ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН
(ЕКІНШІ НҰСҚА)
– Жоқ, қайтатұғынымның мәнісі бар. Әз Жәнібек деген ханымыз қырық жігітіне: «Өтірік пен шынның арасын айырып беріңдер!» — деп, қысым қылып:
– Таба алмасаңдар, басыңды аламын!- деп, солар соны таба алмай, қанша күн мәулет алып: «Біреу болмаса, біреу білер!»- деп, мен соны іздеп шығып едім!- дейді.
Сонда қыз айтты:
– Іздесең, не болса, сол сөз бола береді екен!- дейді. — Боққарын жасық ұлға тұрғаным болмай ма?- дейді.
– Сонан соң менің тіршілігімнен пайда болмайды ғой!- дейді.
Сонда қалыңдығы айтты:
– Болымсыз нәрсе іздеушіге әлдеқандай болад!- деген. «Өтірік пен шын арасы бір-ақ тұтам жер» емес пе? Оның мәнісі: көзбен көрген рас, құлақпен естіген өтірік емес пе? Құлақ пен көз арасы бір-ақ тұтам емес пе? Өтірік, шын айырмасы осы — дейді. «Көзбен көрген — анық, құлақ естіген — танық» емес пе?
– Бәрекелді! Іздеген жоғым табылды. Енді мен барып, Әз Жәнібек ханға мұны естірмесем болмайды, қырық жігітті текке өлтіріп тастайды ғой. Солардың ажалына ара түссем, тірліктен зор пайда тапсам керек!- деп, жүруге ыңғайланғанын, қайтатынын білген соң, қыз атасына кісі салдырды:
– Алла тағала бізді жат жұрттыққа жаратқан. Мына күйеу қайтамын дейді. Енді атам мені сонан қалдырмасын,- деп.
Атасы естіген соң, «Қызының ері қалыбын қыламын!» — деп, алтынмен аптап, күміспен күптеп, қырық қара нарға қазына артып, күң, құл жұмсап:
– Елін, бәрін көріп біліңдер!- деп, қырық жігіт қосып,- Алып барып салыңдар!- деп, жөнелтті, — дейді.
Сонан сонша күн жол жүріп, Жиренше келе жатқан кісілерінен озамын деп, рұқсат алып жөнеледі.Сонан жүргеннен жүріп, озып келсе, дәл сол күні елін жиып, қырық жігітті:
– Таптыңдар ма?- деп, бір-бірлеп тексеріп жатқан үстіне кез келіпті. Қырық жігіттің бірде-бірі таба алмай: «Енді өлеміз!»- деп, жылап тұрған үстіне жетіп келіп:
– Ассалаумағалейкум, хан ие, дат!- деді.
– Арызыңа рұқсат!- дегендегі Жиренше сөзі:
– Иә, тақсыр, қырық жігітіңізді, басқа кісі тапсам, өлімнен құтқарасыз ба? Өздері таба алмаса,өлім бұйырасыз ба?- дегенде, сонда хан жарлығын есіттірді:
– Осы жиылған жамағат, кімде-кім айтса да, өлім жоқ!- деді. Сонда Жиренше сөйледі:
– Құлақпен естіген өтірік емес пе? Көзбен көрген рас емес пе?! Екеуінің арасы бір-ақ тұтам жер емес пе?- дейді.
Сонда жұртын тарқатып, қырық жігітті өлімнен босатып, Жиреншеге — тапқанына риза болып, сый беріп:- Қырық уәзірінің бас уәзірі, менен соңғы сен бол!- дейді.
Алтыннан ер тоқым, қара нар,қалы кілем және басына тәж, беліне кемер (кәмір) белбеу буындырды дейді.Болған соң:
– Тақсыр, арызым бар!- дейді.
Хан:
– Айт!- дейді.
– Мен бір жат жұртқа барып, Құдайдың бұйрығы болып, бір хан қызын алып қайттым. Хан жұртын жиып, қызын бізге ұзатты: Күңді, құл мен қырық жігітімен. Қырық жігітті: «Ел-жұртын, жер-суын» көріп, біл!- деп. — Сондай жайымыз, не айтасыз?- дейді.
Сонда хан қырық уәзірді шақырып алып айтты:
– Сіздер қазынаға барыңдар!- дейді,- Мына Жиреншенің жұмысына жәрдем қылып қазынадан қырық ат, қырық шапан алып, алдынан барып мұнда келтірмей, сыйытын беріп қайырыңдар!- дейді. — Айтқан соң қырық ат, қырық шапанын алып, алдынан шығып киітісін беріп, жолдан қайыр! — дейді.
Олар тартуларын алған соң,сыйын көрген соң:
– Бәрекелді, ханымыздың қызы өз теңіне қосылған екен. Күйеуіміз ханның өзінен соңғы уәзірі екен!- дейді.
Қайдан білсін, Жиренше басына тігер үйінің жоғын, екі қанат күркенің шиі жоғын. Қалай кісімен таласпан дегенменен жігітлер бір ауыз сөз түйінін шешкеннен, Алла тағала қанша дәрежеге жеткізді де. «Жер таны желіп жүріп», «Жаныңнан кеш те, іс қыл,// Өлсең, өлесің; өлмесең, кісі боларсың!» — дейді. Бұрынғының айтқаны осы дейді.
Әз Жәнібектің қырық уәзірі:
– Жиреншенің қатыны сізге лайықты кісі екен!- дейді,- Дүниеде көрмеген әйеліміз екен!-дейді. Ханға мақтады, Жиреншені көре алмай күндеді дейді. Өздерін өлімнен айырып алғаны ойында жоқ.
Бұрынғылар айтқан екен: «Жаманға жақсылық қылсаң, атыңды ерттеп, даярлап қойып қыл!»- деген. — Сонан соң қыл! — дейді.- Өзіңе нұқсан залал болады екен. Өлімнен басын босатқан соң, сонда оза түсіп (ұнатысып): «Жаманнан күні бұрын күтінбесең, ақыр бір күн шығар көтіңнен» — демеп пе еді!
Естіген соң, Әз Жәнібектің есі өлді, ойын бөлді дейді. Сонан соң бір күн қаз алатын лашыны бар екен. Соны қазға салып, сол құсы қашып, таба алмай қанша қарап, үйіне келіп қапаланып жатты дейді. Арада бір күн өткен соң, хабар естиді дейді:
– Сіздің құсыңыз Жиреншенің үйінің үстінде отыр!- дегенін естиді.
Қатын ұстап алып, көрсе, аяғында он үзбе басы, баланың басы.
Басына томаға… құсты түрлендіріп қойды да, Әз Жәнібек хан естіп, хан қалыбымен баяғы сөз есінде болып, арғымағын ерттетіп, тәж кемерін буынып,патшалық салтанатымен Жиреншенің үйіне [келді]. Сонда қатын үйінен шығып, ханның атының басын ұстап, қолтығынан сүйеп түсіріп, атты байлап, үйіне кіргізді дейді. Отырған соң, кұсты қолына алып көрсе, басында томаға, аяғында балақ бау тағып, бұрынғы жұмсақ қып, уықтың ала бауын тағып, құлаштай жібімен салады екен. Томаға ондай нәрселерді білмейді екен. Аяғын құсқа жібергенде, сонымен жібереді екен. Құс алғанда, сонымен алып, аяғына шырматылып оралып жүреді екен. Құсты көрген соң, құсқа қарауын, ой, ғам қатынға қарауын білмей отыр дейді. Және қолға қолымен бірдей, тұяғы өтпейтін құлынның жүн терісінен биялай тігіп,қолмен бірдей қылып, балақбау, томаға, биалай — бұлардан еш нәрсе білмейді екен. Салпаңмен шалып жүреді екен. Бұларды көріп, қолға тиіп, есі ауып отырды дейді:
– Тақсыр,үйде кісі жоқ: «Қонақ бол!» — деуге, өзіңіз білесіз.
Хан үндемеді, қатын біліп:
– Біраз күннен соң келіп, біздікіне өзіңіз оңаша келіп, қонақ болыңыз!- дейді.
Сонда хан:
– Жарайды!- дейді.
– Біз оған шейін қонақ жабдығын даярлап, соған шейін әзірленіп тұрайық!- дейді.- Және жігіт-желеңмен келмеңіз, көп қонақ күтуге жайымыз болмайды дейді. Өз басыңыз болса, жарар, — деп.
«Жалғыз кел» дегенінен үмітлі болып, көңілі өсіп, қайта берді.
Бірнеше күн өткен соң, хан Жиреншенікіне қонаққа келді. Келгенін білді де, қатын үйден шығып, қолтығынан көтеріп түсірді де, үйіне кіргізді дейді. Бар дүниесін жайнатып қойған екен, ханның зығырларын қайнатып қойған екен. Көрпе жаюлы, төсек салулы даяр, шымылдық құрулы. Ханды отырғызып, тамақ жабдығын қылып, хан жалғыз отырып, оған-бұған көз салса, қатынның жабдығы бәрінде: кесте, жастық, көрпе, орамал, дастарқан, шымылдық, кесе, есік[те]: «Қолмен қақсаң, ұрасың да, біреу аяғыменен тебер деген. Бәрі де сынмен тіккен кесте!»- дейді.
Хан бұл сөзге түссе де, айтпаса да, етегінде болып көңілі отыра берді дейді.
Қатын палау басып, әр түрлі ыдысқа салып алып келіп, ханның алдына қойды да, дастарқанын жайып, хан бұрын палау жеген жоқ екен. Әр ыдыста болған асты: «Басқа-басқа тамақ қой»,- деп ойлайды.
Әр ыдысқа салып, ханның алдына қойды да, сонда әрқайсысынан бір-бір татса, ләззат бір. «Бұ қалай?»- хан тамаша қылды, айран (хайран)-асыр (асар) қалды.
Қатын айтты:
– Тақсыр, ыдыстың басқалығы болмаса, бәрі бір тамақ,- деді қатын. Әзілі жарасқан соң сөз сөйледі:
– Тақсыр, сабын айныса, кім түзейді?- дейді.
– Хан айтты:
– Май түзейді — деді.
– Екінші сөз: халық айныса, кім түзейді? — дейді.
– Хан түзейді — дейді.
– Үшінші сөз: хан айныса, кім түзейді?- дейді.
Хан дәнеме дей алмай, ұялғаннан, қолындағы жүзігін, терлеп-терлеп қолындағы алтын жүзікті қатын қолына салып,үйіне қайтты дейді де, «Қатын хикаясы — осы»- дейді.
***
Сонан бұлай бұл қатынның бір әңгімесін баян қылайық, қысқарағын айтқанмен таусылмайды дейді.
Бір күні Жиренше бір жақтан келе жатса, бір жаяу адам кез болды. Түріне қараса, мұрны біздей, көзі тұздай, беті қырдай сойқа (сұйық) екен. Келемеждеп кету үшін:
– Ай, сен қай жұрттың сұмпайысысың? Шыныңды айт! — дейді. Сонда Жиренше әлгі адамға айтты: — Мұрның біздей, көзің тұздай, бетің қырдай болып, қайда барасың?- дейді.
Сонда әлгі адам айтқан сөзі:
– Көзім тұздай болса, тұзсыз астың дәмі кірмейді де; мұрным біздей болса, бізсіз іс біте ме?Бетім қырдай болса,қырға шықпай, адамның көңілі көтеріле ме? — дейді.Бар айтқан сөз[ің] осы болса, адырам қалайын!- деп, аузын осыртып, жүре берді.
Жиренше дәнеме дей алмай, ұялып қалды. Үйіне келді. Қатыны ұшып тұра келіп, киімін шешіп:
– Шешен, неменеге ренжіп тұрсыз? Біреудің тілі тиді ме? Түсіңіз неге қашып тұр?- деді.
[Шешен] көргенін, естігенін, білгенін — бәрін бәйбішесіне тамам қып айтты дейді.-Ақырында айран-асыр қып, жөнеле берді,- дейді.
– Уай, ол орыстың жансызы екен де, өзі әйел екен! — дейді.- Әлгі адам,- дейді, — бәрін тамам айтты. Айтқанын бәрін… «Тұзсыз астың дәмі бола ма?» дегені — «Еркексіз ұрғашының күні бола ма?» дегені:«Жұмысын біз бітіреміз!» дегені. «Қырға шықса, көңілі көтеріледі» дегені — «Ұрғашының үстіне шыққан қыр басына шыққанмен бара-бар» -дегені. Ернін уасырғаны әйелсіз дәнеме бітпейді! — дейді. Аузын осыртқаны — еркектің қайраты — қолында, ұрғашының қайраты аузында дегені екен. Ұрғашының бар қылғаны сол!- дейді. — Әз Жәнібек ханымызға тез барыңыз! Екі аяғын бір етікке тығып, аузын аштырмай, аяғын бастырмай отырған шығар. Жылдам бара гөр!
Әз Жәнібектің ордасына кіріп барса, қатыны айтқандай, ханды сөзден ұтып, апшысын қуырып, заманасын бір уыс қылып отыр екен. Есіктен кіріп барғанда, шешеннің бетіне жалт етіп қарады. Сонда Жиренше сөзі:
– Манағымысың, әлі мұнда отыр ма едің,мен сенің көтіңді ашайын!- деп ұмтылды.
– Қатынның айтқаны:
– Дүниеде хан ақылы қарашасында екен. Қарашаның ақылы қатында екен. Болмас, болмас! — деп, артына қарауға мұршасы болмай, жүре берді дейді.
Бұл жалған дүниеде мұндай данышпан қатын Жиреншеден басқаға кез болған жоқ шығар. «Ердің атын қатын шығарады»- деген қатындар осы.
***
Жиренше өзі бір жаққа жолаушы кетсе, өзі жоқта [қатыны] өліпті. Әуелі ханға келіп, сәлем беріп жолығады екен. Келіп отырғанда, хан есіттіргені былайша дейді:
– Уа, шешенім, атасы өлсе, қайтеді екен?!- депті.
– Асқар тауы құлағаны есепті-дағы,- депті.
– Анасы өлсе, қайтеді екен, шешенім?!
– Ағар бұлағы құрыған есепті-дағы,- депті.
– Ағасы өлсе, қайтеді екен, шешенім?!
– Оң қанатың қайрылған есепті-дағы,- депті.
– Інісі өлсе, қайтеді, шешенім?!- депті.
– Сол қанаты майырылған есепті-дағы,- депті.
– Апа-қарындасы өлсе, қайтеді, шешенім?!
– Ұзын өрісі, кең тұсауы құрыған есепті десейші!- депті.
– Қатыны өлсе, қайтеді, шешенім?!- дегенде, Жиренше қамшысын бүктеп, қамшысына сүйеніп отыр екен. Қамшының сабы шарт етіп, екі үзіліп кетті дейді.
– Уай, менің қатыным өлген екен!- дейді. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды»- деген сөз сол екен дейді. Егер қамшы сабы сынбаса: «Қатын өлді, қалың бөз өлді, -дейді екен»-дейді.
Жақсы қатын өлген соң, екінші қатын хикаясы тырұр.
Мұнан соң бір нашардың қызын сынап алған екен дейді. Әкесі мен шешесі тіленшілік қылады екен, «қара қасқа» дейді екен дейді. Оның мәнісі үйінде дүниеліктен дәнеме жоқ екен дейді. Он екі жасар жалғыз қызы бар екен дейді.
Қыз үйінде жалғыз отырғанда, Жиренше үйіне кіріп келді:
– Әке-шешең қайда?- дегенде,
– Толмасты толтырамын, тоймасты тойғызамын,- деп кетті дейді. — Алақандай бетін, жұдырықтай нанға сатқалы кетті,- дейді.
– Кәзір келе ме? — дейді.
– «Тірі болып кіріп, өлі болып шығамын!» — деп кетті дейді.
Сонда шешен:
– Алып кеткен ыдысы не?- дейді. — Үлкен бе?- дейді.
– Екеу ара үш ыдыстары бар, — дейді. — Бірі тырнақтың көлеміндей, бірі шұрқылтайдың ұясындай. Бірінің жергілікті түбі жоқ,- дейді.
«Тырнақтың көлеміндей», — деп, көздерін айтқан екен. Көзіміз қанша нәрсе көрсе де, тоймайды, — дейді, — топырақтан басқаға тола ма? «Шұрқылтайдың ұясындай», -деп,[жұтқын] тамақты айтқан екен.[«Түбі жоқ» — деп] жергілікте қанағаты жоқтығын айтқаны дейді.
– Әке-шешең жуырда келмесе, үш ауыз сөз сұраймын: ауырда не ауыр, қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті? — дегенде, қыздың айтқаны:
– Ауырда — жылқы ауыр, — дейді.
– Оны қайдан білесің? — дейді.
– Оны білгенім: ханның жүз қаралы түйесі бәрі де осы күркемізді басып өреді: таңертең дыбысы білінбейді. Кешке таман болғанда,бір бала: «Түйе жиямын» — деп, бір тайға мініп жөнеледі. Жер дүңкілдейді. Оны сонан білемін, — дейді.
– Екінші, сөз — қатты, кәріпшілік қатты екенін қайдан білесің?- дейді
– Әкем мен шешем келгенде, қойны-қонышын толтырып арқалап, тарта алмай келеді. Сонда мажырап бір ойнап, күліп отырмайды. — Жүрген, тұрғанымыз құрысыншы! — дейді.-Тіленгеніміз құрысын!- деп, «уһ!»- дегенде жүрегі қақ жарылып, аһ ұрады. Кәріпшілік қатты екенін сонан білемін! — дейді.
– Ерлі-байлы кісінің татулығы тәтті екенін қайдан білесің?- дейді.
– Әкем менен шешем кешке таман: «Аһи, хош!» — деп келгенде, ортасына жатамын. Ертең тұра келгенде, мен бір жақтан тұрамын, екеуі бір жақтан тұрады. — Мен оны байқап білемін, — дейді. — Ерлі-байлы кісінің тәтті екенін содан білемін. — «Ат мінсе, өзіне (орнына) тартар» деген рас-ты екен! — дейді.
Ойлаймын, осы қызды сынап, ақырында сынына келген соң,. Жиренше алған екен.
Әз Жәнібекке қараған елінде Жиреншеден әйелге бақытлы жан болмаса керек. Оның ханының құмарлығындай жан болмаса керек. Сұлуға Алла тағала оған хан екен деп сұлуды несіп қылмады дейді. Әз Жәнібектің өлімі ұрғашының сұлулығынан болды дейді.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы