НҰХ ПАЙҒАМБАР МЕН БІР КЕМПІР

НҰХ ПАЙҒАМБАР МЕН БІР КЕМПІР
Топан су әуел таһрор қылғанда, хазірет Нұх ғалайссаламның нан жабатұғын тандырынан білінді. Ол тандыр — тас еді, хазірет Хауа анамыз нан жапқан, сонан әулетіне (ауладиына) мирас қалған. Ол уақытта ол тастың орнап тұрған жері — Куфа шаһарының Бапкенде деген даруазаның елінде. Қала бұл күнгеше ғаламаты бар: «Куфада опа жоқ болған, бағышы сол (шөл) Куфа шаһарының бұрынғы заманда зорлығы сондай: бір шетінен кірген керуен он тоғыз күнде бір шетінен зорға шығар еді. Енді осы күнде сонан дәнеме жоқ. Әр жерде жалғыз-жарым қалған үйлердің ескі орны бар. Ешқайда кете алмай қалған, өшпейтұғын, өспейтұғын, екі үйі бір жерге бірігіп отырмайтұғын, ант жеткен, қарғыс кеткенлердің тұқымы бар.»
Нұх пайғамбар: «Топан суы тасиды»,- деп, жиырма жыл кеме жасаған. Сонда кәпірлер келемеж қылған: «Қартайғанда алжып, ашамайшы шал болды»,- деп. Сонда бір кемпір жалғыз сиыры бар екен. Құдайдың құтты күні жалғыз сиырын сауып, пісіріп, ұйытып, қатығын Нұх пайғамбарға алып келіп береді екен:
– Шырағым, су тасығанда, жалғыз сиырыммен мені кемеңе ала көр! — деп.
Топан суы тасыды, көк пен жердің арасы суға лық толды. Кемпір қайда,кеп қайда? Нұх пайғамбар оны ұмытып кетті. Алты ай, он күн су дүние жүзін түгел қаптап қайтты. Дүние жүзі құрғақшылық болды.
Бір күні қалғақтап баяғы кемпір тағы қатығын алып келіп тұр дейді.
– Шырағым-ау, су тасығанда, мені, жалғыз сиырымды кемеңе ала көр! — деп.
Сөйтсе, кемпір байғұстың ықыласы зор, жүрегі шын болғандықтан, Нұх ұмытса да, құдай ұмытпаған екен. Кемпір Нұх пайғамбардан қайтып, үйіне барып, сиырын сауып, қатығын ұйытып жата қалыпты, ұйықтап қата қалыпты. Сол ұйықтағаннан ұйықтап, дүние ай-жай болған соң, бір-ақ оянып, ұйықтап-ұйықтап, қатығын алып келіп тұрғаны екен. Жалғыз сиыры да аман. Міне, құдайдың шеберлігі — осы. Кемпірдің үйінің орны Бурса шаһарында, көп народ (нар от) бас қосып, жұма намазын оқитын мешіт жамиғының ортасында. Ол мешіттің маңдайында жазылған дейді. Мершімес алдин Мұхаммед Әлінжары опаты 338-де болған. Ол өзі хазірет қожа Баһуалдиннің бірінің баласы — Міркүләл бабаның перзенті екен де, Сұлтан Баязит уилдірімнің қызын алған күйеуі екен.
Сол мешіт жамиғының ортасында бір кішкене қозы ішінде балықлар ойнап жүреді. Айналасы аяқ таятұғын тас дейді. Кемпірдің үйінің орны сол дейді. Сұлтан Мүрәд перуайының зираты сол Бурса шаһарында. Оның [қ]асында әулиенің зираты бар дейді.

Машһүр Жүсіп Көпейұлы 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *