ƏЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-нің ПАЛЕОЛИТ МУЗЕЙІНЕ — 10 жыл
Ж.Қ.Таймағамбетов –
т.ғ.д., əл-Фараби атындағы ҚазҰУ деканы, профессор К.М.Рүстем — палеолит музейінің меңгерушісі
2000 жылы əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарихындағы тарихи оқиғалардың бірі, университет жанынан спецификалық жағынан алғанда Сорбон мен Кембридж университтерінен кейін əлемде үшінші орында, ал ТМД елдеріндері бойынша алғашқы – тас дəуірінің (палеолит) мұражайының ашылуы еді. Музейдің ашылуына жоспарлы түрде Қазақстан территориясында жүргізілген археологиялық экспедиция жұмыстары нəтижесінде табылған палеолит, мезолит, неолит дəуірінен мəлімет беретін артефактілердің көптеп табылуы негіз болған.
Музей қорында, яғни тас өңдеу зертханасында Қазақстан территориясынан табылған тас дəуірінен мағұлмат беретін 500 000-ға жуық артефактілер жинақталған. Бұл тас құралдар Қазақстан территориясында əр жылдарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Қазақстаннан шыққан жетекші маман археологтар — Х.А. Алпысбаев, А.Г. Медоев, Ж.Қ. Таймағамбетов, Б.Ж. Əубекеров, О.А.Артюхова мен 1992 жылдан бері он жылға жуық Қазақстан территориясында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген біріккен, кешенді Қазақстан — Ресей (РҒА СБ археология жəне этнология институты) археологиялық экспедициясы жұмыстарының жемісі болып табылады.
Музейдің ашылу салтанатында университет басшылығымен қатар, Қазақстанға белгілі ғалымдар: ҚР ҒА корреспондент мүшелері К.М. Байпақов, О.И. Исмагулов, К.Н. Нұрпейісов, палеонтолог Б.С.Қожамқұлова жəне мəдениет, ақпарат жəне қоғамдық келісім Министрлігінің қызметкерлері, «Атамұра» корпорациясы өкілдері мен т.б. ғалымдар қатысып, өздерінің лебіздерін білдіріп, музейдің пікір кітабында өз қолтаңбаларын қалдырған. Енді осы ғалымдардың пікірлерінен үзінді бере кетсек:
К.Н. Нəрібаев ҚР ҰҒА академигі — «Бұл музей барлығы ойлағандай экспонат көретін ғана музей емес, бірінші орында бұл – оқу қызметін атқарады. Себебі, тарихты тек кітаптан ғана оқымай, сонымен бірге көзбен де көру керек. Бəріміз білетініміздей тарихта саясат көп. Бұрын барлығын орталықпен келісу керек болса, қазіргі таңда біз өз тарихымызды археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу арқылы зерттей аламыз. Менің ойымша, палеолит музейі тек қана оқу процесінде ғана қолданылмай, болашақта жастарымызды адамгершілігі мол, өнегелі, патриоттыққа тəрбиелейтін ғылыми орталық болады деген ойдамын…»
Б. Алтаев ҚР мəдениет, ақпарат жəне қоғамдық келісім Министрлігі мəдениет Комитеті төрағасының орынбасары — «…Мұндай тамаша музейдің мəдениетті қолдау жылында ҚазҰУ жанынан ашылуынын өзі аса маңызды. Ендігі жерде студенттер археологиялық эскпедицияларға бармай-ақ профессор Ж.Қ. Таймағамбетов ашқан 500 мыңнан астам тас құралдар жиналған лабораторияда жұмыс жасауларына болады….». Сондай-ақ елдің мəдениетіне қосқан ерен еңбегін ескере отырып, т.ғ.д., профессор Ж.Қ. Таймағамбетовті мəдениет Комитетінің төрағасы Д. Қасеиновтың атынан «ТМД территориясындағы жалғыз музейді ұйымдастырып, құрғаны үшін» Құрмет Грамотасымен марапаттады.
К.М. Байпаков ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, археолог — «….Алматы – мəдениет орталығы болған жəне бола да береді. Оған бүгін ашылып отырған Қазақстан палеолит музейі куə. Бұл музей өзінің спецификасы жағынан тек тасқа арналып, республика территориясының барлық аймағын қамтиды. ТМД шеңберінде жоқ мұндай музейдің əл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан ашылуының өзі ерекше. Себебі, енді студенттер тас дəуірінің тұрмыс құралдарын «тірідей» көріп, ұстап көру мүмкіндігіне ие болды… Музейдің көркеюіне тілектеспін…»
К.Н. Нұрпейісов ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарихшы — «…Біз Жəкен Таймағамбетовтың жəне ол бірлесіп жұмыс жасаған Қазақстан мен Ресей геолог, зоологтарының көптеген айлар бойы жүргізген археологиялық экспедициялары жұмысының қорытындысын көріп отырмыз. Бүгінгі күні сол жұмыстарының «жемісі» тас дəуірі музейінде қойылған. Бұл жердегі экспонаттар – Қазақстанның барлық аймақтарынан табылған алғашқы адамдардың материалдық мəдениетінің ізі болып табылады. Бұл ел тарихының мыңдаған жылды қамтитынын көрсетеді… ал бұл өте маңызды… Мұндай музейдің ашылғанын қолдап, авторға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз».
О.И. Исмагулов ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, антрополог — «…Аз ғана уақыттың ішінде біз Қазақстанның мыңжылдық тарихымен таныстық. Мұндай музейді ашуды біз де, тіптен Қазақстанның тас ғасырын ашқан Х. Алпысбаев та арманадаған болатын. Осы арманның орындалуына университет басшылығы мен археолог Ж. Таймағамбетовтың қосқан үлесі зор. Ендігі уақытта бұл музей жөнінде ғалымдар мен көпшілік қауым таныс болуы үшін Қазақстанның тас дəуіріне байланысты Еуропа мен Азиядағы ғалымдарды шақыра отырып Халықаралық конференция ұйымдастыруды ұсынамын…».
А. Үмбетов ф.-м.ғ.к., химик — «…Енді студенттер Қазақстанның ежелгі мəдениетімен көрнекі құралдар арқылы танысу мүмкіндігіне ие болды. Осындай сирек кездесетін музейдің КазҰУ-де ашылғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта палеолит музейі «тың ойлардың орталығы» болады деген сенімдеміз…».
Б.С.Қожамқұлова б.ғ.к., палеонтолог — «..Университетте ашылған алғашқы палеозоологиялық музейді В. Бажановтың мектебі негізін салған еді. Уақыттың қиындығына қарамай осы істі Ж. Таймағамбетовтың жалғастырғаны оң іс болды. Сондай-ақ, бұл іске экономикалық қиындықтарға қарамай университет басшылығының қолдау көрсеткені үшін үлкен алғысымызды білдіреміз…».
М.Қ.Қойгелдиев т.ғ.д., профессор, тарихшы — «…Қаржылай қолдау көрсетіп қолдау көрсеткені үшін университе басшылығына үлкен алғыс білдіреміз. Музей бірінші орында студенттереге керек. Елдің əр аудандарынан қойылған экспонаттарды көре отырып, олардың санасында бұл олардың тарихы, тамыры, жері, мəдениеті екеніне көз жеткізе отырып, олардың басқа елден əкелінбегенін, керісінше, ол заттардың Қазақстан територриясында, яғни Отандарында қалыптасқынан көз жеткізе алады».
Музей құрылымын жасау барысында қазақстандық жəне ресейлік археолог мамандар өздерінің жүргізген қазба жұмыстарын ғылыми негіздеу барысында адамның пайда болуын (шығу тегін) Чарльз Дарвиннің эволюциялық теориясына сүйенеді. Сол себепті де музейдің бірінші бөлімі Ч. Дарвиннің теориясы негізінде адамдардың даму эволюциясының кезеңдері жөнінде мағұлмат бере отырып, сол кезеңде өмір сүрген гоминидтердің муляждары мен алғашқы уақыттағы жабайы тұрмыстары бейнелеген. Төменгі палеолит деп аталатын екінші бөлімде, Қазақстан территориясындағы ең ертедегі палеолиттік тұрақтар – Қызылтау, Шақпақ ата, Семізбұғы, Бөріқазған, Тəңірқазған, Шоқтас, Қосқорған тұрақтарының жалпы көріністерінің суреттері беріліп, табылған заттай материалдар көрмеге қойылған. Ежелгі тас дəуірінен ақпарат беретін материалдарға сүйене отырып, 1 млн. жыл бұрын Қазақстан территориясын алғашқы адамдар қоныстанған деп айта аламыз. Фотосуреттерден шикізат материалдары шыққан жерлер мен тұрақ-шеберханалардың орналасуының геоморфологиялық жағдайы берілген. Сондай-ақ, артефактілерді анықтау мен «жердің беткі қабатындағы мəдениет» ескерткіштерін зерттеу əдісі көрсетілген. Осы бөлімде қойылған Қосқорған тұрағынан табылған алып аңдардың (мүйізтұмсық, бизон, ежелгі түйе) тіс сүйектерін сараптау нəтижесінде алынған нақты мерзімі, яғни 510 мың жыл бұрын əлемдік фаунаның қалыптасуында Қазақстан территориясы да қатысқан деген тұжырым жасауға болады.
Ал мустье кезеңі немесе орта палеолит деп аталатын үшінші бөлімде Хантау, Семізбұғы,
Өгізтау тұрақтарымен қатар ерекше тоқталуды қажет ететін тұрақтың бірі — Ш. Уəлиханов атындағы стратиграфиялық, яғни көп қабатты (6 мəдени қабаттан тұрады) тұрағы жөнінде мағұлмат алуға болады. Ш. Уəлиханов атындағы тұрақ өзінің уникалдылығымен халықаралық ғылыми көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр. 2010 жылдың қазан айында Ш. Уəлиханов атындағы тұрақтан табылған артефактілерімен Жапонияның жетекші маман археологтары жұмыс жасады. Кейінгі палеолит деп аталатын төртінші бөлімнен — Шүлбі, Құдайкөл, Семізбұғы тұрақтарынан табылған тұрмыс құралдары мен нуклеусті өңдеу технологиясын көруге болады. Бұл бөлімде ғалымдардың қызығушылығын тудырған стратиграфиялық Шүлбі тұрағы жөніндегі мəліметтер кеңінен берілген. Бұл тұрақтан тас құралдармен қатар үйдің орнының ізі бар екі ошақ табылып, археологтар соған сай алғашқы адамдардың тұрағының макетін жасаған. Мезолит, неолит, энеолит кезеңдерінен мəлімет беретін бесінші бөлімде — тастан, қыштан, сүйектен жасалған тұрмыс заттары мен əшекей бұйымдар қойылған. Бұл бөлімде Қазақстанның батыс аудандарынан табылған қырғыштар, пышақ жүзі іспеттес пластиналар, жебе ұштары қойылған. Бөлімдегі тағы бір ерекшелік – мұнда неолит уақытынан мəлімет беретін заттай ескерткіштер мен сүйектен жасалған геометриялық орнаментті сырға мен алқа, Қараүңгір тұрағынан табылған материалдар.
Қазақстанның тас дəуірін зерттеуге үлес қосқан ғалымдар деп аталатын алтыншы бөлімде, Қазақстан территориясында тас дəуірін зерттеудің негізін қалаған танымал мамандар – Х.А. Алпысбаев пен А.Г.Медоевтың жəне олардың ісін жалғастырып, палеолит музейін ұйымдастырған Ж.Қ.Таймағамбетовтің, сондай-ақ Қазақстан территориясында тас дəуірін зерттеу экспедицияларын жүргізген А. Х. Марғұлан атындағы археология институты мен РҒА СБ археология жəне этнография институтының қызметкерлерінің жариялаған еңбектері жəне олардың тізімі мен ғалымдардың фото суреттері берілген. Сондай-ақ ежелгі палеолитті зерттеп, музейдің ашылуына, археологиялық экспедициялардың жүргізілуіне демеу жасаған Жапония профессоры Акира Сэкияның фото суреті қойылған.
Қазақстан палеолит музейі бүгінгі таңда əр дəуірден мəлімет беретін тас құралдарды көрсетумен ғана шектелмейді. Палеолит музейінің ғылыми-зерттеу жұмысы төмендегі бағыттар бойынша жүргізіледі:
— археология ғылымының тарихын музейлеу əдісінің жобасын жасау. Музей құралдары арқылы алғашқы қоғам археологиясы мен қазіргі ғылымның жетістіктерін бейнелеу;
— «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру;
— археологиялық музейлер туралы мəліметтер негізін қалыптастыра отырып, олардың ғылымның дамуындағы үлесін айқындау;
— Қазақстан археологиясын жəне оның қазіргі кезеңдегі дамуы бойынша виртуалды
(үздік) экспозициялар құру.
Қазақстан палеолит музейі өзі ашылған уақыттан бері əр оқу жылында шамамен мыңнан астам келушілерді қабылдайды. Жалпы музей ғылыми-педагогикалық танымдық қызмет атқарады. Олай дейтініміз, музейді тамашалауға əл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері ғана емес, сонымен қатар университет көлемінде ұйымдастырылатын ғылыми конференциялардың қонақтары, Алматы қаласының жəне Алматы облысының тарих пəнінің мұғалімдерінің біліктілігін көтеру конференциясына қатысушылар мен Алматы қаласында орналасқан басқа да университет, колледж студенттері жəне мектеп оқушылары да келеді. Сондай-ақ, музейде тарих факультетінің археология жəне музей ісі мамандықтары бойынша маманданатын студенттер практикалық сабақтарын өтсе, бірінші курс студенттері СОӨЖ кезінде палеолит мұражайы жөнінде эссе жазып, оқу процесіндегі баллдарын жинауға мүмкіндік алуда.
2010 жылдың мамыр айында əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан палеолит музейінде Жапонияның ғылыми мекемелерінен бір топ археологтар келді. Атап айтқанда, Нара қаласының мəдени мұра Ұлттық зерттеу Институтынан, Токио қаласындағы жапон халықаралық қауымдастық жəне мəдени құндылықтарды сақтау жапон орталығының қызметкерлері ҚазҰУ-нің археологтарымен ғылыми байланыс жасау үшін келісім-шарт жасау мақсатында келген. Делегацияның жетекшісі Токиодағы қоршаған ортаның аймақтық секциясының басшысы Казуя Ямаучи мырза жəне тарих ғылымының докторлары, археологтар Садакатцу Кунитаке, Сусуму Моримото, Канеда Акихиро. Осы ғалымдар 2010 жылдың 18-29 қазан айында музейдің тас өңдеу зертханасында т.ғ.д., профессор Ж.Қ.Таймағамбетовтың жетекшілігімен жəне А. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері Т. Мамировпен палеолит мұражайы мен тас өңдеу зертханасында ғылыми жұмыспен айналысса, Америкадан келген археолог, антрополог, этнолог ғалымдар: Мишель Глянц, Пауль Минис, Патриссиа Гильман, Роберта Касагаранде-Ким — Қазақстанның тас дəуіріне қатысты мəліметтермен палеолит музейінде оқылған жетекші маман-археолог, профессор Ж.Қ. Таймағамбетовтың дəрісін тыңдау барысында танысты.
Музей құрылған уақыттан бері музей қызметкерлері əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тас дəуірі лабораториясының қорында бірқатар жұмыстар жасады. Атап айтқанда, Маңғыстау мен Қаратау аймақтарынан табылған көптеген артефактілерді жүйеледі. Сондай-ақ Х. А. Алпысбаевтың Қаратаудан көптеп тапқан өңделген материалдарын шетелдік əріптестер АҚШ профессоры Мишель Глянц (Колорада штаты), профессор Джерри Галм (Вашингтон университеті) жəне профессор Р. Х. Сулейманов (Өзбекстан) секілді ғалымдармен бірге археология ғылымының жаңа жетістіктері негізінде зерттелді. Осы ғалымдармен бірге ағылшын тілінде біріккен еңбек шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдыңғы жылдарда жүргізілген зерттеудің қорытындылары Қазақстан деңгейінде өткізілген əртүрлі конференцияларда жəне Франциядағы ЮНЕСКО-ның штаб квартирасы мен Новосибирск, Ашхабад, Бішкек қалаларында өткен конференцияларда баяндалған.
Атап өтетін тағы бір нəрсе, ол тас құралдар коллекциясы жалпы білім беретін мектептерде 5 класқа арналған оқулық пен көп томды Қазақстан тарихын жазуға негіз болды.
Музей қызметкерлері тек қана Қазақстан-Ресей кешенді археологиялық экспедициясының жұмысына ғана қатысып қоймай, сонымен бірге (жылда жұмыс жасайтын) ғылыми-зерттеу жобаларына да қатысады.
2009 ж. Ақтөбе облысындағы Мұғалжар қыраттарында палеолиттік ескерткіштерді зерттеуге арналған барлау жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстың барысында 100-ден астам «ашық» типтегі палеолит дəуірінің ескерткіштері табылды. Олар хронологиялық жағынан кең ауқымды, тас дəуірінің ерте кезеңінен (ерте палеолит-ашель) кейінгі палеолит дəуіріне (неолит-энеолит) дейінгі аралықты қамтиды.
Енді музейге келушілердің пікір кітабында қалдырған тілек-ниеттерінен үзінді келтіре кетсек: «…самый профессиональный, уютный и симпатичный музей в Казахстане….» — зав. отделом Института археологии им.А.Х.Маргулана НАН РК, к.и.н. Самашев З.С.; «Я был счастлив посетить Ваш музей. Он очень важен для будущего Казахстана…» — проф. Университета Болоньи (Италия) М.Този; «…экспозиция потрясла своей научностью, доступностью и размахом. Испытываем гордость за этот музей и за свою древнейшую историю…» — делегаты Республиканского съезда учителей;
«…пусть наша молодежь владеет историческим сознанием, пониманием огромной роли Республики
Казахстан в мировой культурной сокровищнице» — археолог, д.и.н., профессор СКГУ Зайберт В.Ф.; «…это уникальный, редкий музей по каменному веку поражает своей организацией, хорошо продуманной, сделанной с любовью, высоким профессионализмом, а также красотой и удобством, обилием интереснейших находок…» -археологи-коллеги, из России — СНС Института археологии и этнографии СО РАН, к.и.н. Черемисин Д.Г, из Узбекистана — зав.отделом Института археологии АН РУз, к.и.н. Хужаназаров М.; из Кыргызстана – зав. отделом археологии АН КР, к.и.н. Ташбаева К.;
«…это музей палеолита в котором много экспонатов — место для истории человеческой эволюции и место для эксперимента студентов, для их дальнейшей научной деятельности» -Китай. Сиань, Чанъаньский университет, проректор, профессор Лю Цзяньцай, Ли Ючжу; «Мұражай ұнады, əсіресе жалғасымдылығы жақсы сақталған. Яғни, картадан бастап, жалпы түсінік беру, əрбір экспонатқа анықтама жасау. Əрине неолиттік Қараүңгір өте əсем артефактілермен көрсетілген, кейінгі палеолиттік тұрақтар да қызықты жасалған…» — Қ.А. Яссауи ат. ХҚТУ ШИ Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Мұстафаев Б.Н.; «Өзіміздің жəдігерлер мұражайына келгеніме қуаныштымын. Өзіме қажет материалдар мен мағұлматтарды таптым. Сіздерге үлкен алғысымызды айтамыз» — Ф10К2 студенті Бодаубекова Н.К.; «… Мұражайда палеолит дəуіріндегі Қазақ даласынан табылған тастарды көріп жəне бұл мұражай ТМД елдері ішінде 1-ші орынды алатынын мақтан тұтамын. Сіздерге болашақта табыстар тілеймін» — ФжС факультетінің студенті Джубатов Ю.С.; «Біздің Университетімізде осындай тамаша тарихи мұражай бар екеніне өте қуаныштымыз…» — Шығыстану факультетінің студенттері Утеулиева Н., Мусабекова А., Мусадиева И.; «Мы блогодарим за предаставленные вами возможности узнать много интересных фактов об истории нашей страны» — гр. АЭ-01Р; «Благодарим музей и работников за предоставленные возможности окунуться в древний мир учащихся» — № 149 мектептің 10-11 кл. оқушылары.
Мұндай пікірлерді тек қазақстандық ғалымдар мен студенттер ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Франция, Бельгия, Жапония, Греция, ҚХР, Оңтүстік Корея, Иран, Пакистан жəне т.б. елдердің ғалымдары қалдырған.
Қорыта айтқанда, музейден Қазақстанның тас дəуіріне қатысты барлық мағұлматтарды кезеңкезеңімен көре отырып, оның ғылыми жəне тарихи маңызын анық байқаймыз. Палеолит музейі өзі құрылған уақытынан бастап, кең көлемде ғылыми, педагогикалық, тəжірбиелік, тəрбиелік жұмыстар атқарып келе жатқанын атап өтуге болады.
Ал музей қоры Қазақстандағы палеолит дəуірінің жетекші маманы, археолог, тарих ғылымның докторы, профессор Ж. Қ. Таймағамбетов пен оның шəкірттері тарих ғылымының кандидаттары: Ғ.Бексейітов, Д. Байқонақов, Т. Мамировтардың Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл облыстарының территорияларынан жаңа палеолиттік тұрақтарды анықтап, оларға жүргізген археологиялық қазба жұмыстары нəтижесінде табылған артефактілермен толығуда. Сондай-ақ, Қазақстан мен оған шектес аудандардың тас дəуірін зерттеу жөнінде Ж. Қ. Таймағамбетов бастаған қазақстандық ғалымдардың РҒА СБ археология жəне этнология институтымен жəне Жапония, Франция, Бельгия елдерінің ғылымдарымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде келісімдер жасап, осы келісімдерге сай келесі жылдан бастап жаңа археологиялық экспедициялар ұйымдастырылатынын ескерсек, музей қоры жаңа материалдармен толығады деген сенімдеміз.
Алдағы уақытта музейді түркі өркениетімен, қазақ халқының қолданбалы өнерімен жəне т.б.
бөлімдер ашу арқылы кеңейту жоспары бар. Ал қазір адамзаттың өткен тарихы мен олардың жасаған еңбек құралдарымен жəне археологияның соңғы жаңалықтарына қызығатын тілек білдірушілерді əлФараби атындағы ҚазҰУ-нің «Қазақстан палеолит музейін» көруге шақырамыз.
Резюме
Статья посвящена истории открытия музея палеолита КазНУ им.аль-Фараби. По мнению авторов, открытие, дальнейшее развитие и усовершенствование работы музея является многолетним и планомерным трудом не только казахстанских археологов, а также совместной, комплексной работы археологической экспедиции Казахстан — Россия.
Summary
Article is devoted history of opening of a museum of a paleolith Treasury of al — Farabi. According to authors, opening, the further development and improvement of work of a museum is long-term and systematic work not only the Kazakhstan archeologists, also joint, complex work of archaeological expedition Kazakhstan — Russia.