ЕКІ ПАТШАНЫҢ БІЛМЕСТІГІ
Біреуі Мысыр, біреуі Бағдат, Басра шаһарында болатындығы бар. Сөз басы Мысыр шаһарының патшасы бір күні өзінің қол астындағы халқын жиып алып, сахара майдан жеріне сейілге шығып, шаттанып отырғанда, барлық халқынан, жолдастарынан сұрайды:
– Жасырмай айтыңдар: өз тұсымда дүние жүзінде менен асқан көрікті, ақылды, данышпан адам бар ма? Көрген, білгендерің бар ма? Егер бар болса, менен қорықпай, ұялмай, жасырмай айтыңдар! — дейді.
Дегеннен кейін көптің ішінде бір жігіт адам айтады:
– Маған айтты деп ренжімесеңіз, қаһар қылмасаңыз, мен бір адам көрдім. Ол он қабат артық. Ақыл да, көрік те,мінез де, инабат та, ғылым да, мал да, ой да, бой да бәрі де сізден артық! — дегенде, патша айтқан жігітке қаһар етіп:
– Сол айтқан патшаңды тауып алып кел. Әйтпесе басыңды аламын! — деп, қаһар етеді.
Бұл жігіттің айтқан патшасы Басра шаһарының патшасы еді. Бұл жігіт патшадан мәулет сұрап, Басра шаһарының өзі көрген патшасының шаһарына барып жетіп, патшаның [үйіне] қалжырап жетіп, есігіне барып, қақпасын қаққан соң, есігін ашады, үйіне кіргізеді. Кіріп, патшаның алдына келген соң, патшаның алдына жығылып, талып, ессіз болып, бірнеше күн жатады. Патша данышпан адам болғандықтан: «Бұл жігіт алыс жерден келген адам. Мұнда бір сыр бар шығар!» — деп, бірнеше тыныққанша күтіп, сыйлап, өзіне келтіреді. Бірнеше уақыттан кейін өзіне келген соң, жөнін, жайын сұрап, қайдан келген, қайда баратынын, жұмысын сұрап біледі. Жігіт бастан-аяқ келген, жүрген, көрген әңгімесін айтады, патшаны іздеп келгенін айтады. Егер бұл патша ана патшаға көрініске бармаса, жігіт өлетіндігін айтты. Патша жігіттің, бармаса, өлетіндігін ойлап, амалсыз бармақ болады. Жол жабдығын ыңғайлап, үйінен, шаһарынан бір қонақтық жерге барғаннан кейін:
– Үйімде бір өте қажет, адамға айтпайтын бір нәрсем ұмыт қалыпты, — деп, түн ішінде үйіне қайтып келіп, күзетшілеріне патша екенін білдірмей, көп алтын сыйлап, өз үйіне өзі сөйтіп кіріп барса, төсегінде қатыны мен бір бөтен жігіт бірге жатыр екен. Патша қолындағы қылышпен екеуін бір-ақ кесіп өлтіріп, қайтадан жолына келіп, бірнеше күн жол жүріп, Мысыр патшасының үйіне келіп тынығады.
Бірнеше күндер өткеннен кейін екі патша әңгімеге келіп, жолаушы келген Басра шаһарының патшасының ажары күн-күн сайын бәсең тартып, ажары түсіп, жүдеу тартып,уайым-қайғыда болып, күрсініп жүдегендік, көңілінде ауыр қайғысы барлығы біліне бастайды. Екі патша бір күндері көңілдерін көтеру үшін далаға сейілге шығады. Екі патша сейілге шығып, шаһар сыртында биік тау бар екен. Тау басына шығып, тау басынан шаһарға көз салып қарап тұрса, патшаның әйелі қырық қыз, қырық жігіт нөкерімен о да сейілге шығып, шаһар ішінде бау-бақша ішінде гуляйть құрады. Патшаның әйелі де бір жігітпен гуляйть құрғанын алыстан, тау нан патша өз көзімен көріп, екі патша бастас болып, екеуінің мұңы бір келіп, екеуі енді түсіп: «Бүйтіп мынаны көріп, мына дүниенің ішінде жүргенше, о дүниені бер!» — деп, құдай жолына түсіп, мал-жанынан безіп, қаңғып келе жатып,бір қалың ағашты бәйтерекке келіп, бәйтеректің түбінде ағып жатқан тұщы мөлдір бұлақ бар екен. Су ішіп, сусындарын қандырып, дамылдап отырғанда, бір айдаһар жылан келеді. Екі патша айдаһардан қорқып, бәйтеректің басына шығып паналайды. Біраздан кейін айдаһар жөніне кетеді. Енді аздан соң, бір дәу келеді. Арқасында арқалаған алтын әбдіресі бар. Екі патша айдаһардан құтылдым ба деп отырғанда, дәуге кез болып, шыбын жандарынан үміттерін үзіп отыра берді. Дәу келді де, жоғары-төмен еш нәрседен қауіпсіз ешқайда қараған жоқ. Бұлақтан суды бір-екі ұрттап алды да, арқасындағы әбдіренің аузын ашып, ішінен ай мен күндей бір сұлу қызды шығарып алып, ойнағаннан кейін, ұйықтап қалды. Біраздан соң қыз түсіп, бұлақтың басына суға шомылып, жуынып, бұлақтың шетіне отырып, шашын тарап отырса, судың бетінде екі көркем жігіттің сәулесі түсіп тұр. Қыз көріп,талып қалғандай тамашалап, бұлар қайдан келіп қалған адам дегендей, жан-жағына қараса, бәйтеректің басында екі жігіт отырғанын көріп, қуанып шақырып:
– Екеуің мұнда кел! — деп.
Екі патша:
– Түспейміз! — деп еді, қыз айтты:
– Екеуің түспесең, менің тілегімді орындамасаң, қазір екеуіңді мына жатқан дәуге өлтіртемін! — деген соң, жанынан қорыққан соң, екеуі қыздың тілегін амалсыз орындайды.
Қыз бастан кешкен уақиғасын айтып, осы екеуімен тоқсан тоғыз адаммен ойнағанын айтады. Бұл екі жігіт қыздан мұндай әңгімені естіген соң: «Біздікі асаулық, дәнеме білмегендік екен!» — деп, тәубе қылып, райдан қайтып, үйірін, елін табады. Мұның аяғы қыздың тоқсан тоғыз жігітпен қалай ойнаған әңгімесін естігендерің әңгімеге жарисыңдар, соған құлақтарыңды салып тыңдап тұрыңдар.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы