ТҰРАР ЖƏНЕ ТҮРКІСТАН СТУДЕНТТЕРІ

ТҰРАР ЖƏНЕ ТҮРКІСТАН СТУДЕНТТЕРІ

О.М. ҚОҢЫРАТБАЕВ — т.ғ.к., Абай атындағы аз ПУ-ды Магистратура жəне PhD докторантура институтыны аза)стан тарихы мен мəдениеті кафедрасыны доценті

Ата-анасынан ерте айырылған Тұрардың (анасы қайтыс болғанда екі жаста болған Тұрар туған шешесі — Қалипаны мүлдем білмеген, ал халыққа тізесі батқан болысты атып өлтіріп, ит жеккенге айдалған əкесі Рысқұлдан он жасында тірідей айырылған ол қарындасы Түйметай екеуі Меркіде, өгей шешесі — Ізбайшаның қолында өседі) білім алуы өте қиын болғаны белгілі[1]. Құрбылары сияқты білім алу Тұрардың бала күнгі арманы болды. «Оқуға барғанша етігім тозып қалады» деп қауіптенген бала Тұрар шілденің аптабында етігін мой-нына асып, Аспара байлары мен кулактарының малын бағады.
Баланың алғырлығын аңғарған əкесінің інісі Молдабек тиын-тебен жиыстырып, Тұрарды Меркідегі орыс-түздік мектебіне береді. 1906-1910 жылдары Тұрар осы мектепте оқып, сауатын ашады. 1910-1914 жылдары Тұрар Пішпектегі I разрядты ауыл шаруашылық училищесінде оқиды. Оқумен қатар қырғыз манаптарына жалданып қара жұмыстар атқарады. 1914 жылы күзде Т.Рысқұлов білімін жетілдіру үшін Самара қаласындағы IІ разрядты ауыл шаруашылық училищесіне түсуге əрекеттенеді, бірақ 250 талапкердің ішінде Түркістаннан келген жалғыз қазақ баласы болса да, училище директоры «бұратана», «номад», «оған ауыл шаруашылығы білімі керегі жоқ» деп кемсітіп, оқуға қабылдаудан бас тартады. Самарадан оралған Тұрар 1915 жылдың жаз айларына дейін Түлкібастағы туыстарын паналайды.
Бұл тұста Жетісу темір жолының Арыс-Əулиеата бөлігі салынып жатқан болатын. 1915 жылы жазда темір жолдың Түлкібас бөлімшесін салдырып жатқан инженер Мұхамеджан Тынышпаев таяу маңда Рысқұлдың талантты баласы Тұрардың жүргенін естіп, шақыртып алады. Тұрардың жағдайымен танысып, жас жігіттің ақыл-ойына, білімі мен қарымына көңілі толған Мұхамеджан оның қайткенде де оқуды жалғастыру туралы тілегін қызу қолдайды. Тұрардың Ташкентте ашылған педагогикалық институтқа оқуға түсуі үшін өз қалтасынан қаржы беріп, аттандырады[2]. Тұрар Мұхамеджан ағасының бұл жақсылығын жадында сақтап, аға өнегесі бойынша ірі қызметте жүрген кейінгі жылдарда қазақ балаларының білім алуына көмектесуді өзінің өмірлік парызына айналдырды.
1915 жылы күзде Тұрар Ташкент педагогикалық институтына оқуға түсуге талпынады, бірақ институт директоры Ресей империясының заңы бойынша оқуға тек христиан дінін-дегілер ғана қабылданатынын айтып, жолатпайды. Тұрар Түркістан өлкесіндегі оқу орындарын бақылайтын инспектор Соловьевке арызданғанымен де, ештеңе шығара алмайды. Тұрар Соловьевті «шовинистік ниетпен бұратана қазақ балаларының білім алуына кедергі келтіріп отырсың» айыптайды. Сол үшін түрмеге түсе жаздап, əзер құтылады. Күн көру үшін Ташкент маңындағы Красноводск ауыл шаруашылық тəжірибе станциясында бір жылдай бағбан болып жалданып жұмыс істейді. Түрліше əдебиеттермен өз бетінше танысып, газеттерден бірінші дүние жүзілік соғысты бақылап отырады. Түркістан өлкесінің отарлық жағдайын, қазақтардың əлеуметтік ахуалын зерттей бастайды. Жұмыстан босаған уақытта Ташкент қаласындағы ерлер гимназиясында сырттай оқып, 2-разрядты ерікті тыңдаушы куəлігін алады [3].
1916 жылы 25 маусымда патша өкіметінің майдандағы қара жұмыстарға 19-43 жас аралығындағы бұратаналардан жұмысшы алу туралы жарлығы шығады[4]. Оқуды армандап жүргенде қара жұмысқа алынатындар тізіміне ілініп кету қаупі төнген Тұрар Меркіге аттанып, көтерілісшілердің идеялық басшыларының біріне айналады[5]. Меркі көтерілісі жеңіліс тапқан соң, жазалаушы бөлімдерден құтылып шыққан Тұрар 1916 жылдың қыркүйегінде Ташкент Мұғалімдер институтының директорына оқуға түскісі келетіні туралы өтініш жазып, Меркі орыс-түздік мектебі мен Пішпек ауыл шаруашылығы училищесінің куəлігін, мақтау қағаздары мен фотокарточкасын тапсырады. Қалайда оқуға түсу үшін Тұрар Петербургқа, Ресей империясының Оқу министріне хат жолдайды. Тұрарға бұл жолы қабылдау емтихандарын тапсыруға рұқсат беріледі[6]. Барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырған Тұрар оқуға қабылданады. Бірақ жоқшылық Тұрардың бар ынта-жігерімен оқуына жол бермеді, қара жұмыста жалданып тапқан қаражаты пəтер ақысынан артылмайды. Күндіз оқуда, кешке жұмыста жүрген ол қаражаттан қатты қиналады. Амалы таусылған Тұрар 19 қазанда институтының директорына өтініш жазады. Өтініш хатында Тұрар өзінің əке-шешесі де, жанашыр ағайын-туысы жоқ панасыз жетім екенін, қаржыдан қатты қиналып жүргенін, қыс түсіп келе жатуына байланысты кебіс, көрпе, іш киім, оқу құралдарын алуға мұқтаждығын айтып, мүмкіндігінше ақшалай көмек беруін сұрайды[7]. Мұғалімдер институ-тының директоры 24 қазанда Тұрарды педагогикалық кеңеске шақыртып, 70 рубль əлеуметтік көмек беру туралы қаулы шығартады [8]. Бірақ революциялық дүрбелең уақытта Тұрар Ташкент Мұғалімдер институтын аяқтай алмай, екі курсты тəмамдады деген анықтама қағазға ғана қол жеткізеді.
Тұрармен қатар аталған оқу орнында басқа да қазақ жастары оқығаны белгілі, олар заманына қарай өз орталарында «ақ жағалылар» мен «қара табандар» болып жіктелетін. Қазақтың əлеуметтік үстем табынан шыққан «ақ жағалылар», яғни сұлтан-төрелердің, байболыстардың, фабриканттар мен саудагерлердің балалары өздерінше топ құрып, кедей ортадан шыққан «қара табандарды» маңайларына жолатпайтын. Тұлдыр жетім Тұрардың жағдайы кедей болса да арқа сүйер əке-шешесі, ағайын-туыстары бар «қара табандардан» да төмен болғаны айтпаса да түсінікті!
Дипломға қол жеткізе алмаған Тұрар оны ойлап ешқашан қайғырған емес, ол табиғи талантының арқасында дипломсыз-ақ туған халқына қалқысыз қызмет етудің ғажайып үлгісін көрсетті. 24 жасар Тұрардың 1918 жылы Аштықпен күресетін Орталық Комиссия құрып, сан миллиондаған аш-жалаңаш түркістандықтарды ажал тырнағынан арашалап алуы, 1919 жылы Мұсылман Бюросын ұйымдастырып, революциядан кейінгі екі жыл ішінде Түркістанды билептөстеп келген орыс большевиктерінің шовинистік тобын талқандауы, 1920 жылы «Тұтас Түркістан» идеясын көтеріп, Кремль көсемдерімен тайталасуы ерлікке тең қызмет еді. Тұрар бұқара халықты жаппай сауаттандырмай, талантты жастарға жоғары білім беріп, озық мамандықтарды игермей теңдікке жету мүмкін емесін тез түсінеді. Жастарды оқыту — Тұрардың сүйікті ісіне айналады.
1919 жылы құрылған Мұсылман Бюросының төрағасы ретінде Тұрардың бірінші кезекте қолға алған ісі – түркі-мұсылман жастарын оқыту болды. Тұрардың ұйымдастыруымен мұсылмандар арасынан басқару аппараты мен кеңес мекемелеріне мамандар даярлау мақсатымен Мұсбюро жанынан Ұйымдастыру-үгіт курсы ашылады. Курс тыңдаушыларына арналған бағдарламаны Тұрар даярлайды. Бағдарлама бойынша тыңдаушылардың мынандай бағыттарда білім алып, мамандануы көзделді: конституция негіздері; экономикалық өмірдің негіздері; кооперация; кəсіподақ қозғалысы; мемлекеттік басқарудың түрлері; ұлт мəселесі; орыс тілі; түркі тілдері; іс жүргізу мен есеп-қисап; география; түркістантану; армия жəне əскери құрылыс жəне т.б.[9]. Курс бағдарламасы қоғамдық-саяси жəне экономикалық өмірдің көптеген қырларын қамтыған. Кейбір пəндер қазіргі таңда да өз мəнін жоя қоймаған, мысалы: «түркістантану», «түркі тілдері», «əскери құрылыс», «ұлт мəселесі», «кооперация», «мемлекеттік басқарудың түрлері мен əдістері» жəне т.б. Курсқа əр қабылдау кезінде 100 адамнан оқыды, оқуға негізінен РКП (б) мүшелері мен кəсіподақ мүшелері қабылданды. Тыңдаушыларға қойылар талап қатаң болды, оған жасы 18-ге толған, бұрын қылмысты болмаған, түркі тілдерінде сауатты, курста оқылатын міндетті пəндерді оқып-үйренуге қабілеті бар жергілікті халық өкілдері алынды. Материалдық жағынан курс тыңдаушылары қызыл əскерлермен теңестірілді. Тыңдаушылардың отбасы қызыл əскер отбасы сияқты Əлеуметтік қамсыздандыру комиссариатының есебінен қамсыздандырылды. Дəрістер түркі тілдерінде оқытылды, ал мамандар жетіспеген пəндер орыс тілінде жүргізіліп, міндетті түрде тəржімеленетін. Курстың барлық шығынын Білім беру халық комиссариаты көтеріп, тəрбие ісіне Мұсбюро жауап берді [10]. Мұсбюро жанындағы Ұйымдастыру-үгіт курсы Түркістанда түрліше салалар бойынша білікті мамандар даярлауға зор ықпал етті. Курсты бітірушілер қабілеті мен біліміне қарай кеңес, партия қызметіне, үкімет мекемелері мен комиссариат-тарға, Қызыл Армия бөлімдеріне жіберілді. Олардың арасынан кейінірек ірі қоғам қайраткер-лері, ғылыми қызметкерлер, əскери мамандар өсіп жетілді.
Т.Рысқұлов республиканы билеп-төстеп отырған орыс большевиктерімен күрес барысында мұсылман зиялыларын мемлекеттік басқару мекемелеріне қызметке тарту мəселесімен қызу айналысады. 1919 жылы 23 маусымда жоғары, орта жəне төмен білімі бар мұсылман зиялыларының міндетті түрде Мұсбюроға келіп тіркелуін талап еткен бұйрық жарияланады[11]. 1919 жылы 23 шілдеде Т.Рысқұлов Түрікаткомға орыс мектептерін бітірген жоғары, орта, төменгі жəне мұсылманша жоғары жəне орта білімі бар мұсылман интеллектуалды күштері-нің тізімін жасау туралы бұйрық жариялатып, мұсылман жастарын республика мен федера-ция жоғарғы оқу орындарында оқытудың жоспарын жасайды [12].
1920 жылы Т.Рысқұлов Түрікатком төрағасы болып сайланғанан кейін Түркістанда жоғары жəне орта арнайы оқу орындарының ашылуына үлкен ықпал жасайды. Т.Рысқұлов студент-тер мəселесімен 1921-1922 жылдары, яғни РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариа-тында қызмет атқарған кезде де қызу айналысады. Т.Рысқұлов аталған комиссариатта алдымен коллегия мүшесі, 1922 жылдың тамыз айының ортасынан бастап комиссардың орынбасары болып істеді. Комиссариатта Т.Рысқұлов жалпы басшылықпен қатар, Мəскеу мен Петроградтағы жоғарғы оқу орындарының қызметін үйлестіріп отырады. Петроградтағы Шығыстың тірі тілдерінің Орталық институты, Петроград жəне Мəскеу Шығыстану институттарының басқармасы Т.Рысқұловқа бағынды. Т.Рысқұлов 1922 жылы қыркүйекте Мəскеудегі Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университеті жанынан Жұмысшы факультетін аштыртады, осы оқу орнында өзі де дəріс оқиды [13].
Т.Рысқұлов 1922-1923 оқу жылында Мəскеу Шығыстану институтының Қабылдау комиссиясының төрағасы болды[14]. 1922 жылы 11 қыркүйекте РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының коллегиясы Мəскеу мен Петроград Шығыстану институттарының стипендиясын бөлу мəселесін талқылайды. Мəжілісте Т.Рысқұлов өзінің Мəскеу Шығыстану институтының Қабылдау комиссиясының төрағасы екенін пайдалана отырып, оқуға түркімұсылман жастарының көптеп қабылдануына күш салады. Оқу-білімнен артта қалған аймақтардың бірі ретінде – Түркістан жастарын жеңілдетілген шарттармен алғашқы кезекте қабылдаудың жəне оларға мүмкіндігінше көбірек орын бөлудің маңыздылығын дəлелдеп сөйлейді. Т.Рысқұлов коллегия мүшелерін өз пікіріне көндіріп, 1922-1923 оқу жылында Мəскеу мен Петроград Шығыстану институттарынан Түркістан жастары үшін 16 орын алуға қол жеткізеді [15]. Мəжілістен кейін Т.Рысқұлов Ташкент қаласына шұғыл жеделхат жолдап, республика басшыларынан тез арада талантты түркі жастарын Мəскеу мен Петроградқа аттандыруды талап етеді: «Сіздерге Мəскеу Шығыстану институтына он екі орын (12), ал Петроград институтына төрт (4) орын берілді. Азды-көпті даярлығы бар жергілікті жастарды тез арада аттандырыңыздар. РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары Т.Рысқұлов. 11.IX.1922г.»[16]. Осылайша, Т.Рысқұловтың күш салуымен 1922-1923 оқу жылында Мəскеу Шығыстану институтына қабылданған 250 студенттің 12-і түркістандықтар болды. 1922 жылы Т.Рысқұлов небəрі 28 жаста еді, ал Тұрардың көмегімен оқуға түскен түркістандықтардың да жастары осы шамалас болатын. Тұрардың көмегімен оқып келген жастар елді өнер мен білімге сүйреді. Т.Рысқұлов комиссариат комиссиясын басқарып, 1922 жылы Мəскеу Шығыстану институтының 250 студентіне арнайы жатақхана ашып береді [17].
1922-1924 жылдары Т.Рысқұловтың Түркістан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болғаны белгілі. Үкімет басшысы ретінде Т.Рысқұловтың көп көңіл бөлген мəселесінің бірі – оқу-ағарту саласы мен студенттер мəселесі болды. Түркістанда сауатсыздықты жоймай халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету мүмкін емес еді. 1922 жылы желтоқсан айының басында өткен Түркістан кеңестерінің XI сиезінде баяндама жасаған Т.Рысқұлов халық ағарту ісіне мемлекеттік бюджеттің 30 пайызын, жергілікті бюджеттердің 24 пайызын бөлу туралы шешім шығартады[18]. Мұндай көлемдегі қаржы одан кейінгі онжылдықтардың бірде-бірінде бөлінген емес. Республикада жалпы білім беретін мектептер мен мектеп жасына дейінгі мекемелерді, кəсіптік-техникалық оқу орындары мен жоғары оқу орындарын дамытудың жоспары əзірленді. Негізгі күш сауатсыздықты жою мəселесіне жұмылдырылды.Т.Рысқұлов ең алдымен жұмысшылар мен шаруалардың балаларын оқыту мəселесін өрістетті. 1923 жылы республикадағы мектеп оқушыларының 90 пайызы қарапайым жұмысшылар мен шаруалардың балалары болды, сол жылы республикада 1032 түрліше мектептер жұмыс істеді. Оларда 85912 оқушы оқыды. 1923 жылы Түркістанның қала халқының 32,5 пайызы сауаттылыққа үйренді, ал бұл көрсеткіш 1920 жылы 27,5 пайыз болатын [19]. Т.Рысқұлов басқарған Түркістан үкіметі ауыл мектептерін дамытуға маңыз беріп, ауыл мұғалімдерін даярлауды қарқынды жүргізді. 1923 жылы республикада 6 оқу-ағарту институттары, оның 1-еуі əйелдер институты, жұмыс істеді. Оларда 1500 студент білім алды. Ал, 1924 жылы республикада 7 педагогикалық жəне 11 ауыл шаруашылық училищелері болды. Оларда 1523 студент оқыды. Түркістан үкіметінің күш салуымен студенттердің ұлттық құрамы бірте-бірте жергілікті халықтың пайдасына қарай өзгеріп отырды. Мысалы, 7 педагогикалық, 11 ауыл шаруашылық училищелерінің 1523 студентінің ұлттық құрамы мынадай болды: 494 өзбек, 334 қазақ, 252 еуропалық халықтардың өкілдері, 106 түрікмен, 62 тəжік жəне т. б. [20]. 1923 жылы Орта Азия университетінде 214 студент оқыды [21]. 1924 жылы Ташкент Мемлекеттік университетінің 6 факультетінде 2353 студент, сондай-ақ Шығыс, Қазақ, Өлкелік Өзбек, Түркі-татар, Түздік-еврей жəне Өлкелік Өзбек əйелдер институтында тағы да 755 студент оқыды [22].
1923 жылы 22 маусымда Т.Рысқұловтың төрағалық етуімен өткен Халық Комиссарлар Кеңесінің мəжілісі республикадағы ауыл шаруашылығы мектептерінің жағдайы талқылайды. 1923 жылы жазда республикада барлығы 6 ауыл шаруашылығы мектептері (оның 3-еуі Жетісуда, бір-бірден Сырдария, Самарқант, Түрікмен облыстарында) болды. Оларда 61 мұғалім сабақ беріп, 497 студент оқыды[23]. Ауыл шаруашылығы мектептерінің маңызы туралы Т.Рысқұлов былай дейді: «Мен ауыл шаруашылық мектептері біз үшін аса маңызды мəселе деп ойлаймын. Егер мəдени-ағарту ісін жақсартқымыз келсе, онда техникалық, оның ішінде ауыл шаруашылық біліміне ерекше көңіл бөлуіміз қажет… Мен Жетісу облысындағы ауыл шаруашылығы мектептерінің жағдайын жақсы білем, олардың қарамағында жеткілікті көлемде мал, ірі жер бөліктері, бау-бақша, егістік жəне т.б. бар. Олардан алынған табыс аталған мектептерді қамтамасыз етуге жұмсалады» [24].
Т.Рысқұлов 1923 жылы 11 қарашада республикадағы оқу-ағарту саясаты туралы кеңейтілген мəжіліс ұйымдастырады. Мəжіліске Түрікаткомның, ТКП Орталық Комитетінің, Түркістан кəсіподақ ұйымының оқу-ағарту ісіне қатысты мүшелері, сауат ашу мектептерінің меңгерушілері, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, жеке меншіктегі мəдени-ағарту мекемелерінің басшылары жəне барлық талапкерлер шақырылды. Мəжілісте республикадағы оқу-ағарту ісіне көмектесу жəне арнайы мəдени-ағарту қаржы қорын құру мəселелері талқыланады. «Жергілікті халық, – дейді Т.Рысқұлов, – шаруашылық пен саяси құрылыстың өзгеруіне байланысты сауатсыздықты жоймай мəдени құрылыстың мүмкін еместігін түсініп, оқу-ағарту ісіне ден қоя бастады… Оқу-ағарту институттарында оқу ісінің жағдайы талапқа сай емес. Қажетті қаражаттың тапшылығына байланысты баспалар ауыл мектептерінің кітапқа деген қажеттілігін өтей алмай отыр»[25]. Т.Рысқұлов мектеп жүйесін кең түрде дамытуға қаражаттың жетіспеушілігі қол байлау болып отырғандығын, сондықтан да бар мүмкіндікті пайдаланып мəдени күштерді ұйымдастыру жəне арнайы қаражат қорын құру қажеттігін атап көрсетеді. Федерациялық ұйымдар тарапынан қаржылай көмектің болатынын, бірақ бұл істе бүкіл халықтың қолдауынсыз алға жылжыту мүмкін еместігін баяндады. «Бүкіл халықтың кең түрде көмегі қажет. Бұл іске шаруашылық ұйымдарын тартып, олар əр жеке мектепті қамқорлыққа алуы қажет… Бұл істе шүғыл шараларды іске асыру қажет. Осы мақсатта Оқуағарту ісіне көмектесетін бюро құру жоспарланып отыр»[26]. Т.Рысқұловтың жетекшілігімен Түркістан үкіметі сауатсыздықты жою мəселесін қырағы бақылауға алады. Үкімет республикада жастар арасындағы сауатсыздықты жоюдың соңғы мерзімі ретінде 1924 жылғы 1 мамырды белгіледі[27]. 1923 жылы күзде Түркістанда сауатсыздықты жою мектеп-терінің саны үздіксіз өсіп, 1 қазанда 214, 1 қарашада 235, 1 желтоқсанда 317, 1 ақпанда 367-ге жетті[28].
Республикада сауатсыздықты жою, бастауыш, орта жəне жоғарғы білім беруді өркендету үшін осы салаларға тікелей басшылық жасап, көмектесетін ұйымдар мен мекемелердің қызметін үйлестіру мақсатында Т.Рысқұлов 1923 жылы 23 қарашада үкімет мəжілісінде Халық ағарту ісіне көмектесу бюросын құру туралы баяндама жасайды[29]. Бюроның басшылығын Т.Рысқұлов өз қолына алады. Бюро төралқасына А.Рахымбаев, Н.Айтақов, А.Серғазиев кіргізілді, ал мүшелігіне: қазақтардан – Аралбаев, оған кандидат ретінде – Көшербаев, өзбектерден – Ахунов, оған кандидат ретінде – Мунауар Қары, түрікмендерден — Сахатмұратов, оған кандидат ретінде – Иомудский енгізілді [30]. Бюроның жанынан мəдениағарту қоғамдары мен ұлттық ұйымдардың өкілдері кірген Мəдени кеңес ұйымдас-тырылады. 1923 жылы 10 желтоқсанда Т.Рысқұлов Халық ағарту ісіне көмектесу бюросының жанындағы Мəдени кеңестің кеңейтілген мəжілісін өткізіп, оның төралқасына X.Досмұхамедовты, Бродскийді, Мунауар Қарыны, Келдиев жəне Севастьяновты кіргіз-еді[31]. 1923 жылы 18 желтоқсанда Халық ағарту ісіне көмектесу бюросы мен Мəдени кеңестің біріккен мəжілісінде Мəдени кеңестің алдында тұрған міндеттер талқыланып, оған мерзімді баспасөзде мынадай тақырыптарға мақалалар жариялау тапсырылды, атап айтқанда: ескі жəне жаңа мектептердің арасындағы айырмашылық; халық ағарту ісі жəне елдің экономикасы; техникалық білім жəне өнеркəсіп; білім жəне бостандық; жеке ынтаның рөлі; мұғалім жəне мектеп; оқулық жəне мектеп; мектеп жəне көшпелілердің міндеттері; мектеп жəне дехкандардың міндеттері; мектеп жəне «Қосшы» одағының міндеттері; мектеп жəне интеллигенция; мектеп жəне жергілікті билік орындарының міндеттері жəне т.б. [32]. Т.Рысқұловтың басшылығымен жұмыс жасаған Халық ағарту ісіне көмектесу бюросы мен Мəдени кеңес республикада оқу-ағарту ісінің жедел өрістеуіне, сауатсыздықты жоюға зор ықпал жасады. Бюро мен кеңестің құрамында көптеген білікті мамандар жұмыс істеді.
Т.Рысқұлов Түркістанның экономикасына білікті мамандар даярлау үшін студенттер ісіне көп көңіл бөлді. Республика халық шаруашылығының түрліше салалары үшін техникалық мамандар жетіспейтін. Техникалық білімді қажет ететін салаларда жергілікті халық өкілдері тым аз еді. Т.Рысқұлов үкімет төрағасы ретінде республикада техникалық арнаулы оқу орындарын ашып, жергілікті студенттерді көптеп қабылдауға күш салды. 1922 жылдың басында республикадағы 32 техникалық жəне техника-экономикалық арнаулы оқу орындарындағы 3170 оқушының небəрі 200-і ғана жергілікті халықтардың өкілдері болатын. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін Т.Рысқұлов 1922 жылдың соңы мен 1923 жылы стационарлы оқу орындарының жанынан арнайы мектептер мен курстар ашады. 1923-1924 оқу жылында Түркістанның жергілікті халқы үшін 150 орындық кооперативтік, 100 орындық су шаруашылығы мамандығы бойынша, Халық шаруашылығының Орталық Кеңесі жанынан 100 орындық, Орталық Есептеу басқармасы жанынан 50 орындық, Мақта комитеті жанынан 100 орындық курстар ұйымдастырады[33]. 1923 жылы республикасының орта дəрежелі техникалық оқу орындары мен курстары белгіленген мөлшерден 1370 адамды артық даярлап шықты. Сондай-ақ, республиканың 19 фабрика-зауыт мектептерінде оқыған 1400 оқушының 700-ден астамы, яғни тең жартысы жергілікті халықтардың жастары болды. Олар түрліше техникалық мамандықтарды, атап айтқанда: токарь, слесарь, фрезеровщик, машинист, электрик, шофер жəне тағы басқа мамандықтарды игерді. Аталған курстар мен техни-кумдарда техникалық біліммен қатар, жалпы білім де берілді. Бұл оқу орындарының оқушылары əскери білімді де игерді, оқу мерзімі аяқталған соң оларға кіші əскери коман-дирлік атақ берілді [34].
Т.Рысқұлов басқарған Түркістан үкіметі жоғарғы оқу орындарын оқытушылармен, арнайы əдебиетпен, оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету үшін үлкен күш-жігер жұмсады. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жақсара түсті. Объективті қиыншылықтарға қарамай-ақ, жоғарғы оқу орындары республиканың халық шаруашылығы үшін аса қажетті мамандар даярлап шығарды. Түркістанның үздік түлектері федерацияның беделді жоғары оқу орындарына жіберіліп, білімдерінің көтерулеріне жағдай жасалды. Білікті мамандар даярлау ісінде Т.Рысқұлов үкіметі республиканың өз оқу орындарын да, федерациялық, тіпті шет елдік білім ошақтарын да тиімді пайдалауға тырысты. Түркістанның талантты студенттерін федерацияның іргелі университеттері мен шет ел оқу орындарына жіберу жақсы жолға қойылды. Т.Рысқұлов федерацияның орталық қалаларындағы жəне шет елдерде оқып жүрген түркістандық студенттерге бар жəрдемін жасауға тырысты. Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы ретінде ол студенттердің əлеуметтік жағдайына қатысты туындаған мəселелерді бірінші кезекте шешіп отырды. Кеңестер Одағының аса ауыр экономикалық ахуалы студенттердің əлеуметтік жағдайынына қатты əсер етті. 1923 жылы қыста əлеуметтік қиыншылыққа ұшыраған Мəскеудегі түркістандық студенттер Тұрарға шағым хат жолдайды [35]. Т.Рысқұлов ақпан айында үкіметтің арнайы қаулысымен Мəскеу қаласында оқып жүрген, əлеуметтік көмекке мұқтаж 350 студенттің 150-не (90-ы жергілікті халықтардың, 60-ы басқа ұлттардың студенттері) стипендия тағайындайды. Стипендияның көлемін Мəскеудегі өкілеттік қызметкерінің 12-ші дəрежелі жалақысымен теңестіреді [36].
1923 жылы шілдеде үкімет Германияда оқып жатқан Түркістан студенттеріне стипендия тағайындау мəселесін талқылайды. Студенттері Германияда оқып жатқан комиссариаттар мен шаруашылық ұйымдары оларға ақшалай көмектесіп отыруға міндеттеніледі. Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан «Шет елдердегі, федерацияның орталық жоғары оқу орындарындағы жəне республикадағы студенттерге көмектесетін қор» құру туралы шешім қабылданады[37]. 1923 жылы тамыз айында Германиядағы түркістандық студенттердің жағдайымен танысып қайту мақсатыда Т.Рысқұловтың жетекшілігімен үкімет делегациясы ұйымдастырылады. Т.Рысқұлов Мəскеуде Түркістанға қатысты маңызды мəселелерді шешіп, қыркүйек айының 13-не Германияға аттанады. Т.Рысқұлов Германиядан 1923 жылы 22 қазанда оралған [38]. 1923 жылы 30 қазанда Т.Рысқұлов Халық Комиссарлар Кеңесіне Германия сапары туралы есеп береді. Мəжіліс Т.Рысқұловтың студенттердің жағдайы туралы баяндамасын мақұл-дайды. Т.Рысқұлов «Шет елдегі студенттер ісі бойынша уақытша бюроның» жобасын бекітеді. Аталған бюроның төрағасы болып Берлинде оқып жатқан Ғ.Бірімжановты тағайын-дайды, ал мүшелігіне Идрисовты жəне Германиядағы студенттердің екі өкілін кіргізеді. Мəжілісте Т.Рысқұлов КСРО-ның Берлиндегі тұрақты өкілдігінің құрамында Орта Азия республикаларының сауда жəне студенттер ісі бойынша өкілі болуы туралы ұсыныс білдірді
[39].
Түркістан үшін шет елдерде білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын насихаттау мақсатымен Т.Рысқұлов республикалық баспасөзде Германиядағы Орта Азия студенттерінің жағдайы туралы үлкен мақала жариялайды[40]. Германияда бұл кезде 11 түркістандық (7-і өзбек, 4-і қазақ), 47 бұқаралық (35-і өзбек, 8-і татар, 5-і түрікмен, 1-еврей), барлығы 58 студент оқыды. Студенттердің əлеуметтік тегі, жасы, білімі де əр түрлі еді. Олардың арасын-да түркістандық студенттердің жасы мен білім деңгейі бұқаралықтармен салыстырғанда əлдеқайда жоғары болатын. Бұқаралық студенттердің көбі жас, төменгі дəрежелі мектеп-тердің шəкірттері болса, ал түркістандықтар ой тоқтатқан, көбі республиканың жоғары жəне орта арнаулы оқу орындарынан іріктелінген студенттер еді. Түркістандық студенттердің барлығында, дейді Т.Рысқұлов мақаласында, бір ғана, яғни «Отанға оралып, туған халқы мен мемлекетінің мүддесі үшін өз білімдерін табыспен қолдану үшін барынша тыңғылықты білім алу» мақсаты бар. Олар игеріп жатқан мамандықтар Түркістан үшін аса пайдалы мамандықтар болып табылады. Мақаласында Т.Рысқұлов Түркістан мен Бұқара студент-терінің Германияда қай қалада, қай оқу орындарында жəне қандай мамандықтар бойынша оқып жатқанына егжейтегжейлі тоқталған. 4 өзбек студенті техникалық академияда, 2 қазақ ауыл шаруашылығы академиясында, 2 қазақ Растенбург қаласындағы тері өңдеу зауытында практикада, 2 өзбек гимназия мен университеттің медицина факультетінде оқиды. Ал, бұқаралық 7 студент Берлин университетінің медицина, философия, саяси экономикалық, құрылыс, электротехникалық, машина жасау жəне ауыл шаруашылығы факультеттерінде оқиды, олардың біреуі биыл Дрезден қаласындағы Жоғары техникалық мектептің машина бөлімшесіне түседі. Тағы бір студент қыздар институтында жүр. Куслин, Белбад жəне Дрезден қалаларындағы мемлекеттік педагогикалық оқу орындарында 19 бала оқиды. Веденгаузен мен Гельмштадт қалаларындағы ауыл шаруашылығы мектептерінде 5 студент, Фрейборг қаласындағы тері өңдеу мектебінде 2 студент, Лейпциг қаласындағы баспа-типография мектебінде 2 студент, Брауншвейг қаласында дəріхана ісі бойынша 1 студент, машина жасау фабрикаларында 6 студент, орта дəрежелі мектептерде екі студент оқыса, ал бір бала Хермсдорфе қаласыңдағы жетімдер үйінде тəрбиеленуде. Бұл оқу орындарында білім теориялық сабақтардан гөрі, тікелей практикалық жұмыстар кезінде беріледі. Неміс тілін тезірек үйрену максатында студенттердің барлығы жұмысшылардың отбасыларына бөлініп жіберілген.
Т.Рысқұлов барған кезде студенттердің жағдайы ауыр болатын. Олар Берлиндегі КСРО өкілдігімен байланыспай, елден хат-хабар, газет, кітап ала алмай жүрген еді. Студенттер арасында олардың жағдайын тиісті ұйымдарға жеткізіп отыратын бірде-бір ұйым болмаған. «Ең алдымен, — дейді Т.Рысқұлов, — студенттердің жалпы жиналысын ұйымдастырып, қордаланған мəселелерді талқылауға, КСРО мен Түркістанның жағдайы туралы баяндама жасап, студенттердің міндеттерін белгілеуге, студенттердің КСРО елшілігі мен сауда қызметкерлерімен жалпы жиналысын ұйымдастыруға тура келді. Студенттер Татар Республикасының үш жылдық мерей тойына арналған кешке қатынасты. Студенттердің елшілікпен қарым-қатынасына ұйымдық сипат беріп, бақылауды күшейту үшін түркістандық-бұқаралық студенттердің біріккен уақытша бюросы құрылды… Бұл біріккен бюродан басқа студенттер өздерінің арасынан тағы да кіші бюролар ұйымдастырды. Біріккен бюро оқу ісіне, шаруашылық істеріне бақылау жасайды, бүкіл студент қауымының атынан КСРО ұйымдарымен, өкілетті өкілдіктермен жəне Германияның оқу-ағарту ұйымдарымен байланыс жасап отырады».
Т.Рысқұлов Берлиндегі КСРО елшілігін Түркістан студенттерін мерзімді басылыммен, кітаптармен жəне мүмкіндігінше қаражатпен қамтамасыз етіп отыруға көндірді. Кеңес елшілігіндегі келіссөздерден соң елшілік жанынан Орта Азия республикаларының сауда өкілдігін ашу туралы келісімге қол жеткізеді. Т.Рысқұлов делегация атынан барлық студенттерге бес айлық мөлшерде қосымша стипендия төлейді. «Біздің студенттер Германияда пайдалы іске оқып-үйреніп жатыр, — дейді Т.Рысқұлов мақаласының соңында, — елге қайтып оралған соң, өз білімдерінің арқасында сөз жоқ үлкен пайда келтіреді. Біздің міндетіміз — оларға өз оқуларын толық аяқтауына жағдай жасау үшін мүмкін болған шаралардың барлы-ғын қолдану болып табылады».
1923 жылы күзде Т.Рысқұлов «Германиядағы студенттердің жағдайы туралы ережені» бекітеді. Студенттер мəселесін шешу қолдарынан келмесе де, өсек-аян тарату қолдарынан келетін «пысықтар» Т.Рысқұловтың Германияға жасаған сапары туралы алып-қашпа сөз таратады. Ол Т.Рысқұловтың беделіне қарсы бағытталған қысыр əңгімелер болатын. Сондықтан да, Т.Рысқұлов Германия сапары туралы Кремль алдында есеп беруге мəжбүр болады. Т.Рысқұлов Германиядағы студенттердің əр қайсысына қанша мөлшерде ақшалай көмек берілгені туралы студенттердің қолы қойылған тізімді РКП (б) Орталық Комитетіне тапсырады
[41].
Осылайша, жоқшылықтың кесірінен өзі жоғары оқу орнын аяқтай алмай, дипломсыз қалса да, елінің болашағын ойлаған Тұрар жастардың оқып, білім алуына орасан зор еңбек сіңірді. Көлемі жағынан шағын бұл мақаланы біз Тұрардың Түркістан жастарына (қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түркімен, тəжік) жасаған қамқорлығын ашып көрсетуге арнадық, ал оның 19261937 жылдары РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары кезінде жоғары қызметін пайдаланып мыңдаған түркі-мұсылман студенттерін оқытуы арнайы зерттеудің арқауы болып табылады. Тұрар оқытқан жастар ел экономикасы мен мəдениетін өрге сүйрегені тарихи ақиқат.

1. DРОММ (Dзбекстан Республикасыны Орталы) Мемлекеттік мFрағаты). Р-86-)., 1-т., 1525-іс, 4-5-пп; ырОММ (ырғыз Республикасыны Орталы) Мемлекеттік мFрағаты). 69-)., 1-т., 2-іс, 189190-пп; Рыскулов Т. Из истории революционной борьбе в Казахстане / Революция и национальности. —
1935. — №11. — С.36-46.
2. Алаш )озғалысы. Fжаттар мен материалдар жинағы. а тар 1929 – шілде 1938 жж.
Движение Алаш. Январь 1929 – июль 1938 гг. 3-том. 2-кітап. — Алматы: Ел-шежіре, 2007. –110-112-бб.
3. DРОММ. Р-86-)., 1-т., 1525-іс, 7- п; 366-)., 1-т., 29-іс, 1-п.
4. аIарлы 1916 жыл: (Fжаттар мен материалдар жинағы) — Грозный 1916-й год: (Сборник документов и материалов). В 2-х томах. Т.1. – Алматы: аза)стан, 1998. — 13-14-бб.
5. DРОММ. Р-86-)., 1-т., 1525-іс, 7-8-пп; Рыскулов Т. Восстание в Мерке / Национальноосвободительное восстание казахских трудящихся против царизма в 1916 году. Сб. восп. и мат. — Алма-
Ата: Казгосиздат, 1937. – С.162-167; Рыскулов Т. Восстание туземцев в 1916 году. / Очерки революционного движения в Средней Азии. Сборник статей: Ф.Ходжаева, Е.Федорова, Т.Рыскулова, С.Гинзбурга. – М.: Издание научной Ассоциации Востоковедения при ЦИК СССР, 1926. – С.25; Рыскулов Т. Восстание в Средней Азии и Казахстане. В 2-х частях. – Кзыл-Орда: 1927. –124 стр.
6. DРОММ. Р-366-)., 1-т., 29-іс, 1-17-пп.
7. DРОММ. Р-366-)., 1-т., 29-іс, 12-п. / Из заявления студента Турара Рыскулова: «Желая обзавестись, в виду наступающей зимы, одеждой, как-то: калошами, одеялом, нижним бельем, а также учебными пособиями, но, не имея сколько-нибудь денег для приобретения таковых, честь имею просить Вась исходатайствовать, сколько можно, мне денежного пособия, так как у меня нет ни родителей, ни какого-нибудь значительного лица, от которых можно было бы ожидать помощи. 1916 г. 19 октября. Т.Рыскулов».
8. DРОММ. Р-366-)., 1-т., 29-іс, 12-п.
9). DРПАМ (Dзбекстан Республикасы Президенті аппаратыны мFрағаты). 60-).,1-т., 299-іс, 19п.
10. DРПАМ. 60-)., 1-т., 299-іс, 18-18-арт.пп.
11. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 244-іс, 106-п.
12. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 244-іс, 67-п.
13. РФММ (Ресей Федерациясыны Мемлекеттік мFрағаты). 1318-)., 1-т., 9-іс, 80-84-пп.
14. РФММ. 1318-)., 1-т., 17-іс, 34-п.
15. РФММ. 1318-)., 1-т., 17-іс, 133-п.
16. DРОММ. Р-34-)., 1-т., 1376-іс, 173-п. / Копия телеграммы из Москвы: «Ташкент. Совнарком. Вам предоставлено в Московском институте Востоковедения двенадцать мест, в Петроградском четыре.
Срочно командируйте более менее подготовленных местных. Замнаркомнац РСФСР Т.Рыскулов.
11.IX.1922 г.».
17. РФММ. 1318-)., 1-т., 17-іс, 134-155-пп.
18. Бюллетени и постановления XI Всетуркестанского съезда Советов от 2 по 6 декабря 1922 г.
Бюллетень №4. – Ташкент, 1922. – С. 14.
19. Классовый и профессиональный состав городского населения ТАССР в 1923 г. – Ташкент: ЦСУ Туркреспублики, 1923. – С. 3.
20. Отчет ЦК КПТ за период с VII по VIII съезд, 1923-1924 гг. – Т., 1924. – С. 16.
21. Статистический ежегодник Туркреспублики, 1917-1923 гг. Т.1. – Т., 1924. – С. 96.
22. Очерки истории КПТ (КПТ в период восстановления народного хозяйства (1921-1924 гг.). – Ташкент, 1960. – С.148.
23. DРОММ. Р-25-)., 1-т., 1153-іс, 364-п.
24. DРОММ. Р-25-)., 1-т., 1153-іс, 365-п.
25. Туркестанская правда. – 1923. — №240. – С. 3.
26. Туркестанская правда. – 1923. — №240. – С. 3.
27. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 1367-іс, 55-п.
28. DРОММ. Р-39-)., 2-т., 151-іс, 180-п.
29. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 369-іс, 162-п.
30. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 417-іс, 99-п.
31. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 417-іс, 91-п.
32. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 417-іс, 95-п.
33. Общественные науки в Узбекистане. – 1973. — №3. – С. 35.
34. Общественные науки в Узбекистане. – 1973. — №3. – С. 35.
35. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 324-іс, 2-п.
36. Туркестанская правда. – 1923. — №41.
37. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 333-іс, 171-172-пп.
38. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 795-іс, 59-п.
39. DРОММ. Р-17-)., 1-т., 369-іс, 59-п.
40. Рыскулов Т. Наши студенты в Германии / Туркестанская правда. – 1923. — №257. — 2 декабря. – С.
2.
41. РEСТММ (Ресейді əлеуметтік-саяси тарихыны мемлекеттік мFрағаты). 17-)., 84-т., 527-іс,
199-п.
Резюме
В статье на основе новых, ранее не введенных в научный оборот архивных документов разносторонне изучена деятельность видного общественного и государственного деятеля Турара Рыскулова по оказанию помощи туркестанскому студенчеству. Т.Рыскулов, занимая высокие посты — председателя Мусульманского бюро, председателя Центрального Исполнительного Комитета Туркестанской АССР, члена коллегии и заместителя народного комиссара по делам национальностей РСФСР, председателя Совета Народных Комиссаров Туркестанской АССР уделял много внимания проблемам студенчества, своевременному разрешению неотложных вопросов. Также в статье проанализирован опыт, введенный Т.Рыскуловым по обучению молодого поколения в зарубежных университетах.

Summary
In the article on the basis of new, earlier the archival documents not entered into a scientific turn activity visible public and statesman Turar Ryskulov on rendering assistance to Turkestani students is versatile investigated. T.Ryskulov, holding high posts — the chairman of the Muslim bureau, the chairman of the Central Executive Committee Turkestani АSSR, a member of board and the assistant to the national commissioner on affairs of nationalities of RSFSR, the chairman of Council of National Commissioners Turkestani АSSR gave a lot of attention to problems of students, the timely permission of urgent questions. Also in the article the experience entered by T.Ryskulov on training of young generation at foreign universities is analyzed.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *