ҚҰДАЙДЫ ҚОЛДАН ЖАСАУШЫЛАР ӘЛЕГІ

ҚҰДАЙДЫ ҚОЛДАН ЖАСАУШЫЛАР ӘЛЕГІ
Баяғы заманда Хыбыш деген жұрт болыпты, Йемен уәлаяты делінеді. Ныжаш деген сұлтаны болыпты. Оның қол астында Абыраһа деген патшасы болыпты. Жалғанды жалпағынан басып, дүниені өз қолымен аударып, төңкеріп, асты-үстіне келтіріп жүрген күндерде Абыраһа көп жігіт-желеңмен аң аулап жүріп, коп жүріп бара жатқан жүргіншіні көріп:
– Қайда бара жатқан жансыңдар?- десе,
– Мекке деген шаһар бар, онда «Құдай үйі»- деген үй бар. Соған зиаратқа барамыз?-десіпті.
Абыраһа:
– Текке қаңғып бармаңдар. «Құдай үйі»- сондай жаман ескі тас үй болушы ма еді?- десе, бұлар болмапты:
– Бізді барғызбай бөгегеніңмен, дүниенің төрт бұрышына тор жаямысың? Жалаң біз емес, дүниенің төрт бұрышынан ол үйді іздеп келуші бихисап! — деген соң, Абыраһа ашуланып, долданып:
– Тоқта, мен ол үйге жан бармайтұғын қылайын!Өзіміздің құдайға арнап бір шіркеу жасатайын. Сонан соң «Құдай үйі мұнда!»- деп, жұртқа жар шақыртайын! — деп, инженерлерді жиып, өз жерінен лайықты жер іздеп, атқа мініпті. Сахара майдан елсіз даладан Йемен уәлаятының Зыға деген шаһарынан үш сағатта баратұғын бір жерді ұнатып, шіркеу салдырыпты. Ол үйден аяп қалған алтын, күміс, асыл тас болмаса керек. «Жалғанның бейіші қыламын!»- деп, жасатып, не керектің бәрі өзінен табылатұғын қылып, үйдің атын: «Қылиса (қалса)» деп атандырыпты. Өзіне көп монах (манах) мінәстірлер тұрғызыпты. «Келген, кеткен жандарға тамаша қылдырып, есін шығарып тойғызып, есінен қалғысыз қылып, айта жүргендей қылыңдар!»- деп тапсырып, қолдан жасаған алтын құдайды төріне орнаттырып: «Міне, құдайға жарастықты үй — осы!»-дегізіпті. Бұл хабар дүниеге жайылыпты. Сөйткенмен қолдан жасаған шіркеу мен қолдан жасаған: тас құдай, ағаш құдай екінің бірінде,егіздің сыңарында бар. «Әркімдікі өзіне // Ай көрінер көзіне» деген емес пе?! Жұрт бара қоймапты.
Араб (ғараб) халқынан Канана руынан алты жігіт саудагерлікпен Йемен уәлаятына барып:
– Неміз кетеді, көре кетейік!- деп, Қылисаға барыпты.
Монахтар (манахтар):
– Кім боласыздар?- деп сұраған соң:
– Мекке шаһарының кісісіміз!- деген соң,
– Бәрекелді, жақсы келдіңдер! — деп, сыйлап, күтіп, аралатып көрсетіпті.
Бұлар да таң-тамаша қалып:
– Құдайларың құдай-ақ екен. Үйлерің жарайды құдайға үй болуға толық екен!- десіпті. Монахтардың біреуі:
– Бұлардың не қылса да, аузынан су ағып, есі шықты-ay!- деп, — Сендердің құдайларыңның үйі қалай, біздің құдайдың үйі қалай? Қайсысы жақсы?- депті.
Онда олар өтірік айта алмай, шынынан сөйлепті:
– Біздің «Құдай үйі» деп жүрген үйіміз мұнан көп артық, көп оңды. Неге десеңдер, сендер мына алтын, күміс, асыл таспен артық болады деп ойлайсыңдар ғой. Біз оны дәнемеге тұрады демейміз. Біздің «Қағба» деген үйді Ибраһим-Смағұл деген пайғамбар жасаған. Және ол үйдің босағасына таянып тұрып, не тілесе, тілегі қабыл болады. Ұлсызға ұл береді, қызсызға қыз береді. Жарлы байиды, ауру жазылады!- дей бастаған соң-ақ, жанжал-керіс көбейіп, аяғы төбелессіз тарқамайтынға айналып бара жатқан соң, алтаудың біреуі жүгіріп барып есікті басып тұра қалды да, қалған бесеуі іштерінде жасырын байланып жүрген бір-бір жеке ауыздары бар екен. Бірін сау қалдырмастан, шек-қарындарын аяқтарының басына түсіріп, келемеждеп, қорлап өлтірді де, өздері сол үйдің ішіне шөмеле тұрғызды да,онан апарып құдайларының бет-аузына, үсті-басына былжыратып жақты да, бір балтаны қасына сүйеп қойды да, хат жазып тастап кетті: «Міне, біз Мекке шаһарының қаңғып жүрген саяғымыз, бетіне [боқ] жағып жатқан біздің қолымызды қағуға жарамады. «Құр қол болдым, қапы қалдым!»- деп айтар деп, қасына балта да қойдық. Оны ұстап, өз басының қамын қылуға, өз басын қорғауға жарамаған құдай сендерге неменеге сеп болуға жарайды дейсіңдер?!»- деп, кетіп қалыпты.
Осы уақиғаны ең алғаш көрген не деп айтып барды екен? Құдайдың бетін немен былғап кетіпті дейді екен. Абыраһа мұны естіп, өзі келіп көріп, ашу аса зор қысқаннан, есінен жаңылыпты. Бар шамасы келгені сол болыпты. Соғыс ашуға даярланып, күннің көзін, жердің жүзін тұтылдырған қосын алып, қырық піл бар екен бордақы қылып бақтырып қойған.Оның ішінде бір пілді «Піл Махмұды» — дейді екен.
– Мекке шаһарын орнымен жоқ қылып, аспанға ұшырып жіберейін де, ол үйді іздеп келушіге бір кесегін орнынан таба алмайтұғын қылайын! — деп, Мекке шаһарын қамап келіп жатып алыпты. Қурайыштың далада жүрген қой, түйесін түп көтере шауып, талап алыпты. Бұл күн Ғабділмүтәліп ақсақалдың Мекке халқына ақсақал болып тұрған күні екен, төрт жүз түйесі бар екен. «Түйені қуып кетті!»- деген соң, «Мал ашуы — жан ашуы»-деген бар ғой, бой тоқтатып отыра алмады. Жақсы киімін киді,басына дағарадай сәлдесін салды, түйесіне мініп, Абыраһаға мал соңынан барды. Жолда жатқан қырық пілдің бастығы піл Махмұд ақсақалды көрген жерден: «Ақыр заман пайғамбарының бабасы» екендігін танып, басын төмен салып: «Жүре бер, ақсақал, саған жол бос!»- деген кісідей тырп етпей жата берді дейді.
Абыраһа пілдерінің сыйлағандығын көріп, ұшып тұра келіп,тағынан түсіп барып,қолынан ұстап көрісіп, сый-құрметпен тағының үстіне бірге алып шығып отырғызып:
– Жол болсын, ақсақал,жүрісіңіз жай, немене?- дейді.
– Шырағым, жол болса, мол болсын! Қу даң төлеңгіттерің төртті-бесті күн көріп, ауқат (арқат) кешіріп отырған мойнақтарымызды қуып кетіпті. Малсыз кісінің күні немене? Соны саған шағып келіп отырғаным ғой! — депті.
Абыраһа күліп:
– Ой, жарықтық, ақсақал-ай, біз сенің қаралдынды көрумен тойып, исініп, еміреніп қалып едік. Сөзіңді есіткен соң, карын ашты ғой. Мен үйіліп-төгіліп неменеге келіп жатырмын.Мына қара жабулы үйдің қарасын өшірейін, тып-типыл жоқ қылып, орнынан көшірейін деп келіп жатырмын ғой! Соның мән-жайына келген екен ғой десем,сырты төксе (түгіл), іші [боқ] мал үшін жүр екенсіз ғой!- депті.
Онда Ғабділмүтәліп айтыпты:
– А, балам, «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар!» деген. Ол үйде менің не жұмысым бар? Ол менің үйім емес,өзінің иесі бар. Ол өзі бір қу: жалғыз, онда не әке жоқ, не шеше жоқ, не туған-туысқан жоқ, не қатын, бала-шағасы жоқ. Біздің бауыр, ағайын, туысқанымыз емес. Құдай қосқан құда, құшақтасқан досымыз емес. Не ұлымның қайыны, не қызымның қайыны емес. Айдалада біреудің үйі үшін мені кіммен жауласып,кіммен қастасады дейсің. Төртті-бесті мойнақ күн көріп, ауқат кешіріп отырған малым, мен соның иесімін,сол малым үшін келіп отырмын. Айдаладағы біреудің үйінде не ақым бар? Үйіне иелік қылып, айырып алып қалса да, өзі біледі, саған беріп қоя беріп,бақырайып қарап отырып қалса да, өзі біледі.
– Иә, ақсақал, ертең біз сол үйге қол қоямыз. Сонда сен оған болысып, бізге, жасаққа қарсы шықпайсың ба? — депті.
– Жоқ, жоқ, шырағым, мен осы барған бетіммен үйін де, өзін де саған тастап, айнала жан-жараныммен, бау-шарбатыммен көшіп шығып кетсем, ризасың ба?- депті.
– Жарайды, ақсақал,онда сен табылмайтұғын жақсы кісі болдың!- деп, төрт жүз түйесін түгел алдына салып, айдатып қоя беріпті.
Ғабділмүтәліп түйесін айдап барып:
– Ал, қатын-қалаш, бала-шаға, ағайын-аймақ — бірің қалмай көшіңдер, шаһардан шығыңдар! Мынау өзі бізге сенемін деп, бізді бар екен, жан екен деп,үйінен айрылып қалмасын! Өз үйін қорғап алып қалса, қалсын, қалмаса, қойсын!- деп, қыбырлаған жан, тайлы-таяғына шейін қалмай жабырлап шығып жатыр дейді.
Абыраһа да қуанып, масайрап отыр дейді:
– Кешегі ақсақал сөзінде тұрарлық, жарайтын кісі екен!- деп.
Жұрт арылып шығып болды.Түн өтті, таң атты. Абыраһа:
– Ал, айдаңдар пілді! Үйге қол қойыңдар, орнында бір кірпіш қалмасын!- деп жарлық қылды.
Бір піл аяғын тырп етіп ілгері баспады. Көтінен кейін шалқалақтап шегіне берді. Аспаннан бұрын түсі-түгін, ажар-түрін адам көрмеген бір түрлі құс пайда болып, тұмсықтарында бір тас, екі аяқтарында екі тас дара бұршақтай жаудырып еді, кәпірлердің төбесінен [түскен] тас көтінен шықты, бықпырт болып, қырылды. Қыбырлауға жарарлық жан қалмады. Абыраһа көтенінен пісіп, бұтына тышып, қашып барады. Бір кұс төбесінде күйкентайдай ебелектеп, жанын қоярға жер таптырмай, қуып барады.
Нажашының алдына барып, не көрген, не білгенін о да асығып сөйлеп болды, құс төбесінен тасты тастап жіберіп, Абыраһа Нажашының алдына жалп ете түсті.
Манағы Меккеден көшіп шыққан ел қайта өз қоныстарына келіп,жаудан қалған олжаға шаш етектен ілініп, мәз-мейрам болысыпты.
Дәл осы оқиға болған жылда пайғамбар Мұхаммед — Мұстафа ғалайссалам ана қарнында екен. Шешесі Әмина пайғамбарды көтеріп, екіқабат буаз екен. Сонан сол жыл Ғараб жұртында «Піл жылы» деген жыл атанып, қурайышларда жазылып қалыпты.
Мұның қиссасы хақында Ләмтір, кәф сүресі келген. Тәпсірлерден қарап, ұзын әңгімесіне сонан қаныңдар!
Құдайдың құдіретінің шеберлігі сол — тастардың әрбірінде арналған жандардың аты жазулы екен дейді. «Әркім өз тасына ұшырамақ» деген сөз сонан қалған екен. Ондай көріне келіп төбесінен таспен қойып кетпегенмен, бұл заманда өз тасына ұшырайтұғындар аз емес. Құдай ісінде асығыс жоқ. «Күнбе-күн бола қоймады!»- деп, жұрт асығады. Жоқ, қашан да болса, Құдай құдайлығын бір танытпақ, барлығын өзі білдірмек, күштілігін көрсетпек. Мұхаммед пайғамбарға келген хатаб жалғыз Мұхаммедке емес, қиямет қайымғаша көктің астында, жердің үстінде болған іс — шынға!

Машһүр Жүсіп Көпейұлы 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *