ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТАР АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ГЕРМАН-ПОЛЯК ҚАТЫНАСТАРЫ

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТАР АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ГЕРМАН-ПОЛЯК ҚАТЫНАСТАРЫ

Г.К. Көкебаева–
т.ғ.д., əл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Дүниежүзілік соғыстар аралығындағы герман-поляк қатынастары – кеңес жəне қазіргі ресейлік тарих ғылымында қайшылықты пікірлер туғызып жүрген мəселе. Польшаның 1772 жылдан бастап бірнеше рет бөліске түсіп, мемлекеттік тəуелсіздігінен айырылып қалғаны, ал сол бөлістердің барлығына Австрия, Германия жəне Россияның қатысқандығы белгілі бола тұрса да, кеңес зерттеушілерінің еңбектерінде ұзақ уақыт бойы Польшаның тəуелсіздік алған кезінен бастап-ақ Германиямен жақындасып, Кеңес Одағына айрықша қарсы болғаны туралы тезис берік орныққан еді. Алайда Шығыс Еуропа елдерінде демократиялық қайта құрулардың басталуы мен Кеңес Одағының ыдырауы, мұрағаттардан тың деректердің табылуы, ғылымда көппікірліліктің қалыптаса бастауы Германия – КСРО – Польша «үшбұрышының» да кілтипанды қатынастарының сырын ашуға мүмкіндік берді. Тың деректер Польшаның бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде Ресей, Австрия жəне Германия арасындағы қатынастардың өзгерістерін тəуелсіздік алу үшін пайдалануға тырысқанын, ал соғыстан кейін кеңес-герман қатынастарының əртүрлі серпілістерін бір жарым ғасырға созылған күрестік нəтижесінде жеткен тəуелсіздігін нығайтуға пайдалануға тырысқанын көрсетеді. Егер кез келген халықтың азаттыққа, мемлекеттік тəуелсіздікке ұмтылуын заңды құбылыс ретінде қарайтын болсақ, онда Польшаның бұл əрекетін де ұлттық тəуелсіздік жолындағы қажетті əрекет ретінде бағалау қажет. Ұсынылып отырған мақала Германияның мұрағаттарынан алынған тың деректерге жəне шетелдерде жарық көрген құжаттарға негізделген.
Бірінші дүниежүзілік соғыс зорлықпен бөлініске түскен поляк халқының ауыр тағдырын барынша шиеленістірді: Австро-Венгрия империясы мен Германияның құзырындағы поляктар Үштік одақ жағында, ал Россия империясының құрамындағы поляктар Антанта одағы жағында бір-біріне қарсы соғысуа мəжбүр болды. Алайда бұл жағдай поляктардың негізгі мақсатынан – елінің тəуелсіздік алуы жолында күрес жүргізуден бас тартуына əкелген жоқ. Үштік одақ əскерлері қатарында соғысып, орыс əскерінің қолына түскен славян халықтары өкілдерін орыс үкіметі славяндық туысқандық иедясы негізінде Габсбургтер империясына қарсы пайдалануға тырысқаны белгілі. Осы мақсатпен чех, словак, серб тұтқындардан əскери бөлімдер құрылды, ал поляктардан əскер құруға əрекет жасалған жоқ. Өйткені ХІХ ғасырда Россия құрамындағы поляк жердерінде бірнеше рет ірі көтерілістердің болуы поляк халқының империяға қарсы күрестен қандай жағдайда да бас тартпайтынын көрсеткен еді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде поляк халқының ұзақ уақыт армандаған тəуелсіздік мəселесінің шешілуіне нақты мүмкіншілігі пайда болды. Жеңіліске ұшыраған орыс əскерлері шегінген соң, Россия құрамындағы поляк жерлері Германия мен Австрияның қоластында қалды. 1916 жылы Австрия мен Германия билеушілері Польша корольдығының құрылғандығын жариялады. Поляк саяси қайраткерлері 1916 жылы қарашада поляк əскерін құру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Россия əскері құрамында соғысқа қатысып, немістердің қолына тұтқынға түскен поляктарға жеткен бойда олар осы əскерге кіру үшін өздерін Польшаға қайтару туралы өтініш білдірді. Соғыс жағдайында неміс кəсіпорындарында кəсіпқой жұмыс қолы жетіспегендіктен Германия үкіметі бұл тілекті қанағаттандыруға асықпады. Германия Əскери министрлігі лагерь басшыларына Польшаның толық тəуелсіздік алуы Үштік одақтың жеңіске жетуіне байланысты екендігі, сондықтан тұтқын поляктар неміс əскерінің жеңіске жетуіне мүмкіндігінше өз үлесін қосып, жеңісті жақындатуға тырысуы қажет деген идеяны насихаттауға тапсырма берді [1].
Россиядағы ақпан революциясы нəтижесінде құрылған Уақытша үкімет 1917 жылы Россия құрамындағы поляк жерлеріне тəуелсіздік берілетінін жариялады. Алайда бұл жерлер іс жүзінде неміс əскерлерінің басып алған аймағында қалған еді. 1918 жылғы қаңтарда АҚШ президенті Вудро Вильсон конгреске жолдаған хатында: «Тəуелсіз Польша мемлекеті құрылуға тиісті, оған күмансыз поляк халқы тұратын территориялардың барлығы кіруі қажет, оған теңізге еркін жəне сенімді шығу жолы қамтамасыз етілуге тиісті, ал оның саяси жəне экономикалық тəуелсіздігіне, сондай-ақ территориялық тұтастығына халықаралық келісіммен кепілдік берілуі керек», – деп жазды («Вильсонның 14 пункті» деп аталған бұл құжат кейіннен Париж бітім конференциясының шешімдеріне негіз болды). Брест бітімі бойынша Кеңестік Россия батыстағы бірқатар иеліктерінен, соның ішінде Польшадан да бас тартуға мəжбүр болды. 1918 жылы 7-қарашада Польша тəуелсіз республика болып жарияланды. Париж бітім конференциясы ыдыраған Габсбургтер империясының иеліктерінде пайда болған жаңа мемлекеттерді мойындады. Конференцияда поляк мəселесін талқылау барысында поляк делегациясының Польшаға екінші жəне үшінші бөліністер кезінде Германия, Австро-Венгрия жəне Россия тартып алған жерлерді қайтару туралы талабы қанағаттандырылды.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін тəуелсіз Польша мемлекеті мен Германияның арасындағы қатынастар өте күрделі сипатта болды. Германияның билеуші топтары Польшаны Версаль шартына қатысушы ретінде қабылдады жəне Данциг дəлізінің Польшаға берілгенін ұнатпады. Сонымен қатар Германияның Польшаға қатысты саясаты тікелей герман-француз жəне герман-кеңес қатынастарының даму бағыттарына байланысты анықталды. Францияның Польшаны қолдау саясатына жауап ретінде Германия Кеңес Одағымен жақындасуға тырысты. Жалпы алғанда бұл кезеңде Польшаның Германиямен «жақындасуы» туралы айту негізсіз. Германия билеуші топтары Польшаны Антанта мемлекеттерінің саясаты нəтижесінде құрылған уақытша мемлекет деп санады жəне бұл шешімді ұнатпады [2]. Кеңес Одағының 1931 жылы Франциямен, 1932 жылы Польшамен өзара шабуыл жасамау туралы келісімдер жасауы қалыптасқан жағдайды өзгертті. Германия енді Польшаны Шығыс Еуропадағы халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде қабылдап, оный өз мақстаныа пайдалануға тырысты. Əрине, 30-жылдардағы герман-поляк қатынастарының сипаты мен даму нышандарын Польша емес, Германия анықтады.
Германияда нацистер өкімет басына келген соң Германияның сыртқы сяасаты Версаль шартын жоюға бағытталды. Германия Ұлттар Лигасынан шығуы оның Еуропада оқшауланып қалу қаупін туғызды. Сондықтан Германия Польшаға қатысты саясатын өзгертіп, оған «жылы шырай» білдіруге көшті. 1934 жылдың 26-қаңтарында Польша мен Германия арасында бір-біріне шабуыл жасамау туралы келісім жасалды. Əлбетте, Гитлер бұл келісімді уақытша қадам деп санады. Шынында да келесі кезеңдегі оқиғалар Германияның Польшаға деген «жылы шырайы» жалған екенін көрсетті.
1938 жылы күзде Германияның Сыртқы істер министрі Иоахим фон Риббентроп поляк үкіметінің өкілдерімен кездесуде еркін қала Гданьскіні (Данциг) Германияға беруді, Польша жері арқылы өтетін Берлин-Кенигсберг автокөлік жолын салуды ұсынды жəне Польшаны Антикоминтерндік пактіге қосылуға шақырды. Осы кездесулерді кеңес зерттеушілері Польшаның Германиямен жақындасуы деп есептейді. Ал шындыққа үңілсек, жағдай басқаша болатын. Поляктар Гитлердің бұл ұсынысын қабылдамаса, онда Германия бəрібір Данцигті басып алатынын жəне Кеңес Одағымен Польшаға қарсы одақ жасауы мүмкін екендігін түсінді. Польша басшыларының алдында таңдау тұрды: Гитлердің ұсынысын қабылдау немесе неміс əскерлерінің шабуылына ұшырау. Гитлер поляк жерінің көп бөлігі кезінде Ресейдің отары болғандығын білгендіктен Польша Кеңес Одағына қарсы одаққа келіседі деп ойлады. Алайда ол бір факторды ескерген жоқ: поляктар ғасырлар бойы күресіп жеңіп алған мемлекеттік тəуелсіздігін ешкімге өз еркімен бермеуге жəне оны ақырғы күші мен мүмкіндіктері қалғанша қорғауға бел байлаған болатын, сондықтан 1939 жылы Польшаның басшылары Германияға да, Кеңес Одағына да жақындаспауға тырысты. Поляк үкіметі бұл ұсыныстарды қабылдамау туралы шешім қабылдады. 1939 жылы 5-мамырда Польшаның Сыртқы істер министрі Юзеф Бек парламенттің (сейм) отырысында Германияның ұсыныстары туралы хабарлай келіп, Польша үкіметі бұл ұсыныстарды қабулдаудан мүлде бас тартатынын мəлімдеді. Поляктардың жауабына қатты наразы болған нацистік өкімет 1939 жылдың 28-наурызында Германия мен Польша арасындағы бірбіріне шабуыл жасамау туралы келісімнің күшін жойды. 31-наурызда Ұлыбритания поляк үкіметіне Польшаның тəуелсіздігіне кепілдік беретінін хабарлады. 3-сəуірде Гитлер Гданскіні (Данциг) басып алу жəне Польшамен соғысу мүмкіндіктерін жоспарлау туралы құпия тапсырма берді.
Англия мен Францияның Польшаға көмектесуге кепiлдiк беруi Германия Польшаға шабуыл жасаған жағдайда осы екi елмен де соғысуға тиiстi болатындығын көрсеттi. Сондықтан Германия алдағы уақытта екi майданда соғыс жүргiзу қаупiн болдырмау үшiн Кеңес Одағымен жақындасу керек деп шештi. 1939 жылдың 14-тамызында Германия Сыртқы iстер министрi И. фон Риббентроп Мəскеудегi елшi В. фон Шуленбургке жеделхат жiбердi. Онда елшiге Сыртқы iстер халық комиссары В.Молотовқа жолығып, Германияның Кеңес Одағына қатысты ешқандай басқыншылық ниетi жоқ екендiгiн жəне КСРО мен Германияның жақындасуына зор мүмкiншiлiктер бар екендiгiн хабарлауды тапсырды. «Империялық үкiмет Балтық теңiзi мен Қара теңiз аралығындағы кеңiстiкте екi елдi толық қанағаттандырарлықтай дəрежеде реттелмейтiн мəселе жоқ деп есептейдi. Бұған Балтық теңiзi жағалауындағы елдер, Польша, Оңтүстiк-Шығыс Еуропа жəне басқа жерлер туралы мəселелер жатады. Оның үстiне екi жақтың өзара саяси ынтымағы өте пайдалы болар едi», – деп жазды Риббентроп [3].
Хаттың соңында Сталинге Гитлердiң тiкелей сəлемiн жеткiзу үшiн Риббентроптың Мəскеуге келуiне рұқсат алу қажеттiлiгi айтылды. Шуленбург келесi күнi Молотовпен кездесiп, Риббентроптың сəлемiн хабарлады. Молотов кеңес үкiметi Германияның кеңес-герман қатынастарын жақсартуға ұмтылуын қолдайтынын айта келiп, мынадай сұрақтар қойды: Германия Кеңес Одағымен өзара шабуыл жасаспау туралы келiсiмге қол қоюға дайын ба, əбден шиеленiсiп, шекаралық қақтығысқа дейiн жетiп отырған кеңес-жапон қатынастарын реттеу үшiн Германия Жапонияға ықпал жасай ала ма, Прибалтика мемлекеттерiнiң қауiпсiздiгiне Германия мен Кеңес Одағының бiрлесіп кепiлдiк беруi туралы мəселеге немiс үкiметi қалай қарайды [4]. Бұл ұсыныстарды Шуленбург 16-тамызда Берлинге хабарлады. Германия бұл ұсыныстарды толық қабылдады. 18-тамызда Риббентроп Шуленбургке шабуыл жасаспау туралы келiсiмнiң немiстер жасаған жобасын хабарлады. Жоба екi баптан ғана құралған едi: 1-бап: «Германия мен КСРО қандай жағдай болса да бiр-бiрiне қарсы соғысқа кiрiспейдi жəне күш қолдануды көздеген шараларды қабылдамайды»; 2-бап: «Осы келiсiм қол қойылған бойда күшiне енедi жəне 25 жыл сақталады» [5]. Бұл жоба 19-тамызда Молотовқа жеткізілді. Сол күні елшiнiң қолына келiсiмнiң кеңес үкiметi жасаған жобасы тапсырылып, Риббентропты Мəскеуде 26-27-тамызда қабылдайтыны хабарланды. Кеңес Одағы ұсынған жобада 5 бап болды жəне аяғында «соңғы сөз» деген ескерту берiлiп, онда: «Осы келiсiм Келiсушi жақтардың сыртқы саясат саласындағы мүдделерi туралы ерекше хаттамаға бiр мезгiлде қол қойылғанда ғана күшiне енедi», – деп көрсетiлдi [6]. Демек келiсiмге қосымша құпия хаттамалар жасау туралы ұсыныс кеңес үкiметi тарапынан болған. Қосымша хаттама жасауға кеңес үкiметiнiң өте мүдделi болғанын Гитлердiң 20-тамызда Сталинге жiберген жеделхатының мазмұны да дəлелдейдi. Кеңес Одағында осы келiсiмшарт туралы алғашқы мақалалар жарық көре бастағанда, Гитлердiң аталған жеделхаты қысқартылып жарияланды, соның iшiнде қосымша хаттамалар туралы сөз қозғалған 4-пункті тұтастай, ал 2, 5, 6-пункттерінің бiр бөлiгi аударылған жоқ. Өйткенi бұл мəтiндер құпия хаттамалардың бар екендiгiн жəне олар Сталиннiң бастамасымен жасалғанын бiлдiрiп қоятын едi. 4-пункттің мазмұнына көз жіберейік: «Кеңес Одағының үкіметі қалап отырған қосымша хаттама жуық арада өзім оның мəнін түсінген соң, герман жауапты қызметкері Мəскеуде келіссөздер жүргізген жағдайда ғана жасалады. Олай болмаса, Империялық үкімет қосымша хаттама жасау мəселесі қысқа мерзімде қалай шешіліп, қалай жасалатынын айта алмайды» [7]. Гитлер Сталиннен Риббентропты Мəскеуде 22-тамызда немесе 23-тамыздан кеш қалмай қабылдауды өтінді (Нацистердің соншалықты асығуына себеп – бұл кезде Польшаға шабуылды 26-тамызда бастау туралы шешім бекітіліп қойылған еді).
21-тамызда Сталин Гитлердiң ұсынысымен келiскенiн бiлдiрiп, жеделхат жiбердi [8] . 1939 жылы 23-тамызда Сталин мен Молотов Москвада Риббентропты қабылдады. Кремльде кешке қарай басталған келiссөздерге И. Сталин, В. Молотов, Й. Риббентроп, В. Шуленбург жəне екі жақтың тілмаштары ғана қатысты. Келіссөздер нəтижесінде Молотов пен Риббентроп шабуыл жасаспау туралы келiсiмге жəне оның құпия хаттамаларына қол қойды. Келiсiмнiң негiзгi мəтiнi ашық түрде баспасөзде жарияланды. Ал құпия хаттамалар ұзақ уақыт жарыққа шығарылған жоқ. 1946 жылы Нюрнбергтегi Халықаралық сот процесінде Й. Риббентроптан жауап алу кезiнде құпия қосымша хаттамалар болғандығы бiрнеше рет аталды. 26-наурызда адвокат М.Хорн Риббентропқа: «Сіз Мəскеуге барған кезде қандай келіссөздер жүргіздіңіз?» – деген сұрақ қойды. Риббентроп неміс-орыс қатынастарына қатысты бірқатар құжаттарға, соның ішінде өзара шабуыл жасамау туралы келісімшарт пен оның қосымша хаттамаларына қол қойғанын айтты. 1-сəуірдегі Нюрнберг сотының алдында берген жауабында Риббентроп тағы да аталған келісімшарт пен оның қосымша хаттамаларының бар екенін мəлімдеді [9]. Алайда Кеңес Одағы батыстық одақтастарымен қатынастарының жақсы болғандығын пайдаланып, бұл мəселенi өршiтпей, басып тастады. Нюрнберг сотының бұл құжаттары орысша басылымына енгізілген жоқ.
Құпия хаттамалардың фотокөшiрмесiн алғаш рет 1948 жылы АҚШ Мемлекеттiк департаментi немiс жəне ағылшын тiлдерiнде басып шығарды [10]. Бұған жауап ретiнде шығарылған кеңес жарияланымында американ басылымын тарихи шындықты бұрмалады деп айыптады, бiрақ бұл кітапта құпия қосымша хаттамалар мүлде аталған жоқ [11]. Фотокөшірмелерді американдар қолдан жасаған жоқ еді. 1943-1944 жылдарға дейін бұл құжаттардың неміс жəне орыс тілдеріндегі түпнұсқалары
Берлинде Сыртқы істер министрлігінде сақталды. Одақтастар Берлинді бомбалауды күшейткен кезде Риббентроптың бұйрығымен аса маңызды құжаттардың фотокөшірмелері жасалды. 9725 құжаттың фотокөшірмесі соғыс жаңа аяқталған кезде Америка Құрама Штаттарында сақталып, 1959 жылы Германия Федеративтік Республикасына қайтарылды. Осы көшірмелердің ішінде «F 19» (Фильм 19) деген атпен жоғарыда аталған құпия қосымша хаттамалар сақталған [12]. Фотокөшірме құжаттардың барлығының дерлік түпнұсқалары Германия мұрағаттарында бар, тек қана 1939 жылғы екі кеңесгерман келісімі мен оларға қосымша құпия хаттамалардың түпнұсқасы жоқ болып кеткен. Бұл құжаттардың немiс тiлiндегi нұсқасы Германияда бiрнеше рет жарық көрдi [13]. Алайда Кеңес Одағы бұл басылымдардың түпнұсқадан алынбағандығын тiлге тиек қылып, құпия хаттамалардың болғанын мойындамай қойды. Құпия хаттамалардың екі тілдегі түпнұсқалары Ресей президентінің мұрағатынан табылып, 1992 жылы басылып шықты. 1989 жылы КСРО Халық депутаттарының съезiнде Эстонияның өкiлi профессор Э. Липмаа 1939 жылғы 23-тамыздағы келiсiмге саяси жəне құқықтық баға беру мəселесi бойынша комиссия құруды ұсынды. Комиссия жұмысының нəтижесiнде 1989 жылы 24желтоқсанда КСРО Халық депутаттары съезiнiң «1939 жылғы шабуыл жасаспау туралы кеңес-герман келiсiмiне саяси жəне құқықтық баға беру туралы» қаулысы шықты. Қаулыда келiсiмнiң құпия хаттамалары заңдылық тұрғысынан алғанда мүлде негiзсiз деп көрсетiлдi.
Көптеген зерттеулерде 1939 жылғы 23-тамыздағы кеңес-герман келісімі мемлекетаралық келісімшарттар жасау өлшемдеріне сəйкес келеді деген пікір орын алып жүр. Шындығында бұл келісімнің Кеңес Одағының 20-30-жылдарда басқа елдермен жасаған өзара шабуыл жасамау туралы келісімшарттарынан елеулі айырмашылығы бар. Кеңес Одағының 1926 жылдың 28-қыркүйегінде – Литвамен, 1932 жылдың 21-қаңтарында – Финляндиямен, 5-ақпанында – Латвиямен, 4-мамырында – Эстониямен, 25-шілдесінде – Польшамен, 29-қарашасында – Франциямен жасалған бір-біріне шабуыл жасамау туралы келісімдерінің барлығында келісуші екі жақтың біреуіне басқа мемлекет шабуыл жасай қалса, осы келісімдер дереу күшін жояды деген шарт бар. Демек, аталған келісімдер тек қана бейбіт жағдайда күшін сақтайды. Ал кеңес-герман келісімінде мұндай шарт жоқ, бұл келісім екі жақтың біреуіне басқа ел шабуыл жасаған жағдайда немесе осы екі жақтың біреуі басқа елге шабуыл жасаған жағдайда да өз күшін сақтайды. Сонымен қатар бұл келісімшарт Кеңес Одағының Польшамен жəне Балтық елдерімен жасаған өзара шабуыл жасамау туралы келісімдерінің күшін жойды [14]. Келісімнің 4-бабы бойынша, КСРО мен Германия «келісуші жақтардың бір де біреуі мемлекеттердің тікелей немесе жанама түрде екінші жаққа қарсы бағытталған қандай да болмасын тобына қатыспайтын болады» деген міндеттеме алды. Бұл бап 1935 жылы жасалған өзара көмектесу туралы кеңес-француз келiсiмiнiң күшiн жойып жiбердi. Келiсiм Германия Еуропаның қандай мемлекетiмен соғысса да, КСРО тарабынан наразылық болмайтынын негiздеп, Гитлердiң басқыншылық саясатын емiн-еркiн жүргiзуiне жол ашып бердi.
1939 жылдың 23-тамызындағы кеңес-герман келісімінің қосымша құпия хаттамаларының мазмұны бұл келісімшартты КСРО мен нацистік Германияның Польша мен Балтық елдеріне қарсы басқыншылық одағы ретінде қарауға болатынын дəлелдейді. Келiсiмнiң құпия хаттамасында Германия мен Кеңес Одағының Шығыс Еуропаны ықпал аймағына бөлiсуi туралы мəселе қаралды. Финляндия, Эстония, Латвия, Бессарабия жəне Польшаның Нарев, Висла, Сан өзендерiнен шығысқа қарай жатқан жерлерi Кеңес Одағының ықпал аймағына берiлдi. Əлбетте, Шығыс Еуропаны осындай түрде ықпал аймағына бөлiсу мəселесi бiрден шешiле қалған жоқ. Сталин келiссөздер кезiнде Германияның қолына берiлетiн жерлер iшiнде аталған Лиепая (немістер «Либау» деп атаған) жəне Вентспилс (Виндау) порттары мен Бессарабия Кеңес Одағының ықпал аймағына берiлуiн талап еттi. Риббентроп Берлинге телефонмен мынадай жедел хабар жіберді: «Фюрердің өзіне ғана дереу хабарлаңыз. Сталинмен жəне Молотовпен келіссөздер жүріп жатыр. Келіссөздер барысында барлық мəселе ынтымақшылдықпен шешілуде, тек қана орыстар үшін аса бір маңызды мəселе Либау мен Видауды олардың ықпал аймағына енгізілетіні біздің мойындауымызды талап етіп отыр» [15]. Берлинде хабар күтіп отырған Гитлер Сталиннiң талаптарына дереу келiсу туралы нұсқау берді.
Құпия хаттамалардың мəтінін талқылаған кезде Польша мəселесіне байланысты Сталин аса бір қатаң саясат ұстайтынын көрсетті. Германия Гданск (Данциг) дəлiзiн алған соң, Польшаның Кеңес Одағы алған шығыс бөлiгiнен басқа жерiнде Польша мемлекетiн сақтауды жобалаған едi. Алайда Кеңес Одағы Польша мемлекетінің сақталуын мүлде қаламады. Сондықтан құпия хаттаманың 2бабында: «Тəуелсiз Польша мемлекетiн сақтау екi жақты мүдделерге қажеттi ме жəне бұл мемлекеттiң шекаралары қандай болады деген мəселе алдағы уақыттағы саяси даму барысында түпкiлiктi анықталатын болады», – деп көрсетiлдi. Демек, Польшаны мемлекеттiк тəуелсiздiгiнен айыру туралы ұсыныс та Кеңес Одағы тарапынан болған. Осы келiсiмнен кейiн КСРО мен Германияның жақындасуы жылдам күшейдi.
1939 жылы нацистік Германия Польшаға Гданск (Данциг) дəлізін беруді талап етіп, қоқанлоққы жасай бастады. Англия Польшаның 1919 жылғы Париж бітім конференциясында белгіленген шекараларын өзгертуге келіспейтіндігін білдірді. Сəуір айында жасалған өзара көмектесу туралы ағылшын-поляк келісімін 1939 жылы 25-тамызда ағылшын парламенті бекітті. Нацистік Германия енді көздеген жерін дипломатиялық жолмен ала алмайтынын түсінді.
Осыдан кейін тамыздың соңғы аптасында нацистер Польшаға қарсы бірқатар арандату əрекеттерін жасады. 25-26-тамызда неміс офицері бастаған бір топ қарулы адам Цешиндік Силезиядағы Мосты станциясына шабуыл жасады. Поляк əскерлері бұл шабуылды қайтарып тастады. Осылайша
Германияның соғыс ашу үшін қандай да бір сылтау іздейтіні белгілі болды. Сондықтан Польшаның əскери басшылары 31-тамызда мобилизация жариялады. 31-тамызда СС офицері А.Х. Науйокс неміс түрмелерінде отырған қылмыскерлер тобын Силезияға жеткізуге тапсырма алды. Мұнда оларға поляк əскери киімін кигізіп, Гляйвице (Гливице) радиостанциясына əкелді, радиодан пистолеттердің атысының дыбысы берілді, одан кейін «шабуылшылар тобын» СС бөлімдері жаппай қырып тастады. Осылайша «поляк əскерлері шабуылының» жалған көрінісі жасалды. Үшінші Рейхтің барлық радиолары поляктар түн қараңғылығын жамылып, Гляйвицтегі радиостанцияға шабуыл жасады деп жар салды. Соғыс аяқталғаннан кейін Нюрнберг сот процесінде АҚШ-тың өкілі куəгер А.Х. Науйокстің қолы қойылған жазбаша куəлікті оқып беріп, айыптау құжаттарына қосуды өтінді. Бұл куəлікте осы жерде сипатталып отырған Гляйвиц оқиғасы суреттелген еді. 1939 жылы 1-қыркүйекте Германия Польшаға соғыс жарияламастан шабуыл жасады. Нацистік Германияның 2800 танк, 2100 ұшақпен қаруланған 1,85 миллион адамдық əскеріне поляктар 880 танк, 400-ге жуық ұшақпен жабдықталған 1 миллиондық əскерді қарсы қойды, əрине, күш тең емес еді. 3-қыркүйекте Ұлыбритания мен Франция Польшамен одақтастық мiндеттерiн орындау мақсатымен Германияға соғыс жариялады. Осылайша екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды. Неміс ұшақтары Польшаның қалалары мен ауылдарын, темір жолдарды, станцияларды бомбалап, бейбіт халық мен босқындарды қырып жатты. Ұлыбритания мен Франция соғыс жариялаумен ғана тынып, белсенді соғыс қимылдарын жүргізген жоқ. Екі елдің бұл əрекеті екінші дүниежүзілік соғыс тарихында «оғаш соғыс» деген атауға ие болды.
8-қыркүйекте немістер Варшаваға келіп жетіп, поляктармен арадағы қырғын шайқастардан кейін келесі күні Варшаваны қоршап алды. 1939 жылы 9-қыркүйекте Молотов Германияның елшiсi Шуленбургке телефон соғып: «Герман əскерлерiнiң Варшаваға кiргенi туралы хабарыңызды алдым. Герман империясының үкiметiне менiң құттықтауымды жəне сəлемiмдi жеткiзiңiз», – дедi [16]. Польшамен соғыс басталған бойда Германия Кеңес үкiметiнен Польшаға қарсы соғысқа кiрiсудi талап етті. Алайда Кеңес Одағы Польшаның жеңiлiске ұшырауын күтiп, соғысқа жылдам кiрiсе қоймады. Егер Польша жеңiлсе, онда кеңес əскерлерiн Польшаның шығысына енгiзудiң сылтауын табу оңай болар едi. Шуленбург 14-қыркүйекте Германия Сыртқы iстер министрлiгiне салған жеделхатында Польшаға кеңес əскерлерiнiң енгiзiлуiн саяси жағынан негiздеу «Польшаның күйреуі жəне орыс тектестердi қорғау» мiндетi болуға тиiстi, сондықтан Молотов немiс əскерлерi Варшаваны қашан басып алатынын хабарлауды өтiнедi деп жазды [17]. 17-қыркүйекте кеңес əскерлерiнің 4 мың танк, 5,5 мың зеңбірек, 2 мың ұшақпен жабдықталған 600 мыңдық тобы Польшаның шығыс аудандарына басып кiрдi. Молотов сол күнi радиодан берiлген сөзiнде бұл əрекет Батыс Украина мен Батыс Белоруссияның халқын қорғау мақсатын көздейдi деп мəлiмдедi. Ал шындығында Кеңес Одағының бұл əрекетi халықаралық құқық пен келiсiмдердi (1921 жылғы Рига келiсiмi; 1932 жылғы бір-біріне шабуыл жасамау туралы кеңес-поляк келiсiмi; Ұлттар лигасының жарғысы; 1928 жылғы Бриан-Келлог келiсiмi; 1933 жылғы «Басқыншыны анықтау» туралы конвенция) өрескел түрде бұзу болатын. Кеңес əскерлерiнiң украин жəне белорус халықтарын қорғау үшiн келмегенi аталған халықтарды топтобымен туған жерiнен алысқа (Қазақстанға, Орта Азияға, Сібірге) көшiрiп жiберуiнен көрiндi. Кеңес əскерлерiнiң Польшаға басып кiруi, шын мəнiнде, 1939 жылдың 23-тамызындағы кеңес-герман келiсiмiнiң құпия хаттамасында көрсетiлген Шығыс Еуропаны ықпал аймағына бөлiсудi iске асырудың бастамасы болатын. Бұл бастама немiс жəне кеңес əскерлерiнiң Польшаның жеңiлуiн бiрлесе тойлаған салтанатты шеруiне жалғасты. Польша əкери-экономикалық қуаты жағынан өзінен əлдеқайда басым екі мемлекеттке – Германия мен Кеңес Одағына қарсы ұзақ соғыс жүргізе алмайтын еді. Алайда 15қыркүйектегі немістердің Варшаваны алдық деген хабары жалған болатын, Варшава одан кейін де екі апта берілмей соғысты. Польшаның жеңілгендігі туралы шартқа 4-қазанда қол қойылды.
Польшаны бiрлесе отырып басып алған соң Германия мен Кеңес Одағы ортақ шекара шегiн белгiлеуге тиiстi болды. Германия Польша мемлекетiн сақтау жобасынан бас тартты. 1939 жылы 28қыркүйекте «Достық жəне шекаралар туралы» кеңес-герман келiсiмi жасалды. Бұл келiсiмде Польша мемлекетi ыдырады, сондықтан осы жердегi бейбiтшiлiк пен тəртiптi қалпына келтiрудi Кеңес Одағы мен Германия өз мойындарына алады деп көрсетiлдi. Келiсiмге қосымша берiлген картада Висла, Сан, Нарев өзендерiмен өтетiн сызық кеңес-герман шекарасы болып белгiлендi.
Нацистік гестапо мен кеңестік қауіпсіздік органдары Польшаның басып алынған жерлерінде ойран салды. Кеңес əскерлерi 180-250 мың шамасындағы поляк жауынгерлерi мен офицерлерін тұтқындады. БК(б)П Орталық комитетінің 1940 жылғы 5-наурыздағы шешімі бойынша 21 857 поляк түгелдей өлтiрiлдi. Гданск (Данциг) дəлізі Германияға қосылды да, ол жерлерде жергілікті тұрғындарды немістендіру саясаты жүргізілді. Польшаның орталығы Варшавамен қоса Империяның (Үшінші Рейх) құрамындағы Генерал-губернаторлық деп саналды. Бұл жерге Гиммлер келіп кеткен соң, нəсілдік тазалау əрекеті басталды. Освенцим (Аушвиц) мен Майданекте концлагерьлер құрылды. 15000 поляк зиялылары, саясаткерлері, мемлекет қайраткерлері жəне священнниктері тұтқындалып, лагерьлерге жіберілді, олардың басым бөлігі қаза тапты. 1939 жылдың аяғында Польшадағы барлық еврейлерді геттоларға қамады да, қоршаған ортасынан мүлде оқшауландырып тастады. 1943 жылы Варшаваның геттосындағы еврейлерді ажал лагеріне айдау басталған кезде гетто тұрғындары көтеріліс жасап, жалғыз өздері басқыншылармен бір ай бойы шайқасты. Ақыры басқыншылар геттоны талқандап, еврейлерді Треблинка лагеріне айдап апарып, қырғынға ұшыратты. Осылайша Германия мен Кеңес Одағы Польша егеменді мемлекетін жойып, оның жерін бөлісіп алды. Польшаның 389 мың шаршы километр жерінің 201 мыңы Кеңес Одағына, қалған жері (Польшаның оңтүстігіндегі Словакияға берілген аз ғана жерді қоспағанда) Германияға берілді. Сталин мен Гитлер Поляк мемлекеті жойылды деп санады. Алайда Парижге кеткен поляк үкіметі қызметін жалғастыра берді.
1939 жылдың 30-қыркүйегінде Парижде Владыслав Рачкевич Польшаның президенті, Владыслав Сикорски премьер-министрі қызметтеріне кірісті. Олар Ұлыбританиямен екі елдің соғыс-теңіз күштерінің бірлесіп əрекет жасауы туралы келісімге қол қойды. Франциямен осы жерде Поляк əскерін құру туралы келісім жасалды. Поляк халқы басқыншыларға қарсы күресін тоқтатқан жоқ, эмиграцияға кеткен поляк үкіметінің шешімімен құрылған Армия Крайова нацистер басып алған Еуропадағы Қарсыласу қозғалысының ең қуатты бөлімдерінің бірі болды. __________________________
1. Bundesarchiv (Berlin), R 1501/112388, Bl. 254-255.
2. Hildebrand К. Das vergangene Reich. Deutsche Außenpolitik von Bismark bis Hitler, 1871-1945. – Stuttgart, 1996. – S. 460.
3. August 1939. Der Hitler-Stalin-Pakt. Dokumentation. Hrsg. G. Hass. – Berlin: Dietz Verlag, 1990.
– S. 155-157.
4. Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 29722, Bd. 11, Bl. 23935-23941.
5. Ibid., Bl.23949-23951.
6. Ibid., Bl.23965-23966.
7. Akten zur deutschen auswärtigen Politik. 1918-1945. Serie D. Bd.VII. – Baden-Baden, Frankfurt a/M: P.Keppler Verlag KG, 1961. – S.131.
8. Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 29722, Bd. 11, Bl. 23985.
9. Der Prozess gegen die Hauptkriegsverbrecher von dem Internationalen Militärgerichtshof in Nürnberg vom 14. November 1945 bis 1.Oktober 1946. Bd.X. – Nürnberg: Sekretariat d. Internat. Gerichtshofs, 1947. – S.276-279; 302-305.
10. Das nationalsozialistische Deutschland und die Sowjetunion. 1939-1941. Akten aus dem Archiv des Deutschen Auswärtigen Amts.– Washington: Department of State, 1948; Nazi-Soviet Relations. 19391941. Dokuments from the Archives of the German Foreign Office. – Washington: Department of State, 1948.
11. Bonwetsch B., Junge M. Die Vertuschung der deutsch-sowjetischen Geheimabkommen von 1939 – eine unendliche Geschichte // Osteuropa. – 1993. – H.2. – S.132-134.
12. August 1939. Der Hitler-Stalin-Pakt…, S.13.
13. Akten zur deutschen…, S.206-20
14. Gornig G.-H. Der Hitler-Stalin-Pakt: eine völkerrechtliche Studie. – Frankfurt a/M; Bern; New York; Paris: Lang, 1990. – S.79-80.
15. Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 29722, Bd. 11, Bl.24017.
16. Sowjetstern und Hakenkreuz. 1939-1941. Dokumente zu den deutschen-sowjetischen Beziehungen.
Hrsg. K. Pätzold. – Berlin: Akad.-Verlag, 1990. – S.249.
17. Ibid., S.250.

Резюме
Статья посвящена исследованию одной из сложных периодов развития германо-польских отношений. Позиция автора во многом отличается от устоявшихся в советской и постсоветской научной литературе мнений о германо-польских отношениях в 1918-1939 гг.

Summary
The article is devoted to a research of difficult periods in a german-polish relations development. The position of the author differs from opinions which are settled in Soviet and post-Soviet scientific literature on german-polish relations in 1918-1939.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *