландыру; эпидемиялар кезінде карантин енгізу; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау; мүлікті реквизициялау, яғни оны еріксіз, ақылы түрде алу. 2.Әкімшілік ықпал ету және процессуалдық қамтамасыз ету шаралары. Әкімшілік ықпал ету шараларына жататындар: әкімшілік ұстау, яғни тұлғаның жеке бостандығын қысқа мерзімге шектеу. Бұл шараны көбінесе полиция қызметкерлері қолданады.; кәсіпорын жұмысын тоқтата тұру. Мысалы, еңбекті қорғау немесе қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзған жағдайда; техникалық жағдайы қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақауы бар автокөлікті пайдалануға тыйым салу; егер оны пайдалануға рұқсат болмаса, белгілі бір ережелерді бұзған тұлғалардан мүлікті алу (суық қару, мөрлер); қалпына келтіру сипатындағы мәжбүрлеу шаралары (өз еркімен салынған құрылысты бұзу); полиция қызметкерлерінің қару қолдануы; қоғамдық тәртіпті өрескел бұзушыға дене күшін көрсету; қоғамға қарсы қылық жасаған адамды әкелу (заңды жауапкершілікке әлі тартылмағанда); құқылы органнан (лауазымды тұлғадан) одан шығып жатқан құқыққа қарсы қылықты тоқтатуды талап ету. Әкімшілік-ескерту шаралары да, әкімшілік ықпал ету шаралары да, әдетте, құқық бұзушылық жасаған жауапты тұлғаларды жазалағанға дейін қолданылады, яғни әкімшілік жауапкершілік шараларын қолданға дейін болады. Процессуалдық қамтамасыз ету шаралары заңдылықтың нығаюына жәрдемдеседі. Бұл шаралар (мысалы, жеке қарау, заттарды қарау, заттар мен құжаттарды алу, әкімшілік істерді шешу тәртібі) тек заңдармен бекітілген шектерде және тәртіпте қолданылады. 3.Әкімшілік өндіру шаралары – заңды жауапкершіліктің бір түрі болып табылады және белгілі бір құқық бұзушылық жасаған үшін қолданылады. Мысалы: айыппұл, тәркілеу, әкімшілік қамауға алу. 3сұрақ. Әкімшілік алдын алу шараларының түсінігі және тағайындалуы Бұл әкімшілік мәжбүрлеу шаралар тобы әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаны тәрбиелеу мақсатында пайдаланылады. Қоғамдық қатынастардың және осы қатынастарға құқыққа қарсы қолсұғушылық жасаудың обьективтік сипатымен айқындалатын құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің мақсаттары мен тәсіліне байланысты әкімшілік мәжбүрлеудің барлық шараларын үш топқа бөлуге болады: -әкімшілік алдын алу шаралары -әкімшілік жолын кесу шаралары -әкімшілік жазалау шаралары Әкімшілік мәжбүрлеу шаралары құқық бұзушылықтың немесе қандай да бір жағымсыз салдарлардың пайда болуының алдын алуға бағытталған (мысалы, эпедемия кезінде); сосын, егер құқық бұзушылық болатын болса, онда олардың мақсаты – оны тоқтату және тек кейнірек қана жаза қолдану, яғни құқық бұзушыны жазалау қажеттігі пайда болуы мүмкін. Бұл орайда әкімшілік жаза қолдану құқық бұзушылық жасаған үшін әкімшілік жауапкершілікті іске асыру болып табылады, ал алдын алу сипаты бар әкімшілік шаралар құқық бұзушылық болмаған кезде де қолданылуы мүмкін (мысалы, аэропорттарда жолаушылардың жеке басын тексеру). ӘҚБтК-тің 36-тарауында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз етудің мәжбүрлеу шараларын қолданудың мүмкіндігі қаралған. Олар өзге ықпал ету шаралары қалмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылықты тоқтату, жеке басын анықтау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау, істі тиісті уақытында және дұрыс қарау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды орындау мақсаты үшін қолданылады. Сонымен, бұл жерде процессуалдық сипаты бар әкімшілік мәжбүрлеу шаралары туралы айтылып отыр. Әкімшілік – алдын алу шаралары. Мәжбүрлеу құралдарын қолдануды заңнамалар, әдетте, тұлғаның өзіне жүктелген құқықтық міндеттерін бұзу оқиғасымен байланыстырады. Бірақта қоғамдық және жеке мүдделерге қауіп-қатер және оларға зиян келтіру тек құқық бұзушылықтың ғана емес, сондай-ақ дүлей апаттардың, психикалық ауру адамдардың іс әрекеттерінің де салдарынан пайда болуы мүмкін. Сондықтан мемелкет нормасын бұзуға кінәлі емес тұлғалар жөнінде де мәжбүрлеу шараларын қолдануға мәжбүр, құзыретті органдар заңда көзделген жағдайларда олардың құқықтарын шектейді. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың белгілі бір санаттары жөнінде әкімшілік әкімшілік қадағалау тағайындайтын ішкі істер органдарының; өртті жайылдырмау мақсаты үшін құрылысты жоятын өрт сөндірушілердің т.б. іс әрекеттері осындай. Мемлекеттің аталған қорғау шараларының негізгі мақсаты құқық бұзушылықтың, заңдық және өзге де міндеттерден орындаудан жалтарудың аладын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қорғау. Барлық әкімшілік—алдын алу шараларының бірлігін айта отырып, олардың тікелей арналымы мен құқық шектеушілік сипаты бойынша жекелеген ескерту (превентивтік) шаралардың арасындағы айырмашылықтарды байқамауға болмайды. Бұл белгі бойынша әкімшілік- алдын алу шараларының ішінен 4 топты бөлуге болады: 1. мүмкін болатын зиянды, қауіпті, тіпті ауыр салдарлары да жиі болатын қауіп-қатерді болдырмау мақсатында қолданылатын шаралар, мысалы, эпидемиямен және эпизоотиямен зақымданған жерлерде карантин енгізу, шекералас аумақтарда қауіпті жұқпалы аурулар кенеттен пайда болған кезде мемлекеттік шекара учаскесін жабу, т.б. 2. құқық бұзушылықтың, оның ішінде тек әкімшілік теріс қылықтың ғана емес, қылмыстың да алдын алуға бағытталған шаралар (кедендік тексері, жеке басты анықтайтын құжаттарды тексеру) 3. тиісті субьектілердің өздерінің міндеттерін орындаудан жалтаруына кедергі келтіретін шаралар (реквизициялау, мәжбүрлеп медициналық куәландыру т.б.) 4. емдеу – алдын алу деп аталатын мәжбүрлеу шаралары ерекше топ құрайды, олардың мақсаты міндеті тек қоғамдық қауіпсіздік ғана емес, сонымен бірге қауіпті есі ауысқандарды, нашақорларды, жұқпалы ауруларды емдеуді қамтамасыз ету. Бақылау сұрақтары: Әкімшілік мәжбүрлеу дегеніміз не? Әкімшілік мәжбүрлеудің қағидалары қандай? Әкімшілік мәжбүрлеу қалай жіктеледі? Әкімшілік мәжбүрлеудің мақсаты неде? Қандай әкімшілік мәжбүрлеудің түрін білесіз? Глоссарий: Әкімшілік мәжбүрлеу Айыппұл тәркілеу әкімшілік-ескерту әкімшілік ықпал ету әкімшілік ұстау әкімшілік қамауға алу әкімшілік емдеу шарасы