ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ СТУДЕНТТЕРДІҢ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ СТУДЕНТТЕРДІҢ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Г.Б.Ниетбаева —
психология магистрі, Абай атындағы ҚазҰПУ, Психология ҒЗИ аға ғылыми қызметкері

Қазіргі уақытта мемлекеттердің білім беру нормаларын өзара мақұлдау, жоғары білім сапасы мен құрылымындағы бірізділікке көшу ой-пікірінің республикадағы жоғары білім беру жүйесіне енгізілуі оның сапалық жаңа сатыдағы көтерілу серпілісі жəне əлемдік білім кеңістігімен ықпалдасуға бет бұрысы болып табылады.
Еліміздің əлемдік білім кеңістігіне толығынан кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап етеді.Білімді мамандардың көбею Қазақстанның дамыған елдер қатарына енуде маңызды орын алады. Кəсіби білімді, батыл, болашаққа сенімді жас маман дайындау жоғары оқу орнының талабының бірі. Мақаланың мазмұны студенттердің жоғары оқу орнына бейімделуде психикалық денсаулығының ауытқусыз қалыптасуына бағытталған.
Университет қабырғасында, студенттік кезеңде болашақ маман қалыптасады. Студенттің психикалық денсаулығы, тұлғаның іс-əрекетінің жетістігіне, табыстығына əсер етеді. Студенттердің əлеуметтік ортада бейімделуі, студенттер ортасында мазасыздану шарттардың пайда болуы, болашақтағы мамандыққа өзін-өзі тұлға ретінде белгілеу мəселелері тақырыптың өзектілігін анықтайды.
Жас кезең эмоционалды уайымның көпшілігімен сипатталады. Бұл студенттің өмірлік үлгісіне əсер етеді. Демек студент өзінің денсаулығына қам жемей, аяламайды, психикалық жəне дене саулығының қоры бітпейтіндей, студенттердің дем алуы мен релаксация кезеңі жоспарланып, шектелмеген. Сондықтан да, студенттік шақта психикалық денсаулықтың маңызды орын алатынын əр қашанда ескеру қажет. Өйткені, студент болашақтың мəртебесін көтеретін жəне нəр беретін бұлағы болып табылады.
Жаңа əлеуметтік ортаға белсенді бейімделуі, студенттердің құрдасқұрбыларының арасында жоғары мəртебеге ие болуға бағытталған. Бұл кезең студенттердің қауіпті жүріс-тұрысына, мінез-құлқының өзгеруіне əкеледі, əр түрлі амалдарды : ішімдік, никотин, нашақорлық қолдануы мүмкін.
Психикалық денсаулыққа қауіпті əсер ететін шарттардың бірі- əлеуметтік экономикалық өзгерістер кезеңінде қоғамда маман ретінде əлеуметтік жəне кəсіби белгісіздіктің туындауы. Өзінің мамандығына, біліміне, дайындығының деңгейіне сай жұмыс орнының иесі болуына күмəндəну мəселесі жəне студенттік ортада тұлғаға білім алу кезеңіндегі қойылған талаптар, артылған міндеттер студентке қиыншылықтар туындатады.
Айтылған шарттар тұлғаға əсер етіп, студенттің жабығуы, мазасыздануы, күйзелуі, уайымдауы психикалық денсаулыққа айтарлықтай қауіп-қатер туындатады.
Студенттік жастағы жекелік даму ерекшілігін зерттеген алғашқылардың бірі, ғалым Г.Ананьев болып табылады. Ол адамның кемелдену белгілерін анықтауға тырысты. Адамның кемелденуі биологиялық белгілермен жəне жыныстық, соматикалық белгілермен анықталады. Адамның жеке дамуының түрлі гетерохрондық түрлері (онтогенетикалық, тұлғалық — өмірбаяндық, субъекті-тəжірибелік) осы дамудың жəне оның полифакторлы негізделуінің ішкі қайшылықтарының көрсеткіштерінің бірі болып табылады /1/.
Қазіргі психологиялық əдебиеттерге талдау жасағанда көптеген зерттеушілер денсаулықтың психологиялық негіздерін осыған ұқсас терминдерді қолдана отырып қарастырған: “Психикалық денсаулық” Б.С.Братусь, “Психологиялық денсаулық” И.В.Дубровина, “Тұлғалық денсаулық” Л.М.Митина, “Рухани денсаулық” Ю.А.Кореляков, “Жанның саулығы” О.И.Даниленко/2, 3/.
Мəселен, Б.С.Положий /4/ мынадай анықтама береді: «Психикалық денсаулық дегеніміз психиканың субъективтік тұрғыда жанға жайлылығын сезінуін қамтамасыз ететін ағзадағы барлық психикалық қызметтердің үйлесімділігімен жəне біртұтастығымен сипатталатын адам психикасындағы қалып-күй, белгілі бір мақсаттағы саналы іс-əрекетті жүзеге асыру қабілеттілігі, дұрыс мінез-құлық түрлері болып табылады». Ағзадағы барлық психикалық қызметтердің үйлесімділігін тұрақтыландыру үшін психикалық үйлесімділіктің жоқтығы жайлы да көзқарастың болуы қажет екені анық. Белгілі бір мақсаттағы саналы іс-əрекетті жүзеге асыру қабілеттілігін анықтау үшін санадан тыс іс-əрекет көріністерін білу керек. Дұрыс мінезқұлық түрлері дұрыс емес түрлерімен салыстырылған кезде анықталады.
Денсаулық психологиясы адамның жоғары талаптар барысындағы, психикалық жүктемелер жағдайындағы өтелетін «ақысын» анықтауға аса назар аударады. Осындай талаптар мен жүктемелердің алуан түрде кездесетін ортасына студенттік орта жататыны белгілі. Екінші жағынан, дəл осы кезеңде психикалық денсаулық əрекетінің жетістігіне тікелей ықпал ететін жағдайда маман қалыптасып, өмір салтының үлгісі осылайша қоғамдық маңызы бар мағынаға ие болады. Аса өзекті əлеуметтікэкономикалық өзгерістер барысында психикалық денсаулығына қауіп төндіріетін тағы да бір ықпал – болашақ маманның əлеуметтік жəне кəсіби тұрғыдан қоғамдағы орнының анықталмауы мен өзінің біліміне сай жұмыс орнын іздестіру қажеттілігі пайда болады.
Психикалық денсаулығының ықпалдарына болашақ оқиғаларға қатысты мақсаттар мен күтілімдер жатады. Оларды жағымды оқиғаларды күтудегі жағымды мақсаттар жəне жағымсыз оқиғаларды күтудегі теріс мақсаттар деп екіге бөлуге болады. Біріншілері күйзелісті дұрыс жеңіп шығуға көмектеседі, өйткені қиын жағдайларда эмоциялар іс-əрекетті нығайтудың механизмдері ретінде əрекет жасайды. Теріс мақсаттар барысындағы эмоциялар əлсірету сипатындағы деструктивтік ықпал көрсете бастайды.
Студенттер психикалық саулығының келесі ықпалы — өз іс-əрекетінің нəтижелеріне қанағаттануы. Сəттілік сезімі тұлғалық талпыныстарының субъективтік маңыздылығына, көздеген мақсаттарына жетудің жоғары мүмкіншілігіне тең келеді.
Мақсаттарын саналы түрде таңдау мен оларға қол жеткізу мүмкіншіліктерін дұрыс бағалау, өзін-өзі реттеу үрдістерінде маңызды орын алады. Сондай-ақ, таңдалып алынған мақсаттарға сыртқы кедергілерге қарамастан қол жеткізуге болады деген пікір орнығады. Мақсаттары жəне оларға қол жеткізудің мүмкіншіліктерін анықтауды саналы түрде мойындау күйзеліске қарсы тұрақтылықтың қалыптасуына жəне күйзелісті жеңудің сындарлы бағыттар іздестіруіне себеп болады.
Студенттер энергетикалық шығындары көп жəне кəсіби талаптанулары жоғары сипаттағы аса белсенділікпен оқу іс-əрекетіне арласады. Сонымен қатар кəсіби іс-əрекетіндегі сəттілікті сезінуі мен жалпы өмірге қанағаттануы төмендейді, сондай-ақ, пайда болатын мəселелерді шешу белсенділігінің қабілеттілігі жеткіліксіз болып қалыптасады. Соңғысын өзіндік құзырының төмендігімен жəне өз əрекеттері тиімділігіне қатысты бақылаудың төмендеуімен түсіндіруге болады. Белсенділіктің жоғары деңгейі сəтсіздік жағдайынан бас тартудың шамалы бағытына сай келеді.
Қоршаған ортасы тарапынан болатын əлеуметтік қолдауды сезінудің орташа деңгейі назар аудартады. Мұны бірінші курс студенттерінің білім ортасындағы жаңа іс-əрекеттерге бейімделуінің бастапқы кезеңінің мазмұнымен түсіндіруге болады. Бұл кезеңде студенттің жаңа əлеуметтік рөлі, өзін жəне айналысындағыларды əлеуметтік жаңа орта элементтері ретінде сезінуі қалыптаса бастайды. Өзінің осы ортаға жататынын мойындауының осы кезеңде пайда болуы, ортаға теңесуі оған аса сенімділікпен қарауын, болып жатқан оқиғаға қатынасуын немесе ықпал етуін, оқиғалардың дамуы тұлға күтілімдеріне сай келеді деп сенуді қажет етеді.
Жоғарыда дəріптелген студенттердің психикалық денсаулықтарының ерекшеліктерін теориялық тұрғыда көрсете отырып, экперименттік зерттеу нəтижелеріне зер салайық.
Қазіргі кезеңдегі студенттердің психикалық денсаулықтарын, яғни күйзеліске тұрақты болуын, жабығу жəне мазасыздану деңгейінің ерекшіліктерін эксперименттік тұрғыда зерттеу мақсатымен, біз өз жұмысымызды 2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткіздік. Сыналушылар тобына 150 студент қатысты.
Жүргізілген эксперимент бойынша қазақ бөлімінде оқитын жəне орыс бөлімінде оқитын студенттер арасында псикалық күйдің шиеленісуі мен мазасыздану деңгейін жəне күйзелістікке байланысты тұрақтылық деңгейінің көрсеткіштерінде айырмашылықтар байқалды.
Психикалық күйдің шиеленісуі мен мазасыздану деңгейін қазақ бөлімінде 27,8% көрсетті. Ал орыс бөлімінде 20% болып байқалда. «Психикалық күйдің жағымды болу» көрсеткішінде қазақ бөлімі 72,7% болып бейнеленсе, орыс бөлімінде 84,4% көрсетілді. Психикалық күйдің жағымды болу деңгейі бойынша орыс бөлімі мен қазақ бөлімінің арасында 11,7% айырмашылық болды. Демек, қазақ бөлімінің студенттерінде жабығу жəне мазасыздану деңгейі орыс бөліміне қарағанда басым болып сипаталады.
Сонымен қатар, психикалық денсаулық адамның күзелістік жағадайына студенттерінің күйзелістікке байланысты тұрақтылық деңгейінің көрсеткішін қарастырсақ, қазақ бөлімінде жоғары деңгей 60%, ал орыс бөлімінде 57,8% көрсеткішік көрсетті. Орташа деңгей қазақ бөлімінде 27,3%, орыс бөлімінде 20% болып бейнеленеді. Сондай-ақ, қазақ бөлімінде төмен деңгейі бойынша 12,7%, ал орыс бөлімінде төмен деңгейі 22,2% болып айқындалды. Демек, орыс бөліміне қарағанда күйзелістікке байланысты тұрақтылық деңгейінің көрсеткіші қазақ бөлімінде басым болып бейнеленді.
Студенттік күйзелістің себептерін зерттеу барысында олардың бірі болып студенттік ортаға ойдағыдай сай болмауы, оны бөтен деп, кейде тіпті жау ретінде қабылдауы табылады. Мұны əсіресе, мектеп талаптарынан өзгеше, жаңа ережелерге алғаш рет тап болған, бірінші курс студенттерінен байқауға болады. Бірінші курс студентіне тəн жасқаншақтықты жаңа өмір салтына бейімделуі үрдісін басынан өткізіп жатқан, үйі мен жанұясынан алыстап кеткен, басқа жақтан келген студенттерден аңғарылады. Мұндай жағымсыз құбылысты жеңуде жоғары оқу орнының психологиялық қызметі оқу үрдісін ұйымдастыруға жəрдем беріп, əр түрлі кеңестер өткізіп, көмектеседі.
Қорыта айтқанда психикалық денсаулықтың өзегі болып күйзеліске тұрақты болу, жүйке жүйе бабының төмен болуы, жабығу жəне мазасыздану деңгейінің төмен болуы жатады. Егер аталмыш психикалық күйлерді дер кезінде қалыпты жағдайға түсірмесе студенттер нашақорлыққа, маскүнемдікке, күйзеліске жəне т.б. жағымсыз жағдайға ұшыруы мүмкін. Осыған орай студенттерге психокоррекциялық жұмыстарды жүргізу мақсатын жүзеге асыру қажет.

1. Ананьев Б.Г. Избранные психологические труды. В 2 т.-М.,1980.-.1.
2. Психология здоровья / Под ред. Г.С. Никифорова.- СПб.,2003.
3. Ломов Б.Ф. Методологические и теоретические проблемы
психологии.- М., 1984
4. Положий Б.С. Социальная психология и общество //Очерки социальной психиатрии / Под ред.Т.Б.Дмитриевой. -М.,1998.

Резюме
В данной статье отражено личностное развитие студентов и их поведение в стрессовых ситуациях.
Summary
The article reflects students’ personality development and their behavior in stress situations

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *