ЖИЕНӘЛІ БАТЫР ТҰЛПАРЫ

ЖИЕНӘЛІ БАТЫР ТҰЛПАРЫ
Алтай ішінде Бекайдар деген табынан Жиенәлі батыр шыққан. Жиенәлі батырдың қайыны Уақ екен. Қайнының жылқышысының айтуы бойынша бір күрең бесті ат алған. Екі мың жылқысы бар екен.
– Осы күрең дөненді алыңыз,- деген,- екі мың жылқы жиылғанда, тоқымдығы терлемейді, — деген екен.
Сол күрең бестіні жаратып, талай асқа түсіп, өлшеусіз жүйрік болған. Жиенәлі батыр Демік деген жолдасын қасына алып, күрең атты жаратып, бір баланы үстіне мінгізіп алып, Ұлы жүзде бір асқа барады. Сол аста «Мыңтайлақ» атанған бір ат бар екен, сол Мыңтайлақ та келген екен. Жиенәлі батыр асқа тіккен үйлерді аралап жүріп бара жатқанда, Мыңтайлақтың иесі үйде отырып:
– Тұлпардың дүбірі шықты, менің атыма: «Бәйге бермеймін!»- деп,бір қу ауыз жүйрік келді!- деген.
Күрең ат алдында келіп:
– Өзі шақырмай аяғынан келді, өзінің жүзі басқа екен!- деп, көпшілік намыс қылып, бас бәйгені бермепті. Сонда үстінде құлын жарғағы, астында ақ боз аты бар біреу келіп, Жиенәлі батырға:
– Аттың бәйгесін қолыңа бір тигізсем, әкете алар ма едің?- депті. Жиенәлі батыр:
– Қолыма бір тигізсең, көрер едім!- деген соң, Жиенәлі батырды ертіп алып, қалың топты қақ жарып келіп, ат бәйгелерін ұстап тұрғандарға:
– Жақсыны көрмек үшін деп еді. Басқы аттың бәйгесі қандай бұйым, бере тұрыңызшы, көрейік!- деп, алып, шеже көздеген алтынды мауыт екен. Қолына алып көріп, көрген болып, Жиенәлі батырға:
– Мінеки, қалай оңды, көріңізші!- деп, Жиенәліге беріпті.
Жиенәлі батыр күрең атты балаға беріп:
– Ал да, жөнел, үш күндік жерге бармай, тоқтама! — деп, бала ала жөнеліп, жалғыз жанға шалдырмай, құтылып, бір жерге құлап, қалжырап жатып қалыпты. Артынан Жиенәлі батыр келсе, бала қалжырап жатыр, ат бетімен жайылып жүр екен. Жиенәлі батыр:
– Ыстықтай суысып қойды-ау, зорығып кетеді ғой!- деп, қатты қайғырып, уайымдапты.
Шеже көз сауытты алса да, үйіне аман келіседі. Атына қайғырып, дөңбекшіп, орнында байырқалап отырмапты. Сонда қырдан бір сыншы адам кез болып:
– Атыңа олай-бұлай деп, уайымды болсаң, маған сау күніндегі бағасына сат!- депті. Сатпапты.
– Мен жылқы танысам, атыңа уайым қылма, атың дәнеме етпейді. Сенің бұл атың аш-тоғын, ыстық-суығын, алыс-жақынын елең қылмайды. Мұнан былай жаратып, терін алғанда, үстіне жабу жауып,үстіне екі пұт құм теңдеп шап. Әйтпесе бүйірі қызбайды. Туысы тұлпардың аунаған жеріне кездескен жануар екен!- деп айтып беріпті.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *