
Автомобиль көлігінде қауіпті және тез бұзылатын жүктерді тасымалдаудың ерекшеліктері.
Тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде оларға тән ерекшеліктерге байланысты техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылуына, өртенуіне немесе бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiм-жiтiмiне, жарақат алуына және ауруына себеп болуы, қоршаған табиғи ортаға зиян келтiруi мүмкiн кез келген заттар, материалдар, бұйымдар, өндiрiстік және өзге де қызмет қалдықтары қауiптi жүктер деп танылады. Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде «Қауіпті жүктер. Сыныптау және таңбалау» 19433-88 МемСТ және Қауіпті жүктерді халықаралық жолдарда тасымалдау туралы еуропалық келісімнің (ҚЖХЖТ) қолданыстағы стандарттарына сәйкес қауiптi жүктердiң сыныптамасы қолданылады.
Қауiптi жүктерді автокөлiк құралдарымен тасымалдауды ұйымдастыру. Қауiптi жүктердi Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдауды жүзеге асыратын көлiк құралдарының жүргiзушiлерi және қауiптi жүктердi тасымалдау үшiн пайдаланылатын автокөлiк құралдары осы Қауiптi жүктер мамандандырылған автокөлiк құралдарымен немесе осы мақсатқа бейiмделген басқа көлiк құралдарымен тасымалданады.
Қауiптi жүктердi тасымалдауға арналған шарт өзiндiк ерекшелiктерiне байланысты, сондай-ақ мынадай:
1) автокөлiк құралдарын арнайы өңдеу жөнiндегi iс-шаралар туралы;
2) iлесiп жүрудi ұйымдастыру (қажет болған жағдайда) туралы;
3) жүргiзушiлердi жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету тәртiбi туралы;
4) қауiп және қауiптi жүктi бейтараптандыру туралы ақпарат жүйесiнiң элементтерiмен қамтамасыз ету тәртiбi туралы мәлiметтердi қамтуы тиiс.
Қауiптi жүктi тасымалдау шартын жасасу тауар-көлiк жүкқұжатын жасаумен расталады. Қауiптi жүктi тасымалдау кезiнде тасымалдаушының үш данада жасалатын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүк жөнелтушi мен тасымалдаушы қол қоятын тауар-көлiк жүкқұжаты болуы тиiс.
Жүк жөнелтушi тасымалдаушыға қауiптi жүктердi тасымалдауға жасалған шартпен бiрге мыналарды:
1) әрбiр автокөлiк құралына ақпараттық кестелерді;
2) қауiптi жүктiң әрбiр түрiне жүргiзушiге арналған нұсқаулықты ұсынады.
Көрсетiлген құжаттар тасымалдау бағдарын жол полициясы органдарымен келiсу мақсатында, тасымалдау шарты жасалғаннан кейiн, бiрақ тасымал басталғанға дейiн 5 күннен кешiктiрiлмей ұсынылуы мүмкiн. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын автокөлiк құралдары мынадай талаптарға:
1) қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының конструкциясына, жабдығына және техникалық жай-күйiне қойылатын жасап шығарушы зауыттың құрылымдық-техникалық сипаттамаларына және Қазақстан Республикасының стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарына;
2) тiркеу құжаттарының деректерiне;
3) белгiленген тәртiппен келiсiлген тасымалдануға тиіс нақты қауiптi заттар мен бұйымдарды қауiпсiз тасымалдау шарттарына;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автокөлiк құралдарына қойылатын санитариялық-гигиеналық өлшемдерге;
5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 25 қарашадағы № 1650 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережесiне (бұдан әрi — Жол қозғалысы ережесi) және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актілеріне;
6) жүргiзушiлердiң еңбек және демалыс режимiн тiркейтiн бақылау құрылғыларымен (тахографтармен) жабдықталуына;
7) Жол қозғалысы ережесiне және Қазақстан Республикасының стандарттау жөнiндегi қолданыстағы нормативтiк құжаттарына сәйкес танылу белгiлерiмен жабдықталуына;
8) Қазақстан Республикасының стандарттау жөнiндегi қолданыстағы нормативтiк құжаттарына сәйкес жарамды құралмен және жабдықпен жинақталуына;
9) қажет болған жағдайларда тасымалданатын қауiптi затты бейтараптандыратын құралдармен және жүргiзушi мен iлесiп жүрушi қызметкердiң жеке қорғану құралдарымен жасақталуына;
10) бақылаусыз төгілу, қауіпті жүк шығарынды болған жағдайда халықты хабардар етудің жергілікті жүйесімен жабдықталуына сәйкес келеді.
Автокөлiк құралымен қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын жүргiзушiлер мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) тиiстi санаттағы көлік құралын жүргізу құқығына куәлiгiнiң болуы;
2) осы санаттағы көлік құралының жүргiзушiсi ретiнде кемiнде үш жыл үздiксiз жұмыс өтiлiнiң болуы;
3) белгіленген тәртіппен кәсіби жүргiзушiлер үшін жол парағына белгi қоя отырып, жалпы медициналық куәландырудан және рейс алдындағы медициналық тексеруден өтуі;
4) жүргізушіге Қазақстан Республикасының аумағы арқылы қауіпті жүкті тасымалдауға рұқсат беру туралы куәліктің болуы.
Тасымалдауды жүзеге асыратын жүргiзушi сапар басталғанға дейін қауiптi жүктердi тасымалдау бойынша рейс алдында нұсқау алуы және оның мынадай iлеспе құжаттары болуы тиiс:
1) автокөлiк құралына тiркеу құжаттары;
2) «Қауiптi жүк» белгiсi бар, осы Қағидалардың талаптарына сәйкес тасымалдау бағдары көрсетiлген жол парағы;
3) жүргiзушiлерге арналған нұсқаулық (4-қосымша);
4) жүргiзушiге Қазақстан Республикасының аумағы арқылы қауiптi жүктердi тасымалдауға рұқсат беру туралы куәлiк (5-қосымша);
5) қауiптi жүктер тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында автокөлiк құралдарымен тасымалдауға жiберiлетiн 1, 6 және 7-сыныпты қауiптi жүктi тасымалдау бағдарының бланкiсi (6-қосымша);
6) тауар-көлiк жүкқұжаты;
7) жүк жөнелтушi әзiрлеген авариялық жағдайда әрекет ету жоспары;
8) тасымалдаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, қозғалыс бағдары бойынша орналасқан көлiктi қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз етуді бақылау, жол қозғалысы қауiпсiздiгi, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi уәкiлеттi органдардың мекенжайлары мен телефондары.
Қауiптi жүгі бар автокөлік құралын жүргізу кезiнде жүргiзушiге:
1) автокөлiк құралын орнынан кенеттен қозғауға;
2) кенеттен тежеуге;
3) қозғалтқыш пен iлiнiсуi ажыратылған күйде қозғалуға;
4) қозғалыс кезінде автокөлік құралында темекі шегуге (тоқтаған кезде автокөліктің тұрған орнынан кемiнде 50 м жерде темекi шегуге рұқсат етiледi);
5) отты ашық пайдалануға (ерекше жағдайларда тамақ дайындаған кезде автокөлiктің тұрған орнынан кемiнде 200 м қашықтықта от жағуға рұқсат етiледi);
6) автокөлiк құралын қадағалаусыз қалдыруға болмайды.
Қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы қозғалуы Жол қозғалысы ережесiне және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде автокөлiк құралдарының қозғалыс жылдамдығын шектеу Жол қозғалысы ережесiне сәйкес белгiленедi. Қауiптi жүктi тасымалдау кезiнде қозғалыс жылдамдығын белгiленген шектеу жағдайында автокөлiк құралында рұқсат етiлген жылдамдық көрсетiлген тану белгiсi орнатылуы тиiс. Қауiптi жүктердi 5 және одан көп автокөлiк құралдарынан тұратын колоннамен тасымалдаған кезде оның құрамында жүктiң осы түрiн тасымалдауға арналған резервтi бос автокөлiк құралының болуы мiндеттi. Резервтiк автокөлiк құралы колоннаның соңында жүруi тиiс.
Iлесетiн автомобиль iлесiп жүретiн көлiк құралдарының алдында жүруi тиіс. Ілесіп жүру автомобилi тасымалдау кезінде мiндеттi түрде қосылуға тиіс қызғылт сары түстi жарқылдауық маякпен жабдықталады.
Тұрғын үй құрылыстары мен адамдардың көп шоғырланған жерiнен кемiнде 200 метр қашықтықта немесе осыған арнайы бөлiнген жерлерде тұруға рұқсат етiледi.
Автокөлiк құралы аялдаған немесе тоқтап тұрған кезде тоқтау тежегiшi мiндеттi түрде қосылуы тиiс, ал еңiсте қосымша сырғуға қарсы тiреуiш қойылуы керек. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын автокөлiк құралдарының тоқтайтын және тұратын орындары қауiптi жүктi тасымалдау бағдарында көрсетiледi. Қауiптi жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдары мүмкiндiгiнше жалпы пайдаланымдағы автожанармай құю станцияларында қосымша жанармай құймай, бүкіл сапар жолына жетерлiктей отынмен қамтамасыз етiледi.
Қажет болған жағдайда жалпы пайдаланымдағы автожанармай құю станцияларында жанармай құю автожанармай құю станциясының аумағынан кемiнде 25 метр қашықтықта орналасқан алаңда станциядан темiр канистрлермен немесе арнайы осы мақсаттар үшiн көзделген жылжымалы май құю станцияларынан алынып жүргiзiледi.
Жол-көлiк оқиғасы туындаған жағдайда жүргiзушi:
1) оқиға болған жерге бөтен адамдарды жiбермейдi;
2) зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетедi және қажет болған кезде жедел медициналық жәрдем шақыртады;
3) болған оқиға туралы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы уәкiлеттi органға, сондай-ақ басқа да мүдделi органдарға хабарлайды;
4) жүргiзушiге арналған нұсқаулықтағы нұсқамаға және апаттық жағдайда iс-қимыл жоспарына сәйкес апаттық ахуалдың салдарын алғашқы жою бойынша шаралар қабылдайды;
5) оқиға болған жерге келген осы қағидалардың 28-тармақтың 8) тармақшасында атап көрсетiлген уәкiлеттi органдардың өкiлдерiн қауiп-қатер және қабылданған шаралар туралы хабардар етедi.
Қауiптi жүк тасымалдайтын автокөлiк құралдарына iлесiп жүретiн персоналдың қауiптi жүктерге iлесiп жүру құқығын куәландыратын куәлiктерi болады. Куәлiк iлесiп жүретiн адамның жеке басын куәландыратын құжаты көрсетiлгенде жарамды болады.Қауiптi жүктердi тасымалдауға қатысушылар адамдардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiрудi болдырмау мақсатында қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде тиiстi ұйымдастыру және техникалық шараларды қабылдайды.Жарылғыш, тез тұтанатын, радиоактивтi, улы және басқа да қауiптi жүктердiң жөнелтушiлерi (жүк алушылары) жүктердi тасымалдау кезiнде авариялық жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ авариялардың салдарларын жою үшiн қажеттi құралдары мен ұтқыр бөлiмшелерiнiң болуы арқылы оларды тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi.