ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ ЕРТЕГІСІ
Түбі — тегі Қыпшақ еді. Еділ деген бай болыпты. Жайық деген қу жарғақ мерген болыпты. Еділ ағасы еді де, Жайық інісі еді дейді. Еділ бай Еділ суының бойында болыпты да, Жайық мерген Жайық суының бойында болыпты. Кертағы, аладомбай, бұғы, бұлан, арқар, киік, құлан елсіз, күнсіз жерлерде быжынаған биттей, құжынаған құрттай — соларды атқан мергендігіне қызығып, құмарланып, «Қу жарғақ Жайық» атанып, Жайық өмірін өткізіпті. Жайық өзенінде бір «Құлан суаты» — деген суат бар екен. Сол суатқа Жайық бұрын келсе, құланды бықпырт тигендей қылады екен де, құлан бұрын келсе, аттырмай кетеді екен. Бір күндерде Жайық түннен тұрып,сол суатты бұрын алып: «Құлан, енді келші!» — деп тосып жатса, судың ар жағынан бір ел келіп қонып жатыр дейді. Малы ылғи құлан дейді. Уық, кереге, шаңырақ – бәрі алтын мен күміс; киіз (кигіз) орнына ұстағаны — ылғи жібек пен торғын. Қазықтары — алтыннан, желі, тоқпақтары — күмістен, желі арқаны — жібектен. Шатырлатып құланның қодығын байлап жатыр дейді. Қу жарғақ Жайық есі шығып, елеуреп, сірі тоны сіресіп, аузын ашып аңқиып,қадала қарай қалып тұрғанында, бір келіншек қатын сылаң етіп, қасына жетіп келіп:
– Жезде, амансыз ба?- деп,қарында көнегі, қолында аяғы,қымызды құйып беріп, көзін шырадай жандырып, — Мен барып, шатыр тіге берейін. Балдыздарыңыз да келер!- деп кетіп қалды. Оның артынан тойға баратұғын қыздардай жасанып, киім киген қыздар сау етіп жетіп келіп:
– Жүріңіз, жезде,шатыр тігілді! — деп, ала жөнелді.
Желқомдап мінген жауыр көк шолағы қалып бара жатқан соң, алаңдап еді:
– Оған алаңдамаңыз, мына қыздар алып келеді, — деп, алтыннан қазық қағып, жібек арқанмен арқандап, өзін тұрған шатырға кіргізіп, былқылдатып белден төсек салып,үстіне отырғызып,бір керсен қымызды алдына алып келіп құйып,бір астау құланның қазы-қарта, жал-жаясын алдына меңгертіп, ай дейін [де]се, аузы бар, күн дейін десе, көзі бар, бір қасық сумен жұтып жібергендей бір қызды оң жағына отырғызып:
– Керсен алдыңызда, кездік қолыңызда, басыңда бар бөркіңіз, не қылсаң да, еркіңіз! — деп, қыз бен екеуін оңаша тастап, шығып кетісті дейді.
Құланның қымызын ішті, жал-жаядан таңдағанын кесті. Құшақтап, сүйіп, сұлу қызды құшты. Қымыздың мастығымен, құлан етінің желігімен, құшырланып, құмарланып, қызды бауырына басып, қысып жібергенде, қыздың балдағы шырт ете түсті. Бүгінгі көрген дәурені бар өміріне татырлық дәурен болды. Жалығып, шаршап ұйықтайын деп еді, қыз жалынды:
– Ұйықтай көрмеңіз, бір күнгі ұйқыға менің татымағаным ба? Осы түн ұйықтамасаңыз, осы тігулі шатыр, салулы төсек, мына отырған мен басыбайлы сіздікі боламыз. Егер ұйықтап кетсеңіз, сіз маған жоқ, мен саған жоқ. Жарық дүние екеумізге де арам болады.Мен анау елде ешкімге тие алмаймын. Байы өлген қатындай, бетім жаралы, басым қаралы. Бұл жүргендер: «Көшпелі дүние» деген дүние. Жан көрмесе, көрінбеген бойымен көрінбей кетеді. Егер жазатайым өздерін бір жан көріп қалса, өстіп жалынып, жалпайып, бір қыз беріп құтылып кетеді. Сен бұрын көріп қалдың. Сол себептен (себелтеден) осындай жалынып-жалпайып жатыр. Өзіңізді де аяңыз, мені де аяңыз!- деп, қыз жылаған соң:
– Неге ұйықтайын? Бір түн ұйықтамасам, өлемін бе?- деді.
Солай дегенмен қымыздың мастығы, еттің мастығы, қыздың мастығы бойын еріксіз билеп кетіп, ұйықтап қалды. Көзін ашып, ояна келсе, қыз да жоқ, шатыр да жоқ, жамбасының (жанбасының) астында төсеніштің тамтыры қалыпты. О жақ, бұ жағын кесіп ап кетіпті. Атын арқандаған жібек арқан мен алтын қазық қалыпты.
Жайықта ес жоқ, есалаң, тұра келіп, жалғыз-жарым қалған жұрнақ белгіні артына бөктеріп, салған бойымен Еділдікіне барыпты. Өң жоқ, түс жоқ, түсі қашып, көп ортасына кіріп барғанда, көрген жанның бәрі де үрпиісіп шошып кетіпті.
– Жаным, жаймысың? Денің сау ма? Не қылды? — десіп, сұраған екен. Көрген-баққанын әңгіме қылып айтыпты.
Ағасы Еділ ұшып тұра келіп, мылтығына қарай жүгіріпті:
– Бұл итті атып тастайын! — деп. — «Көшпелі дүние» деген болады, — деуші еді. Осындай кез болып қалғанға көп дүние беріп кетеді» — деуші еді. Шірік, сасық, жаман шіркін, бір түнге ұйықтамаса, өле ме екен?! — деп.
Жұрт Еділге Жайықты аттырып қарап отыра ма, арашалап, айырып алыпты. Сонан соң Еділ айтыпты:
– «Ол көшпелі дүние бір түнеген жеріне жылда кез келінеді», — дейтұғын. Сол көрген жеріңді бір жыл күзет. Тағы кез болып қалар!- деген соң, Жайық ас-су ішпей, ұйқы көрмей, бір жыл күзетіпті. Бір жылдан соң, көрген-баққаны: бір құланға мінген, қара киген бір қатын:
– Міне, Жайық, қатын-балаң!- деп, бесігімен бір баланы тастап кете беріпті. Алтыннан шүмегі, күмістен түбегі бар екен.
Сол баланың атын Құлан қойып: «Құлан жалғыз, құдай жалғыз» — деген сөз мәтел болып қалған деседі. Құлан: Қыпшақтан Қошқарбай батыр шықты. Ол барып Естектен бір қыз алып келіп, Жақып деген Естек молдасына қосып, онан жеті ұл туып, біреуі — Жайықбай, одан — Ыбырай туып: «Молда балалары» атанды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы