САРЫБАС МЕРГЕН

САРЫБАС МЕРГЕН
Кіші жүз: Қарабура ұранды Тамада «Қу жарғақ Сарыбас» атанған мерген болыпты. Бетпақ шөлінде Жетіқоңыр құмында аң аулап, өмір өткізіпті.
– Бір түн далада жалғыз жатыр едім. Топтанған киік жосылып,жөңкіп өтіп барады. Оның артынан арқар, оның артынан құлан, оның артынан бұлан, оның артынан бұғы, оның артынан аладомбай, оның артынан кертағы, бірінен-бірі қалмай, шұбап өтіп жатыр. Ең соңында қаралдысы иттен кіші, мысықтан зорырақ, бір кішкене жануар айсыз қараңғыда далаға жаққан оттай жарқ-жұрқ етіп, аяқпен басып бара жатқан сияқты емес, қанатпен ұшып бара жатқан сияқты көрінген соң, бір атып қалдым, жығылды. Түн ішінде қорқып, батып қасына бара алмадым. Таң атқан соң, ақырын аяндап қасына бардым, өліп жатыр. Аңнан бөлектігі — қанаты бар, өмірімде көрмеген нәрсем. Терісін сойып алып, илеп, жанға айтпай, адамға көрсетпей сақтадым. Бұрын атқан аңдарымның етін қақтап, обаға, іншіктерге тыға беретұғынмын. Тұс-тұсынан ел келіп, алып кете беретұғын. Терісін де сондай: сауырын алып, далаға тастап кете беретұғынмын. Сауырларын Бұхара базарына бара жатқандарға қосып, оқ-дәрі, керек-жарағымды алдырып тұратұғынмын. Мынау қолыма түскен соң, Бұхара базарын аралауға көңілім соқты. Бұл сықылды аң терісі болса, сонда болар деп, жаяу барып, Бұхара базарын аралап жүрдім. Бұл сықылды аң терісі көрінбеді. Көз тұнжырататұғын аң терісін жинаған бір бай шақырды:
– Ай, қазақ, бері кел! — деп. Бардым.
– Адамға айтпай, өзіңнен басқаға көрсетуге қимай жүрген сенде бір аң терісі бар, шығар маған? Көрейін! — деді.
Айтысымен, кідіріп қалғаным жоқ, шығарып көрсеттім.
– Уай, жарықтық-ай, құлағың естігенді көз көреді деген осы екен-ау! Айсыз қараңғы түнде аттың-ау! Тайдай тал түсте көрсең, ата алмасаң керек еді. Бұл Зариф деген жануар: дүниеде мұнан қорықпайтұғын, мұнан үрікпейтұғын адам болсын, аң болсын, еш мақұлық жоқ. Өзің көрген шығарсың: мұның алдына түсіп кетіп бара жатқандар — бәрі осының зарпынан кетіп бара жатқандар. Мұнда құн, баға (баһа) болмайды. Өзің жүре бер, үш күннен соң кел, — деп, қоя берді.
Үш күннен соң бардым. Алты түйеге жүк тиеп:
– Осы түйелер үстіндегі жүгімен сенікі, өзің өлгенше, өмірің қарығанша тіршілігіңе керек-жарақ міндетің менің мойнымда, — деп, құшақтасып, дос болып қалды.
«Қу жарғақ Сарыбас» атандым, атқа тақымым тиген жоқ, жарғақ құлағым жастыққа тиген жоқ. Түн ұйқысын көрген жан емеспін, оқ тиген аңның тыпырлап жатқанын көрсем, құмарым тарқайды.
Күн қыс еді, жер қар еді. Бір нәрсе тап-тап етеді. Таң атқан соң қарасам, жалаң аяқ басқан адамның сыңар табанының ізі бар.
Күндіз көрінбейді, түнде тықыры білінеді. Маңайымнан ұзап кетпейді. Бір түн шоқиып отырғанын көріп, аттым. Ойбайлап жығылды. Таң атқан соң, барып қарасам, жарты адам, жарты денеден дәнеме жоқ. Терісі тақыр, тұла бойында іске жарар дәнеме жоқ. Жалғыз-ақ тұмсығысы темірдей көкпеңбек (көпкөңбек) темір екен. Сол тұмсығын кесіп алып сақтадым. Бұхара базарына барғанымда, наркескен соғатын ұста, сол танып, көп құн төлеп алды. Өзіме бір қылыш, бір пышақ, бір біз (боз) соғып берді.
– Темірдің суы мұнымен суарылса, метін болады. Хандар, патшалардың қолына түспесе, анау-мынаудың қолына түспейді. Аңгос (аңкөс) деген аң осы, — деді.
Енді бір көргенім: сексеуіл ортасында жеті қараңғы түнде аң етін асып жеп отыр едім, қарсы алдыма бір қыз келіп қадалып отырып алды. Жеп отырған тамағымнан беріп едім, қолын жеңінен шығармады. Жеңімен алып жеді. Ол менен көз айырмады, мен онан көз айырмадым. Сүйек кеміріп едім:
– Болатты болатқа ұрғаны несі? — деді. Қолымды шөпке сүртіп едім:
– Майды майға сүрткені несі? — деді.
Менімен аңдысты. Сонан соң бір сексеуілді адамдай қылып жатқыздым да, басына тымағымды кигізіп, аяқ жағына етігімді кигізіп, шекпенімді айқара жауып салдым да, өзім сексеуіл арасына барып, мылтығымды кезеп отырдым. Түн ортасы ауып, таң атуға бір-ақ ұйқылық мезгіл қалған кезде мысықша басып, тықырын білдірмей келді. «Жатыр екенсің, пәлем»,- дегендей, атша мініп алып, екі бүйірден «Аф!» — деп тырнағын салған шақта, атып салдым, жатып қалды. Таң аппақ атқан соң, барып көрдім, он саусағы жез екен. Жезтырнақ дейтұғын сол екен. Мен оның киімін олжалаймын ба, қала берді. Соған өшіккендей, тағы біреуі аңдысты. Оны да жайраттым. Үшінші біреуі аңдысты. Мұны алыстан аттым, оқ тиді, жығылмады. Шегін сүйреткен қояндай Қаратауды бет алып жүре берді.Бір нәрсемді алып кеткендей өшігіп, мен де соңынан қалмадым. Қалың Қаратауға барып, бір үңгіріне кірді. Мылтығым қолымда, мен де кірдім. Ұзыннан-ұзақ, ұшы-ғұйыры жоқ үңгір. Соның түбіне барып, бүк түсіп жатыр екен. Өзі кемпір екен, сөйлей бастады:
– Алғашқы көргенің қызым еді. Соңғы көргенің келінім еді. Жынысы еркегіміз оңбаған, құдай қарғаған, ант жеткен, қарғыс тиген болады. Жынысы әйеліміз өзің көрген: бірінен-бірі өтеді. Өткені бар болсын: түбімізге жеттің! Құдай жаратқан асыл қазына осы үңгірде түгел. Мұның бәрін қопарамын деме, өзің көтергеніңше алып кет. «Жерұйық» деген осы. Енді қайта айлансаң (айналсаң), саған бұл жоқ, — деп өлді.
«Елге, жұртқа хабар беріп, түйе жинап келіп, ел-жұртты бір қарық олжаға батырайын!»-деп, қанша жұрт болып бардық. Бір бүртік дәнеме таба алмадық. Көргендігімнің өзі бір арман болды. Жұрт аңыз қылысты: «Бұ да бір көшпелі дүние екен. «Көшпелі дүние»-деген бір жерде тұрақтап тұрмайды. Бүгін көрсең, ертең жоқ деуші еді»- десті.
Құлақ естігенді көз көрмек. Талай жерұйық болғандар қайда кетті?! Көшпелі дүние екені өтірік пе? Опасыз жалған екені өтірік пе? Құдай рахмет қылсын, Мәшһүр-Жүсіп айтты ғой:
Зар болып қалар кей бір күн бай бір пұлға,
Үнем[і] қонып тұрмайды дүние қолға.
Бақ пенен тақ, патшалық тиіп қалар,
Ескерусіз есікте жүрген құлға.
Байлар-ау, жиған малың — жанның қасы,
Садақа беріп жүрсің, атаң басы!
Байлардың қолындағы жиған малы-
Кем-кетік, кедейлердің сыбағасы!

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *