ТАРИХИ АСПЕКТІДЕГІ ОТБАСЫ (ПАЙДА БОЛУЫЖӘНЕ ДАМУ ТАРИХЫ)

ТАРИХИ АСПЕКТІДЕГІ ОТБАСЫ
(ПАЙДА БОЛУЫЖӘНЕ ДАМУ ТАРИХЫ)

Отбасы мен неке мәселесі ежелден зерттеліп келеді. Антикалық дәуірден-ақ Платон және Аристотель сынды ойшылдар ерлі-зайыптылар мен отбасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, өз дәуіріндегі отбасыларды сынға алып, оны құрудың жобаларын ұсынған болатын.
Ғылымда қоғамның даму тарихындағы отбасылық қатысынастар сипаты туралы ауқымды әрі сенімді ақпараттар жетіп артылады. Отбасының өзгеруі промискуитеттен (әдепсіз жыныстық байланыстар), топтық зайыптылықтан, матриархат пен патриархаттан моногамияға дейін эволюциядан өтті. Отбасы – қоғамның даму сатылары бойынша жоғарылағаны тәрізді төменнен жоғарыға дейінгі сатылардан өтті.
Этнографиялық зерттеулерге сүйене отырып, адамзат тарихында үш дәуірді бөлуге болады: жабайылық, мәдениетсіздік және өркендеушілік. Олардың әрқайсысының ер мен әйел арасындағы қатынастар түрлеріне, өз отбасынаүстемдік ететін өзіндік қоғамдық институттары болды.
Қоғамның даму тарихында отбасылық қатынастар динамикасын зерттеуге үлкен үлесін қосқан швейцария тарихшысы И. Я. Ба-хофен, оның жазған кітабы «Ана құқығы» (1861) және шотланд заңгері Дж.Ф.Мак-Леннан, ол «Алғашқы қауымдық неке» зерттеуінің авторы (1865).
Қоғам тарихында некелік-отбасылық қатынастардың дамуы рулардың өмірге төзімді ұрпақты қажетсіну және шаруашылық-өндірістік қатынастарға сай өндіруші іс-әрекетті дамыту себептеріне айналды. Адамзат тарихында некелік-отбасылық қатынастардың дамуының келесі кезеңдерін бөлуге болады [Зацепин, 1991]:
— промискуитет(аралас, ортақ) – жыныстар арасындағы әдепсіз, әлеуметтік бақыланбайтын байланыс, ол адамзат қоғамының дамуының ежелгі кезеңдеріне тән;
— эндогамия – әлеуметтік тыйымдармен шектелмейді, некеге дейін қауым ішіндегі жыныстар арасындағы (некесіз) бірге тұрушылық;
— экзогамия– қандас туыстар арасында сексуалды байланыстарға тыйым салынатын жыныстар арасындағы әлеуметтік қадағаланатын қатынастар түрі. Экзогамияның бекітілуі адамзаттың өмірдің инстинктивті-биологиялық түрінен әлеуметтік-мәдени-тарихи түріне өтуінің жалпы заңдылықтарымен, сонымен қатар адам мінез-құлқын басқарудың инстинктивті-биологиялық механизмдерін ығыстырумен және оларды әлеуметтік реттеушілермен ауыстырумен шарттасқан(Л.С. Выготский, П.Я. Гальперин).
Қоғамдық дамудың ерте кезеңдеріне жыныстық қатынастардың әдепсіздігі, жөнсіздігі тән. Рулардың пайда болуына байланысты топтық неке туындады, олар осы қатынастарды реттеп отырған болатын. Ерлер мен әйелдер тобы жақын тұрды және «коммуналды некеде» тұрды – әрбір ер адам өздерін барлық әйелдердің жұбайы ретінде санады. Біртіндеп топтық отбасы қалыптасты, онда әйел ерекше орын алды. Әйелдің қоғамдағы жоғары орнына негізделген қатынастар – гетеризм (гинекратия) арқылы барлық халық жеке некеге түсуге және отбасына ұмтылды. Балалар әйелдер тобында қалды, есейген соң ер адамдар тобына қосылды. Бастапқыда эндогамия – ру ішіндегі еркін байланыстарүстемдік етті, кейін әлеуметтік «табудың» пайда болуы нәтижесінде экзогамия (гректен аударғанда «экзо» – сыртқы және «гамос» – неке) – «өз» руының ішіндегі некеге тыйым салынып, басқа қауым мүшелерімен некеге түсу қажеттігі талап етілді. Ру екі желілі экзогамды тайпаның немесе фратрийдің (дуальды-рулық ұйым) қосылуы барысында пайда болған жұптан тұрды, әрбір рудағы ерлер мен әйелдер бір-бірімен некеге түсе алмады, олар өз жұптарын рудың басқа жұптарындағы ерлер мен әйелдер арасынан тапты. Инцест табуын (қан араластыруға тыйым) Э. Вестермак зерттеген. Ғалым аталған күшті әлеуметтік норманың отбасын нығайтқандығын дәлелдеді. Қандас туыстық отбасы пайда болды: некелік топтар ұрпақтар бойынша бөлінді, ата-аналар мен балалар арасында жыныстық байланысқа тыйым салынды. Кейін пуналуальды отбасы – әйелдерімен қоса ағайындарды немесе апалы-сіңлілерді күйеулерімен қамтитын топтық неке қалыптасты. Мұндай отбасында аға мен қарындас арасында жыныстық байланысқа жол берілмеді. Туыстық ананың жағынан анықталды, әкелік жағы белгісіз болды. Мұндай отбасыларды Солтүстік Америкада үнді тайпаларынан бақылағанЛ. Морган. Кейін полигамды неке қалыптасты: көпәйелділік, көп күйеулілік. Жабайылар жаңа туған қыз балаларды өлтіріп тастайтын болды, себебі әрбір тайпада ер адамдар аса көп болып, әйелдердің бірнеше күйеулері болатын еді. Мұндай жағдайда әке жағынан туыстықты анықтау мүмкін болмай, ана құқығы (балалар құқығы анада қалды) қалыптасты.
Көп әйелділік соғыс уақыттарында ер адамдар өлімінің көптігінен туындады. Ер адамдар аз болып, олардың бірнеше әйелдері болды.
Отбасындағы жетекшілік рөл әйелдерден (матриархат) ер адамдарға (патриархат) өтті. Патриархаттың мәні – мұрагерлік құқықпен, яғни күйеудің емес, әкенің билігімен байланысты болатын. Әйелге бала туу, әке мұрагерін дүниеге әкелу міндеті жүктелді. Әйелден ерлі-зайыптылық қатынасқа дақ түсірмеу, сенімін сақтау талап етілді.
Экзогамия негізінде некенің алғашқы түрі – топтық дуальды-рулық неке пайда болды. Оның негізінде бір рудың ер адамдары басқа рудың барлық әйелдерімен ерлі-зайыптылық қатынастарға түсу құқығын алды. Ру мүшелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін шаруашылық іс-әрекеттің толық құқысы бар субъектісі бұрынғыдай барлық ру болып қала берді. Балалардың тәрбиесіне де барлық ру жауапты болды. Топтық некенің орнына келген жұптық неке ер мен әйел руы арасындағы қатынастар таңдамалылығы мен ұзақтығын көздеді. Алғашында жұптық некенің негізі сексуалды қатынастар мен серіктестердің жеке жақындастығы болды. Шаруашылықты жүргізу және бала тәрбиелеу қызметін ерлі-зайыпты жұп емес, рулық субъект жүзеге асырды. Рулық – ана жағынан анықталды, биологиялық әкені анықтау мүмкін болмады. Осындай жағдайда матриархат қандас-туыстық қатынастарды орнатудың тәсілі ретінде ұрпақ жалғастыру қызметін орындау үшін тиімді болды. Егін шаруашылығының дамуы мен еңбек өнімінің өсуіне қарай отбасының одан әрі қалыптасуы шаруашылық дербестікті нығайту бағытында жүрді.
Ата-аналардың балаларын асырап, тәрбиелеу мүмкіндіктері, ерлі-зайыптылардың сексуалды қатынастары тұрақтылығының,ортақ шаруашылық мүдделерінің нығаюы моногамды (бір некелі) отбасының туындауына әкелді. Жыныстық диморфизм отбасын асыраушы ер адамдардың рөлін және әйелдердің бала тәрбиесіне жауапкершілігін күшейтті. Некелік қатынастар тұрақтылығы әкені анықтау сенімділігін қамтамасыз етті. Патриархат әке жағынан туыстық қатынастарды орнату түрі ретінде матриархалды қатынастарды алмастырды, аталған қатынас түрінде отбасында әке (ер адам) үстемдік етіп, ана (әйел) ер адамға бағынды, ерлі-зайыптылардың теңсіз қатынасы орнады.Жеке меншіктік қатынастардың дамуы некелік-отбасылық қатынастарды басқару түрі ретіндегі моногамды патриархалды отбасыныңорнығуына себепші болды.
Вавилон патшасы Хаммурапи кодексінде біздің заманымызға дейінгі бірнеше мыңжылдар бұрын моногамия жарияланған, сонымен қатар ерлер мен әйелдердің теңсіздігі де белгіленген. Қандас мұрагерлерді қолында ұстау үшін моногамды отбасының қожайыны ер адам-әке болған. Бұл жылдары отбасы құрылымы айтарлықтай шектелді, әйелдерден зайыптылық сенім қатаң талап етілді, ал Ер адамдардың зинақорлық, ойнас жасауы қатаң жазаланғанымен,көңілдес әйел алуға рұқсат берілді. Мұндай заңдар ежелгі және орта ғасырларда шығарылды.
Көптеген ғалым-этнографтар моногамияға қарсы жезөкшеліктің болғандығын алға тартады. Кейбір қоғамдарда діни жезөкшелік тарады: тайпа көсеміне, дін қызметшісіне немесе биліктің басқа да өкіліне қалыңдықпен бірінші неке түнін өткізуіне құқық берілді. Дін қызметшісі бірінші түнді пайдалана отырып, ерлі-зайыптылықты дәріптейді деген сенім үстем болды. Егер бірінші түнді пайдалану құқығын патшаның өзі алса, ол жас жұбайлар үшін үлкен мәртебе болып саналды.
Отбасы мәселелеріне арналған зерттеулерде оның эволюциясының негізгі кезеңдері бақылауға алынды: шамамен барлық халықта ана жағынан туыстық әке жағынан туыстықтан басым болды; уақытша (қысқа және кездейсоқ) моногамиялық байланыстармен қатар жыныстық қатынастардың бастапқы сатыларында некелік байланыс еркін жүріп, үстемділігін байқатты; кейін біртіндеп жыныстық өмір еркіндігі шектелді, осы және басқа әйелге (ер адамға) некелік құқының болуы азая бастады; некелік қатынастар динамикасы қоғамның даму тарихында топтық некеден жеке некеге өтуімен нәтижеленді.
Ф. Ариес [1999] және И.С. Кон [1988] еңбектерінде әлеуметтік-мәдени феномен ретіндегі отбасының тарихи дамуына терең әрі жан-жақты талдау жасалды. Аталған еңбектерде отбасының қалыптасуы бірінші кезекте балаларды тәрбиелеу қызметтерімен байланыста қарастырылады.
Дәстүрлі тұрғыда отбасы құрылымы мен түрінің трансформациясы феодалды қоғамнан буржуаздық қоғамға өту кезеңінде болды және ол индустриалды төңкеріспен, халықтың ауыл жерінен қалаға көшіп-қону үрдістерімен, сонымен қатар өсіп келе жатқан жас өскіндерді әлеуметтендіру арнасы ретіндегі ата-аналық қатынастың пайда болуымен байланысты. Осы үрдістер салдарынан кең «көпядролық» патриархалды отбасылық топтардан шағын нуклеарлы отбасыларға көшу белең алды. Индустриализация мен урбанизацияның одан әрі қарқынды дамуы барысында жаңа ұрпақты әлеуметтендіру кезеңі арттыжәне отбасы алғашқы әлеуметтендіру институты мәртебесін иеленді. ХІХ-ХХ ғ. шетелде пайда болған «қазіргі» отбасының қоғамды прогрессивті дамытудың жалпы заңдылықтары мен жетістіктерін бейнелейтін бірқатар спецификалық ерекшеліктері бар.
Отбасының үш тарихи түрін бөлуге болады [Голод, 1995]: патриархалды (дәстүрлі), детоцентрлік (қазіргі), ерлі-зайыптылық (қазіргіден кейінгі).
Ата-аналар мен балалардың өзара қатынастары тарих бойына өзгеріп келді. Балалармен қатынастың алты стилі бөлінеді.
Инфантицидті – балаларды өлтіру, зорлау (ежелде б.з.б. ІҮ ғ.).
Тастап кету – баланы асыраушыға, басқа отбасына, монастырьға т.б. береді(IV–XVII ғғ.).
Амбивалентті – балалар отбасының толық құқықты мүшесі болып саналмайды, олардың дербес болуына, даралығына тыйым салынып, «үлгі», «бейне» бойынша ұқсастырып, «мүсіндейді», қарсылық танытқан жағдайда қатаң жазалайды (XIV–XVII ғғ.).
Жабысқақ – бала ата-анаға жақын болады, оның мінез-құлқы қатаң белгіленіп, ішкі дүниесі бақылауға алынады (XVIII ғ.).
Әлеуметтендіруші – ата-аналар балаларын дербес өмір сүруге дайындау үшін барлық жағдайды жасайды, мінезін қалыптастырады; бала ата-аналар үшін – тәрбие және оқыту нысаны болып табылады (XIX – XX ғ. басы).
Көмектесуші – ата-аналар баланың бейімділіктері мен қабілеттерін ескере отырып, оның жеке-дара дамуын қамтамасыз етеді, эмоциялық байланыс орнатады (XX ғ. ортасы – қазіргі уақыт).
ХІХ ғ. отбасының эмоциялық өрісін, оның мүшелерінің құштарлықтары менқажеттіліктерін эмпирикалық зерттеулер пайда (ең алдымен Фредерик ЛеПле еңбектері) болды. Отбасы өмірлік циклдері, пайда болу тарихы бар шағын топ ретінде зерттеледі. Зерттеу пәні сезімдер, құмарлық, ақыл-ой және адамгершілік іс-әрекет.
Отбасылық қатынастардың дамуының тарихи динамикасында ЛеПле патриархалды түрдегі отбасынан бастап, тұрақсыз, жекеленген ата-аналар мен балалардан тұратын, әке беделінің әлсіреген отбасын анықтады.
Содан соң отбасындағы өзара қатынастарды зерттеу әртүрлі әлеуметтік және отбасылық жағдайдағы отбасы мүшелерінің өзара әрекеттерін, коммуникациясын, тұлғааралық келісімін, жақындығына бағдарланды (Ж.Пиаже, З.Фрейд және оның ізбасарларының еңбектері).
Қоғамның дамуы неке мен отбасының құндылықтар жүйесі мен әлеуметтік нормаларының өзгеруіне себепші болды, дүниеге бала әкелу санының жоғарылауының әлеуметтік-мәдени нормалары бала туу санының төмендеуінің әлеуметтік нормаларымен ығыстырылды.
ХХ ғ. ортасына дейін отбасы қоғамның негізгі шағын моделі ретінде қарастырылды, әлеуметтік қатынастар отбасында жүзеге аспады, зерттеушілер қоғамды отбасын кеңге жаяды деп тұжырымдады. Сонымен қатар патриархалды отбасының тиісті атрибуттары болды: өктемшілдік, меншіктік, субординация т.б.
Этнографияда отбасындағы қатынастардың ұлттық ерекшеліктерін бейнелейтін материалдар жетіп артылады. Мәселен, Ежелгі Грецияда моногамия үстемдік етті. Отбасы сансыз көп болды. Инцест тыйымы (табу) әрекет етіп, әке өз әйелінің, балаларының, бірге тұратын әйелдің қожайыны болды. Ер адамдардың құқығы шектелмеді. Әйелдер көзге шөп салғаны үшін қатаң жазаланды, әйтсе де спарта азаматы өз әйелін кез келген қонаққа (егер сұраса) беруге дайын болды. Өзге ер адамдардың балалары (егер дені сау ұлдар болған жағдайда) отбасында қалды.
Ежелгі Римде моногамия құпталды, алайда некеден тыс байланыстар кең тарады. Рим құқығының заңдары бойынша неке бала туу үшін сақталды. Үйлену рәсімдеріне үлкен мән берілді. Әкенің беделі ерекше болды, балалар тек әкеге бағынды. Әйел еркек мүлігінің бір бөлігі ретінде саналды.
Ғылымда көптеген елдердегі отбасы институтына христиан дінінің ықпалы туралы ақпараттар көп. Шіркеу ілімі моногамияны, сексуалды тазалықты, пәктікті дәріптеп, көп әйелділік пен көп күйеулікке бәддұға (діннен қуу) берді. Дегенмен де тәжірибеде дін басылар шіркеу ережелерімен жүрмеді. Шіркеу қыз абыройын, жесір қалған кезде өзін-өзі тежеуді, ізгілікті ерлі-зайыптылықты дәріптеп, құрметтеді.
Бөтен дінмен некелесу христиан үшін күнә болып саналды. Оларға деген либералды қатынас ертедегі христиандылық кезеңдерінде ғана болды, солай болғандықтан неке көмегімен христиан адасып жүрген адамды шын дінге әкеле алды.
Христиандылықтың ерте кезеңінде ерлі-зайыптылық жеке іс ретінде саналды. Кейін дін қызметшісі келісімімен некеге түсу нормасы бекітілді. Тіпті жесір әйел де оның марқабатынсыз қайта күйеуге шыға алмады.
Христиандылық әйел мен еркектің рухани теңдігін немқұрайлы мойындады. Алайда шындығына келгенде әйел жағдайы кемсітілді. Әйелдердің кейбір бөлігі – қоғамда жесірлердің, қыз абыройын сақтағандардың, монастырьда және ауруханаларда қызмет етушілердің ғана беделі болды,олардың дәрежелері жоғары болды.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Отбасы» – өзіне, «неке мен қандас туысқа негізделген шағын топ» деп анықтама берілген. Оның ерекшелігі- тұрмыстың ортақтығы, өзара көмек және рухани жауапкершілік арқылы байланысқан. Қоғаммен, бүкіл қоғамдық қатынастардың жүйесімен тығыз байланыста бола тұрса да, отбасы – қоғамдық өмірге қарағанда адамдардың белгілі дәрежедегі дербес сырлас тобы.
Дүниежүзіндегі әрбір халықтың өзіне тән отбасы тарихының болатыны сияқты қазақ отбасы да өзіне тән ерекшеліктермен ерекшеленеді. Қазақтың отбасы мәселесіне байланысты бұрын-соңды жазылып, кезінде баспа жүзін көрген үлкенді-кішіліғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектер, әдеттік құқық туралы жинақтар мен қазақтың ауыз әдебиеті – фольклор деректері де көптеп табылады. Мәселен, орта ғасырлық ғұлама ойшылдар Сағди, Науаи, Кей Каустың отбасы мәселесі төңірегінде айтқан құнды пікірлерінің баға жетпес еңбек екендігіне ешқандай күмән жоқ. Мұнда отбасында балаларды тәрбиелеуге маңыз беріледі. Отбасындағы тәрбие әміршілдік қағидаларға негізделіп, ата-ананың балаға деген қатынасын анықтайды.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған.
Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды.
Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді. Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді.
Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған.
Қазақ отбасы тәрбиесінің құралдары дегенде халық ауыз әдебиетін, ұлттық ойындар, айтыс және шешендік сөздерді, ойын-сауықтарды т.б. айтамыз. Қазақ отбасында жоғарыда аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудағы ежелден қолданып келе жатқан өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Олар: балаларға қайырымды, ізгі қатынас жасау, сыйлау адамгершілік сезімдеріне әсер ету, өзіне деген сенімін нығайту, сенім арту, реніш, наразылық білдіру, тыю, айыптау, бұйыру, еркелікте кінәсін мойындату, түсіндіру, мысал келтіру, үлгі-өнеге, ғибрат айтуды есептейміз.
Қазақ отбасында ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор. Қазақ халқының отбасына тән жарасымдылық олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептейміз.
Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.
Қазақ отбасында балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ, ағайын туысты, нағашы жұртын, ата тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген. Отбасы мүшелері балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен.
Қазақ отбасының осындай өнегелері жеке бастың мінез-құлқы мен рухани мәдени құндылықтарын қалыптастырудың баспалдақтары болады.
Сонымен, отбасының этникалық-мәдени құндылықтары деп төмендегілерді айтуға болады:
1. Жетілген адам, яғни «Сегіз қырлы, бір сырлы адам» тәрбиелеу.
2. Отанды, халқын, жерін, елін сүю «Атаның ұлы емес, халықтың ұлын» тәрбиелеу.
3. Адал, арлы азамат тәрбиелеу, яғни «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы».
4. Жеті атасын білуге тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген жетесіз».
5. Отбасы шежіресі мен мұрагерлік (туыстық қарым-қатынас, үш жұрт, отбасындағы кенже ұлдың рөлі). Ата-баба дәстүрін жалғастыру.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы. Сондықтан да Ислам отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке – екі жанның қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік болса, жұбайлар өмірінің шырайы артып, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, қандай жағдайда болсын, босағасы берік болмақ.
Исламда «Ерлер – әйелдердің билеушісі» деп баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы, басқарушы ретінде хұқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрғаны жоқ. Қайта, Ислам діні – ер кісінің игі бастамаларына әйелді қолдаушы, ақылшы етіп, сенімді сүйеуші ретінде көрсетеді.
Ер кісі – ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Әйел заты – әуелі күйеуіне бойұсынуы тиіс, содан кейін өз намысын, бала-шағасының, сондай – ақ үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндетті.
Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынаста жақсы мәміледе болуы, бір-біріне уәжіб саналады. Ислам ілімі отбасындағы мәселелерді ер мен әйел бірге ойласып, ақылдасып шешім қабылдауға шақырады.
Ислам – отбасынының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.
Отбасының бірлігі оның мүшелерінің бір-біріне адамгершілік, экономикалық, құқықтық т.с.с. өзара жауапкершіліктеріне, түсініктеріне, сонымен қатар эмоцианалдық (сезімдік) жақындықтарына негізделеді. Бір жағынан отбасы – адамдардың өзінің ішкі өмірін, құпияларын, сырларын, қарсы тұрған сыртқы әсерлерден қызғанышпен қорғайтын тұйық бірлестік. Егер отбасының ішкі өмірін қоғамға ашық етсе, онда ол бірден ыдырап, күйзеліске ұшырауы мүмкін, ал екінші жағынан, отбасы адамдардың қоршаған ортаға, қоғамға ашық, айқын бірлестігі. Мұндай отбасыда өз мәселелері қоғам мәселелерімен қатар қарастырылып, шешімі де ыдырамайды. Керісінше, отбасының дамуына қауіпсіздік және сақтану сезімдерін қамтамасыз ететін мүмкіндік туғызады.
Қандай да тұйық, жабық отбасы болғанымен ол қоғамсыз өмір сүре алмайды. Өйткені оның мүшелері жан-жақты әлеуметтік топтарға, яғни өндірістік, оқу ұжымдарына, балалар ұйымдарына, қоғамдық ұйымдарға, сонымен қатар сауда, денсаулық орындарына қатысты, ондағы адамдармен тығыз байланыста болады.
Сонымен қатар отбасы қоғамдық қарым-қатынасқа оның барлық өмірінің үрдісіне ықпалын тигізе алады. Отбасы адамдарға қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, бірқатар әлеуметтік қызметтер орындалып, қоғамның әлеуметтік құрылымы, бір элементі болып табылады.
Ғалым-педагогтар мен психологтардың ойынша балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы мен олардың берген тәрбиесіне жететін өмір жоқ. Балалардың дұрыс қалыптасуы олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік, қайырымдылық, сезімталдық, т.б. адамгершілік қасиеттерінің даму негізіне байланысты болады.
Сонымен отбасының өзіндік даму тарихы бар. Отбасы – кішігірім мемлекет, әлеуметтік топ. Ол алғашқы адам баласы пайда болған кезеңнен бері қарай дамуда. Ертеде отбасын құру – күнкөріс қамынан, ерлі-зайып қатынасынан, ұрпақ әкелуден туындаған.
Бүгінде отбасыға мынадай анықтама беруге болады: қазіргі заманғы отбасы – ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы некеде құрылған негізгі әлеуметтік топ, сонымен бірге отбасыға -ұрпақтары (ұл-қыздары) да кіреді. Отбасының қызметі бала тауып, тәрбиелеп өсіру, ерлі-зайыптылардың жыныстық, эмоциялық сезімдерін және басқа (әлеуметтік, экономикалық) қажеттерін өтеу.
Ресейде отбасылық қатынастар ХІХ ғ. ортасында ғана зерттеу нысанына алынды. Зертеулердің қайнар көзі ежелгі орыс шежірелері мен әдеби шығармалары болды.Н. Дубакин, М. М. Ковалевский және басқа тарихшылар Ежелгі Орыс халқының отбасылық-некелік қатынастарын терең талдауға алды. Әсіресе, «Домострой» кодексіне – 1849 жылы жарыққа шығарылған ХҮІ әдеби ескерткішіне айрықша мән берілді.
ХХ ғ. 20-50 жж. зерттеулерінде қазіргі отбасылық қатынастардың даму тенденциялары бейнеленді. Мәселен, П.А. Сорокин кеңестік отбасындағы дағдарыстық құбылыстарды талдады: ерлі-зайыптылық, ата-ана-балалық және туыстықбайланыстардың әлсіреуі. Туыстық сезімдердің беріктілігі партиялық жолдастыққа қарағанда әлдеқайда әлсіз болды. Осы кезеңде «әйел мәселесіне» арналған еңбектер пайда болды. А.М. Коллонтай мақалаларында әйелдердің күйеуінен, ата-анадан, аналықтан еркіндігі жарияланды.Отбасы психологиясы мен социологиясы марксизммен үйлеспейтін буржуаздық жалған ғылыммен мәлімделді.
50-жж. ортасында отбасы психологиясы жандана бастады, отбасының жүйе ретіндегі қызметін, некеге түсу мотивтерін түсіндіретін, ерлі-зайыптылық және ата-ана-балалық қатынастар ерекшеліктерін, отбасылық жанжалдасу мен ажырасудың себептерін ашатын теориялар пайда болды; Ю.А.Алешина, А.С.Спиваковская, Э.Г.Эйдемиллер және т.б. отбасылық психотерапиясы қарқынды дами бастады.
ХІХ-ХХ ғғ. зерттеушілер терең ішкі қайшылықтармен ерекшеленетін отбасы дағдарыстарын айқындады. Ер адамдардың өктемшіл билігі жоғалды. Отбасындағы үй өндірісі қызметінің мәні жойылды. Нормативті модель ретінде ерлі-зайыпты мен балалардан тұратын нуклеарлы отбасы қалыптасты.
Революцияға дейінгі Ресейдің Шығыс және оңтүстік аймақтарында отбасылық өмір патриархалдық дәстүрлерге сай құрылды, көп әйелділік, әкенің балаларды шексіз билеуі сақталды.
Кейбір халықтарда қалың мал алу – қалыңдықтың құнын төлеу сақталды.Ата-аналар қалыңдық пен күйеуді нәресте кезінен немесе олар дүниеге келгенге дейін атастырып, мәмілеге келді. Сонымен қатар, қалыңдықты алып қашу да жиі жасалды. Күйеу әйелді алып қаша немесе сатып ала отырып, әйелдің қожайыны болуға толықтай құқық алды. Әрине, бірнеше әйелі бар күйеуге тұрмысқа шыққан әйел тағдыры ауыр болды.Мұсылман отбасыларында әйелдер арасында күндестікті және қызғанышты тудыратын белгілі бір иерархия қалыптасты. Шығыс халқында ажырасу ер адамдар үшін жеңіл саналды, олар әйелін жай ғана қуып шығарды.
Сібір, Солтүстік және Қиыр Шығыста ұзақ уақыт бойына ру құрылымы мен полигамияның сарқыншақтары сақталып келді. Адамдар шамандардың күшті ықпалында қалды.
Отбасылық-некелік қатынастардың қазіргі зерттеулері. Қазіргі таңда ерлі-зайыптылық – ата-ана – туысқандық мәселелеріне теорияда ғана емес,практикада да баса мән берілуде. Ю. И.Алешина, В. Н.Дружинин, С. В. Ковалев, А. С. Спиваковская, Э. Г. Эйдемиллер және басқа да ғалымдардың еңбектерінде отбасы дербестілігімен, тұрақтылығымен ерекшеленсе де қоғамда жүріп жатқан барлық өзгерістерді тікелей немесе жанама бейнелейтіндігі баян етіледі.Барлық өзгерістерге қарамастан отбасы әлеуметтік институт ретінде қиыншылықтарға төтеп бере алды. Соңғы жылдары оның қоғаммен байланысы әлсіреді, әрине ол өз кезегінде отбасына да қоғамға да әсерін тигізбей қоймады. Бүгінгі таңда қоғамда бұрынғы құндылықтарды қалпына келтіру,жаңа бетбұрыстар мен үрдістерді зерттеу, сонымен қатар жастарды отбасылық өмірге практикалық дайындауқажеттілігі сезілуде.
Отбасылық қатынастар психологиясы нервтік және психикалық аурулардың, сондай-ақ отбасы тәрбиесі мәселелерінің алдын алу міндеттерімен байланысты дамып келеді. Отбасы психологиясында қарастырылатын мәселелер әртүрлі: бұл ерлі-зайыптылық, ата-ана-балалық қатынастар, отбасында үлкендермен өзара қатынастар, дамыту бағыттары, диагностика, отбасылық кеңес беру, қатынастарды түзету.
Отбасылардың дамуында соңғы он жылда айқын аңғарылып жүрген бірқатар бетбұрыстарды бөлуге болады:
— дәстүрлі (патриархалдық) түрдегі көпядролық кеңейгенотбасынан нуклеарлы отбасына көшу;
— бала туудың азаюы – ХХ ғ. соңында қазіргі қоғамға тән ерекшелік. Қазіргі қоғамда көп балалы отбасынан аз балалы отбасына көшу әйелдердің өндірістік салаға араласуымен; ерлі-зайыптылардың кәсіби іс-әрекет ерекшеліктерімен, соның ішінде оның жоғары технологиялылығымен; құндылық бағдарлармаен және қазіргі отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен байланысты. Көптеген елдерде бала туу санының азаю себептері: қоғамның экономикалық тұрақсыздығы; жас отбасылар үшін әлеуметтік кепілдіктің төмен деңгейі; балалар мен жеткіншектердің әлеуметтік қамқорлығының әлсіздігі; «білім беру құнының» және білім беру қызметтерінің ақылы секторының салыстырмалы мөлшерінің шарықтауы; денсаулық қорғау, әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғау деңгейінің қанағатсыздығы; ана болу беделінің төмендігі болып табылады. Сонымен, орташа есеппен алғанда көп жағдайда бір балаға төрт ата мен әже келеді. Бұл жағдай отбасы қамқорлығында «қиындық» тудырады – ата-аналарға өзінің қарт ата-аналарына да қамқорлық көрсетуге тура келеді. Сонымен қатар, елімізде отбасы жағдайының ерекшелігі отбасында көмек пен қамқорлықтың өзаралығы болып табылады: ата мен әже –зейнеткерлер жұмыс істеп жүрген балаларына қол ұшын беріп, немерелерін тәрбиелеуге, шаруашылыққа т.б. көмектеседі;
— ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының диспропорциясы. Қарттық жаста және кәрілік кезеңде әйел қауымының басымдығы байқалады, отбасының тауқыметін тартқан жесір әйелдер саны артуда, жұбайынан айрылған әйелдер психологиялық мәселеге ұшырап, жаңа жағдайда өзін-өзі анықтауда қиналады. Қоғамымызда әжелер – өз балаларының «отбасындағы баға жетпес мүшесі», отбасының формалды емес басшысы, немерелерінің тәрбиешісі,«үй басқармасының бастығы», үй иесі т.б. сияқты жаңа рөл алады.
— ажырасу санының артуы. Тұлғаның толық психологиялық реабилитациясы және ажырасудың жағымсыз эмоциялық салдарын жеңуі тек 1-3 жыл өткен соң белгілі болады;
— отбасынсыз және ата-аналармен және жақындарымен қарым-қатынас депривациясы жағдайында тәрбиеленіп жатқан балалар (жетімдер, интернатта тәрбиеленушілер, тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар, панасыз балалар) санының көбеюі. Мұндай бетбұрыс әлеуметтік күйзеліске, соғысқа, төңкеріске ұшыраған өмір сүру деңгейі төменелдерге тән;
— отбасындағы қатынастардың, ең алдымен ерлі-зайыптылық қатынастардыңдемократизациясы мен эгалитаризациясы, рөлдерді қатаң бекітуден ерлі-зайыптылардың серіктестікке, көмекке және өзара қолдауға ауысуы;
— кәмелеттік жасқа толмаған ата-аналар – жасөспірім ата-аналар санының артуы. Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған ата-аналарға әлеуметтік және психологиялық қызмет көрсетуге енді ғана қадам жасалу үстінде. Осыған байланысты, елімізде «балалардан бас тарту», аналардың перзентханадан-ақ баласын тәрбиелеуге жауапкершілік алудан қашуыкөбейіп келеді;
— отбасылық-тұрмыстық жағдайда қылмыстар аны артуда. Отбасында зорлық көрсету және агрессия экстраординарлы құбылыс болудан қалып барады, жан түршігерлік қылмыс отбасында әдеттегі үйреншікті құбылысқа айналып келеді. Отбасындағы зорлық, әсіресе ата-аналардың балаға зорлық көрсетуі ағылшын тіліндегі әдебиетте childabused – «отбасындағы қатыгездік» терминінің пайда болуына әкелді.«Отбасындағы қатыгездік» ұғымы ашық мәселе болып қала бермек. Психологтар отбасылық қатыгездік ұғымына алуан түрлі ата-аналық мінез-құлық көріністерін жатқызады: физикалық агрессия, сексуалды зорлық, баланың негізгі өмірлік (виталды) қажеттіліктерінің қанағаттанбауы, суық қатынастар, эмоциялық жақындықтың кемшілігі;
— баласыз отбасылар санының артуы, ерлі-зайыптылардың «баласыз отбасын» саналы таңдауы. Олардың дүниеге бала әкелуді жиі кейінге қалдыруы – кәсіби білімді тәмамдау, мансапқа жету міндеттерімен, отбасының қиын қаржылық-экономикалық жағдайымен немесе баспана мәселесімен байланысты, балаларсыз «өзі үшін» өмір сүру шешімі артуда, ақырында бұл өзін-өзі жүзеге асырудың жеткіліксіздігін және терең тұлғалық дағдарысты ұғынуға әкеледі. Ерлі-зайыптылар бала туу мүмкіндігі жоқ медициналық себептерге байланысты мынадай мәселелерді шешуге мәжбүрлі –бедеулік, бала асырау, асыранды балаларды тәрбиелеу. Репродуктивті медицинаның дамуы осындай мәселелердің шешілуіне айтарлықтай мүмкіндік жасайды;
Қазақстандық отбасының негізгі ерекшелігі нуклеарлы емес, үш ұрпақтылығымен нәтижеленеді.Нуклеарлы отбасының үлкен үш ұрпақты отбасына айналу себебі жас отбасының қаржылық қабілетсіздігінен, яғни өз бетінше пәтер ала алмау немесе пәтерді жалға ала алмауынан бір пәтерде бірге тұру қажеттілігі болып табылады. Мұндай жағдай отбасылық рөлдердің шиеленісуіне, отбасылық қызметтер тиімділігінің төмендеуіне, жанжалдың, отбасылық мазасыздық пен эмоциялық күйзелістің артуына себепші болады.
Отбасылық қатынастар психологиясының дамуындағы жаңа бағыт – оның әдіснамалық негіздерін жасау болып табылады, оған негізделу фрагменттілікті, кездейсоқтықты, интуитивтілікті болдырмауға мүмкіндік береді. Негізгі әдіснамалық жүйелілік принципі бойынша отбасылық қатынастар құрылымдық біртұтастықтан тұрады, оның элементтері бір-бірімен тығыз байланысады. Бұл ерлі-зайыптылық, ата-ана-балалық, бала-ата-аналық, бала-балалық, ата-әжелік-ата-аналық, ата-әжелік-балалық қатынастар.
Маңызды әдіснамалық синергетиялық принцип отбасылық қатынастар динамикасын дағдарыстық кезеңдер тұрғысынан қарастырады.
Қазіргі таңда өзара қатынастары бұзылған отбасыларды емдеудің жалпы заңдылықтарын қарастыратын, жинақталған тәжірибелерді біріктіретін жүйелі, ғылыми тәсілдемеге негізделген отбасы психотерапиясы қарқынды жасалып келеді.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Отбасылық қатынастар психологиясының даму кезеңдерін
атаңыздар.
2. Ежелгі отбасылық қатынастарға сипаттама беріңіздер.
3. Моногамды отбасын сипаттаңыздар.
4.Балаларға қатынас динамикасын ашыңыздар.
5. Қазақстандағы отбасылық қатынастар ерекшелігі неде?

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *