ТІЛ МЕН ТАРИХ НЕМЕСЕ СЕБЕП ПЕН САЛДАР

ТІЛ МЕН ТАРИХ НЕМЕСЕ СЕБЕП ПЕН САЛДАР

Қ.Атабаев —
т.ғ д., əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Деректану жəне тарихнама кафедрасының меңгерушісі, профессор

«Тілдер туралы заң» қабылданғалы 22 жыл өтсе де қазақ тілі мемекеттік тіл ретінде қоғамдағы өзіне тиесілі заңды орнын ала алды деп айта алмаймыз. Оның ең басты себебі осы уақытқа дейін ұлттың да, мемлекеттің де, бүкіл қауымның да қасіреттің себебімен емес, салдарымен күресіп келуінде. Аурудың себебін дəл анықтамай, оны дұрыс емдеудің мүмкін еместігі сияқты, қандай да болмасын қоғамдық қасіреттің себебін дəл анықтап алмай, оның салдарын жою да мүмкін емес екендігі белгілі. Егер қазақ тіліне қатысты айтар болсақ, оның салдарының, яғни бүгінгі күнгі жағдайының ең басты себебі — ұлттың өзінің тума төл тарихынан айырылуы. Əрбір жұмыр басты пенденің жүріп өткен өмір жолы, оның жадында сақталу арқылы өмір тəжірибесіне айналып, санасының қайнар көзі міндетін атқаратыны сияқты, ұлттың төл тума тарихы – ұлттың тарихи жадына айналып, ұлт санасының қайнар көзі міндетін атқарады. Ал тіл болса, сол ұлт жадының, ұлт санасының сыртқы көрінісі. Яғни, ұлттың тарихи жады, ұлттың ұлттық санасы қандай болса, оның іс-əрекеті де, сөйлеген сөзі де, яғни тілі де сондай.
Қандай да болмасын ұлттың сақталуының не жоғалуының басты көрсеткіші ұлттың тілінің сақталуы не жоғалуы болса, тілдің жоғалуының не сақталуының негізі оның өз тарихын білуі не ұмытуы екендігін алаш ардагерлері бұдан тура бір ғасыр бұрын ескерткен болатын. Мысалы, «Қазақтың» екініші нөмірінде Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» десе, газеттің дəл сол нөмірінде Міржақып Дулатов: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деп, тарихынан айырылған жұрттың есінен айырылған адам сияқты не істеп, не қойғандығын, келешегінің қалай боларын білмейтіндігін анық айтады [1].
Алаш көсемдерінің тіл мен тарих мəселесінде аса үлкен көрегенділік танытқандығына, ұлтының келешегін айқын болжай білгендеріне таң қалмасқа болмайды. Бүгінде олардың айтқандары толық болмаса да жартылай келді деп айтуға болады. Бенелеп айтқанда, бүгінгі қазақ жұрты жадынан жартылай айырылған адамға ұқсайды. Жады дүзу кезде дұрыс ойлап, дұрыс сөйлейтін, ал жадынан жартылай немесе толық айырылған кезде не болса соны айтатын ауру адам сияқты жұрттың бір бөлігі өзінің өткенін қастерлеп ана тілінде: елім, жерім, тарихым, тілім, дінім, əдет-ғұрпым, дəстүрім десе, екінші бір бөлігі өз ұлтынан өзі жеріп, өзгенің өткеніне, өзгенің мəдениетіне тамсана қарайды. Өзгенің тілінде өзеурей сөйлеп, өзгені зор, өзін қор санайды. Кейде тіптен бізде «қазақстандық ұлт қалыптасты» деп сандырақтауға дейін барады.
Əрине, жеке адам мен тұтас бір ұлттың арасында абсалюттік сəйкестіктің болуы мүмкін емес. Егер, жеке адамның жады оның өткен өмірімен, есте сақтау қабілетімен айқындалса, ұлттың жады оның тарихының ұрпақтан ұрпаққа қалай жəне қай дəрежеде жетуімен айқындалады. Десекте, шартты түрде болса да мұндай салыстырмалы теңеу қазақ тілінің қазіргі жағдайын тереңірек түсініп, оның нақты себебін ашуға септігін тигізері анық.
Біріншіден, қазақ тілінің қазіргі мүшкіл жағдайы бір күнде қалыптасқан жағдай емес. Ол ұлтты ұлт ретінде жоюдың ең дұрыс та, ең төте жолы, оны шынайы тарихынан, яғни тарихи жадынан, сол арқылы ұлттық санасынан айыру екендігін жақсы түсінген патша үкіметі мен Кеңес өкіметінің ғасырлар бойы жүргізген саясатының салдары. Патша үкіметі бастап берген тарихынан айыру арқылы қазақтарды санасыздандыру, дəлірек айтқанда ұлтсыздандыру үдерісін Кеңес өкіметінің қалай жалғастырып, қалай аса үлкен қатыгездікпен іске асырғандығы белгілі. Ол туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Сондықтан да əңгіме ол туралы емес. Əңгіме біздің күні бүгінге дейін қазақ тілінің, тек қазақ тілінің ғана емес, жалпы ұлттық сананың, оның тарихи жадына тікелей тəуелді екендігін түсінбеуімізде немесе түсінгіміздің келмеуінде. Патша үкіметінің қарапайым шенеуініктерінің, Кеңес өкіметінің басқарушы жəне бағыт беруші саяси күші — большевиктер партиясының көзі анық жеткен нəрсеге біздің көзіміздің күні бүгінге дейін жатпеуінде. Егер ұлт өзінің тарихынан, яғни тарихи жадынан жартылай немесе толық айырылу нəтижесінде өзінің ұлттық санасынан, тілінен жартылай немесе толық айырылған болса, онда ұлттың санасын, тілін қалпына келтірудің бірден бір жолы, оның тарихи жадын қалпына келтіру емес пе? Осы бір қарапайым ғана шындыққа көзіміздің жетпей-ақ қойғаны өкінішті-ақ.
Екіншіден, кезінде қазақта тарих та, тарихи жад та болған. Ондай функцияны қазақ даласында ғасырлар бойы шежіре, шежірешілдік дəстүр атқарып келген. Соның салдарында ұлттың санасы да, тілі де негізінен түзу болған. Шежіренің тарих ғылымының міндетін атқарып келгендігі туралы Түрік баласы (М. Дулатовтың бүркеншік есімі – Қ. А.) «Қазақта»: «Тарих дейтін бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын; бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын бір ғылым. Қазақтың көбі оны «Шежіре» деп айтады… Қазақ ішінде əр үйдің отағасы, əр ауылдың ақсақалы тұрған бір шежіре» десе [1], марқұм Ақселеу Сейдінбек өзінің ең соңғы іргелі еңбегінде шежірешілдік дəстүрдің бізде қай уақытқа дейін сақталып, қандай функция атқарып келгендігі туралы : «Қазақ шежірешілдігін адамдардың жады арқылы жеткен тарих деуге де болады… Қазақ арасында шежірешілдік дəстүр ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін өзінің канондық қалпын сақтап келді. Былайша айтқанда, қазақ халқы өзінің этникалық өмірбаяны туралы тарихи жадын ХХ ғасырдың жуан ортасына дейін көмескілей қойған жоқ. Көнекөз қарттар тарапынан айтылатын қария сөздер, яғни, қазақтың ауызша тарихы (ҚАТ) ең алдымен қоғамның рухани сұранысына қызмет етіп, адамдардың санасына елі мен жерінің тарихы туралы жан-жақты таным-түсінік қалыптастыратын, сөйтіп олардың жүрегін асқақ сезімдерге бөлейтін» дейді. [2. 3 бет.) Ал, қазақты шежірелік дəстүрден, яғни өзінің төл тарихынан, демек тарихи жадынан кімдердің, қалай жəне қандай мақсатпен айырғандығы туралы жазушы Немет Келімбетов: «Кеңестік заманда ата-текті сұрастыру айып саналатын. Өзінің шыққан ата-тегін айтқан адамды – рушыл, ұлтшыл, кейде тіпті нəсілшіл деп сынайтын. Отарлық саясаттың негізгі мақсаты – күллі қазақтың ата-тегін мүлдем ұмыттырып жіберу еді» дейді [3].
Большевиктер партиясы басқарған Кеңес өкіметі өз мақсатына жетті деп айтуға болады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін ұлттың тарихи жадының тегеурінді тетігі міндетін атқарып келген қазақтың ауызша тарихы — шежірешілдік дəстүрден толығымен айырылған қазақ ұлты тарихи жадынан да айырыла бастады. Ауызша тарих, яғни шежіре мен шежірешілдік дəстүр өткен ғасырдың 30-40-шы жылдарынан бастап жазба тарихпен алмастырылды. Бірақ таптық принципке негізделген кеңестік жазба тарих жалпы алғанда, ұлттың объективті тарихын жазуға емес, қазақтарды өздерінің төлтума тарихынан, яғни тарихи жадынан айыру мақсатында қызмет етті. Өз ұлтының шынайы тарихын жазбақ болған қазақ тарихшылары қуғынға ұшырады. Нəтижесінде сол ХХ ғасырдың 70-80ші жылдарында-ақ ұлттың тарихи жадында да, санасында да, тілінде де келеңсіз өзгерістер пайда болды. Ол туралы белгілі қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет өзінің 70-ші жылдардың басында жазған «Оян,қазақ! Оян елім!»-деген үндеуінде: “Өзіңді намысы бар азамат деп санасаң, ойланатын уақытың жетті, бауырлар. Туған жер тоналуда. Ана тіліміз, мəдениетіміз ұмытылуда…Қазірдің өзінде қазақ тілін білмейтін, ана тілінде сөйлеуді ұят санайтын пасық, надан азаматсымақтар өз ұлтымызда көптеп кездеседі,” – деп, бар шындықты ашық айтқаны үшін айыпталып, түрмеге түсті [4. 47 б.]
Хасен Қожа-Ахметтің 70-жылдардың ортасында, яғни Қазақстан тарихы туралы ондаған монографиялық зерттеулер жарияланып, кандидаттық жəне докторлық диссертациялар қорғалып жатқан кезде: “Өзге ұлттар өз тарихын зерттеп, əлемге танылуға талпынып жатса, ал біздің тарихшыларымыз қазақты даттап (хандарды, батырларымызды), қазаққа мал баққаннан басқаны қимай, төмендетіп, керісінше, Еуропаның асылдығын, оның ішінде орыс ұлтының “ұлылығын” дəлелдеу үшін жанталасуда” — деп, жазуын да шындыққа сай келмейтін, қазақ тарихшыларына жабылған жала деп айта алмаймыз [4, 42-51 бб.]. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ тарихшыларының өз ұлтының шынайы тарихын жазудан алыс тұрғандарының тағы бір дəлелі Олжас Сүлейменовтың 1975 жылы «Ғалымдар қатарына қозғау салудың мүмкіндігі болмай тұр. Біздің тарихшыларымыз əлі қатты ұйқыдан бас көтерер түрі жоқ» деуі [5, 160 б.].
Заман өзгерді. Кеңес өкіметі келмеске кетті. Қазақстан өз тəуелсіздігін алып, қоғамда түбегейлі саяси жəне экономикалық өзгерістер іске асырылды. Ал тарих ғылымы болса сол баяғы таптауырын болған сара жолмен жүйткіп келе жатыр. Кейбір зерттеушілер болмаса, жалпы алғанда Қазақстанның ресми тарих ғылымы да, кəсіпқой қазақ тарихшылары да шынайы қазақ тарихын жазуға деген ниет білдірмеді. Бұрын тарих ғылымы компартияның сандырақ идеяларының Қазақстанда қалай іске асқандығын дəлелдеуге тиіс болса, енді тарих ғылымы тарихшылардың ғылыми атақ-дəрежелер алуының қайнар көзіне айналды. Тəуелсіздік жылдары ондаған, жүздеген тарих ғылымдарының кандидаттары мен докторлары пайда болды. Бірақ ғылыми жазба тарих шежірешілдік дəстүрді табиғи жолмен алмастырып, ұлттың біртұтас шынайы тарихи жадын қалыптастыруды қамтамасыз ете алмады. Ұлттың тарихи жады да, санасы да сол зақымданған, көмескеленген күйінде қалып қойды. Бірін бірі түсінуден қалған бірнеше əлеуметтік топтарға бөлінген ұлттың бүгінгі жағдайы, оның шұбарланған, қойыртпақтанған тілі соның айқын дəлелі.
Тіл қоғамының айнасы. Онда қандай да болмасын қоғамының бар бет-бейнесі мен бітімболмысы айқын көрініс табады. Демек, тіл ұлт тарихының, қоғам тарихының ең басты да, ең маңызды дерек көзі. Мысалы, тілді дерек көзі ретінде қарастыра отырып Олжас Сүлейменов өзінің “АЗиЯсында” көшпелілердің кезінде славян халықтарының мəдениетіне қалай ықпал еткендігін дəлелдеп берсе, Ақселеу Сейдінбек марқұм өзінің 2008 жылы жарық көрген еңбегінде: “Əрбір этножаралым жадының біртұтастығы қожырай бастағанда, оның этнотөлтумалығы да дүбəралана бастайды. Ал, этнос мүлде өлімге бойсұнғанда, сол этнос аясында бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі түсінгілері де келмейтін бірнеше əлеуметтік топтар пайда болады” дей келе, “Нағыз ұлтжандылық пен мемлекетшілдіктің сыналар жері де осы болса керек” дейді [2, 46-47 бб].
Бұл жерде ғалымның бүгінгі қазақ қоғамы туралы айтып отырғандығына еш күмəн болмауы керек. Этножаралым ретінде қазақтардың тарихи жадының біртұтастығы қожырап, этнотөлтумалығының дүбəралана бастағандығы да, этностың мүлде өлімге бойсұнып,этнос ретінде бір ұлттың аясында бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі түсінгілері де келмейтін бірнеше əлеуметтік топтардың пайда болғандығы да рас. Демек, нағыз ұлтжандылық пен мемлекетшілдіктің сыналар жері осы екендігі де рас.
Егер ұлттың бүгінгі рухани қасіреттерінің қайнар көзі ұлттың тарихи жадының зақымдануы екендігі анық болса, онда алдымен ұлттың тарихи жадын емдеу, қалпына келтіру керек екендігі де анық. Оның бірден бір жолы ғылыми негізде объективті де шынайы қазақ тарихының жазылуы. Өйткені Ақселеу Сейдінбектің сөзімен айтсақ: «Тарих дегеніміз — өткен өмірдің баяны ғана емес, сонымен бірге адам санасын шыңдап, оның жан-жүрегіне асқақ сезімдер ұялата алатын ұлағатты ұстаз».
Демек, біріншіден, қазақ тілінің де, ұлттың қазіргі басқа да рухани қасіреттерінің де қайнар көзі қазақтардың ғылыми жазба тарихының болмауында екендігіне баршаның көзі анық жетуі керек. Екіншіден, ауру адамды алдымен емдеп алу қажеттігі сияқты, алдымен ұлттың тарихи жадын қалпына келтіру керек. Үшіншіден, қазақ тарихын жазуға емес, ғылыми атақ дəрежелер үлестіруге бағытталған қазіргі Қазақстанның ресми тарих ғылымын түбегейлі қайта құру қажет. Төртіншіден, кеңестік жүйеден қалған кəсіпқой тарихшы мамандар даярлау ісін де түбегейлі өзгерту керек.
Əрине, мұның бəрін де тек ұлт болып ұйымдасу арқылы ғана іске асыруға болады. Себебі ұлттың тарихи жады ең алдымен ұлттың өзіне керек. Сондықтан да біз «Халықаралық қазақ тарихы қоғамдық бірлестігін» құру қажеттігі туралы бұрын да айтқанбыз, тағы да қайталаймыз.

_______________

1.Түрік баласы. Қазақ тарихы //Қазақ. – 1913. — № 2. — 10 февраль.
2.Сейдінбек А. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. – Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.
3.Н. Келімбетов. Үміт үзгім келмейді. – Алматы, 2005. — 253 б.
4.Қожа-Ахмет Х. Ереуіл атқа ер салмай…- Астана: Елорда, 2000. — 47 б.
5.Сүлейменов О. АЗ и Я.- Алматы: Жазушы, 1992. — 210 б.


Резюме
В статье рассматриваются проблемы функционирования казахского языка, как языка государственного. По мнению автора, современное положение государственного языка не устраивает большую часть казахстанского общества, нужно рассматривать развитие языка через определенную призму — через историю народа – носителя языка.

Summary
In article causes and effects of a problem of the Kazakh language, as language state are considered. According to the author, today’s position of a state language doesn’t suit the most part of the Kazakhstan society and it is necessary to consider a language theme, through a certain prism — through people history – the native speaker.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *