ОТБАСЫ ТИПОЛОГИЯСЫ

ОТБАСЫ ТИПОЛОГИЯСЫ

Отбасы типологиясының өлшемдері: отбасы құрамы; ерлі-зайыптылық өмір өтілімі; балалар саны; мекен-жай орны және түрі; рөлдерді бөлу ерекшеліктері, билік ету және өзара әрекеттесу сипаты; кәсіби жұмысбастылық және ерлі-зайыптылар мансабы; әлеуметтік біртектілік; отбасының құндылық бағыттылығы; отбасылық өмірдің айрықша жағдайлары; сексуалды қатынастар сипаты.
Отбасы құрамына байланысты нуклеарлы, кеңейген, толық емес және функционалды толық емес отбасы болып бөлінеді.
Нуклеарлы (ядерлік) отбасы – бұл ерлі-зайыптылар және олардың балалары. Егер отбасында бала болмаса, онда нуклеарлы отбасының құрамы шектеледі. Нуклеарлы отбасы – ХХ ғ. отбасының типтік түрі, бұл патриархалды отбасының орнын алмастырған бірнеше жақын және алыс туысқандардан тұратын, территориалды және экономикалық мүдделермен біріккен отбасы.
Кеңейген нуклеарлы отбасы – ата-әже немесе басқа да жақын туысқандар (ерлі-зайыптылар сиблингі, ағалар және апалар, яғни ата-әже сиблингтері т.б.) қосылған отбасы.
Толық емес отбасы–ерлі-зайыптылардың біреуі ажырасқан немесе өмірден озған отбасы. Толық емес отбасының типтік түрі – бұл баламен (балалармен) қалған ана. Толық емес отбасының қызмет ету сипаты екінші жұптың болмау себебіне байланысты. Мәселен, ажырасқан ерлі-зайыпты бұрынғыдай ата-аналық рөлін, «асыраушы» рөлін сақтайды және балаларды материалды қамтамасыз етуге қатысады. Алайда дүниеден өткен әке отбасында құрмет пен махаббатқа бөленеді, ал ажырасқан әкеге көп жағдайда ашық немесе үнсіз айып тағылады, оның үстіне ана баланың ажырасқан әкемен кездесуіне кедергі жасайды. Толық емес отбасының тағы бір түрі «аналық отбасы», оның құрамына ана мен бала (балалар), ананың саналы ниеті бойына некесіз туған балалар кіреді. Сонымен, толық емес отбасының типтік түрі – бұл әкесіз отбасы. Толық емес отбасы рөлдік шамадан артық күштенуіне қарай тәуекел тобына кіреді.
Функционалдытолық емес отбасы– ерлі-зайыптының біреуінің өз қызметтерін тұрақты атқара алмайтын нуклеарлы (формалды құрамы бойынша толық) отбасы. Ерлі-зайыптының өзінің отбасылық рөлдерін атқаруға кедергі келтіретін себептер: ауыр немесе созылмалы ауру, кәсіби қызмет спецификасы, отбасымен ұзақ уақыт болмау. Ұзақ іс-сапармен байланысты мамандықтардағы адамдар (геологтар, әскери теңізшілер, машинстер, ұшқыштар, жол серіктер), еңбектің вахталық әдісімен жұмыс жасайтын адамдар (мұнайшылар, құрылысшылар, поляршылар),жұмыс кестесі тұрақсыз және эмоциялық күйзелісі жоғары еңбектегі адамдар (әртістер, радио және теледидар қызметкерлері, «жедел жәрдем» және аурухана дәрігерлері, мұғалімдер) өздерін отбасылық өмірде толықтай жүзеге асыра алмайды. Функционалды толық емес отбасын да тәуекел тобына жатқызу қажет, ал оған психологиялық көмек функционалды міндеттерді орынды, қолайлы жоспарлауға және тұлғаның кәсіби қызметте, отбасында үйлесімді жүзеге асу жолдарын іздестіруінебағытталуы тиіс.
Аралас отбасы – ерлі-зайыптының біреуінің (немесе екеуінің) орнын отбасының басқа мүшесі алатын отбасы. Мысалы, ата, әже және немереден тұратын отбасы, яғни баланың ата-анасы қайтыс болған немесе ажырасқан, әлде болмаса әрқайсысы бөлек тұрады; мұндай отбасына жиенін жалғыз тәрбиелеп жатқан тәте отбасы да жатады және т.б.
Ерлі-зайыптылық өмірдің отбасылық өтіліміне байланысты: жастар отбасы («бал айындағы» отбасы); жас отбасы (жарты жылдан балалар туғанға дейінгі бір жарым жыл); бала күтіп жүрген отбасы; орта ерлі-зайыптылық жастағы отбасы (3 жылдан 10 жылға дейін бірге тұру); ересекерлі-зайыптылық жастағы отбасы(10-20 жыл ерлі-зайыптылық өтілім) және қартайған ерлі-зайыпты жұптар(өз отбасын құрған ересек балалар тәрбиелеп жатқан ерлі-зайыптылар және қазіргі уақытта ата және әже отбасылық рөлдерін атқарып жатқан отбасы) [Зацепин].
Отбасылар балалар санына қарай баласыз, бір балалы, аз балалыжәнекөп балалы отбасына бөлінеді. Некеге түскеннен кейін 8-10 жыл бала көрмеген ерлі-зайыптылар баласыз отбасы болып саналады. Отбасында бала болмау себептері медико-биологиялық факторлар, ерлі-зайыптының баланы қаламауы болуы мүмкін. Қазіргі таңда баласыз отбасылардың әлеуметтік және психологиялық себептерінің басым екендігін айтуға болады. Психологиялық себептер тәуекел тобына кіреді. Ана болуға және әке болуға ұмтылысты жүзеге асыруға мүмкіндіктің болмауы, тұлғалық иденттіліктің аяқталмауы ерлі-зайыптының біреуінің жанына батып, жаңа отбасын құруына себепші болады, яғни баланың болмауы күрделі отбасылық мәселе болып табылады. Екінші жағынан баласыз отбасыларда ажырасудың меншікті салмағы жоғары болып келеді, ол ерлі-зайыптылық қатынастардың үйлесімсіздігінен туындайды. Мұндай жағдайда баладан бас тарту себеп емес, ерлі-зайыптылар қатынастарының қиындығының салдары болып саналады. Бір балалы және аз балалы отбасылар қазіргі, әсіресе қалалық отбасылардың демографиясында кең таралған. Төрт және одан көп балалары бар отбасы көп балалы отбасына жатады. Көп балалы отбасы статистика бойынша ажырасуға тұрақты болып келеді.
Мекен-жай орны бойынша қалалық, ауылдық отбасыларды және алыс аудандарда тұратын отбасыларды бөледі. Олар өмір сүру стилімен, тұрмыс салтымен, ерлі-зайыптылардың әлеуметтік жұмыс бастылық сипатымен және рөлдік құрылымымен, тұтыну деңгейімен, тәрбиелік қызметтерді атқару сипатымен ерекшеленеді. Мысалы, алыс аудандарда тұратын отбасылар өз балаларын мектеп-интернаттарға оқуға жіберуге мәжбүр, бұл дегеніміз ата-аналардың балаларынан ұзақ уақытқа жырақта жүруіне және ата-аналық қамқорлық пен протекцияның депривациясына әкеледі.
Өмір сүру түрінің өлшемдері патрилокальды, матрилокальды және неолокальды отбасыларын бөлуге мүмкіндік береді. Отбасының патрилокальды түрі әйелдің күйеуге шыққаннан кейін жұбайының үйіндегі мекен-жайымен анықталады. Матрилокальды отбасының әйелдің үйінде мекендеуімен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда отбасының неолокальды типте мекен етуі кең таралған, мұнда нуклеарлы отбасы ата-анадан және басқа туысқандардан бөлініп, жеке отбасымен өмір сүруге тырысады. Сонымен қатар, қазіргі уақыттабірге тұратын ерлі-зайыптыларда годвин-неке, яғни ерлі-зайыптылардың жеке тұруы жиі кездеседі. Бұл неке түрі өмір сүрудің осындай түрін жақтайтынУ. Годвиннің есіміне байланысты аталған, У. Годвин бойынша ерлі-зайыптылардың бірге тұруы олардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарына, бейімділіктеріне сәйкес толыққанды тұлғалық дамуға кедергі келтіреді [Ощепкова, Эпштейн, 1995].
Рөлдерді бөлу ерекшеліктері, билік ету және өзара әрекеттесу сипатына байланысты дәстүрлі, авторитарлық, эгалитарлық, демократиялық отбасыларды бөледі.
Дәстүрлі авторитарлы отбасы авторитарлы типтегі ердің жеке билігімен және ер мен әйелдің рөлдерін нақты жіктеу арқылы отбасылық рөлдерді дәстүрлі бөлумен ерекшеленеді. Авторитарлы отбасы патриархалды (ер адам билік етеді) және матриархалды (отбасын әйел билейді) болуы мүмкін.
Эгалитарлы отбасы (тең құқылы, эквивалентті) – отбасында билік, рөлдер мен міндеттерді нақты бөлу болмайды, рөлдік құрылым бекітілмейді. Әдетте, эгалитарлы отбасы – бұл баласыз жас ерлі-зайыптылар. Баланың дүниеге келуі ерлі-зайыптылардан ұстанымдар мен рөлдерді бөлуді талап етеді, сондықтан эгалитарлы тип дәстүрлі немесе демократиялық типке ауысады.
Демократиялық (серіктес) отбасы ерлі-зайыптылардың тең құқылығымен, бірлесе билік етуімен, қызметтерді бірге бөлумен, отбасы рөлдері мен міндеттерінің икемділігімен және әрбір серіктестің, біртұтас отбасының мүдделерін ескере отырып, рөлдік құрылымды өзгертуге дайындығымен ерекшеленеді.
Ерлі-зайыптылардың кәсіби жұмысбастылығы мен мансабы (карьера) өлшемдері бойынша толық жұмысбасты отбасын (қоғамдық өндірісте ерлі-зайыптының екеуі де жұмысбасты) және жартылай жұмысбасты отбасын (ерлі-зайыптының біреуі жұмысбасты), зейнеткерлер отбасын (ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істемейді, екі мансапты отбасын (мансап пен кәсіби жүзеге асу құндылығы ерлі-зайыптының екеуі үшін маңызды және өзі үшін әрі жұбайы үшін тең дәрежеде басым болып танылады)бөледі. Мұндай отбасы жас отбасына тән, ол өндірісте және әлеуметтік-саяси өмірде әйел орнының өзгеру үрдістерімен байланысты. Әрине тек мансаптық мотивациялық бағыттылық екі мансапты отбасының өмір сүру мүмкіндіктеріне кепіл бола алмайды, оған қосымша шарттар қажет:
— отбасында эмоциялық жағымды қатынастардың,махаббаттың болуы,ерлі-зайыптылар арасындағы құрмет, тең құқылық;
— ерлі-зайыптылар құндылықтарының, соның ішінде кәсіби және мансаптық өсу құндылықтарының ортақ болуы;
— мамандықтың айрықша түрі, ең алдымен бір жағынан тұлғаның анағұрлым толық жүзеге асуын, екінші жағынан қатаң бекітілген уақыт аралықтарымен қыспақтамайтын кәсіби іс-әрекетті (жұмыста қолайлы кестенің, демалыс күндерін, жұмысты, үй жұмыстарын орындау мүмкіндіктері) қамтамасыз етуге мүмкіншілік беретін шығармашылық мамандық (ғылым және өнер);
— ерлі-зайыптылардың кәсіби білімін аяқтап, алғашқы мансаптық жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік алу үшін өзара келесім бойынша ата-ана болуды кейінге қалдыру;
— қызмет атқару ресурстарының және отбасы қолдауының (бала тәрбиелеуде ата-әжелер көмегі, жақсы денсаулық,шамадан тыс күш жұмсауға төзімділік).
Әлеуметтік біртектілікке, яғни ерлі-зайыптылардың бір әлеуметтік топқа жатуына, білім және мәдени шектелім (ценз) ортақтығына, интеллектуалды, аффективті, әлеуметтік «жұмысбастылық» бойынша мамандықтардың жақындығына қарай әлеуметтік гомогенді (біртекті) және гетерогенді (әртекті) отбасыларды бөледі. Әлеуметтік гетерогенді отбасылар тұрақтылығы әлсіз, ерлі-зайыптылық қатынастар үстемдік ету-бағыну принципі бойынша құрылады, өзара түсіністік бұзылып, жанжалдасу жиілейді.
Отбасының құндылық бағыттылығының өлшемдері отбасының келесі типтерін бөлуге мүмкіндік береді: детоцентрлік және тұлғалық-орталықтанған отбасы, «тұтыну», психотерапевтік отбасы («көңіл жұбатушы отбасы» А.Н. Обозова бойынша), «салауатты өмір салтын ұстанатын отбасы», «атаққұмар» отбасы, спорттық-жорықтық, «интеллектуалды» отбасы.
Балаларды, балалардың жеке басын тәрбиелеу, оларға қамқорлық жасау детоцентрлік отбасы қызметінің басымдық құндылығын құрайды. Тұлғалық-орталықтанған отбасы – отбасы тағдырын оның әрбір мүшесінің тұлғалық өсуіне және өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасаудан көреді. Мұндай отбасында ерлі-зайыптылық автономды тұлғалардың еркін, рухани одағы ретінде қарастырылады. «Тұтыну» отбасы «иелену» модусын жүзеге асырады (Э. Фромм), мұндай отбасы қорлануға және прагматикалық қажеттіліктерді анағұрлым толық қанағаттандыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Бұл отбасындағы ерлі-зайыптылық – өзара пайда алуға негізделген серіктестік, отбасының әрбір мүшесі «отбасының нанын» басқалардың есебінен болса да табуға тырысады.Психотерапиялық отбасы өзара түсіністікті, эмоциялық қолдауды, махаббатқа қажеттілікті қанағаттандыруды, өз мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ең жоғары құндылық деп санайды. Отбасының әрбір мүшесі өздерін тыңдайтынына, түсінетініне және қабылдайтынына сенімді. «Салауатты өмір салтын» ұстанатын отбасы денсаулыққа, дұрыс күн тәртібіне, дұрыс тамақтануға, демалуға, тазалыққа, тәртіпке және отбасы тұрмысын қолайлы етіп ұйымдастыруға баса мән береді. «Атаққұмар» отбасы әлеуметтік мәртебе, бедел үшін күреседі. «Ең жақсы атану», жоғары ортада болу – атаққұмар отбасының басты мақсаты. Егер отбасы мүшелерінің біреуі бекітілген табыс стандартынасай келмей жатса, одан аяусыз құтылады.
Отбасылық өмірдің айрықша шарттары студенттік отбасын (мамандық алуды аяқтай алмау және ата-анаға материалды тәуелділік) және дистантты отбасын құруға әкеледі. Дистантты отбасылар – олардың тыныс-тіршілігінде отбасының аса маңызды шарты – бірге тұру ұзақ уақыт болмайды. Дистантты отбасылардың құрылуы мамандықтың айрықша түрімен және еңбек етудің «вахталық» әдісіне байланысты. Дистантты отбасылардың қызметі толық болмайды, сондықтан да тәуекелдік тобын құрайды. Сексуалды қатынастар сипатына қарай әлеуметтік-мәдени стандарт шегінен шыққан екі түрлі отбасын бөледі: ашық және гомосексуалды.
Ашық отбасы ерлі-зайыптылардың сексуалды байланыстар орнату мүмкіндіктеріне қатысты ашық болуымен сипатталады. Мұндай отбасы полигамды некенің қазіргі түрін бейнелейді, бұл отбасында тек бір ғана отбасылық қызмет – сексуалды қызмет сақталған, қалғандары еленбейді, бірақ полигамды некеге қарағанда ерлі-зайыптылардың сексуалды қатынастарға шектеусіз еркін түсу құқығы қабылданады. Свингерство, бірнеше отбасылардың бірігуі бойынша некелік серіктестермен алмасуы.
Гомосексуалды отбасы – бұл бір жынысты серіктестердің ұзақ уақыт бірге тұруы, ол жоғары таңдамалылықпен әрі эмоцияға толы қатынастармен ерекшеленеді. Мұндай отбасылардың пайда болуы және оны жария етіп, заңдастыру (легализация) қоғамның либерализациямен және гомосексуалды мінез-құлыққа төзімділіктің артуымен байланысты. Гомосексуалды отбасының күрделі мәселелерінің бірі – баланың туылуы және оны тәрбиелеу, соның ішінде балаға өз отбасының басқа отбасылардан несімен ерекшеленетінін дұрыс түсіндіру, бұл баланың осындай некелік қатынасты қабылдауын және дәстүрлі жыныстық-рөлдік бағдарды қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Некелік одаққа балама болып табылатындар жалғыздық, көңілдестік, азаматтық неке және байқама неке.
Жалғыздықтың екі түрі бар. Оның бірі тұлғаның некелік одақтан тыс өмір сүруді саналы қалауы және мәжбүрлі жалғыздық. Белсенді тұлғааралық қарым-қатынас кезеңдерінің және оңашалану кезеңдерінің алмасуы адамның қызмет етуінің қажетті шарты екендігі белгілі. А. У. Хараш пікірінше, саналы және қабылданған жалғыздық адамның өзін-өзі тануына және өзімен-өзі қарым-қатынасына бағыттылығын сипаттайды. Мұндай түсінік гуманистік бағытта(А. Маслоу, К. Роджерс, В. Сатир)жалғыздықты өз Менін ұғыну мәселесі контексінде қарастыруымен ұштасады. Аналитикалық психологияда (К.Г. Юнг) адамның жалғыздықты қалауы тұлғаның индивидуация үрдісімен және өзіндіктің дамуымен байланыстырылады. Сонымен, жалғыздықты қалау себептерінің бірі субъектінің өзін-өзі тануға және өзін-өзі дамытуға баса назар аударуы. Психоаналитикалық бағытта жалғыздықтың себептері адам мінезінің спецификалық нышандарынан, қарым-қатынасты қажетсіну және тұлғааралық қатынастар деңгейінің төмендігінен, жүзеге асырылмаған қажеттіліктерден (Э. Эриксон, С.Г. Салливен), «адамдардан қозғалу» стратегиясын таңдаудан(К. Хорни) қарастырылады.
Когнитивті бағытта саналы жалғыздықтың себебі – жалғыздықты тыныс-тіршілікте артық көріп, оны «ақтаушы» немесе жалғыздық фактісін ұғынуға кедергі келтіретін (каузалды атрибуция теориясы) когнитивті модельдер болып табылады. Маңызды әлеуметтік орта тарапынан шеттету және елемеу сияқты жағымсыз тәжірибемен байланысты қорқыныш және әлеуметтік үрей, «бақытсыз махаббат» жалғыздықты артық көру себебіне жатады. Мәжбүрлі жалғыздық себептері – жақын тұлғааралық қатынастар орнатуға кедергі келтіретін тұлғаның коммуникативті құзыреттілігінің әлсіздігі, әлеуметтік және тұлғааралық байланыстардың шектелуі (қалыңдық пен жігіттердің аздығы), сыртқы шектеулер және таңдаған жарына некелесуге тыйым салу, эго-иденттіліктің дамуының бұзылуы, изоляция және шеттету тенденциялары (Э. Эриксон), адекватты емес және бұрмаланған Мен-концепциясы(К. Роджерс).
Дәстүрлі, заңмен заңдастырылған неке түрлерімен қатар серіктестік мынадай түрлері көңілдестік және азаматтық неке кең таралып келеді. Қазіргі қоғамда көңілдестіктің таралуы, мысалы байқама неке жасөспірім және ерте жастық шақтағы әлеуметтік-мәдени ерекшеліктермен байланысты. Постиндустриалды қоғам «тұтыну» саласындағы жас адамның әлеуметтік-мәдени жетілуі, сонымен қатар әлеуметтік және сексуалды қатынастар, экономикалық жетулі арасындағы алшақтықтық күннен күнге өршуімен ерекшеленеді. Білім алу кезеңі ұзақтығының ұлғаюы және кәсіби қызметті бастауды кейінге қалдыру жастардың бірге тұруды (көңілдестікті) қалауына және отбасына, бала тәрбиелеуге жауапкершілік алуды кейінге қалдыруына себепші болды. Байқама неке, көңілдестік және азаматтық неке арасындағы айырмашылықтар мыналардан тұрады, біріншіден, бірге тұру ұзақтығы мен тұрақтылығынан; екіншіден, қатынастарды әлеуметтік ұсыну (таныстыру) сипатынан. Байқама неке қызметі – рөлдік тәжірибе жасау, бірлескен отбасылық өмірді модельдеу, серіктестердің өзара түсіністікті және ынтымақтастықты орнатуы. Байқама неке ұзаққа созылмайды: қарым-қатынас не үзіледі, не ресми неке қиылады. Байқама некеге қоғамдық көзқарас жағымды, себебі бұл некеде ажырасудың алдын алу мүмкіндіктері қарастырылады. Швецияда некеге дейін бірге тұру әлеуметтік институт статусын алады.Заңды неке көбіне бала туғаннан кейін, тіпті екінші бала дүниеге келгеннен кейін де қиылады.
Бірге тұру жағдайында бірлескен өмір ұзақтығы айтарлықтай жоғары болмауы мүмкін әрі серіктестер жиі сапарға аттанады, сондықтан көңілдестік некеде отбасылық рөлдер жеткіліксіз анықталады, рөлдік құрылым аморфты болып келеді, мұндай «отбасының» шегі көмескі, айқын емес, жұп некелік міндеттерді мойнына алмайтынын жариялап ескертеді. Көңілдестіктің мұндай түрі экстерриториалды одақ болып саналады, ондағы серіктестер бірге тұрмағанмен белгілі бір кезеңдерде бас қосып, ұзақ уақыт өз қатынастарының тұрақтылығын сақтайды. Азаматтық неке қарым-қатынастың ұзақтығымен және тұрақтылығымен, айтарлықтай жіктелген рөлдік жүйенің болуымен сипатталады. Азаматтық некеде тұрып жатқан жұп көп жағдайда өз балаларын тәрбиелейді. Серіктестер өз қатынастарын жария етіп, таңдаған одағын саналы қалайды. Алайда ғалым-зерттеушілер көптеген азаматтық некеде тұрып жатқан серіктестердің отбасына толық жауапкершілік алуға психологиялық дайын еместігін анықтаған. Осындай некені қалаудың негізгі себептері:өзара сенім және құрмет, серіктестердің мұндай көзқарасы заңмен заңдастыру тұрғысынан алғанда күмән тудырады;міндеттерді қабылдауға ниеттің болмауы, «бір-бірін жақсырақ тану үшін» «байқама» сипатта одақ құру, қарым-қатынастың ашық болуына тырысу және серіктесті кедергісіз алмастыру мүмкіндігі.
Азаматтық некенің тағы бір түрі «отбасы-конкубинат» (М. Босанац), ер адам ресми некеде бола отырып, басқа әйелмен тұрақты қатарлас одақты сақтайды, азаматтық некеде көбіне бір немесе бірнеше бала болады. Осылайша екі некелік одақта да құқықтары мен міндеттерін толық орындайды. Оның үстіне екі одақтағы әйел бір-бірін жақсы біледі.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Патриархалды, детоцентрлік және ерлі-зайыптылық отбасыларға салыстырмалы сипаттама беріңіз. Олардың қайсысы оңтайлы болып табылады?
2. Қазіргі қоғамда отбасының дамуының қандай тенденциялары сізге ұнамды? Неге? Қандай тенденциялар үрей тудырады? Өз жауаптарыңызды дәлелдеңіз.
3. Отбасы терең дағдарысты бастан өткереді деген пікірмен келісесіз бе? Жауабыңызды дәлелдеңіз. Қазіргі отбасылардың бастан өткізіп отырған дағдарысының себептері неде?
4. Қазіргі таңда отбасының қандай мифтері танымал? «Ия» және «қарсымын» дәлелдерін атаңыз.
5. Отбасының, оның өмірлік циклде даму заңдылықтарын атаңыз.
6. Отбасы дамуындағы нормативті дағдарыстар дегеніміз не? Олардың психологиялық мазмұны қандай?
7. Сұхбат негізінде респондент отбасына мінездеме жасаңыз. Өз отбасыңызды жоғарыда келтірілген типология өлшемдеріне сәйкес сипаттаңыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *