ЖИРЕНШЕНІҢ ЕНДІ БІР ТҮЙІНДЕРІ

ЖИРЕНШЕНІҢ ЕНДІ БІР ТҮЙІНДЕРІ
Бір жолы хан билеріне:
– Дүниеде не өлмейді?- деп сұрақ қойғанда, алпыс би бір ауыздан былай деген екен:
– Ағын су өлмейді, асқар тау өлмейді. Аспанда Ай мен Күн өлмейді, әлемде қара жер өлмейді.
Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығыпты:
– Ағын судың өлгені – алты ай қыста қатқаны. Асқар таудың өлгені — басында бұлт (қар) жатқаны. Ай мен Күннің өлгені — еңкейіп барып батқаны. Қара жердің өлгені — қар астында қалғаны. Өлмейтін сол — ғалымдардың жазғаны! — деген екен.
***
Қарашаш өліп, Жиренше қартайып, ақылсыз әйел, парықсыз бала сыйламай, Жиреншеге бұзау бақтырып, тезек тергізіп қояды. Көріскелі келген Әз Жәнібек хан Жиреншеге далада кездесіп:
– Уа, шешенім, тезек теріп жүргенің қалай? — дейді.
Сонда Жиренше:
– Қатын шайпау, ұл тентек,- екеуледі, ей, ханым!
Кәрілік келді, мал тайды,- төртеуледі, ей, ханым!
Арқадағы қу тезек, әркімге келер бір кезек,
Басымнан бақыт тайғанын көрмейсің бе, ей, ханым?!- депті.
– Ей, жаным, бірімізге біріміз — аз күн қонақ,
Ойласаң, мына дүние тіпті шолақ.
Тірілікте, аз өмірде сыйласып өт,
Бүгін бар, ертең жоқ: өмір — сол-ақ!
Жастықты аңдып кәрілік жүр,
Денсаулықты аңдып — ауру жүр.
Тірілікті аңдып — ажал тұр,
Құлшылыққа мойын ұсынбай,
Жонын беріп надан тұр.
Өлшеулі өмір ол жетсе,
Өкінішті заман тұр.
Құдайдың берген борышын
Мойнындағы өтей алмай,
Меңіреу сияқты адам тұр.
Аққу құсқа оқ тисе,
Қанатын суға тигізбес.
Айтулы ерге оқ тисе,
Қиналғанын білдірмес.
Ноқталы басқа бір өлім
Ақыры бір күн келмей ме?!
Ажалдың соққан дауылы,
Өмірдің шамы сөнбей ме?!
Неше жыл сақтап жүрсең де,
Сұрай келсе Иесі
Аманатын бермей ме?
Хақтан әмір болған соң,
Пендесі оған көнбей ме?!

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *