ҚОЯНДЫ ЖƏРМЕҢКЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚ ӨНЕРІ


ҚОЯНДЫ ЖƏРМЕҢКЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚ ӨНЕРІ

Б.Қ.Қамзаев –
«Астана медицина университеті» АҚ Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы

XIX ғасырдың ортасына қарай орыс-қазақ саудасының ірі орталықтарының біріне айналған Семей өңірінде де тауарлық сипатқа ие болған қосымша шаруашылық салалары кеңейді. «ХІХ ғасырдың ортасында тек Семей қаласының өзінде мал шаруашылығының шикізатын өңдейтін 13, оның ішінде 5 тері өңдейтін, 4 сабын шығаратын жəне 4 балауыз шырағдан жасайтын кəсіпорын болды. 1858 жылы тері өңдеу кəсіпорындарынан 25 мың, сабын шығаратын кəсіпорындардан 1680, балауыз шырағдан кəсіпорындарынан 3,5 мың сом өнімі айналымға түсті»[1.15]. «1860-жылдардың басында Семейде 19 тері илеу, 5 сабын шығаратын, 4 балауыз шыраадан жасау кəсіпорындары болған. Бұл кəсіпорындарда жылдық айналым 82,926 сом күміс ақша өнімі көлеміне жеткен»[2.64]. Орыс саяхатшысы И.Завалишиннің Батыс Сібір өлкесіне қарасты Семей өңірін зерттеу еңбегімен салыстыра отырып, қосымша шаруашылық салаларының үдемелі сандық көрсеткішін айқын аңғаруға болады.
Қазақтар бірте-бірте рынок талаптарына бейімделді. «Степные ярмарки делились на две категории: летние и осенние. Если осенние проводились, как правило, в, полосе казачьих станиц и крестьянских поселков, то летние, выделявшиеся размерами своих торговых оборотов, тяготели к уездным городам. Из летних ярмарок наибольшее значение в регионе имели Константино-Еленинская в Акмолинске, Таинчикульская (близ Петропавловска), Петровская в Атбасаре и Кояндинская (Ботовская) в окрестностях Каркаралинска» [3, 2].
ХIХ ғасырдың аяғында бұл жəрмеңкелердің сауда айналымы үлкейді. Константино-Еленский жəрмеңкесінде 4 млн. рубльдей, Петровскіде 2 млн. рубльден жəне Тайыншакөлде 1 млн. рубльден аса ақша айналымы болды [4,3].
Маусымдық жəрмеңкелердің ішіндегі ең ірісі – 1848 жылы негізі қаланған, жылына бір рет, яғни, 25 мамырдан 25 маусымға дейінгі аралықта өткізілген Қарқаралы уезіндегі Талды өзенінің Қарасор көліне құяр тұсындағы Қоянды-Ботов жəрмеңкесі. Жəрмеңкенің ресми негізін қалыптастырған
Ялуторовскілік орыс көпесі Варнова Ботов бұл өңірде алғаш тиімді сауда келісімін жасайды. Варнава Ботов көбіне бекініске келушілерге арналған пошта үйінде тұрған. Болашақ жəрмеңкенің алғашқы құрылыс территориясы Павлодар мен Қарқаралы жолындағы Қоянды бекеті болатын. Осы бекетті пайдаланған Ботов Құлжа қаласынан Қапал, Аягөз, Бақанас арқылы Қызылжарға мал айдаған саудагерлермен айырбас саудаға түсті. Тұрмысқа қажетті тауарларын арзан мал жəне мал өнімдеріне, қолөнер бұйымдарына айырбастап, оны Қызылжар арқылы Ресей, Сібір мен Еуропалық бөліктердегі қалаларға жеткізді. Бұл əрекет орыс саудагерлері тарапынан бəсекелестік туындатып, Қоянды жеріндегі көпестер саны артты. Ресей мен Орталық Азияның түпкір-түпкірінен саудагерлер Қарқаралы жеріне ат басын тіреді. Павлодар, Семей, Омбы тəрізді ірі сауда орталықтарынан шалғай орналасқанымен Қарқаралы олармен транспорттық байланыста болды[4,3].
Орталық Қазақстанның көне қаласына айналған Қарқаралыдағы Қоянды-Ботов жəрмеңкесі кезінде ел экономикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан ірі сауда орталығы ғана емес, сонымен бірге қалың қазақтың жыл он екі айда бас қосқан қазақ өнерінің базарлы ордасы болды. Өнер саңлақтарының шыңдалу мектебіне айналды, өнерлерін ұштауға жол ашты[5,65]. Əйгілі ақындар Қамбар, Шөже, Кемпірбай, Нарманбет, Жанақ, Əсет, Мəди, сазгер, атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлы, белгілі күйші Тəттімбет тəрізді өнер тұлғалары жəрмеңке жұлдыздарына айналып, өз шəкірттерін тапты. Ел аузында жəрмеңкенің ашылуы жайында əртүрлі естеліктер бар. Соның бірі: жəрмеңке алаңындағы төрт жерге үлкен-үлкен қоңыраулар қағылып, Біржан сал өзінің атақты «Айтбай» əнімен ашылу рəсімін жасаған.
Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды – ту көтерген думан жерім.. Қарқаралы, сұлу Көкше – жер шоқтығы, Сарыарқа – алтын асу, асқар белім.
Жергілікті тұрғындар бəйге ұйымдастырып, шабармандар Бəйге төбеден Қарасор көліне дейін атты шабысқа салып, содан кейін ақындар айтысы басталған екен.
1880-жылдың екінші жартысында Əсет Найманбаев Арқаның əнші біткенінің Меккесіндей болған Қояндыға барып, өнер арқасында ақын қыз Рысжанмен айтысқа түсіпті. Айтыста Рысжан: Осы ма, атақтыңыз Əсет деген, Бере ме өнер пайда көрсетпеген.
Топастау, торшолақтау өзі біреу,
Мұны кім сөзбілгішке есептеген,- деп, жеке басына тиіскен кезде Əсет үндемей сабыр сақтап, кезегінде қарымтасын жібермей, ақыры бір-бірін жеңе алмапты,- деседі. Əлтеке-Сарым елінің белгілі биі, шешен Жанғұтты Ботантайұлы елінің əлеуметтік жағдайын ойлаған, басқару ісіне араласқан, ел билеген ірі адамдармен тең түскен. Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбаймен 1855 жылдың наурызында Санкт-Петерборда патшаның қабылдауында болған. Құнанбайдың Қарқаралы уезінде аға сұлтан болып жүрген кезінде бабамыз жас Абайды сынап көрген. Абайдың: Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы, Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы -деген жауабына риза болып, оны қатты қадірлепті. Өз тұсының Жиреншесі атанған Нарманбет Орманбетұлының Қарқаралы қаласындағы орыс мектебінде оқуын жалғастыру кезінде Абаймен танысады. 1905-1907 жж. төңкерістен кейін «Сарыарқаға қарасақ», «Қазақ елі біз тұрмыс», «Жақыпқа», «Мектеп бастығына» деген өлеңдерін жазады. 1916 жылы «Сарыарқа сайран жерім-ай», 1917 жылы «Тілекті хақтың берген күн», «Даусың қалай ашылды?» өлеңдері жарыққа шығып, жəрмеңке арқылы кеңінен тарауға мүмкіндік алады. Ұлы М.Əуезов: «Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Ыбырай, Мəшһүр-Жүсіп, Нарманбеттерді алу керек. Ол дəуірдің ақындары жазба əдебиетінің басы екендігі даусыз»-деп əділ баға береді. Қоянды жəрмеңкесіне ұлы Абай да қатысқан. Қазақ халқының композитор-күйшісі, шертпе күйдің шебері Тəттімбет Қазанғапұлы жəрмеңкеде өнер көрсеткен. “Сылқылдақ”, “Сары жайлау”, “Балбырауын” күйлері жəрмеңке арқылы қазақ жеріне тарады. Музыка зерттеушісі Затаеевич, Ерзакович еңбектерінде, А.Жұбановтың “Əн-күй сапары”, С.Бегалиннің “Сахара сандуғаштары”, А.Сатаевтың “Дала күйлері” еңбектерінде Тəттімбет жайлы қызықты деректер кездестіруге болады.
«Жезтаңдай, мен қазақтың Шашубайы, Кіреді сөйлеп кетсем сөз шырайы.
Жамбылмен үзеңгілес сұңғыламын ,
Саңылақ деп үкілеген ел шынайы,»- деп арқа даласын əні-жырға бөлеген Шашубай ақын Қоянды жəрмеңкесінде Біржан сал, Ақан сері, Кемпірбай, Шөже, Жаяу Мұса, балуан Шолақ, Жарылғапберді, Ғазез, Мəди сынды өнер саңылақтарымен үзеңгілескен. Қоянды жəрмеңкесінде Біржан сал Шашубайға:
Арқада кім тумаған, өнер кернеп, Сайрадың сырнайыңды көпке сермеп.
Тартынба, талабыңды тарықтырма,
Айта бер, өрістетіп əннен өрнек- деп, батасын беріпті.
Айтушылар Шашубай Қоянды жəрмеңкесінде ат үстінде түрегеліп тұрып, қашып жүріп, гармонға қосылып өлең айтады екен, жəрмеңкедегі жұрт қуып жүріп тыңдайды екен,- дейді. Біржан сал, Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстандардың өнер мектебінен шыңдалса, өзінің алған өнегесі мен композиторлық өнерін Жаяу Мұса, Қанапия, Құлтума, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазез, Естай, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді сынды ақын-əншілерге бере білген. Арқаның белгілі əншісі-Сəтмағанбет Қояндыда Ғазез, Қапаш, Жаяу Мұсалармен кездескен. 1914 жылы Бекайдардың Дəулетімен үлкен айтысқа түседі. Айтыс ақыны, жырау Жанақтың Түбек ақынмен айтысы, «Шұбарым, арғымағым, кермаралым», «Баласы Санияздың атым Қамбар», «Мен едім Айдаболға келген Жанақ», т.б өлеңдері, «Ақтанбай төреге», «Айдабол шоңға», «Бараққа» деген толғаулар бүгінгі күні бізге жетіп отыр. «Қозы Көрпеш- Баян Сұлу» жырының Жанақ айтқан нұсқасын Абай Қарқаралыда орыс əрпімен қағазға түсіріп, 1884 жылы көрнекті орыс ғалымы Г.Н. Потанинге сыйға тартқан. Н.Я. Коншин Орыс географиялық қоғамына тапсырған өлеңдер жинағындағы нұсқаларында Жанақ жырларын негізге алған. 1862-жылы Ш.Уəлиханов көне жырдың барлық нұақаларын Жанақтан жазып алған.
1923-жылы Қоянды жəрмеңкесі сауда да ғана емес өнер əлемінде де өзінің екінші серпілісін бастады. Жəрмеңкеге атақты адамдар қайтадан тартылды. Атақты жазушы С. Мұқанов “Өмір мектебі” романында: “Қазақтың көптеген “ жəрмеңкелік артистерінің” бет пердесін ашуға осы Қоянды да себеп болғанға ұқсайды”-деп əділ баға береді.
Əміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтпаев, керекулік əнші Майра Уəлиқызы, Мəди Бапиұлы тəрізді əншілер, суырып салма ақын Иса Байзақов, балуан Қажмұқан Мұңайтпасов, сиқыршыакробаттар З.Құлсейітов, О.Əбдиев (Қара Омар, кей деректе Жынды-Омар), əзіл-сықақ саханасының шебері Қалибек Қуанышбаев көпшілікке осы жерден танылды. Қоянды жəрмеңкесінің өмірімен жазушылар М.Əуезов, В.В.Иванов, С.И.Бегалин, Н.И.Анов жəне ақын П.Васильев таныс болды. Даңқы жер жарған балуан, əрі ақын, əрі əнші, əрі композитор Нұрмағамбет (Балуан шолақ) талай рет күш қайратымен жұртты таң қалдырған. М.Тоқжігітовтың «Күш атасы» естелігіне сүйенсек: “Балуанмен 1925 жылы Қоянды жəрмеңкесінде кездесіп, табандаған 1 ай қасында болдым. Қажекең цирк балуаны болған соң, əрине, үйде отырмайды. Ел аралап кетеді. Шет елге де барып жүрді. Анда-санда Семейдегі цирк үйінің қонағы болып, айлап жататыны да бартын” [5,66].
Қырық тоғыз жасында Қояндыда француздың Карон дейтін балуанымен күресіп, қабырғасын қиратқандығын оның:
Бұл күнде 49-да менің жасым, Ардақты ел ішінде менің басым.
Қалтамнан 75 сом залог салып,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын,-
деген өлең жолдары айғақтап отыр. Нұрмағамбет (Балуан Шолақ) бірбеткей күші иесі ғана емес, сонымен қатар Біржанның, Ақан серінің əндерін бабына келтіре орындаған жəне насихаттай білген. «Үні де денесіне сай күшті болған. Ол əсіресе драмалық, күшті қажет ететін шығармаларды сүйеді. Ел аралайды. Шолақ жалғыз емес, өз алдына бір «ансамбль» болып жүреді. Кей деректер бойынша Шолақтың ансамблі қазақ даласында бірінші рет кейбір əндерді зор болып, қосылып орындаған. (Əрине, жалғыз дауысты-унйсон),»-деп А.Жұбанов ағамыз өз еңбектерінде көрсетіп өтеді.
Табыс, күш Балуан Шолаққа бедел мен қатар көкірек те берген. Қояндыдан қалған
Мен Шолақ жас басымнан болдым ояу, Оң қолым отқа күйіп болды қаяу.
Тал түсте Қояндының базарында,
Қырық сан өгіз сатқан мені қой-ау, — деп айтылатын өлең жолдары бар. «Күш атасы»
Қажымұқанның осы жəрмеңкеде Балуан Шолақпен белдесіп, күш-сынасқысы келеді, бірақ жақын таныса келе бұл ойынан қайтыпты. 1925-жылы өткен Қоянды жəрмеңкесінде алып күштің атасы Қажымұқанның көрсеткен өнерін дүние жүзінің бір қыдыру елі тамашалады. Қояндыда бақ сынынан өткен Қажымұқан 1901-жылдан кəсіби палуандық жолға түседі. 1911- жылы Стамбұлдың атақты палуаны Нұрлыны жеңіп, “қажы” атанған. (Палуандардың Геркулес журналы палуандық асқан қасиеті үшін “қажы” есімін берді) И.Поддубный, И.Шемякин, Алекс Аберг, И.Заикин, Георг Лурих, Г.Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Щульц тəрізді күрес тарландарымен тең дəрежеде болып, “күш атасы” атанған.
Қазақ халқының біздің ғасырда əйелден шыққан əйгілі сырнайшы, домбырашы, əнші, композиторы – Уəли қызы Майраның халыққа кең таралуына осы жəрмеңкесі себеп болған. 1925 жылдың жазында Майра Уалиқызы ақын Иса, балуан Қажымұқанмен қатар Қоянды жəрмеңкесінде өнер көрсетеді. Осы сапардан «Даланың əні» деген əні қалады. Тəжірибесін кеңейту үшін ел аралап, сапарларға шыққан. «Шығармашылыққа берілген, қызу мінезді, əртістік қабілеті бар əйелдің еркін, тəуелсіз характері, əсіресе, даңқы шығып, жеңістен-жеңіске ие болып тұрған кезінде, оның істеген ісінің бəрі де шығыс халқының езіліп келген əйелдерінің салтына қарама-қарсы келетін. Сондықтан, мұндай əйелдерді тым еркін, бетімен кеткен, жүгенсіз деп қана бағалайтын,»-дейді А.Затаевич. А.Затаевич Майраның орындауындағы «Мақпал», «Көкмайса», «Қарағым-ау», «Қаракөз», «Баянауыл», «Телқоңыр», «Даланың əні», «Құрбым-жай», «Алқарағай көк», «Хұсни құрдас», «Смет» нотаға түсірген. Атақты əнші, қазақтың ұлттық театр өнерінің негізін салушылардың бірі –Əміре Қашаубаев 1917-жылдан өнер жолына түседі. Кедейліктің дəмін ерте татқан Əміре жаңа Семей қаласында Исабек байдың (кей деректерде Қаражан байдың) ат айдаушысы болған. Əміре қожайынымен есеп айырысып, Семейден Қояндыға сапары шегеді. Бұл əн сапары музыка жəрмеңкесіне тартқан үлкен, игі сапар болады. Себебі, Əміре саңылақ, топтан озған əн иелерімен кездеседі. Аға əнші, баянауылдық Жаяу Мұсамен, əншілер Мəди, Ғаббас, Қали жəне қараөткелдік Сəтмағамбетпен танысады. Əміре Қояндыны аралап, базар-жəрмеңкенің туы болады. “…Кездеме базарынан шеткірек тігілген ақ боз үйлерге таяп келдік. Ақбілек деген кермиық келіншектің қымыз сатып отырған алты қанат ақ үйінен тамылжыған əн естіледі. Ғажайын əуен бойды баурап, жүрек қылын шертіп, қиял құсын аспандата түсті. Үй маңайы толған адам. Əн салып отырған атақты əнші Əміре Қашаубаев. Баянға қосылып «Қарғаға» басып отыр. Оның даусының құдіреттілігі сонша, тыңдаған жанның денесі ұйып қалатындай. Əміренің қасында қапсағай денелі Қали Байжанов отыр. Əміре əнін аяқтап, Қалиға қарады. “Ал енді сен шырқа” деген ишараты еді бұл Əміренің…” [4,4]. Семей əндерінің Баянның, Көкшенің, Ақмоланың əн дəстүрінен айырмасы бар екендігін сезінген ол өзінің стилінде орындауға күшін салған. Əміренің Қояндыға келуі өмірдегі үлкен жаңалығы болды. 1927 ж. сəуірде Москва консерваториясында, Германияның Майндағы Франкфурт қаласында қазақ əндерін жұршылыққа паш етті. 1922 жылы Қоянды жəрмеңкесінде Қазақ автономиясының бір жылдық тойын өткізгенде режиссер, актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушыларының бірі, көркемсөз оқудың шебері, қоғам қайраткері Қуанышбаев Қалибек М.Əуезовпен танысады. Қалибек Қуанышбаевта көп күнге созылған қызу жəрмеңкенің талай кештерінде дауысын бірде – балаша, бірде – кемпірше, бірде – шалша, ал енді бірде – жігітше болып құбылтып, талай қызық ойындар көрсетіп, тыңдаушылардың күлкіден езуін жинатпайды екен. Қалибек Зəрубай Күлсейітов, Ахмет, Ғаббас Айтбаев сияқты өнерпаздармен бірге өзінің «Қарабай», «Сарыбай», «Қыз ұзату», «Хан күзету» іспетті шағын сахналық ойындарын көрсетеді. Осында Ғаббас бірінші бəйге алады. “Ғаббастың əкесі Айтбай да Арқаның атақты əншісі, əрі əн дүлдүлі Біржанмен үзеңгілес болған. Біржанның ..Базарың құтты болсын, ардақты елім!-деп басталатын «Айтбай əні» осы кісі есімімен байланысты шығарылғаны жөнінде өнер шежіресінде мəлімет бар” [6,35].
Суырыпсалма ақын, үлкен əнші Иса Байзақов Қоянды жəрмеңкесінде:
Домбыра екі шекті ішің қуыс, Ызботтан сөзім шықсын уыс-уыс.
Майра апам домбыраны алып берді,
Исадан түні бойы болмас тыныс, -деп Майрамен əн жарысқа түскен.
Жəрмеңке құтты болсын Советский, Сіздермен кез боп қалдым өңмен түстей. Жынды Омар, Зəрубай мен Қалибекті, Ұмытпан мен де сірə жанар өшпей.
Қоянды қызыл тулы тұрған жайнап,
Неткен ел сейіл-серуен, салған ойнақ,- деп Иса «Желдірмесіне»салады. Қали
Байжанов Исамен Қояндыда бірінші рет осылай кездеседі. Біржанның «Жанботасын», Ақанның
«Көкжендетін» өзінен естіген, Жаяу Мұсамен де кездеседі. Қалидың репертуарына Жаяу Мұсаның, Біржанның, Ақанның əндері енеді.“Қалекең домбырасын күмбірлетіп алып,“Шамаға” баспасын ба? Сазды əуен алғашқы да аспанға өрлеп, шаңырақтап кетеді де, онан кейін самал салқыны леп болып еседі, енді бір мезетте ғашықтың сырын сыбырмен білдіреді. Не деген əдемі дауыс, не деген сиқырлы нақыш, не деген кең тыныс! ”[7,3]. Қазақстанда аты белгілі əншілердің бірі — Ғазез. Оның «Мұқыш қыз», «Қарақат», «Шалқыма», «Көктің көлі», «Қоңыр», «Қарындаш», «Ақ еркеш», «Қарағайды», «Қайран Мұқыш», «Төрт Райхан» əндері өзінің асқан орындау шеберлігімен ел аузында қалған. Ғазез қазақтың тек мал, дүние жəрмеңкесі ғана емес, өнер жəрмеңкесі болған Қояндыда талай рет болады. 1924 жылы Əлімхан Ермектовтың басшылық етуімен ашылған педагогикалық училищеде С.Торайғыров, М. Əуезов, Б. Майлин шығармалары сахнаға шығады. Қазақтың тұңғыш ұлттық театры да Қояндыда дүниеге келді. Қазақ театрының тұңғыш туы Қарқаралыда көтерілді. М. Əуезовтың «Еңілік Кебектегі» Қарамеңде Қалибектің сахнадағы тұңғыш рөлі. Халқымыздың ардақты ұлдары Əлихан Бөкейханов та, Жақып Ақбаев та, Əлімхан Ермеков те жəрмеңке қызықтарын тамашалаған. Халықтың келешегі мен жарқын болашағы үшін күресіп өткен алаш ардақтылары Қоянды жəрмеңкесіне көп үміт артқан. Демек, жəрмеңкенің қазақ тарихында алар орны мен ерекшелігін айқын байқауға болады. Қоянды жəрмеңкесі халықтың даму, жаңа бір сатыға көтерілу тарихында аса маңызды да күрделі міндетті рөл атқарған.
Атақты Қоянды жəрмеңкесі дүрілдеді, гүрілдеді, өз тарихын аяқтап тынышталды. Егер, тарих беттерін əділдікпен парақтасақ, Қоянды жəрмеңкесі ел тарихының экономикалық-əлеуметтік жəне саяси дамуында үлкен тарих жүгін көтерді. Қоянды орталық Қазақстан өңірінің мəдени құрылысына өз ерекшелігімен кірді, Сарыарқа жерінің алғашқы бизнес жəне өнер қарлығаштарын қалыптастырды. __________________
1. Дильмухамедов Е.Д., Маликов Ф. Очерки истории рабочего класса дореволюционного Казахстана. — Алматы, 1963. — 15 б.
2. Ермек Балташұлы. Азия Транзит №7 (64 б). — Қарағанды, 2005.
3. Тоқжігітов М. // Орталық Қазақстан. — 1977. – 21 сентябрь. — 2 б.
4. Садықов Қ. Дауылпаз əнші // Орталық Қазақстан. – 1977. – 10 апереля. — 3-4 б.
5. Сауғабай К. Азия транзит №8 (65-66 б).-Қарағанды, 2005.
6. Щеглова К. Ярмарки юга Западной Сибири в ХІХ-начале ХХ в. — Барнаул, 200. — 35 б.
7. Тайшыбаев З. Асқақ дарын иесі//Орталық Қазақстан. – 1977. – 29 апреля. — 3 б.

Резюме
В середине XIX и начале XX века одной из ярмарок степного края являлся Коянды. Ярмарка играла важную роль в развитии индустрии Центрального Казахстана. Поднялась экономика Каркаралинского уезда, получило развитие народное искусство, появились знаменитые личности казахского искусства.

Summary
Quyandy was one of the bazaars, which was existing by mid-nineteenth and twenties century. It’s role in development of central Kazakhstan industry was very considerable, as It helped to increase the economics of Qarqaralinsk.
Trading center Quyandy has a special role in supporting of national art, which lead to great names in Kazakh art appeared.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *