К.Н. НҰРПЕЙІС ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ АЛАШ МƏСЕЛЕСІ
Ж.С.Саурықова –
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Жалпы тарих кафедрасының оқытушысы
Алаш туралы сөз қозғағанда ең алдымен есімізге Алаш Орда мен Алаш мəселесін алғашқылардың бірі болып зерттеген ғалым Кеңес Нұрпейіс түседі. Ғалым Алаш партиясы мен «Алашорда» автономиясының тарихын зерттейтін мектептің негізін салушылардың бірі ретінде Алаш қайраткерлерінің өмірін, қызметін шығармашылық мұраларын зерттеу арқылы олардың тұлғалық бейнесін сомдауға тырысты. Əсіресе, ол өзінің ауқымды жұмысының нəтижесінде «Алаш һəм Алашорда» еңбегін жариялауы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қайраткерлерінің өмір жолдарының жаңа қырын көрсетуге мүмкіндік берді.
К. Нұрпейіс 1917 жылдан кейінгі бұрынғы Кеңес Одағында, оның ішінде Қазақстанда орын алған саяси қуғын-сүргін тарихын шартты түрде екі кезеңге бөліп қарастырады. Оның бірінші кезеңі 1917-1920 жылдардың аралығын қамтиды. Бұл кезде Кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысының орын алынуына байланысты өлке тұрғындары «ақ» — «қызыл» болып атысты, қырылысты десе. Ал, екінші кезеңін – 20-шы жылдар, əсіресе оның екінші жартысы. Бұл сталиншілдіктің, əкімшілдікəміршілдік басқару жүйесінің нығайған тұсы. Осы кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннің Қазақстанға Сталиннің тікелей қолшоқпары Ф. Голощекиннің Республика, партия ұйымының жетекші ретінде келуі жəне оның «Кіші Октябрь революциясы» аталған авантюристік саясатын жүзеге асыруға кіріскен уақытымен байланыстыра қарастырады. Бұл жылдардың ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасқан жəне белгілі жетекшілері 1917 жылы Алаш партиясын құрып, Алашорда қозғалысын басқарған қазақ зиялыларына қарсы жаппай моральдық қуғын-сүргін ұйымдастырылған кезең болғандығын баса айтады [1]. Сонымен қатар, К. Нұрпейіс Алаш қозғалысы тарихын жаңаша сипатта бағалай отырып, «Алаш немесе Алаш Орда айдарын тағуға бола ма?» деген сұрақты алға тартып 1917 жылғы қос төңкеріске дейінгі қазақ зиялылары белсене араласқан қоғамдық қозғалыстың барын жəне 1917 жылдың шілдесінен 1920 жылдардың аралығын қамтыған Алаш қозғалысының болғандығын айқындап береді.
К.Н. Нұрпейіс ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап соңына дейін Қазақстан тарихында толық зерттелмей жүрген беттердің бірі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіне тікелей байланысты дерек көздерін айналымға енгізді. Ғалымның пікірінше: «… бұл қозғалыс — өзінің алдына қойған мақсаттары мен оларды жүзеге асыру əрекеттеріне қарай бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш (қазақ) автономиясы, екіншіден мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш (қазақ) автономиясы, үшіншіден, осы автономияны басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды бейнелейді» [2].
Ал «Алаш қозғалысы» атты монографиялық еңбектің авторы, профессор М. Қойгелдиев Алаш қозғалысының ішкі саяси динамикасына үңілумен шектелмей, осы қозғалыстың көшбасшылары, ұйтқылары – қазақ интеллигенциясына жаңаша баға беруге ден қойған еді. «Осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерде,- деді ол, — оларға (Алаш қозғалысының көшбасшыларына) – «буржуазияшыл ұлтшылдар», «буржуазиялық либералдар», «қазақ ұлтшылдары» тағы сол сияқты анықтамалар берілгенін білеміз… Алаш интеллигенциясы капиталистік қоғам құруды немесе таза ұлттық мемлекет орнатуды өздеріне бағдарламалық мұрат етіп қойған емес. Олар негізінен екі мақсатты көздеді. Бірі – қазақ елін отарлық езгіден азат ету, екіншісі – қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени даму жолына алып шығу… Сондықтан да біздің алаштық интеллигенцияны ұлттық-демократиялық интеллигенция деп атауға толық негізіміз бар»,- деп [3] атап көрсетеді.
Кеңес Нұрпейіс Алашода үкіметінің алға қойған мақсат міндеттерін де нақтылай талдады.
Партия жетекшілерінің бағдарламасын, І жəне ІІ жалпы қазақ съезінде көтерілген мəселелердің орындалу барысы, Алашорда үкіметі тұсындағы олардың қызметін баяндады. Бұл тұрғыда ғалым, 2126 шілдеде өткен Бірінші жалпы қазақтық съезінің сайлау туралы мəселесін талқылап, төмендегі баптардың мазмұнын атап көрсетеді:
1. «Мемлекеттік қалпы» деген бірінші бапта мемлекеттік құрылыс мəселесінде Россияның терезесі тең («Құрдас») мемлекеттердің федеративтік одағы болуын, оған мүше болған əрбір субъект («Құрдас мемлекеттер») егемендік құқығы бар («іргесі бөлек») болумен бірге, жалпы федеративтік одақ мүдделерін қорғауда «ынтымағы бір» болуын талап етті;
2. «Жергілікті бостандық» деп аталатын Алаш программасы жобасының екінші бабында екі түбірлі мақсат айқындалған; бірінші Россия Федеративтік мемлекетінің құрамдас бөлігі («ағзасы») болуға тиіс Қазақ автономиясы бүкіл қазақ халқы мекендеген жерлерге иелік етеді («қазақ жүрген облыстарды байланыстырады») жəне тең құқықты Федерация мүшесі ретінде оған нұқсан келген жағдайда Қазақстан өз алдына тəуелсіз мемлекет болып бөлініп шығады; екінші — өзінің нақтылы саяси қызметінде Алаш партиясы жалпы адамзаттық игіліктерді басшылыққа алып, əділетке жақ, зорлыққа қас болады;
3. Негізгі құқық Россия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-əйел демей, адам баласы тең болу. Жиналыс жасауға, қауым ашуға, жария сөлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік… сот сұрамай, билік айтылмай тұтқын қылмаушылық;
4. Дін ісі. Дін ісі мемлекет ісін айырылуы болуы. Дін біткенге тең құқық. Дін ұстауға құқық: Дін ұстауға ерік, кіру-шығу жағына бостандық… Муфтилік қазақта өз алдына болу…;
5. Билік жəне сот, һəм жұрттың билік пен сотты тұрмыс ыңғайына қарай болуы. Би һəм судья жергілікті жұрттың тілін білуі. Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болу…;
6. Ел қорғау. Ел қорғау үшін əскер осы күнгі түрде ұсталмауы. Əскер жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету. Əскерлерінің міндетін қазақ атты милиция түрінде атқару.
7. Салық. Хал-ауқат, табысқа қара: байға байша, кедейге кедейше əділ жолмен таратылу;
8. Жұмысшылар. Жұмысшылар закон панасында болу (Қазақ жерінде зауыт-фабрика аз, сондықтан да қазақтың жұмысшылары да аз. Алаш партиясы жұмысшылар турасында социалдемократтардың меншевик тобының программасын жақтайды):
9. Ғылым, білім үйрету. Оқу орындарының есігі кімге болса да ашық һəм ақысыз болу; жұртқа жалпы оқу жайылуы. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқу; қазақ өз тілінде орта мектеп; университет ашу; оқу жолы өз алды автономия түрінде болу; үкімет оқу ісіне кіріспеу; мұғалімдер, профессорлар өзара сайлаумен қойылуы; ел ішінде кітапханалар ашу;
10. Жерге арналған бұл бапта: жер туралы заңның негізіне жерге бірінші кезекте түпкілікті халық (қазақтар) ие болатындығы алынуы керек делініп, қазақтар өз үлесін алып болғанша өлкеге қоныс аудару тоқтатылуы қажет»,- деп баса көрсетіп жазады[4]. Бұл бағдарлама жобасынан Алаш қайраткерлерінің халқына деген кіршіксіз адалдықты, отандарына деген сүйіспеншілікті байқауға болатын еді жəне көлемі жағынан шағын болса да, мазмұны терең бұл жоба Алаш партиясының Жалпықазақ Құрылтай съезінде үлкен табысқа жетуін қамтамасыз етті.
Қазақ халқының тəуелсіздігін аңсаған Алаш азаматтары туралы М. Қозыбаев былай дейді: «Алаш көсемдері эволюциялық дамуды жақтағаны мəлім. Сондықтан олар демократиялық Ресейден ұлттық автономия алу жолында қазақ елінің өгей отаны алдында өзінің борышын өтегені дұрыс деп есептеді. Бұл тұжырымның арқауы – отаршыл империямен парасатты ымыраласу тактикасын жүргізіп, қазақтың этникалық тұтастығын, оның болмысын сақтау болса керек». Осылайша, М. Қозыбаев Алаш бастаған қазақ зиялыларының негізгі мақсаты ұлттық мемлекет құру, ұлттық теңдік пен бостандыққа жету екендігін көрсетеді. Алаш пен Алашорданың ұлтшылдық-ұлтжандылық танытып, ұлт мүддесін қорғап, қазақ елінің болашақ тағдыры жолында большевиктермен жекпе-жекке шыққандығын атап өтеді [5].
Қазақ мемлекеттігі туралы мəселе қараған екінші жалпықазақ съезі 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында өтеді. Ол съезге қазақ елінің барлық облыстарынан, сондай-ақ одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы мен Самарқанд облысы қазақтарынан жəне Қырғызстаннан — барлығы 76 өкіл қатысады. Бұл съездің де күн тəртібінде жоғарыда атап өткен мəселелер қойылды. Əрине, Күн тəртібіндегі ең маңызды мəселе – ұлттық автономия мəселесі тұрды. Ал, съезд қабылдаған қарарлардың негізгілері мынаған саяды:
1. Тегі бір, мəдениеті, тарихы бір жəне тілі бір Қазақ-қырғыз халқының аумақтық-ұлттық автономиясын құру;
2. Алаш атауын беру;
3. Барлық байлығы Алаштың меншігі болып табылу;
4. Алаш автономиясының Конститутциясын бекіту;
5. Алаш автономиясы шегінде жері жоқтарға аумақтық жəне мəдени автономия берілу;
6. Жалпы күйзелістен құтқару мақсатында 25 мүшеден тұратын Уақытша Халықтық Кеңес
Құру, қырғыз-қазақ атқарушы билігін Алашордаға беру;
7. Милиция құру;
8. Ережеге сəйкес Алаш автономиясының Құрылтай Жиналысын шақыру міндедтелу;
9. 1) шарттар жасауға, 2) келіссөздер жүргізуге уəкілдік беру;
1. Құрылтай жиналыста Халықтық Кеңес Конституция жобасын ұсыну міндетін жүзеге асыру керек болды. Бұған байланысты көрнекті ғалым К. Нұрпейіс Алашорда аталған ұлт кеңесінің құрамына 15 адам сайланды: У. Танашев (Бөкей ордасы), Х. Досмұхамедов (Орал облысы),
А.Тұрлыбаев (Ақмола облысы), А. Бірімжанов (Торғай облысы), Х. Ғаббасов (Семей облысы), С.Аманжолов (Жетісу облысы), М. Шоқай (Сырдария облысы), облыстардан тыс Ə. Бөкейханов,
Ж.Досмұхамедов, Ə. Ермеков, М. Тынышбаев, Б. Құлманов, Ж. Ақбаев, Б. Мамытов, О. Əлжанов сайланды деп атап өтіп, Ə. Бөкейхановтың Алаш автономиясының үкіметі – алашорда төрағасы болып сайланады дейді.
Сонымен бірге, ғалым: «Əлихан Бөкейханов жəне сол кездегі қазақтың зиялы қауымының басқа да өкілдері жетекшілік жасаған Алаш пен Алашорда Қазақстандағы қоғамдық-саяси, əлеуметтікэкономикалық жəне ұлттық-мемлекеттік құрылыс мəселелерін шешу жолдарын анықтауда ұлттық тұтастық жəне халықтық бірлік принциптеріне сүйенді. Мұндай бағыт əлбетте, аталған мəселелерді шешуде таптық принциптер мен пролетариат диктатурасын негізге алған большевиктерге қарамақарсы еді. Сондықтан да, Алаш көсемдері мен алашорда үкіметінің басшылығы 1917 жылғы Қазан революциясының ұрандарын, Кеңес өкіметінің идеялары мен нақтылы іс-əрекеттерін қабылдамады, оларға қарсы шықты»,- деген тұжырым айтады.
Азамат соғысы жылдарында (1918-1920) Алашорда Кеңес өкіметіне жау күштермен одақтас болды. Нəтижесінде, Азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш пен Алашорданы тарих сахынасынан кетірді. Алаш партиясы өз мақсатына жете алмады, Алаш азаматтарының сағы сынды. Кеңес өкіметі Алаш пен Алашорданы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластатуда алдау мен арбау əдістерін де, қару жұмсап күштеу жолын да қолданды.
Алаш қозғалысы күйреп, Қазақстанның саяси өмірінен кеткеннен кейін де оған кезінде қатысқандардың басым көпшілігі халық пен партия жағына шығып, елімізде жүзеге асырылған түбірлі əлеуметтік-экономикалық жəне саяси-мəдени өзгерістерге белсене араласты.
К. Нұрпейіс кезінде (1919-1920жж.) Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, Азамат соғысынан кейінгі 7-8 жылда Қазақстан ғылымының, оқу-ағарту ісінің, əдебиеті мен өнерінің халық шаруашылығының дамуына қомақты үлес қосқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерінің, ең алдымен, Алаш пен Алашордаға жетекшілік жасаған қайраткерлердің жалған жаламен «халық жауы» аталып, сталиндік əміршілəкімшіл құрбандары болғандығын айтып кетеді[6].
Көрнекті тарихшы, ғалым Кеңес Нұрпейіс Алаш туралы ақиқаттың əлі толығымен ашылмағандығын Алаш, Алаш автономиясы, Алаш қозғалысы тарихын ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның қоғамдық –саяси жəне мəдени өмірінің құрамдас бөлігі ретінде қарастыру керектігін айтып кетуі болашақ ұрпаққа айтылған аманаттай. Болашақта бұл мəселелердің бағыт-бағдары айқындалатындығына сеніміміз мол жəне жазықсық құрбан болған ұлт зиялыларының өмірі мен қызметі лайықты бағасын алуы керек.
___________
1. Нұрпейіс. К. Тарихи тұлғалар. – Алматы, 2007. -35 б.
2. АОММ, 2268-қ., -1-т., 33-іс., 1-2-п.
3. Омарбеков. Т. Алаш қозғалысы: Аңыз жəне Ақиқат // Егемен Қазақстан. – 1995. – 10 маусым. — 2 б.
4. Нұрпейіс К.Н. Еңбегі ерен ұлттық интеллигенция // Жұлдыз. — 2007. — № 12.
5. Қозыбаев М. // Егемен Қазақстан. – 2000. — 14 сəуір. — Б.33-34.
6. «Дүниежүзі тарихы: зерттеу жəне оқыту мəселелері» атты «Нұрпейісов оқулары шеңберіндегі» ҚР ҰҒА академигі Нұрпейіс Кеңес Нұрпейісұлының 75-жылдығына арналған // Халықар.
ғыл.-практ. конф. Материалдар жинағы. – Алматы, 2010. — 446 б.
Резюме
В статье показан вклад академика К.Н.Нурпеиса, который исследовал деятельность партии
Алаш и правительства Алашорда. Ввел в научный оборот мало изученные источники по истории
Казахстана начала ХХ века. По мнению ученого, это движение по своим целям и путям их достижения выделяет несколько идей. Во-первых, это идея создания политической партии, во-вторых, идея создания казахской автономии, в-третьих, идея руководства этой автономии.
Summary
In article the contribution of academician K.N.Nurpeisa which investigated party Alash and government Alashorda activity is shown. Has entered a scientific turn a little studied sources on stories of Kazakhstan the XX-th century beginning. According to the scientist this movement on the purposes and ways of their achievement allocates some ideas. In the first it is idea of creation of political party, in the second idea of creation of the Kazakh autonomy, in the third idea of a management of this autonomy.