КЕМПІР МЕН ҚАРҒА

КЕМПІР МЕН ҚАРҒА
Ертеде бір елсіз тауда бір жалғыз үй қыстап қалыпты. Ауып бара жатқан ел екен. Елге ере алмай, азаматының жоқтығынан, үй иесі кемпір болса керек. Бір топ қарға, қайтып бара жатқан, жалғыз үйге кез болып, оның ішінде бір арық мүгедегі: «Мен мыналарға ере бергенде, не табамын? Жолда бір жерде боранға ұшырап, текке қатып қалармын. Мына жалғыз үйдің қасында қалайын. Қара-құрасы бар көрінеді, қаны болар, жыны болар, дәнеме тимегенде, мына кемпірдің қарақан басынан атамның асы табылар!» — деп, қар қалың жауып, қыс қамытшылыққа айналып, кемпір есігінің алдынан күрек аршып, қойларын жайып тұрса, карға жалп етіп келіп қонғанына қойлары үрке берген соң, кемпір ыза болып:
– Осы қарғадан-ақ өлдім-ау! — деп, қан-жын, дәнеме далаға тастамайтын болыпты. «Қарға аштан қатып өлсін!» — дегендейін, тышқан боғын да көміп тастайтын болыпты.
Қарғаға жүдеушілік кіріп, ағаштың басында отырып: «Қарқ-қарқ!» — деп, қарқылдай береді дейді.
– Мынау ит құлағыма маза бермеді-ау! — деп, кемпір құлағын салып, қарғаның қарқылдағанын тыңдаса:
— Күнім, күнім, гүрсілде,
Боран соғып дүрсілде!
Аяз болып арсылда,
Мұз болып қатып, қаршылда!
Тоқты ұшып, көті түссін,
Біз байғұсқа еті түссін!- дейді екен.
Кемпір мұны естиді де, бір кереге жайып, керегенің бір жағына ет қойып, керегеге бір бақан тіреп, бақанның аяғына жіп тағып, ұстап отырыпты. Аштан өлер болған қарға сорлы қып-қызыл етті көрген соң, көзі қызарып кетіп, етке келіп қонып, бір шұқып, екі қарап отырғанда, кемпір бақанды тартып қалғанда, қарға керегенің астында қалып, кемпір ұстап алыпты. Төбе жүнін жұлмапты, екі қанат құйрығын жұлмапты. Өзге жүнін жұлып, суыққа тоңатұғын қылып, үрпитіп қоя беріпті. Сонда қарға ағашты паналап, қонып отырып, қарқылдайды дейді:
Күнім, күнім, күн шықсын,
Қарды ерітер жел шықсын!
Біз байғұсқа жүн шықсын,
Тоқты жазған жыл шықсын!
Сонан соң кемпір қан-жынды, өзі жемейтұғынды қарғадан қорымайтұғын болыпты да, күн жылынып, қар кетіп, кемпірдің қойы да аман, қарға да аман шығыпты. Біреуге біреу көршілес болғанда, осындай тілеулес болса, аман шығуына әбден сенімді дәлел. Және қыс қамытшылық бола бастаса, қарғаны ұстап алып, оны өлмес қылып, жүнін жұлып алып жіберсе, күн жылынатыны осындайдан қалған.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *