Сүйінбай – жырдың пырағы


Биыл, 2020 жылы қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы, қазақ жырына өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан, алмастың жүзіндей өткір де өршіл, арынды да ақылды, бұлақ суындай мөлдір ақпа-төкпе өлең, толғау, жырлардың авторы, өлеңнің ұлы дария мұхиты, жырдың пырағы, бір дәуірдің көзі және іргелі бір ақындық мектептің көшбасшысы Сүйінбай Аронұлына 205 жыл толып отыр.
Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүние есігін ашқан. Ақынның шежіресі Шапырашты руынан бастау алады. Сүйінбай Аронұлына ақындық қасиет ата бабасынан дарыған. Сүйінбайдың әкесі де, атасы да сол замандағы жыр дастандарды елге жырлаған жыршы, қобызшы, күйші болған. Ақынның ағалары да ел арасына атағы жайылған, бірсыпыра өлеңдер жазған ақындар болған. Сүйінбай жас кезінен бастап басқа ақындардың даналығын бойына сіңіріп, өлең оқып, жаттаған.
Сүйінбай — қазақ ақыны, айтыс өнерінің теңдесі жоқ шебері. ХVIII ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын, шығармаларында бейнелеген. Халық үшін жанын беруге дайын Өтеген, Қарасай, Сұраншы, Сұрық батырларға жырлар-толғаулар арнап жазған. Батырлар жайлы жыр-дастандарында қазақ халқының берекетін алғысы келген жауларға қарсы тайсалмай қарсы тұрған жүрек жұтқан батырларымызды керемет суреттейді. Ақынның болыс билеушілері мен билерге арнаған шығармалары, шындықты батырып айтқан арнаулары халық арасында танымал болған. «Мақсұтқа», «Қасымға», «Жетісу Билеріне» шығармаларында ақынның сөз өткірлігін анық байқаймыз. Ақын ретінде Сүйінбай «Төрт биге», «Тезекке тепсіну», «Болыстарға баға» секілді өлеңдерінде билердің, болыстардың апшысын қуырып, біраз сынға алғанын көре аламыз. Оның Қатаған ақынмен және Төре Терекпен айтысы халық арасында жоғары дәрежеге ие екені сөзсіз. Сүйінбайдың Қаңтарбай, Жантай, Тәттіқыз, Уәзипа ақындармен айтыстары да кеңінен танымал. Бұл айтыстарда ол сирек кездесетін орындаушылық талантын, суырыпсалмалық шеберлігін, өз заманының әлеуметтік мәселелерін терең түсінетінін айқын ашып көрсеткен болатын. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті.
ХХ ғасырдың 20-жылдарында Түркістан АКСР-і халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған қырғыз (қазақ) ғылым комиссиясы ауыз әдебиеті үлгілерін жинау мақсатында Сырдария, Жетісу облыстарына экспедиция ұйымдастырып, этнограф ғалым Ә.Диваев Сүйінбайдың өлең-толғауларын, айтыстарын жазып алған. Сүйінбай Аронұлының қағаз бетіне ең алғаш рет басылған өлеңі 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналына «Апырмау, мынау жатқан Сарыбай ма?» деген атаумен жарық көрді. 1935 жылы І. Жансүгіров пен Ф. Ғабитовтың құрастыруымен ақынның бір топ шығармасы “Сүйінбай ақын” деген атпен тұңғыш рет жеке жинақ болып жарыққа шықты. С.Мұқанов пен Қ.Бекхожин 1939, 1940, 1941 және 1944 жылдары орта мектептің 8-сыныбына арналған хрестоматиясына Сүйінбайдың бірнеше өлеңін енгізген (“Сүйінбай мен Тезек төре”, “Сүйінбайдың Тезектің өлген баласына көңіл айтқаны”, “Кәрілік туралы”). Сүйінбай мұрасының біршамасы Ж.Жабаевтың мемориалдық мұражайының әдеби қорында сақтаулы. 1976 жылы ақынның «Ақиық» атты шығармалар жинағы жарық көріп, онда ақынның ел тебірентер айтыстары, жыр-дастандары, арнаулары түгел қамтылды.
Жиырмасыншы ғасырдың гомері атанған, ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың өзі әрдайым Сүйінбайға деген құрметін: «Менің пірім — Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай!» деген өлең жолдарымен көрсетіп отырған. Ол батырлық эпостың қозғаушысы болды. Мұхтар Әуезов ақынға «Сүйінбай — Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп баға берген. Сүйінбай ақынның поэзиясы ой салар сөздерімен, тереңінен меңзелген философиямен, ой сұлулығымен ерекше. Ақынның қай шығармасын оқысаңызда, шығарманың артында үлкен ой саларлық ой толғау жатқаны сөзсіз. Бүгінгі күннің өзінде ақынның өлеңдері өзінің өзектілігін жоғалтпады. Қазіргі күннің өзінде ақынның өлеңдерінде сипатталған әлеуметтік мәселелер осы заманда көрініс табуда. Ақын шығармашылығымен танысып, бұл шығармалар екі ғасыр бұрын жазылған дегенге сену қиын. Сондықтан да оның есімі әлі күнге дейін кеңінен танымал, шығармалары халық арасында үлкен сұранысқа ие.
Қорытындылай келе, өлеңнен сезім терген, сыр терген, сол арқылы санаға ақыл құйып, нәр берген Сүйінбай атамыз асыл сөзі мен айтыстары арқылы кейінгіге өсиет қалдырып, өнеге беріп кетті. Келер ұрпақ болашақта Сүйінбай дәстүрінен үлгі алып, қазақ айтысын әлемдік деңгейге көтеретін біртуар ақындар дүниеге келіп, олардың әрқайсысы соның үнімен, тынысымен қазақ поэзиясы айдынында емін-еркін жүзсін демекшімін. Сүйінбай Аронұлының ғажап ақындық жəне азаматтық бейнесі теңіз бетінде жүзіп жүрген таудың суретіндей тарихта мəңгілік сақталатынына күмəн жоқ!

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д.
Нұрай Құтымова, 1 курс студенті.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *