
Көліктің су түрінің тасымалдауды реттейтін халықаралық конвенциялар.
Гамбургте 1978 жылғы 31 наурызда қол қойылған Біріккен Ұлттар Ұйымының Теңіз арқылы жүк тасымалдау туралы 1978 жылғы конвенциясы ратификациялансын. Осы Конвенцияда:
1. «Тасымалдаушы», онымен немесе оның атынан жүк жөнелтушімен теңіз арқылы жүк тасымалдау шарты жасалған кез келген тұлғаны білдіреді.
2. «Нақты тасымалдаушы» тасымалдаушы жүк тасымалдауды немесе тасымалдың бір бөлігін жүзеге асыруды тапсырған кез келген тұлғаны білдіреді және осындай тасымалды жүзеге асыру тапсырылған кез келген тұлғаны қамтиды.
3. «Жүкжөнелтуші» онымен немесе оның атынан немесе тұлғасынан тасымалдаушымен теңіз арқылы жүк тасымалдау шарты жасалған кез келген тұлғаны, немесе теңіз арқылы тасымалдау шартына сәйкес ол немесе оның атынан немесе тұлғасынан жүк тасымалдаушыға нақты тапсырылатын кез келген тұлғаны білдіреді.
4. «Жүк алушы» жүкті алуға уәкілеттендірілген тұлғаны білдіреді.
5. «Жүк» тірі жануарларды қамтиды; тауарлар контейнерлерге, паллетте немесе тасымалдауға арналған ұқсас құралдарға біріктірілген немесе олар буып-түйілген жағдайда, егер жүкжөнелтуші оларды ұсынса, «жүк» тасымалдау немесе буып-түюге арналған осындай құралды қамтиды.
6. «Теңіз арқылы тасымалдау шарты» соған сәйкес тасымалдаушы жалдау ақысы үшін теңіз арқылы жүкті бір порттан екінші портқа тасымалдауға міндеттенетін кез келген шартты білдіреді; дегенмен, теңіз арқылы, сондай-ақ қандай да болмасын өзге әдіспен тасымалдауды қамтитын шарт теңіз арқылы тасымалдауға оның қаншалықты қатысы болған дәрежеде де ғана осы Конвенция мақсаттары үшін теңіз арқылы тасымалдау шарты болып қаралады.
7. «Коносамент» теңіз арқылы тасымалдау шартын және тасымалдаушының жүкті қабылдағанын немесе тиегенін растайтын және соған сәйкес тасымалдаушы осы құжаттың орнына жүкті тапсыруға міндеттенетін құжатты білдіреді. Құжатта жүктің аталған тұлғаның бұйрығына немесе бұйрығына, немесе ұсынушыға тапсырылуы тиіс екендігі туралы нұсқау осындай міндеттемені білдіреді.
8. «Жазбаша нысан» өзгелермен қатар жеделхат пен телексты қамтиды.
Қолдану аясы. Осы Конвенцияның ережелері әртүрлі екі мемлекет арасындағы теңіз арқылы тасымалдау шарттарының барлығына қолданылады, егер:
а) теңіз арқылы тасымалдау шартында көзделген тиеу порты Уағдаласушы мемлекеттердің бірінде орналасса, немесе
b) теңіз арқылы тасымалдау шартында көзделген түсіру порты Уағдаласушы мемлекеттердің бірінде орналасса, немесе
с) теңіз арқылы тасымалдау шартында көзделген түсірудің опциялық порттарының бірі нақты түсіру порты болып табылса және осындай порт Уағдаласушы мемлекеттердің бірінде орналасса, немесе
d) теңіз арқылы тасымалдау шартын растайтын коносамент немесе басқа құжат Уағдаласушы мемлекеттердің бірінде берілсе, немесе
е) теңіз арқылы тасымалдау шартын растайтын коносамент немесе басқа құжат шарттың осы Конвенцияның ережелерімен немесе оларды қолданысқа енгізетін кез келген мемлекеттің заңнамасымен реттелуі тиіс екендігін көздесе.
Осы Конвенцияның ережелері кеменің, тасымалдаушының, нақты тасымалдаушының, жүкжөнелтушінің, жүк алушының немесе кез келген басқа да мүдделі тұлғаның ұлттық тиесілігіне қарамастан қолданылады. Осы Конвенцияның ережелері чартерлерге қолданылмайды. Дегенмен, коносамент чартерге сәйкес берілгенде, егер ол тасымалдаушы және кемемен жалданушы болып табылмайтын коносамент иесі арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін болса, Конвенция ережелері осындай коносаментке қолданылады. Егер шартта жүкті келісілген кезең ішінде бірнеше тиеулермен тасымалдау көзделсе, осы Конвенцияның ережелері әрбір артуға қолданылады. Дегенмен, арту чартер негізінде жүзеге асырылса, осы баптың 3-тармағының ережелері қолданылады. Конвенцияның ережелерін түсіндіру және қолдану кезінде оның халықаралық сипаты және біркелкілікке қол жеткізуге ықпал ету қажеттілігі ескерілуі тиіс.
Тасымалдаушының жауапкершілігі. Осы Конвенция негізінде тасымалдаушының жүк үшін жауапкершілігі жүк тиеу портында, тасымалдау уақытында және түсіру портында тасымалдаушының қарамағында болған кезеңді қамтиды.Осы мақсаттары үшін:
а) жүк:
і) жүк жөнелтушіден немесе жүк жөнелтушінің атынан әрекет ететін тұлғадан; немесе
іі) тиеу портында қолданылатын заңға немесе ережелерге сәйкес оған жүк арту үшін тапсырылуы тиіс өзге үшінші тұлғаның қандай да болмасын органынан қабылданған сәттен бастап;
b) ол:
і) жүкті жүк алушыға тапсыру арқылы; немесе
іі) жүк алушы жүкті тасымалдаушыдан қабылдамайтын жағдайларда — оны жүк алушының қарамағына шартқа немесе түсіру портында қолданылатын сауданың осы саласындағы заңға немесе әдетке сәйкес ұсыну арқылы; немесе
ііі) арту портында қолданылатын заңға немесе ережелерге сәйкес оларға жүк тапсырылуы тиіс қандай да болмасын органға немесе өзге үшінші тұлғаға жүкті тапсыру арқылы жүкті тапсырған сәтке дейін жүк тасымалдаушының қарамағында болды деп есептеледі.
Жауапкершілік негіздері.Егер жоғалу, зақымдану немесе кідіртуді тудырған жағдайлар белгіленгендей жүк тасымалдаушының қарамағында болған уақытта орын алса, егер тасымалдаушы өзінің, оның қызметшілерінің немесе агенттерінің осындай жағдайлар мен олардың салдарын болдырмау үшін орынды талап етілуі мүмкін барлық шараларды қабылдағанын дәлелдемесе ғана, жүкті жоғалту немесе зақымдау, сондай-ақ тапсыруды кідірту нәтижесі болып табылатын залал үшін тасымалдаушы жауапты болады. Теңіз арқылы тасымалдау шартында көзделген түсіру портында, келісімде тікелей белгіленген мерзім шегінде немесе осындай келісім болмаған жағдайда — нақты жағдайларды ескере отырып жанашыр тасымалдаушыдан талап етілуі орынды мерзім шегінде жүк тапсырылмаса, тапсыруды кідірту орын алады.
Тасымалдаушы мыналар үшін жауапты болады:
і) өртке байланысты жүктің жоғалуы немесе зақымдануы немесе тапсырылуын кідірту үшін, егер талапты мәлімдеген тұлға өрттің тасымалдаушының, оның қызметшілерінің немесе агенттерінің кінәсі бойынша туындағанын дәлелдесе;
іі) егер талапты мәлімдеген тұлға жүктің жоғалуы, зақымдануы немесе тапсырылуын кідірту өртті сөндіру және болдырмау немесе оның салдарын азайту үшін орынды талап етілетін барлық шараларды қабылдаған кезде, тасымалдаушының, оның қызметшілерінің немесе агенттерінің кінәсі бойынша болғанын дәлелдесе.
b) Өрт кеме бортындағы жүкке тиген жағдайда және талапты мәлімдеуші тұлға немесе тасымалдаушы осыны қаласа теңіз арқылы тасымалдау дағдысына сәйкес өрттің себептері мен жағдайлары жөнінде сюрверлік тексеру жүргізілуі тиіс, және тиісті есеп берудің бір көшірмесі тасымалдаушының немесе талапты мәлімдеуші тұлғаның өтініші бойынша оларға ұсынылуы тиіс.Тасымалдаушының, оның қызметшілерінің немесе агенттерінің кінәсі жоғалту, зақымдану немесе тапсыруды кідіртудің туындауының басқа себептерімен үйлескен жағдайда тасымалдаушы жоғалту, зақымдану немесе тапсыруды кідірту тасымалдаушының, оның қызметшілерінің немесе агенттерінің кінәсіне байланысты дәрежеде ғана, тасымалдаушының жоғалту, зақымдану немесе тапсыруды кідіртудің оның тарапынан болған кінәға байланысты емес мөлшерін дәлелдеуі шартымен, жауапты болады.
Тасымалдаушының және нақты тасымалдаушының жауапкершілігі.Тасымалдауды немесе оның бөлігін жүзеге асыру нақты тасымалдаушыға тапсырылған жағдайда, егер бұған теңіз арқылы жүк тасымалдау шартының талаптары бойынша жол берілсе де, осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес сонда да тасымалдаушы бүкіл тасымал үшін жауапты болып қалады. Нақты тасымалдаушы жүзеге асырған тасымалға қатысты тасымалдаушы нақты тасымалдаушының және өздерінің қызметтік міндеттері шегінде әрекет еткен оның қызметшілері мен агенттерінің іс-әрекеттері мен қателіктері үшін жауапты болады.Тасымалдаушының жауапкершілігін реттейтін осы Конвенцияның барлық ережелері нақты тасымалдаушы жүзеге асырған тасымал үшін оның жауапкершілігіне қатысты да қолданылады. Тасымалдаушы соған сәйкес осы Конвенцияда көзделмеген міндеттемелерді өзіне алатын немесе осы Конвенцияда ұсынылатын құқықтардан бас тартатын кез келген арнайы келісім, егер тасымалдаушы тікелей білдіру арқылы және жазбаша түрде онымен келіскен жағдайда ғана нақты тасымалдаушыға қолданылады. Нақты тасымалдаушының осындай келісімінің болуына немесе болмауына қарамастан, тасымалдаушы сонда да міндеттеріне немесе осындай арнайы келісімнен туындайтын құқықтардан бас тартуына тәуелді болып қалады. Тасымалдаушы да, нақты тасымалдаушы да жауапты болатын жағдайлар мен шамада олардың жауапкершілігі ортақ болып табылады.Тасымалдаушыдан, нақты тасымалдаушыдан және олардың қызметшілері мен агенттерінен өндіріп алынуы мүмкін сомалар жиынтығында осы Конвенцияда көзделген жауапкершілік шектерінен аспауы тиіс.