ҰСТА ТҰСПАЛЫ ЖӘНЕ ЖИРЕНШЕ
Әз Жәнібек хан қанша уәзірлеріменен келе жатса бір жақтан, бір ұста үй салып жатыр екен:
− Осынша өнерің бар, күніне не аласың?- дейді.
− Күніме бір ділда, — дейді.
− Күніге бір ділда болғанда, не ғып байып кетпеген жансың?- дейді.
− Мен қайдан баиймын? — дейді.- Тапқанымды төртке бөлемін, — дейді,- Бірін борышыма беремін, бірін қарызыма беремін, бірін суға тастаймын, бірін өзім ішіп-жеймін,- дейді.-Қайдан баю мұндайда?
Әз Жәнібек хан қасындағыларына:
− Ұстаның не айтқанына түсіндіңдер ме?- дейді.
− Жоқ!- десті.
− Енді осыны Жиреншеден сұрайық, — дейді,- Таратып, орнын тауып берсін!- дейді. -Өзгемізден соны артық көресіңдер деп өкпелейсіңдер!- дейді.
− Жоқ, өкпелемейік!- дейді.
Ешқайда бұрылмастан шешенге келді,- дейді.
− Шешен қайда, үйдемісің? — дейді.
− Тақсыр, үйдемін!- деп, жүгіріп шықты, — дейді.
− Біз бүгін үй салып жатқан ұстаға жолықтық. «Күніне бір ділда алам!»- дейді. «Сен мұнымен қалай байымайсың?» — дедік. Ұста айтты: «Мен қалай байимын? Тапқанымды төртке бөлемін,- дейді. «Уа, қалайша?» «Бірін — борышыма беремін, бірін — қарызға беремін, бірін — суға тастаймын!- дейді. Біреуін-ақ өзім ішіп-жеймін,- дейді. Сол сөзіне біз түсе (түсіне) алмадық. — дейді. — Ашып-жетуін білгелі: соның борышы не, қарызы не, суға тастағаны не — орнын таратып берші! — дейді.
− Тақсыр, ол ұстаның кәрі ата-анасы бар екен де, бір ер жеткен ұлы бар екен және бір ер жеткен қызы бар екен. Жасында баланы әке-шешесі асырайды, ер жеткен соң әке-шешесін бала асырайды. «Борышыма бердім» дегені — «Сол әке-шешеме қарайласам» дегені дейді. «Қарызыма беремін» дегені — еркек баласына ішкізіп-жегізгені. Тірі болып күнінде қаруы онан да қайтар дегені.«Біреуін суға тастаймын» деп айтқаны: «Күйеуге беріп, жасынан өсірген (отырған) қызы бар екен. Қызға қылған жасау суға тастағаныммен бір дегені. Қалған біреуі өзіне мүкі-тақы зорға бар етуі шығар, — дейді. Мұның бәрін асырап сақтаған соң, қалай байимын дегені. Құлағынан басқа дәнеме жоқ, жобасы жоқ байымасқа.
− Не мырза?- дейді.
− Әр ханның заманында бір сұрқылтай. Әз Жәнібек заманында шыққан данышпан адам мұнан өтпеді дейді.
Әз Жәнібек заманында ақылы асқан Жиренше. Осы кісінің заты — қазақ, үш жүздің қай руынан болғанын ешкім білмейді дейді.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы