ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ — РСФСР ҰЛТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚ КОМИССАРИАТЫНЫҢ ƏЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ӨКІЛЕТТІ ӨКІЛІ (1921 ЖЫЛ, АҚПАН-СƏУІР АЙЛАРЫ)

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ — РСФСР ҰЛТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚ КОМИССАРИАТЫНЫҢ ƏЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ӨКІЛЕТТІ ӨКІЛІ (1921 ЖЫЛ, АҚПАН-СƏУІР АЙЛАРЫ)

О.М.Қоңыратбаев–
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Магистратура жəне PhD докторантура институтының Гуманитарлық мамандықтар кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

1920 жылы мамыр-маусым айларында Мəскеуге арнайы делегацияны басқарып барып, В.И. Лениннің алдында «Тұтас Түркістан» идеясы мен Түрістан Республикасының егемендігі туралы талаптарын [1] өткізе алмаған Т. Рысқұлов жəне ол басқарған Мұсылман Бюросының қайраткерлері Орталық биліктің шовинистік саясатына наразылық ретінде шілде айында барлық қызметінен бас тартып, отставкаға кетеді [2]. Қыркүйек айында Баку қаласында өткен Шығыс халықтарының І сиезінде [3] Т. Рысқұлов жаңадан құрылған «Шығыстағы насихат жəне іс-қимыл кеңесіне» мүше болып сайланады [4], бірақ бұл қоғамдық негіздегі қызмет болатын.
Шығыс халықтарының І сиезінде Шығыс пен Батыстың көптеген елдерінен жиналған 2000-нан аса делегаттың алдында сөз сөйлеген Т. Рысқұлов Мəскеудің түркі-мұсылман халықтарына қатысты саясатын империалистік саясат ретінде əшкерелеп, сиезд фракциясы атынан В.И. Ленинге өзі бас болып қол қойған хат түсіртеді [5].
1920 жылы 14 қазанда РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросы Баку сиезінің қорытындылары туралы арнайы мəжіліс өткізіп [6], сиезд фракциясы делегаттарының талабына орай Т. Рысқұловты қуғындауды тоқтатқан болып, оны РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В. Сталиннің орынбасары етіп тағайындау туралы қаулы шығарады [7].
Саяси Бюроның шешімі — уақыт ұту үшін жасалған алдамшы саясат болатын. Шын мəнінде большевик көсемдері оппозициялық ниеттегі Түркістан өкілінің РСФСР-дағы ұлт істерін басқарып отырған комиссариатта басшылық қызметке келуін қаламай, қаулы екі жылдай уақыт сөз бұйдаға салынып, іске асырылмады [8].
Саяси Бюроның қаулысына сəйкес Ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары міндетін атқаруға кіріспек болған Т. Рысқұловты И.В. Сталин комиссариаттың орталық аппаратына қабылдамай, 1920 жылы қазан-желтоқсан айларында қызметсіз жəне жалақысыз жүруге мəжбүр етеді. Түрікшіл қайраткерді Мəскеу сынды саяси орталықтан алыс ұстау үшін И.В. Сталин 1921 жылы 6 қаңтарда Əзербайжан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н. Наримановқа жазған хатында оны іскер де қабілетті басшы деп мақтай отырып, РСФСР Ұлт істері жөніндегі комиссариатының өкілетті өкілі ретінде Бакуге жіберілетіндігі туралы хабарлайды [9]. Бірақ И.В. Сталин неліктен Т. Рысқұловты РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросының шешіміне сəйкес өзіне орынбасарлық қызметке тағайындамай, алыстағы Бакуге «жер аударып» отырғандығы туралы ештеңе демеген!?
1920 жылы Қызыл Армия Əзербайжан Демократиялық Республикасын қиратқаннан [10] кейін Əзербайжан Кеңестік Социалистік Республикасы құрылған болатын. РСФСР мен Əзербайжан КСР-і арасында дипломатиялық байланыс орнатылып, 1920 жылы 21 желтоқсанда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Əзербайжан республикасында Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының өкілетті өкілдігін ашу туралы қаулы қабылдайды [11]. Осыны пайдаланған И.В. Сталин орынбасарлыққа тағайындалған Т. Рысқұловты Бакуге баруға мəжбүр етті.
И.В. Сталиннің кесірінен Мəскеуде жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған Т. Рысқұлов өзінің орынбасары, түркістандық досы Жорабаевты ертіп 1921 жылы қаңтар айының соңғы күндері РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының өкілетті өкілінің мандатымен Бакуге келеді. Өкілетті өкілдік Əзербайжан республикасына келген алғашқы уақытта үлкен қиыншылықтарға ұшырайды. Комиссариаттың өкілетті өкілдігіне жергілікті билік орындары нақты көмек бере алмайды, олардың алғашында не тұрғылықты мекен-жайы, не кеңсе қызметкерлері, не көлігі болмады. Комиссариаттың өкілдіктің қажетіне деп бөлген қаражаты Мəскеуден Бакуге дер кезінде аударылмайды.
Т. Рысқұлов Əзербайжан республикасының басшыларына ресми хат жолдап, РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының өкілетті өкілдігінің мақсаты мен міндеттерін мəлімдейді. Өкілетті өкілдік ең алдымен Əзербайжан республикасының саяси, əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени жағдайын зерттеуге, екіншіден, республикадағы ұлттар мен ұлтаралық қарым-қатынас мəселесін, тіл, баспасөз, білім беру ісін анықтауға, ұлттық азшылық мəселесімен шұғылдануға, осы мəселелер бойынша Əзербайжан республикасының басшылары мен РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатына айына бір рет есеп беріп, ұсыныстар айтуға міндетті екенін жеткізеді [12].
РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатынан бөлінген қаржы келіп түскенге дейін қолда бар мүмкіндікті пайдаланып өкілдіктің қызметін ұйымдастыру үшін Т. Рысқұлов 1921 жылы 2 ақпанда Əзербайжан республикасының ревкомына кеңсе заттары мен іс қағаздарын басатын машинистка сұрап хат жазады [13]. Əзербайжан ревкомы өздері де сауатты хатшыларға мұқтаж болып отырулары себепті машинистка бөлетін мүмкіндіктері жоқ екендіктерін айтып жауап берген [14]. Т. Рысқұлов 1921 жылы 13 ақпанда қаржы табу мəселесімен реввоенсовет төрағасы С. Орджоникидзеге хат жолдап, əскери мекеменің қаражатынан өкілдік үшін қарызға 2 000 000 рубль бөлдіруді сұрайды [15]. 1921 жылы 24 ақпанда Кавказ майданының құрамындағы 11-ші армияның реввоенсоветі Т. Рысқұловқа қаржы тапшылығына байланысты өкілдікке ақшалай қарыз беруге мүмкіндіктері жоқ екендігін айтып, №468-і жауап хатын жолдаған [16]. Т. Рысқұлов 1921 жылы 13 ақпанда Əзербайжан үкіметі жанындағы Орталық баспасөз бөліміне республикада түркі жəне орыс тілдерінде жарық көріп жатқан барлық газет-журналдар мен басқа да мерзімді баспа өнімдерін өкілдікке жіберіп тұруларын сұрап, хат жолдайды [17]. Баку қалалық атқару комитетіне жолдаған келесі қатынас хатында Т. Рысқұлов өкілдікті материалдық жағынан қамтамасыз етуді тағы да өтінеді [18]. Т. Рысқұлов ақпан айының басында Баку қалалық атқару комитетіне, баспанамен қамтамасыз ету орталығына жəне қатарынан үш рет Азревкомға да хат жолдап, қаланың əкімшілік ауданынан өкілдіктің жұмыс орны үшін төрт бөлмелі пəтер бөлдіртуді өтінеді [19]. Азревком да қалалық баспанамен қамтамасыз ету орталығына үш рет тапсырма беріп, өкілдікті орналастыратын үй тауып бере алмай қиналады. Т. Рысқұлов өкілдіктің материалдық жағдайын шешуге бағытталған əрекетті одан əрі жалғастырады.
1921 жылы 19 ақпанда ол Баку қалалық кеңесінің юстиция бөлімінен өкілдіктің заңнамалық мəселелеріне көмектесуі үшін халық судьясы Д. Алиевті өкілдік қарамағына жіберуді өтінеді, бірақ қалалық кеңес 1921 жылғы 21 ақпандағы жауап хатында судьялардың тапшылығына байланысты бұл ұсынысты қанағаттандыра алмайтындықтарын білдіріп кешірім сұраған [20].
Т.Рысқұлов өкілдіктің қызметін ұйымдастыру мəселесінде туындаған объективті қиыншылықтарға қарамай-ақ басты міндеттерді іске асыруға қызу кіріседі. Бакуде болған екі апта ішінде Əзербайжан республикасындағы ұлттар мен ұлтаралық қарым-қатынас мəселесін зерттеп көрген
Т. Рысқұлов 1921 жылы 13 ақпанда республиканың Халық ағарту комиссариатының аз санды ұлттар жөніндегі бөліміне хат жазып, өзің бұл саладағы барлық мəліметтермен мұқият таныстыруды талап етеді [21]. Бұл айларда азамат соғысынан енді ғана ес жия бастаған Əзербайжанда халық санағы əлі жүргізілмеген болатын, үкімет мекемелерінің қолында республиканы мекендеп отырған ұлттардың саны туралы нақты деректер болмады. Сондықтан да, Т. Рысқұлов республиканың тиісті мекемелерінен барлық уездерге арнайы нұсқау жіберіп, халықтың ұлттық құрамы туралы жалпы мəліметтерді анықтап беруді өтінеді. Халық ағарту комиссариатының аз санды ұлттар жөніндегі бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы С. Шахназаров Т. Рысқұловтың тапсырмасын орындап, 1921 жылы 24 ақпанда тиісті мəліметтерді жинастырып береді [22]. Бірақ, өкінішке қарай, Баку қаласында тұрақты орналасып болмаған өкілдіктің бұл апталарда республикадағы ұлт мəселесін терең зерттеуіне мүмкіндігі болған жоқ.
Осылайша, аса ауыр саяси жəне əлеуметтік жағдайды басынан кешіріп отырған Əзербайжан республикасы қаржы мен құралдың аздығынан өкілдікті дер кезінде орналастырып, керекті жабдықтармен қамтамасыз ете алмайды. Баку қаласының басшылары тек сəуір айының ортасында ғана өкілдік үшін Молоканская көшесі, 11 үйден бөлме беруге мүмкіндік табады [23].
Кремль көсемдері наурыз айында Ресей Коммунистік партиясының Х сиезін өткізу үшін қызу даярлық жұмыстарын бастаған болатын [24]. Ақпан айының ортасында Баку қаласында Əзербайжан Коммунистік партиясының ІІІ сиезі ұйымдастырылады. Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Н. Наримановтың шақыруымен өзінің Əзербайжан Коммунистік партиясының ІІІ сиезінде ұлт мəселесі бойынша баяндама жасауға даярланатындығы жəне одан əрі Əзербайжан делегациясының құрамында Мəскеуге аттанатындығы себепті Т. Рысқұлов өкілдіктің қызметін ұйымдастыруды орынбасары Жорабаевқа тапсырады [25].
Т. Рысқұлов Баку қаласында өтіп жатқан Əзербайжан Коммунистік партиясының ІІІ съезіне делегат болып қатынасып, 1921 жылы 18 ақпанда РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының өкілетті өкілі ретінде ұлт мəселесі бойынша сөз сөйлейді [26]. Жоғарыда айтып өткеніміздей, сиезде 1921 жылы наурыз айында Мəскеу қаласына шақырылған РКП (б) Х съезінде жасалатын Əзербайжан Коммунистік партиясының есепті баяндамасы талқылады. РКП (б) Х съезінің күн тəртібіне ең басты мəселе ретінде ұлт мəселесі енгізілген болатын. Сондықтан да, Т. Рысқұлов Х съезінің күн тəртібіне ең басты мəселе ретінде ұлт мəселесінің енгізілгендігі уақыт талабына сай келетін дұрыс саяси шешім болғандығын қуаттайды. РКП (б) Х съезіндегі ең басты мəселенің бірі, дейді Т. Рысқұлов, бұл ұлт мəселесі. Сиездің қарауында тұрған ұлт мəселесі, негізінен алғанда Шығыс мəселесі болып табылады, сондықтан да бұл мəселенің сиезде талқыланатын дүниежүзілік мəні бар басқа да мəселелерден кемдігі жоқ. Егер біз РКП (б) VIIІ съезінде ұлт мəселесін тек таза теориялық тұрғыдан ғана талқылаған болсақ, таяуда ғана өткен Коминтерінің ІІ конгресінде бұл мəселенің тек отарлар туралы қырына ғана көңіл бөліп, негізгі бағдарламаларды талқылаумен айналыстық, ал РКП (б) Х съезі ұлт мəселесінің практикалық мəселелерін шешуі тиіс. «Қазір партияның алдында тұрған əрбір мəселеге тек ресейлік көзқарас тұрғысынан ғана қарамау керек» [27], — дейді Т. Рысқұлов. Барлық мəселеге тек ресейлік көзқарас тұрғысынан қарудың негізсіздігін баяндай келе, Т. Рысқұлов іске ең алдымен дүниежүзілік экономикалық қауымдастықтың мүддесі тұғысынан келіп, Шығыс мəселесін, Шығыстағы ұлт мəселесінің шешілу жолдарын осы дүниежүзілік экономикалық қауымдастықтың мүддесіне байланыстыра қарастыруды ұсынады. Т. Рысқұлов «барлық іске тек ресейлік көзқарас»‚ «ресейлік мүдде» тұрғысынан келіп, дүние жүзілік проблеманы, дүние жүзілік экономикалық жағдайды есепке алмаудың қателігін атап көрсетеді, яғни Ресей алдында тұрған экономикалық проблемаларды дүние жүзілік экономикадан жеке бөліп алып шешуге болмайтындығын баяндайды. «Техниканың, қатынас жолдарының орасан зор көлемде дамуының нəтижесінде, жер шарының барлық бөлігінде өзара тауар айналымының өрістеуі мен толассыз отарлық басып алушылықтың нəтижесінде капитализм дүние жүзілік шаруашылыққа айналып отыр, барлық елдер, жер шарының барлық артта қалған бөліктері осы механизмге, дүние жүзілік шаруашылыққа тартылды. Осы шаруашылықтан белгілі бір ірі экономикалық топтың бөлініп кетуі барлық жүйені, оның тепетеңдігін бүлдіреді» [28], — дейді Т. Рысқұлов.
Одан əрі, Т. Рысқұлов осы қалыптасып қалған дүние жүзілік капиталистік экономикалық шаруашылықтағы отар жəне жартылай отар елдердің маңызын баяндайды. Сондықтан да, дейді ол, Коминтерінің ІІ конгресі белгілеп бергендей, осы бұрынғы жəне қазіргі отар жəне жартылай отар елдердің маңызын үнемі есте ұстап, сол елдердегі халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарына барынша қолдау көрсету қажет. Дүние жүзіндегі отар жəне жартылай отар елдердің басым бөлігі Шығыста жатқандықтан да, Шығыс мəселесі — ең маңызды мəселенің бірі, бұл мəселеге РКП (б) барынша жіті мағына беруі қажет.
Т. Рысқұлов Коммунистік партияның Шығыс елдеріндегі іс-əрекеті мен саясатын нақты белгілеп, Шығыс елдерінің басым көпшілігінің аграрлы елдер болуына байланысты онда таза «социалистік революцияларды» іске асыру мүмкін емес екеніне, ондағы қозғалыс — əлеуметтік сипаты жағынан шаруалардың қозғалысы болатынына назар аударады. Шығыста жұмысшы қозғалысы емес, шаруалар қозғалысымен ұласқан ұлт-азаттық қозғалыстар болып жатыр жəне бұл қозғалыстарды сол ұлттардың əлеуметтік жағынан үстем таптары мен ұсақ буржуазиялық топтары басқарып отыр. Сондықтан да, «…бұл қозғалысты əлеуметтік қозғалысқа айналдырып, еңбекшілер бұқарасы шын мəнінде өкіметті өз қолына алуы үшін партия тарапынан көмек көрсетілуі тиіс» [29]. Коммунистік партия, дейді Т. Рысқұлов, Шығысқа тек революциялық ұрандармен ғана бармауы қажет, ең алдымен нақты практикалық шаралармен, нақты іспен баруы тиіс. Себебі, коммунистік ұрандардың Түркістанда практикалық тұрғыдан нақты қалай іске асырылып жатқанын бүкіл Шығыс жіті бақылап отыр [30].
Өз сөзінде Т. Рысқұлов Шығыс халықтарына қатысты экономикалық саясат туралы да ойларын ортаға салады. «Біз, — дейді Т. Рысқұлов, — экономикалық жағдайды түздіктердің тұрмыс жағдайын түсінген жерде ғана жақсарта аламыз. Түздіктердің тұрмыс жағдайы мүлдем басқа, ол еуропалықтардың жағдайынан көп жағынан ерекшеленеді. Мұнда мақта шаруашылығы мəселесі бойынша, мақтаны өңдеу əдісі мен өнеркəсіптің басқа түрі бойынша, жер шаруашылығы, астық шаруашылығында біз Шығыстың өзіне тəн ерекшеліктерін көреміз, сондықтан да, бұл ерекшелікпен санасу қажет. Егер біз осы ғасырлар бойы қалыптасқан ерекшеліктерді мүлдем ескермей, оны ығыстырып, мақтаны еуропалықтарша өсіргіміз келеді деп мəлімдейтін болсақ, онда ол қате болады» [31]. Одан əрі Т. Рысқұлов жалпы экономика туралы, республикалар арасындағы экономикалық байланыстарды реттеу жайлы, Орталық пен республикалардың өзара көмегі хақында маңызды ойларын білдірді.
Сөзінің соңғы бөлігін Т. Рысқұлов РСФСР құрамындағы республикаларда (əсіресе, Шығыс республикаларында) мəдени-ағарту шараларын іске асыру мəселесіне арнайды. Мəдени-ағарту шаралары кеңес өкіметінің ең басты міндеті екенін, халықтың қалың бұқарасын сауаттандырып, мəдени жағынан көтермелемей кеңес өкіметінің табысқа жете алмасын атап көрсетеді. «Қашан біз оны (халық бұқарасын. — О.Қ.) сауаттандырғанымызша, оған өзінің таптық мүддесін түсіну қиын болып қала береді, сондықтан да, ең алғашқы соққыны оқу ағарту майданында беруіміз қажет. Ал, оны қалай беруіміз керек? Біріншіден, мектеп ісін дұрыс ұйымдастыру арқылы. Материалдық қамтамасыз етуді дұрыс ұйымдастыру арқылы. Сосын тіл мəселесін реттеу арқылы. Түздік шаруа бұқарасы оқу-ағарту саласында да, саясатта да алға қарай тек өзінің ана тілі арқылы ғана анағұрлым тез, анағұрлым жылдам қадам жасай алады. Егер біз тілдің осындай маңызын ысырап қоятын болсақ, немесе оған екінші дəрежелі маңыз берер болсақ, онда біздің мақсатымыз орындалмайды. Біз бұл мəселеде көптеген қателікті көріп отырмыз. Біз орыс тілінде жазылған өте үлкен көлемдегі əдебиеттерді, тіпті оқулықтарды да көріп отырмыз. Бұл əрине, тұрғындардың еуропалық бөлігі үшін өте жақсы. Бұл қажет нəрсе, бірақ кейде шамадан тыс өрістетіліп, өте көп қаржы еуропалық мектептерге жұмсалады. Мен Түркістандағы өз тəжірибемнен білетіндей, орыс тілінде оқытатын университет ашылған кезде, оған тек орыс тіліндегі гимназияларды бітіргендер ғана түсеуге мүмкіндік алды, ал қажетті кітаптар мен құрал-жабдықтардың жоқтығынан оған түздік тілде оқығандар түсе алмайды. Орыс тілінде сан алуан газет болса, түздіктердің тілінде өте аз. Мұндай практика, əрине дұрыс емес. Сіздер бұл мəселеде шаруалар бұқарасына көмектесулеріңіз керек» [32].
Т. Рысқұлов сиезге дейін-ақ Əзербайжанда түрікшіл қайраткер ретінде жақсы танымал болатын. Т. Рысқұловтың Түркістан республикасының егемендігі жолындағы күресі мен 1920 жылы қыркүйек айында Баку қаласында өткен Шығыс халықтарының І сиезінде түрікшіл идеяларымен ерекшеленіп көзге түсуінің нəтижесінде Əзербайжан қайраткерлері тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Əзербайжанның ұлт қайраткерлерінің арасында Т. Рысқұловтың жақын достары көп болатын, мысалы ол Н.Н. Наримановпен, Г.М. Мұсабековпен, М.Д. Гусейновпен, Д.Х. Буният-задемен жəне т.б. өте тығыз қарым-қатынас жасап тұрды. Олар Т. Рысқұловты ақылдылығы, іскерлігі, адалдығы жəне табандылығы үшін сыйлады. Өкінішке қарай, бұл тұста Түркістан сияқты Əзербайжанда да саяси билік жергілікті түркі-мұсылман қайраткерлерінің қолында емес, респуликаға сырттан жіберілген армян, грузин, орыс жəне еврей коммунистері мен Кавказ майданына қарасты ХІ армия басшыларының қолында болды. С. Орджоникидзеге мен С.М. Киров бастаған Қызыл Армия Əзербайжан Демократиялық республикасын қиратқаннан кейін оның басшылары толық қуғындалып, саяси билік еуропалық жəне кавказдық большевиктердің қолына шоғырланған болатын. Олар, əсіресе армян большевиктері, Т. Рысқұловты түркішілдігі мен 1919 жылы Мұсбюро төрағасы кезінде Түркістанда армяндардың экстремистік бағыттағы іс-əрекеттерімен жексұрын болған ұлтшыл партиясы — «Дашнакцуютунның» жергілікті бөлімшілерін заңнан тыс деп жариялап, таратып жібергені үшін жек көретін. Сондықтан да, Т. Рысқұлов РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының өкілетті өкілі ретінде Бакуге келген кезде армян большевиктері өкілдіктің жұмысын жолға қоюға барынша кедергі жасаумен болды. Өкілетті өкілдіктің тұрғын үй, кеңсе, көлік жəне қаражат мəселесінде үлкен қиындықтар көруінің бір себебі осында жатты.
Əзербайжан Коммунистік партиясының ІІІ съезінде Т. Рысқұлов делегаттардың сеніміне ие болып, республика партия ұйымының атынан РКП (б) Х сиезіне баратын Əзербайжан делегациясының құрамына кіргізілді. Оның үстіне И.В. Сталин де 1921 жылы 6 қаңтарда Н. Наримановқа жазған хатында Т. Рысқұловты РКП (б) Х сиезіне келетін Əзербайжан делегациясының құрамына енгізудің қажеттілігін атап көрсеткен еді [33].
Т. Рысқұлов наурыз айының басында РКП (б) Х сиезіне қатынасу үшін Əзербайжан делегациясының құрамында Мəскеуге аттанады, бірақ өкінішке қарай, Т. Рысқұловтың Мəскеуде РКП (б) Х сиезіне нақты қатысқан-қатыспағандығы туралы құжаттардың мəліметтері əр қилы. Əзербайжан Коммунистік партиясының ІІІ сиезі жарияланған бюллетеньдердің мəліметі бойынша Т. Рысқұловтың Əзербайжан делегациясының құрамына енгізілгені анық, бірақ РКП (б) Х сиезінің 1933 жылы жарияланған мəжіліс хаттамаларында [34] да, РКП (б) Х сиезінің 1963 жылы жарияланған стенографиялық есебінде [35] де делегаттар тізімінде Т. Рысқұловтың есімі көрсетілмеген. Бірақ, 1933 жылы жарияланған сиездің мəжіліс хаттамаларында сиез делегаттарының бір бөлігінің түрліше себептермен тізімге ілінбей қалғаны туралы жазылған.
РКП (б) Х сиезі өз жұмысын 1921 жылы 8 наурызда бастап, 16 наурызда аяқтағаны белгілі, ал сиезд алдында жəне сиездің алғашқы күндері төрт күн бойы, яғни 6-9 наурыз аралығында Мəскеуде РКП (б) Орталық Комитетінің шешімімен сиезге келген түркі халықтары коммунистерінің ІІ кеңесі болып өтеді [36]. Кеңесті ұйымдастырушы РКП (б) Орталық Комитеті жанындағы Түркі халықтары ортасында үгіт пен насихат жүргізетін Орталық бюро болды. Кеңеске РСФСР-дің ішкі губернияларынан, барлық түркі тілдес ұлт республикалары мен облыстарынан өкілдер қатынасады. Кеңеске шешуші дауыспен қатынасып, сөз сөйлегендер арасында Түркістан республикасының өкілдері
– Н. Төреқұлов, С. Қожанов, Х. Бурнашев жəне т.б. бар. Қазақ республикасынан келген делегаттардың тізімінде кеңесші дауыспен С. Сəдуақасовтың есімі де тіркелген, бірақ ол кеңесте сөз сөйлемеген.
РКП (б) Орталық Комитеті Түркі халықтары коммунистерінің ІІ кеңесінде ұлт мəселесі бойынша жасалатын негізгі баяндаманы Кремльдің Түркістандағы эмиссарлық органы – Түрікбюроның мүшесі Г.И. Сафаровқа тапсырады (Г.И. Сафаров — нағыз фамилиясы Сафарян, бірақ «Сафаров», «Егоров», «Володин» деген лақап аттарымен танымал болған, əкесі армян, шешесі поляк қызы, 1920 жылы арнайы тапсырмамен Ташкентке келіп, Түркістандағы жалпытүркілік азаттық қозғалысын басып-жаншу, Т. Рысқұлов ұйымдастырған Мұсылман Бюросы мүшелерін қуғындау, жергілікті түркі-мұсылман жəне қазақ қызметкерлерінің өзара қырқысын ұйымдастыруда аса белсенділік танытқан адам).
Кеңесте Г.И. Сафаровтың ұлт мəселесі бойынша жасаған баяндамасын талқылауға түркі республикаларынан келген көптеген коммунистер қатынасқан, бірақ олардың көпшілігі өз ойларын ашық айтпай, жалпылама пікірлермен шектелген. Түркістанда жүргізіліп жатқан ұлттық саясатқа қатысты баяндамашымен ымыраға келмейтін көзқараста болған Т. Рысқұлов Г.И. Сафаровтың ұлт мəселесі бойынша жасаған «теориялары» мен тұжырымдарына қирата соққы береді. Т. Рысқұлов баяндамадағы жалғандықты ашып көрсетеді.
Т. Рысқұловтың Түркі халықтары коммунистерінің ІІ кеңесінде сөйлеген сөзінде уақыт өте келе тарихи дамудың өзі дұрыстығын мойындатқан кесек-кесек ойлар бар.
Бұл ойлардың маңыздылығына байланысты, оны кеңірек талдау қажет. «Ұлт мəселесін əр түрлі көзқарас тұрғысынан қарастыруға болады, — дейді Т. Рысқұлов сөзінің басында. Ұлт мəселесі біздің партия сиезінде қарастырылатын қырынан алғанда, əрине жалпы мəселе болып табылады. Мұнда, түрік коммунистерінің кеңесінде біз ұлт мəселесінің Шығыс бөлігін ғана қарастырамыз, əрі десеңіз баяндамашы негізінен осы бөлігін қамтыды. Жалпы ұлт мəселесінің Шығыс бөлігін қарастыруға мен де ынталымын жəне осы бағытта өз ойымды білдірем» [37].
Одан əрі Т. Рысқұлов РСФСР ішіндегі ұлт мəселесінің, əсіресе түркі халықтарына қатысты саясаттың қазіргі таңда ерекше зор маңызы бар екеніне көңіл аударады. «Шығыс коммунистері арасында азды-көпті белсендірек болып жүрген біз, түрік коммунистері, — дейді Т. Рысқұлов, — əлемдік революция көсемдері мен əлемдік революцияның басқарушы ұйымдарының қазіргі таңда Шығыста қалыптасқан жағдайы түсініп, Шығыс ісі мен Шығыстағы міндеттерді жүзеге асыру жолында бізге тосқауыл келтіріп отырған кедергілерді жою үшін сөз жүзінде ғана емес іс жүзінде де қолғабыс жасап, тірек болуына мүдделіміз» [38].
Т. Рысқұлов Г.И. Сафаровтың ұлт мəселесін шешуде Түркістанды басқа аймақтар үшін үлгі етіп көрсетуге тырысқан əрекетіне соққы берді. «Ол (Сафаров) Түркістан тəжірибесі жалпы барлық Шығыс аймақтары үшін даяр тəжірибесі болуы мүмкін деп ойлайды. Мен бұл қате деймін. Шығыс бөліктегі ұлт мəселесіне Түркістан тұрғысынан қарау мүмкін емес. Егер Түркістанның жарасы — отарлық мəселе, яғни жергілікті қаналаушыларды жергілікті орыс қанаушыларымен теңестіру болса, ал Азияда бұл мəселе басқаша жағдайда тұр… Сондықтан да, Түркістан тəжірибесі барлық аймақтар үшін үлгі бола алмайды» [39]. Шын мəнісінде, Түркістанды басқа аймақтар үшін үлгі етіп көрсету барып тұрған сорақылық болатын, өйткені патша өкіметінің отарлау саясаты мен Түркістанға арнайы миссиямен келген Түріккомиссия мен Түрікбюроның тап күресі саясатының салдарынан жергілікті халқы сұмдық қырғынға ұшырып, үш миллионнан аса адамға азайған, тəркілеу мен басқа да озбырлықтың құрбандығына айналып, босқыншылыққа ұшыраған, туған өлкесінде өмір сүріп отырса да, «екінші дəрежелі» халықтар қатарына жатқызылған, «басмашылық» атты большевиктік айдар тағылған орасан зор ұлт-азаттық қозғалысы өрттей лаулаған, қағаз жүзіндегі ұлттық республикаға ие болса да, бірақ оның негізгі мемлекеттік тұтқаларына ие бола алмаған өлкенің жағдайын жəне оның еуропалық эмиссарлардың басшылығымен «бақытты өмір кешіп жатқан» жергілікті халықтарының жағдайын басқа аймақтар үшін үлгі етіп көрсету сорақылықтан басқа ештеңе де емес еді.
Т. Рысқұлов Г.И. Сафаровтың Түріккомиссия мен Түрікбюроның Түркістанда жүргізген ұлт саясатын ақтау мақсатында айтқан сөздерін бұлтартпас дəлелдермен жоққа шығарады. Т. Рысқұлов РКП (б) Орталық Комитетінің түркі халықтарына қатысты ұлт саясатын «қызыл империализм» деп айыптаған. «Түріккомиссия Түркістанда, бір жағынан, отаршылармен, қоныс аударушы кулактармен, Ресей капиталының қалдықтарымен, шенеуніктерімен, екінші жағынан, феодалдық қатынастармен, яғни жергілікті қанаушылармен күрес саясатын жүргізгеніндей, жолдас Сафаров Түркістан мəселесіне шектен тыс тоқталды. Бірінші кезекте, жергілікті коммунистерге, түздіктерге қарсы күрес жүргізілді. Жолдас Сафаров, өзінің бір жылдық қызметімен Түріккомиссия жұмақ орнатты деп ойлайды. Мен
Түркістан үлгісі мен тəжірибесі нағыз сорақы тəжірибе, нағыз сорақы мəселе болды деп айтамын, ол тек Мəскеудің алдында, партияның Орталық Комитетінің күн тəртібінде ғана тұрған жоқ, сондай-ақ РСФСР-дің сорақы саясаты ретінде, қызыл империализм ретінде өз шешімін күтіп Лондон конференциясында да жəне біздің Түркиямен келіссөздерімізде де тұр» [40], — дейді Т. Рысқұлов. Өзі саяси қуғындалу жағдайында жүріп жəне Мəскеуде, РКП (б) көсемдерінің қарсы алдында тұрып, оның жүргізіп отырған саясатын «қызыл империализм» деп айыптау кез келген саясатшының батылы жетер шаруа емес болатын.
Т. Рысқұлов РКП (б) Түріккомиссия мен Түрікбюроның ұлт саясатын əшкерелей отырып былай дейді: «Мен отарлау мəселесіне тоқталып өтем… Мен Жетісу облысында туылдым, кедей қазақтардың ортасынан шықтым, кулактардың талай зорлығын көрдім жəне соған қарамай-ақ, жергілікті коммунистер осы отарлаушы элементтермен, отарлаушылдардың езгісімен күрес жүргіздік, бірақ оларды құрта алғанымыз жоқ, барлық үмітті Орталық өкілдеріне, Түріккомиссияның алғашқы құрамына арттық. Түріккомиссияның алғашқы құрамы отарлаушылармен күрес, келімсектер мен жергілікті халықтың жағдайын теңестіру жəне кеңес өкіметіне қарсы бас көтерген орыс кулактары мен орыс-казактардан жасақталған қызыл əскерлерді тарату туралы бақандай бес қаулы қабылдаумен тынды, бірақ бұл қаулылардың бəрі де тек қағаз жүзінде қалды. Сондықтан да, жергілікті коммунистер Түріккомиссия жергілікті кулактарға арқа сүйеп, соларды пайдаланады деп мəлімдеуге тура келді. Орасан зор Түркістан майданы кулактарға қарсы іс жүзінде ешқандай шара қолданбады. Түріккомиссияның алғашқы құрамына тағылған айып — бұл ұлт мəселесі бойынша тағылған айып болатын» [41].
Бұдан əрі Т. Рысқұлов Түріккомиссияның екінші құрамының қызметін сынайды. «Ал, енді біз Түріккомиссияның екінші құрамынан нені көріп отырмыз <…>. Кулактарды талқандаймыз, жер мəселесін теңестіреміз деп Түркістан газеттері жазып, қаулылар қабылданып жатқанмен де, іс жүзінде ештеңе атқарылған жоқ <…>. Біз, жолдас Сафаровтың қазақтарға бір адым да жер қайтармағанын жақсы білеміз» [42].
Т. Рысқұлов Түрікбюроның Түркістанда жүргізіп жатқан əскери саясатын қатты сынға алады. «Əскери мəселені алайық, — дейді Т. Рысқұлов. <…>. Ұзақ арпалыстан соң Түркістан қайраткерлері Қызыл армияға 30 000 мұсылманның шақырылуына қол жеткізді. Мəскеуден мұсылмандардың ешқандай міндеткерлік атқармауы туралы ескертілді <…>. 30 000 адам шақырылды, олар лагерьлерде орналастырылды. Бірақ кейінірек біз нені көрдік, осы армиядан не шықты? Біз жалаңаш тобырды, өлесі ашыққандарды көрдік жəне осы 30 000 адамның жартысы өз ауылдарына қашап барып, қарапайым қара жұмысшыға айналып жатыр. Ал, қағаз жүзінде бізде қазақ бөлімшесі, өзбек бөлімшесі дегендер бар. Міне, əскери мəселенің жағдайы» [43].
Кеңесте сөйлеген сөзінде Т. Рысқұлов əскер мəселесіне арнайы тоқталып, Түркістандағы қоныс аударушы орыс кулактары мен жергілікті халықтың жағдайын теңестіру үшін, кеңес өкіметін мойындамай отырған орыс-казак атты əскерін талқандау үшін неліктен қару қолданылмайтындығын түсіндіруді талап етеді. «Мен неліктен қару пайданылмайды, неліктен қазақтардан олардың өз құқықтарын өздері қорғай алатынын дəлелдеу үшін армия жасақталынбайды деп сұраймын. Өйткені, отарлау мəселесі ұлттық кемсітушілікке айналды. Мен басқа аймақтарға бұл жолмен жүруге болмайды деп кеңес берем. Солтүстік Кавказда отарлау мəселесі басқаша жолмен шешілді. Онда жергілікті халықтардың қолында қару болды жəне олар орыс-казактарының революцияға қарсы бас көтерулерінің тас-талқанын шығарды. Ал, біздің жолдастар (Түркістан майданы басшылары. — О.Қ.) қолдарында 100 000 армиясы болса да, отарлау мəселесін жоя алмай отыр» [44], — дейді Т. Рысқұлов.
Т. Рысқұлов Г. Сафаровтың Түріккомиссияның Түркістанда жүргізіп отырған тіл саясатын мадақтау мақсатында айтқан пікірлерінің жалғандығын əшкереледі. «Жолдас Сафаров, — дейді Т. Рысқұлов, — орыс тілінің орнына жергілікті халықтардың тілін дамытып жатырмыз деп айтқанымен де, біз керісінше, жергілікті халықтар үшін керегі шамалы декреттердің, Ленинің суреті салынған барлық қаулылар мен декреттердің орыс тілінде шығарылып жатқанын, оларға өзін-өзі жарнамалау үшін Кагановичтің қол қоятынын көріп отырмыз» [45].
Түріккомиссияның экономикалық саясатын да назардан тыс қалдырмады. «Түріккомиссияның өмірі сүріп отырғанына бір жылдан асты, ол мылжыңдықпен айналысты, бірақ мақта шаруашылығын толығымен күйретті. Мақта мəселесі толығымен күйреді, жолдастар, енді Түркістан Мəскеуден нан сұрауға мəжбүр. Астық салығы орталықта 70-80 пайызға орындалған кезде, ол Түркістанда не бəрі 20 пайызға жетер жетпес ғана орындалды жəне бұл астық тек Түркістанда өмір сүріп отырған армияны асыруға ғана жетеді. Мұндай саясатпен айналысуға, Түркістанды үлгі етіп көрсетуге болмайды» [46]. Т. Рысқұлов атап көрсеткен, Түркістанда астық салығының не бəрі 20 пайызға ғана орындалуының өзіндік себебі бар еді, өйткені астық салығы негізінен астық өсіріп, егіншілікпен шұғылданатын келімсек орыс қоныс аударушыларынан алынатын, сондықтан да, Түріккомиссия бұл салық жоспарының толығымен орындалуына мүдделі болған жоқ. Ал, толығымен күйреу дəрежесіне жеткен мал жəне мақта шаруашылықтарымен Түркістанның жергілікті халықтары айналысатын. Кеңес өкіметі жергілікті халыққа тек салық объектісі ретінде ғана қарады. «Біз кеңес өкіметінің пайдалы екенін іс жүзінде дəлелдеген жоқпыз» [47], — дейді Т. Рысқұлов.
Т. Рысқұловтың Түркі халықтары коммунистерінің ІІ кеңесінде сөйлеген сөзінің ең тұжырымды жері — «пантүрікшілдік» деген құбылысқа берген бағасы болды. Түркі халықтардың табиғи жақындасуына жол бермеу мақсатында əдейі сорақы етіп уағыздалынып отырылған, яғни «пантүрікшілдік» деген атауға ие болған қозғалысқа басқаша көзқарас тұрғысынан қарау керек дейді. «Пантүрікшілдік» идеясының түрік тілдес халықтар үшін орасан зор пайдасы бар екенін атап көрсетеді. «Менің пантүрікшілдік мəселесіне тоқталып өткім келіп тұр, — дейді Т. Рысқұлов. <…>. Еуропалық империалистер суреттегендей пантүрікшілдік өмірде болған емес, оның басқа түрі бар. Біздің айтайын дегеніміз Түркия, империалистік Түркия, ол енді жоқ. Шығыстың орасан зор халқын соңынан ертетін жаңа Түркия бар. Біздің қолымызда Кавказда, Азияда, Түркістанда бұқараны кеңес құрылысына тартуда орасан зор маңызы болған Кемалдық қозғалыстың тəжірибесі бар. Бұған көз жұмуға болмайды, əрі пантүрікшілдікті ескі көзқарас тұрғысынан қарастырудың қажеті жоқ» [48].
РКП (б) тарихында, оның өткізген ірі басқосуларынын бірде-бірінде, мейлі ол сиезд болсын, не конференция болсын, не кеңес болсын, «пантүрікшілдікті» жақтап ешкім Т. Рысқұловтай ашық сөйлеген емес.
Жоғарыдағы ойларын қортындылай келе, Т. Рысқұлов РКП (б) Х съезінен соң партияның түркі халықтарына қатысты саясатын түбірімен өзгерту қажеттігін атап көрсетеді. «Мен партия сиезінен соң саясатты өзгерту қажет деп ойлаймын» [49], — дейді Т. Рысқұлов. Сөзінің аяғына таман Т. Рысқұлов ұлт мəселесі бойынша өзі даярлаған тезистерін жарияланған. Өкінішке орай, кеңестің стенографиялық есебінде тезистің жарияланғаны туралы мəлімет бар да [50], тезистің өзі тіркелмеген.
Түркі халықтары коммунистерінің ІІ кеңесінде Т. Рысқұловтың сынына ұшыраған Г.И. Сафаров 1921 жылы тамызда Түркістан Коммунистік партиясының VІ сиезінде сөйлеген сөзінде былай дейді: «Мен жолдас Рысқұловтың РКП (б) Х сиезі алдында өткен түрік коммунистерінің кеңесінде сөйлеген сөзін рахаттана тыңдадым, <…> ондағы жолдас Рысқұловтың сөзі — пантүрікшіл сөз болды»
[51].
Түркі халықтары коммунистерінің ІІ кеңесі мен РКП (б) Х сиезі аяқталғаннан кейін Т. Рысқұлов 1921 жылы 19 наурызда В.И. Ленинге Түркістанда патша өкіметінің отарлау саясатының зардаптарын жою үшін тез арада жергілікті халықтың мүддесіне сай келетін жер-су реформасын жүргізудің қажеттігін дəлелдеп үлкен хат жолдайды.
Т. Рысқұловтың Түркі халықтары коммунистерінің ІІ кеңесіндегі сөзімен жəне өзіне жолданған жер-су реформасы туралы хатымен мұқият танысқан соң В.И. Ленин 1921 жылы көктемде РКП (б) Орталық Комитеті мен БОАК алдына Түркістанда жер-су реформасын тездетіп өткізу туралы арнайы тапсырма береді. Т. Рысқұловтың ұсынуымен жəне В.И. Лениннің қолдауымен Жетісуда жақсы басталған жер-су реформасы Түрікбюро мүшелерінің жергілікті орыстар мен қазақтар арасында қасақана жанжалдар ұйымдастыруы салдарынан аяқсыз қалды [52].
Наурыз айының аяғында Бакуге оралған Т. Рысқұловтың денсаулығы сыр бере бастайды. Озбырлыққа төзбей, отарлық əкімшілікке қарсы қару кезеген батыр əкесімен бірге Верный түрмесінде көрген азабы, буыны қатпаған аш-жалаңаш жетім баланың қаңтардың сары аязы мен шілденің аптап ыстығында Меркі байларының малын бағуы, Пішпекте оқыған бозбала шағында қырғыз манаптары мен келімсек орыс кулактарының жалшылығында көрген қорлығы, империалистік соғыс пен революциялық дүрбелең жылдарындағы қиыншылықтар, кеңес билігі тұсындағы аштық жəне ажал тырнағына ілінген миллиондаған түркістандықтарды құтқару жолындағы арпалыс, Түркістанның егемендігін баянды ету үшін жергілікті орыс большевик-эсерлерімен тартыс, Мəскеудің Түріккомиссия, Түрікбюро, Реввоенсовет, ТуркЧК, Ерекше бөлім сынды саяси-əскери эмиссарлық органдарымен, РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросымен жүргізілген ауыр күрес жиырманың бел ортасына енді ғана жеткен жап-жас Тұрардың денсаулығын қатты əлсіреткен еді. Оның үстіне теңіз жағасында орналасқан Бакудің климаты Түркістанның құрғақ ауа-райына үйренген Тұрар үшін жайсыз болып, ол Балқан, Кіші Азия, Кавказ аймағында кең тарай бастаған жұқпалы өкпе ауруын жұқтырып, қатты ауырады да, азық-түлік пен қаржы тапшылығы жағдайында науқасы тез бел ала бастайды.
Сəуір айынының алғашқы жартысында Тұрар өкпе ауруы қатты асқына бастаған соң амалсыздан И.В. Сталинмен хабарласып, ауа-райы құрғақ Түркістанға барып қымызбен емделу үшін 4 ай мерзімге демалыс беруін сұрайды. И.В. Сталин 3 айға келісім берген. РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының коллегиясы Т. Рысқұлов емделуге кеткен мерзімде Бакудегі өкіл міндетін уақытша атқаруды Жорабаевқа тапсырады, алайда, 1921 жылы 14 сəуірде РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В. Сталин қол қойған №4226 бұйрықпен өкілетті өкіл болып Ефим Григорьевич Герасимов-Герасин деген кісі тағайындалады. Т. Рысқұлов 1921 жылы 16 сəуірде өкілдіктің мөрі мен барлық іс-қағаздарын жаңа өкілге тапсырып, жолаушылар кемесімен Каспийдің шығыс жағалауына өтеді де, Закаспий темір жолымен Ташкентке аттанады [53]. 1921 жылы 20 сəуірде Тұрар Ташкентке келіп жеткен. Ал, РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Əзербайжан республикасындағы жаңа өкілетті өкілі Е.Г. Герасимов-Герасинді 1921 жылы 7 шілдеде А. Майрановский алмастырған [54].
_____________
1. РГАСПИ (Ресейдің əлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағаты). 2-қ., 1-т., 14099іс, 3-9-пп; Кеңірек түрде қараңыз: Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси жəне мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 448 бет.
2. ӨРОММ (Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты). Р-17-қ., 2-т.,
181-іс, 10-п.
3. I съезд народов Востока. 1-8 сентября 1920 г. Стенографический отчет. – Петроград, 1920. – С. 163-169; Сорокин Г. I съезд народов Востока. – М.: Наука, 1961. – С. 21.
4. I съезд народов Востока. 1-8 сентября 1920 г. Стенографический отчет. – Петроград, 1920. – С. 219-220.
5. РГАСПИ. 2-қ., 1-т., 15242-іс, 4-4-арт. пп.
6. РГАСПИ. 17-қ., 163-т., 98-іс, 23-23-арт. пп.
7. РГАСПИ. 17-қ., 3-т., 115-іс, 8-п.
8. РКП (б) Орталық Комитетінің Саяси Бюроның 1920 жылғы 14 қазандағы Тұрар Рысқұловты РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары етіп тағайындау туралы қаулы іске асырылмаған, не жойылмаған, ал Тұрар Рысқұлов РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары қызметіне Саяси Бюроның тағайындауымен емес, екі жылдан соң, яғни 1922 жылы тамыз айында комиссариатта өткізілген балама сайлау негізінде келген // ГАРФ (Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағаты). 1318-қ., 1-т., 9-іс, 70-71-пп.
9. «Тов. Нариманов! Подателя сего тов. Рыскулова, Вы, конечно, знаете. Он человек способный и знающий (киргиз по происхождению). Туркестанцы до сих пор еще не примирились с ним, все еще считая его полунационалистом. По-моему, это вздор — он член партии, дисциплинирован и с точностью проводит директивы партии. Я его посылаю к вам в качестве представителя Наркомнаца (на основании последнего декрета) с правом совещательного голоса, для связи с центром. Прошу оказать ему содействие. Будет полезно для дела, если проведут его на партийный съезд в качестве одного из делегатов от Азербайджана. Кроме того, он член Совета действий и его работа в этом в этом учреждении была бы полезна. Ваш И. Сталин» // РГАСПИ. 558-қ., РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының коллекциясы. 4-қорап. Тігілмеген. Нөмірсіз. Қолжазба. Түпнұсқа; Россия и Центральная Азия. 1905-1925 гг. Сборник документов. / Автор — составитель Д.А. Аманжолова. – Караганды: Издательство КарГУ, 2005. – С. 311-312.
10. Волховский М., Муханов В. По следам Азербайжанской Демократической Республики. – М.: Европа, 2007. — 256 с.
11. Жизнь национальностей. 1920. 24 декабря. №41; ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 23-23 арт. п.
12. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 23-23 арт. п.
13. «2 февраля 1921 г. В Азревком. Организуемое при Азербайджанской республике Представительство Наркомнаца еще не успело обзавестись канцелярским составом, поэтому просим для выполнения срочных работ временно командировать из личного состава служащих одной машинистки для работ в Представительстве. Представитель Наркомнаца Т. Рыскулов (подпись)» // ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 11-п.
14. «К сожалению, в Азревкоме лишних машинисток не имеется (подпись) // ГАРФ. 1318-қ., 2т., 5-іс, 11-п.
15. «№10. 13 февраля 1921 г. Председателю Реввоенсовета тов. Орджоникидзе. Настоящим Представительство Наркомнаца РСФСР при Аз[ербайджанской] республике просит, если возможно, сделать распоряжение об отпуске из средств Военного ведомства двух миллионов (2 000 000) рублей заимообразно впредь до получения перевода на необходимую сумму из Москвы от Наркомнаца.
Представитель Наркомнаца Т. Рыскулов (подпись) // ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 28-п.
16. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 17-п.
17. «№8. 13 февраля 1921 г. В Центрпечать Аз[ербайджанской] республики. Согласно постановления ВЦИК и СНК при Аз[ербайджанской] республике учреждено Представительство Наркомнаца РСФСР, поэтому просим для указанного Представительства в дальнейшем присылать комплекты всех газет, как ежедневных, так и периодических, издающихся на русском и тюркском языках в пределах Аз[ербайджанской] республики, что необходимо в особенности для информации Наркомнаца в Москве. Представитель Наркомнаца Т. Рыскулов (подпись)» // ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 28-п.
18. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 21-21 артқы парақтар. «Вх. 14. В Бакинский Исполком. Прошу Бакинский исполком в самом срочном порядке сделать распоряжение о снабжении учреждаемого при Аз[ербайджанской] республике Представительства Наркомнаца из центра нижеименованными необходимыми предметами, получать кои уполномочивается сотруднику Представительства тов. А. Таирову название предметов: пишущих машин с принадлежностями (ленты, копировальной бумаги, резинки) – 2 шт., столов письменных – 6 шт., стульев – 12 шт., чернильных приборов – 6 шт., ручек – 12 шт., карандашей обыкновенных – 12 шт., карандашей цветных – 6 шт., карандашей химических – 6 шт., чернил ализер – 3 бут., чернил красных – 1 бут., перьев – 2 короб., кнопок – 3 короб., исходящих и выходящих книг – 1/1-2 шт., разносной книги 1 шт., требовательных книг – 1 шт., книги получений и выдач – 1 шт., писчей бумаги – 2 стоп., пресс-папье – 3 шт., блокнотов белых – 6 шт., пепельниц – 5 шт., книг ассигновок – 1 шт., книг ордерных – 2 шт., портфелей – 5 шт., электрических лампочек – 12 шт., линеек – 2 шт., самоваров – 1 шт., чайников – 1 шт., стаканов чайных – 12 шт., ведер – 2 шт., графинов – 2 шт., шкафов – 3 шт., щетки – 2 шт., гумми-арабик – 2 флак., пакеты – 100 шт., старый мешок для уборки полов – 2 шт., веников – 3 шт., ножиков – 2 шт., ножниц – 2 шт., шпагат – 2 шт.
Представитель Наркомнаца Т. Рыскулов (подпись)»
19. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 20-п.
20. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 13-п.
21. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 12-п.
22. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 12 арт.п.
23. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 7-п.
24. РКП (б) Х сиезі 1921 жылы 8-16 наурыз аралығында Мəскеу қаласында болып өтті // Протоколы Х съезда РКП (б). 8 марта-16 марта 1921 г. — М.: Партиздат, 1933.
25. Уақытша басшылыққа қалдырылған Жорабаев 1921 жылы 27 ақпанда Əзербайжан Коммунистік партиясының Орталық Комитетіне хат жолдап, 2 наурыз, сəрсенбі күні сағат кешкі 6да өкілдікте республикада тұратын аз ұлт өкілдерімен (армян, неміс, еврей жəне т.б.) ұлт мəселесі бойынша арнайы жиналыс болатындығын хабарлаған (ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 22-п.). Сондай-ақ, Жорабаев əлі күнге шешілмей отырған қаражат мəселесін тезірек шешу үшін 1921 жылы наурыз айының алғашқы күндері Əзербайжан республикасының Сыртқы істер халық комиссариатынан 2 000 000 рубль қарыз ақша сұраған (ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 16-п.). Дəл осындай мазмұндағы қатынас хат 1921 жылы 3 наурызда Əзербайжан республикасының Сыртқы істер халық комиссариатына тағы да жолданған (ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 20-п.). Ал 1921 жылы 22 наурызда орталық басқармасы Баку қаласында орналасқан «Шығыстағы насихат жəне іс-қимыл кеңесіне» №24-ші қатынас хатын жіберіп, Мəскеуде жүрген өкілетті өкіл Т. Рысқұловтың тиісті қаражатты аудартқанына дейін өкілдік үшін қарызға 200 000 рубль бере тұруларын өтінеді (ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, 18-п.). «Шығыстағы насихат жəне іс-қимыл кеңесінің» орталық басқармасы мұндай өтінішті Əзербайжан республикасының ревкомына жасау керектігін ескерткен.
26. Бюллетень ЦК Азербайджанской Коммунистической партии (большевиков). – Баку, 1921.
№6. – С. 4; №7. – С. 1; Рыскулов Т.Р. Избранные труды. – Алма-Ата: Казахстан, 1984. – С. 75-82.
27. Рыскулов Т.Р. Избранные труды. – Алма-Ата: Казахстан, 1984. – С. 76.
28. Рыскулов Т.Р. Избранные труды. – Алма-Ата: Казахстан, 1984. – С. 76.
29. Рыскулов Т.Р. Избранные труды. – Алма-Ата: Казахстан, 1984. – С. 78.
30. Рыскулов Т.Р. Избранные труды. – Алма-Ата: Казахстан, 1984. – С. 78.
31. Рыскулов Т.Р. Избранные труды. – Алма-Ата: Казахстан, 1984. – С. 79.
32. Рыскулов Т.Р. Избранные труды. – Алма-Ата: Казахстан, 1984. – С. 80-81.
33. РГАСПИ. 558-қ., РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының коллекциясы. 4қорап. Тігілмеген. Нөмірсіз. Қолжазба. Түпнұсқа; Россия и Центральная Азия. 1905-1925 гг. Сборник документов. / Автор — составитель Д.А. Аманжолова. – Караганды: Издательство КарГУ, 2005. – С.
311-312.
34. Протоколы Х съезда РКП (б). – М., 1933. – С. 750.
35. Десятый съезд РКП (б). Стенографический отчет. – М., 1963. – С. 716, 763.
36. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс.
37. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 65-п. 38. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 65-п.
39. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 65-п.
40. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 66-п.
41. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 66-п.
42. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 66-67-пп.
43. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 67-п.
44. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 67-п.
45. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 67-п. 46. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 68-п. 47. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 68-п.
48. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 68-п.
49. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 68-п.
50. РГАСПИ. 583-қ., 1-т., 8-іс. 67-п.
51. Известия ТурЦИК-а. 1921. 17 августа. №182.
52. Рыскулов Т. Джетысуйские вопросы. – Ташкент: ТГИ, 1923; Генис В.Л. Депортация русских из Туркестана. О Г.И. Сафарове (1891-1942). («Дело Сафарова»). // — Вопросы истории. 1998. №1. – С.44-58; Он же. «Что мы сделали, темные хлеборобы, копавшие вечно в земле? Депортация русских из Туркестана // Независимая газета. — 1992. — 23 июля.
53. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 5-іс, титулдық жəне 29 п.
54. ГАРФ. 1318-қ., 2-т., 6-іс, 6-п.

Резюме
В статье на основе новых, ранее не введенных в научный оборот архивных источников, исследована деятельность видного общественного и государственного деятеля Турара Рыскулова как полномочного представителя Народного Комиссариата по делам национальностей РСФСР в Азербайджанской Республике в 1921 г.

Summary
In article on the basis of new, earlier the archival sources not entered into a scientific turn activity visible public and statesman Turara Ryskulova as plenipotentiary of the National Commissariat on affairs of nationalities of RSFSR in the Azerbaijan Republic in 1921 is investigated.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *