ХІХ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫ МЕН ХХ Ғ. БАСЫНДАҒЫ ЖҰТТАР /СЫРДАРИЯ, ЗАКАСПИЙ ОБЛЫСТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ/
С.С. САЙФУЛМАЛИКОВА — т.ғ.д., Академик Т.С.Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасы, Абай атындағы аз ПУ
ХІХ ғасырдағы көшпелі жəне жартылай көшпелі мал шаруашылығы жерге жəне табиғатқа тəуелді болды. Көктің аз шығуы, жазғы ыстықтан шөптің күйіп кетуі, қыстың ерте түсуі, шамадан тыс жауған қар жəне оның үстінен жауған жаңбыр салдарынан болған табиғаттағы құбылыстардан мал тебіндей алмай қырылды. Қазақ тарихындағы зардап əкелген жұттар он-он екі жыл аралығында қайталанып, көбінесе қоян жылына сəйкес келіп отырған. Мұндай жұттарда малдың 50%, кейде 90% дейін қырылған кездері болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы жұттар 1867-1868, 1879-1880, 1890-1891, 1898-1899, 1901-1902, 1910-1912 жылдарға сəйкес келді. Бұл жұттардың ішіндегі 1879-1880 жылғы «ұлы қоян жұты»,1898-1899 жылғы «доңыз жұты» Сырдария облысына, ал Маңғыстау, Красноводскі уезіндегі қазақтарға 1890-1891 жылғы «кіші қоян жұты», мен 1910-1912 жылғы «доңыз жұты» өте ауыр тиді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жұттардың қиын болуы тек табиғат салдарынан ғана емес, сонымен бірге Ресей енгізген əкімшілік реформалардың қазақ қоғамына əкелген жаңа өзгерістерімен жəне жаппай қазақ жерінің алынуы, қоныстандыру саясатымен басталған қазақтың дəстүрлі мал шаруашылығының құлдырауымен де ұштасып жатты. Мұны əкімшілік басқару аппаратындағы жекелеген адамдардың сол кезеңдегі сыни көзқарастарынан да байқауға болады.
1867 жылы əкімшілік басқару жүйесіндегі реформалардың негізінде енгізілген болыс, ауылдық бөліну жүйесі қазақ қоғамында рулық құрылым жүйесін жоя бастады. Болыс құрамына бірнеше ру біріктірілгеннен кейін, бұрынғы саяси құрылым жүйесі, яғни қазақ қоғамындағы рулық тұтастық жойылды. Ғасырлар бойы сақталынған рулық жүйенің жойылуы, көшпелі қазақтардың мал шаруашылығының құлдырауына, яғни əрбір қазақтың өз руласына, ағайынына көмек көрсету мүмкіндігін шектеді. Қазақтардың санасындағы өзара «көмек көрсету», «ауызбіршілік», «сауын» «жылу» сынды санаға сіңген ұғымдардың біртебірте маңызының бұрынғыдай болмауына, керісінше рулар арасындағы қайшылықтарға алып келді. Рулық құрылым сақталынған кезде əрбір қазақ жұт жылдары малы қырылған өз рулас ағайынына көмек көрсетіп, қиындықтан алып шықса, енді бір ру құрамы əр түрлі рудан жəне өз руластары, туысқандары басқа болыс, немесе уез құрамына бөлініп кеткендіктен ауқатты отбасылардың жұт кезінде көмек көрсетуге мүмкіндігі болмады. Саяси өмірдігі өзгеріс көшпелі, жартылай көшпелі мал шаруашылығының құлдырап, қазақтардың экономикалық жағдайының төмендеп кедейленуіне, тіпті кейбіреулерінің қайыршы халге жетуіне алып келді. Қазақтардың экономикалық жағдайының құлдырауының негізгі себептері сол кезеңдегі баспасөз беттерінде сыналыпта жатты.
Н. Васильевтің мəліметіне сүйенсек, Сырдария облысындағы мал саны 1870 жылы 6.388.220 бас мал, 1877 жылы — 4.113.999- бас мал, 1885 жылы- 2.754.700 бас малға жетіп, он бес жыл аралығында 132 % төмендеген [1, 45-б]. Ол қазақтардың кедейленуінің себептеріне мынадай анықтама береді: — «Бұл негізінен құрамдас бөліктерге бөліну салдарынан жүрді; біріншіден, кез келген жеке индивидум қоғам, болыс, ауыл, түземдік əкімшілік алдында толықтай қауқарсыз болып қалды. Оның қауқарсыздығы саяси құрылымның өзгеруінен басталды, рудың саяси-экономикалық бірлік ретіндегі тұтастығы жойылып, қауым жеке адамды қорғау мүмкіндігінен айрылды. Екіншіден, бұрынғы натуралды шарушылық күрт өзгеріп, зекет орнына мал санына қарай ақшалай салық төлей бастады; үшіншіден, қыс айындағы малдың қырылуы; төртіншіден, Закаспий темір жолының салынуымен керуен тасымалы құлдырап, қазақ үшін қосымша табыс көзі жойылды» — деп талдау жасайды [1, 47-б]. Біздер қараған Алматы, Ташкент, Орынбор мұрағат қорындағы деректер де Н.Васильевтің берген обьективті бағасының шындығын дəлелдейді. Автор рулық тұтастықтың жойылуы қазақ ауылының саяси жəне экономикалық жағынан құлдырауына негіз жасағанына дұрыс анықтама берген. Рулық тұтастықты жоюдың қате болғандығын Аничков та сынаған болатын [2, 87-б].
1867-1868 жылғы реформадан кейін болған ең ауыр жұт 1879-1880 жылға сəйкес келіп, бүкіл Қазақстан аумағын қамтыған фронталды жұт болды. Бұл жұт қазақтардың өмірінде өшпестей із қалдырды. 1879 жылы сəуір айында-ақ, Түркістан, Шымкент уезінің басшылары көктің шықпағанынын хабарлап жатты. Уездегі қазақтар жан сақтау үшін, таулы аймақтарға жəне Түркістан, Шымкент қаласы мен оның маңындағы қышлақтарға қарай ағылды.
Түркістан генерал-губернаторы фон Кауфман уездегі болыснайларға басқа болыс малы жайылған жағдайда оларға əрбір 100 қойдан 10-20 бас мал алуға рұқсат берді [3, 75-б]. Генералгубернатордың бұл саясаты таулы аймақтарға қолайлы болғанымен, керісінше көк шықпай басқа болысқа көшіп жан сақтамақ болған қазақ ауылдары үшін аса ауыр болды.
1879-1880 жылы жұтта Сырдария облысының қазақтары қатты зардап шекті. Түркістан уезінің бастығына болыснайлар халықтың жағдайы жөнінде былай деп хабарлады:-«Уез халқының мұндай бейшара халге жеткен кезі бұрын болмаған. Мыңдаған адамдар малынан айрылып, егін шықпай өте арзан бағаға киіз үйін сатып, Түркістан қаласы мен оның маңындағы қышлақтарға ағылуда» [4, 88-б].
Жұт жылдарында қазақ аштықтан қырылып, үдере көшіп жатқанда Шымкент, Түркістан уезіндегі сарттардың жағдайы керісінше жақсара түсті. Деректерге жүгінсек, 1879-1880 жылғы жұт жылында сарттар жоңышқа пұдының бағасын 1 рубльге, нанның бағасын 10 есеге дейін өсірген. «Қазақтардың қымбат алуға мүмкіндігі жоқ, сарттар олардың қиын жағдайда қалғанын пайдаланып қанауда» — деп жазды сол кезеннің хроникаларында [4, 90-б].
Торғай, Ақмола облысы қазақтарының дəстүр бойынша Сыр бойындағы қыстауларына көшіп келе бастауы да, осы жылы Перовскі уезіндегі қазақтардың жағдайын одан əрі қиындатты, өйткені 1879 жылы желтоқсанда Перовскі уезінің аумағына қазақтардың үлкен шоғыры түйісті. Перовскіде астық бағасы-3 рубль 50 тиын, Түркістанда- 2 рубль 50 тиын, Шымкентте-2 рубльге жеткенде, Хиуада-40 тиын, Бұхарада 50 тиын тұратын [4, 90-б]. Халық аштықтан қырылып уез басшылығын қиын жағдайда қалдырды.
Сырдария облысында кестеде көрсетілген уездердің өзінде ғана 2,5 миллионға жуық мал қырылды, яғни барлық малдың 64,4%, жеке уездер бойынша Қазалыда-71%, Перовскіде-59 %, Түркістанда- 87%, Шымкентте-79,7 %, Əулиеатада- 43,2 % қырылған, сонымен бірге астық түсімі де төмен болды.
Сырдария облысында ашыққан халықтың басқа аймақтарға көшу үрдісі басталды. 1880 жылы Түркістан уезіндегі Қоңыр-Маңғытай болысынан -51 адам, Сары болысынан-86 адам, Маңғытай-Саңғыл болысынан — 66 адам, Алтыата болысынан-34 адам, Жаманбай болысынан108 адам Бұхараға көшіп кетті. Негізінен көшкендер уездегі ауқатты қазақтар болатын жəне көшуге үгіт жүргізген Бедембай Сүгіров, Бақан Шақабевтар болды деп көрсетіледі [5, 15-б].
Жұт жылдарынан кейін қазақтардың салықтарды төлеу мүмкіндігі шектеліп, мемлекетке қарызы көбейді. Мысалы, Қазалы уезі — 8465 рубль, Құрама уезі-325066 рубль, Түркістан уезі — 95264 рубльге жетті. 1880 жылы 13 желтоқсанда Түркістан уезіндегі Божбан болысының би, старшиндары салық бойынша қарызын төлеу уақытын созуға өтініш білдіреді. 1881 жылы Түркістан генерал-губернаторы фон Кауфман олардың өтініштеріне байланысты 53724 рубль қарыз ақшаларын төлеу мерзімін 5 жылға ұзартты [6, 18-б].
Жұт кезінде Қазалы қайырымдылық қоры аштыққа ұшыраған жергілікті қазақтар мен орыстарға көмек көрсетті. Комитет мүшесі И.В. Аничков, уез бастығының көмекшісі капитан Эггерт қаңтардағы қақаған қыста Қарақұмдағы аштыққа ұшырап, қырылып жатқан қазақтарды құтқару үшін астықпен аттанған. Комитеттің келесі бір мүшесі Г.Г. Хусайнов қыс бойы өз есебінен 300 –ге жуық кедей қазақтарды тамақтандырған [7, 162-б]
1882 жылы Қазалы уезіндегі Ақтоғай, Сарытоғай болысының қазақтары жұттан кейін малының қырылуына байланысты болыстағы жердің егістікке қолайсыздығына байланысты басқа болыс құрамына қосылуға өтініш білдірген [8, 1-б].
Жұт тарихында кейбір жұттар тұтастай бүкіл Қазақстан аумағын қамтыса, кейбір жылдары белгілі бір жердің шеңберін қамтыған.Мысалы, 1890-1891 жылы жəне 1898-1899 жылғы локальді жұтта Қазалы уезінің Қарақұмда қыстайтын қазақтары көп зардап шексе, керісінше қыстауы Қызылқұмдағылар жұттан аман-есен шықты. Қарақұмдағы қазақтар жылқының 90%, қойдың 80%, түйенің 60% айрылды [1, 53-б]. Ауқатты бір қазақтың отбасы 150 жылқы, 80 түйе, 300 қойынан айрылып, бала-шағасымен жаяулатып почта станциясына жеткен. Ашығып жеткен қазақтардың малын Орал казактары 25-50 тиыннан сатып алған [9, 74-75 б]. Жұтта ұшыраған негізінен Қазалы уезінің Қызылқұмдағы қыстауға көшетін Көшербай, Заңғар, Қалымбас, Қарабастоғай болыстары мен Қорғаншы, Қаракөл, Райым, Шыбынды, Ақтоғай, Сарытоғай болыстарының кейбір бөлігі болды. 1889 жылы Амудария бөлімінің Мыңбұлақ болысындағы Қызылқұмда 21000 қой мен 400 түйе қырылды [10, 15-б].
1898 жылы жұтқа ұшыраған қазақ ауылының жағдайы жөнінде мəлімет алуға Түркістан бөлімінің салық инспекторы аттадырылды. Ол негізінен Қарақұмдағы қазақтардың жұтқа ұшырағанын, ал Қармақшы ауданындағы жұттың салдары аса ауыр болмағаны жөнінде мəлімет жеткізді. Қармақшы ауданындағы жұттың аса ауыр болмауының себептері; 1) Қызылқұмдағы қыс жұмсағырақ болды; 2) малдың қыстық азығына қамыс жиналған; 3) астықтың аздығынан көлдегі балықпен жан сақтаған [9, 75-б].
Салық инспекторы жұтқа ұшыраған Қарақұмдағы қазақтардың тез жағдайының түзелгеніне таңданысын білдіріп, мұның себептеріне мынадай анықтама жасайды; «Қардың көп жауғанынан көк мол шығып, мал тез қоңданды, жүнді астыққа айырбастаудың мүмкіндігі туды. Мүлдем малсыз қалғандардың басына қайта мал пайда болып, шаруашылығы оңала бастады. Жұтқа ұшыраған қазақтың тез жағдайының түзелуінің себебі маған құпия болды. Уез əкімшілігі қазақтарға берілген ссуда есебінен деп көрсетеді. Қазақтарға берілген 20 мың рубль жəрдем ақы, əрбір түтінге шаққанда 1 рубльден ғана келеді. Берілген ақшаның салықтарды төлеуге, почта жолдарын жөндеуге кеткені белгілі. Шын мəнінде Қарақұмдағы қазақтардың шаруашылығының оңалуының сыры, Қызылқұмдағылардың көмегінің арқасында болды. Қазақ қоғамындағы рулық бірліктен бастау алатын, өз ара көмек оларды қиындықтан алып шықты. Өкінішке орай, жыл өткен сайын, рулық негіз, рулық бірлік құлдырауда, мұның табиғи жағынан жойылуына орыстар ықпал етуде. Олардың қазақтарға өз билігін орната отырып, рулық құрылымды жойып, əртүрлі ру қосындысын болыстарға біріктіруі, бір рудың күшейіп, қалған руларды ығыстыруына, əлсіз рулардың кедейленуіне алып келуде. Əлі де болса жекелеген болыстағы рулық бірліктің сақталынуы өз ара көмек көрсетуге мүмкіндік беруде» [9, 76-б] Салық инспекторларының пікірі жоғарыда көрсетілген Васильевтің берген анықтамасымен бірдей.
ХІХ ғасырдың соңына қарай жұт кезіндегі қазақтардың қиындыққа ұшыруына рулық бірліктің жойылуымен бірге Ресей үкіметінің жерге қатысты шығарған заңнамалық құжатары да ықпал жасай бастады. Мұны 1898-1899, 1900-1901 жылғы локальді жұт кезіндегі Ташкент, Əулиеата уезі, Амудария бөлімдеріндегі малдың қырылуынан көруге болады. 1899 жылы жұтта зақым шеккен Ташкент уезіндегі Жаусоғым, Алтын, Болат болысының қазақтары болды. Аталмыш болыстарда 19190 мал қырылса, керісінше тау етегіндегі Кенжеғалы, Хурдан болыстарында 1541 мал қырылған [10, 22-б]. Негізінен жоғарыда малы көп қырылған Ташкент уезіндегі үш болыстағы қазақтарда көшпелі мал шаруашылығы басымырақ болатын. Тоғай мен ормандарға малды жаюға рұқсат берілмеуіне байланысты аталмыш болыстағы қазақтарға малын сақтап қалу қиынға соқты.
Амудария бөліміндегі Шурахан бөлімшесінде мал негізінен Қызылқұмдағы Мыңбұлақ, Дəуқара, Тамды болыстарында қырылған. Тамды болысында ғана 18964 мал қырылса, керісінше сол бөлімдегі тоғайларға жақын жатқан Төрткөл, Шурахан, Шейх-Аббас-Вали, Би-базар болыстарында 3373 қырылған малдың 2000-ы Амудария бөліміндегі малды тоғайға енгізуге рұқсат бермеу салдарынан болған [6, 138-б].
Ташкент уезі мен Амудария бөліміндегі малдың қырылуының негізгі себептеріне берілген есептерде негізінен тоғай, ормандарға малды жаюға рұқсат бермеу салдарынан болды деген анықтама беріледі. Тау етегіне мал жаюға мүмкіндігі болған болыстарда малдың қырылуы азырақ болды, өйткені ық жер малды аман сақтап қалды.
Əулиеата уезіндегі малы көп қырылған Құмарық, Билікөл болыстары болды, олар таудан қашығырақ қоныстануына байланысты малдарын ыққа қарай дер кезінде айдап үлгере алмады
[12, 138-б].
Жызақ уезіндегі тоғай мен таулы ормандардың болмауынан 400.000 бас мал қырылды. Аталмыш уез қазақтарының Шымкент уезіндегі сексеуілді аймақтарға жəне уездің оңтүстігіндегі ормандарға малын айдап үлгендердің ғана малы аман қалды [6, 138-б].
1898 жылғы Сырдария облысы бойынша қырылған малдың саны -533.000 бас мал, шығын көлемі 3.182.650 рубль болды. Жекелеген уездер бойынша алғанда, Ташкент уезінде 118.500 бас мал, шығын 548000 рубль, Əулиеата уезінде 151500 бас мал, шығын 647000 рубль, Қазалы уезі бойынша 111500 бас мал, шығын -712000 рубльді құрады. 1899 жылы облыс бойынша қырылған мал 433100 бас мал, шығын 2412220 рубль, уездер бойынша алғанда Перовскіде 118280 бас мал, Əулиеатада-115080 бас мал, Қазалыда-103450 бас мал. 1898-1899 жылғы мəліметтерді салыстырсақ, 1898 жылы Ташкент, Əулиеата, Қазалыда, 1899 жылы Перовскі, Əулиеата, Қазалыда мал шығыны көбірек болған.
Сырдария облысында 1902 жылы 313 мың бас мал, 1903 жылы 290 мың бас мал, 1904 жылы 230 мың бас мал, 1905 жылы 319 бас мал, 1906 жылы 164 мың бас мал қырылған. 1905 жылы қыстың ұзаққа созылуынан Қазалы уезіндегі Заңғар, Көшербай болыстарында 4 мың түйе, 4¼ мың жылқы, 48 мың қой, 6½ ешкі қырылды. Шығын 600 мың рубль [12,303-б].
Маңғыстау, Красноводскі уезіндегі жұттар 1879-1880, 1890-1891, 1901-1902, 1910-1912 жылдарға келді. Бұл жұттардың ең ауыры 1890-1891 жəне 1910-1912 жылдары болды. 18901891 жылғы жұтта Маңғыстау уезінде 280000 қой, 33000 түйе, 19000 жылқы, яғни қойдың 40%, түйенің 55%, жылқының 30% қырылып, жалпы көлемі 1,5 миллион рубльге шығын келген. Красноводскі уезінде жұттан қойдың 35% (100.000), жылқының 30% (1300) жəне ірі қараның
40% (1800) қырылды [13,13-б].
1899-1900 жылғы жұт та Закаспий облысы үшін жеңіл болмады. Маңғыстауда 26550 қой, 3422 түйе, 5495 жылқы, Красноводскі уезінде 275.909 қой, 26.567 түйе, 28.885 жылқы, 2206 ірі қара мал қырылды. Бұл жұт Красноводскі уезіндегі қазақтар үшін де қиын болды. Маңғыстау уезіндегі қазақтар Орал облысының Гурьев уезіне көшіп қана малдарын аман сақтап қалған болатын.
Закаспий облысының тарихындағы ең ауыр жұт 1910-1912 жылға сəйкес келді. Жұт теңізден соққан дауылды желдермен басталды. «1909 жылы Каспий теңізінің солтүстік жағынан соққан дауыл теңіз жағалауындағы қамыста қыстап қалған қазақ ауылдарын жалмап кетті, шығыны белгісіз. Олардың өзі де мал, мүлкі де аман қалмады. Барлығы да қалың мұз астында қалды. Көктем басталып, мұз ерігеннен кейін сұмдықтың беті ашылады» деп жазылды Туркестанские Ведомости газетінде [14, 82-б].
1910 жылы да дауылды желдермен басталды, 13-14 қарашадағы соққан дауыл салдарынан далада жайылған мал жаппай қырылды. Маңғыстау уезі бойынша қырылған малдың есебі 498.090 қой, 37197 жылқы, 29279 түйеге жетті. 1910 жылы мамырдағы Красноводскі уезінің қазақтар тұратын приставтан тыс аймағындағы 14500 қой, 1221 түйе, 830 ешкі, 35 жылқы қырылған [15, 258-б].
Табиғат апаты 1911 жылы да қайталанды, наурыз айында соққан дауылдың биіктігі 28 метрге дейін көтерілген. Дауыл 11000 малды теңізге ықтырып жұтқызған. 1912 жылы қаңтарда қырылған ұсақ малдың саны 1 миллионға жеткен [15, 257-б].
1911 жылы сəуірдегі мəліметке сүйенсек, Жармыс, Жангелді ауылдары аштық кезінде өсімдік тамырларын талғажу еткен. Ірі қара малдың терісі сатылып біткендіктен, қой терілері арзанға сатылды. Сарытаста қазақтың ұсақ саудагерлері 1 қанар ұнды 7 рубль 50 тиыннан 10 рубльге дейін сатып алуға мəжбүр болған [15, 20-б].
1912 жылғы есеп бойынша Маңғыстау уезіндегі 15997 түтіннің 6 мың түтіні барлық малынан айрылған. Əсіресе, табиғат апатынан қатты зардап шеккен Қаратау, Ақтау жəне Бозащы жарты аралы болды, өйткені олар қойдың 90% , жылқы мен түйенің 70% -нан айрылды [15, 253-б].
Жұт салдары халықтың салықты төлеу мүмкіндігін азайтып, мемлекетке қарыздануға, аштыққа жəне жұқпалы аурудың індетіне алып келді. 1911 жылы тырысқақ ауруына 46 адам, шешек ауруына 97 адам, құрқұлақ ауруына 670 адам шалдыққан [15, 28-б]. Бозащы жартыаралындағы Қаратөбе құдығы маңындағы ауылдан екі апта ішінде құрқұлақ ауруынан 50 адам қайтыс болған. Александровскі фортының маңында басталған сүзек ауруына 8 адам шалдыққан [15, 20-б]. Сонымен бірге, халық өкпе ауруы, іш сүзегі, көкжөтел, қотыр, құлақ безінің асқынуы сынды ауруларға шалдықты.
Халықтың жаппай аштықтан қырылуына байланысты патша үкіметі мынадай шаралар жүргізді. Біріншіден, қазақтарды уез аймағынан тыс жерлерге жұмысқа аттандырды, екіншіден қайтарылатын жəне қайтарылмайтын жəрдем ақша берілді. Үшіншіден, Ресей Қызыл Крест қоғамы арқылы дəрігерлік жəне халықты тамақтандыру жағынан көмек көрсетті [15, 36-б].
Оларды Астрахан (Астрахан губерниясы), Дербент, Баку (Закавказье – С.С) жəне Теджен қаласы мен Мургаб имениесіне Мерв уезінде, Байрам-Али (Түрікменстан) жəне Мырзашөлге (Сырдария облысы-С.С) жұмысқа аттандырды. Жұмысқа аттанатындардан кемеге төлейтіндей жол қаражаты талап етілді, ақшасы жоқтарға рұқсат берілмеді. 1911 жылы Маңғыстау уезінен 2 мың адай Байрам Алиге мақта теруге аттандырылды [402, 102-б].Осы жылы Мургаб имениесіне 20 тамызда — 423 адам, 27 тамызда — 300 адам, 3 қыркүйекте — 350 адам, барлығы 1013 адам кеткен [16, 107-б]. Мургаб мемлекеттік имениесінде қазақтар мақта жинау жұмысына қатысты. Мақта жиналып біткеннен кейін, олардың негізгі бөлігі қайтып кеткенімен, қалған бөлігі подрядчик Гегешидзенің шаруашылығында еңбек етуге қалды. Оларға жинаған бидайдың десятинасы үшін 8-10 рубль төленді [17, 56-б].
1912 жылы Байрам Алиге жұмысқа аттанғандардың саны 2105 адам болса, ересегінің жасы- 60 жаста, ең кішкентайы – 1 жаста болатын [18, 71-б], өйткені 1911 жылдан бастап оларды отбасымен аттандыру жөнінде шешім қабылданды. Көп отбасылар Байрам Алиге атану сапарында үй жихаздарын, заттарын арзан бағаға сатуға мəжбүр болды. Олардың кейбіреулерінің Байрам Алиден тапқан ақшалары Маңғыстауға кері қайтқанда, тек Красноводскі уезіне дейінгі жол сапарына ғана жетіп отырған.
Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ үшін мақта теру, оны отау, канал қазу жұмыстары аса қиынға түсті.
1911 жылы 28 желтоқсандағы Маңғыстау уезі бастығының мəліметінен: — «Текелер (түрікмендер-С.С.) десятина жер мақта алқабының тікенегін отағаны үшін 3 рубль төлейді. Жұмысқа жалданушылар шартқа келіспей 3 рубльге қосымша тегін тамақ берілуін талап етуде. Текелер қазақтардың шартына келіспей жұмысқа ауған, берберлерді алуда. Олар десятина жердегі тікенекті 3 күн тазаласа, қазақтарға бұған 10-15 күн қажет. Қазақтардың жұмыс істей алмауына байланысты текелер олардан бас тартуда. Арендаторлардың шаруашылықтарында жұмыс болғанымен де қазақтарды алғысы келмейді» [18, 72-б].
1912 жылы Маңғыстау, Красноводскі уезіндегі қазақтардың аштықтан қырылуына байланысты уездегі үкімет орындары оларға қоғамдық жұмыстар ұйымдастырды. Соның біріКрасноводскі уезінде отын дайындау. Красноводскі уезінің саяжайлық ормандарында қазақтар мен түрікмендерге қазыналық мекеме, əскери бөлімдерге жəне жекелеген адамдарға отын дайындауға рұқсат берді. Красноводскі уезінде саяжайлық орманнан қазақтар мен түрікмендер темір жол станцияларына отын дайындаған. Мысалы, Белек станциясында -274 куб. саж. Ягманда-116 куб. саж, Перевал-320 куб. саж, Ахча-куй-185 куб.саж, 21 разьезде-320 куб саж. Алайда тұрғындар отын дайындаудан пайда таба алмады, өйткені қыстың жылылығына байланысты сұраныс болмай, бағасы төмендеген. Тұрғындар пайда табудың орнына керісінше шығынға батқан [19, 198-б].
1911 жылы ақпанда берілген мəліметте Маңғыстау, Красноводскі уезінде қырылған мал шығыны, 10 ½ миллион рубльге жеткен. Зардап шеккен Маңғыстау, Красноводскі уезінің тұрғындарына азық-түлік капиталы қорынан 107.120 рубль, имперлік қордан 300.000 рубль жəне қазынаға қайтарылмайтын 25000 рубль жəрдем ақша берілді. [15, 204-б]. Азық-түлік капиталынан бөлінген 300.000 рубль Маңғыстау, Красноводскі уезіндегі ашыққандар үшін қыстық, жаздық бидай тұқымын алуға жұмсалса, кері қайтарылмайтын 25 мың рубль жəрдем ақы Байрам-Алиге мақта жинауға атанған 2 мың адамның жол қаражатына жұмсалған.
Жұттың ауыр болғаны сондай ашыққан қазақтарға берілген жəрдем кейбір отбасыларына көмек бола қоймады. 1911 жылы Райымберді болысы Мамыртая Мая ауылындағы Елемес Аймағамбет мемлекеттен алынған 10 рубль жəрдемақының 9 жанды, Төлеміс Айымбетов 30 рубльдің 10 жанды асырауға жетпей қолда қалған бір түйеден басқа ешнəрсенің қалмағанын жазады [20, 333-б].
1912 жылы сəуірде Қызыл Крест қоғамының арнайы ашқан дəрігерлік жəне тамақтандыру орындарында 9-10 мың адамды тегін тамақтанды.
1910-1912 жылғы жұт Заворот жəне Орта Еспедегі қазақ балықшылары үшін де ауыр болды. Қарызға батқан қазақ балықшылары үйіндегі кілем, текемет жəне т.б. жарамды заттарын кепілдікке өткізді. 1912 жылы балықшылар болысының болыснайы Маңғыстау уез басшылығынан ашыққан балықшылар үшін 1000 пұд астықтың əрбір отбасына 10 пұдын -7 рубль. 75 тиынан беруге өтініш білдірген [19, 37-б].
1911 жылғы мəліметке сүйенсек Маңғыстау уезіндегі қазақтардың түтін салығы бойынша қарызы 59.953 рубльге жеткен. Өлкелік азық-түлікке -80.000 рубль, имперлік азық-түлікке 230.000 рубль қарыз болған. 1914 жылға қарай қазақтардың жалпы қарызы 600000 рубльге жеткен. 1914 жылы Маңғыстау уезіндегі экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты болыснай, старшин, елуліктер мен уездегі ықпалды адамдар қатысқан арнайы кеңес те өтті.
Қорыта келе, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы аймақтың Ресей құрамына қосылуымен болыстық құрылымның рудың саяси бірлігін жоюға бағытталған саясат, қазақтардың жұт жылдарында дəстүрлі келе жатқан қорғану мүмкіндігі шектеді, мұның өзі ауылдың экономикалық жағдайының құлдырауына алып келді.
1. Шкапский О. Некоторые данные для освещения киргизского вопроса //Русская мысль.-1897.- №6.-
С.45, 47.
2. Аничков Забытый край //Сборник материалов для Сыр-Дарьинской области. Ташкент.-1894.
3. Мельниченко «Народные бедствия в Сыр-Дарьинской области в 1-ой половине 1880 г.//Сборник материалов для стастики Сыр-Дарьинской области. -Т. 2.- 1892.- С.75-86
4. DРОММ, 1-)ор, 11-тізбек, 146-іс.
5. DРОММ, 1-)ор, 29-т, 538-іс.
6. DРОММ 17- )ор, 13955-іс.
7. Туркестанские ведомости.- 1892.-№35.- 162 с.
8. DРОММ, 1-)ор, 11-тізбек, 255-іс, 255-п
9. DРОММ, 17-)ор, 1-тізбек, 15384-іc.
10. DРОММ 1-)ор, 11-т, 1685-іс, 138-п
11. DРОММ 17- )ор, 32750-іс.
12. DРОММ, 1-)ор, 11-тізбек, 1685-іс.
13. DРОММ, 1-)ор, 12-тізбек, 2-іс.
14. Туркестанские Ведомости.-1909.- №12.- С. 82.
15. DРОММ, 1-)ор, 13-тізбек, 1014-іс.
16. РОММ, 40-)ор, 1-тізбек, 918-іс.
17. РОММ, 40-)ор, 1-тізбек, 943-іс.
18. РОММ, 40-)ор, 1-тізбек . 945-іс.
19. DРОММ, 1-)ор, 27-тізбек, 396-іс.
20 DРОММ, 17- )ор, 1009-іс.
Резюме
В данной статье автор на основе архивных материалов и дореволюционных источников подробно освещает о фронтальном джуте 1879-1880 года и локальном джутах 1890-1891, 18981899, 1910-1912 гг. в Сырдарьинской и Закаспийской областях.
Автор анализирует последствия джутов, ухудшение экономического положения, голод, уменьшение поголовья скота, миграцию, а также изменения в хозяйственной структуре казахов. Одновременно приходит к выводу, что управление волостной системы разрушает родовую структуру, а также уменьшение противостояния против джута.
Summary
In this article the author on the basis of archival materials and pre-revolutionary sources in detail shines about frontal jute of 1879-1880 and local jutes of 1890-1891, 1898-1899, 1910-1912 in SyrDarya and Zakaspisky oblasts.
The author analyzes the consequences of jutes, deterioration at economic situation, hunger, and reduction of a livestock of the cattle, migration, and the changes in economic structure of Kazakhs. Simultaneously comes to a conclusion, that the management by volosts system is destroys generic structure, and also reduction of opposition against jute.