ҚОНАҚТЫҢ АҚЫЛЫ
Ертеде бір хан болыпты. Ханның үйіне бір қонақ келіп қонады. Хан қонағына:
– Жақсы мейманым, әңгіме айт!- дейді.
Онда мейманы айтады:
– Әңгіме айт десеңіз, айтамын ғой. Бірақ айтқан әңгімемнің бір ауызына бір ділдадан беретін болсаңыз, айтам,- дейді. Хан ойланып отырады:
– Япыр-ай, айтқан сөздің бір ауызына бір ділдадан бере берсем, мұнымен көп ақшам шығады. Екіден, айтқан сөздің бәрі бір ділдадан болатын қандай сөз болады?- деп ойланады да,- Кәне, айтшы сөзіңді, — дегенде, мейман айтады:
– Не жұмыс істесең, артын ойлап істе! — дейді.
Хан бір ділдаға сатып алып, осы сөзін өзінің үйінің ішіндегі барлық нәрселеріне жазып қояды. Үйдің ішінде, тысында, орамал, дастарқанда, үй ішінің барлық нәрсесіне жазып қояды ұмытпау үшін. Ханның қан алатын дәрігері болады. Өзінің бірден соңғы уәзірін жібереді.
– Барып дәрігерді шақырып кел! — деп.
Уәзірі шақыра келіп, дәрігердікіне қонақ болып қонады. Түнде төсекке жатып, жайланып жатқан соң, уәзірі дәрігерге әңгімелесіп айтады:
– Мен сенімен дұрыс боламын. Сен менің айтқанымды қыламысың? Сен менің айтқанымды істесең, менімен дос болсаң, мен ханның орнына хан боламын. Сен менің орныма уәзір боласың. Сен көп ойланғанды, менің айтқанымды істесең болды, — дейді.
Дәрігер көп ойланып тұрады да, амалсыз уәзірден қорыққанынан:
– Айтқаныңызды істейін, — дейді.
– Айтқанымды істесең, ертең шашын алған болып, ханды өлтір есебін тауып. Егерде осы менің айтқанымды орындамасаң, сені мен өлтіремін! — деген соң, амалы бар ма, ханды өлтірмек болып, уәдесін береді. Бірақ та уәзірге айтады:
– Мен өлтіргенде, қалай өлтіретін әдісін өзің тап, — дейді.
– Мен өзім тапсам, мен[ің] ұстарама у жағып, сенің қолыңа беремін. Сен сонымен қанын алсаң, хан өледі.
Уәзірмен уәдені бекітіп, ханның қасына келіп, қанын алмақ болып, ханның үй ішіндегі нәрселеріне көзі түсіп еді. Барлық нәрселерінде жазылған: «Не істесең, артын ойлап істе!» — деген жазуға көзі түсіп, мұнан ғибрат алып: «Мен де не істесем, артын ойлап істеуім керек екен!» — деген ойға түсіп, ойланады. Қолындағы у жағылған уәзірдің ұстарасын былай қояды да, бұрынғы өзінің ұстарасын алып, қанды сонымен алмақшы болады. Хан мұның бәрін көріп отыр, ана уәзірдің ұстарасын былай қойып, өзінің ұстарасын алғанына хан сезіктеніп:
– Анау ұстараны неге былай қойдың? — деп, хан тексеріп сұрады, — Сенің ұстараң бұрын біреу болушы еді. Бүгін неге екеу болды? Себебі не? — деп,қазбалап сұрай бастайды. Олай-бұлай жалтақтап, қиқақтап, қипақтап еді, хан айтты:
– Шыныңды айтсаң, құтылдың, өтірік айтсаң, тұтылдың! Береке шында емес пе? Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. «Аққа қара жоқ, // Қараға шара жоқ!» — деген, — деп, сөзден ұтып, апшысын қуырып, қол-аяғын бір-ақ уыс қылып, жаллатларын (жендеттерін) шақыртып алып:
– Шынын айтпады,мынаны дарға тартыңдар! — дегенде, дәрігер ойланып:
– Тақсыр хан, аз ғана аял берсеңіз, айтайын шынымды. Айтпасыма болмады, — деп, бастан уәзірдің айтқан жұмысының бәрін айтып бергенде, хан мұның ықтиярсыз қорыққанынан істегеніне көзі жетіп, мұны босатады да, уәзірді дарға тартқызып өлтіреді. Дәрігерді уәзірдің орнына уәзір қойыпты.
Ханның өлмеуіне, мынаның өлтірмеуіне себеп болған: «Не істесең, артын ойлап істе!», -деген жазудың көзге түскен себебінен болғандай болады. Шықпас жанға аз бір айла, ажалсызға бір себеп болмақ.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы