XIX ҒАСЫРДЫҢ 70-80 ЖЖ. ЖАПОН ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ОРГАН – ПАРЛАМЕНТТІҢ ҚҰРЫЛУЫ

XIX ҒАСЫРДЫҢ 70-80 ЖЖ. ЖАПОН ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ОРГАН – ПАРЛАМЕНТТІҢ ҚҰРЫЛУЫ

Т.М. БАЙСАЛБАЕВА — т.ғ.к., Абай атындағы  ПУ-ні Әлем тарихы кафедрасыны доценті

Күншығыс елінің, яғни жапон халқының тарихнамасында «Мэйдзи исин» атымен белгілі 1868 жылғы төңкеріс мемлекет өмірінің барлық салаларына түбегейлі өзгерістер əкелді. XIX ғасырдың 70-80 жылдарындағы буржуазиялық қайта құрулар Токугава сегунаты кезіндегі феодалдық қатынастардың ыдырап, саяси биліктің жаңа жүйесі – абсолюттік типтегі орталықтанған мемлекеттің орнауына жол ашты. Сан ғасырлар бойы жалғасқан император билігі қайта жандандырылып, 1889 жылы Ұлы Жапон Империясының алғашқы Конституциясы қабылданды.
Зерттеу жұмысының өзектілігіне келетін болсақ, біріншіден,Конституцияның қабылдануы, парламенттің жəне алғашқы саяси партиялардың құрылуын қамтитын Мэйдзи дəуірінде қалыптасқан жаңа мемлекеттік құрылым мен саяси жүйе ерекшеліктерін таныпбілу,1947 жылғы Конституцияның жария етілуіне дейін, тіпті, бүгінгі күнге дейін жалғасқан жапон мемлекетінің демократиялық даму жолын зерттеуде аса маңызды болып табылады. Екіншіден, елдегі саяси, экономикалық жəне əкімшілік реформалардан кейін күшейе түскен Жапонияның XX ғасыр табалдырығында əлемдік сахнада ең мықты əрі саяси ықпалды мемлекеттер қатарына еніп, империалистік елге айналуы өз алдына маңызды мəселе болып отыр. Өйткені, Жапонияда жаңа билік жүйесі мемлекет үшін ауыр зардаптармен ерекшеленді десек, артық айтпағанымыз. Қалай дегенмен де, мұндай саяси жүйенің ертеңі елде монархиялық-фашистік режимнің орнауымен аяқталғанын естен шығармаған жөн. Мемлекеттің милитаризациялану жолын басқан Жапонияның «Үлкен соғысқа» бастамашылық ретінде жүргізген экспансиялық саясатының алғышарт-тарын қарастыру, синтодан бастау алатын кокутай идеологиясының қалыптасу себеп-терінің шымылдығын ашуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жапон мемлекетінде орын алған басқару түрінің абсолюттік конституциялық монархиядан біртіндеп шек-теулі дуалистік монархияға өту үрдісін зерттеу қазіргі таңда жапон елі тарихы ғылымы шең-берінде аса маңызды саяси мəселеге айналып отыр. Себебі, халық құқықтары мен бостандықтарының кеңеюі жəне император билігінің əлсіреуі, келешекте микадоны биліктің символы ретінде ғана танитын жаңа конституцияның қабылдануына əкелді.
Жапон парламенті «императорлық парламент» (Тэйкоку гикай) деген атқа ие болғаны белгілі. Бұл тегін емес еді. Сол кездегі бірқатар жапон жазушылары байқағанындай, конституцияны «императордың халыққа деген асқан мейірімі» ретінде халық санасына ұялату заң шығарушы биліктің басты мақсатына айналды [1, 162].
Жапон парламетінің жұмысы 1890 жылы басталды. Парламент ел басшысы, импера-тор бұйрығымен шақыралатын жəне таратылатын болды. Император өз еркімен əр түрлі саяси жағдайларға байланысты парламент сессиясын уақытша тоқтатуға не болмаса мүлдем таратып жіберуге толық құқылы еді.
Парламент екі палатадан тұрды: пэрлер палатасы (Кидзоку-ин) жəне өкілдер пала-тасы (Сюги-ин). Пэрлер палатасы немесе жоғары палата таратылмайды, оның отырыс-тары тек кейінгі мерзімге қалдырылуы мүмкін.
Парламенттің пэрлер палатасының құрамы келесідей болды:
1) император тұқымындағы ханзадалар;
2) 25 жастан асқан маркиздер мен княздар;
3) өз жетістіктерімен көзге түскен, еңбегі сіңген императордың өзі тағайындайтын тұлғалар;
4) ақсүйектер қатарынандағы салық төлеушілер ішінен сайланатын əр префектурадан бір өкіл.
Палатаның құрамына енетін соңғы аталған үш топтың əрбіреуі жалпы мүшелер санының бестен бір бөлігінен асып кетпеуі тиіс еді. Екі соңғы топ мүшелерінің жасы 30дан аспауы керек болды. Жалпы жоғары палата құрамына 300-дей депутат кірді.
Өкілдер палатасы құрамына 25 жасқа толған жəне 3 иен құнынан асатын тікелей салық төлейтін жапондық ер адам қызметшілермен сайланатын депутаттар кірді.
Жоғары палата мүшелері өмір бойы қызмет ету құқығына ие болатын. Ол палатаның көп бөлігі халыққа сыйлы ақсақалдар тобын құрады. Төменгі палата мүшелері 4 жыл бойы қызмет істейтін еді.
Пэрлер палатасының президенті мен вице-президентін императордың өзі сайлады. Ал төменгі палата президенті мен вице-президенті палата таңдаған кандидаттар арасынан сайланады. Император өз таңдауын палатада көпшіліктің даусына ие болған кандидатқа тоқтатады. Палатаның президенттері жылына бес мың иен, вице-президенттер үш мың иен, палата мүшелері екі мың иен жалақы алатын.
Парламенттің келесідей құқықтары болды:
1) петициялар қабылдау;
2) императорға жолығу;
3) үкіметтен түрлі мəселелерге байланысты түсініктемелер талап ету (министрлер кабинеті талапты орындамаған жағдайда, парламенттің төменгі палатасы императорға шағым тастауға құқылы, ал император заң шығарушы орган мен атқарушы биліктің арасындағы келіспеушіліктер шектен шығып жатса, палатаны таратып жіберуге құқығы бар);
4) мемлекеттік шығындар мен кірістердің тиісті түрде тіркелуін қадағалау. Сонымен қатар, парламент, оның ішінде оның төменгі палатасы министрлердің қаржылық ұсыныстарынан бас тартуға, қажетті жағдайларда белгілі бір шараларға қаражат бөлмеуге де құқылы болды.
Парламент палатасындағы депутаттың алатын орны жребий бойынша түсетін нөмірімен анықталды. Ал бұл дегеніміз, жапон парламентінде, еуропалық палаталарындағыдай, оң, сол, орта қанаттар сияқты бөлініс болмады.
Парламент жұмысын бақылауға бағытталған арнайы комиссия құрылды. Ол комиссия жұмысына министрліктен жіберілген өкілдер де араласып отырды. Екі жақ бірігіп, ортақ шешім қабылдайтын еді. Екі палата арасында бегілі бір заң жобасына байланысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда жоғарыда сөз болған комиссия бітім жасасуға ықпалын тигізетін. Комиссияларда тынбай еңбек еткеннің арқасында аз уақыт ішінде жапон парламентінің палаталары көптеген заң жобаларын талқылып үлгеріп отырған. Мысалы, 1898 жылдың желтоқсанынан бастап 1899 жылдың наурыз айына дейін депутаттар палатасы 280 рет дауыс берді. Яғни, орташа есеппен депутаттар күн сайын төрт рет дауыс беріп отырған. Палаталар қызметінің қарқындылығы айтарлықтай қарамақайшылықтардың болмауымен түсіндіріледі. Палата барлық жағдайларда комиссияның шешімін басшылыққа алып отырды. Палата мəжілістеріне министрлер сирек қатысатын, өйткені мұндай отырыстар іс жүзінде емес, қағаз жүзінде іске асып отыратын шаралар ғана болып есептелді. Маңызды заң жобаларын талқылау кезінің өзінде министрлер өз орындарына үкіметтік комиссарлар мен заң кеңесшілерін жіберіп отырды [2, 328].
1890-1923 жылдар аралығында парламенттің төменгі палатасында өткізілген сессиялар саны 45-ке жетті. Төтенше сессиялардың мұндай көп болуының себебі ретін-де келесі фактіні келтіреміз: парламенттің құрылғанынан кейінгі алғашқы он жыл уақыт ішінде өкілдер палатасындағы оппозиция күштерінің мықты болғаны сонша, үкімет парламентті жиі-жиі таратып отыруға мəжбүр болған еді. 1890-1898 жылдары парла-менттің бес сессиясы таратылды.Елде мемлекетті басқарудың түрі ретінде өкілдік конституциялық монархия билігінің қалыптасқандығын ескере отырғанымен де, орын алған жағдайды қалыпты деп санауға келмейтін еді. Осыған орай, парламент тікелей репрессияларға жол беруден бас тартып, өзінің аталмыш «парламенттік қаруын», яғни көпшілікті құрайтын топты құруды көздеді.Сөйтіп 1900 жылы император рұқсатымен Ито Хиробуми Сэйюкай үкіметтік партиясын құрды. Партия жұмысы ұйымдастырыл-ғаннан кейін үкімет пен парламент арасындағы өзаралық қызмет жөнге келе бастады. Ито партияны құрғаннан соң өзінің парламенттік қызметі аяқталды деген оймен үкіметтік жұмыстарына қайта оралды. Партия Ито Хиробумидан оның əріптесі Сайондзи Киммоти басшылығына өтіп, билік басына келетін əрбір министрлер кабине-тінің өзіндік басқару бағытына сай жеңіл де жедел өзгеріп отыратын үкімет қолындағы күшті құралға айналды. Ито мен Сайондзидің «либералдық» кабинеті болсын, немесе Ямагата мен Кацураның консервативтік кабинеті болсын, Сэйюкай партиясы тең дəрежеде барлық іс-шараларға қолдау көрсетіп, парламентте көпшіліктің даусына ие болып, үкіметке оппозиция күштерімен жемісті күресуге мүмкіндік берді. Дегенмен жапон саяси сахнасында оппозициялық партия да, Сэйюкай партиясының құрылуының себептеріне байланысты, əрі міндетті түрде император рұқсатымен пайда болғанын естен шығармаған жөн. Сэйюкай партиясының парламентегі саяси маңызы күннен-күнге өсіп, үкіметтің партияға деген тəуелділігі арта келген сəтте, ол үкіметке бағынбау-шылық көрсете бастайды. Соның салдарынан, 1908 жылы сол кездегі премьер-министр Кацура Сэйюкайды жойып, өзге партияны құруды жəне дəл осы партияға «үкіметтік» мəртебесін беруді шешеді. Нəтижесінде Досикай партиясы құрылады. Алайда, Сэйюкай париясы біртіндеп өзінің парламенттегі бұрынғы беделінен айырылып бара жатқанын байқаған соң, қол қусырып отырмады. Өз орнын білмей, шектен шыққан партия үкі-метке өз кінəсін мойындайтындығын жеткізуге асықты. Ескі дос екі жаңа достан да артық демекші, Сэйюкай партиясы саяси алаңдағы өз маңызын қайтарып, үкіметтің сенімді қызметшісі ролінде қалу мүмкіндігіне иеленеді. Ал Досикай партиясы оппози-циялық партияға айналып, аты «Кэнсэйкай» деп өзгереді. Сэйюкай партясымен парла-менттегі орындарды бөле отырып, Кэнсэйкай нақты саяси мақсаттары жоқ, оппозиция-лық деген аты ғана бар партиялардың біріне айналады.
Үкіметтік партияға да, оппозициялық партиялардың құрамына да енбеген тұлғалар өздерінің кішігірім саяси топтарын құрай бастады. Олардың қатарында болған «Дайдо», «Дококай», «Сэйкоку-рабу» т.б. Парламенттегі мұндай қосымша топтар өміршеңдігімен ерекшеленбеді. Тұрақты болған жоғарыда аталып кеткен екі партия болды (Сэйюкай, Кэнсэйкай).
1917 жылғы парламенттік сайлауда Сэйюкай партиясы төрт жүз алпыс төрт орыннан екі жүз сексен орынды иеленді. Ал Кэнсэйкай жүз он бір орынмен қанағаттанды. Жалпы партияларды белгілі қоғамдық топтардың мүддесін қорғаушылар ретінде қарастырудың негізі болмады. Өйткені бұл екі партияның нақты саяси бағдарламалары болған жоқ. Парламент өз жұмысын бастаған кезде құрылған сэйюкай партиясы мүшелерінің көпшілігі ауыл шаруашылықпен айналысатын адамдар еді. Бұл партия аграрлық партия деп аталды. Ал өндіріске деген қызығушылық арта түскен кезде пайда болған кэнсэйкай партиясы сауда-өндірістік партиясы ретінде танылды. Ал дүниежүзілік соғыс кезінде қоғамдық таптар пайда түсіру мақсатында коммерцияға ұмтылғаны белгілі.
Жапонияның үстем тап өкілдері, шенеуіктер мен император ұрпақтарының өздері алып-сатуға салынды. Екі партия да феодалдық-бюрократтық таппен тығыз байланыстағы ірі буржуазия мүддесін қорғағандықтан, саяси мақсаттары бір жерден шығып отырды. Аграрлық жəне өндірістік болып бөлінген екі партия парламент өміріне сапырылыс енгізді. Осы кезде саяси сахнаға парламент жұмысын белгілі бір ретке келтіруді мақсат еткен жаңа «Дзицугио Досикай» атты яғни, іскер адамдардың партиясы шығады. Ассоциацияның көшбасшысы Сандзи Муто болды.
Партияның саяси бағдарламасының негізгі қағидалары оның декларациясында айқын белгіленген: «Қоғамның дамуы өндіріс күшінің дамуынан тікелей туындайтын нəтиже. Экономика – саясаттың негізі. Іскер адамдар саясатқа араласуы тиіс. Олардың бұндай мəселелердегі енжарлығы, бұқара халықтың нақты саяси ұстанымының қалыптаспау-ына, əрі оның саяси білімінің жұтандығына əкеледі. Өндірістік күштің жетілуі ұлттық күшқуаттың қайнар көзіне айналуы қажет. Ал оның жүзеге асуы салық ауыртпашы-лығының жеңілдетілуін қажет етеді. Қазіргі таңдағы жаңадан пайда болып жатқан партияларға сенімділік артуға болмайды. Бірақ, Дзицугио Досикай партиясын жаңа саяси партиялардың бірі ретінде ғана қарастыру дұрыс емес. Ол өзінің көздейтін басты мақсаты – саясатты жағымсыз нəрселерден тазартуды жүзеге асырғаннан кейін өздігінен таратылатын, уақытша құрылған ұйым болып табылады».
«Дзицугио Досикай» партиясының саяси бағдарламасын көз жүгіртіп қана қарастырғанның өзінде, жаңа партияның өз шешімін талап ететін өзекті мəселелерді қоя білуінде бір түрлі сақтықтың болғанын бірден-ақ байқауға болады. Осындай жолмен жаңа партия елдегі милитаристер мен бюрократтарға қолдау көрсетіп, олардың қызметіне заң жүзінде рұқсат бергендей болды. Партияның саяси бағдарламасында жұмыс заңнамасы жөнінде мүлде сөз қозғалмайды. Сонымен қатар, цензура, полиция т.б. секілді мəселе-лер туралы аз-маз ғана айтылады. Партияның бағдарламасының утилитаритік сипаты анық білінген болатын. Соның себебінен бе екен, партия бағдарламасы атына сəйкес, іскер адамдар былай тұрсын, ел патриоттарының өздерінің де көңілдерінен шықпай, нəтижесінде,халықтың Дзицугио Досикай қызметіне деген үлкен қызығушылық туындамаған еді.
Партияның бағдарламасы буржуазияның «өндірістің дамуының алғышарттарын жасау» секілді талабы мен осы буржуазияның егер халық өзгерістерді талап ететін болса, арты көтеріліспен аяқталады деген қорқынышы арасындағы компромисстің өзі болса керек. Бұндай жағдайда Дзицугио Досикай парламенттік арпалысқа ешбір өзгеріс алып келе алмады. Анық болған бір мəселе – партия мемлекеттің саяси өмірін басқаруға капиталистік күштердің көптеп араласуын жүзеге асыруды өзінің басты мақсатына айналдырды.Капиталистік əлемде аты шыққан ірі тігін компанисының директоры Сандзи Мутоның партияның басшысы болып табылуы жəне Дзицугио Досикай қыз-метіне Жапонияның жүз жиырма төрттен астам ықпалды кəсіпорындары өкілдерінің қолдау көрсетуі осыған айғақ [2, 357].

1.Дурденевский В.Н., Лудшувейт Е.Ф. Конституция Востока: Египет, Турция, Персия, Афганистан, Индия, Китай, Монголия, Япония. — Л., 1926.
2. Все о Японии. Энциклопедия. — М., 1996.

Резюме
В данной статье рассматриваются вопросы образования японского парламента как законодательного органа в 70-80 гг. XIX в. Государственная реформа привела к изменениям во всех отраслях страны восходящего солнца. Буржуазная перестройка в рассматриваемый период во времена сегуната Токугавы открыла путь к новой полити-ческой системе – абсолютной централизованной государственной власти.

Summary
In given article questions of formation of Japanese parliament are considered as legislature in 70-80 of XIX century the State reform has led to changes in all branches of the country of a rising sun. Bourgeois reorganization during the considered period at the time of segunat Tokugav has opened a way to new political system – the absolute centralized government.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *