XV Ғ. ƏБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ ЖӨНІНДЕ
Б.Б. КƏРІБАЕВ — т.ғ.д.əл-Фараби атындағы Қазақстан тарих, археология жəне этнология факультетінің профессоры
Ортағасырлық Қазақстан тарихында XV ғасырдың бірінші жартысы мен орта тұсында өмір сүрген Əбілқайыр хандығының өзіндік алатын орны бар. Қазақ хандығының құрылу тарихында бұл мемлекеттің дамуы саяси алғышарттар даярласа, мемлекеттің этникалық негізін құраған «көшпелі өзбектер» деп аталған тайпалар бірлестігі қазақ халқының қалыптасуында маңызды роль атқарады. Мемлекетті алғаш рет Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында ұзақ уақыттар бойы саяси жағынан алғанда бейтарап болған Шибан əулетінің өкілдерінің бірі — Əбілқайыр хан құрып, бірнеше он жыл бойы жеке-дара билік етеді. Бірнеше ғасыр бойы осы аумақта билік еткен Орда ежен əулетінің орнына Шибан əулетінің келуі жəне əулет өкілі – 17 жасар Əбілқайыр ханның алғашында Шибан ұлысына, кейіннен бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына хан болуы кездейсоқтық болып көрінгенімен, мəселені тереңірек қарастырғанда оның тарихи дамудың заңды құбылысы екенін көруге болады. Осыған байланысты біз осы жұмысымызда жап-жас шибанилық əулет өкілінің билікке келуі мəселесін қарастырамыз.
Ежелгі жəне ортағасырлардағы дүние жүзілік тарихта, сондай-ақ Қазақстан тарихында да мемлекеттің жоғарғы билігіне билеушілердің бірнеше жолдармен келетіндігі белгілі. Біріншісіне — əулеттің негізін қалаушы тұлға өзінің жеке басының қасиеттерін көрсете отырып, күрес арқылы келсе, екіншісіне – мұрагерлік жолмен келу жатады. Бұл жағдайда көбінесе, бұған дейін хан болған əкенің, не аға-бауырдың өсиеті есепке қатаң алынады. Үшіншісіне – бір əулет ішіндегі тұлғалардың өзара билік үшін күресі арқылы келу болса, төртіншісіне — əулеттің жап-жас өкілін сарай маңындағылардың, əмірлер мен бектердің қолдап отырғызуы жатады. Бұларға дəлел ретінде ежелгі үйсіндердің, түріктердің, қып-шақтардың, саяси тарихынан, сондай-ақ Алтын Орданың, Ақ Орданың, Моғолстанның, Темір мемлекетінің, Ноғай Ордасының тарихынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Осы билікке келудің əртүрлі жолдарын талдай келе, мынадай бір заңдылық бар екені аңғарамыз. Билеуші əулеттің идеологиялық негізі мықты болған жағдайда билікті мұралану барысы қатаң сақталады, ал идеологиялық негіз əлсіреп, тоқырауға ұшырағанда, онда билікке бірге туған бауырлар бірінбірі өлтіріп жетеді немесе əулеттің ең жас, тəжірибесіз өкілін жергілікті саяси күштер немесе топтар таққа отырғызады. Əбілқайыр ханның билікке келуі осы төртінші жолға жатады.
ХV ғасырдың Алтын Орда үшін қандай маңызға ие екендігі тарихшыларға мəлім. Бұл ғасырда Алтын Ордадан Қырым, Қазан, Сібір, Астрахан хандықтары, Ноғай Ордасы бөлініп кетіп, əрқайсысы жеке, дербес мемлекет ретінде өмір сүре бастайды. Империяның саяси жағынан бытыраңқылыққа ұшырап, күйреуінің басты себептерінің біріне – билеуші əулетке негіз болған идеологияның əлсіреуі жатса керек. Дəл осындай тенденцияны Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігінен де көреміз. Ақ Орданың соңғы ханы Барақтың ноғай мырзалары Қази (Ғази), Наурызбен болған соғыста қаза табуы шыңғыстық идеологияның əбден əлсірегенін көрсетеді. Шыңғыс ұрпағына жатпайтын ноғай мырзаларының Шыңғыс хан ұрпақтарымен текетіреске түсуі, жоғарыда атап өткендей, шыңғыстық идеологияның əлсіреуін, хандық билік беделінің төмендеуін жəне жергілікті этнотоптардың саяси беделінің артқандығын көрсетеді. Міне, осы саяси беделі мен ықпалы өскен Шығыс Дешті Қыпшақтың ру-тайпаларының көсемдері мен ірі дін басылары 1428-29 жылы Əбілқайырды хандық билікке əкеледі. Олай болса, Əбілқайырдың шығу-тегіне назар аударып көрелік.
Əбілқайыр ханның шығутегі жазба деректерде өте жақсы баяндалады[1]. Ол – Жошының бесінші ұлы Шибанның ұрпағы. Дерек мəліметтеріне сүйенсек, Шибаннан Баһадүр, одан Жошы Бұқа, одан Бадағұл оғлан, одан Мың Темір хан, одан Болат, одан Ибрагим (Аба-оғлан деп те аталады – Б.К.), одан Даулет-Шайх, ал Даулет-Шайхтың жалғыз ұлы — Əбілқайыр хан[2]. Дерек мəліметтері Шибан Ұлысында ХІІІ ғасырдың басынан, яғни Шибан ханнан бастап Əбілқайырдың əкесі Даулат-шайхқа дейін ұлыс билігінің өзгермей əкеден балаға ауысып отырғандығын нақты көрсетеді[3]. Бұл дегеніміз — Əбілқайырдың шығу тегінің шибанилық əулеттің басқа тармақтарына қарағанда ерекше екендігін байқатады.
Əбілқайырдың туған жылы кейбір тарихи əдебиеттерде хижра жыл санауы бойынша 816 жыл (1413) деп көрсетіледі[4]. Ал академик В.В.Бартольд бұл датаның қате екендігін көрсетіп, «Əбілқайыр 1412 жылы айдаһар жылы туылған, — деп дəлелдейді[5].
Біз де осы датаны қолдай отыра, өз тарапымыздан мынадай дəлелдеме ұсынамыз. Кухистани Əбілқайыр ханды 57 жасында хижраның 874 жылы қайтыс болған деп жазады[6]. Бұл жылдың біздің жыл есептеуіміз бойынша 1469 жыл екендігі белгілі. Олай болса, 1469 жылы 57 жастағы адам 1412 жылы туылған болып шығады.
Əбілқайырдың əкесі Даулат Шайх оғлан əкесінің орнына билік жүргізіп, жазба деректерде өзі туралы мынадай мəліметтер қалдырады: «Ол басқарудың негізін қалады жəне адамдар үшін жарлықтарға бағынуды үйретті. Туысқандармен, ру-тайпалармен жəне барлық əскермен ол өте жақсы қатынаста болды. Ол сол тұстағы хандарға қатысты «көтеріліс» деген сөзден қашығырақ болды, бұл сөзден ол алыс болуды өзінің міндеті деп санады»[7]. Əбілқайыр хан əкесінің өз ұлысындағы билігі ұзаққа созылмаған секілді. Оның қашан, неше жасында қайтыс болғанын деректер айтпайды.
Б.А. Ахмедов осыған байланысты Махмуд ибн Валидың дерегіне сүйеніп, «Даулат шайхоғлан қайтыс болғаннан кейін шибанилықтар арасында билік үшін күрес күшейіп, соның салдарынан оның кішкентай ұлы Əбілқайыр биліктен шеттетіледі. Шибан Ұлысындағы билікті алғашында Сопы, ал кейін оның ұлы Жұмадық хан басып алады», — деп айтады[8]. «Тарих-и Кипчаки» дерегінің авторы «Əбілқайыр хан балалық шағын [туысқандығына] байланысты Жұмадық ханның жанында өткізді. Ол Əбілқайырды əскер мен елді басқаруға қабілеті жететіндей етіп тəрбиеледі», — деп жазады[9]. Əртүрлі жабза деректердегі мəліметтер бойынша Əбілқайыр мен Жұмадық хан 5-6 атадан туысады. Олардың ортақ арғы атасы – Бадағұл ұлы Мыңтемір хан. Мың Темірдің алты ұлының бірі – Болат, одан төртінші буында Əбілқайыр тараса, Мыңтемірдің келесі бір ұлы – Сүйініш Темір. Одан Сүйеніш бай, одан Баба, одан Сопы мен Ақсопы, ал Сопыдан – Жұмадық таралады[10]. Кухистани секілді тарихшылар Жұмадықтың есімінің жанына «хан» титулын қосып жазса, бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақта, Қырымда, Қазанда, Хажытарханда (Астрахан), Батыс Сібірде, Хорезмде билік құрған əулеттер туралы құнды мəліметтер берген Қадырғали Жалайыр еңбегінде Жұмадық ханның есімі кездеспейді де, аталмайды да. Керісінше, Қ.Жалайыр Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Шибанилық əулеттің билігін Əбілқайыр ханнан бастайды[11]. Соған қарағанда Жұмадық хан – Шибан ұлысы ішіндегі көп ұлыстардың бірінің ханы ғана болған. Біздің бұл ойымызды «Муизз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» атты шежірелік деректегі мынадай мəлімет дəлелдейді. Шығарманың анонимді авторы (еңбек 1426 ж. жазылған) шибани əулетінің шежіресін тарқата келе, Жұмадық-оғланның əкесі Сопы (Суфи) деп жазады да, Жұмадыққа қатысты мынадай қосымша мəлімет береді: «Қазіргі кезде – 829 жылы (13.ХІ.1425-1.ХІ.1426) əкесінің тірі болғанына қарамастан бір адамдар тобы оны патшалыққа отырғызды»[12]. Бұл мəліметке Б.А.Ахмедов ерекше назар аударып, мəтіндегі «жамағат» деген сөздің тек «адамдар тобы» ғана емес, сонымен бірге, «тайпа», «белгілі адамдардың жиыны», «бас қосу» жəне тағы басқа осындай сипаттағы мағынаға ие екендігін айтады [13]. Біздің ойымызша, бұл жерде «жамағат» сөзі ұлыс көлеміндегі ру-тайпа көсемдері мен дін басыларының тобын, жиынын, бас қосуын білдіріп тұр. Міне, осы топ 1425/26 жылы Жұмадықтың əкесі Сопыны биліктен шеттетіп, орнына ұлы Жұмадықты отырғызады. Жошы ұрпақтарының шежіресін, оның ішінде шибанилықтар шежіресін өте жақсы тарқататын «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» атты еңбекте Мыңтемір ханның Сүйініштемір атты ұлынан таралатын ұрпақтардың ешқайсысының есімінің жанында «хан» лауазымы берілмеген. Бұл деректегі шежіренің бір ерекшелігі сол, онда қай заманда өмір сүргендігіне қарамастан кез-келген Жошы ұрпағы егер ол билікте болса, оның есімінің жанына «хан» лауазымы қоса жазылып отырылады. Осы тұрғыдан келгенде, Мыңтемір ханнан Жұмадыққа дейінгі бес буында ешкім хандық билікте болмаған. Тіпті «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» авторы Жұмадық есімін «хан» лауазымынсыз жазады[14].Осы жоғарыда келтірілген мəліметтерін талдай келе, біріншіден, Жұмадықтың Мыңтемір ханға дейінгі ата-бабалары Шығыс Дешті Қыпшақтың қоғамдық-саяси өміріне ықпал етіп, із қалдырған белгілі тұлғалар деп айта алмаймыз.Керісінше, олар саяси оқиғалардың қалтарыстарында, шеттерінде қалып отырған секілді. Екіншіден, Шибан ұлысындағы ру-тайпа басшыларының ұлыс билігінен Шыңғыс ұрпағын алып тастап орнына оның ұлын отырғызуы – Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Шыңғыс ұрпақтары беделінің жоғарғы биліктен жергілікті билікке дейінгі аралықта əлсірегендігін, жергілікті ру-тайпа көсемдерінің саяси ролі мен ықпалының өсіп, күшейгендігін көрсетеді. Үшіншіден, Əбілқайыр ханның əкесі Даулат Шайх оғлан қайтыс болғаннан кейін сонау ХІІІ ғасырдан əкеден балаға беріліп, жалғасып келе жатқан ұлыс билігін мұралану дəстүрі бұзылады. Билікке келген жаңа хан – Сопы ұлыстағы бытыраңқылықты тоқтата алмайды, керісінше, Шибан Ұлысында бір-біріне бағынбайтын, бірнеше дербес ұлыстар пайда болады.
Енді Əбілқайырдың билікке келуі қарсаңындағы Шибан ұлысының ішкі жағдайына тоқталық.
Шибан Ұлысын ХІV ғасырда билеген Болаттың екі ұлы Ибрагим мен Арабшах əкелерінен кейін ұлысты екіге бөліп, дербес басқарады. Олар жазда – Жайықтың жоғарғы ағысы бойында, қыста – Сыр бойында мекен етеді. Дерек беруші Əбілғазы: «Ибрагим мен Арабшах бір-біріне көшіп-қонып араласты», — деп баяндайды[15]. Жазба деректер Шибан ұлысындағы екі иеліктің қай өңірде болғандығын нақты жазбаса да, оларды анықтауға болады. ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларға талдау жасай келе, Арабшахтың иелігі шайбан
Ұлысының оңтүстік бөлігін, ал Ибрагимнің иелігі солтүстік бөлігін алып жатқан деген тұжырымға келеміз. Бұған дəлел ретінде Арабшахтың 3-4-ші ұрпақтары: Ядгар ханның, Берке сұлтанның иеліктерін ХV ғасырдың ортасында Сыр бойынан, ал Ибрагимнің немересі Əбілқайырдың иелігін солтүстіктегі Тобыл өзені маңынан кездестіреміз[16].
Əбілқайырдың əкесі қайтыс болғаннан кейін солтүстік бөлікте Сопы, одан кейін Жұмадық ханның билігі орнағанымен, олардың жарлығының солтүстік бөліктің барлық ұлыстарына жетпейді. Б.А. Ахмедов өз еңбегінде Əбілқайырдың билікке келуі қарсаңында Шибан Ұлысында пайда болған жеке ұлыстарға Жұмадық ханның, Махмұд қожа ханның, Мұстафа ханның, Даулат-Шайх-оғланның, сондай-ақ Тура қаласы мен оған іргелес аудандардың бүркіт тайпасының көсемдері Адаб бек пен Кепек бектің билігі жүргендігін айтады[17]. Осы жерде Б.А.Ахмедовтың Шибан ұлысындағы ұсақ ұлыстардың аумақтарын көрсетуде бірнеше кемшіліктер мен дəлсіздіктерге орын берілген деп есептейміз. Біріншіден, Б.А. Ахмедов ұсынып отырған «Шайбан Ұлысының картасында» оңтүстік бөліктегі ұлыстар көрсетілмеген. Екіншіден, картада Сыр бойы мен Аралдың солтүстік жағы Жұмадық ханның ұлысы деп көрсетіледі, бұл аймақ Арабшах ұрпақтарының иелігі болғандықтан, бұл өңірде Жұмадық ханның иелігі болуы мүмкін емес. Үшіншіден, Даулат шайх-оғланның ұлысы Тобыл маңында деп дұрыс көрсетіледі, оның орнына билікке келген Сопы, одан кейін Жұмадықтың да ұлысы сол жерде болуы керек. Өкінішке орай, Жұмадық ханның ұлысы Б.А.Ахмедовтың картасында оңтүстік бөлікте деп көрсетілген. Біздің ойымызша, Б.А. Ахмедов құрастырған картаны «Шибан ұлысының солтүстік бөлігіндегі иеліктер» картасы деп атауға болады. Жалпы алғанда,
ХV ғасырдың 20-шы жылдарының соңына таман Батыс Қазақстан аумағындаы Шибан Ұлысының солтүстік бөлігінде саяси бытыраңқылықтың нəтижесінде бірнеше дербес ұлыстар пайда болып, əрбір ұлыстың билеушісі өз беттерінше дербес саясат жүргізіп отырады. Ол ұлыстарға: Жұмадық ханның, Махмуд қожа ханның, Мұстафа ханның иеліктері, Тура өңірінде бүркіт тайпасының бектері Адаб бек пен Кепек бектің иеліктері, сондай-ақ Ембі мен Еділ өзендерінің аралығында маңғыт билерінің ұлыстары жатады.
1428 жылы Əбілқайыр ханның билікке келер қарсаңындағы Шибан Ұлысының жағдайы осындай болатын.
Енді Əбілқайыр ханның билікке келуі мəселесіне тоқталалық.
Кез-келген саяси күштердің басты мақсаты билікті иелену, билікке ықпал ету болса, ортағасырлардағы монархиялық елдерде саяси күштер мен топтардың мақсаты билікке əулет өкілдері арасынан өздерінің қалаған адамын əкелу, сол арқылы ішкі жəне сыртқы саясатта өздерінің мүдделеріне сай келетін саясат жүргізу болды. Мұндай жағдайда саяси топтар терең ойлап, алысты болжамайтын, принципшілдігі аз, ой-өресі таяз, білімі мен тəжірибесі онша көп емес жəне тағы басқа осындай қасиеттерге ие үміткерлерді əулет арасынан іздеп тауып, таққа əкеледі. Кейде мұндай жағымды қасиеттері жоқ үміткерлермен алдын-ала келісім жасасады. Ал кейде саяси топтар əулет өкілдері арасынан өмірлік тəжірибесі аз, жап-жас жеткіншектерді отырғызуға тырысады. Сол арқылы ол топ жоғарғы саяси билікті уыстарында ұстайды, мемлекеттік маңызы жоғары шешімдерді қабылдауда өздерінің мүдделеріне сай жүргізеді. 17 жасар Əбілқайырды жергілікті этносаяси топтар осындай мүдделеріне байланысты билікке əкеледі. Біздің ойымызша, Əбілқайырдың кандидатурасы мынадай талаптарға сай келген. 1) Шибан əулетінің өкілі, əкесі Даулетшайх оғланға дейін ата-бабалары үздіксіз ұлыстарда билік жүргізген; 2) Шибанилар арасында өте танымал, белгілі, асылдың асылы секілді əулеттің өкілі болғандықтан, Əбілқайырдың үміткерлігіне басқа шибанилық сұлтандар қарсылық көрсетпейді; 3) Үміткер жас, тəжірибесі аз, ықпал етуге өте тиімді. Міне, осындай талаптарға сай келгендіктен, Шибан ұлысының жамағаты, яғни ру-тайпалардың көсемдері мен бектері, əмірлері мен мырзалары, дін басылары, сейіттер мен қожалар өзара ақылдаса, кеңесе келе, Əбілқайырдың кандидатурасын таққа лайықты деп ұйғарады.
Мұндай жап-жас үміткерді жергілікті этносаяси күштердің билікке əкелуі ХІІІ-ХV ғғ. Қазақстан тарихы үшін бірінші оқиға емес-ті. Мысалға алсақ, ХІV ғасырдың бірінші жартысында Шағатай мемлекеті ыдырап, бірнеше əмірліктерге бөлініп кеткенде, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы жергілікті ру-тайпа басшылары дулат тайпасының көсемі əмір Болатшының басшылығымен Дува ханның немересі, Есенбұғаның ұлы Тоғылық Темірді іздеп тауып, оны 17-18 жасында билікке отырғызады[18]. Сондай-ақ ХV ғасырдың бірінші ширегінде Алтын Ордадағы тақты жап-жас Мұхаммедке (тарихта бұл хан Кіші Мұхаммед деген атаумен белгілі болып қалды – Б.К.) Едігенің ұлы Мансұр би алып береді [19]. Осы жерде Мансұр бидің Кіші Мұхаммедті билікке əкелуіне байланысты мынадай бір тарихи дерек мəліметі біз қарастырып отырған мəселенің мəнін терең түсінуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Мансұр би Темір ханның жас баласы Кіші Мұхаммедті Алтын Орда тағына отырғызып, біршама уақыт өткеннен кейін жас хан биге ұнамай, ол таққа Барақ ханды отырғызуды ойластыра бастайды. Сол дəуірдің кемеңгер, ақылгөй Жантемір деген қариясы Мансұрға былай деп кеңес берген екен: «Мұхаммед хан əлі жас, өз бетінше арбаны сүйреп жүре алмайды, онымен сенің өмірің тыныштықта өтеді, ал Барақ – күшті бурамен бірдей, ол арбаңды сүйреп қоймай, керек кезінде сені аударып, таптап тастайды» [20]. Шайбан ұлысының əмірлері мен бектері де Əбілқайырды «өз бетінше арбаны сүйреп жүре алмайтын» адамға теңеп, «өмірлерін тыныштықа өткізуді» ойластырған.
Егер де тарихта бір тарихи факт тосындау, қисынсыз болса, онда оған кездейсоқтық деп қарауға болады. Ол егер тағы да қайталанса, онда ол ерекше бір назар аударарлық құбылысқа айналады. Ал енді осы оқиғаға ұқсас келетін фактілер үшінші рет, төртінші, бесінші рет қайталанса, онда оны тарихи заңдылық деп қабылдауымыз қажет. Тоғылық Темірдің 17 жасында (1347/48 жылы), ХV ғасырдың бірінші ширегінде Кіші Мұхаммед ханның, 1428 жылы 16 жасар Əбілхайыр ханның таққа отырғызылуы, бəрі бір-біріне ұқсас тарихи фактілер. Бұлардың арасында бір заңдылықтың бар екендігі белгілі. Олай болса, сол заңдылықтың ішкі мəнін түсіндіріп көрелік.
Жалпы, ХІІІ ғасырдан бері Монғол империясының құрылуымен Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси биліктің Шыңғыс хан əулетінің қолына шоғырланғандығы белгілі. Моңғолдардың қоғамдық құрылысын деректер негізінде өте терең зертеген академик Б.Я.Владимирцев мынадай пікірлерді алға тартады: «… Мемлекет – оны құрған жəне оның ханы болған адамның, оның руының меншігі болып саналады», «Шыңғыс хан руының ұлысқа, яғни мемлекет пен халыққа билігі мынадан көрінеді: сол рудың бір өкілі император, хан болып құрылтайда сайланады да, бүкіл империяға билік жүргізеді, ал рудың басқа өкілдері негізінен еркек кіндіктілер, ұлыс иеленуге, басқаруға құқылы екендігі мойындалады». «Монғол императоры – шексіз билікті иеленген монарх болып саналады» [21].
Əскердің көмегімен басқа да халықтарды жаулап алған Шыңғыс хан бағындырылған халықтар мен олардың территориясының толық, жеке дара қожайынына айналды. Соғыстардан түскен мол қазына, салықтар, міндеткерліктер, сауда-саттықтан алынатын баж жəне тағы басқа байлық көздері Шыңғыс хан жəне оның əулетін экономикалық жағынан да, саяси жағынан да шексіз байлық пен қуатқа кенелтеді. Шыңғыс ханның өзі тірі кезінде-ақ осыншама зор территорияны бір ғана əскердің күшімен ұстап тұрудың өте қиын, ауыр екенін түсіне біліп, өз əулетінің билігін əрі шексіз, əрі ұзаққа созу мақсатында екі үлкен міндетті жүзеге асырады. Оның біріншісіне – бағындырылған аймақтардағы бұрынғы билеуші əулетті түбірімен жойып, əулет өкілдерін үрім-бұтақтарымен қырып жіберуі жатса, екіншісіне — əулет билігін идеологиялық тұрғыдан негіздеп, өз руының арғы түп аталарын киелі етіп көрсету жатты. Біздің ойымызша, Шыңғыс хан жəне оның ұрпақтарының алғашқы буын өкілдері екі міндетті шебер орындап шығады. Монғолдардың жаулап алған елдерде əсіресе, бұрынғы билеуші əулеттерге қатысты қандай қырып-жоюларды жүзеге асырғаны белгілі. Ал екінші міндет 1240 жылғы «Монғолдың құпия шежіресінде» алғаш рет негізделеді. Онда Шыңғыс ханның шығу тегі жөнінде былай делінеді: «Шыңғыс ханның түп атасы Борте-Чиноның Көк Аспанның əмірімен дүние есігін ашқандығы, ол əйелі Гао-Марал екеуі Теңізді жүзіп өтіп, Онон өзенінің бастау алатын Бұрхан-Халдун тауында көшіп жүргендігі баяндалады. Борте-Чиноның ұрпағы Бата-Чиган, ал оның 16-шы ұрпағы Дува-Сахор мен Добун-мерген болған екен. Біріншісінің маңдайында жалғыз ғана көзі болыпты. Ал екіншісінің Алан-гао деген əйелі болып, одан екі ұлы болған екен. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Алан-гао киіз үйдің түндігінен түскен ақсары адамның қолының сипауымен жүкті болып, үш ұлды дүниеге əкеледі, олардың ең кішісі Бодончар деп аталып, ол моңғолдың Боржігін руының түпатасы болып саналады[22]. Одан ары бұл еңбекте Бодончардан Шыңғыс ханға дейінгі 11 буын ата-тек көрсетіліп, олардың қасиеттері мен ерлік істері баяндалады[23]. ХV ғасырдың басында Шыңғыс хан əулетінің шығуы жөнінде Рашид ад-дин «Құпия шежіре» мəліметтеріне сүйене отырып, кең түрде, керемет баяндап береді[24].
Енді осы деректердегі мəліметтерді талдай келе, біз, Шыңғыс хан əулетінің билігін идеологиялық жағынан негіздейтін бірнеше белгінің бар екендігін аңғарамыз. 1) Шыңғыс ханның 23-ші атасы Борте-Чино Көктің құдіретімен дүниеге келген, яғни бұл дегеніміз, оның ерекше жаратылғандығын, жер бетіндегі адамдардан жоғары тұратындығын, Көктің оны адамдар арасына белгілі бір мақсаттар үшін жібергендігін көрсетеді; 2) Монғолдар үшін киелі болып саналатын Бұрхан тауын алғаш қоныстанған адам – Шыңғыс ханның осы түпатасы. Бұл – Шыңғыс хан əулетінің Монғолияның иесі екендігін көрсетеді; 3) Шыңғыс ханның 11-ші атасы да ерекше жағдайда, дүниенің тылсым күшінің арқасында дүниеге келеді. Бұл да осы əулеттің ерекше жаратылысын, киелілігін көрсетеді. 4) Шыңғыс ханның 23 атасына дейінгі шығутегі нақты көрсетіледі. Бұл – осы əулеттің тектілігін білдіреді. 5) Шыңғыс ханның 11-ші атасынан бастап өзіне дейінгі шығутегінде оның аталары ең үлкен ұлдар ретінде көрсетіледі. Бұл осы əулеттің бүкіл монғол тайпалары арасында жолы үлкендігін білдіреді. 6) Шыңғыс ханның аталарында батыр да, мерген де, қаған да болған. Ол — əулеттің ел басқаруға, қол бастауға, билік айтуға толық құқылы екендігін білдірді.
Ортағасырлық адамдар үшін шығу-тегінде осындай ерекше қасиеттер мен киелілік белгілерге толы болған адамның болмысы да ерекше жаратылған деген қоғамдық сананы қалыптастырады. Оған Шыңғыс ханның монғол мемлекеті мен империясын құрудағы ісəрекеттері мен жеке басындағы қасиеттері қосыла келе, жалпы сол дəуірдің адамдарының санасында Шыңғыс ханның тұлғасы шынында да Көктің əмірімен жаралған тұлға деген сананы бейнелейді. Ал оның əулеті де қоғамдық санада дəл солай бейнеленеді.
Осылайша, Монғол империясының аумағында ХІІІ ғасырдан бастап Шыңғыс хан əулеті билігінің идеологиялық негізі қалыптасады. Осы жерде қосымша болса да айта кетелік, қазақ халқы ХV ғасырдың ортасынан бастап бұл əулет өкілдерін əлеуметтік тұрғыда жалпылама түрде «төре» атты əлеуметтік топқа жатқызса, этникалық тұрғыда «ақсүйектер» тобына жатқызады. Қазақстандық шығыстанушы В.П. Юдин кезінде осы мəселеге ерекше назар аударып, былай деп атап өрсеткен болатын: «Кейбір көшпелі халықтарда шамандық, буддалық, ислам жəне басқа діндердің тұжырымдары мен шыңғыстық доктринаның синтезі жаңа бір дүиетанымның, жаңа идеологияның қалыптасуына алып келді. Бұл жерде жаңа діннің қалыптасқандығы туралы айтуға толық негіз бар. Бұл дін моңғол-татар жаулап алушылығы туғызған дүниетаным мен идеологияның бір бөлігі болып табылады. Жаңа дүниетанымдық жəне идеологиялық түсініктердің жиынтығын біз чингизизм деп атаймыз» [25]. Біз автордың «жаңа діннің қалыптасқандығы туралы айтуға толық негіз», — бар деген субъективті жəне дискуссиялы пікірін шегере тұрып, Шыңғыс хан əулетінің монғолдардың жаулап алған аймақтардағы саяси билікке қатысты құқықтық идеологиясын чингизизм деп атауына біз толық қосыламыз.
Міне, осы шыңғыстық идеологияға негізделген Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси жүйе мен билік ХІҮ ғасырдың ортасына дейін толық сақталып, үздіксіз қызмет атқарады. Бұл идеологияға 1360-1380 жылдардағы Алтын Орда тарихында орын алған «дүрблең жылдар» оиғалары қатты соққы береді. Билікке негіз болған идеологияның шайқалуы биліктің беделі мен абыройына нұқсан келтіреді. Саяси биліктің əлсіреуіне байланысты бос қалған саясиқұқықтық жəне идеологиялық кеңістікте жаңа саяси-құқықтық идеология пайда бола бастайды. Мауереннахрда 1370 жылы Самарқан тағын иеленген Əмір Темір өзінің билігін құқықтықидеологиялық жағынан негіздеу үшін шығу-тегін Шыңғыс ханның төртінші атасы Тумбина Сеченмен байланыстырады. Ш.Құдайбердіұлы былай деп жазады: «… Тумен ханның (Тумбина Сечен) бұл тоғыз баласының ішінде Қажіл (Рашид ад-динде Качули) мен Қабул — Əмір Темірдің арғы атасы» [27]. Ноғай Ордасының негізін қалаушы Едігенің де шыққан тегін де Ш.Құдайбердіұлы Түмен ханның Нотақыш деген ұлымен байланыстырады. Екінші бір нұсқа бойынша Едігенің арғы атасы мұсылман əлеміндегі алғашқы халиф Əмір əл-Момын Бəкір əлСадық, ал бергі атасы Баба Түкті Шашты Əзіз делінеді[28]. Көріп отырғанымыдай, бұрынғы монғолдар билігі орнаған аумақтарда шыңғыстық идеология ықпалының кемуіне байланысты Шыңғыс əулетінің билігі де өзінің қауқарын жоғалта бастайды. Ол өз кезегінде жаңа саясиидеологиялық-құқықтық идеологияға негізделген жаңа бір əулеттің билігін дүниеге əкеледі. Ноғай Ордасы мен Əмір Темір ұрпақтары мемлекеттерінің идеологиялық негізі осыны дəлелдейді.
Осы жерде мынадай бір жайтты ескерте кеткіміз келеді. Шыңғыстық идеология Мауереннахр мен Ноғай Ордасында басқа идеологияға орын берсе де толық жойылып кетпеген. Оның көрінісіне Əмір Темір мен Едігенің жəне олардың ұрпақтарының «хан» титулын иелене алмауы, Əмір Темір жəне оның Əбу Сайд мырзаға дейінгі ұрпақтарының елді Шағатай əулетінен шыққан «қуыршақ» хандар арқылы басқаруы, Едіге ұрпақтарның толыққанды мемлекет басшысы болып, билік жүргізуі үшін міндетті түрде олардың «би» лауазымын Шыңғыс хан ұрпақтары билеген көрші елдердегі ресми бір ханның заңды түрде мойындауы жатты. Бұл дегеніміз – шыңғыстық саяси-құқықтық идеологияның ХІҮ-ХҮ ғасырлар шенінде біршама əлсіресе де, өз күшін толық жоймағандығын білдіреді.
Ал енді Дешті Қыпшақ аумағындағы басқа аймақтарға келсек, əрбір аймақтағы қалыптасқан саяси-экономикалық, діни-мəдени, этникалық-əлеуметтік ерекшеліктерге байланысты шыңғыстық саяси-құқықтық идеология əртүрлі деңгейде өзгеріске ұшырайды. Бірақ та өзінің саяси кеңістіктегі құқын, статусын толық сақтап қалады. Өзгерістерді біз хандық биліктің статусынан емес, ханды билікке əкелуден көреміз. Егер де бұрынғы кезеңде, яғни монғолдар үстемдігінің алғашқы кезеңінде ханның билікке келуі билеуші əулет өкілдері арасында шешілсе, енді «дүрбелең жылдардан» кейін бұл міндетті жергілікті жерлердегі жаңа этно-саяси күштер – ру-тайпа көсемдері, əмірлер, бектер, батырлар, дін басылары шеше бастайды. Қадырғали Жалайырда баяндалатын Қырымда Қажы Керей ханның билікке келуі осының нақты айғағы болады. Онда «Хажы Керей ханның ағасы – Жанкерей сұлтанды қоңырат Хайдар билер өлтіргеннен соң, Хажы Керей сұлтан кішкене екен, қашып жүріп Чағырған байға жалға кіріп жүргенде билер өз араларында бір-бірімен жараса алмай, Хажы Керей сұлтанды іздеп тауып хан жасады», — делінеді де, одан ары хан сайлауға қатынасқан 15 тайпаның атауы мен əр тайпаның басшысының есімі беріледі[28]. Моғолстандағы дулат тайпасының көсемі Əмір Болатшы бастаған ру-тайпалар басыларының Тоғылық Темірді, Мансұр би бастаған топтың ХҮ ғасырдың бірінші ширегінде Кіші Мұхаммед ханды хандық билікке əкелуі – біздің жоғарыда айтқан пікірлеріміздің дұрыстығын нығыздай түседі. Əбілқайыр да дəл осындай жағдайда 16-17 жасында өз күшімен емес, Шибан ұлысындағы ру-тайпа көсемдері мен ірі дінбасыларының тікелей қолдауымен билікке отырғызылады.
Біз, ХІҮ ғасырдың ортасы мен ХҮ ғасырдың ортасына дейінгі аралықта монғолдар үстемдігі орнаған аумақтардағы жоғарғы билік мəселесіне қатысты заңдылықтың болғандығын айтып өтіп, оның ішкі жəне мен мазмұнын талдап, түсіндіруге тырыстық. Енді сол заңдылықты тұжырымдап берелік.
Ортағасырлық монархиялық мемлекеттердегі билеуші əулеттің саяси-құқықтық жəне идеологиялық негізі неғұрлым мықты болса, онда жоғарғы билікке қатысты мəселелер тек билеуші əулет өкілдері арасында ғана шешіледі. Ал егер де билікке тірек болған саясиқұқықтық жəне идеологиялық негіз күшін жойса, одан билеуші əулет биліктен айырылады. Ал биліктің тірегі болған факторлар күшін толық жоймай, тек қатты əлсіресе онда жоғарғы билікке қатысты мəселелерде жергілікті этносаяси күштер басты роль атқарады.
Міне, осы заңдылықты ұғынғанда ғана, біз Əбілқайырдың жап-жас болса да Шибан ұлысында билікке келуін түсіне аламыз. Ноғай Ордасы мен Мауереннахрда шыңғыстық идеологияны едігелік жəне темірлік идеологиялар саяси-құқықтық кеңістіктен ығыстырып шығарса, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында шыңғыстық идеологияға қарсы қоятындай негізделген идеология қалыптаса қоймайды. Дегенмен де, жергілікті аймақтарда ру-тайпа көсемдерінің саяси-экономикалық рөлі артып, мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды іс-шараларға белсене араласады. Осындай, мемлекеттік маңызы бар іс-шараның бірі – жаңа ханды таңдау, оны таққа отырғызу болып саналады.
Енді Əбілқайырдың билікке келуіне тоқталсақ. 1425/26-1426/27 жылдары Шибан Ұлысында феодалдық соғыстар мен тартыс-тартыстар күшейіп тұрған болатын. Жазба дерек мəліметтері ұлыстағы талас-тартыстардың бəрін баяндамаса да, кейбіреулерінен хабар береді. Кухистанидың дерегінде Едіге бидің ұлдарының бірі Ғази бидің билігі, оның саясатына наразы бір топ əмірлер мен бектердің одан бөлініп, Жұмадық ханға келуі, хан тарапынан маңғыт əмірлерінің жылылық пен қайырым көрмей тағы да қашып кетуі, сөйтіп Жайтар Жалқын (Батыс Қазақстандағы тарихи жер-су атауы, нақты жер екендігі анықталмаған) деген жерде бас қосуы туралы айтылады да, одан ары оларға қарсы Жұмадық ханның 70 мыңдық əскер жасақтап, əскердің сол қанатында Əбілқайырдың болғандығы баяндалады [29]. Одан ары дерек мəліметінде екі жақ арасында кескілескен қанды шайқастың болып, Жұмадық хан əскерінің жеңілгендігі, Жұмадық ханның қаза тауып, ал 16 жастағы Əбілқайырдың тұтқынға түскендігі айтылып өтіледі [30].Б.А.Ахмедовтың пікірінше Жұмадық ханның өзі жəне əскерінің көптеген қолбасшылары тұтқынға алынып, кейін маңғыт əмірлерінің жарлығымен өлтірілген[31].Ал Кухистани болса, «бұл ұрыста Көктегі жарылқаушының қалауымен Жұмадық хан қаза табады»,
— деп нақтылап айтады [32].
16 жасар Əбілхайырды маңғыт əмірлерінің бірі Сарыг-Шиман (Б.А.Ахмедовте Сарыг-Усман деп жазылады – Б.К.) аса жоғары құрмет көрсетіп, оның кейін оралуына жағдай жасайды. Əбілқайыр сол жылдың желтоқсанынан келесі жылдың наурызына дейін сол өңірдегі аймақтың басшысы, өте беделді жəне ықпалды тұлға – Алаш-баһадүрдің жұртында қыстап шығады [33]. Осы кезде Шибан ұлысының болашақ тағына үміткер анықталған секілді. Алаш-баһадүр өзінің жұртында Шыңғыс ұрпағының жəне жай ғана ұрпағы емес, Шибан ұлысын ХІІІ ғасырдан бері басқарып келе жатқан əулеттің тікелей ұрпағы бар екендігін көршілес өңірлердегі барлық рутайпа басшыларына хабарлаған секілді. Көктем шыға Əбілқайыр өз жұртына қайтып оралады. Сол жылы-ақ Əбілқайырды ірі дін басылары — Құл-Мұхаммед сейд, Қарасеид, қият, маңғыт, шынбай, иджан, қаанбайлы, табгут, дурман, құсшы, отаршы, найман, өкіреш найман, тубай, таймас, уат, қытай, барақ, ұйғыр, қарлұқ, кенегес, уйшін (үйсін), қоңырат, құрлауыт, ички, туман, туман-минг жəне тағы басқа ру-тайпалар басшылары мен Шадбақыт оғлан, Темір оғлан, Мұратсопы оғлан секілді Шыңғыс əулетінің өкілдері, сондай-ақ тархан лауазымын иеленген бірнеше белді тұлғалар хан етіп көтереді [34]. А.А.Ахмедов Махуд бен Уəлидің дерегіне сүйеніп «сол кезде оны (Əбілқайырды – Б.К.) рулар мен тайпалардың 200-ге жуық көрнекті басшылары қолдады», — деп жазады[35].Кухистани Əбілқайырдың билікке келген жылын былай деп көрсетеді: «Он жеті жасында, сегіз жүз отыз үшінші жылы биджин, яғни мешін жылы (1428/1429 жж) [Əбілқайыр] мемлекет тағына келіп отырды» [36].
Осылайша, 17 жасар Əбілқайырдың Шибан ұлысы мен Шығыс Дешті Қыпшақта бірнеше он жылға созылған билігі басталады. Мемлекеттің саяси жағынан дамуы XV ғасыр ортасында Қазақ хандығының құрылуына саяси алғышарттар даярлайды.
1. Таварих-и гузида-йи нусрат-наме. // МИКХ., Алма-Ата, 1969, 34-35 бб.; Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар. // МИКХ., 347-349 бб.
2. Таварих-и гузида-йи нусрат-наме. // МИКХ., 34-35; Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар. // МИКХ., 347-349 бб.
3. Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар. // МИКХ., 347-349 бб.
4. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ.,141 б.; Ахмедов Б.А. Историко-географическая литература Средней Азии ХYІ -ХYІІІ вв. (Письменные памятники) –Ташкент, 1985. — 37 б.
5. Бартольд В.В. Абулхайр // Соч. Т. ІІ. Ч.2. –М., 1964, 489 б.
6. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ., 171 б.
7. Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар. // МИКХ., 349 б.
8. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – М., 1965, 43 б.
9. Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар. // МИКХ., 390 б.
10. Таварих-и гузида-йи нусрат-наме. // МИКХ., 34-36 бб.; Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар. // МИКХ., 348-349 бб.
11. адырғали Жалайыр. Жылнамалар жинағы / Шағатай-)аза) тілінен аударып, алғы с@зін жазғандар Н. Мингулов, Б. К@меков, С. Dтениязов. – Алматы, 1997, 120 б.
12. СМИЗО. Т. 2. 55 б.
13. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – М., 1965, 43 б.
14. Таварих-и гузида-йи нусрат-наме. // МИКХ., 36 б.
15. Eбілғазы. Т4рік шежіресі. А., 1992, 122 б.
16. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ., 147 б.; Тарих-и Рашиди. // МИКХ., 198 б.; Тарих-и Кипчаки. // МИКХ., 391 б.
17. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – М., 1965, 43-44 бб.
18. МFхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. (Ха) жолындағылар тарихы). – Алматы, 2003, 44-
55 бб.
19. адырғали Жалайыр. Жылнамалар жинағы. 119 б.; Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: Летопись трехтысячилетий. – Алматы, 1992. 209-210 бб.; Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. – М., 2002. 93 б.
20. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: Летопись трехтысячилетий. – Алматы, 1992.
209-210 бб.
21. Владимирцев Б.Я. Общественный строй монголов. Монгольский кочевой феодализм. –Л., 1934.
98-100 бб.
22. Монғолды )Fпия шежіресі / Монғолша 4шініші рет басылуына сəйкес )аза)ша бірінші рет басылуы. Монғолшадан аударған Мағауия СFлтанияFлы.-Dлгий, 1979. 79-81 бб.
23. Монғолды )Fпия шежіресі. 81-85 бб.
24. Рашид ад-дин. Сборник летописей. – Т.I.кн. 2. /Перевод с персидского О.И.Смирновой, ред. А.А. Семенова. – М.,-Л., 1952. 7-59 бб.
25. Юдин В.П. Орды: Белая, Синяя, Серая, Золотая… // В кн.: Утемиш хаджи. – Алматы, 1992. 16.
26. FдайбердіFлы Ш. Т4рік, )ырғыз-)аза) Iəм хандар шежіресі. – Алматы., 1991.
27. адырғали Жалайыр. Жылнамалар жинағы. 117 б.
28. адырғали Жалайыр. Жылнамалар жинағы . 116-117 бб.
29. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ., 141-147 бб.
30. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ., 142 б.
31. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – М., 1965, 45 б.
32. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ.,142 б.
33. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ., 143 б.
34. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ., 143-144 бб.; Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – М.,1965, 46 б.
35. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – М., 1965, 46 б.
36. Тарих-и Абул-хаир-хани. // МИКХ., 144 б.
Резюме
Автор в данной статье рассматривает проблемы начального периода истории ханства Абулхаира, а именно проблемы прихода к власти молодого шибанидского султана Абулхаира на территории Восточного Дешт-Кипчака. На основе сведений восточных источников определены причины установления власти шибанидской династии Восточного Дешт-Кипчака. По мнению автора, Абулхаир-хан был посажен на ханский трон при прямой поддержке местных родов и племен Восточного Дешт-Кипчака.
Summary
The author of this paper considers the problem of the initial period of the history of the Khanate
Abulhair, namely the problem of coming to power of the young Sultan shibanidskogo Abulhair in East Dasht-i Kipchak. Based on the information sources to identify the causes of Oriental establishing the rule of the dynasty of the Eastern shibanidskoy Dasht-i Kipchak. According to the author, Abulkhair Khan was put on the khan’s throne with the direct support of local tribes and clans of East Dasht-i Kipchak.