ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ӨҢІРІНІҢ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАСТЕК-1 ҚАЛАСЫ (VI-XIII ҒҒ)

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ӨҢІРІНІҢ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАСТЕК-1 ҚАЛАСЫ (VI-XIII ҒҒ)

Ғ.Қ. ХАЛИДУЛЛИН — т.ғ.д., профессор,
А.Ə НҰРЖАНОВ — т.ғ.к. жетекші ғылыми )ызметкер, Ғ.А. МЕҢЛІБАЕВ — т.ғ.к., доцент,
Е.Ш. АҚЫМБЕК — ғылыми )ызметкер,
Ə.Қ. ҚƏДІРОВ — аға о)ытушы

Іле мен Шу өзендері өңірлеріндегі қалалық мəдениеттің қалыптасу үдерісі мен жағдайы Орта Азия мен Шығыс Түркістанның ортағасырлық тарихы жəне этникасымен ортақ болғанымен урбанизациялық сипаты жағынан осы ауқымды аймақтың оңтүстік-батыс, оңтүстік жəне оңтүстік-шығыс облыстарынан ерекшеленеді. Б.з. І мыңжылдықтың ортасына дейін Солтүстік Тянь-шань маңының барлық аумағы ежелгі өркениеттен шеткері аймақтағы көшпенді мал өсіруші тайпалардың тұрған орны болды. VI–VII ғғ. Шу, VIIІ ғ. Іле өңірі егіншілік пен қалалық мəдениеттің гүлденген алқабына айналады.
Орта Азия мен Қазақстан қалаларының қалыптасуы мен дамуы өзіндік ерекшеліктерімен барлығына ортақ заңдылықта бір сарынды бола алмады. Сонымен қатар ортағасырлық қалалардың құрылымы да тізбектеліп құрылу үдерісінің шынайы жағдайына байланысты бірыңғай болмады. Осы қорытынды өзіндік қалалық мəдениетте қалалардың топографиясы мен түрінен білінетін отырықшы-егінші жəне көшпенді халықтардың өзара əрекеттестігі тарихи жағдайда жүріп құрылуында қалалық орталықтар қалыптасқан ортағасырлық Қазақстан үшін тəн, əрі ерекше маңызды [1].
Жетісу Шу-Балқаш бассейндерін қамтиды, оның теңіз деңгейінен орташа биіктігі 300-400 м шеңберінде ауытқиды, біршама төмен жері – Шу сағасы. Шу-Балқаш өзендері аралығының бойлық осі Шу-Балқаш, Алакөл сағасы арқылы өтіп, Жоңғар қақпасы арқылы Батыс Қытайға,
Эби-Нор көліне кетеді [2].
Іле өзенінің оңтүстігінен Іле Алатауы басталады. Шу өзенінің оң жағасы мен Іле өзенінің төменгі ағысын жиектеген құм аралығының батыс жағы, жекелеген бөліктері Құлжабасы, Хантау, Қозыбасы деген атауларға ие Шу-Іле тауы деп аталады. Оларда доңғалақты көлікке ыңғайлы көптеген асулар бар. Қордай асуы арқылы Іле мен Шу өңірлерін жалғастырып жатқан жол өтеді. Тағы бір жол Қастек асуы арқылы Іле өңірін Ыстық көл қазан шұңқыры жəне Шу өңірімен жалғастырады.
Қастек асуы ежелден Шу мен Іле өңірлерінің байланысына қызмет еткен [3]. Бұл асу туралы мəлімет Темір жорығы суреттелген ХV ғ. жазба деректерде сақталған. 1375 ж. Темір əскері Қара-Қасман (Қастек) асуы арқылы Іле өңірінен Атбашқа өткен [3].
1390 ж. Темір əскері Ертіске қашқан Камар ад-Диннің соңына түсіп, Ташкенттен Ыстық көлге, одан Көктөбе тауы жəне Арджатау тау асуы арқылы Алмалыққа (Алмату), Іле мен Қаратал өзендері арқылы Ертіске барған [4].
Арджатау тау асуы, ең дұрысы, Урунг Арджуға сай келетін секілді. Урунгты, шамамен, түркі тілінде «ұзақ», «ұзын» дегенді білдіретін Ұзынмен салыстыруға болады. Ал, Ардж зерттеушілердің болжауынша «тау асуы», «таулы өлке», «тау» деп аударылатын түркі тіліндегі Арт сөзіне сай келеді [5]. Олай болса, ортағасырлық «Урунг-Ардж» топонимін жазба деректердегі мəліметтерге толық келісе отырып, «ұзақ тау асуы», «ұзын таулы өлке, тау» деп түсінген дұрыс.
Ұлы Жібек жолы, нақтырақ айтқанда оның Солтүстік-шығыс Жетісу арқылы өтетін бағытындағы «Қастек» бағыты арқылы Жібек жолы Ұсталық қала орны арқылы Бішкек аумағына, одан Қаражығаш қала орны арқылы Шу өңіріндегі ірі қалалардың бірі болған Навакетпен баламаланатын Қызыл өзен қаласы орнына өткен [6].
Навакеттен шыққан жол Бунджикатпен баламаланатын Қысмышы қала орнынан [6], яғни Масанчы ауылы аумағында орналасқан қала орнынан Қастек асуына көтерілген. Қазіргі Іле Алатауы арқылы өткен бұл таулар қытай жазба деректерінде Цзедань, ал араб жазба деректерінде Урунч-Арадж тауы деп аталған олар ХV–ХVІ ғғ. Көктөбе атауымен белгілі болған. Белгілі болғандай Урунч-Арадж қаласы Қастек қаласы орнымен баламаланады. УрунчАрджа – Қастектен шыққан жол Қарғалы қала орнына шыққан жəне Қастек қала орны арқылы Алматы ауданына – Талғарға барған.
Ортағасырлық Қастек 1 қаласы Қастек ауылынан 2,5 км оңтүстікте, Қастек өзенінің сол жағасында, Суық төбе тауының етегіндегі адырлардың бірінде орналасқан. Географиялық координаттары: 43º03’03,54″ С. 75º59’09,11″ Ш., теңіз деңгейінен 1296 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан адыр үстінің ұзындығы 1,2 км, ені 0,25-0,3 км аумағында ортағасырлық құрылыс қалдықтарының орны сақталған. Ескерткіш аумағының көпшілік бөлігі ХХ ғ. екінші жартысынан бастап егін алқабына айналғандықтан жер бедері тегістеліп, жоғарғы мəдени қабаты бұзылған. Ортасын кішігірім сай бөліп жатқан солтүстігіндегі адырдың үстінде диаметрі 2-2,5 м үлкен малта тас аралас топырақтан үйілген бірнеше обалар бар. Кейбірінің ортасынан шұңқыр іздері көрінеді.
Ескерткіш орналасқан адырдың солтүстік жағына таман төртбұрышты, жал болып жатқан қабырғалары əлемнің шартарабына бағытталған (солтүстіктен 12º ауытқып орналасқан) орталық бөлігінің көлемі 210х150 м. Жал болып жатқан қабырғаларының етегінен есептегенде қалыңдығы 10-15 м, биіктігі 1,5-2 м, қабырғаларының бойы мен бұрыштарында мұнаралардың қиранды орны анық аңғарылады, олар қабырға сызығынан 5 м-ге дейін сыртқа шығып тұр, биіктіктері қабырға жалынан 0,5-1 м биік жатыр. Орталық бөліктің ортасынан солтүстіктен оңтүстік бағытында өткен көшенің ізі, соған орай солтүстік жəне оңтүстік қабырға жалдарының ортасынан сай болып жатқан қақпа орындары байқалады. Солтүстігіндегі сайдың ені 6 м болса, оңтүстігіндегі жалдың ортасындағы жазық келген ені 20 м сайдың орта тұсында кішігірім дөң жатыр.
Қаланың орталық бөлігінің үш жағын (солтүстік, оңтүстік жəне батыс) ор қоршап жатса, шығысы өзен жағындағы құлама беткейге жалғасқан. Солтүстік жəне оңтүстік жағындағы ор жазық сай күйінде, ені 5-20 м, тереңдігі 0,5-1 м болса, батысындағы ордың ені 10-20 м, тереңдігі 1-2 м. Солтүстік жəне батыс жағындағы егіндікке айналмаған бөлігіндегі қиранды құрылыстың білінер-білінбес жал болып жатқан қабырғалары шаршыланып келгендігі байқалады.
2011 ж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих факультетінің студенттерімен біріге Қастек-1 қаласын археологиялық тұрғыдан зерттеу жұмыстары басталды.
Далалық зерттеу жұмыстары орталық бөліктің оңтүстік-батыс бұрышының ішкі жағы мен мұнарасының сыртында жүргізілді.
Орталық бөліктің оңтүстік-батыс бұрышынан көлемі 8х6 м қазба белгіленіп, ол шым қабатынан тазартылғаннан соң, оның шығысындағы 8х2,7 м бөлігі ғана төмен қарай 1,1-1,3 м-ге тереңдетілді. Қазба барысында қаланың осы бөлігі екі құрылыс қабаттан тұратындығы анықталды. Бірінші құрылыс қабатының тапталған табаны 0,6-0,8 м тереңдіктен шықты. Бірақ тұрғын үй құрылысы қалдығының қиранды орындары жоқ болғанымен, еденге орналастырылған тандыр ошақтардың үгінді қалдықтары, күл, қыш бұйымдардың сынықтары мен табанынан төменгі қабатты тесіп өткен шұңқыр шықты. Қазбаның орта тұсынан шыққан шұңқырдың диаметрі 0,85 м, тереңдігі 1,1 м.
Бірінші құрылыс қабатының астынан екінші құрылыс қабатының екі бөлмесінің шығыс бөлігі, 0,5 м тереңдіктен едені шықты. Қазба көлемі кішкентай болғандықтан бөлмелер жартылай ғана аршылды. 0,4-0,5 м биіктікте сақталған қабырғалары орталық бөліктің сыртқы қабырғасына қарай тəртіп сақтап орналасқан.
№1 бөлменің ені 1,9 м, ал, аршылған ұзындығы 2 м. Лаймен сыланған еденіне қатпарланған күл мен топырақ тапталған. Қабырғаларынан өрттің ізі байқалады.
№2 бөлменің ені 2,1 м, аршылған ұзындығы 1,5-1,8 м. Оңтүстігіне жалпақтығы 0,8 м, биіктігі 0,12 м болатын сыпа орналасқан. Едені лаймен сыланған.
Бір-бірін қалыңдығы 0,8 м болатын бөліп тұрған қабырғаның ортасынан ернеуінің диаметрі 0,55 м болатын сынған құмды төңкеріп қойған ошақ шықты. Ошақ еденнен 0,35 м биік тұр. Ошақтың іші күл мен жанған ағаштың қалдықтарына толған. Бұл екі бірдей бөлмені жылытуға арналған ортақ ошақ болғанға ұқсайды.
Қазбадан шыққан материалдардың негізгі бөлігін керамика құрайды. Қазан, көзе, құм, құмыралардың ернеу, бүйір жəне түп сынықтары. Мұндай ыдыстарды дайындауда жергілікті шикізат – табиғи қоспалы – жала шпаттары, кварц, қоңып əк пен слюдасы көп мөлшерлі қатты саз балшық қолданылған.
Қазандар – сфералы, жоғарғы жағы жалпақ болып келген. Олар қиыршық тас араласқан саздан дайындалған. Күйдірілуі, əдеттегідей бұлыңғыр қызыл түсті. Сыртқа қайырылған тік ернеулерінің үсті тегіс немесе қимасында тамшы тəрізді. Қазандардың сыртын күйе қабаты жапқанымен оның астынан қызғылт немесе сирек жағдайда сары түсті ангоб байқалады. Қазандар толқынды сызықтармен немесе бірқатар сызықтармен, кейде түзу центрлес жолақты жиектермен əшекейленген. Өрнектер əдеттегідей ыдыстардың иығына жүргізілген. Сирек жағдайда ернеуінің тегіс бөлігі қисық кертпелермен əшекейленген болады.
Қазандардың иығында көлденеңнен қимасында дөңгелек немесе сопақша келген екі ілмек тəрізді тұтқасы бар. Қазандардың жекелеген даналарында ілмек тəрізді тұтқалары қимасында тік төрт бұрышты болып келген түрлері де кездеседі. Ілмек тəрізді тұтқалары есілген түрінде ширатылған қазандар да бар. Қастек материалдарынан Талас пен Шу өңірлеріне тəн көлденеңнен үш бұрышты тұтқалар кездеседі [7].
Құмыралардың екі түрі кездеседі: асханалық жəне су құюға арналған. Құмыралар тəртіп бойынша, центрлес немесе олардың əртүрлі амалдарымен үйлескен үйреншікті толқынды сызықтармен өрнектелген. Ернеуі əдеттегідей тік, тамшы түрінде үйлескен. Тұтқалары бүгіліп иілген пішінде. Құмыралар бір-бірінен көлемі, пішіні мен өрнегі бойынша ерекшеленеді.
Асханалық құмыралардың биік келген мойындары тар (ернеуінің диаметрі 5-7 см). Биіктігі 8-12 см мойындары дискі түріндегі түпті дөңгелек (күмпиген) бүйіріне жалғасқан. Мойын-дары мен бүйірлерін бүгілген қимасында дөңгелек немесе жалпақ, кей жағдайда бір немесе бірнеше томпайған тұтқалары жалғап тұрады. Құмыралар тығыз, майда өзен құмы мен сирек жағдайда бор қосылған жақсы иленген саз балшықтан жасалған. Олардың бетіне қарапайым ангоб қабатты ұқыпты көмкерілген. Құмыралардың өрнектелуі біркелкі: əдетте бір немесе бірнеше центрлес немесе толқынды сызықтар əртүрлі биіктік пен есу жиілігінде түсірілген. Сирек жағдайда батырылған сызықтар мен толқын тəрізді жəне центрлес жолақтардың үйлесуі кездеседі.
Су құюға арналған құмыралардың қысқа кең мойындары дөңгелек бүйіріне еркін жалғасқан. Бүгілген қимасында жалпақ тұтқалары мойындары мен бүйірлерін жалғастырып тұр. Кейбіреулерінің иығынан сызылған толқынды сызықтар өтеді. Тұтқасы жоқ құмыралар да бар.
Құмыралар айқын штампты өрнектермен əшекейленген. Жиі ұшырасатыны – бұл қарамақарсы центрлес жолақпен жиектеліп аяқталған тік көшірілген ирек тісті штамп немесе үшбұрыштармен үйлескен бірқатар шеңбер тəрізді баспалар.
Құмдар, бұрынғылар сияқты созылған жұмыртқа тəрізді бүйірлі жəне жекелеген бөліктерін жинау техникасында жасалған. Өзен құмы мен шамот қосылған тығыз саз балшықтан дайындалған. Құмдар ернеуінің пішіні бойынша ерекшеленеді. Көбінде тік бұрыш жасап сыртқа бүгілген, кейде сыртқа қарай қиылған ернеуі болып келеді. Ернеулері қимасында үтір жəне үшбұрыш пішінді болады.
Құмдар бүйірінің пішіні бойынша ерекшеленеді – олар шар тəрізді, полюстері жалпақ келеді. Тегіс ернеуі қайтарылып иық үстіне орналасқан. Кейбіреулерінің бүйір сыртына бір немесе бірнеше алуан түрлі центрлес сызықтар жүргізілген. Одан басқа, бірқатар құмдардың ернеуінде саусақтармен басылып əшекейленген бедер секілді жапсырмалары бар. Бірқатар құмдардың қабырғалары мен ернеулерінде дөңгелектегі тор немесе төрт гүлжапырақты гүл түріндегі штамптың іздері бар.Құмдардың ернеуі мен бүйірлеріне осыған ұқсас штамптардың жүргізілуі Шу өңірінің ХІ–ХІІ ғғ. керамикаларында кең тараған. Дөңгелек штамп А.Н. Бернштамның пікірі бойынша бір мезгілде шебердің белгісі жəне əшекей болған. Шу өңірі құмдарындағы штамп – белгілер сияқты Солтүстік-шығыс Жетісудың қала орындарында да іші əртүрлі – секторлы бөліктер, тор, өрнек толтырылған сопақ жəне дөңгелек болады [7].
Тұтқасыз зооморфты құмыра. Бүйір пішіні шар тəрізді. Құмыраның жоғарғы жəне төменгі жағы тегіс. Сырты қызыл ангобпен көмкерілген, оның іздері бүйірінің жоғарғы жағының «арқасында» сақталған. Сырты тегіс əрі жылтыратылып өңделген. Бүйірінің жоғарғы жағы «жұлдызша» жəне оның айналасына түсірілген үшбұрыштар түрінде желпуіш тəрізді өрнекті штамппен əсемделген. «Жұлдызшы» түріндегі жоғарғы өрнектік жолақ цилиндрлі мойнының негізін белдеулеген. Мойнындағы өрнектер «жұлдызшалардан» тұратын тік 6 сызық түрінде əсемдікпен жалғасады. Штампты суреттердің көшірме бедерлері құмыраның бетінде өте айқын əрі жақсы сақталған.
Құмыраның жоғарғы жағы жоғары қарай тарылған цилиндрлі мойнына жалғасқан. Мойнының сыртқы бөлігі бір жағынан негізінен еркін бедерленіп бөлініп, томпақтықты құраған бөлігі құстың көкірек қуысына ұқсайды. Жоғары қарай бағытталған мойыны шар тəрізді тұрқынан аздап сыртқа қиғаш шыққан. Мойнының негізінен ұзындығы – 8 см, түп жағының диаметрі – 5,5 см, ауыз бөлігінің диаметрі – 2,8 см.
Құмыра негізінің диаметрі – 13 см, биіктігі – 12,5 см, бүйірінің диаметрі – 17 см. Құмыраның жалпы көрінісі ұзын мойынды суда жүретін құстың нақысталған пішінің елестетеді. Мойынның басы (ернеуі) сақталмаған. Мойын қабырғасы қимасында біртекті тығыз массасы сапалы күйдірілгендігін көрсетеді.
Құмыраның өрнектік көркемдігі өте қызық. Арқасының жоғарғы жағы жұлдызша түріндегі штамппен өрнектелген. Құмыраның сыртқы бөлігі мойнымен қосқанда мойын негізінен басталатын толығымен өрнектеліп əсемделген бірыңғай композицияны құрайтын желпуішті сызықтармен өрнектелген. Тұрқының алдыңғы жағындағы қосымша əсемдікті мойнынан жолақтанып төмен түскен ақ түсті ангобпен жүргізілген жатық сызықтар құрайды. Сонымен бірге мойнын негізінің орталық бөлігінен шыққан сызықтар екі жағына бағытталып құмыраның түп жақ бөлігінен аяқталады.
Түбінің төменгі жағында диаметрі 1,2 см өсінді түрінде 3 тіреуіші бар, олардың екеуі бүйір (алдыңғы) жағында, ал үшіншісі құмыраның артқы жағында диаметрі 1,5 см бүршік түрінде кескінделген тіреу болып сақталған. Бүйір жағындағы тіреудің бірі толық сақталған, ал екіншісі сопақша келген көлемі 2х3 см өсіндінің ізі түрінде сақталған.
Құмыраның артқы жағын толығымен күйе басқан. Қабырғасында жабысып қалған күйген масса сақталған.
Зооморфты құмыраның Шу өңірінің «қарлұқ» керамикаларына жақын ұқсастығы бар [8]. Мойындары зоо- жəне антропоморфты орындалған осындай құмыраларды А.Н. Бернштам қарлұқ керамикасының əшекейіне өткен Соғды дəстүрімен байланыстырады. Қызыл ангобпен жəне жылтыратылып орындалған қарлұқ керамикасын бірқатар зерттеушілер VI–VIII ғғ. соғды дəстүрі ІХ–Х ғғ. Жетісудың керамикаларында жалғасқандығын айтарлықтай дəлелді салыстырулармен дəлелдеген [9].
Штамп басып əшекейлеу Талас өңіріне ІХ–Х ғғ. тарайды [10]. Сонымен қатар көп гүлжапырақты гүлдердің көшірмесі түріндегі өрнектер Оңтүстік Қазақстанның VIII–Х ғғ. керамикаларында да бар [11].
Шыны сынықтары. Жалпы саны 17 дана. Шыны сынықтарының сипатық белгілері ортақ болғандықтан жасыл реңктегі көк түсті бір ыдыстың бөлшектері деп анықталды. Барлық сынықтарды скальпельмен оңай алынатын иризация қабыршығы жапқан. Шынылардың барлығы ұзақ уақыт жерде жату нəтижесінде сілтіден айырылғандықтан бүлінуге ұшыраған. Шынылардың іші-сыртыңда көптеген майда жəне орташа ауа көпіршіктері болғандықтан мөлдір емес. Бұл шебердің бұйымды дайындауда қосымша отта бетін жылтыратусыз бастапқы үрлеу жұмыстарын шектегенін көрсетеді.
Ауа көпіршіктерінің көп мөлшері шыны массасын алудың екі сатысын шектегендігін, шыны балқытудың барлық сатысынан өтпегендігін, пеште балқыту температурасының жеткіліксіздігін көрсетеді. Бұл силикаттың құрылуы мен шыны балқытудың бастамасы. Жұпыны құрылымдық пеш пен от қызуының төмен апасы қорыту температурасын 1000° жоғары үстемелеуге жəне мөлдір шыны алуға мүмкіндік бермеді. Сынықтарда сақталған центрлес сызықтар бұйымды еркін үрлеу əдісінің болғандығын білдіреді.
Шыны ыдыстардың сынықтары ІХ–Х ғғ. қабатынан ары кетпейді. Шлактардың шығуына байланысты шыны өндірісі жергілікті екендігі анықталды.
Қастек-1 қаласының шыны ыдыстарының шыны сипаты мен ыдыстарының түрі бойынша Оңтүстік-батыс Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның шыны бұйымдарына ұқсас [12].
50 см тереңдіктен тұрғын бөлмелердің жер беті деңгейінен металл жəне шойын бұйымдардың сынықтары табылды.
Шегелер – қимасында дөңгелек жəне тікбұрышты, қалпағы мен ұшы өткір келген өзегінің ұзындықтары – 20-25 см шамасында, қалыңдықтары – 5-6 мм. Ағаштарды бір-бірімен біріктіруге пайдаланылған. Қастектікке ұқсас Саркела – Белой Вежа Х ғ.–ХІІ ғ. басымен мерзімделеді.
Шойын қазан – жарты сфералы пішінде, иығында екі көлденеңнен тұтқасы бар. Сыртқы бетінен төрт теңдей секторға бөліп тұрған тігінен төрт құю жігі жақсы көрінеді. Құю жіктерінің сипаты бойынша бұйымды құю құрама пішінде жүргізілгендігі анықталды.
Біз – былғары, киіз жəне сол сияқты материалдарға тесік тесуге арналған құрал. Оның құрылымында дөңгелек өткір жүзі төртбұрышты өзегіне, яғни сап отырғызылатын бөлігіне өткен.
Олай болса, ұсталық өнімді тұтынудың маңызды саласы болған жоғарғы сапалы еңбек құралдарына қажеттілік қалалық қолөнердің əртүрлілігін көрсетеді. Қалалық тұрмыста пышақ, қайшы, шырақ, соғылған жəне шойын ыдыс, қапсырма, тұтқа мен үй сандықтарына арналған құлыптар қолданылды.
Қаланың Солтүстік-шығыс Жетісуда VII ғ. аяғы–IХ ғ. қалыптасуы басталып, бұл үдеріс Х ғ.–ХІІІ ғ. басында қарқынды жүргендігін анықтауға мүмкіндік туды. Осы уақытта қала ірі экономикалық, саяси жəне мəдени орталыққа айналады.
Солтүстік-шығыс Жетісу қалаларының тұрпаттамалық мəселесін К.М. Байпақов қала орындарының төрт түрге бөлінетінін дəлелдеп көрсетті: қала (қала түріндегі қоныс); ауылдық қоныс; қала-баспана; керуен сарай (рабад) [13].
Қалалардың сипаттамасындағы негізгі таксонометриялық белгілерінің сапасы ретінде К.М. Байпақов төмендегілерді қолданды: мəдени қабатының қалыңдығы, ұзындығы; орталық бекініске жалғасатын ұзын жалмен қоршалған аумақтың болуы; қаланың орналасуына қарай қақпаның ұйымдастырылуы [14].
Жаңа ашылулар қоныстар тек бекіністі ғана емес, бекініссіз екендігін де көрсетті. Осы қоныстар мен ордалардың бір бөлігі табиғаты қолайлы, стратегиялық жағы ыңғайлы алқаптарға орналасып, сауда мен қолөнер орталықтарына айналып, қала болды.
Дамудың осындай бір жолы Қастек қала орнынан да байқалады. Мұндағы жерден күзгіқысқы жайылымның орнында қолмен суландыру жүйесі арқылы суарған 3-тен 5 га-ға дейінгі алаң учаскесін алып жатқан əуелде бекініссіз қоныс қалыптасқандығы байқалады. Сосын учаскеге үлкен емес бір жəне екі бөлмелі үй салынады, ал қоныстың орталығына бекініс-орда тұрғызылады. Алғашында ол мықты қорғаныс жүйесі бар төрткүл болса, ал ІХ ғ. басында ірі қалалық орталық болып қалыптасты.
Олай болса, Солтүстік-шығыс Жетісу қалаларының қалыптасу уақыты – бұл VІІI ғ. аяғы, осы кезде өңірдің алып жатқан үлкен аумағында бар-жоғы бірнеше ғана қала мен қоныстар болды. ХІ ғ. ортасында бұл дуан ең жоғары гүлденген кезеңінде шекарасына Шығыс Түркістан мен Орта Азия аумағы енген Қарахандықтар мемлекетінің құрамына кірді. Х ғ.–ХІІІ ғ. басында қалалардың қарқынды өсуі байқалады. Іле Алатауының етегі мен Жоңғар жоталарында, Қастек, Қарғалы, Қаскелең, Талғар, Шелек, Көксу, Қаратал, Лепсі алқаптарында жаңадан ондаған қоныстар, қалалық орталықтар пайда болды. Х ғ.–ХІІІ ғ. басында қалалар бұрынғыдай тек резиденция ғана болып қоймай, қолөнер мен сауданың шоғырланған орталығы болады. əсіресе қалалардың дамуында сауданың рөлі артты. Мұны осы уақыттағы Шығыс пен Батыс Еуразияны жалғаған халықаралық Жібек жолының бір тармағының Солтүстік-шығыс Жетісу арқылы өтуі анықтап берді.

1. Акишев К.А. Перспективы изучения позднесредневековых городов Казахстана // Средневековая городская культура Казахстана и Средней Азии. – Алма-Ата, 1983. – С. 5-11.
2. Аболин Р.И. От пустынных степей Прибалхашья до снежных вершин Хан-Тенгри //
Геоботаническое и почвенное описание южной части Алма-атинского округа Каз АССР. – Ташкент,
1930. – Ч. 1. – С. 60-61.
3. Бартольд В.В. Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью 1893–1897 гг. // Сочинения. – М.: Наука ГРВЛ, 1966. –Т. 4. – С. 38. 81-83.
4. Койчубаев Е. Краткий толковый словарь топонимов Казахстана. – Алма-Ата, 1974. – С. 78-79.
5. Умурзаков С.У. К исторической топонимике Киргизии // Ономастика Средней Азии. – М.: Наука ГРВЛ, 1978. – С. 53-58.
6. Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (VI–начало
ХIII в.). – Алма-Ата: Наука, 1986. – С. 32-33.
7. Бернштам А.Н. Историко-археологические очерки Центрального Тянь-Шаня и Памиро-Алая // МИА. Вып. 26. – 1952. – С. 160.
8. Чуйская долина (МИА) Труды Семиреченской археологической экспедиции. – М., 1950. – Т. 14. – С.
120-121.
9. Распопова В.И. Гончарные изделия согдийцев Чуйской долины // Труды Киргизской археологоэтнографической экспедиции. – М.: изд. АН СССР, 1960. – Т. IV. – С. 159.
10. Бубнова М.А. Средневековое поселение Актобе – 1 у с. Орловка // Археологические памятники Таласской долины. – Фрунзе: изд. АН Кирг ССР, 1963. – С. 111
11. Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселений и городов Южного Казахстана // Труды ИИАЭ АН Каз ССР, 1958. – Т. V. – С. 181.
12. Агеева Е.И. Средневековое стекло из Тараза // По следам древних культур Казахстана. – Алма-
Ата: Наука, 1970. – С. 7-21.
13. Байпаков К.М. Средневековые города и поселения Семиречья (VI–ХII вв.) Автореф. канд. дис. – Алма-Ата, 1966. – С. 9-12.
14. Байпаков К.М., Савельева Т.В., Чанг К. Средневековые города и поселения Северо-Восточного Жетысу. – Алматы, 2005. – С. 58.

Резюме
В подножиях Джунгарского Алатау в X — XIII вв. наблюдается рассвет и рост городов и городской культуры. А также наблюдается оживление развитии торговли и рукоделье. По существу значимости и занимаемое место этих городов предопределило Северо – восточный Семиречье, где проходило одно из ветвев дороги Великой шелковой пути.

Summary
At the foot of Junggar Alatau X — XIII centuries. seen the dawn and growth of cities and urban culture. And also there is a revival of trade and handicraft development. In essence, significance and takes place in these cities has predetermined the North — East Seven Rivers, where he was one of the branches of the Silk Road journey.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *