ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ КӨППАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
К.C.Нұрғалым – т.ғ.к., Қ.Сəтбаев атындағы ҚазҰТУ доценті, Ж.Ж. Қуанышбаева – Қ.Сəтбаев атындағы ҚазҰТУ оқытушысы
Мемлекетте көппартиялық жүйенің қалыптасуы билік үшін күресте сайысқа түсетін бірнеше саяси партиялардың болуымен сипатталады. Саяси партияларды жіктеуге болатын көптеген өлшемдер бар. Олардың «немен айналысатынына» зер салып, басқаша айтқанда, партияның функциясына тоқталсақ саяси жүйеде партиялардың əртүрлі қызметтері бар.
Саяси партиялардың бірден-бір функциясы ретінде «саяси тұлға» яғни басқару кадрлары мен лидерлердің сайлануын қамтамасыз ету. Барлық заманауи саяси жүйелерде, демократиялық немесе тоталитарлық болсын, саяси көшбасшылар көбінесе партиялардың арасынан шығуда. Марксистік режимдерде билікке келу үшін міндетті түрде партияның баспалдағынан өту керек. Көптеген демократиялық коғамда да парламент мүшелері, министрлер, премьер-министрлер, президенттер көбінесе «партия мүшелері». Заманауи парламент жүйесінде партияда жоқ «өзін-өзі ұсынған» тəуелсіз үміткерлердің сайлауда жеңіп шығуы неғайбыл, мұндай кұбылыстар сирек кездеседі. Осы жағынан алып қарасақ саяси партиялар лидерлер мен саяси кадрлардың дайындалатын немесе бапталатын жəне тəжірибе жинайтын мектебіне айналуда. Саяси партиялары жоқ немесе өте əлсіз жəне əрекетсіз мемлекеттерде лидерлер дəстүрлі элита арасынан (феодал отбасынан, діни ұйымдардан) немесе карулы күштерден шығуда. Бұл жалпы халықтың саяси белсенділігінің төмендігінен, режимде тұрақсыздыққа итермелейтін бір фактор деп саналады [1].
ХХ ғасырдың басында Ресейде саяси тəртіптің өзгеруі орасан зор кеңістікте түбегейлі өзгеріс жасауға алып келді. Үкімет пирамидасы, мейлі ол патша тағы не партиялық орын болсын, əлеуметтік басымдықты іс жүзінде ұстап тұруға қабілетсіз əкімшілік-бюрократтық жүйеге қарай өсіп жатты. Шығыс елдері үшін өркениеттің өзіндік дамуын одан əрі жалғастырғысы келген орталық Ресейдің имиджін сақтауға мүдделі еді [2]. Ресейдегі саяси жағдайдың күрделеніп көп партиялардың қалыптасуының əсерінен, қазақ елінде де «кадеттер мен эсерлер» партиясы, «Алаш» партиясы жəне «Үш жүз» партиясы құрылды.
«Кадет партиясы» жиналысы Орал уезінде өтті, оған 17 болыстан 1500 қазақ қатысты. Мұндай көп адам сиятын ғимарат болмағандықтан, жиылыс ашық аспан астында өтті. Партия бағдарламасындағы мынандай мəселелер талқыланды:
1) Қазақтың жері мен суы қазақтың қауымдық меншігі болып есептелсін; Қоныс аударушылар туралы жəне қазақ жері мемлекет меншігі деген заң жойылуы керек;
2) Далада енгізілетін өзін-өзі басқару жүйесінің төменгі сатылары: жасырын дауыс беру арқылы сайлану керек;
3) Жалпықазақтың мəселесін земство құру арқылы шешу;
4) Шаруа бастықтары институтының таратылуы;
5) Сотты қайта құру;
6) Орал уезінің қазақтары уез казактарынан бөлектенуі керек;
7) Рухани мəселе сəйкес земстволарға бағындырылып жəне дін ісі əкімшілік қамқорлықтан шығарылуы тиіс.
Партия қызметі біраз белсенді қарқын алғаннан кейін азаматтардың бұл бағыттағы саяси бағдарламаларында өзгерістер болғаны сезілді. Қазақ интеллигенциясы алғашында Уақытша үкіметке, оны басқарушы кадет партиясына айтарлықтай сенім артты. Бірақ ол сенім ақталмады. Уақытша үкімет ұлттық-мемлекеттік құрылыс, жер, дін сияқты негізгі саяси-əлеуметтік мəселелерді түбегейлі шешпей, бұрынғы патша үкіметінің саясатын одан əрі жүргізді. Саяси бағдарламаларын көпшілік қолдамады, саяси мəселелерді шешуде көптеген қателіктер жіберді. Ə. Бөкейхановтың «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген «Қазақ» газетіндегі ашық хатында негізінен жеке саяси партия құруға негіз болған үш себеп сөз етілген: біріншіден, кадет партиясының жерді жекешелендіруді жақтауы, екіншіден, кадеттердің өзге ұлттардың ұлттық автономия құруына қарсылығы; үшіншіден, діннің мемлекет ісінен бөлінуіне кадеттердің қарсылығы. Осы үш себепке тоқтала келе, Ə.Бөкейханов ашық хатта өзінің ұлттық «Алаш» партиясын құруға бел шеше кіріскенін мəлімдейді» [3].
Алаш бағдарламасындағы халық билігін іс жүзіне асырушы нысанның бірі жергілікті өзін-өзі басқару органдары. Алашорда қайраткерлері қызмет жасаған тұста мұндай орган – земство болатын. Əрине, ол мемлекеттік билік жүргізуші органдар жүйесінен оқшау тұрды жəне олардың жүйесіне кірмеді. Жергілікті өзін өзі басқарудың сайланбалы жəне басқа да органдары арқылы жүзеге асырыла алатындығын Алаш орда үкіметінің тəжірибесі көрсетті, оның сабағы бізге үлгі боларлықтай. Іс əрекеттерінің əдістері тұрғысынан қарағанда, бұл жүйе халықтың өкілдік етуі мен тікелей басқаруын ұштастыру арқылы сипатталады, ал оның дамуының бағыты демократияны өрістете беру; мемлекет пен қоғам істеріне азаматтарды кеңінен қатыстыру; билікті бөлу негіздеріне қарай мемлекеттік аппаратты жетілдіру; қоғамдық бірлестіктердің белсенділігін арттыру; мемлекеттік жəне қоғамдық өмірдің құқықтық негіздерін нығайту; жариялықты кеңейту; қоғамдық пікірді əрдайым есепке алу.
Халықтың мұңымен үндес келетін Алаш партиясы бағдарламасының Жер мəселесіне арналған 10-шы бапта: «Учередительное собрание негізгі заң жасағанда жер сыбағасы, алдымен жергілікті жұртқа берілсін деуі; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайтуы; қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесу; сыбаға өлшеу – норма жердің топырағы мен шаруашылық түріне қарай жасалу; сыбағадан артылған жер земство қолында болу; артық тұрған жерден ел өскенде ауық-ауық сыбаға кесіліп берілуі, Түркістанда жермен бірге су сыбағасы да кесілу; жерде қазақ үй басына иеленбей ауыл аймақ, туысқан табына меншіктеп алу; өзара əділдік жолмен пайдалану. Жер заңында жер сату деген болмай, һəм əркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу.
Көлемі жағынан шағын, мазмұны жағынан терең осы бағдарлама жобасы 1917 жылғы қараша айының ортасында өткен Құрылтай съезі сайлауында Алаш партиясының үлкен табысқа жетуін қамтамасыз етті жəне 1917 жылғы 5-12- желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Бүкілқазақстандық екінші съезде қазақ халқының əр түрлі əлеуметтік топтары өкілдерінің бірігуіне саяси негіз жасады.
«Алаш» партиясының бағдарламасының антифеодалдық сипаты əсіресе оның «негізгі құқық», «ғылым – білім үйрету» сияқты тараулардан анық байқалған еді. «Россия Республикасында – дінге, қанға қарамай, еркек — əйел демей адам баласы тең, заң орындарының рұқсатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды. Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға рұқсат берілуі, демократиялық қоғам құруға негізделген».
«Алаш» партиясы бағдарламасының негізін қалаған Бөкейханұлы Əлихан, Байтұрсынұлы Ахмет болды, партияның қалыптасуына сол кездегі көзі ашық қазақ интеллигенциясының барлығы көмектесіп ұйымдастырды. Негізгі екі мақсаты болды, біріншіден, қазақ елін отарлық езгіден азат ету, екіншіден, қазақ қоғамының орта ғасырлық мешеуліктен, өркениетті əлуметтік-экономикалық жəне мəдени даму жолына алып шығуды көздеді. «Алаш» партиясы өз бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республика болғандығын қалайтындығын білдірді. «Демократия,-деп түсіндірілді бағдарламада,-мемлекетті жұрт билеу. Федеративті мағанасы құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративті республикада əр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады, əрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді [4]. «Алаш» партиясы өкілдерінің саяси идиологиясының астарынан, тəуелсіз қазақ мемлекетін құруға негізделгені айқын. Тəуелсіздікті автономия алу арқылы мойындату, оны бағдарламаларынан байқауға болады. Бағдарлама бойынша шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізде Ресей Федерациясының құрамына енуге тиіс.
1917 жылдары Қазақстандағы саяси тартыстар өте күрделі жағдайда қалыптаса бастады, болъшевиктер Алашорда басшыларын ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жанұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш есебінде қарады М.И.Фрунзе бастаған большевиктердің негізгі идиологиясы қазақ бұқарасының таптық сезіміне тие отырып, Алашорда қайраткерлеріне оларды қарсы қойды. Өз ретінде Ə.Бөкейханов. «Біз қарап отырсақ қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келеді. Алаштың баласы, ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келеді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс, Алаштың басын қорғауға қам қыл»-деп жазды [5]. Ə.Бөкейхановтың саяси көзқарасынан шұғыл шешімдер қабылдап мемлекет қалыптасуына апаратын жалғыз жол – ұлттық идея, ұлттық тұтастық қана деп түсіндіруге тырысты.
Қазақтың саяси қайраткерлерінің бірі Көлбай Төгісов болды. Ол қызметін Ташкентте «Алаш» газетін ұйымдастырып шығарып, бас редактор қызметін атқарды, саяси аренаға «Үш жүз» партиясын құрған «Үш жүз» газетін шығарған публицист, драматург, ағартушы, саясаткер, ұлт болашағын ойлайтын азамат ретінде танылды. 1907 жылы «Семипалатинский листок» газетіне орыс шаруаларын өлкеге қоныстануына жол бермеу қажеттігін айтқан мақала жариялап, қазақтар арасында «автономия» мəселесін талқылап жүр,- деген кінəлар тақты [6]. К.Төгісов жазықсыздан-жазықсыз қамауға алынып, қылмыстық кодексінің 129-бап, 3 жəне 6 тармағына сəйкес оны үш жылға түрмеге жабу туралы үкім шығарады. 1912 жылдың тамызына дейін түрмеде отырады, бостандыққа шыққаннан кейін Семей өңірінде үш жыл мерзім аралығында тұру құқығынан айрылып, Қапалға жер аударылады.
К.Төгісовтың алыс жерлерде білім алып жатқан қазақ балаларына ақшалай көмек беру, газет-журналдарды көбірек шығаруға қатысты мақалаларын қазақ оқығандары мен байлары қолдады. С.Ғаббасов бұл жайында: «Бұл кісінің (Көлбайдың) сөздерінің əсерінен, мұндағы түн-күн бастары ішуден босана алмай жүрген қазақ оқығандары ішулерінен тиылып, өздері ішкендерге үгіт, насихат айтыса бастады. Осы күнде Көлбай мырзаның мəслихатыменен шаһарымызда «Айықлық жəмиғатын» (Айықтыру қоғамы) ашпақшы болып тұрмыз. Көлбай мырза біздің қараңғыда қалған Қапал атырабындағы қазақтарға зор белгі қалдырмақ. Соның үшін Қапалға да ай туды деп жорыдым»,-деп жазған еді [7]. «Үш жүз» партиясының құрылуы, оның саяси жəне экономикалық, əлуметтік мақсат-мүдесі, бағыты жөнінде сол кездің өзінде ақ əр түрлі тілде, баспасөз беттерінде мақалалар жариялана бастады. Мəселен, Омбы кеңес депутаттарының органы болған «Революционная мысль» газеті: «Қазақ социалистік партиясы «Үш жүз» құрылды, ол өзінің орталық комитетін сайлады, тұрағы Омбы қаласы»-деп жазды [8]. «Үш жүз» партиясы жөнінде іле-шала «Алаш» партиясының органы «Қазақ», Х.Ғаббасов, И.Əлімбеков, Р.Мəрсековтердің ұйымдастыруымен шыққан «Сарыарқа», Қызылжарда шығатын жастардың «Жас азамат» газеттерінде əр түрлі саяси астармен жазылған бірнеше мақала жарияланды. Əрине, көпшілігі «Үш жүзді» мақтай емес, даттай жазды.
Дала округі бойынша Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау 1917 жылдың желтоқсанының 25 жұлдызында аяқталып, халыққа жария етілді. Сайлау нəтижесі бойынша, «Үш жүз» партиясы мынандай дауыс санына ие болды: Семей қаласы-1, Қызылжар уезінде-4, Көкшетау уезінде-164, Омбы уезінде-50, Семей уезінде-2. Сонымен бірге жекелеген уездерде «Алаш» партиясы жоғары орындарға ие болды. Айталық, Семей уезінде сайлау барысында Алаш атынан түскен депутаттар 58331 дауыс, кадеттер 106, эсерлер 3375, қазақ социалистері 2, мұсылман демократтары 14 дауыс алған [9]. Қазақ халқына егеменді мемлекет құру саясаты «Үш жүз» партиясы мен «Алаш» партиясы басшыларын қатты ойландырды. Қазақ автономиясы мен ұлтаралық қатынас мəселелері хақында «Үш жүз» партиясы «Алашпен» бірде жақындасып, бірде қайшы келіп отырды. К.Төгісовтің «Үш жүз» газетінің 1918 жылғы №7 санында жарияланған «Алаш автономиясы» сынды мақаласында қазақ автономиясын құруда үлкен қиыншылықтардың туу мүмкіндігін айта келе: Қазақ халқы өзі көшпелі, өзі кедей, өзі ата қуып, тап-тайпасымен тұратын, өзі бұрын тарих жүзінде мемлекет болып өнер алмаған жұрт дейді. Қорыта келе «Үш жүздіктер» қазақ автономиясы құру қолымыздан келмейді, Түркістанмен қол ұстасып өмір сүру қажет деп тұжырым жасаған. «Алаш» пен «Үш жүз» партияларының осы автономия құруда көзқарастары келіспеді. Үшжүзшілер Орта Азия мен Түркістан халықтарымен бір ынтымақтастағы федерация құру қажеттігін саяси басшылыққа алды. Сондай-ақ, «Үш жүз» соғыс мəселесі жөнінде де Алаштан басқа көзқараста болды. Импералиалистік соғысты тез арада тоқтатып, соғысушы елдер арасында аннекциясыз жəне контрибуциясыз келісімге келу мəселесін көздеді.
«Үш жүз» партиясының қандай мақсатта құрылғандығы жөнінде əр түрлі пікірлер кездеседі. Мəселен «Үш жүз» партиясын ғалым Т. Елеуов «ұлтшыл» «ұсақ-буржуазияшыл» партияның бірі деп есептеді, ал зерттеуші ғалымдар С.Бейсенбаев пен П. Пахмурныйдың кітабында «Үш жүз» партиясы əлеуметтік құрамы жағынан əртекті «Алаш» партиясына қарама-қарсы құрылған партиялардың бірі деп тұжырым жасады. Ал тарихшы-ғалым М. Қойгелдиев «Үш жүз» өзінің пайда болу негізі жағынан да, əлеуметтік жағынан да толық қалыптасып үлгермеген, бірақ ықпалды саяси күшке айналу ниеті» бар ұйым деп көрсетті. Осы ретте К.Нұрпейісовтың айтылған мақалаға жан-жақты талдау жасай келіп, көп ұлтты Қазақстанның автономия болу қиыншылықтарын түсіндірудегі «Үш жүз» партиясының пікірі кейбір қайшылықтарына қарамастан, Ə.Бөкейхановтың ойларымен сабақтас деген пікірін айта кеткен жөн. «Үш жүз» партиясы басшыларының асығыс жасаған саяси шешімдері, большевиктерді қолдауы, оны 1-ден, «Алаш» партиясы өкілдеріне қарсы оппозицияға шығуына əкелді. 2-ден, партия екі қанатқа бөлініп кетті, солшыл жəне оңшыл. 3-ден, Сібірде Колчак үкіметінің құрылуы «Үш жүз» партиясы мүшелерін жаппай қудалауға алып партияны күшпен таратты. «Үш жүз» партиясының басшысы К. Төгісов қамауға алынып, Колчак жендеттері атып өлтірді. «Үш жүз» партиясының мүшелерінің белсенділері, Колчак өкіметі құлағаннан кейін, коммунистік партияның белгілі мүшелерінің қатарында болды.
Ал Ақпан революциясы ұлттық мəселені азаттық тұрғысына күн тəртібіне қоюға мүмкіндік бергенімен, — деп көрсетті М.Шоқай – бізде білікті саяси қайраткерлер, қалың бұқараны топтастыратын саяси ұйым (партия) жоқ еді. «Шоро-и-исламия» мен «Ғұлама қоғамы» ондай рөлді атқаруға дəрменсіз болды. Əрине, қалыптасқан жаңа саяси жағдай партиялардың билік үшін таласып, газет арқылы даттауы, қазақ қоғамының саяси мəдениетін дамыту қажеттігін айқындады. «Большевиктер партиясының» орнығып дамуы, қатарларының көбеюіне биліктің мүдделі болуы, басқа партиялардың таратылып жабылуына əсерін тигізді. Кез-келген партия нақты тарихи жəне саяси-əлеуметтік жағдайдың туындысы болып табылады, оның пайда болуы түрлі топтардың өз арасындағы жəне олардың билік тұтқасымен арасындағы қарым-қатынастардың сипатымен байланысты. Партия ұйымдасқаннан кейін өзінің қоғамдағы орнын, саяси мақсатын, іс-əрекет сипатын, құрылымдық тəртібін анықтайды. Олар партияның тұжырымдамасынан, бағдарламасы мен жарғысынан көрініс табады. Басқаша айтқанда, партия өзінің саяси принциптерін, ұйымдық құрылысын жəне практикалық іс-əрекетінің бағыт-бағдарын анықтауға негіз болатын идеологияға сүйенеді. Большевиктер партиясының» идеологиясы К. Маркстің ілімін басшылыққа алып жеке меншіксіз, тапсыз қоғам құруға тырысады. Басқа партиялар коммунистік партияның басқарушы рөлін мойындау керек.
Өткен ғасырдың басындағы көп партиялық жүйенің қалыптасуының əсері 1990-1991 жылдары, көрініс бере бастады. Мəселен, 1990 жылғы көктемде Алматы қаласында «Алаш» ұлттық тəуелсіздік партиясын құру туралы мəлімделінді. 1990 жылғы мамырда ұлттық бағдарланған «Азат» азаматтық қозғалысының бірінші ұйымдық жиналысы өтті. Өзін Қазақстан Компартиясының ізбасары деп жариялаған Социалистік партияның құрылтай съезі 1991 жылғы қыркүйекте өтті. Саяси партиялардың пайда болуы мен құрылуы жағынан тағы бір категорияға тоқталатын болсақ партиялардың бөлінуі немесе бірігуі нəтижесінде пайда болған партиялар. Бұл категорияға кіретін партиялардың саны өте көп. 1999 жылы ел президенті сайлауы кезінде Президенттікке үміткер Н.Назарбаевты қолдау мақсатында бірнеше партия мен қозғалыстан құрылған штабтың нəтижесінде үлкен партия дүниеге келгені белгілі. «Отан» Республикалық саяси партиясы жұмысын тиянақты жүргізіп, халықтың едəуір көп бөлігінің қолдауын тапты. Араға бірнеше жыл салып Қазақстандағы бірнеше, атап айтатын болсақ, «Асар», Азаматтық жəне Аграрлық партиялар «Отан» партиясының қанатының астында бірігіп бүгінде «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясы еліміздегі ең үлкен саяси күшке айналды. Бұл саяси ұйым Қазақстандағы ең үлкен əрі мүшесінің саны көп ірі саяси партия.
Жалпы, Қазақстандағы демократияландыру үрдісі негізінде қоғамды модернизациялауда көппартиялық пен плюрализм маңызды рөль атқарады. Себебі, еліміздің тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғамға өтудің басты белгісі — қөппартиялық екенін ескерсек, саяси партиялардың басты мақсатына айналған пікір-алуандылықты кең өрістету азаматтардың белсенділігін көтеру, қоғамның дамуы мен идеологиялық демократияның өрістеуіне зор ықпал ету, ашық əрі еркін қоғамды қалыптастырудың басты жолдары деп қарастыруға болады. Бұл процесс елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Егер еліміздегі саяси партиялар азаматтар қолдауына қол жеткізгілері келсе, онда жаңа ұстанымдар мен əдістерді қолданулары керек. Əлемде сайлау алды науқанда саяси технологиялар кеңінен қолданылады, бұл жағдай Қазақстанға да жетіп, дами бастағанын көреміз. Əрине, қандай да бір жаңа технологияларды пайдалану барысындағыдай, олар жаңа, «ұлттық» сипатты ала бастағанын айтуымыз керек. Саяси партиялар сайлаушылар сеніміне ие болулары үшін тек сайлау науқанында ғана емес, олармен жұмысты тұрақты, күнделікті жүргізіп отырулары керек. Тек сонда ғана халықтың сеніміне ие болары сөзсіз.
Қалыптасқан жағдайдың бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін тағылымы мол. Қорыта келгенде, саяси билік жүргізудің нақты бағыттары, бір партиялық жүйеге топтасуы, əсіресе бəсекелес партияларды болдырмайды. Ол тоталитарлық жəне авторитарлық қоғамдарға тəн. Мұндай тəртіпке басқарушы партия бақылаушы жəне сынаушы оппозицияның жоқтығын пайдаланып, саяси билікті бүтіндей қолына алып, басқа мемлекетік органдарды ығыстырады. Бір партиялық саяси жүйенің қалыптасуы қоғамның экономикалық дамуын тежеп, саяси билікте дағдарыс, саяси шиеленіс қалыптастырады, коммунистік партияның құлауы да дағдарыстың көрінісі. Партиялар бұқара халықтың мүддесін топтап, жинақтай білгенде күшейе түседі, ол қоғамның саяси дамуының модернизациялық көрсеткіші болып саналады.
1.Көлбаев Т. Алашты аман сақтау үшін айқас // Жас Қазақ ұлттық апталығы. −2006. −№24
(76). −7 б.
2. Политические партии России. Конец ХIХ — первая треть ХХ века. Энциклопедия. −М.: РОССПЭН, 1996. -5 с.
3.«Сарыарқа». −1918. — 25 қараша.
4.«Қазақ». −1917. — 25 наурыз. −№ 251.
5. Спирин Л.М. Из истории борьбы политических партий. −М.: Мысль, 1987.- 333 с. 6.Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. — Алматы: Санат, 1995. – 312 б.
7.Сумағұлов С. Көлбай Т. жəне «Үш жүз» партиясы. – Алматы, 2009. – 99 б.
8 Қамзабекұлы Д. Сəдуақасұлы Смағұл. — Алматы, 1993.-125 б.
9 Сəрсеке М. Шекара //Егемен Қазақстан. -2003. — 28 мамыр. – 9 б.
Резюме
Данная статья посвящена проблемам формирования многопартийной системы в Казахстане. Также рассматриваются особенности развития демократических направлений в крае в начале ХХ столетия.
Summary
The article presents the characteristic and forming of the system of democratic multiple parties in the early 20th Century in Kazakhstan.