АСАН ҚАЙҒЫНЫҢ ЖЕР ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ
(ЕКІНШІ НҰСҚА)
Асан қайғы желмая мініп, желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүргендегі жерге айтқан сындары.
Ұзын Ертісті көргенде:
– Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас, сиырдың мүйізі, кеуірдің құлағы шығып тұрған жер екен. Күнінде баласы кеуірден жылайды-ау!- депті.
Шыңғыс тауын, Семей тауларын көргенде:
– Мына шіркіннің топырағы құтырған екен.Оған шыққан шөп құтырады, оны жеп семірген мал құтырады,оның етін жеп, сүтін ішкен адам құтырады. Қан үзілмейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатұғын жер екен!- депті.
Түндік өзенін көргенде:
– Он екі қазылық ой, Түндік; маңырап жатқан қой, Түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен!- деп, тастап кетуге қимай, үш қараған екен. Сонан «Үшқара» атанған.
Қызылтау деген жерге келгенде:
– Тауы-тасы кеш болғанда, қой болып, ыңыранып жатады екен, тоқтысы қысыр қалмайтұғын жер екен! — депті.
Баянаула тауын көргенде:
– Ат ерін алуға жарамайтұғын жер екен, шіркінді жұрт қалай қоныс қылып отырған? Бір көрген кісі: «Кәпір-ай, сені желкемнің шұқыры көрсін!»- дейді екен.Бауырында бір қара тиген тұзы бар екен, тұзы ауыр екен. Бір күн түнеп кетемін деген бір жұма тоқтап қалады екен, тұзы жібермейді екен!
Ащы бойына келгенде, артына қарап:
– А, Баянаула, сенің қоныс болып тұрғаның мынау Ащының арқасы екен! Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен,күзге таман бір жұма ащылайды екен, сонысы бір жылға татиды екен. Олай болмағанда, Баянаула қоныс болуға жарамайтұғын жер екен дейді,- депті.
Бөкенбай деген төбені көргенде:
– Ана Баянаула тауынан мына Бөкенбайдың қырық кез биіктігі бар екен! — депті. Осы күні жұрт Бөкенбайдың басына аң қуалап, атпен шығып жүреді. «Аспанмен тілдескен Баянауладан қалай биік болады?»- деп, таңданып, жер өлшеп жүрген землемерлерден сұрағанда:
– Рас айтқан екен! — десті.
Шідерті деген өзенді көргенде:
– Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай арықтатып мінген ат бір айда майға бітетін жер екен! — деп. — Бос жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтұғын жылқының қонысы екен!- депті.
Өлеңті өзенін көргенде, тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен.
– Неге үндемейсіз? — дегенде, аз тұрып:
– Мына шіркіннің шөбі көп, қоныс қылған елдің уайымы жоқ. Малы семіз, тайыншасы қысыр қалмайтұғын, ақ айраны ерте шығып, туған бала кеутамақ болып, тамақтан басқаны ойламайтұғын, тоқты-торым ұрлығы үзілмейтұғын, өтірік-өсегі көп болатұғын жер екен! Өлеңтінің суы — май, Шідертінің шөбі — май!- де[пті].
Ереймен тауын көргенде:
– Желдің жеті есігі бар екен. Қыс болса, жылқы тұрмас, жылқы тұрса, ішінде құлын тұрмас. Ораздының жайлауы, Шиырлының қыстауы екен. Екі жағындағы ел бай болар да, тап ортасында — мұны қоныс қылған ел кедей болар. Бітісі жаман екен. Бірімен-бірі едірейісіп-төбелесетұғын кісідей едіреюін, панасы жоқ, дала сықылды тау екен! — депті.
Сілетіден өтіп, Жалаңаштың тұзына барғанда:
– Аттың төбеліндей, Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? — деген екен. — Айналаң аз, онан басқа табылмайтұғын жер екенсің дейді, — депті.
Есіл деген өзенді көргенде:
– Жары менен суының, жарлысы мен байы тең болатұғын жер екен,- депті.
Нұраның бойын көргенде:
– Алты күнде ат семіртіп мінетұғын жер екен,- депті.
Қарақұйын, Қашырлыны көргенде:
– Жылқының жалы менен құйрығы төгіліп тұрған жер екен. Бауырында бір жұтқыш айдаһары бар екен! Онан басқа жылқы үзілмейтұғын жер екен!- депті. — Бір зор теңізі бар: боран болса, оған киліккен жылқы қайда кеткенін жан білмейді.
Торғай өзенін:
– Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен!- депті.
Терісаққан деген өзенді көргенде:
– Сарыарқаның тұздығы екен!- депті.
Жетіқоңырды көргенде:
– Сарыарқаның мәуіті екен!- депті.
Шу деген өзенді көргенде:
– Мына шіркіннің екі жағы бор бас екен, өне бойы нар қамыс екен, іші толған жолбарыс екен. Баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы суырылмайтұғын, еркегі ат болатұғын, ұрғашысы жат болатұғын жер екен! — депті.
Қаратауды көргенде:
– Көкектен басқа кұсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырмасында қартаятұғын жер азғыны да мұнда екен. Ел азғыны да мұнда екен!- деген.
Шымкент,Сайрамды көргенде:
– Екі басса, бір базар: малында береке болмайтұғын; екі басса, бір мазар: басында береке болмайтұғын, «Базары жақын байымас, мазары жақын көбеймес!»- деген екен.
Ұзын аққан Сыр бойын көргенде:
– Басы байпақ, аяғы қайқақ: екі-ақ ауылға қоныс екен, он бойы кедейлікке біткен жер екен! Қаратауды жайласа, Сырдың бойын қыстаса, қоныс болуға сонда дұрыс екен!- депті.
Сулы Келес, Құры Келесті көргенде:
– Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін! Сиыр тұқымы үзілмейтұғын жер екен,- депті.
Одан әрі Жиделібайсынға шейін жүре берген екен деседі. «Сарыарқаны орыс алады, күндердің күнінде молам орыстың атының аяғының астында қалады! — деп, орыс бармайтұғын жерге барамын», — деп, қойға қошқар қоймай, жылқыға айғыр салмай түйеге бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жыл ту қылып алып, ауған екен.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы