СТУДЕНТТЕРМЕН ЖҮРГІЗІЛЕТІН ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚТАР МЕН ТӘРБИЕЛІК ЖҰМЫСТАР
«Мүсін» жаттығу
Мақсаты: отбасы құндылықтарын, кәсіби бағыттылықтарын кеңейту.
Жүргізілу ережелері: Отбасындағы шынайы жағдайлардың ерекшеліктерін бейнелеу:
— мүсін жасауда аз дегенде отбасының 3-4 адамы болуы;
— жеңіл орнынан жылжытуға болатын үй жиһаздары;
— отбасы мүшесінің (келмеген адамды еске түсіретін заттың) бейнеленуі;
— отбасы мүшелерін еркін мүсіндеуге барлық жағдай туғызу.
Мүсінді талдау кезеңі.
Қатысушы идеалды отбасы туралы түсінігін бейнелейтін мүсін жасайды. Қатысушылардың біреуі (өз еркімен) отбасы композициясын жасайды. Ол үшін өзіне қажетті адамдарды таңдайды және оларды отбасыдағы өзара қарым-қатынас, өзара әрекет түрінде бейнелей отырып орналастырады. Нәтижесінде қатып қалған мүсін немесе «жанды сурет» жасалады. Мысалы, отбасының түскі ас кезіндегі үстелдің айналасында отырғандарын немесе серуенде жүргендерін бейнелеуге болады. Әр қатысушыға оның қандай кейіпте тұратыны хабарланады. Көрініс қойылғаннан кейін, «суретші» суретте кім бейнеленгенін немен әуестенетінін әңгімелейді. Содан кейін әр қатысушы кезектесіп өз сезімдерімен бөліседі:
1. Жасаған мүсіні қаншалықты жайлы болды?
2. Бауырлары неге өте жақын немесе алыс қашықтықта орналасқан?
3. Жанұяның барлық мүшелері көз алдында болды ма?
4. Жасаған жұмысы қаншалықты ұнады?
5. Несімен ұнады, ұнамады?
т.с.с. талдаудан кейін олар өз қалаулары бойынша өз орындарын және позаларын өзгертулеріне болады, нәтижесінде жаңа бір сурет пайда болады.
«Кино» жаттығуы
Нұсқау: Қазір жайлы жайғасып отырыңыздар. Көздеріңді жұмыңдар, өзіңді отыз жастағы адамдай сезініңіз, дәл қазір сіз туралы фильм түсірілуде. Сіз сол фильмді ойда жоқта көріп қалдың. Фильмнің басты кейіпкері ретінде өзіңді қалай сезініп тұрсың, немен шұғылданасың, кімдермен тұрасыз тағы басқада ерекшеліктеріңді байқап, әңгімеле. Сол фильмнен қандай да бір үзінділерін суреттеп бер».
Талдау: 1. Осы фильмге көңілің толды ма? 2. Фильмдегі өзіңе көбірек ұнаған жері? 3. Саған ұнамаған жерлер болды ма? 4. Толық қанағаттанбасаң, онда өзіңнің қай жерлеріңді өзгерткің келеді? 5. Ол үшін саған не істеу қажет?
Арттерапия
Баламен көптеген мәселелер бойынша суреттер салып, оны талдау жасауға мүмкіндік беретін тағы бір жан-жақты әдіс болып табылады. Олардың бірнеше сәттеріне тоқталуға болады.
— Ойын кезіндегіндей, бұл жерде де сюжеттің ауысуына және мәселелі тақырыптарды айқындау тәсілдерінің өзгерісіне ерекше көңіл бөлген маңызды. Өзгеріс бірден ауқымды болмайды. Мұндай өзгеріс салынған кейіпкерлердің көлемінен, түстерінен байқалады. Сурет түсінің қара түстерден ашық түстерге өзгеруі, кейіпкер көлемінің ұлғаюы – басым позитивтіліктің қалыптасуын білдіретін маңызды көрсеткіштер болып табылады.
— Баланың салған суреттері бойынша әңгіме құрастыру пайдалы болып табылады.
Бұл жерде не болды? Бұл кім? Ол қандай? Ары қарай не болды? Суретте саған не ұнайды? Егер де жағымсыз кейіпкер туралы әңгіме қозғалатын болса- оны қалай реттеуге болады? Оған қалай көмектесуге болады? Одан жақсы болу үшін не істеуге болады? Оны жақсарту үшін не істеу керек?
— Оқиға түрінде сурет салу әдісін қолдануға болады- мысалы, «әзіл суреттер». Балаға бірнеше шаршыларға бөлінген парақ беріледі, онда баламен бірлесе отрып оны мазалайтын қандай да бір жағдай бейнеленеді. Бейнелеу үшін сызбалы суреттер қолданылады (қалайтын болса, бала суретті толық аяқтайды). Берілген оқиғада жағымды және жағымыз бейнелер баланың ішкі жан дүниесін танып білуге мүмкіндік береді. Әрі қарай қандай психологиялдық көмек ұйымдастырудың жолдарын табуда маңызды болып табылады.
Ертегі терапиясы (терапиялық оқиғалар шығармасы)
Әңгімелер, әсіресе ертегілер балалармен қарым-қатынас жасаудың тиімді құралы. Ертегілер бірнеше ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Ертегілерде балалық дүниетаным үшін маңызды мәселелер қалыптасады. Ертегілерде мейірімділік пен зұлымдықтың, олардың арасындағы қарама-қайшылықтардың, қорқыныш пен әділетсіздіктің болатын туралы айтылады, бірақ ең бастысы, онда қиын жағдайлардан шығу жолдары айтылады.
Ертегілер ыңғайлы жағдайда балаға өз қиындықтарын сезінуге және олармен әрекетті тәсіл арқылы күресу мүмкіндіктерін береді. Баламен оны мазалайтын тақырпқа әңгімелесуден гөрі, баланың ертегілерді жақсы қабылдауы өте маңызды, өйткені онда баланы айыптамайды, мазалап жүрген мәселе бойынша сұрақтар қойылмайды.
Коллаж «Менің қазіргі отбасым» және «Менің болашақтағы отбасым»
Отбасының барлық мүшелері қатысады. Оларға осы тақырыптарда екі коллаж жасау ұсынылады немесе қалаулары бойынша бір тақырыпты таңдайды. Коллажбен жұмыс жасау үшін бір көлемдегі қатты қағаз, түрлі-түсті қағаздар, ескі кітаптар, газет, журналдар қажет.
Коллаж жасап болғаннан кейін жанұя мүшелері өз жұмыстары туралы әңгімелейді.
Менің және анамның қолы
Мақсаты: отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сенімін, эмоционалдық қарым-қатынасын анықтау.
Жаттығуды ата-аналарымен балалары қатысқан іс-шарада жүргізуге болады.
Бала мен ата-ана бір-біріне қарама-қарсы тұрып, жүргізушінің айтқандарын орындау қажет. Қатысушылар психологтың айтқандарын толық қайталап, жасап отырады:
1. Бір-бірімен сұқ саусақтарымен «Сәлемдесу»
2. Шынтақтарымен бір-бірлерінің шынтақтарын сипалау.
3. Ортаңғы саусақтар көмегімен күш сынасу.
4. Серіктестің біреуі алақанымен екіншісінің бармағын қысып ұстау
5. Маңдайларын тигізу арқылы сырласу.
6. Бір-бірлерімен тізе тіресіп тұру.
7. Бір-бірлерімен шапалақ соғысып қоштасу.
Сабақта жаттығу тек сол қолмен орындалады. Үй тапсырмасы ретінде қатысушыларға тура осыны қарама-қарсы саусақтармен жасау ұсынылады.
Бала денесі суретін бірлесіп салу
Мақсаты: ата-ана мен бала арасындағы демократиялық қарым-қатынасты нығайту, баланың өзін-өзі қабылдауын және жағымды эмоционалды жағдайда өзіндік бағасын көтеру.
Жаттығу кезінде бала-ата-анасымен бірге сурет салады. Столға А4 қағазы қойылады. Оған бала қолын қояды, ал анасы оның сыртынан жүргізе отырып, көшірмесін жасайды. Ендігі кезек анасынікі. Енді осы екі қолдың алақанына түрлі түсті фломастерлермен сурет салынады. Анасы мен баласы бір-бірінің суретіне қарамайды. Сурет салынып болған соң, анасы баласына, баласы анасына суреттерімен алмасады. Баласы «Менің анамның алақаны …» ондағы суретті қолдана отырып әңгіме құрайды. Одан кейін анасы суреттегі баласының алақандағы суреттер бойынша әңгіме құрайды.
Соңында баладан, сен анаңның алақанынан не сезіндің?
Анасына, сіз балаңыздың алақанынан не сезіндіңіз деген сұрақтар бойынша ішкі сезімдерін анықтауға болады.
«Көліктер» жаттығуы
Мақсаты: ата-ана мен бала арасындағы физикалық байланысты, тактильді түйсіктерді дамыту.
Жаттығу жұппен жүргізіледі: ата-ана және бала. Бала «көлік» рөлінде болады, ата-ана «көлікті жуушы». «Жуушының» көздері жабық немесе байланған. Бес минут ішінде «көлікті» ретке келтіреді: барлық әрекеттерін айта отырып жуады, сүртеді, мүмкіндігінше мейірімді сөздер көбірек қолданылады. Содан кейін ата-аналар мен балалар орындарымен алмасады.
«Ия-жоқ» өзін қабылдауға арналған жаттығу
Мақсаты: Ата-аналар мен балалар арасында жақындық сезімдерін, бір-бірлерін қабылдау, түсіну, қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
Ата-аналар мен балалар бір-бірлеріне иықтарымен сүйеніп кілемнің үстінде отырады. Сенімді түрд берілген сұрақтарға жылдам жауап береді:
1. Маманың туған күні.
2. Бүгін аптаның қай күні.
3. 28-ші саны бар ай.
4. 1 сағатта қанша минут бар.
5. Балаңыздың сүйікті тағамы.
6. Үйдегі машинаның түрі.
7. Сізді үйге апаратын автобус.
8. Сіз тұратын қаланың аты.
9. Маманың сүйікті әуені.
10. Сынып жетекшісінің есімі.
Жаттығудан кейін талдау жасалады: кім жылдамжауап берді, жауапсыз болған сұрақтың саны. Бұл арқылы отбасындағы рефлексивті қарым-қатынасты анықтауға болады.
Бала мен ананың бірлесіп сурет салу жаттығуы
Мақсаты: Ата-аналар мен балалар арасында жақындық сезімдерін, бір-бірлерін қабылдауларын қалыптастыру, қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
Ата-анамен бала жұптасып сурет салады. Екеулері бір қаламмен, оң қолмен сурет салу ұсынылады, бірақ өзара сөйлесіп, келісім жүргізуге болмайды.
Аяқтап болғаннан кейін әр жұп өз шығармасы туралы әңгімелейді: сурет қалай салынды. Қатысушылар сурет салу кезінде қандай сезімде болды, өзінің тәжірибесі бойынша (ата-анасымен) сезімдері, қаншалықтысол тәжірибеніболашақта дұрыстағысы келді, пікірін ортаға салғысы,нұсқау бергісі келді, осылай жұмыс жасау ұнамады ма, серіктестік ұнады ма, несімен ұнады т.б.
«Менің отбасым –қазір және ертең»
Тренинг мақсаты: өзінің отбасылық тәжірибесін түсіну және қабылдау; жыныстық –рольдік иденфикация, қарама –қарсы жыныс өкілімен қатынас орнату іскерлігі, отбасындағы қарым –қатынас, отбасының болашағы жайлы түсінік қалыптастыру.
Қойылған мақсатына сәйкес тренинг 3 кезеңнен тұрады.
1. Өзінің отбасылық тәжірибесін түсіну және қабылдау. Өзінің отбасылық тәжірибесін түсіну мен қабылдау өмірін одан әрі дұрыс құруға қажет. Өзінің барлық уайымдауларын анықтай біліп, ата –аналарға деген қарама –қарсы сезімдерін айыра білу өте маңызды.
Тренинг барысында қатысушылар келесілерді орындауы қажет:
— отбасындағы өз бағытын анықтай отырып, өзіндік бақылау дағдыларын жетілдру;
— өзіндік сананы арттыру;
— отбасының жүйелік табиғатын түсіну;
— дисфункционалды отбасындағы қатынастар динамикасы туралы түсінік алу;
— өз отбасыларындағы қатынас динамикасы жайлы түсініктерін жетілдіру;
— өз отбасындағы бұрын ескермеген қарым –қатынас ерекшеліктерін түсіну;
— өзіндегі және отбасындағы мүмкіндіктерін өзгерту.
«Отбасы мүсіні»жаттығуы
Жаттығуды орындау үшін әртүрлі өмірлік жағдайларды ойнау үшін қажет болатын жиһаздар жиналған бөлме қажет.
Әр қатысушы кезекпен мүсіншіге айналады. Ол өз отбасының бейнесін «жанды мүсін» үлгісінде жасайды. Бұл үшін ол қатысушылар арасынан отбасы мүшелерін өзі таңдап, бөлмеге орналастырады. Идеал ретінде мүсінші өзінің роліндегі басқа адамды да таңдады. Егер отбасы мүшелері қатысушылар санынан көп болса, мүсінші өз ролін өзі ойнайды. Мүсінді аяқтағаннан кейін мүсінші өзінің жұмысын талдайды. Неліктен отбасы мүшелері осылай орналасты. Бұдан кейін жетекші мүсіншіге отбасын өзі көргісі келетіндей етіп қайта орналастыру ұсынылады.
«Отбасы оқиғалары» жаттығуы
Жаттығуды орындау үшін үлкен қағаз парақтары және түрлі –түсті қарындаштар немесе фломастерлер қажет болады.
Әрбір қатысушы қағазды екіге бөледі де, екі отбасылық естеліктің суретін салады –бақытты және жағымсыз құбылыстардың бір ғана отбасы ішінде болатынын бейнелейді. Сурет салып болғаннан кейін, әр қатысушы топқа өз суретін көрсетеді де, салынған оқиғаны түсіндіріп береді.
«Отбасын ойнайық»жаттығуы
Топ «отбасыларға» бөлінеді.Ішкі топтар бөлменің әртүрлі бөліктерінде орналасады. Қатысушылар міндеті – «отбасы» құрамын, отбасы мүшелерінің жас ерекшелігін, отбасылық рөлдерді анықтайды. Әр қатысушы немен айналысатынын, қайда қызмет атқаратынын, қандай киім киеді, таңертеңгілік асқа не жегенді жақсы көреді деген сияқты мәселелердің барлығын ойластырады. «Отбасы» мүшелері жай күн мен демалыс күндерді қалай өткізіетіні жайлы, отбасы міндеттерін қалай бөлетіні жайлы, қарым-қатынастары қандай, отбасы сұрақтарын коллегиалық түрде шешеді ма, әлде отбасының басты адамы бар ма деген сияқты мәселелерді шешеді. Отбасы өз тегін ойлап табады. «Отбасы» өз елтаңбасын жасап, девиз құрастырады, сонымен қатар қоршаған адамдарға айтпайтын отбасылық құпиясын ойластырады. Барлық ойластырулар қағаз бетіне жазбалар және суреттер түрінде тіркеледі. Суреттердің саны мен мазмұны әр отбасында жеке немесе жалпы орындалады –ішкі топ өзі шешеді.
Егер топта кеңес берушіден басқа тағы да бір ересек болса, онда олар әртүрлі «отбасына» тарайды. Олар кіші балалардың рольдерін алуы қажет.Бұл жағдайда қатысушылар өз бетінше әрекет етуді және шығармашылық белсенділікті неғұрлым көп көрсетеді.
Тапсырманы орындағаннан кейін әрбір ішкі топ кезекпен өз «отбасын» таныстырады, содан соң «отбасына» нақтылаушы сұрақтар қойылады.
Бір маңыздысы – қатысушылар қандай отбасы құрамын таңдайтынын анықтау қажет: толық отбасы ма? әлде толық емес пе? отбасында балалар бар ма? Жеткіншектер әдетте отбасының басты адамы ретінде әкесін таңдайды. Ол көбінесе фирмасы бар және жеткілікті түрде бай. Отбасында әдетте әжесі мен атасы бар, қатынастары жақсы, бір- бірімен ұрыспайды. Жеткіншектерге отбасылық проблемалар туралы түсініктері аз болғандықтан, жетекші көмектеседі. Көптеген ұсыныстардан қатысушылар бас тартады, тек бұл мәселелер уақытша болса ғана оңай шешілетін болса ғана келіседі. Мысалы, ұлы жоғары оқу орнына түсе алмады, келесі жылы көреді. Ал науқастану, алкоголизм, кедейлік деген сияқты мәселелерден бас тартады.
Жаттығуды орындап болғаннан кейін, бірден келесіні жүргізу қажет.Өйткені отбасы қандай да бір уақыт құрылып, «өмір сүрді».
«Бір тізбекпен байланысқан» жаттығуы
Әрбір отбасында оның мүшелері бір-бірімен тығыз байланысады, қарым-қатынасқа түседі, бір-біріне әсер етеді. Берілген жаттығу отбасындағы қатынасты түсінуге мүмкіндік береді. Орындау үшін әр қатысушыға 1 метр ұзындықтағы жіп үзіндісі мен әрбір «отбасы» үшін жіп орамасы және қайшы даярлап қою қажет.
Қатысушылар беліне жіпті байлайды. Содан соң «отбасылар» қолдарын созғандағы аралықта кейін тұрып, беліндегі жіпті тағы да басқа жіппен байланыстырады.Барлық отбасы мүшелері байланады. Ешкім бос қалмауы қажет.
«Бұл сіздердің әрдайым байланыста болатындарыңызды сезіну үшін». Қандай да бір күнделікті жағдайды елестетіп, әрекет ете бастаңыз. Мысалы, анасы мен әкесі бір-біріне жақындап, құшақтасқысы келеді немесе ұлы өз ойыншықтарымен ойнағысы келеді.
Сіздер өздеріңізді қаншалықты байланғаныңызды сезіндіңіз? «Отбасы не істегісі келеді, сонда барлық мүшелер қайда болды? Қай жерде қысым пайда болды? Оны азайту үшін не істей аламыз?
Бұл жіптерді әртүрлі сезімдер ретінде қарастыруға болады: махаббат, мазасыздық, қобалжу, басқаларға жауапкершілік. Біз әр адам өзінің жеке өміріне құқысы бар деп жіптерді босатамыз.
Өзінің болашақ отбасы жайлы түсініктері» жаттығуы
«Көздеріңізді жұмып, босаңсыңыз және барлықтарыңыз өзіңіздің ішкі кеңістігіңізге еніңіз. Сіз ересек адам екендігіңізді көз алдыңызға елестетіңіз. Міне сіз көшеде келе жатырсыз, өз үйіңізге жақындадыңыз, баспалдақпен көтеріліп келе жатырсыз, есікті өз кілтіңізбен ашасыз. Сіз не көріп тұрсыз, не істеп тұрсыз, қандай иістер сезесіз? Сіздің отбасыңыз сізді қуана қарсы алып жатыр немесе әркім өз ісімен айналысып жатыр? Сіз бөлмеге өттіңіз. Жақсылап қарап алыңыз, не көріп тұрсыз, онад кім бар екен?»
Содан соң әрбір қатысушы не көргені жайлы айтып береді. Бұл жаттығуды топ қатысушыларының күйін анықтау үшін тренинг барысында бірнеше рет жүргізуге болады.
«Менің отбасым қазір және болашақта» жаттығуы
Қатысушыларға осы тақырыпқа екі коллаж жасау ұсынылады. Коллажбен жұмыс істеу картонның үлкен парақтары немесе ватман және әртүрлі қағаз, түрлі- түсті газеттер, журналдар, ашық хаттар, жарнамалық қағаздар, ескі кітаптар. Әдетте жеткіншектерге коллаж жасаған ұнайды, бірақ ұсынылған тақырыптар кейде қиындық тудырады. Жеткіншек өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Тек өзі ғана отбасын белгілейтіндей болып көрінеді. Бұл жағдайда жетекші жеткіншекке қолдау көрсетіп, оның назарын басқа жақын адамдарына аударуға ұмтылу қажет.
Коллаж жасап болғаннан кейін қатысушылар өз жұмыстары жайлы әңгімелеп бере алады.
Немесе тағы бір нұсқаны қолдана алады «Біздің отбасы» тақырыбында жаттығу барысында құрылған отбасы мүшелері біріге отырып коллаж жасайды.
«Идеалды отбасы» жаттығуы
Жеткіншек идеалды отбасын қалай елестетеді? Онда ата- аналар қандай қызмнт атқарады? Жеткіншектердің балаларды «дұрыс» тәрбиелеу, «жақсы» балалар жайлы түсініктері қандай? Ата-аналардың олардан не күтетінін қалай түсінеді? Бұл тақырыптарды тек талқылауға ғана емес, сурет түрінде бейнелеуге болады.
Кіші жеткіншектер идеалды отбасын ата-аналарының балаларына деген махаббатымен түсіндіреді. Олардың пікірінше, махаббат дегеніміз баланың қалағанын сатып әперуде, ештеңеге қарсылық көрсетпеуден көрінеді. Ал бала барлық уақытта ата-анасын тыңдайды, айтқан нәрсенің барлығын істейді. Ата-аналары өз балаларын ешқашан жазаламайды.
«Идеалды отбасы өмірі» жаттығуы
Топ қатысушылары отбасының өміріндегі қуанышты немесе қайғылы оқиғаларды таңдап сахнада ойнайды. Қатысушылардың біреуі (өз еркімен) басқалардың арасынан рольге адамдар таңдайды да, идеалды отбасы өмірінен үзінді ойнайды. Қалған қатысушылар –көрермендер. Көрініс біткеннен кейін, көрермендер көргені жайлы өз пікірлерімен бөліседі. Содан соң көріністі басқа адамдар ұйымдастырады да, қалғандары көрермен болады. Бұл отбасына шын мәнінде не қажет, қатынастар, мәселелер, отбасының дамуы жайлы талқылау жүргізуге мүмкіндік береді.
«Өзіңе қолайлы жағдай жаса» жаттығуы
Жаттығу қатысушылардың бір-біріне вербалды емес формада бағытталуын қажет етеді, бұл отбасылық өмірдің аналогиясы болып табылады. Біріншіден, жұптарға бөлініп, бір- біріне арқасымен орналасып, дене босаңситындай етіп өзіне ыңғайлы жағдай тауып алу қажет; екі жаққа да ыңғайлы болу үшін қысымды түсіру қажет. Содан соң жұптарға үшінші қатысушы қосылады (ата-аналардың баласы пайда болады). Жаттығу оңай бола салмайды, біреулерге ыңғайлы болады, ал келесілерге қысымды сезінумен байланысты болуы да мүмкін.
«Нәресте» жаттығуы
Бұл жаттығу қойылым түрінде жүреді. Үш қатысушыны таңдайды. Оның екеуі – әкесі мен анасы, ал үшіншісі – нәресте. Ол әлі сөйлей алмайды, тек төсекте жатыр. Ол тек ым-шара және дыбыстар арқылы ғана жауап береді. Ата-аналар нәрестеге жақындап, онымен ойнайды, тамақтандырады, жаялығын ауыстырады, оның нені қажет ететінін түсінуге тырысады. Бес минуттан соң қатысушылар рольдерімен ауысады. Ойынның барысында жетекші отбасының өмірінде болатын қандай да бір жағдайды ойластыруы мүмкін, мысалы, телефон соғады немесе қонақ келеді. «Нәресте» бірдеңе қажет еткен уақытты алуға болады. Жаттығу аяқталған соң, әр «отбасы мүшелері» өз пікірлерімен бөліседі. Не ойлағаны жайлы, қосалқы жағдай қалай әсер етті. Содан соң қойылымды басқа қатысушылар ойнайды.
«Дүкен» жаттығуы
Қатысушылар «отбасылық жұптарға» бөлінеді. Барлық жұптар бір қатарға отырып, дүкеннен зат сатып алады. Оның сатушысы ролін жетекші ойнайды. Ойын шарты бойынша барлығы дүкенге суға түсетін киімдерімен келеді. Бір нәрсе сатып алу үшін консультант жасырған сөзді табу қажет. Консультант суретті алып (мысалы, балалар лотосының карточкасы), бірінші жұпқа келіп сұрақ қояды: «Бұл қандай жеміс (көкөніс, жануар, жихаз) ? Әр жұп кезекпен атап өтеді. Жауабын тапқан жұптар кез келген затты сатып алуға мүмкіндік алады. Әдетте қатысушылар алдымен киім- кешек, кейіннен пәтер, жиһаз, көлік алады.
«Ерлі-зайыптылар» қаншалықты затты сатып аларда кеңесті? Серіктесінің пікірлерімне санасты ма?Олардың қызығушылықтары қаншалықты сәйкес келеді? Қатысушылар олардың жұптарының қаншалықты байланысты екндігін талқылайды.
Әдетте жаттығу өте қызықты өтеді; сол себепті де бұл жаттығуды топ бірлігін арттыру мақсатында да қолдануға болады.
«Отбасылық оқиға» жаттығуы
«Отбасы» мүшелері топпен құрылған шеңбердің ортасына жайғасады. Олар отбасындағы рольдерін анықтап алады да, жетекші оларға қандай да бір отбасында қуанышты немесе өкінішті жағдайдың болғанын айтады, мысалы: «Сіздің отбасыңыз лотореядан үлкен ақша ұтып алды» немесе «Әкесі аяғын сындырып алды», оларға пікірталас жүргізуді ұсынады. Жетекші көрермендерге алдын- ала «отбасы» қаншалықты мәселені бірлесе отырып шешетінін бақылауға нұсқау береді. Немесе әр көрерменге нақты «отбасы мүшесінің» мінез- құлқын бақылауды ұсынуға болады. Мысалға, ұтыс жағдайында отбасы мүшелері неге ақша кетіруді қалайды:оқуға, саяхатқа, бір нәрсе сатып алуға;басқаларды өз ұсынысымен қызықтыра алды ма; дәлелдерді қаншалықты ұсына алады.
Талқылаудан кейін, бірнеше қатысушылар орын ауыстырып ортаға отырады да, басқа тақырыпты талқылайды.
Осылайша әртүрлі жағдайды келтіруге болады. Мысалы, анасының әкесі ауылда тұрады, оның өз үйі және шаруашылығы бар, ол ауырып қалды, бірақ қалаға келгісі келмейді. Отбасы не істейтінін шешуі қажет. Қойылымды ойнағанға дейін әр отбасы мүшесінің қалауларын анықтап алуға болады. Мысалы, анасы ауылға кеткісі келеді, өз шаруашылығымен айналысқысы келеді, әкесі мұны қаламайды, өйткені оның қалада жақсы жұмысы бар, үлкен ұлының да барғысы келмейді, өйткені оқуға түспек ойы бар, кіші үлы барғысы келеді, жазда шомылуға болады, қыста шаңғы тебуге болады. Осы жерде шешім қабылдауға көп ықпал еткен кімболды, «ата- аналар» қаншалықты «балаларының» пікірін ескере алды, «отбасы» ортақ пікірге келе алды ма, келісімге келе алды ма, сол сияқты мәселелерге көңіл бөлу қажет.
«Отбасы өмірінен жағдай» жаттығуы
Қатысушылар екі топқа бөлінеді де, кез-келген өмірлік жағдайға қойылым ойнайды. Бұл бұрынғыдан немесе болашақтан алынған жағдай болуы мүмкін. Сөзді қолдануға да, қолданбауға да болады. Ең бірінші ым- ишара, қимыл- әрекетке көңіл бөледі, яғни қатынас пен сезімнің берілуі. Сөзбен берілетін бөліктерінде қатысушылар ойланып табатындай етіп жасырын сөздермен бере алады. Қойылым ойналып болған соң тоқталады. Көрермендер мен жетекші жағдайды талқылайды. Көрермендер орын ауысып, басқа жағдайды ойластырады.
Жыныстық рольге идентификация, болашақ серіктесті табу
Тренингтің бұл кезеңінің мақсаты- жеткіншектерге өзінің жыныстық ерекшелігін түсініп, ер адам мен әйел адамға тән сәйкес бейнесін қалыптастыра білуге, өз жыныс ерекшелігін қабылдай білуге көмектесу. Мұнда көбінесе ұл бала мен қыз бала арасындағы қарым- қатынасты басынан өткеру; болашақ серігінің бейнесі, серіктесімен махаббат пен өзара қатынас сияқты тақырыптарға назар аударылады.
«Ұл деген кім және қыз деген кім»? жаттығуы
Егер топта екі жыныс өкілі де болса, екі топқа бөлінуге болады. Қыздар «қыз деген кім»? тақырыбында коллаж жасайды, ал ұл балалар «ұл деген кім»? тақырыбында коллаж жасайды. Коллаж жасау- қиялдың дамуына ықпал етуші қызықты әрекет. Жұмыс орындалғаннан соң, әр топ өз туындылары жайлы әңгімелеп береді. Әңгімелеуде қатысушылардың жас ерекшелігіне сай ұл балалар мен қыз балалардың, ер адамдар мен әйел адамдардың денелік айырмашылықтары туралы кітаптар қолданса болады.
«Біздің сұрақтарымыз» жаттығуы
Жетекші ортаға қорабша қояды да, қатысушыларға өздері дауыстап сұрауға батпай жүрген, ұялып жүрген сұрақтарын қағаз бетіне жазып, қорабшаға салуға болатындығын ұсынады. Есімін жазудың қажеттігі жоқ екнін ескертіп қою қажет. Жеткіншектер өзін қауіпсіздікте сезінуі қажет. Егер сұрақтар көп болса, келесі сабақтарда да қ олданса болады. Егер сұрақтар аз болса, қорабшаны бір жерге қойып, қатысушылардың сұрақтарды басқа кездесулерде де қоя беруіне мүмкіндігін жасау қажет.
Ер адамдар мен әйел адамдар жайлы біздің түсінігіміз көп дәрежеде мәдени стереотиптерге байланысты. Әйел адам жұмсақ, нәзік жан болатыны, қатал әрі ашуланшақ болмауы қажет деген стереотиптер қабылданған. Ал ер адамдар болса, бұл күш және қатаңдық, ол жылап қалып немесе нәзік болмауы керек. Осы стереотиптерге сүйене отырып, ер адамдар әйел адамдарды әлсіз және тәуелді ретінде, ал әйел адамдар ер адамдарда қаталдықты көреді. Бірақ табиғи ерекшеліктеріне, тәрбиесіне, нақты жағдайға сәйкес әйел адамдар да, ер адамдарға нәзік және қатал, күшті және әлсіз бола алады. Ер адамда нәзіктік дамымаса, әйел адамдағы осы қасиетке әсер ете алады ма? Әйел адам ер адамның қаталдығы мен шыдамдылығы жайлы түсінігі болмаса, қалай бағалайды?
Жеткіншектермен олардың идеалды ер адам мен әйел адам туралы түсінігіне әңгіме жүргізуге болады.
«Сұраңыз – жауап береміз» жаттығуы
«Бұл жаттығу сіздерге қарама- қарсы жыныс өкілінен қыз бала мен ұл бала арасындағы қатынас жайлы пікірлері мен көзқарасын сұрауға болады. Ұл балалар бұл сұрақты қыздар қалай талқылайтынын және керісінше естиді.
Әр қатысушы парақ бетіне бір сұрақтан жазады. Сұрақ тақырыптары- ұл балалар мен қыз балалардың қатынасы және кездесу.Мысалы, кездесуде не істеуді ұнатасың? Біреуге ұнайтыныңды қалай анықтай аласың?Ұл балалардың (қыз балалардың) киім киісінің қандай стилі ұнайды?»
Ер балалар мен қыз балалар топтары екі жаққа тарайды да біріге отырып сұрақтар тізімін жасайды. Әр сұрақ жеке параққа жазылып, парақтар екі қорабшаға немесе кәрзеңкеге салынады.
Сұрақтарды талқылауды қыздар бастайды. Біріншіден, қыз балаларда сөйлеу әрекеті жақсы дамыған, сұрақтарды талқылау бірден қызықты пікірталасқа айналады. Екіншіден, жеткіншек қыз балалар ұл балаларға қарағанда «ересектеу» болып саналады. Демек қыз балалар, ұл балаларға үлгі бола алады.
Қыз балалар жерге шеңбер қүрып отырады, ал ұл балалар олардың артына орындықта отырып, пікірталасты бақылап отырады. Қыздар кезекпен сұрақтарды бір- біреуден шығарып, оны дауыстап оқып, талқылайды және оған жауап береді. Сұрақты оқытып, қатысушы оны талқылауды жүзеге асырады. Егер ұл балалардың біреуі бір нәрсені нақтылағысы келсе, қолын көтеріп, сөз берілгенше күтеді. Сұрақтардың барлығы талқыланғаннан кейін, ұл балалар ортаға отырып қыз балалардың сұрақтарын талқылайды, ал қыздар болса жетекшілер рұқсат бергенше сөйлей алмайды.
«Біреудегі екеу» жаттығуы
Бұл жаттығу жеткіншектерге «ер адамның» және «әйел адамның» мәдени ерекшеліктерін түсіну және өзіндік әлем ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Жеткіншектер интуициялық түрде өз жынысының құндылықтары, идеалдары мен қызығушылықтарыәлеміне енеді. Ересек кезеңде санадан өткенді өзгерту қиынға соғады: түсініктер, стереотиптерге айналып, басқа адамдармен қарым- қатынас орнатуға мүмкіндік бермейді.
Бұл үшін ер адам және әйел адам әлемімен дәстүрлі түрде байланыстыратын әртүрлі заттарды даярлап қою қажет. Қыздар үшін бұл киімдері бар қуыршақтар, ыдыс- аяқтар, ойыншық төсектер, боянатын заттар, зергерлік бұйымдар, шарфтар, сөмкелер мен гүлдер т.б.Ұл балалар үшін – ойыншық машиналар, мотоциклдер, қарулар т.б.Сонымен қатар қағаздар, борлар, қарындаштар, матаның үлкен қиықтары қажет болады, олармен бөлмеде жоқ заттарды толықтыруға болады. Қыз балаларға «әйел әлемін», ал ұл балаларға -«ер әлемін» жасау ұсынылады. Бөлме шартты түрде екіге бөлініп, қатысушылар басқа әлемнің қалай құрылып жатқанын көре алады. Ұл балалар да «әйел» затымен қолдана алады, және керісінше.Бұл жеткіштерге өз қиялдарын стереотиптерге сүйенбестен көрсете білуіне мүмкіндік береді. Қыз балалар мысалға: пиваның бос ыдысын, бөтелкелерді, қаруларды жиі қолданады. Ал ұл балалар болса: қалпақтар киіп, еріндерін бояп, қыз балалар сияқты сөйлейді.
Жаттығу жүргізу барыснда топтың біріктірілуі өте маңызды. Кейде жеткіншектер бір ғана «ер (әйел) әлемін» ғана емес, бірнеше ішкі топқа бөлініп, бірнеше әлем жасайды.
«Құрастырылған кеңістікте кім өзін қалай сезінеді ? Өз әлемі туралы не айтқысы келеді ? Сіздің әлеміңіздегі өмір қалай өтеді ?»
Әңгімелесуден кейін бір нәрсе қызықты болып көрінсе, жетекші мен қатысушылар сұрақ қою акрқылы нақтылай алады. Содан соң қыз балалар «ерлер әлемі» жайлы жаңадан білген нәрселері туралы өз ойларын айтады, және керісінше. Әр топқа ватман қағаз және борлар беріп, қарсы жыныс өкілдерінің әлемін құрып, түсіндіріп беруіне ұсыныс жасалына алынады.
Содан соң бір –біріне қонаққа келуге, немесе екі әлемді де біріктіріп көруге болады, егер қатысушылар мұны қаласа.
Тарбие сағатының тақырыбы: Отбасындағы әкенің қадірі
Тәрбие сағатының мақсаты: отбасындағы әкенің орны, оған деген құрмет пен сыйластық сезімін тәрбиелеу.
Міндеттері:
— мәтіннің мазмұнын түсініп, өз ой-пікірін ауызша, жазбашабілдіруге дағдыландыру;
— логикалық ойлауын, коммуникативтік қабілеттерін дамыту;
— әкеге деген сүйіспеншілік, құрмет сезімдерін тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: презентациялар, мақалдар, әуен, шығармашылық жұмыс.
I. Қызығушылықты ояту
«Ой қозғау» арқылы бүгінгі сабақтың тақырыбын анықтау керек. Ол үшін тірек сөздер айтылады: отбасы, әке, тірек, бәйтерек, рөл, асқартау, басшысы, қорған, пана т.б.
Иә, отбасының тірегі, қорғаны – әке туралы болмақ бүгінгі әңгімеміз.
1. Әр отбасы шағын мемлекет дегенді қалай түсінесіңдер?
2. Бұл мемлекеттің басшысы кім?
3. «Әке» сөзінің мағынасын ашыңыздар?
4. «Әке касіреті» мәтінін талдау.
Осы бір орта бойлы, бидай өңді келген ақсақалды анда-санда көшеде, дүкен маңайында көретінмін. Жүріс-тұрысы пысық, киімі өзіне қонымды. Қолында сүйеніші – әсем жасалған таяғы бар. Келесі бір кездескенде сәлем беріп, қол алысып амандастық. Үлкен кісілердің жөн сұрау әдеті ғой. Қай елсің, қырдың қазағымысың деп менен жөн сұрасып, әңгімелесіп кеттік. Қалаға келгеніне он жылдай болып қалыпты.
– Біреулер келімсек деп жатады біздерді.«Ел іші алтын бесік қой»бірақ не істейсің заман осылай болып тұр ғой. Үйден аттап шықпайсың. Бұрынғыдай ағайын-туманың, көрші-көлемнің амандығын білу деген бүгінде жоқ. Балалар көпқабатты үйде тұрады, әлгі көтергіші, лифт дейтін бе еді, сол бірде істейді, бірде істемей қалады. Өмірінің 40 жылынұстаздық кәсіпке арнаған. Кемпірінің дүниеден өткеніне үш жыл болыпты. Ұл-қыздарынер жеткізіп, бәрінежоғары білім берген.
Ойына әлде бірдеңе түсті ме екен, біразүнсіз қалды. Бір кезде «Жетпістің жетеуіне келдім.Ата дәстүріміз бойынша үйленген үлкен балаларымызға енші беріп шығардық. Кейінгілері де ағаларының жолымен еншісін алып, бөлек шықты.Кенжеміз шаңырақтың иесі болар деп ойлайтынбыз. Қаланың қызымен танысып, дәм-тұздары жарасып үйленді. Қазақы салт-дәстүр бойынша құда түсіп, құйрық-бауыр жесіп, құда болдық, үлкен той жасадық. Құдамыз қызмет басында, жөн-жосықты білетін тәуір азамат. Осы күні бар пәле әйелден шығып жатыр ғой. Құдағиымыз менмендеу кісі екен. Бізді өздеріне тең көрмеді ме, әйтеуір, әрқашан менсінбеген кейіп танытады. Бір жылдай қолымызда тұрған кенжеміз бөлек шығатынынайтты. Бұл әринекеліннің қалауы. Екеуінің арасына от жақпайық деп үндемегенді жөн көрдік.Жақын арада заттарын жинап отау үйге көшіп кетті.Араға жыл салып келініміз аман-сау босанып, ұл балалы болды. Қуаныш есімді немеремізге той-томалақ жасап, кемпір екеуміздің есіміз шықты. Анда-санда немеремізді әкеліп, бізді алдастырған болады. Біз соған да ризамыз, иіскеп, бауырымызға басып, мәз болып қаламыз. Қара табан болған соң үйге өзі шауып келетін болды. Кейде қонып, біздің қойнымызға жататын. Бірде салқын тиіп, әлгі немереміз ауырып қалмасы бар ма. Содан кейін келініміз Қуанышты біздің үйге қарай аттатпай қойды. Өзіміз барсақ, бұрынғыдай емес, бізге бәлендей жолай қоймайды. Бір тәтті-дәмді бірдеңе апарсақ, мамам ұрысады деп алмайды. Міне, осылай келін бізге сырт қарай бастады.
Жаз шыға бұлар да қалаға көшіп кетті. Сонымен кемпір екеуміз қала бердік. Ол кезде күш-қуатымыз бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, өз тіршілігімізді өзіміз көріп жаттық. Қаладағы балалар ара-тұра келіп амандық біліп, май-қаймақ, жұмыртқа алып кетеді. Күзге қарай қаз, үйректі соларға жөнелтеміз, соғымдары да бізден болатын. Шешелері мықты сияқты еді. Не болғанын білмеймін, әйтеуір бір жыл ішінде дүниеден өтті, деп ауыр күрсінді ақсақал.
Еркек адамғаәйелсіз қиынғой. Күн де батып болмайды, таң да атпайды. Бірде үлкен ұлым келіп: «Бізбен бірге бол, үйді, малды сатайық», деді. «Қарағым, мені жылы орнымнан қозғап қайтесің. Ағайын-тумалардың ортасындамын ғой. Бұлойыңды келінхош көре қояр ма екен. Бір кемпірдің реті болса, отыра бергенім дұрыс болар», деп едім, ол ыршып кетті. «Бізге ол керек емес. Ертең үйіңе, дүниеңе жармасып жүрсе не істейсің. Келініңе жағдайды айтып түсіндірдім. Бізде болуыңа қарсы емес», – деп ыңғайына көндіргендей болды.
Келіні бастапқыда «аталап» асты-үстіне түседі. Тумысынан биязы мінезді қарттың қақ-соқпен жұмысы жоқ-тын. Көбіне газет-журнал оқып, теледидарды ермек етеді. Шахматты да бір кісідей ойнайды. Ел жақтан көшіп келген ағайын, ілік-жекжаттар шақырып жатады. Той-томалақтарынан қалдырып көрген емес.Бірде шай үстінде келін-баласына қазақта «сыйға – сый, сыраға – бал» деген сөз бар. Өздерің көріп отырсыңдар, мені бәрі сыйлап, құрмет тұтып шақырып жатады. Солардың басын қосып, бір шақырып жіберген жөн болар еді, деп ойын айтты. Қабағының астынан келініне көз қиығын тастап еді, оның көзі шатынап кетіпті. «Оларды кім күтеді? Менің қонақ күтуге уақытым да жоқ, құлқым да соқпайды. Жай отырыңыз. Қазір басқа заман. Қонақтап жүру еріккендердің ермегі», деп атасына біраз «насихат» айтып тастайды. Ал енді сөйлесіп көр бұл келінмен. Осыдан кейін атасын мүлде елемейтін болды. Отбасы болып шүйіркелесіп шай ішпейді,үйдебереке-бірлік жоқ, немерелер де өздерімен өздері. Қария берген тамағын ішеді де, қалған уақытын шағын бөлмесінде өткізеді. Басқабалалары аңда-саңда соғып кеткені болмаса бір-бірімен туыс ретінде араласпайды. Неге араласып тұрмайсыңдар деген сұраққа «Қол тимейді, шаруамыз көп» дейді.
Үлкен кісіні ыңқыл-сыңқыл айналдыра беретіні бар ғой. Бірде ақсақал төсек тартып қалады. Ұзақты күн нәр тартпайды. Келін жұмыстан бірінші келеді. Қасына келіп жағдайын сұрамайды. Кештетіп баласы келеді жұмыстан шаршап. Бірде араларында қандай әңгіме болғанын кім білсін, келіннің шаңқылдаған дауысы естіледі:«Мен ауру шалды баға алмаймын. Апар ана бауырыңа, ол да баласы ғой.Әкем, әкем деп өңеші үзіліп жүрген жоқ па»…
Күн жексенбі. Кешірек оянған қария жуынып-таранып, өзін ретке келтірді. Бөлмесіне баласы мен келіні келді. Ақсақал оларға: «Мен үшін ренжіспеңдер.Балалар бар ғой, құдайғақараған біреуі бағар», – деп үйден шығып кетті.
Екінші ұлы Ермекбайына келді. Бұл өзі бала кезінен әке-шешесіне жақын-тын. Әркез келіп-кетіп, шаруаларына қолғабыс жасайтын.Қария келгенде коммерсант келіні Алматыға тауарға кетіпті. Ақсақал үлкен ұлынакөңілі қалғанын, келінінің айтқандарын жасырмай жайып салды. «Әзірге осында бол. Ағамызбен сөйлесеміз», деген болды Ермекбай. Екі-үш күн өткенде коммерсант келіні де келді. «Мына шалды кім шақырды» дегендей, ернінің ұшымен ғана амандасқан болды. Кешкі асты бұлар үн-түнсіз ішті. Екі немересі атасына жалтақ-жалтақ қарайды. Шешесі бірдеңе деген-ау, сірә.
Ертеңгісі бәрі шаруасымен кетеді, екі немересі балабақшаға барады. Баяғы бір сарынды, сүреңсіз тіршілік. Бұлардың пәтері сәл төменірек, ара-тұра сыртқа аулаға шығады, бірақ ешкімді танымайды, үлкен кісілер де көрінбейді. Бірде бесінге таман сыртқа шығып, аздап бой жазып қайтқан-тын. Төсекке қисайғаны сол еді, көзі ілініп кетіпті. Жұмыстан оралған келінінің шаңқылдаған даусынан оянып кетті: «Бір күні бізді біреулер тонап кетер. Мына шалға сеніп жүрген мен ақымақ. Білетіні тамақ, сосын ұйқы. Жанымды жеп жүргенім мынау менің. Бұл шалдан құдай құтқарар ма екен», деп күйеуіне зіркілдесін келіп. Кешкі асқа отырды. Мұның орны үстелдің шет жағы еді. Әңгімені келін бастады. «Біздің үйде атамыздың жағдайы келмей жүр. Біз бәріміз ерте кетеміз, кеш келеміз. Өзі және ұмытшақ. Ана жолы үй ашық қалған, өзі ұйықтап жатыр. Тірнектеп жинағанымыздан бір күні айырылып қалуымыз мүмкін. Бізде біраз болды ғой. Құдайға шүкір балалары бар. Енді ана Алмагүліне барсын», деп кесіп айтты келін. Келін айтты – заң. Ақсақалда үн жоқ. Ермекбай да ләм-мим демеді.
Ертесін қария Алмагүлінің үйіне келді. Қыз бала ата-анаға жақын ғой, жаны ашып тұрады. Әкесін аялап, жылы-жұмсағын ертелі-кеш аузына тосты. Алмагүл кішкентайлы болған соң жұмыстан бос. Жұбайы вахталық әдіспен Атырау жақта жұмыста екен. Қызына барлық мән-жайды айтып, екі баласынан да көңілі қалғанын айтты.
– «Қызым, – деді бірде қария, – жолдасыңның мінезі ауыр, кісіге бәлендей жуық емес. Маған оң қабақ танытпаса, жүз шайысып, отбасыңның берекесін кетірме. Осы есіңде болсын» – деді.
Жолсапардан оралған Лұқпан қайын атасына ақжарқын пейіл танытып, естіген, көргенін әңгімелеп, қартты бір серпілтіп тастады. Екеуі ұзақты күн шахмат ойнайды, арасында нарды ойнап қояды. Міне, осылай қария қызының үйіндеалаңсыз жүріп жатты.
Бірде күйеу баласыныңелде тұратын анасы қонаққа келді. Алпысты алқымдаған кісі екен. Құда-құдағи болып әңгімелері жараса қоймайды. Ұлының тапқанын осы шал құртып жатқандай көрінеді оған. Сөз арасында тілмен шағып, мына тіршілігін кекетіп, мысқылдап отыратынды шығарды. Бұл әңгімеден Алмагүл бейхабар. Бірақ, әкесінің құдағиымен бәлендей емесін аңғарды. Шыдамның да шегі бар емес пе,бірдеақсақал:
– Сіз бір емес, екі емес, мені үнемі кекетіп-мұқатып отырасыз. Мен панасыз емеспін. Күйеу балам көбіне сыртта жұмыста жү¬реді, Алмагүліме серік болайын деп келген едім. Оны несіне қазбалай бересіз. Қыз бала жақсы ғой, Алмагүлімнің мен дегенде жаны жоқ. Алайда, Құдай қызға қаратпасын. Ертең-ақкетемін, – деп құдағиына батыра-батыра айтып тастады.
Ертеңгі шай үстінде қария:«Біраз аунап-қунап, бойымды жаздым. Астанадағы немерелерімді сағынып жүрмін. Соларға барып қайтамын», – деп жинала бастады. Күйеу баласы да да қызы дажарып, бәлен деген жоқ.
Міне, бір кезде ел-жұртына сыйлы, алдынан жүздеген шәкірт тәлім-білім алып, қадірлі ұстаз атанғанақсақалдыңбүгінгі тіршілігі осындай. Балаларын жағалап, бірінен біріне жылжи қонып, ғұмыр кешуде. Алланың жазмышына көнбесіне амалы жоқ.
Жеті баласы бүгінде жетілген. Өкініштісі, ең болмаса бір ұлы: «Папа, сен менің қолымда боласың. Сенің үйің осы», деп айта алмай отыр. Қарттың қарны аш, үсті жалаңаш емес. Зейнетақысы бір өзіне жетіп арты¬лады. Оның жанын жегідей жейтіні өз боса¬ғасы¬ның, тұрағының болмауы.
Жаттығу: Қазір бір ұл, бір қыздан жеті топ бөлініңдер де осы әңгімедегі қарттың балалары мен келіндері болып,осы мәтіннің негізінде пікірлеріңді ортаға салыңдар. Соңынан қатысушылар қандай көңіл күйде болды,ролдерін ойнау оңай болды ма әлдесезімдерді бастарынан өткізгені бойынша өз ойларын ортаға салады.
Жүргізуші:
Әр отбасындағы әкенің рөлі ерекше. Әке — отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез – құлқы, өзгелермен қарым – қатынасы, өнері мен білімі баласынаүлгі өнеге, оған қарап өсетін нысанасы. «Әке — асқар тау», «Әке — бәйтерек» деген мақалдар әкенің беделін көрсетеді. «Әке балаға сыншы» дейді халқымыз. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше. «Бір бала бар әкеге жете туар, бір бала бар атадан асып туар, бір бала бар атадан кері туар» деген халқымызда дана сөз бар. Қазір осы мақал сөздің мағынасы туралы алдымен ойланып алып пікірлеріңізді ортаға салыңыздар.
Жүргізушінің қорытынды сөзі:
1. Бүгінгі тәрбие сағатында көтерген мәселе сіздергеқандай ой салды?
2. Тәрбиелік мәні неде?
3. Өздеріңізбен қандай тәжірибе, таным-түсінік алып кетесіздер?
Бүгінгі іс-шарамызға белсенді қатысып, ой-пікір білдіргендеріңізге үлкен рахмет!
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Отбасы – тәрбие бастауы»
Тәрбие сағатының мақсаты: Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан халқымыздың отбасы тәрбиесі туралы мұраларын санамызда жаңғырту.
Жүргізуші: Қайырлы күн құрметті ұстаздар мен студенттер! Сіздердің назарларыңызға «Отбасы-тәрбие бастауы» атты тәрбие сағатымызды ұсынамыз.
Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі тек біздің қоғамда ғана емес бүкіл дүние жүзінде өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Дегенмен, кейінгі жиырмашақты жылдың ішінде осы мәселе біздің Қазақстан мемлекеті үшін үлкен драмаға айналып отыр десек қателеспейміз. Осыншама аз уақыттың ішінде қалай ғана мыңжылдық тамыры бар рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген отбасылық тәрбиемізді таптап басып, батыстың бұтағына ілініп кете бардық.
Осыған байланысты Елбасшымыз Н.Ә.Назарбаев «Жастарға отбасында өнегелі тәрбие беру арқылы «Мәңгілік ел» болып қалу, ата-бабаларымыздың мұра етіп кеткен рухани құндылықтарын сақтап, оны келер ұрпаққа мұра ету» бүгінгі күннің талабы екенін баса айтқан. Өйткені жас ұрпақ –ел болашағы. Ол елінің шырағы, асқақ арманын апаратын күші.
Жүргізуші: Қазақ халқының қалыптасқан салт-санасы, әдет дәстүрлері сан ғасырларды аралап бізге жеткен – тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Солар арқылы әрбір жас ұрпақ өзінің таным-түсініктерін әлемдік санамен ұштастырып, алдыңғы ұрпақ жетпеген арманға, шығатын биікке жетуімізді армандаған бабаларымыз.
Осы қағиданы мықты ұстанған халық баланың тәрбиесін отбасынан бастаған. Оны «Тәрбие – тал бесіктен» деген қанатты сөзі арқылы бізге жеткізген. Тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, бабалар мұрасын,аналар тілегін орындаған адам бақытты өмір мұхитына сапар шегетінін олар жақсы білген. Егер, бабаларымыздың ұрпағына қалдырған тәрбие үлгілерін тек кешегі, күні өткен десек қатты қателесеміз. Қателесіп отырған жетесіз жастарымызды бүгінгі қоғамда көріп жүрміз. Осыған байланысты Елбасымыздың көтеріп отырған «Мәңгілік ел» идеясының басты мақсаты осы ата-баба мұрасынан сусындаған ҚАЗАҚ елінің тәрбиелі азаматтарын қалыптастыру.
Жүргізуші: Қазақ халқының отбасы тәрбиесі туралы орыс жазушысы, этнограф В.И.Даль 1832 жылы күнделігіне: «Мидай дала, ешбір мектеп, кітап жоқ айнала қараңғылық, бірақ жастары өте ғажайып, мәдениетті тәрбиеленген» -деп жазған. М.О.Әуезов : «Бала ата-ананың тағылымымен – өседі» десе, Ұлы Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, дүниедегі жақсы мен жаманды тани отырып, білгені,көргені көп білімді адам болып қалыптасады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» – деген 19-шы қара сөзінде.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының 27-бап, 2-тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата – ананың табиғи құқығы, әрi парызы». » Ата-анасын, ата-әжелерін қартайған шақта қамқорлыққа алып, күту – балалары мен немерелерiнің парызы» -делінген.
Жүргізуші: Әрине бұл тақырып өте кең мағыналы үлкен мәселе. Оның бәрін бүгін айтып тауыса алмаймыз. Сондықтан да казір сөзімізге мына аудиторияда отырған студенттерді де тартайық, олардың да көзқарасын білейік. Қазір біз қазақ халқының отбасы тәрбиесі туралы мақал-мәтелдерінің мәнін калай түсінетініміз туралы пікір алмасайық. Сіздерден өз ойларыңызды қысқа нұсқа айтуларыңызды сұраймыз:
1. Шешесін көріп – қызын ал, Ыдысын көріп – асын іш.
2. Әкесіне қарап ұлын, Шешесіне қарап қызын таны.
3. Әкесіне тартып ұл тумас, Шешесіне қарап қыз алмас.
4. Ата-анам бар болсын, Аузы-мұрыны жоқ болсын.
5. Ата-анадан жар жақын. Туысқаннан мал жақын.
7. Атаның құны, ананың сүті.
8. Күтсең ата-анаңды, Кешірер Аллам қатеңді.
9. Ата-ананың қарызы, Ұрпақтың өмірлік парызы.
Қатысушы 1: – Айтып жіберші «Үйде кім, елде кім қадірлі?».
Қатысушы 2: Үйде Ата-ана, елде бастық қадірлі.
Қатысушы 1: «Сөзіңнің жаны бар, дегенмен, «үйде қонақ, қарт, бала қадірлі» деген екен бабаларымыз. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі, ал бала – үйдің патшасы, қарт үйдің –панасы» – екенін жиі ұмытып кетеміз.
Қатысушы 1: Жақсы олай болса айта қойшы: «Елді кім, үйді кім бүлдіреді?».
Қатысушы 2: «елді өсекші бүлдіреді, үйді бала бүлдіреді».
Қатысушы 1:«Иә, сөзіңнің жаны бар, дегенмен, Бухар жырау бабамыз: «Елді ақылсыз басшы, ал үйді ақылсыз әйел бүлдіреді. Ақылсыз баланы тәрбиелейтінақылсыз әйел емеспе» деген екен.
Қатысушы 1: «Үйдегі алтын қазық кім?».
Қатысушы 2: «Үйдегі алтын қазық – бала!»
Қатысушы 1: – «Әрине бала деген тәтті ғой, бірақ үйдегі алтын қазық – АНА. Ана – ақылды болса, бала дана, әке – асқар тау болады.Әйел адам өзінің ақылымен ұл мен қызға үлгі, әкеге – тірек. Ақылды Анадан тәрбие алған ұл мен қыз – ақылмен өмір сүреді, ата-анаға мейрімді болады».
Қатысушы 1: «Өмір сүру үшін не қажет?.
Қатысушы 2: «Өмір сүру үшін ақша, мал, нан қажет», – деп ойлаймын.
Қатысушы 1: «Иә, ақша шіркін үлкен құндылыққа айналып отыр ғой. Дегенмен, өмір сүру үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің көзі, от өмірдің сәні, тұз астың дәмі, қыз бен ақыл өмірдің мәні. Қыз болмаса, өмір жалғаспас еді, ақылсыз істеген іс еш мән-мағына бермес еді. Сондықтан да халқымыз қыз баланы қадірлеп, мәпелеген, жақсы тәрбие беру арқылы бүкіл елді тәрбиелеген. Мінеки, көріп отырғанымыздай жер бетіндегі тіршілік мына үш китке тіреліп тұрғандай: отбасындағы ананың ақылды тәрбиесіне, әкенің қамқорлығына, баланың мейрімділігіне».
Жүргізуші: Әрбір отбасында ата-анамен қатар ата-әжелеріміз бар. Біз оларды әрқашанда құрметтеуіміз керек. Егер ол адамдар болмаса біздің әкеміз де, анамызда, біздің өзімізде болмас едік. Үйдегі үлкен қарияларды сыйлау, қадірлеу, қартайған шағын қуанышты ету ол әр адамның парызы. Қарияларға жасаған қамқорлығың, ертең қартайғанда өзіңе жасаған жақсылығың. Қазақта қария үйдің панасы, сәні, ырыс-берекесі дейді. Ата-әженің батасымен бастаған іс әрқашанда сәтті болады.
Атам-кітап, мен – дәптер,
Ақылына құмармын
Қызығам да көшірем.
Еш дүкенде сатылмас,
Тегін кітап атамыз.
Қанша оқысаң сарқымас,
Өмір кітап-атамыз.
Әжем менің әлі де,
Ұқсамайды кәріге.
Ақыл кеңес береді,
Қажет болса бәріне.
Аппақ күміс сақалды,
Жақсы көрем атамды.
«Айналайын жан балам»
Деген сөзі шипалы.
«Отбасы -тәрбие бастауы» атты тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға РАХМЕТ!
Бүгінгі әңгімеміз сіздерге бір ой салды деп үміттенеміз.
Келесі кездескенше аман сау болыңыздар.