ЖАППАС ТАЙПАСЫНАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР ТАРИХЫ


ЖАППАС ТАЙПАСЫНАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР ТАРИХЫ

Ғ.А. МЕҢІЛБАЕВ — т.ғ.к., Абай атындағы доценті, аз ПУ

Батыр (парсы тілінде; бəһадур — ержүрек, батыл, батыр) — əскери өнерді жақсы меңгерген, жау түсірер ерлігімен аты шыққан, қаһарман адамға берілетін құрметті атақ. Батыр атағы мирасқорлық жолымен берілмейді,оған əрбір адам жеке басының ерлігімен ие болады.
Батырларды қазақ халқы ежелден құрмет тұтқан.
Көшпелі халықтарда бүкіл өмірі соғыста өтетін, соғыс ісі атадан балаға жалғасқан негізгі кəсібі болған, мемлекеттік билікті қолына ұстаған қоғамдық топ-əскери ақсүйектер болды.Осы топта соғыс ісінің тəжірибесі жинақталып, əскери өнер дамып, қару-жарақ жасаудың, оны қолданудың биік деңгейі қалыптасты.
Батыр көбінесе осы əлеуметтік жіктің өкілдері арасынан шықты. Олардың бар өмірі елдің қонысын кеңейту, халықты жаудан қорғау жолындағы жорықтарда өткен. Ел үшін жанын қиған.
Батырлардың есімі ел ұранына айналып, халық олардың аруақтарына табынған. Атабабаларынан бері қарай Батырлар атанып келе жатқан, ауыр жараланса да ұрыс даласын тастамағандар қара Батыр, не қара берен Батыр, қауып-қатерді елемей, ұрысқа жалғыз кіріп ерлік көрсеткен адам жеке Батыр атанған. Қазақтың қаһармандық эпостарында Алпамыс, Ер Тарғын, Қобылан -ды, Қамбар,т.б. жауына жалғыз аттанған осындай батырлар болды. Талай рет қақпа бұзып, жау қамалына ойран салған ерлерін қазақ «қамал бұзған қас батыр» деп мақтан еткен.
Батырлық — дəстүрлі қазақ қоғамында болатын ерекше əлеуметтік топ- батырларға тəн қасиеттер мен өмір салты. Қазақ батырларының əлеуметтік ерекше топ ретінде өзіндік мұраты, қоғамдық қызметі, соған сай өздеріне тəн салт-дəстүрі, басқа қоғамдық топтармен арақатынасын реттейтін этикасы, т.б. ерекшеліктері болған.
1) Олардың ең басты ерекшелігі-тек əскери кəсіппен айналысу болған. Батырлар елді басқыншылардан құтқаруды,тұтқында кеткен отандастарын азат етуді, жау қолынан қаза тапқан ата-баба кегін қайтаруды өмірлік мақсат тұтынған.
2) Олар үшін əскери іс ата кəсіп саналған, əкеден балаға мұра болған.Батырлар əулетінде туған бала жастайынан əскери кəсіппен айналысуға міндетті деп есептелінген.
Батырлық жырлардағы Ер Қосай, Едіге, Ер Тарғын, батырлармен қатар, 17-19 ғасырларлардағы Райымбек, Бөгенбай т.б., батырлар тұқым қуалаған батырлар болғандықтан, оларды «шынжырлы тұқым» деп атаған. Мұндай батырларды бала кезінен əскери өнерге баулып,13-15 жасынан-ақ шайқастарға қатыстырған.Əскери əулеттен болғандықтан батырлар алғашқы ерлік жолын көбіне соғыста өлген əкесінің, туысының кегін алудан бастаған. Əке кегін қумау батыр үшін ұят. Артында ұл болмаса, кек алу қызына да міндет болған. Батырлар ата кегін қууды кең ұғымда, елдің кегін қуу мағынасында да түсінген.
3) Əскери кəсіптің басты мақсаты елді сыртқы жаудан қорғау жəне ішкі тəртіпті сақтау болғандықтан, ел мен мемлекет билігі де солардың қолында болды. Басқа елдердегідей, көшпелі халықтарда да хандар, əміршілер, ел билеушілері батырлар əулетінен шыққан,осы қоғамдық топтың өкілі болған.Кейін хандық тақ бір əулеттің ұрпағына мұрагерлікке қалғанмен, бұл байланыс жойылған емес. Шыңғыс хан, Əмір Темір, Едіге, Мамай, Абылай, Кенесары, т.б. батыр болған жəне батырлар əулетінен шыққан. Олар өздерінің жұрттан асқан ерлігінің, батырлығының арқасында билеушілік дəрежеге көтерілген. Тарихта ханның батыр, батырдың хан болуы жиі кездесетін еді. Көшпенділер ханда елдің құты болады деп, елдің амандығын ханмен байланыстырып, ерекше батыр адамды қадір тұтқан, хан көтерген. Өз билеушісіне сенімді бола білу — Батырлық қасиеттердің бірі. Айқас кезінде атынан айрылған Абылай ханға қаптаған жаудың ортасында қалса да, атын берген Жəнібек батыр сияқты сенімді серіктер қазақ тарихында көптеп кездеседі. Əйгілі батырлар ханына құлдық ұра бермей, қажет болғанда ханның қателігін бетіне айтып, дұрыс бағыттан адасса жолға салып, онымен терезесін тең ұстаған.
4) Батырлар меншік иелері болған. Олардың меншігінде қалалар, елді мекендер, ұлыстар, аймақтар қараған. Бұл меншікке батырлар мұрагерлікпен не əскери қызметі нəтижесінде иелік еткен. Жаудан олжа түсіріп, əміршілерден сый-сыяпат көрген батырлардың барлығы бірдей байлық иесі болмағанын да айта кету керек. Олардың арасында да байы, орташа ауқаттысы, кедейі болды.
5) Батырлардың өздеріне тəн жауынгерлік этикасы, адамгершілік ережесі, діни ырымдары мен салттары болған. Қазақ батырлары алғашқы жорыққа аттанарда, батырлық жолына түсерде əулиелерге сиынып, атақты батырлардан не əке-шешелерінен бата алып шыққан. Жауынгерлер қару-жарағын, киімдерін өз руларының, өз əулетінің тотемдік бейнелерімен əшекейлейтін болған. Қазақтың батырлық жырларында, аңыздарында сақ, сармат батырлары кие санайтын бүркіт, жылан, айдахар, жолбарыс, қасқыр, бура, қабан, т.б. аң-құстардың бейнесін өздерінің қару-жарағына, əшекей заттарына, киімдеріне салғаны айтылады. Олар зұлым күштерден қорғап, айқаста жаудың құтын қашырып, жеңуге көмектеседі деп есептелген. Батырлардың, жалпы аруақты адамдардың киесіне сену халық жадында əлі күнге сақталып қалған. Қарсыласын жеңіп, атын, қару-жарағын олжалау да Батырлықтың ерекше көріністерінің бірі болған. Ата кəсіп ұрпаққа жалғасатындықтан, батырлар əулетінің қару-жарағы атадан балаға мұра болып, егер мұрагері қалмаса, батыр өлгенде қаруын бірге жерлеген. Батырдың жаны мен қарудың өзара байланысы бар деген сеніммен, кейде өлген батырдың қарулары сындырылып, арнайы бүлдіру ырымын жасаған.Археологиялық қазбалар кезінде обалардан адам сүйектерімен бірге қару сынықтарының табылуы осы ырыммен байланысты. Əскери топ ретінде қалыптасқан батырлар жауынгерлік этиканы өте қатаң ұстанған. Үлкен айқастар əрқашан жекпе-жекпен басталатындықтан, жекпе-жекке шығу батырлардың басты міндеттерінің бірі саналған. Жауынгердің шын мəніндегі батыр атануы осы жекпе-жекте жеңіске жетуден басталған. Елінің, өзінің намысы үшін, ханы үшін, əскери парызын өтеу үстінде жан қию — даңқ, нағыз Батырлықтың өлшемі. Өлімге мұндай көзқарас көшпелі халықтарда батырлық рухты тəрбиелеудің бір шарты болған[1].
Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының жаппас руынан да тарихи əр кезеңдерде көптеген батырлардың шыққаны белгілі. Олардың көпшілігінің жасаған ерліктері осы күнге дейін ескерусіз қалып келген болса, мен осы ғылыми сараптамалық жинағымда сол олқылықтың орнын толтырғалы отырмын. Осы тақырыптың басында Батырларға жəне Батырлыққа байланысты ғылыми талдауды атап өткенді жөн деп ойладым. Себебі, біз əлі күнге дейін кімдерді Батыр деп атауымыз керек деген сұраққа толық жауап бере алмас едік .
Сонымен, Байұлы тайпасы жаппас руынан шыққан батырлар туралы біздің қолымызда қандай ауызша жəне жазбаша келіп жеткен түп-деректер бар?! Олар жөнінде не білеміз?
Бұл жерде жаппас руынан шыққан батырлар жөнінде бізге келіп жеткен мағлұматтар өте аз екенін айта кеткім келеді. Сол себепті, қолымдағы бар мағлұматтарға ғылыми талдау жасап көрейін. Осы жерде, біздің бабаларымыз Батыр болған еді, ол туралы ешқандай дерек келтірілмепті деген өкпе-наздың қажеті жоқ. Менің бар тапқаным осылар ғана болды: «Ақберді батыр» (17 ғасырдың соңында дүниеге келген, қайтыс болған жылы белгісіз), 18 ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген, тарихта аты қалған белілі қазақ батыры, Байұлы тайпасының жаппас руынан шыққан. Жоңғарларға қарсы 1729 жылы мамыр айында болған «Аңырақай шайқасында» өзінің ұйымдастырушылық қабылеті, батылдығы мен батырлығы арқылы көзге түскен аға батырлардың бірі. Бөгенбай батырдың ұрыс тəсілдеріне байланысты ақыл қосатын сегіз аға батырларының бірі болған. Олар туралы Шапырашты Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме дейін» атты кітабында деректер кездеседі… — Бөгенбай батырдың да көбінесе желкесінде Қанжығалы Бозым мен Жанай батыр жүреді. Ал ұрыс тəсілдерін көбіне Байұлы — Ысық Бітікпен, Шеркеш Баспанмен, Жаппас — Ақбердімен, Жетіру — Орал батырмен, Қарауыл Қанаймен, Атығай Жəпекпен, Сүйіндік Айдабол, Толыбаймен ақылдасады.
Бұлардың барлығы да өздерінің ойларын ірікпей айтады, қателессе, артынан іреніш болмайтынын біледі». Осы жерден көріп отырғанымыздай, жаппас руынан шыққан Ақберді батыр да Бас сардар Бөгенбай батырға өз ойын батыл айта алатын батырлардың бірі болғандығы көрініп тұр .
Қазақ батырларының жоңғарларға қарсы соғыс кезінде қолданған ұрыс тəсілдері дегенде нені айтуға болады? Бұл жөнінде «Қазақстан ұлттық энциклопедия»[2], ..көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндіктерін көрсетті. «Айқораланды», «Құйрық жеу», «Ашамай» т.б. қазақтың байырғы ұрыс тəсілдерін кеңінен қолданды. Осы ұрыс əдістеріне қысқаша тоқтала кетейік:
«Айқораланды» ұрысы-жауды айналдыра сыртынан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қыса түсу. Кім сыртқа ұмтылса, сонымен соғыс салу. Мұндай кезде қалмақтардың қашар жері қалмайды. Ендігі амалдары — орнынан тұрып садақ тарту. Айнала қоршап тұрған, қатарлары сирек қазақ сарбаздарына қалмақтардың атқан садақ оғының оннан бірі де тимейді. Ал, тығыз шоғырланып тұрған қалмақтарға əрбір атқан жеті мың оқтың бір мыңы тигеннің өзінде үлкен шығынға ұшыратады. «Аңырақай шайқасында» солай болды да…
«Құйрық жеу» ұрысы да қазақ халқының ежелден қолданып келе жатқан ұрыс əдістерінің бірі болып табылады. Бұл тəсіл бойынша, ұрысқа кетіп бара жатқан жаудың ең артқы қосынының артынан, екі бүйірінен тию. Жаудың алдыңғы қолының беті алда, сондықтан тыныштықпен өткен жерден арттан жау күтпейді. Ал арттағылардың алдыңғы қолға хабар беруіне мұрсасы болмайды…
Міне, жаппас руынан шыққан Ақберді батыр да осы ұрыс əдістерін қолданған, оны Бөгенбай батырға айтып ақыл қосқан бас батырлардың бірі болып тұр.Сондай-ақ осы жерде мына жағдайды да естен шығармаған дұрыс деп ойлаймын.Осы қазақ халқының тарихындағы атақты «Аңырақай шайқасында» өзге де ру-тайпалармен бірге Ақберді батыр бастаған жаппас руының сарбаздары да қатысқандығына ешкімнің күмəні болмас деп ойлаймыз.
Соның бір өкілі, жоғарыдағы қазақ жасағының бас батырының бірі — Ақберді батыр !!! Байұлы Бітік, Баспаным, Қатарынан асқаным .
Жаппастан келген Ақберді,
Түтеткен жаудың аспанын …
Осы өлең жолдарының өзі де біздің ұстанған бағытымыздың дұрыстығын дəлелдей түседі. Атап айтқанда, қалмақтарға қарсы ұрыста жаппас руының сарбаздарын Ақберді батырдың өзі бастап шыққандығы,оның ұрыс кезінде үлкен ерлік көрсеткендігі көрініп тұр. Бұл жерде жаппас сарбаздарының да жанқиярлықпен шайқасқандығы айдан анық болып тұр.
2) «Баймұрат батыр» (17 ғасырдың соңында туылған, қайтыс болған жылы белгісіз ), 18 ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген қазақ халқының батыры. Байұлы тайпасының жаппас руынан шыққан. Баймұрат батырға байланысты Қазақстан ұлттық энциклопедиясында[3] төмендегідей мағлұматтар келтірілген: «Баймұрат Есенбайұлы(т.-ө.ж.б.) — батыр. 18 ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген. Ел аузында «Електің басы Есенбай» деген қанатты сөздегі Есенбай Баймұраттың əкесі. Баймұрат батыр Əбілқайыр ханның Ресейге бодан болу ниетіне белсенді қарсылық көрсетіп, 1731 жылы қараша айында жаппастардың өзіне бағынышты сарбаздарымен хан ордасын, М.Тевкелев басқарған Ресей елшілігі түскен үйді қоршап алды. Хан ауылынан жылқы айдап əкетеді.
М.Тевкелев батырмен оңаша кездесіп, оны көндіреді. Əбілқайыр ханның қайтыс болғанын естіген Баймұрат батыр 1748 жылы қазан айында анасы Бопайға бара жатқан Нұралыға ерген 12 адамның бірі болып көңіл айтуға хан ордасына барады. Кейін Баймұрат батыр хан кеңесінің мүшесі болады. Оның есімі қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауда асқан ерлік көрсеткен батыр, белгілі би ретінде ел есінде сақталған .
Бүкіл жаппас руының ұраны болған Баймұрат батыр Қалқаманнан шыққан. Оның тікелей ұрпағы Нағи Ильясов Кеңес Одағының Батыры, соғыстан кейін Кеңес жəне шаруашылық жұмыстарында басшы қызмет атқарды. Жаппас руынан шыққан Баймұрат батыр туралы біздегі бар мағлұматтар төмендегідей: Біріншіден — Баймұрат батырдың жаппас руынан шыққаны туралы Қазақстан ұлттық энциклопедиядағы жазбаша түп-деректерде қателіктер кеткен. Яғни ол туралы мардымсыз мағлұматтар берілген, тіпті оның жаппас руынан шыққаны туралы ешқандай мағлұматтар берілмеген. Бұл Баймұрат батырға байланысты ғана емес, басқа да жаппас руынан шыққан тұлғалар осылайша елеусіз қалдырылған…
Екіншіден — Баймұрат батырдың əкесінің есімі Есенбай емес (Есенбай атасы болып келеді),
Байбөріұлы Баймұрат болып жазылу керек. Ал Қазақстан ұлттық энциклопедиясында[4] …Баймұрат Есенбайұлы деп жазылған. Мүмкін, Есенбай атасы немересін өзі тəрбиелеп, өсіріп, соңынан өз атына ауыстырып алған ба деген ой келеді. Үшіншіден — Жаппас руынан шыққан батырлардың қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғаудағы ерліктері туралы ешқандай мағлұматтар келтірілмейді. Соның бірі қалмақтарға қарсы шайқастарға жаппас руынан шыққан батырлардың қатысуы дер едім. Мысалы, Ақберді мен Баймұрат батырлар туралы осыны айтуға болады…
Төртіншіден — Баймұрат батырдың қазақ халқының тарихында алатын орны, атқарған қызметі, тарихи ролі туралы жазып, оның əділ бағасын беретін кез келген секілді. Соның бірі, қазақ жерінің Ресей қоластына қарауына тікелей қарсы шыққан, оны Кіші жүздің ханы Əбілхайырға ашық айтуы, жаппас руының сарбаздарын бастап қарсылық көрсетуі,т.б. ерліктері күні бүгінге дейін өз бағасын алмай келе жатыр.
1731 жылы 10 қазанда Əбілқайыр хан кіші жүздің əр руының билері мен батырлары, ақсақалдары, т.б. басын қосып, Ресей империясының қол астына қарау жөнінде мəселе қозғағанда, осы кеңеске жиналған жаппас руының билері мен батырлары, олардың ішінде, əсіресе Байбөріұлы Баймұрат батыр бастаған билер тобы «ашқан ашу-ызамен» М.Тевкелевтен қазақ даласына не үшін келгенін сұрап, оны шақырған Əбілқайыр ханға да қатты шүйілігіп өздерінің империя құрамына кіруден бас тартатындықтарын жеткізеді. Осындай қызу таластардың кезінде ортаға Бөкенбай батыр шығып, өзінің Əбілқайыр ханмен бірге Ресейдің қол астында болғысы келетінін жəне оған ант қабылдайтынын мəлімдеген. Ол Əбілқайыр ханнан да ант беруді сұраған. Атақты батырдың ұстанған бағыты сол жердегі орын алған жағдайға қатты əсер етіпті.
Қысқасы, алдымен Əбілқайыр хан, одан кейін Бөкенбай батыр, Есет батыр, Құдайназар, барлығы 27 би құран ұстап Ресейге ант қабылдайды. Осы билердің бəріне 110 сомның сыйлықтары үлестіріледі. Соған қарамастан, жаппас руының батыры Байбөріұлы Баймұрат бастаған көпшілік билер ант беруден бас тартып, хан тобына қарсы шығады. Осы кеңестен кейін бір апта өткен соң, Ресейдің қол астына қарауға қарсы топ өкілдері күшейіп, Жаппас руынан шыққан Байбөріұлы Баймұрат батырдың бастауымен М.Тевкелев бастаған елшілік өкілдерін өлтірмек болып шабуыл жасайды.Баймұрат батыр бастаған жаппас руының сарбаздары М.Тевкелевпен бірге келген башқұрттың Қаратабын руының белгілі биі Таймас Шайымовты қолға түсіргенде, онымен бұрыннан таныс Бөкенбай батыр өз башқұрт руласының тағдырына алаңдап, жаппастармен келіссөз жүргізуге інісі Құдайназар мырзаны жібереді. Бөкенбай батырдың інісі — Құдайназар, ағасының тапсырмасын бұлжытпай орындап қайтады… Үлкен күшті құраған жаппас руының белгілі билері мен батырлары, келесі 1732 жылы қаңтар айында Əбілқайыр ханды халықтың мүддесімен санаспады деген айып тағып, Əбілқайыр хан мен елші М.Тевкелевті өлтіруге шындап бекінеді. Бірақ, Баймұрат батыр басшылық етуімен, жаппас руының билері мен батырлары бастаған топтың қаңтардың 20 күні Хан ордасы мен орыс елшілері тұрған жерді шаппақ болғанын бір адам келіп Əбілқайыр ханға жеткізеді. Олардың бұл жолғы іс-əрекеттері де жүзеге аспай қалады.
Байбөріұлы Баймұрат батыр бастаған жаппас руының жасақтары Ресей елшісі Тевкелевті Арал теңізінің бір шығанағынан өтпек болған кезде, оны өткел үстінде өлтірмек болады.
Соңынан Баймұрат бастаған жаппас руының билері мен батырлары, ақсақалдары, т.б. ақылдаса келе өз өкілдерін Əбілқайыр ханға жіберіп,өздерінің бастапқы пиғылдарынан қайтып, енді оларға қастандық жасамайтындықтарын,қауып-қатер тудырмайтындықтарын айтады.
Оларды ештеңеге алаңдамай өздерімен бірге көшіп қонуын сұрап, өз мекендеріне қонаққа шақырады. Осы екі жақты келісімнен соң, Əбілқайыр хан екі жақтың да адамдарын жинап кеңес өткізеді.Бұл бас қосқан кеңесте, кіші жүздің Ресей қол астына қарауын қолдағандар жəне қолдамағандар да біржақты келісімге қол жеткізгендей болды.
Бұл жерде, Кіші жүз ханы Əбілқайыр мен табын руынан шыққан атақты Бөкенбай батырдың, жаппас руының билері мен батырлары, оның ішінде Байбөріұлы Баймұрат батырдың да тарихи ролі зор болғанын атап өткеніміз дұрыс[5].
3) «Байғара батыр» (т.ж.б.- 3.11.1731ж.) Арал теңізінің солтүстігі маңайында жерленген). Ресей империясының отарлау саясатына қарсы күрескен қазақ батыры. Кіші жүздің Байұлы тайпасының жаппас руынан шыққан. Əбілқайыр ханның Ресей қол астына қарау туралы шешіміне қарсы болған бірқатар ру басшылары, батырлары, т.б. қатарында болған. Олар Хан ордасы мен М.Тевкелев бастаған Ресей елшілігіне қарулы қарсылық көрсеткен .
Баймұрат батыр бастаған жаппас руының жасақтары 1731 жылы 22 қазан күні хан ордасы мен орыс елшілігі тұрған жерді қоршап, 15 жылқыны барымталады. Сырлыбай Қожасұлы бастаған топтың хан ордасына қарсы күресі бір жылдан астам уақытқа созылды.
Хан ордасы мен елшілік күзетінің осы тобымен 1731жылы 3 қарашада болған қақтығысы кезінде Байғара Қожасұлы оққа ұшады. Байғара Қожасұлының қазасының арты үлкен дауға айналып, қарсылық күшейе түсті. Байғара Қожасұлының артында Атабай, Жангелді, Сарт есімді үш ұлы қалды. Осы жерде орыс мемлекетінің отарлық саясатына қарсы қолына қару алып қарсылық көрсеткен тағы да бір жаппас руының батыры Сырлыбай Қожасұлы деген топ жетекшісінің есімі белгілі болып отыр. Оның қол астында шайқасқа қатысқан бауыры Байғара Қожасұлы осы қақтығыс кезінде оққа ұшады…
4) «Сырлыбай батыр» (т.ж.б.- ө.ж.б.). Сырлыбай Қожасұлы 18 ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген қазақ халқының батыры. Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасы жаппас руынан шыққан батыр. Ресей мемлекетінің қазақ даласын отарлау саясатына қолына қару алып қарсы шыққан топ басшысы. Сырлыбай Қожасұлы бастаған жаппас руының көтерлісшілері 1730-1731 жылдар аралығында Хан ордасына қарсы, Ресей мемлекетінің қазақ даласындағы отарлау саясатына, М.Тевкелев бастаған орыс елшілігінің жұмысына қарулы қарсылық көрсеткен. Көтерлісті ұйымдастырушылардың бірі, басшысы, батыр…
5) «Бөрібай батыр»( шамамен 17 ғ.соңы — 18 ғасыр ) Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының жаппас руынан шыққан. Жоңғарларға қарсы шайқаста жаппас руы қолын басқарған. Бөрібай батыр туралы халық аузында аңыз-əңгімелер сақталған. Бөрібай батыр қалмақтарға қарсы шайқастарда жаппастар қолын басқарып, Ақберді батырдың (Бөкенбай батырдың серігі, кеңесшісі болған). Жаппас руы жасақтарының біріккен қолының аға басшысы қоластында болған. Шайқас кезінде өзінің ерлігімен сарбаздарды рухтандырып отырған.
Бөрібай батыр туралы М.Тынышбаев жазбалары бар, оның айтуынша Қызылорда облысы, Сырдария ауданы мен Шиелі аудандары шекарасындағы (Қызылорда-Жезқазған автомобиль жолынан 40км жерде) Телікөл көлі маңайындағы 18 ғасыр кесенесі осы Бөрібай батырға арнап салынған дейді. Бұл кесене туралы 1988ж. Алматы сəулет жəне құрылыс институтының экспедициясы ( жетекшісі- Е.Бəйтенов ) зерттеген[6].
6) «Жалбыр Бөрібайұлы» ( шамамен 18 ғ.соңы — 19 ғ.ортасы ) Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының жаппас руынан шыққан батыр. Сыр елі мен жері үшін күрескен. Жалбыр батыр жөнінде Қостанай, Торғай, Ақмешіт (Қызылорда) өңірінде əңгіме-жырлар, ел аузында аңыз болып тараған. Жаппас руынан шыққан Ораз, Кеншімбай секілді ақындар мен жыраулар өздерінің жырларына қосқан. Жалбыр батыр туралы ел арасындағы тараған аңыздар мен деректерге қарағанда атақты Қойлыбай бақсының қызын қарт батыр Бөрібайға қосады. Одан Ақбай, Байсал (лақап аты Жалбыр) атты екі ұл туады. Ақбай нағашыларына тартып бақсы, Байсал алып денелі, зор дауысты батыр болады. Ол 12 жастан бастап көпшіліктен қалмай жауға жалпылдап шаба берген соң «Жалбыр батыр» деп атанған екен.
Бір соғыста Жалбыр батыр үлкен ерлік көрсетеді, өзі де жаралы болады. Оның серіктері найзадан көтергіш жасап еліне алып келеді. Бұл жағдайды естіген əкесі қарт Бөрібай батыр «Найза алдынан тисе алып келіңдер, артынан тисе ауылға алып келмеңдер, мен көрмеймін» деген хабар жібереді. Жаралы Жалбырға найза алдынан тиіп, көкірегінің үстінен қадалған үңгінің түбі ғана қалғанын көріп баласының соғыста аянбай ерлік жасағанына көзі жеткен екен. Бөрібай батыр қыл шылбырды найзаның ұңғысына байлап күшпен суырып алғанда Жалбыр батыр қыңқ деп дыбыс шығармапты.
Əсіресе Қоқан хандығының Сыр бойында жүргізген билігі мен Орыс империясының озбырлығына қарсы күрестегі Жалбыр батыр ерліктері халық арасында аңызға айналған[7]. Бір жылдары жаппас ағайынының көп жылқысын қоқандар алдарына салып айдап кетеді. Жалбыр батыр жайдақ атқа міне салып,қарусыз барымташылардың соңынан қуа жөнеледі.
Жауларына жақындаған батыр зор айқаймен шетінен барымташыларды аттарынан қағып түсіре беріпті. Бір топ қоқандықтар жабылып Жалбыр батырды аттан құлатады, оның қарынының көк етіне тиген найза ұшына ілінген ішкі майы аударылып жерге түседі. Оның қарнына қайта салып көк етін тігіп жатқан батырдың ерлігіне таңырқап тұрған жаулары көмекке үлгірген Жалбырдың інісі Мəмбет бастаған қолдан қорқып тым-тырақай қашқан көрінеді.
Орыс империясының жүргізген саясаты кезінде қазақ рулары арасында алауыздық етек алып, Жалбыр батырға қастандық та жасалған. Оның көзін жоюға Сумырын Жаппастан болған управитель Өткелбай көп əрекет жасаған екен. Сондағы Жалбыр батырдың жазығы бір бет ожарлығы, кедейлерге жақтасып, ұлықтарға, əсіресе орыстарға бас имегендігінде.
Бір үлкен жиында Өткелбай өз қолымен ет асатқанда қойдың бел омыртқасын қоса
Жалбырдың аузына салып жіберген екен. Батыр оны сезбей жұтып жібереді. Тағы бірде Өткелбай тамаққа қосып Жалбырға у берген. Жалбыр оны ішіп алып, аттанып бара жатып, лоқсып құсқанда, құсығы аттың жалын жидіткен екен, бірақ ол аман қалған.
Жалбыр қартайған шағында Өткелбай управитель оны жолбарысқа қарсы жіберіп көрген екен. Батыр соғып алған жолбарыс орасан болған, оны Өткелбай Ақмешіттің ояз басшысы Панкратовқа сыйға тартқан екен. Орыс ұлығы жолбарысты жалғыз соққан шал Жалбырды шақыртқан.Жалбыр патша өкіліне бас имегеніне ашу шақырған кезде батыр қылышының беспегін ағытып оны шауып тастауға ыңғайланғанда, арадағы тілмаш жалынып-жалбарынып, кешірім сұрап уезді( оязды ) ажалдан арашалап қалыпты.
7) «Жанғабыл батыр» (шамамен 1805 ж.т.- ө.ж.б.) Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының жаппас руының батыры. Жаппас руының Қаракөз тармағынан тарайды. Жанғабыл Төлегенұлы 1840 жылдардан бастап билікке араласа бастаған. Орынбор шекара комиссиясымен қарым-қатынас орнатқан. Райым бекінісін салуға көмектескен.1844 жылы зауряд-хорунжий атағын атағын алған. 1846 жылы № 46 дистанцияның бастығына тағайындалып, ел басқарған. Ағасы, Би Алтыбай Көбековтың аулын шапқан Кенесары Қасымұлына қарсы шыққан.1844 жылы жаппас руынан салық жинауға келген Наурызбай батыр бастаған 100 адамдық жасаққа түн ішінде тұтқиылдан шабуыл жасап, оның 95 адамын өлтірген. Осы қырғыннан Наурызбай батыр қашып құтылып, Байтабын батыр т.б.салық жинауға келген Кенесары Қасымұлының жасақтары қырғынға ұшыраған. Бұл жөнінде жəне жаппастар туралы халық ақыны Н.Ахметбековтың «Жасауыл қырғыны», О.Шипиннің «Жеті батырдың оқиғасы», Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай » дастанында айтылған.
Осылайша, Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының жаппас руынан тарихта болған, күні бүгінге дейін халқымызға белгісіз болып келе жатқан көптеген батырлар шыққан. Олардың қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауда көрсеткен ерлігі əділ бағаланып, өзінің шынайы бағасын алғандары дұрыс. Жаппас руынан шыққан батырлар елдің ішіндегі əртүрлі тарихи оқиғалардың да басы-қасында болған .
Біздің басты мақсатымыз, жаппас руынан шыққан батырлардың аты-жөндері, жасаған ерліктерін, қызметін кейінгі ұрпаққа таныстыру болды. Бұл жерде, біз жаппас руынан шыққан батырлардың бір тобының ғана есімдерін жарыққа шығарып, оларды халыққа таныстырып отырмыз. Біздің білмейтініміз қаншама десеңізші !!!

1. Қазақстан Ұлттық энциклопедия.2-том.\E-Г\.-Алматы, 1999.184-185-бб.
2. Қазақстан Ұлттық энциклопедия 1-том, Алматы, 1998 жыл, 389- бет.
3. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. 2-том. Алматы,1999 ж., 65-бет.
4. Алаш тарихи-этнологиялы) журнал. №1( 4 ),2006 жыл.,78-79 беттер.
5. Жаппас ата шежіресі . ызылорда )аласы, 1994. 22-23 б.
6. Мұхамеджан Тынышбаев«История казахского народа» — Алматы,1993.
7. Қазыбек Бек Тауасарұлының«Т4п-тF)ианнан @зіме дейін» — Алматы,1989.

Резюме
В данной статье автор впервые излагает о роль народных батыров которые ранше не упоминались в истоии Казахстана, а также мы можем увидеть огромную роль джаппаских батыров которые внесли свой большой вклад в развития казахского обществ на рубеже XVIIIXIX веков.
Summary
In this article the author first expounds on the role of the warriors who ranshe not mentioned in the history of Kazakhstan, as well as we can see a huge role dzhappaskih warriors who have made a great contribution to the development of Kazakh companies at the turn of the XVIII-XIX centuries.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *