ОТБАСЫНЫҢ ӨМІРЛІК КЕЗЕҢДЕРІ (ЦИКЛДЕРІ)

ОТБАСЫНЫҢ ӨМІРЛІК КЕЗЕҢДЕРІ (ЦИКЛДЕРІ)

Отбасын жүйелілік тәсілдемемен қарастыру – қазіргі отбасы психологиясында анағұрлым маңызды. Жүйелілік тәсілдеме парадигмалары негізінде отбасы қоршаған ортамен тұрақты алмасатын,ашық өз бетімен құрылатын әлеуметтік жүйе ретінде қарастырылады. Отбасының қызмет етуі бір-бірін толықтырып отырушы екі негізгі заңға бағынады. Олар гомеостаз заңы (тұрақтылықты сақтауға бағытталған) және даму заңы. Даму заңы – отбасының кез келген жүйе тәрізді генезис, даму және ликвидация (жойылу) терминдерімен тарихи аспектіде сипатталатындығын білдіреді. Сондықтан, отбасының өмірлік циклі мен белгілі бір кезеңдердің және олардың пайда болғаннан бастап, өмір сүруін тоқтататын өзгерістер жайында сөз қозғауға болады. Отбасының даму циклі» терминін 1948 ж. Э. Дювалль және Р. Хиллалғаш қолданған.Отбасының даму динамикасын қарастыру Э. Эриксонның отбасының дамуының әрбір кезеңінде тұлғаның шешетін міндеттерінің спецификасы туралы идеясына негізделді. Отбасының өмірлік циклінің әрбір кезеңіне дамудың спецификалық міндеттері сай келеді.
Отбасының дамуының өмірлік циклі елеулі оқиғалармен (туу, өлу) анықталады және отбасының барлық мүшелерінің жас өзгерістері негізінде жүзеге асады. Отбасының әрбір мүшесінің жеке басына қатысты жас-психологиялық өзгерістер тұлға өмірін түбегейлі өзгертеді: тұлға қажеттіліктері мен мотивтері жүйесі, оның мінез-құлық және іс-әрекет тәсілдері, отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесі өзгереді, сонымен қатар біртұтас отбасының қарым-қатынас стилі мен қызмет ету сипаты да өзгереді.
Отбасының өмірлік циклінің бар кезеңдеріне шолу жасау – оның барлығының отбасы құрамындағы балалар орнының өзгеру өлшеміне және ерлі-зайыптылардың тәрбиелік қызметтерді жүзеге асыруына негізделетіндігі жайлы тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Э.К. Васильева отбасының өмірлік циклінің бес кезеңін бөледі, оның әрқайсысында дамудың спецификалық міндеттері шешіледі. Бірінші кезең – отбасының құрылуы – бірінші бала өмірге келгенге дейін.Екінші – балаларды өмірге әкелу және балаларды тәрбиелеу – бір баланың еңбек іс-әрекетін бастауымен аяқталады.Үшінші кезең – отбасының бір баланың еңбек іс-әрекетін бастағаннан, ата-ана қамқорлығында бір баланың қалмауына дейін, яғни отбасының тәрбиелік қызметті аяқтауымен байланысты. Төртінші кезең ересек балалар ата-аналарымен бірге тұрады және оның біреуінің жеке отбасы болады. Бесінші кезең ерлі-зайыптылар өздері ғана тұрады немесе балалары бар жеке отбасымен бірге тұрады. Р. Нойбертекеу болып тұрудың кезеңдерін бөледі: балаларды өмірге әкелгеннен кейін оларды тәрбиелеу; жоғары сынып жасындағы балаларды тәрбиелеу; балалардың ата-аналарынан бөлінуі және немерелерді тәрбиелеу. В. Баркайдың бөліп көрсеткен жас кезеңдерінен біз жоғарыда аталғанға ұқсас кезеңдерді көреміз: балаларсыз отбасы; ерте сәби жастағы баласы бар отбасы;балалары балабақшаға баратын отбасы; мектеп жасындағы балалары бар отбасы; өз бетімен өмір сүре алатын балалары бар отбасы; балалары қалдырып кеткен отбасы.
Хиллдің бөліп көрсеткен жас кезеңдерінде монада кезеңі некеге түсу, бала туу, жеткіншектік жасқа дейін баламен тұру кезеңін алмастырады, «баланың ұядан ұшуы» кезеңі, ерлі-зайыптылардың біреуінің өмірден өтуі және монада кезеңінің қайта басталуы.Отбасының тәрбиелік қызметінің аздаған маңызы М.Эриксонның бөліп көрсеткен жас кезеңдерінде көрініс табады, онда отбасының өмірлік циклі күту (көңілін табу) кезеңін, некелік мінез-құлықты, баланың туылуын және онымен өзара әрекеттесуді, кемелденген некені, балалардың ата-аналардан алыстауын, зейнеткерлікті және кәрілікті құрайды.
Б.Картер мен М. Макголдрик ұсынған жас кезеңдеріне негізделген отбасының өмірлік циклін қарастырамыз. Аталмыш жас кезеңдерінің өлшемдері отбасының келесі сипаттамалары болып табылады: 1) өмірлік мақсаттар; 2) осы мақсатқа жету үшін іске асырылатын міндеттер; 3) құрамы; 4) отбасылық жүйенің жаңа өмірлік беталысына сай бір кезеңнен басқа кезеңге өту.Біздің пікірімізше, айтылып отырған соңғы өлшем өзгеше болып табылады,отбасының нормативті дағдарысын көрсетеді, себебі жаңа кезеңге өту ең алдымен барлық отбасылық жүйенің қайта құрылуын талап етеді. Өмірлік циклдің әрбір кезеңінде отбасының дамуында екі көрініс болады: 1) ерлі-зайыптылардың алға қойған міндеттерін табысты шешуді көздейтін үй ішінің амандығы көрінісі; 2) аталған міндеттерді шеше алмаудан туындап, отбасының деструктивті дамуынан көрінетін нашар көрінісі.
Отбасының өмірлік циклі алты кезеңдерден тұрады: некеге дейінгі кезең, некеге түсу және жаңа отбасы жұбын құру, кішкентай баласы бар отбасы, жеткіншек жастағы баласы бар отбасы, балалардың ересектік статусын алу кезеңі және олардың отбасынан жыраққа кетуі («ұядан ұшуы), балалардың бөлініп шықаннан кейінгі өмір кезеңі. Отбасының өмірлік циклінің кезеңдерін жай ғана бөліп көрсету – қазіргі отбасының маңызды қызметі ата-ана болуды және балалар тәрбиелеуді дәлелдейді. Ерлі-зайыптылық өтілім отбасының өмірлік циклінің кезеңін анықтамайды. Отбасының дамудың сапалы жаңа кезеңіне өтуі бала туу және оларды тәрбиелеу міндеттерін шешуімен анықталады.
Некеге дейінгі кезең (некелік одақтан тыс жас бозбала немесе бойжеткен) немесе «монада уақыты». Бұл тұлғаның эмоциялық және экономикалық дербестілікке жететін, өзі және өз тағдыры үшін жауапкершілікті қабылдау, ата-ана отбасынан Менніңэмоциялық бөліну кезеңі, тұлғаның автономизациясы, еркіндік алуы; тұлғааралық қатынастар интимділігінің, ұнату және қарсы жыныспен тұлғааралық қатынаста сүйікті болу қабілетінің дамуы, некелік серіктесті іздеу (Э.Эриксон бойынша); тұлға Менінің мамандық алу және экономикалық тәуелсіздікке жетуі арқылы қалыптасуы.
Бұл кезеңде болашақ отбасының дамуы мен оның қызмет етуі аталған міндеттерді шешу табыстылығымен анықталады. Егер міндеттер шешілмесе, олар кейінге қалдырылады да олардың шешімі отбасының дамуының келесі кезеңдеріне ауысады, бұл отбасы қызметінің нашарлығын көрсетеді.
Некеге отыру, жаңа отбасылық жұп құру немесе «диада уақыты». Бұл кезеңде некеге отыру негізінде жаңа отбасылық жүйе құру жоспарланады және ортақ отбасылық құндылықтар және отбасы құрылысы келісіледі; отбасының басшысы және көшбасшысы анықталады;рөлдер бөлінеді, ерлі-зайыптылар оларды орындауға жауапкершілік алады; отбасының қаржылық-экономикалық статусы анықталады; отбасылық бюджет ұйымдастырылады; отбасының территориалды мәселелері (мекен мәселесі) шешіледі; бос уақыт ұйымдастырылады; отбасы өміріне үйрену ретінде ерлі-зайыптылардың неке-отбасылық бейімделуі жүреді; отбасылық «Біз» санасы қалыптасады; болашақ отбасына қатысты ортақ ұстаным белгілі болады; негізгі өмірлік мақсаттар жоспарланады; кең отбасымен (ата-аналармен және ерлі-зайыптылардың әрбір туысқандарымен) қатынастар орнатылады.
Отбасының өмірге төзімділігі және оның болашағы жаңа отбасылық жүйенің қалыптасу міндеттерінің шешілу табыстылығына байланысты болып келеді. «Мен және Сен» қатынастарының орнына жаңа сападағы «Біз» қатынасы саналы ұғынылады. «Бал айының» аяқталуы бұрынғы жақын қатынастардың және махаббат сезімінің қайта құрылуын, яғни осы кезеңдегі міндеттердің бірігіп шешілуін білдіреді. Жас отбасы осындай жағдайда болғанда ғана стресс ықпалдарына айрықша сезімтал әрі төзімді болады.
Некенің бұзылуына көбіне отбасының өмірлік циклінің осы кезеңдегі міндеттерін дұрыс жүзеге асыра алмауы, оларды жас жұбайлардың шешуге психологиялық дайын еместігі, әсіресе ата-аналарға эмоциялық, мінез-құлықтық, құндылық тәуелділігінің сақталуы, жас отбасының экономикалық дербестілігінің болмауы т.б. себепші болып жатады.
Жас жұбайлардың ерлі-зайыптылық өмірге дайындыққа бастамалық көрсетуінің маңызды кезеңі олардың ата-ана отбасының автономиясы негізінде кең отбасымен қатынастардың жаңа жүйесін орнату міндеттерін шешуі болып табылады.
Некелік бейімделу жас жұбайлардың симпатия, махаббат, достық және өзара құрмет тәрізді жағымды сезімдер негізінде бірлескен өмірге біртіндеп бейімделу үрдісі ретінде қарастырылады. Некелік бейімделу мыналардан тұрады: 1) жаңа некелік-отбасылық рөлдерге және келісілген рөлдік іс-әрекетке бейімделу; 2) жұбайының қажеттіліктеріне, өмірлік құндылықтарына, қызығуларына және өмір стиліне бейімделу; серіктестің жеке-типологиялық ерекшеліктеріне, мінезіне және тұлғалық қасиеттеріне бейімделу; 4) серіктесінің кәсіби қызметіне бейімделу; 5) серіктестердің сексуалды бейімделуі.
Кішкентай балалары бар отбасы (жеткіншек жасқа дейін). Балаларды тәрбиелеу қызметінің жүзеге асуының басталуы, отбасылық жүйенің ортаға жаңа мүшелердің қосылуымен кеңеюі. Бұл кезеңде: ерлі-зайыптылық және ата-ана-балалық жүйелердің қалыптасуымен отбасының құрылымыдық-қызметтік құрылымы өзгереді; ана мен әкенің ата-аналық ұстанымы қалыптасады; отбасылық жүйеге балаларды қосуға бейімделу жүреді; тәрбие стратегиялары, тактикалары мен әдістері қалыптасады, олар жүзеге асырылады; ата мен әже рөлдерімен қоса кең отбасымен жаңа қатынастар орнатылады.
Бірқатар авторлар (А.Н. Волкова, Т.М. Трапезникова, Н.Л. Васильева) отбасының өмірлік циклінің аталмыш кезеңін нәрестелік баласы бар отбасына, мектеп жасына дейінгі балалары бар отбасына, мектеп жасындағы балалары бар отбасына бөледі. Былайша бөлудің негізі бар, себебі балалар жасы тәрбиелеудің нақты міндеттерін және бала-ата-ана қатынастарының түрлерін, сонымен қатар ерлі-зайыптының әрқайсысының өзінің бұрынғы рөлдерін кәсіби және әлеуметтік саладағы іс-әрекеттерде де сақтау мүмкіндіктерін анықтайды.
Баланың өмірге келуі отбасылық жүйеде үлкен дағдарысты тудырады, осының салдарынан отбасы әртүрлі стрессорларға дәрменсіз әрі тұрақсыз болып келеді. К. Витакер отбасылық өмірдің барлық қиындықтары отбасы бала күту, жүктілік, нәрестені бағып-қағу мәселесін бастан өткергенде екінші орынға қойылады деп тұжырымдаған.С. Минухин бойынша баланың туылуы отбасына өзгерістер әкеледі. Отбасында бөлінген бұрынғы рөлдер мен міндеттерді қайта қарау қажеттілігі туындайды. Әдетте, әйел ата-аналық және отбасылық рөлдерге басымдық беріп, бұрынғы өмір салтынан және кәсіби қызметтегі белсенділіктен бас тартады. Ер адам керісінше, барлық жауапкершілікті мойнына алатындықтан, жұмыста анағұрлым белсенді бола түседі.
Баланың туылуы бұрынғы отбасылық жүйені қайта құру қажеттілігін тудырады. Ерлі-зайыпты арасындағы қатынастар екі жоспарда жүзеге асады: 1) жеке ерлі-зайыптылық қатынаста – ер мен әйел арасында және 2) ата-аналық қатынаста – бала тәрбиелеуші әке мен ана арасында. Қатынастардың аталған екі жоспарын үйлестіру айрықша күрделі міндет болып табылады. Әсіресе, әйелдің өзінің кәсіби қызметіне қашан және қалай оралатындығыжәне бала тәрбиелеу қызметтерін қайта бөлу мәселесі аса маңызды болады. Мысалы, нәрестені тәрбиелеу кезінде күйеуі отбасын асырау үшін материалдық қамтасамыз етудің қайнар көзі болып, «асыраушы» қызметін атқарады. Ал мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеуде, яғни әйелдің белсенді өндірістік қызметке оралу сәтінен бастап, ерлі-зайыпты арасында үйде атқарылатын міндеттер мен бала тәрбиелеу жауапкершілігі қайта қаралады.Ерлі-зайыптының екі маңызды саланы – отбасылық және кәсіби саланы үйлесімді атқаруы – отбасының дамуындағы аталмыш кезеңнің басты мәселесі болып табылады.
Бала-ата-аналық жүйелердің қалыптасуы отбасы өмірін түбегейлі өзгертіп, күрделендіреді.
Отбасының өмірлік циклінің бұл кезеңінде ерлі-зайыптылардың ата-аналық қызметті атқаруға көшуі аса маңызды болып табылады. Ата-аналық ұстанымның қалыптасуы – барлық жағынан алғанда өзгерісті, ата-аналар үшін дағдарыстық үрдіс, бұл үрдіс отбасындағы бала тағдырын, бала-ата-аналық қатынастар мен ата-ананың жеке басының дамуын анықтайды. Ата-аналық және тәрбиелік рөл ерлі-зайыптылық рөлден айтарлықтай өзгешеленеді, себебі ерлі-зайыпты одақ құруда екі серніктес те ерлі-зайыпты қатынастарды тоқтатып, некені бұза алады, ал ата-ананың «өмір бойына» атқаратын тұлғалық рөлін мүмкін емес. Тіпті ата-аналар бала тәрбиелеу құқығы мен жауапкершіліктенқашып, оны перзентхана немесе балалар үйіне тастап, баладан «бас тартқан» күнде де ана/әке адамгершілік таңдауы үшін жауапкершілік алып, баланың биологиялық ата-анасы болып қалады.
Отбасылық жүйедегі тағы бір маңызды қатынастардың бірі – балалар өмірге келгеннен кейін пайда болады, ол – нуклеарлы отбасының ата-әжемен қатынастары, бұл кең отбасы негізінде қатынастардың жаңа рөлдік кеңістігін анықтайды. Аталған рөлдік кеңістікте баланың ата-әжелері және ерлі-зайыптылар – ата-аналары арасында жас және рөлдік статусты ұғыну негізінде қайта құрылу үрдісі жүреді. Аға буын ата және әже сынды жаңа отбасылық рөлді қабылдап, меңгереді. Онда келесі қызметтер маңызды болып табылады: немерелерді тәрбиелеу; ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін отбасы тарихын және дәстүрін сақтау; отбасылық жанжалда және дауласуда төреші қызметін атқару; проблемалық жағдаятта және дағдарыстарды шешуде көмек көрсету. Кең отбасы негізінде бұрынғы қатынастарды қайта құру міндеті өзекті болып табылады. Бұл кезеңде кеңейген отбасының бірлігін арттыру, аға буын мен кіші буын арасында эмоциялық қатынастарды оңтайландыру және ынтымақтастықты дамыту ықтималдығы шұғыл артады.
Сонымен, баланың туылуы отбасы өмірінде маңызды өзгерістерді тудырып, ерлі-зайыптының әрқайсысының тұлғалық дамуына мүмкіндік жасайды:
— ана мен әке рөлдерін қабылдау негізінде ерлі-зайыптылардың иденттілігі дамиды;
— отбасындағы қызметтерде қайта бөлумен және жаңа ата-аналық рөлдердің пайда болуымен қатар отбасының рөлдік құрылымы өзгереді;
— отбасынан тыс – кәсіби салада, достық қатынастарда рөлдік қатынастар өзгереді;
— аға буынның ата және әже рөлдерін қабылдауы негізінде кеңейген отбасы жүйелері өзгереді.
Жеткіншек жасындағы балалары бар отбасы. Өмірлік циклдің бұл кезеңіндегі отбасының негізгі психологиялықсипаты –отбасылық жүйенің әрбір ұрпағының дағдарыстық жас кезеңдерінің үйлесімділігі немесе қиылысуы.Аға буын болып табылатын ата-әжелер күш-қуатының және шама-шарқының әлсіреуіне байланысты белсенді өндірістік және әлеуметтік қызметті тоқтатуға және өмір салтын өзгертуге мәжбүр болады. Орта буын болып саналатын ата-аналар барлық өткен өміріне көз жүгіртіп, өмірдің мәнін қорытындылауды талап ететін дағдарысқа түседі. Кіші буын –жеткіншектер – өздерінің жаңа статусын – ересектік статусын танытуға тырысады, бұл ата-ана-бала қатынастары жүйесінің қайта құрылуын талап етеді. Аталған жас дағдарыстарынан – үлкен отбасындағы үш ұрпақтың кәрілік, орта және жеткіншектік жастағы дағдарыстардан өту өзіндік міндеттерімен ерекшеленеді,белгілі бір жас дағдарысы кезінде отбасылық жүйеде айрықша әлсіздік байқалады. Дағдарыстық кезеңде отбасы мүшелері мазасыздықты, дәрменсіздікті, әлсіздікті сезінеді.
Жеткіншектік кезеңде бала-ата-аналық қатынастар жүйесі қайта қаралады, жеткіншектер құқығы құптала бастайды, біртіндеп еркіндікке, дербестілікке мүмкіндік беріледі; отбасының үлкендеріне, аға буынына (ата-әжеге) қамқорлық жасалады; ерлі-зайыптылар үлкен отбасы үшін жауапкершілік алады, үлкен және орташа буын арасында қарым-қатынас сипаты өзгереді: аға (үлкен) буын орта буынның көшбасшылық рөліне мойынсынады; орта өмірдегі дағдарысты жеңуге баса назар аударылады, тұлғалық даму және өзіндік жандану, кәсіби және мансап мәселелері шешіледі.
Отбасының өмірлік циклінің бұл кезеңі аса жоғары мазасыздығымен ерекшеленеді. Ерлі-зайыптылар қатынастарында махаббат сезімі жоғалады, түңілу, серіктесті «бағаламау» және некеге қанағаттанбау сезімі байқалады. Осы кезеңде жиі кездесетін ерлі-зайыптылық опасыздықерлі-зайыптылардың өмірлік жолдарын қайта қарауға тырысуын және басқа серіктесті іздеу арқылы өзін-өзі жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін табуын аңғартады, мұнымен жаңа өмірлік мақсаттар және тұлғалық өсудің жаңа мүмкіндіктері, эмоциялық жақын байланыстар орнату, бұрынғы қателіктер жүгінен, кінәлілік сезімінен және күйініш, шерден арылу байланысып жатыр. Десек те басқа серіктес іздеу бұрынғы өміріне түңілуді, өткен өмірін жағымсыз етіп бағалауды және «өмірін таза парақтан бастауды» білдірмейді. Орта жастағы дағдарысты осылайша шешу – тұлғалық жетілмеумен және жас дағдарысын бұрынғы отбасылық жүйені жұмылдыру негізінде конструктивті шеше білмеумен байланысты. Әрине, бұл дағдарыстың отбасылық жүйенің әбден мерзімі жеткен қайшылықтарын шиеленістіре түсетіні сөзсіз, осының салдарынан отбасы ыдырап, ерлі-зайыптылық қатынастар тоқтайды. Дегенмен де бала-ата-аналық қатынастар сақталып, ажырасқан отбасы бұрынғыша бала тәрбиелеу қызметін атқара бермек.
Ересектік статус алған балалардың бөліну кезеңі (ересек балалары бар отбасы). Отбасының өмірлік циклінің бұл кезеңінде ата-аналардың ересек балалармен қатынасының жаңа түрі қалыптасады. Балалар өзінің жеке отбасы болмаса да ата-аналарымен бірге тұра алады, батыспен салыстырғанда қазақстандық, ресейлік отбасыларда мектепті тәмамдау баланың отбасынан жырақтауына, әсіресе аумақтық, кейбір жағдайда қаржылық-экономикалық алыстауына себепші болады. Ересек балалар басқа қалаға оқуға түскенде немесе пәтер жалдағанда ата-аналарынан бөлек тұра алады, осылайша олар дербестілікке, автономияға ұмтылып, өздерінің ересектік статусын танытады. Ересек балалар некеге түсуі немесе үйленбеуі (тұрмысқа шықпауы) мүмкін. Отбасының өмірлік циклінің бұл кезеңінің ерекшелігі – ерлі-зайыптылардың бала тәрбиелеу қызметін тоқтатуы және олардың кәсіби, әлеуметтік белсенділікті сақтауы болып табылады.
Бұл кезеңде икемді отбасы жүйесі қалыптасады, отбасылық жүйенің диада ретінде құрылуы байқалады; «ересек-ересек» типі бойынша ата-аналар мен балалар арасында қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасады; отбасылық жүйеге жаңа мүшелер (ұлдың әйелі немесе қыздың күйеуі, немерелер) қосылады; жаңа отбасылық рөлдер қабылданады – әже және ата рөлі; аға буынға қамқорлық жасау, ата-аналардың дәрменсіздігін қабылдау, күтім жасау.
Отбасының өмірлік циклінің бұл кезеңі тәрбиелік қызметті атқарудың аяқталуымен, ересек балалардың бөлінуімен және отбасылық жүйенің жаңаша қайта құрылу қажеттігімен ерекшеленеді. Ерлі-зайыптылар үшін қарым-қатынасты өмірлік циклдің алғашқы кезеңіндегідей диада негізінде құру міндеті туындайды. Өткен кезеңдерде ата-аналық негіздегі қатынастардың басымдығы есейген ересек балалардың бөлінуі кезінде өмірдің мәнін жоғалту тәрізді сезімнің туындауына, отбасының құнсыздануына және ерлі-зайыптылық қатынастың салқындауына (ортақ мақсат – балаларды тәрбиелеу тоқтайды) жиі әкеліп соғады. Осы кезеңде ата-аналардың ересек балаларының отбасынанбилік етуді және көшбасшы болуды талап етуі немесежаңа құрылған отбасына өктемдік көрсетіп, бала тәрбиелеу т.б. рөлді иемденіп, «орны толмас» мүше болуға тырысып бағу. Мысалы, мұндай мінез-құлық балаларының отбасында авторитарлы-директивті стильді жүзеге асыратын әжелердебайқалады, әдетте ондай әжелер отбасының бұзылуына (деструкциясына) және ажырасуына себепші болып келеді.
Жоғарыда аталған отбасының көрінісіне қарама-қарсы мысал – отбасылық жүйенің үйлесімділігін қамтамасыз ететін ерлі-зайыптылық қатынас – серіктестердің бір-бірін жаңаша көзқараста, төзімділіктің, сабырлықтың арқасында қалыптасқан өмірлік тәжірибе негізінде «тануы» болып табылады.Бұл жағдайда ерлі-зайыптылар бір-бірін жаңадан танығандай болып, ерлі-зайыптылық қатынастарды жұбайының жаңа тұлғалық қасиеттері негізінде орнатады. Кейде ерлі-зайыптылар бір-біріне таңдана қарап, тіпті бейтаныс адаммен өмір сүріп жатқандай сезінеді, мұндай отбасының болашақ тағдыры ерлі-зайыптылардың жаңа қатынас құруды қалауына және сондай қатынасқа дайындығына байланысты болып келеді. Отбасында немерелердің дүниеге келуі тәрбиелік қызметтерді атқару үшін жаңаша рөлдік мүмкіндіктер береді, ерлі-зайыптылар ата-әже рөліне ауысады.
Балалар бөлініп шыққаннан кейінгі отбасы (кәрілік және қартаю кезеңі). Отбасының өмірлік циклінің соңғы кезеңі ерлі-зайыптылардың (немесе екеуінің біреуінің) онтогенетикалық дамудың ақырғы кезеңіне – қартаю және кәрілік шаққа енуін анықтайды. Бұл кезеңде дамудың жас ерекшелік міндеттері біртұтас отбасылық жүйенің дамуымен ұштасып жатады. Зейнеткерлікке шығу тұлғаның барлық өмірлік ұмтылыстарының түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. В.Д. Шапиро қарт адамдардың құндылық бағдарына сәйкес қажеттіліктер тобын бөліп көрсеткен:
— әлеуметтік қажеттіліктер (жақсы материалды және тұрмыстық жағдайда бос уақытты өткізу, демалу);
— әлеуметтік-психологиялық қажеттіліктер (тұлғааралық қарым-қатынастар, құрмет, еркіндік, айналадағылардың қамқорлығын қажетсіну);
— денсаулық сақтау қажеттілігі.
Қарт адамдар үшін бастысы – балаларының, немерелерінің, жақын адамдарының амандығы мен жетістіктері. Қарт ерлі-зайыптылар өмірінің ерекшелігі әйел мен ерлерде болатын климактериялық бұзылыстарға байланысты сексуалды қатынастардың өзгеруі болып табылады.
Бұл кезеңде жас өзгерістеріне байланысты үлкен отбасындағы қатынастар жүйесі қайта құрылады. Сондықтан мұндағы негізгі міндеттер бұрынғы жеке қызығуларды, белсенділік түрлерін және өзара әрекеттесу түрлерін, сонымен қатар физиологиялық қартаюға және физикалық күштің, мүмкіншіліктердің жоғалуына қарамастан ерлі-зайыптылық қызметтерді сақтау болып табылады; әлеуметтік және отбасылық рөлдерді (әже, ата) орындаудың жаңа мүмкіндіктерін зерттеу; орта буынның басты рөлдеріне қолдау көрсету; ақылман, дана болу, мол тәжірибемен бөлісіп, ақыл-кеңесін беру;жұбайынан, жақын адамдарынан, достарынан, құрдастарынан айрылу; жұбайынан айрылғаннан кейін өмір салтын құру; өмірін «қорытындылау»; өлімнен қашып, құтылмауды сезіну.
Отбасының өмірлік циклінің басқа кезеңдеріне қарағанда рөлдік құрылымды өзгерту қажеттілігіерлі-зайыптылардың қартаю үрдісінің біркелкі болмауымен және бұрынғы мүмкіндіктерді жоғалтуымен анықталады. Сонымен қатар ерлі-зайыптылар арасында «асыраушы» және «үй қожайыны» рөлдерін бөлуге ықпал етуші кәсіби қызметті тоқтату факторының да маңыздылығы зор. Әйелдер зейнеткер жағдайына анағұрлым тез бейімделеді. Әдетте олар отбасындағы «үй қожайыны» – «үй бастығы» мәртебесін, отбасы бюджетіне жауапкершілігін сақтап қалады. Ер адам отбасында тек «асыраушы» рөлімен шектеледі. Еңбек іс-әрекеті тоқтаған кезде ер адам атқарып жүрген рөлін жоғалтып, көп жағдайда өзін отбасына керексіз сезінеді, себебі зейнеткерлікке шығумен байланысты ерлі-зайыптының әрқайсысының отбасылық бюджетке қосатын үлесі теңеседі. Отбасында көбіне «үн-түнсіз төңкеріс» орнайды, ақырында барлық билік әйелге ауысады.Өкінішке қарай, мұндай жағдай ерлі-зайыптылық қатынастарды нашарлатады, қартайған ерлі-зайыптылар арасында кертартпа қатынас орнап, әрқайсысы өз жайымен қалады, әртүрлі телехикаяларды үзбей қарау қарт зайыптылардың толғаныстары мен сезімдерін жеңілдеткендай болып, оларды қиял, мұңға, жалған үмітке жетелейді. Осындай отбасылық жүйеге қарсы мысал – өзін-өзі жүзеге асырудың маңызды әрі қолайлы түрлерін іздестірумен, серіктестің мақсаттарын құрметтеумен, алға қойған мақсаттарға жетуге қол ұшын беріп, қолдау көрсетумен байланысты.
Отбасының рөлдік құрылымының өзгеруінің тағы бір түрі ерлі-зайыптылардың біреуінің денсаулығының күрт нашарлауымен және отбасының барлық күш-жігерін сырқаттанған жұбайының денсаулығын жақсартуға жұмсауымен байланысты.
Отбасының өмірлік циклінің бұл кезеңінде орта буынның маңызы зор, себебі қарт ата-аналар орта буынның эмоциялық қолдауына, көмегіне зәру. Әдетте, қартайған ата-анаға ұлдарға қарағанда қыздар көп көмек көрсетеді [Крайг, 2000]. Азық-түліктер сатып алуға жәрдемдеседі, тамақ дайындайды, сырқаттанғанда қол ұшын береді. Қыздар ауыр халде жатқан туысына қарау үшін жұмыс орнын ауыстыруға да әзір. Оның үстіне әйелдер өмірге бала әкелгеннен кейін де үлкен отбасының жарым жанды мүшелеріне де қамқорлық көрсетеді. Деректер бойынша балалары бар әйелдер алуан түрлі рөлдерді атқарып жүрсе де ауыртпалықтарға төзімді болып келеді. В.А. Альперович қартайған ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастардың үш түрін бөледі: «қатар өмір сүрушілер», «серіктестер», «ғашық достар». Аталған қатынас түрлері серіктестердің эмоциялық жақындығы және өзара түсіністігі, құқықтар мен міндеттерді бөлу, іс-әрекеттің, қызығулар мен құндылықтардың ортақтығы, отбасылық қатынастарға эмоциялық бейімделуі бойынша ерекшеленеді.
Отбасының өмірлік циклінің бір кезеңінен келесі кезеңіне өтуде отбасылық жүйенің дамуының нормативті дағдарыстары болады, олар әрбір отбасының жаңа міндеттер арасындағы қайшылықтарды шешуінен және отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас сипатынан көрінетін дағдарыстар. П. Босс көптеген отбасының атқаратын қызметтері мен құрылымы өзгергенде бастан кешетін қиындықтарды нормативті стрессорлар деп атайды. Өтпелі дағдарыстарды шешу табыстылығы отбасының тиімді қызмет етуін және оның үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді. С. Кратохвил неке өтілімінің дәрежесіне қарай кбасталатын дағдарыстардың «стандартты» уақытын бөліп көрсетеді. Олар: 3-7 және 17-25 жыл өтілімі бар отбасы. 3-7 жас дағдарысы бір жылға жуық созылады. Ол романтикалық көңіл-күйдің жоғалуынан, өзара түсіністіктің төмендеуінен, жанжалдың көбеюінен,эмоциялық күштенулерден, некеге қанағаттанбаушылық сезімінен, ерлі-зайыптылық опасыздықтан (көзге шөп салу) көрінеді. 17-25 жас дағдарыс айқын көрінбегенімен ұзаққа созылады (бірнеше жылға дейін). Оның белгілері – эмоциялық тұрақсыздықтың өршуі, отбасынан ересек баланың кетуіне байланысты жалғыздық сезімінің пайда болуы, уайымшылдық. Егер некеге түскеннен кейін шамамен 3-4 жылдан соңбаланың өмірге келетінін ескерсек, 3-7 жылдық некенің хронологиялық аралығы кішкентай нәрестелік және ерте сәбилік жастағы балалары бар отбасы кезеңімен, яғни отбасылық жүйенің түбегейлі өзгеру кезеңімен (ата-ана жауапкершілігін алу, жас ананың кәсіби немесе оқу іс-әрекетінен шеттеуі, ерлі-зайыптылардың үйренген өмір салтына, қарым-қатынасына, бос уақытқа шектеу қоюы, отбасының материалды жағдайының төмендеуі) байланысып жатыр [Кратохвил]. Сондықтан отбасының қайталанып отыратын дағдарыстары отбасы қызметі мен құрылымының өзгерістеріне байланысты.
Дағдарыстың басталуының екінші «стандартты» уақытша аралығын «жеткіншек балалары» бар отбасы кезеңі және ересек балалардың отбасынан бөліну кезеңі қамтиды. Сондықтан, отбасының өмірлік циклінің аса айқын көріністері ерлі-зайыптылардың ата-ана қызметін бастауымен, балалар тәрбиелеуімен және оны тоқтатуымен байланысты.
Нормативті дағдарыстармен қатар, отбасының ажырасу, ерлі-зайыптының біреуінің көзге шөпсалуы, отбасы құрамының өзгерісі (баланың тууына қатысты емес), бала асырау, түрлі себептерге байланысты ерлі-зайыптылардың бірге тұра алмауы, жасөспірім қыздың жүкті болуы,қаржылық қиындықтар т.б. сияқты жағдайлардан көрінетін нормативті емес дағдарыстары жайында да айтуға болады. отбасының нормативті емес дағдарыстарын тудыратын стрессорларды аса күшті және созылмалы деп екіге бөледі.
Аса күшті стрессорларға жатады:ерлі-зайыптының біреуінің, ата-ананың біреуінің немесе баланың қайтыс болуы;ерлі-зайыптының біреуінің көзге шөп салуы; отбасының дамуының әлеуметтік жағдаятында күрт өзгеріс (әлеуметтік статустың өзгеруі, отбасының материалдық жағдайының өзгеруі); отбасы мүшелерінің біреуінің ауыр созылмалы аурумен сырқаттануы.
Ұзаққа созылатын стрессорлар «тамшы тас теседі» принципі тәрізді әсер етеді және қолайсыз тұрмыстық және материалдық жағдайлар; жоғары эмоциялық күйзеліс және кәсіби іс-әрекетте айтарлықтай созылмалы жүктемелер; тұрмыстық жүктемелер; тұлғааралық коммуникацияның бұзылуы және ерлі-зайыптылық, сонымен қатар бала-ата-аналыққатынастарда жанжалдың ұзаққа созылуы сияқты факторлардан тұрады.
Сонымен қатар отбасылық өмір стереотипінің өзгеруі және қиындықтардың еселене түсуі («соңғы тамшы» эффектісі) де айтарлықтай күшті стрессогенділігімен ерекшеленеді.
Отбасының стрессогенді факторларға қарсы тұра алуынан оның ұйымшылдығы, бірлігі, стресске қарсы әрекет жасайтын ішкі және сыртқы ресурстары көрінеді. Кездейсоқ дағдарыстық оқиғаның пайда болуы отбасы жүйесінің үйлесімділігің бұзылуына әкеледі әрі жаңа жағдайға бейімделуді талап етеді. Дж. Сандлер бойынша мұндай бейімделудің психологиялық механизмі отбасының бұрынғы мінсіз бейнесіне қол жеткізуден бас тартып, оны шындыққа жанасатын жаңа идеалға ауыстыруы. Отбасының индивидуация үрдісі отбасын қалыпты дамыту, кедергілерге төтеп беру арқылы болашаққа ұмтылдыру шарты ретінде әрекет етеді.
Отбасы дамуының өмірлік циклінің жас кезеңдерін бөлу өлшемі басты оқиғалар болып табылады, олар – отбасылық сюжетті құрайтын отбасы мүшелерінің өзара әрекеттесу кезеңдерінен тұрады. Аталған әрбір оқиға өзінің мақсатымен, түрімен және жанжалымен ерекшеленеді. Отбасылық сюжеттің келесі кезеңдері бөлінеді: 1) балалық шақ және қалыптасу кезеңі; 2) ата-ана отбасынан ересек балалардың бөлініп, кетуі; 3) серіктес таңдау, оның көңілін табу; 4) жаңа ерлі-зайыпты жұп құру; 5) ата-ана болу және «әке» және балалар» қатынастарының дамуы; 6) ақырғы кезең, ата-ананың өмірден озуы.

Сұрақтар және тапсырмалар:

1. Неке алдындағы жұптардың қатынастарының дамуына сипаттама беріңіз.
2. Неке алдындағы «табыс» және «тәуекел» факторларын атаңыз.
3. Махаббаттың негізгі психологиялық өлшемдерін тұжырымдаңыз.
4. Махаббат, ғашықтық, жартылай махаббат сияқты күйлер арасындағы айырмашылықтарды атап, дәлелдеңіз.
5. Жастардың некеге психологиялық дайындығының негізгі компоненттерін бөліп айтыңыз.
Реферат тақырыптары
1. Өзін-өзі бағалаудың және талаптану деңгейінің болашақ жар бейнесіне ықпалы.
2. Серіктестер идеализациясының негізгі себептері.
3. Махаббаттың психологиялық өлшемдері.
4. Некеге психологиялық дайындықтың негізгі компоненттері.
5. Неке алдындағы кезеңдегі өзара қатынастарды оңтайландырудың психологиялық шарттары.
6. Некеге түсушілерге әлеуметтік-психологиялық диагностика.
7. Дисфункционалды отбасыларда некеге түсу мотивтерін зерттеу.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *