ТҮРКИЯ-ҚЫТАЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ КЕЙБІР МƏСЕЛЕЛЕРІ
Ж.Б. МОМЫНҚҰЛОВ — филос.ғ.к. əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің доценті
Түркия-Қытай арасындағы Кипр мəселесі
Түркияның бұрыңғы сыртқы істер министрі Абдулла Гүл 2000- жылдардың басында Қытайдың премъер-министрі Вен Йъябао мен сыртқы істер министрі Ли Жаухиңмен кездесу өткізіп, онда Кипр мəселесі күн тəртібіне қойылған еді. Бұдан бұрынырақ оның алдындағы сыртқы істер министрі Исмаиль Джем де Кипр мəселесіне қатысты Қытайдан қолдау алуға талпыныс жасаған, алайда онысы нəтижесіз аяқталған-ды. Бейжиң 1971 жылдан бері Оңтүстік Кипрдың мемлекеттілігін таныған еді жəне оған қолдау көрсеткен еді. 1999 жылдан бастап
Қытай аталмыш мəселенің Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде шешілуін қолдап келеді. Қытай əсіресе, БҰҰ-ның бұрыңғы бас хатшысы К. Аннанның Кипр мəселесіне қатысты талпыныстарына шынайы қолдау көрсетті. Десек те, Қытай Аннанның Кипр мəселесі жөніндегі берген есебінің БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде бекітілуі барысында татуластырушы ұстанымда болған жоқ.
Алайда, одан кейінгі кезеңдерде Қытай Кипр мəселесіне қатысты өз ұстанымын едəуір жұмсартқан еді. Бірақ, сол кезгі кездесуде Анкараның мəселенің шешілуіне байланысты көмек туралы өтінішін Қытай жағы жауапсыз қалдырды. Қытай өкілі Ли Жаухиң Түркияның Кипр мəселесіне қатысты икемді, иілімді ұстанымына құрметпен қарайтындығын жеткізді. Бұдан бұрын Түркия тарапы, АҚШ пен Ұлыбритания сияқты БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүшеелдерді, кейін Қытайды Түркияның дипломатиялық өкілдерімен мəселе жөнінде кеңінен ақылдасуға шақырды.Кипр мəселесінің оң шешілуі Түркияның аймақтық жəне дүниежүзілік мəселелерде де беделге ие болуы тұрғысынан да маңызы зор.
Ресей Федерациясының бұрыңғы президенті Владимир Путиннің Солтүстік Кипрдің оқшаулануына қатысты айтқан болжамдары мен ойларынан кейін, Қытай Үкіметінің де Түркия үшін сезімтал осы бір шетін мəселеге немқұрайды қарауы мүмкін емес. Түркия əрине, Кипр мəселесі жөніндегі Қытайдың ұстанымын білгісі, тіпті одан қолдау тапқысы келетіні анық. Алайда, Қытайдың сыртқы саясатының негізі — даму немесе «аяққа тұру» үшін тұрақты орта қалыптастыру болып табылады. Халықаралық жағдай оның сыртқы саясатының негізіне əсер етпейінше, Қытай татуластыру немесе уақыттан ұту əдістерін қолданады.
Бейжің үкіметі Қытайдың 2020 жылға дейін экономикалық даму мен əскери жаңалану салаларында белгілі бір деңгейге көтерілетінін болжайды. АҚШ өкіметі / ФБР жəне Пентагон / жəне интеллектуалдық ұйымдары АҚШ-Қытай бəсекелестігінің сол кезеңнен бастап қалыптасып, дамитынын алға тартуда. Яғни, Қытай 2020 жылға дейін халықаралық аренада үлкен ойыншы, актер болудан өзін алыс ұстағысы келеді. Бұл жағдайда, Бейжіңнің Кипр мəселесіне байланысты қаншалықты Түркияға қолдаушы болатыны белгісіз.
Десек те, Түркия сыртқы істер министрлігі екіжақты байланыстар турасында қанағаттанарлық, тіпті ризашылық пікір білдіреді. Сол кездегі министр Гюл : — «Түркия үкіметі бірінші рет Ресеймен осы мəселе туралы жан-жақты кеңесулер жүргізді. Енді, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше-ел – Қытаймен де аталмыш мəселелер төңірегінде пікір алмасуды жөн санаймыз. Кипр мəселесінің дамуының барлық кезеңдері туралы Қытайдың премъерминистрі мен сыртқы істер министріне түсіндірдік. Мұның пайдасы көп болды деген пікірдеміз. Біз Ресеймен қалай ортақ түсіністікке жете алсақ, Қытаймен де осы мəселе жөнінде ортақ пікірге келетінімізге күмəнданбаймыз. Өйткені, Қытай сыртқы саясатында əділеттілік пен теңдікті жақтап, əділетсіздікке душар елдерге жəрдем етуде» — деп айтты. «Осы себепті, Қытай елі Кипр мəселесіне ерекше маңыз береді деп үміттенеміз жəне бұл туралы Қытай жағын жанжақты хабардар еттік. Біздіңше, алдымызда көптеген өзгерістер күтіп тұр. Кипрлық түріктер Қытайға барып, өздерінің мəселелерін ашық айтатын болады. Осындай қатынастардың болатынына сенемін. Мұны қуаттайтын кейбір оң нышандарды байқадық» [1, 2 б.].
Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүшелікке енуі туралы мəселе.
Түркияның бұрыңғы сыртқы істер министрі Абдуллах Гюл елінің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүшелікке енгісі келетіндігін Қытайдың премъер-министрі Вен Жъябаоға жеткізді. Түркия сыртқы істер министрі Гүл Түркияның аталмыш ұйымға қатысуының саяси мəнінің негізгі фактор екенін баса айтып, Ресей мен Қытаймен пікірталастар мен кеңесулерін ары қарай жалғастыратын жеткізді. 2004 жылдың аяғында премъер-министр Реджеп Тайып Ердоған да ұйымға мүшелікке ену туралы Ресей Федерациясының сол кездегі президенті Путинге жеткізген еді. Путин өз кезегінде Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, нəтижеде Н. Назарбаев Түркияның осы өтінішін жылы қабылдады. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Қытайдың бастамасымен 1996 жылдың сəуірінде құрылып, 2001 жылға дейін алдымен Шанхай Бестігі деп аталынып келді.
Ұйымның негізгі мақсаты мүше мемлекеттердің арасындағы шекара мəселелерін шешу жəне шекаралық аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету еді. 1999 жылдан бері ұйым аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық құрылымына айнала бастады. 2001 жылы маусым айында ұйымға Өзбекстанның мүше болуымен ұйым біршама кеңейді. Ұйым осы кеңеюімен шектеліп қалмай, келешекте осы құрылымға мүше болуы мүмкін елдерді де анықтап қойған еді, олар: Моңғолия, Пəкістан, Үндістан, тіпті Иран мен Түркия да назардан шет қалдырылмады. Аймақта Пəкістан мен Үндістан осы ұйымға кіруге ерекше құлшыныс танытты. Алайда, Үндістанды қолдаған Ресей мен Пəкістанды қолдаған Қытай арасындағы түсініспестік себепті Үндістанның мүше болуы кейіндетіліп келді. 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін АҚШ-тың Оңтүстік Азия мен Орталық Азияға енуімен ұйым заңды түрде аймақтық саяси күшке айналды жəне тиісті құқықтық құжаттарды да даярлады. Бейжіңнің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысуының түпкі себебі аймақта еркін сауда алаңын қалыптастыру болғанына қарамастан, Ресей де аталмыш ұйыммен қызметі жағынан бірдей саналатын Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымын нығайтуға барынша күш сарп етті. Жалпы алғанда, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жыл сайынғы жиналыстарының артынан Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымының жиналыстары да қатар өткізіліп келеді. Яғни қос ұйым бір аймақта бірдей қызмет атқарып келеді немесе бір-бірін қайталап келеді деуге болады.
Иран жəне Үндістан да Орталық Азиядағы елдермен əртүрлі салалар бойынша ынтымақтастық жасауда. Тіпті, Үндістан Тəжікстанда АҚШ пен Ресейден кейін үшінші əскери база құрып үлгерді. Мұндай жағдайда, Бейжің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кеңеюі мен оған жаңа мүше-елдерді қабылдауға оң қабақ танытпайтындығы анық.
2002 жылдың маусымында Санкт-Петербургта ұйымдастырылған Шанхай Ынтымақ-тастық Ұйымының басшыларының басқосуында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш құрылымның ынтымақтастық жасағысы келетін кез келген мемлекетке ашық екендігін жария етті. Себебі, бұдан бұрынырақ, 2002 жылдың 7 қазанында Бейжіңде өткізілген ұйымға мүше-елдердің сыртқы істер жөніндегі министрлерінің жиыны барысында Қытайдың Сыртқы Істер Министрінің спикері Сун Йукси, ұйымның қазіргі міндетінің құрылымдану екенін жəне жаңа мүше қабылдау мəселесінің күн тəртібінде тұрмағандығын ашық баяндаған-еді. Яғни, Қытай тарапының мүше қабылдау мəселесінде күдіктері мен күмəндерінің басым болғандығы рас.
Қытайлық саясаткерлердің пікірінше, егер, келешекте ұйымға Үндістан мен Пəкістан мүше болып енетін болса, «бір-біріне қас, екі дұшпан-елдің» арасындағы мəселенің ұйымның күн тəртібінен түспей, барлығын тығырыққа тірегендіктен, ұйымның пəрменсіз қалуы немесе бөлшектенуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Үндістанның ШЫҰ-ны мүшелікке қабылдануымен «Тройя атына» ұқсап, агент ретінде АҚШ-тың мүддесіне жұмыс істемеуіне кім кепіл? Түркияның да аталмыш ұйымға кіруімен осындай ролді атқарып АҚШ-тың «қолшоқпары» болмасына кім кепіл? Кейбір қытайлық зерттеушілердің ойынша, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына жаңа мүше-елдердің қабылдануы, яғни, ұйымның кеңеюі аймақтағы күштердің ара-салмағын, тепе-теңдігін бұзатыны алға тартуда [2, 3 б.].
Бұған бір мысал ретінде, 2002 жылғы оқиғадан кейінгі АҚШ-тың аймақтағы мемле-кеттерді терроризммен соғысуға шақыруына деген сол елдердің білдірген реакциясын атауға болады. Яғни, Қытай Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бастамашысы болу мүмкіндігінен айырып қаламын ба деп қорқады. Алайда, мұндай ұстаным ұйымның басты принципі болып саналатын сыртқа ашықтық қағидатына қарама-қайшы.
Түркия ұйымға мүше болу үшін Орта Азиялық Республикалардың көмегін жəне соңғы кезде жылдам даму үстіндегі Түркия-Ресей қарым-қатынастарының жоғарғы деңгейінің арқасында Ресейдің де қолдауына мұқтаж. Алайда, Түркияның Қытайдың қолдауына ие болу ықтималы төмен. Мұны Түркияның сыртқы істер министрі мен Қытайдың сауда министрі арасында өткен пікірталастан аңғаруға болады: Түркияның сол кездегі сыртқы істер министрі Гүл: — «Түркияның Еуропа Одағына мүшелікке ұмтылуы оның Азияға деген қызығушылығының азаятынын білдірмесе керек» — дейді. Қытайдың сауда министрі Бо Чилай: «Қытайда «екі аяқ бір кемеде» деген нақыл сөз бар. Егер келешекте Азия Одағы құрылған жағдайда оған да мүше боласыздар ма?»- деп сұрақты тікесінен қояды. Гүл Түркияның бірнеше аймақтық ынтымақтастық ұйымдарына мүше екендігін айтады. «Екі аяқ бір кемеде» деген мəтелдің аудармасы қате, негізі «екі аяқ екі кемеде» болуы керек еді» дейді. Бірақ, бір адамның екі аяғы екі кемеде болса, кемелердің біреуінің қозғалуымен оның суға құлап түсетіні белгілі. Қытай мəдениетінде жағымсыз мəнге ие осы бір мақалдың мағынасы Түркия Азия Одағында емес (мұндай ұйым жоқ болса да), тек Еуропа Одағында ғана болуы керек дегенге меңзейді. Қытай Үкіметі жəне қытайлық мамандар Түркияның Еуропа Одағына мүше болуына оң көзқарас танытып келеді. Өйткені, Еуропа Одағына мүше бола алмаған жағдайда, Түркияның Азияға бағыт алатыны жəне осыдан барып Орталық Азия аймағы мен Шығыс Түркістан мəселесінде белсенді бола түсуі Қытайдың аймақтағы ұлттық мүдделеріне залал келтіретіндігі мəлім. Шығыс Түркістан мəселесі
Түркия президенті Сулейман Демирельдің 1995 жылғы Қытайға жасаған сапарынан бастау алған Түрік-Қытай қарым-қатынастары Қырғи-қабақ соғыстың аяқталысымен жылдам дами бастады. Түркия аймақтық геосаяси күш болып табылатын Ресей, Үндістан мен Жапония сияқты елдермен салыстырғанда Қытаймен белсене араласа бастаған-ды. Түркияның Қытаймен арадағы саяси байланыстары экономикалық саладағы қарым-қатынастарына əсер ете алмай, аймақтық немесе дүниежүзілік қауіпсіздік саласында ешқандай ортақ іс-əрекет жасалынбаған еді. Бейжің тұрғысынан Шығыс Түркістан мəселесі жəне Анкара тұрғысынан екіжақты сауда мəселесі екі жақты қатынастардың белгілі бір деңгейге шығуына елеулі кедергі болған еді. Қытай Батысқа одақ жəне НАТО-ға мүше ел болып табылатын Түркияның Шығыс Түркістан мəселесін көздір ретінде пайдалануынан қауіптенді.
Бейжің жəне қытайлық мамандар Шығыс Түркістан мəселесінің себепшісі мен қолдаушысы ретінде Түркияны атайды. «Қате ұйғарым қате саясатқа жол ашты». Десек те, Анкара 1998 жылдың желтоқсанында Түркияда тұратын Шығыс Түркістаннан келген азамат-тардың заңды ұйымдарының саяси қызметін біршама шектеуге қатысты құпия үкім шығарады. 2000 жылы Қытайдың талап етуімен қос мемлекет «Қылмыстыларды кері қай-тару» туралы келісімге қол қояды. 2001 жылы Қытай мемлекетінің басшысы Жъянг Земиннің Түркияға жасаған сапарының барысында екі ел терроризмге қарсы күрес туралы деклара-цияға қол қояды [3, 5 б.].
2004 жылдың қазанында Реджеп Тайып Ердоған өзінің Қытайға Əділеттілік жəне Өрлеу партиясының басшысы ретінде жасаған сапарында терроризмның əртүрлі формаларына қарсы екенін жəне бұл мəселеде Қытаймен ынтымақтасуға дайын екендігін мəлімдеді. Қытай баспасөзі Түркияның «Шығыс Түркістандық лаңкестерге» қарсы ұстанымда екендігі туралы дақпырт таратты жəне Түркияның Шығыс Түркістан мəселесіне қатысты жүргізген саясатын толық қолдайтынын жазды. Қарапайым мəлімдемені Қытайдың осылай қабылдауының себебі екі мемлекеттің террор немесе лаңкестік ұғымын басқаша түсінуінде еді. Басқаша айтқанда, Қытай терминологиясында террор ұғымы «ұйғыр» атауына парапар. Түркия сыртқы істер министрі А. Гюлдің Қытайға жасаған сапары барысында оған Қытайлық құзырлы тұлғалар Түркияның Тайвань (Біртұтас Қытай саясаты) мен Шығыс Түркістан (Қытайдың жерінің біртұтастығы) мəселесі турасындағы ұстанымы үшін рақмет айтты.Анкара Қытайдың Шығыс Түркістан мəселесіне деген сезімталдығын əрдəйім ескеріп келеді жəне тиісті іс-шараларды орындап келеді. Алайда, Бейжіңнің көңілінен шығу қиын. Шығыс Түркістанның саяси қызметінің орталығы Алмания мен АҚШ болуына қарамастан Бейжің Анкараға əлі қысым жасап келеді [4, 1-2 бб.].
Шығыс Түркістан мəселесі 1997 жылдың ақпанынан бастап халықаралық күн тəртібіне тұрақты түрде еңгізіліп келеді. 1999 жылы Халықаралық Амнистия Ұйымы мəселеге қатысты арнайы баяндама жасады. Күнімізге дейін Шығыс Түркістанда адам құқығының бұзылуына қатысты бірнеше көлемді баяндама жасалды. «Хьюмəн Райтс Уотч» атты адам құқықтары жөніндегі ұйым да Дүниежүзіндегі адам құқықтары туралы жасаған жылсайынғы баяндамасында Шығыс Түркістандағы адам құқықтарының аяқасты етілуіне байланысты бірнеше бөлімше арнайды. 2001 жылдан бері АҚШ Сыртқы Істер Министрілігі тарапынан жарияланатын «Халықаралық дін бостандығы туралы есеп», «Елдердегі адам құқығы жөніндегі есеп» жəне «Дүниежүзілік лаңкестік» (Patterns of Global Terrorism) атты құжаттарында Шығыс Түркістандағы адам құқықтарының аяққа тапталуы турасында кең мəлімет береді. Əсіресе, 2001-2004 жылдары арасында жарияланған «Дүниежүзілік лаңкестік» есебінде 11 қыркүйек-тен бұрыңғы Ауғанстанда орналасқан «Шығыс Түркістанның Ислам Қозғалысы» атты ұйымнан басқа отыздан астам Шығыс Түркістандық ұйымның лаңкестік ұйымдарға жатпайтындығы баса айтылады. 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін, қазан айында Қытай-дың Шаңхай қаласында ұйымдастырылған АПЕК елдерінің жиынына қатысушы АҚШ президенті Джордж Буштың Қытай Мемлекетінің басшысы Жъяң Земинмен бірігіп өткізген баспасөз маслихатында Буш Қытай Үкіметінің терроризммен күресті желең немесе сылтау етіп, Шығыс Түркістандық азшылықтарға қысым көрсете алмайтындығын жəне Шығыс Түркістан мəселесінің этникалық жəне əлеуметтік мəселе екендігін мəлімдеген еді. 2001 жылдың қарашасында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Комитеттің Жоғарғы комиссары Мэри Робинсон Қытайға жасаған сапарында Шығыс Түркістандағы адам құқықтарының бұзылуы мəселесінің күн тəртібіне енгізілгенін хабарлады.
2002 жылдың тамыз айында АҚШ Үкіметі «Шығыс Түркістанның Ислам Қозғалысы» ұйымын Лаңкес ұйымдар тізіміне еңгізгеннен кейін 2002 жылдың желтоқсан айында АҚШ Сыртқы істер министрінің орынбасары Лорн Крэйнер арнайы Шығыс Түркістан аймағына барып, Чиңжъяң Университетінде «Адам құқықтары жəне анти-терроризм» атты конференцияда жоғарыда аталған ұйымның лаңкестік құқырылым екенін, алайда, Шығыс Түркістандағы одан өзге барлық ұйымдардың террористік ұйымдар болып табылмайтынын ашық мəлімдеді. Оның тұжырымдауына сай, Шығыс Түркістан мəселесі адам құқығымен байланысты мəселе болып есептелуі тиіс.
Біздің қорытындылауымызша, Түркия Шығыс Түркістанға қатысты Қытайды қанағаттандыратындай саясат ұстанбайынша, Қытайдың экономикалық өрлеуі мен қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретін осы мəселе екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас-тарға болымсыз əсер етері хақ. Орта мерзімде Қытай Түркиямен арада аймақтық ынтымақтастық жасауды жоспарлап отырған болса, қысқа мерзімде Шығыс Түркістан мəселесінің екі жақтың күн тəртібіне бір күні еңгізілетіні анық.
1. Türk Çin İlişkilerinin gelişmesi — http://www.savunmastrateji.blogcu.com/turk-cin-iliskileriningelismesi/481827.
2. Türkiye-Çin İlişkilerinde bundan sonrası — http://www.turksam.org/tr/a1900.html.
3.Türkiye-Çin Halk Cumhuriyeti Ekonomik İlişkileri — http://www.turksam.org/tr/a1989.html.
4. Türkiye-Çin Halk Cunhuriyeti arasındaki siyasi ilişkiler — http://www.mfa.gov.tr/turkiye-cin-halkcumhuriyeti-siyasi-iliskileri.tr.mfa.
Резюме
В данной статье автор рассматривает актуальные проблемы развития политических отношений Турции с Китайской Народной Республикой. Автором статьи дается анализ основных проблем и вопросов турецко-китайских отношений. Придается особое значение таким актуальным проблемам как Восточнотуркестанский вопрос, проблема Кипра, стремление Турции в членство в организации Шанхайского сотрудничества в контексте современных турецко-китайских отношений.
Summary
In this article some of Turkey and China political relations are considered. İn this article TurkishChinese relations are analyzed in detail. Especially East Turkestan Question, Cyprus Issue, Shanghai Organization of Cooperation is studied in a context of Turkey and China Relations. Author of the article researches the key aspects of the problems.