Қабілет.
Жоспар:
1. Қабілет туралы жалпы ұғым.
2. Қабілеттер концепциясы
3. Қабілет және нышан
4. Педагогтық қабілет және оның құрылымы
5. Қабілеттің жеке адамның басқа қасиеттерімен өзара байланысы
1. Қабілет туралы жалпы ұғым.
Қабілет — іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда кӛрінетін адамның жеке қасиеті. Қабілеттілік күнбе-күнгі тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселен, оқуға бар ықыласымен берілетін оқушыларды біз «мынау оқушы қабілетті оқушы екен» дейміз, не болмаса оның кейбір пәндерді жақсы үлгеруіне байланысты бір оқушының математикаға, екіншісінің әдебиетке, үшіншісінің географияға қабілеті бар екен дейміз.
Қабілеттердің дамып қалыптасуы әр түрлі деңгейде жүріп отырады. Мәселен, оның алғашқы деңгейі (жұрттың бәріне ортақ) репродуктивтік десе, екінші негізгі деңгейін шығармашылық қабілет дейді. Бірінші деңгейде адам білім игеруге, іс-әрекетті қажетті дәрежеде іске асыруда икемділік кӛрсетсе, екінші деңгейде жаңа, соны туынды жасай алу мүмкіндігін байқатады. Біркелкі тең жағдайда (дайындық деңгейі, білімі, дағды, білік, жұмсалған уақыт, ақыл-ой, дене күші) қабілетті кісі қабілеті тӛмендеу кісіге қарағанда істі орындауда жақсы нәтиже кӛрсетеді.
Қабілеттің дамуы мен кӛрінісінің ең жоғары деңгейі — «талант», «дана» деген терминдермен аталады. Талантты және дана адамдар ӛнерде, ғылымда зор қоғамдық мәні бар нәтижеге жетеді. Дана адам әдебиет, ӛнер, ӛндіріс, ғылым саласында бұрын сонды болмаған, соңғы жаңалықтар ашады. Талантты адам да жасампаз, бірақ ӛзіндік жаңалықты белгілі идеялар, бағыттар, зерттеу тәсілдері шеңберінде жасайды. Талантты және дана адамдар практикада және ӛнерде, ғылымда бұрын соңды болмаған жаңалықтар ашады. Таланттылық — даналықтың қалыптасуына аса қолайлы жағдайлар, жеке адамның жан-жақты дамыған кезінде туады. Мәселен, Леонардо да Винчи, Гете, Ломоносовтар шығармашылық қызметтегі даналықтың және адамның жан-жақты дамуының үлгісі болып табылады.
Қабілет жалпы, арнаулы болып бӛлінеді. Жалпы қабілет бұл адамның ақыл-ой қабілеті.
Арнаулы қабілет — іс-әрекеттің, мәселен, әдебиет, сурет ӛнері, музыка, сахна ӛнері т.б. арнаулы салаларда, жоғары нәтижеге жетуге жәрдемдесетін жеке адам қасиеттерінің жүйесі.
Қабілеттің аталған осы екі түрінен басқа практикалық іс-әрекетке қабілеттілік дейтін үшінші түрін де атауға болады. Бұған конструктивтітехникалық, ұйымдастырғыштық, педагогтық қабілеттер кіреді.
2. Қабілеттер концепциясы.
Қабілеттердің тұқым қуалау теориясы. Психологияда қабілеттердің үш концепциясы бар. Олардың бірі – қабілет тұқым қуалау арқылы дамып отырады деген концепция.Бұл қисын бойынша, адамның жеке дара қасиеті, соның ішінде қабілеті де атадан балаға мұра ретінде беріліп отырады. Мұндай пікірді психологтар ғана емес, сондай-ақ ғылым мен ӛнердің (математиктер, жазушылар, суретшілер) кейбір ӛкілдері де қуаттайды. Мұның біріншілері ӛз кӛзкарастарын нақты зерттеулерден алған деректермен дәлелдегісі келеді. Мәселен ХІХ ғасырда ӛмір сүрген Гальтон таланттың тұқым қуалаушылық жолымен болатынын кӛрнекті қайраткерлердің ӛмірбаяндарын зерттеу арқылы дәлелдегісі келген. Гальтонның кӛзқарасын Л. Котс ілгері қарай дамытты. Ол қоғамның айрықша жағдайлы топтарының ішінде мұндай мұра мол деген тұжырымға келген.
Қабілеттілік туралы бірінші концепцияға қарама – қарсы екінші концепция қабілетті түгелімен орта мен тәрбие анықтайды дейді. Қабілеттілік тұқым қуалайды дейтін кӛзқарастың шындықпен сәйкес еместігін ӛмір шындығы кӛрсетіп отыр. Мұнымен бірге атақты адамдардың ӛмірбаяндарын объективті тұрғыдан талдау — кӛп жағдайда, кӛрнекті адамдардың ерекше дарыны жоқ отбасынан шыққандығын, сондай-ақ атақты адамдардың балалары мен немере-шӛберелері дарындылық кӛрсетпегенін дәлелдейді. Бұған бірнеше музыкант пен ғалымдар отбасы ғана жатпайды.
Кӛрнекті америка ғалымы У.Эшби қабілеттіліктің, данышпандықтың ӛзі ӛмірде жүре пайда болған қасиеттен, балалық шақта, одан кейінгі кезеңде қалыптасады дейді. Мың рет сәтсіздікке ұшырап, мың бірінші рет жаңалық ашқан адам қабілетті, ал екінші реттен соң мәселені шешпей тастайтын адам қабілетсіз дейді ол.
Буржуазия идеологтары қабілет ортаға тәуелді болғандықтан жұмысшының балалары мәдениет және интеллектуалдық деңгейі тӛмен адамдар ортасында ӛсіп жетілгендіктен ӛздерінің қабілетін кӛрсете алмайды деген пікірді айтады. Сырт қарағанда екінші концепция да адамның дамуына шек қоймайды, адамның мүмкіншілігіне күмән туғызбайды. Бірақ бұл теориямен қазір де, бұрын да ғылыми келіспеушіліктер бар.
Қабілеттегі табиғи және жүре пайда болатын қасиеттердің диалектикасы. Кӛптеген психологтар қолдайтын қабілет жӛніндегі үшінші концепцияның ӛкілдері әлдеқайда дұрыс позицияда тұр. Ғалымдарының қабілет концепциясы табиғатынан барлық адамдарға адамдық даму мүмкіндіктері тән екендігін анықтайды. Осымен бірге кеңес психологтары белгілі бір қабілеттің қалыптасуына, дамуына дара табиғи нышандардың болуының да жақсы әсер ететіндігін мойындайды. Қабілеттер қолайлы әлеуметтік жағдайларда іс-әрекет үстінде қалыптасып отырады.Бұл концепция практика және арнаулы зерттеулермен дәлелденіп отыр.
3. Қабілет және нышан.
Адамның кейбір ӛзгешеліктері ана құрсағында жатқанда-ақ пайда болады. Мәселен, баланың ата-анасы мен туысқандарына ұқсап тууы. Мұны анатомиялық нышан дейді. Жүйке жүйесінің, кейбір анализаторлардың ерекшеліктері де туысынан пайда болады. Мұны физиологиялық нышан дейді. Нышанның соңғы түрі қабілеттің дамуында белгілі орын алады. Мәселен, баланың есту анализаторының жетіле дамуы музыкалық қабілет үшін, кӛру анализаторының ӛзгешелігі сурет қабілетінің кӛрінуіне себін тигізеді. Бірақ нышан қабілет дамуының бірден-бір шарты бола алмайды. Ол — адамның ішкі мүмкіндігінің кӛрсеткіші. Егер, адамның туысынан нышаны болса да, дұрыс тәрбие кӛрмесе, яғни белгілі әрекетпен айналыспаса, оның қабілеті айтарлықтай дамымайды. Әрбір қабілетке арнаулы нышан сәйкес келеді деп ойлау да қате. Нышан кӛп мәнді қасиет, яғни сол нышанға негізделіп, адам ӛмірінің жан-жақтылығына қарай түрлі қабілет қалыптасады. Нышанның ықпалымен қалыптасқан қабілеттің түрін дарындылық дейді. Адамның дарындылығы оның жоғары жүйке қызметінің тума типіне (мида уақытша байланыстардың тез жасалып, берік орнығуы, жүйке процестерінің қозғалғыштығы, динамикалық стереотиптердің шапшаң жасалып, оңай ӛзгеруі т. б.) байланысты болып келеді.
Дарынның дамуына қолайлы жағдай туса, ол ерте кӛзге түсетін болады.
Тарихта болсын, күнбе-күнгі ӛмірімізде болсын мұндай мысалдар ӛте кӛп. Осыдан 200 жылдай бүрын Германияда «ұстазы Кристиан фон Шенах жазып алған любектік тӛрт жасар дарынды бала Кристиан Гейнрих Хейнекеннің ӛмірі, іс-әрекеті, саяхаты мен ӛлімі» деген кітап жарық кӛрді. Аса дарынды бала жӛніндегі алғашқы кітап осы болатын.
Туғанына он ай толмай жатып кішкентай Гейнрих «суретке салынған заттардың кӛпшілігін айырып атайтын» болды. Ол үш жасқа келгенде ертегілерді ӛзі оқып, математиканың тӛрт амалымен есеп шығара алады, қӛп ұзамай сәби француз тілін үйреніп, «географиядан жақсы мағлұмат алады» және мыңнан астам латын мәтелін біледі. Гейнрихтың даңқы әлемге жайылып, оны Дания королі қонаққа шақырады. Сол дарынды сәби тӛрт жастан тӛрт ай асқанда қайтыс болған.
Психологтар Г.С.Костюк, А.Г.Ковалев, В.Н.Мясищев нышандарды тек анатомиялық-физиологиялық жағынан қарастырмай, мұны бәрінен бұрын жас бала іс-әрекетті алғаш меңгере бастаған кезенде немесе кей жағдайда, белгілі бір қызметпен жүйелі түрде айналыса қоймаған ересек адамдардан байқалатын психо-физиологиялық қасиеттер деп қарайды. Бұл, мәселен, заттардың түстерін жақсы ажырата алу, кӛру есі, музыкалық есту т.б. нышан әрекет үстінде байқалады. Мәселен, біреуге музыка, енді біреуге сурет ӛнері күшті әсер етеді. Бірақ бұл әлі де аздау. Жоғары сенсорлық-моторлық сапалар мен бейімділік сәйкес келетін салаларда болған күш сынаудың шешуші мәні бар.
Былайша айтқанда, нышанды әлі дами қоймаған, бірақ іс-әрекетте алғаш сынаудан-ақ кӛрініс беретін — қабілеттің бастапқы табиғи негізі деп білуіміз керек. Н.С.Преображенская мен С.А.Саркисовтың зерттеулері адамның ми қыртысының үлкен жарты шарындағы жасушалардың орналасуында айтарлықтай дара айырмашылықтар болатынын дәлелдеді. Сондай-ақ ми жасушалары қабаттарының құрылымында дара айырмашылықтар болатындығы бұлардың ми қызметіне, атап айтқанда, қабілеттердің кӛрініс беруіне қатысы болатындығы аталып ӛтілді.
Бейімділік. Бейімділік — туа бастаған қабілеттің ең алғашқы белгісі, симптомы. Бейімділік баланың (не ересек адамның) іс-әрекеттің белгілі түріне (сурет, музыка) ұмтылысынан кӛрінеді. Шынайы бейімділік болған жағдайда әрекетке деген зор ынталылық қана емес, шеберлікті шапшаң игеру, елеулі нәтижелерге жету байқалады. Жалған немесе алдамшы бейімділік бір нәрсеге үстірт жай таңдана қараудан немесе беріле әрекет еткенмен, орташа ғана нәтижеге қол жететіндіктен байқалады. Сӛйтіп қабілет — адамның табиғи және жүре пайда болтын қасиеттерінің сомдалып құйылуы. Бірақ табиғи қасиеттер тума болғанымен еңбек үрдісінде, тәрбие жағдайында ӛңделіп, дамып жетіледі. 4. Педагогтық қабілет және оның құрылымы.
Педагогтық қызметте табысқа жету бірқатар себептермен: мұғалім білімінің тереңдігі және кеңдігімен, оның жалпы мәдениет деңгейімен, әдістемелік қарулануымен, ақырында оның жеке басының ерекшеліктерімен анықталады. Осы айтылғандармен қатар табысқа жетуде, ең бастысы, қызметтің шығармашылық сипатта болуында педагогтық қабілеттің елеулі мәні бар. Дегенмен педагогтық қабілеттің бар-жоғын топшылауға болады. Ол белгілер: тұрақты педагогтық байқағыштыққа бейімділік, педагогтық қиялдау. Егер адамда мұғалімдік жұмысқа деген бейімділік болса, онда ол педагогтық қызметтен лэззат алады да бар күш-жігерін ӛзі сүйген іске жұмсауға талпынады. Осындай бейімділіктің, ал кейінен істі жан-тәнімен сүюдің негізінде бастапқы кезде саналы түрде болмаса да балаға деген үйір сезімі, ал содан соң оларға деген айқындалған саналы сүйіспеншіліктің жатуы мүмкін. Педагогтық жұмысқа бейімділік мектепте оқып жүрген жылдардың ӛзінде кӛрініс беруі мүмкін. Ол тек мұғалім боламын деген талаптан ғана емес, сондай-ақ жас шәкіртермен жүргізілетін қоғамдық жұмысқа ынтадан да білінеді.
Байқағыштық. Мұғалімге тән жіті байқағыштық — педагогтық қабілеттің ӛзекті қасиеті. Бұл оқушыны ұғынуға, оның әр түрлі эмоциялық жағдайының, ұшыраған қиындықтарының басты себептерін байқауға жәрдемдеседі. Байқағыштық қасиет арқасында мұғалім шәкірт мінез-құлқындағы кӛзге түсе бермейтін ӛзгерістерді қалт жібермейді және оның болашағын болжай алады. Осындай педагогикалық байқағыштық оқушыларға білім беру және тәрбиелеуді білгірлікпен жүзеге асыру жолында мұғалімнің сүйеніші болатын жеткілікті материал береді.
Педагогикалық қиялдау. Ұстаздық қабілеттің жетекші қасиеті педагогикалық қиялдау. Бұл мұғалімге шәкірттің дамуын жобалауға қажетті. Баланың ӛткен және қазіргі ӛмірін терең білуге сүйеніп, мұғалім оқушының келешекте кандай жағдайда, қандай болатынын топшылай алады. Логикалық оймен біте қайнасқан шығармашылық қиял педагогтық талантқа тән педагогтық тапқыштықты қамтамасыз етеді. Талантты мұғалім — жаңашыл.
Ұстазда болатын тағы басқа қабілеттер. Балалар ұжымымен байланысты болатын мұғалімдерге ұйымдастырғыштық қабілет қажет. Мұғалімнің мамандығына орай (тарихшы, математик, физик т.б.) басқа да арнаулы қабілеттер қажет болады. Мәселен, әдебиет пәнінің мұғалімі кӛркемдік талғаммен коса әдеби шығармашылық қабілетке ие болса, нұр үстіне нұр. Арнаулы қабілеттерінің ӛрісі кең ұстаздар оқушылардың пәнге деген ынтасын арттырып қана қоймай, шығармашылықпен ойлауға машықтандырады.
5. Қабілеттің жеке адамның басқа қасиеттерімен өзара байланысы.
Қабілет — жеке адамның оқшауланып тұратын құрылымы емес. Ол адамның тұтас психикалық қалпындағы басқа қасиеттерімен табиғи бірлікте болады.
Қабілет және наным. Кӛптеген ғалымдар мен жазушылардың айтуынша, адамның іс-әрекетіне, әсіресе шығармасына оның нанымы із қалдырады. Маңызды әлеуметтік талпыныстар — адамның белсенділігін арттырады. Егер адам халқына қызмет етуді, адамзатты, тым болмаса ұжжымын материалдық немесе рухани жағынан байыта түсуді мақсат тұтса — онда осы мақсат алдағы міндетті орындауға кажетті қуат береді. Керісінше, идеялық талпынысы жоқ, күнделікті күйкі тіршілікпен немесе той-даңғазалықпен ӛмір сүретін адам қоғамдық іске күш жұмсағысы келмейді, қабілетті дамытуға қажетті қуат пен белсенділік кӛрсете алмайды.
Сезім және қабілет. Іске деген сүйіспеншілдік, оған шын берілгендік — талант пен қабілеттің дамуы мен кӛрініс беруінің басты шарты. Іске беріле, құмарта қарау, әрекеттің әлеуметтік маңыздылығын, оның нәтижелерін, табиғат пен қоғамдық ӛмір құбылыстарының (адамның шығармашылық ісінің объектісі ретінде) жеке адамға қалайша әсер етуінің күш-қуатын түсіне білумен тығыз байланысып жатады. Эмоциялық әсерлену күші бір жағынан объектінің сипатымен, екінші жағынан адамның сезімталдығымен анықталады.
Ерік сапалары және қабілет.Шығармашылық істің қандайы болмасын адамның барлық күш-қуатын жұмсауды қажет етеді. Шабыттану мен кӛңіл тасудың уақытша жылт етуі үздіксіз қажырлы еңбек етуді қамтамасыз ете алмайды: бұл үшін жүйелі және белгілі тәсілмен еңбек етуге қол жеткізетін, кедергілерді жеңуге мүмкіндік беретін жігер қажет. Мақсаттан қайтпау, батылдық, ерлік және ӛзін-ӛзі ұстай білу, табандылық және дербестілік — бұлар аса дарынды, кӛрнекті қайраткерлер де бӛлек емес болатын ерік сапалары.
Еңбек сүйгіштік және қабілет. Жеке адмның еңбек сүйгіштігі мен жұмысқа аса қабілетті болуы оның іске берілгендігі мен жігеріне байланысты. Іске берілген адамның барлық уақыты мен күш-жігерін ӛзінің сүйікті ісіне арнайтыны — табиғи нәрсе. Сондықтан кӛптеген дарынды адамдардың ӛз жетістіктеріне баға бергенде еңбекқорлық пен жұмысқа қабілеттілікті бірінші орынға қоятыны тегін емес. Эдисон ӛз жетістігіндегі еңбек пен дарын ролін бағалай келіп, мұнда тек бір пайыз қана даналық, ал оның есесіне 99 пайыз маңдай тері бар деген.
Жұмысқа деген зор қабілеттілік еңбек үрдісінің және мұрат тұтқан нәтижесінің салдары ретінде туады, сондай-ақ ол тұрақты еңбек әдетінің нәтижесі. Жұмысқа қабілеттілікте, әрине, табиғи ерекшеліктің де, мәселен, типологиялық қасиеттердің де (тӛзімділік) үлесі бар. Ӛнімділік — жұмысты тиімді ұйымдастыруға, демек, жеке адамның жинақылығына тәуелді. Еңбек сүйгіштік — қабілеттің дамуына, тәжірибенің молаюына, білімнің, іскерлік пен дағдының қалыптасуына тәуелді.
Оқушыларды бақылай отырып, мұғалім біреулерін — қабілеті жақсы, екінші біреулерін — қабілеті шамалы деп негізсіз айта салмайды. Былай да болып шығады: оқушы математикаға қабілетті, бірақ ӛз ойын ауызша не жазбаша білдіруге нашар немесе тіл, әдебиет, жалпы гуманитарлық ғылымдарға деген қабілетін кӛрсете алады, бірақ оған математика, физика, техниканы үйрену қиынға түседі.
Қабілеттілік деп — адамның білімді, ептілікті, дағдыны біршама жеңіл меңгеруіне және қандай да бір іс-әрекетпен ойдағыдай айналысуына кӛмектесетін психикалық қасиеттерді айтамыз. Қабілеттілік тек іс-әрекетте ғана кӛрінеді. Қабылдауда, мысалы, бояу түстерінің болмашы айырмашылығын байқау, заттарды бірден «кӛре білу», пропорционалды катынастарды түсіну (суретші жұмысында), абсолюттік есіту (музыкамен айналысқанда), байқағыштық (іс-әрекеттің ӛте кӛптеген түрлерінде) т. б. кӛрінеді. Кейбір қабілеттіліктер жадында жақсы қалдырумен байланысты (мысалы, оқу материалын тез де берік игеруге қабілеттілік, оны жеңіл және дәл қайта айтып беру). Адамның ойлау қызметінде (материалды түсінуі, қиын есептерді шығару, ойының тереңдігі, сыншылдығы, тапқырлығы) қабілеттілік айқын кӛрінеді. Қабілеттілік үшін, әсіресе жазушы, ӛнер тапқыш еңбегінде қажетті, шығармашылық қиялдың үлкен маңызы бар.
Қабілеттілік білім, ептілік, дағды негізінде кӛрініп, дамығанмен олармен ғана шектеліп қоймайды. Сондықтан баланың білімінің шамалылығын, оның қабілетінің жоқтығынан деп қалмас үшін оқушылардың қабілеттілігін анықтауда ӛте сақ және ұқыпты болу керек. Қандай да бір себептерден мектепте нашар оқыған, болашақта ірі ғалым болып шыққандар жӛнінде кейде осындай қателіктер жіберілген. Осы себептен де қабілеттілік туралы қабілетінң нашарлығы емес, білімінің аздығын кӛрсететін кейбір қасиеттері негізінде ғана қорытынды шығару дұрыс болмас еді.
Тақырып бойынша бақылау сұрақтары
1. Қабілет дегеніміз не?
2. Қабілеттің түрлерін атаңыз?
3. Қабілеттің қандай концепциялары бар?
4. Нышан дегеніміз не?Оның қабілетке қандай қатысы бар?
5. Педагогтық қабілетке нелер жатады?
6. «Дарындылық», «талант», «данышпандық» ұғымдарының бір-бірінен айырмашылықтары неде?
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Выготский Л.С. Собрание сочинений: в 6-ти т. Т.1: Вопросы теории и истории психологии/ Гл.ред. А.В:Запорожец, М.; Педагогика, 1982г., 425с.
2. Жарықбаев Қ.Б. Психология негіздері. Алматы 2005ж., -415б.
3. Намазбаева Ж.И. Психология Алматы: 2005, -293б.
4. СтоляренкоЛ.Д. Основы психологии Ростов на-Дону, «Феникс» 1997, —
732с 23.
5. Тәжібаев Т. Жалпы психология – А. «Қазақ университеті», 1993 -240 б.
6. Темірбеков А.А., С. Балаубаев Психология. А. «Мектеп», 1966ж., -275б.
7. Рогов Е.И.Общая психология, М., «Владос» , 1995г.,-445с.,
8. Гиппенрейтер Ю.Б. Введение в общую психологию: Курс лекции: Учебник пособие для вузов.-М: ЧеРо, 1997г., -345с.
9. Грановская Р.М. Элементы практической психологии. – СПб Свет.
1997г.,-178с.
10. Смирнов А.А. Избранные психологические труды: В 2-х т. Т.1-М. Педагогика, 1987г., -346с.