МИ ЖАРТЫШАРЛАРЫНЫҢ БИОЭЛЕКТРЛІК ƏЛЕУЕТТЕРІНІҢ ПСИХИКАЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРМЕН БАЙЛАНЫСЫ

МИ ЖАРТЫШАРЛАРЫНЫҢ БИОЭЛЕКТРЛІК ƏЛЕУЕТТЕРІНІҢ ПСИХИКАЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРМЕН БАЙЛАНЫСЫ

М.Ə.Перленбетов — биология ғылымдарының кандидаты,
Қайнар университетінің профессоры

Электроэнцефалографияны (ЭЭГ) мидың моторлық, сенсорлық жəне когнитивтік асимметриясын, жоғарғы психикалық процестердің жүзеге асуындағы əрбір ми сыңарының қызметін айқындай алатын функционалдік диагностикалық тəсіл ретінде психологияның əртүрлі салаларында кеңінен қолдануға болатыны күн өткен сайын дəлелденіп келеді.
Біздің зерттеулеріміз мидың функциялық асимметриясы шеңберінде ЭЭГ-нің психофизиологиялық типтердегі, студенттер арасында когнитивтік тапсырма орындағанда жəне этностық айырмашылықтарына байланысты ерекшеліктерді айқындау мəселелеріне арналған.
Бұл мақалада ЭЭГ-нің оң жəне сол ми сыңарларына арналған тапсырмаларды орындағанда əлеуеттерінің көрсеткіш ретінде өзгеру динамикасы берілген.
ЭЭГ көптеген жүйке элементтерінің бірлескен белсенділігін көрсетеді, сондықтан ЭЭГ картинасы бойынша жүйке жүйесінің электродтың астында тікелей орналасқан учаскесінің жұмысының тəртіптемесін бақылауға болады. Əдетте, электродтардың едəуір санының (əдетте 8-ден 21-ге дейін) құйқада орналасуының Халықаралық стандартты 10-20 жүйесі пайдаланылады (1 сурет), бұл ЭЭГ бойынша ми қабығының негізгі сенсорлық, моторлық жəне ассоциативтік зоналарының жəне олардың қабықасты преокцияларының функциялық жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.
Электродтардың адам басының сыртында орналасуы. F – маңдай аймағы, C – ортаңғы сай, P – төбе, T – самай, O – шүйде аймағы. А1 – құлақтың сырғалық нүктесі. Рg1, Рg2 – референттік электродтардың орналасу нүктелері.
Бас сүйегі бірнеше аумақтарға бөлінеді — F -frontalis — маңдай, T – temporalis- самай, P –parietalis- төбе, O –occipitalis –шүйде бөлімдері, C – centralis –орталық сайдың тұсы, CZ –бас сүйегінің ортасы –вертекс деп аталады. Тақ сандар көрсетілген жағдайда, бұл сол жақ миға қатысты, мысалы, F1,T1,P3,O1, ал жұп сандар көрсетілген жағдайда F2,T4,P2,O2 –бұл оң жақ ми сыңарларының қызметін көрсететін ақпарат.
ЭЭГ-ні қарап талдау кезінде де, компьютерлік талдау кезінде де бағалау үшін ақпараттық параметрлер амплитудалық, жиіліктік, спектрлік жəне кеңістіктік сипаттамалар болып табылады. Əдеттегі жағдайларда (көзін жұмып, салмақты қалыпта ояу отырған жағдай) дені сау адамның электроэнцефалограмма жазбалары негізінен бір-бірінен жиілігі бойынша айырмашылықтары бар ырғақтық құрамдас бөліктердің жиынтығы болып табылады. Көптеген зерттеулер мидың жекелеген нейрондарының электр əлеуеттері ақпараттық үдерістермен тығыз жəне айтарлықтай дəл сандық тəуелділікпен байланысты екендігін көрсетеді /1/.
Мидың функциялық белсенділігінің ағзаның оқшау сұраныстарына жəне қоршаған ортаның өзгерістеріне байланысты үздіксіз тербелістері ЭЭГ-ның спектрлік құрамының күрделі болуына жəне оның нақты жағдайларға байланысты едəуір өзгерістерге ұшырауына алып келеді (1,3).
Дені сау сынлаушылардың 10-15%-да ЭЭГ-дегі тұрақты альфа-ырғақ 20 мкВ аспайды жəне мидың барлық облыстарында жоғары жиілікті, төмен амплитудалы тербелістер тіркеледі. ЭЭГ-нің мұндай типін, төмен амплитудалы деп атайды. Төмен амплитудалы ЭЭГ жүріс-тұрыстың жоғары белсенділігімен, тəуелсіздікке беталыспен, агрессивтілікпен, психикалық қозудың жоғарылығымен өзара байланысты екендігі дəлелденген. Жоғары амплитудалы ЭЭГ белсенді емес, тəуелді, рецептивтік, салмақты типтерге тəн (6,10). Біздің зерттеулерімізде Ресей Федерациясында шығарылған, НейроСофт фирмасының (Иваново қаласы) компьютерлік “Нейрон –Спектр” атты электроэнцефалографы қолданылды. Бұл құрал Беляев А.А. тəсілдемесі бойынша барлық көрсеткіштерді комьютерлік есептен өткізіп, статистикалық өңдеуді барынша жеңілдететін, соңғы кезде шығарылған электроэнцефалограф.
Толқын ырғақтарының диапазоны, спектрі (амплитудасы), жиілігі, қуаттылығы, альфа ырғақтың индексі, периодометрия, автокорреляция жəне басқа да ЭЭГ -ның анықтамалары зерттелушілердің когнитивтік тапсырмалар орындаған кезде жеке даралық параметрлермен сипатталады.
Мидың биоэлектрикалық белсенділігін тіркеу кезінде пайда болатын əртүрлі толқындар альфа, бета, гамма, тета жəне дельта ырғақтары болып бөлінеді.

Альфа – ырғағы ең жиі кездесетін ырғақ. Синусоидалды, жиілігі 8-12 Гц, амплитудасы –50-100 мкВ. Қалыпты жағдайда, сергектік кезінде, көбінесе мидың шүйде бөлімінде, кейде алдыңғы жағына қарай ығысады. Зерттелушінің зейіні алаңдаған кезде десинхронизация қалыптасады. Көру жүйкесі зақымдалғанда, туа біткен зағиптарда, немесе көп жылдар бойы көзі көрмей қалған адамдарда альфа ырғағы кездеспейді.
Альфа жəне жиілігі соған жақын мью жəне каппа ырғақтары ЭЭГ-ның бірдей жиіліктегі толқындарына жатады. Альфа ырғақты үш диапозонға бөлуге болады- альфа1 (7,5-9,5 Гц), альфа 2 (9,5-10,7 Гц), альфа3 (10,7-12,7 Гц). /4/
Альфа ырғақты, көру жүйесінің сенсорлық «тыныштық» күйінде орын алатын ырғақ деп атайды. Мидың қандай да болмасын іс əрекетке дайындығын көрсететін индикатор.(2).
Бета ырғағы 12-20 Гц диапазонында, амплитудасы – 5-30 мкВ, мидың маңдай бөлімінде пайда болатын, ойлау іс-əрекеті кезінде мидың басқа бөлімдеріне тарайтын толқын.
Гамма ырғағы 30 Гц -тен жоғары, амплитудасы 15 мкВ -қа жетпейтін толқындар. Зейіннің барынша жұмылдырылған, кезінде күрделі тапсырмаларды орындаған кезде тіркелетін толқындар.
Тета ырғақ жиілігі 4-8 Гц, амплитудасы 20-100 мкВ, көбінесе мидың маңдай бөлігінде жəне гиппокамп тұсында кездеседі. Эмоциональдік жəне ойлау процесінің қиындағанында пайда болатын стресс ырғағы.
Дельта ырғағы, жоғарғы амплитудалы (100-ден жоғары), жиілігі 2-3,8 Гц ұйқының 4-ші сатысында, наркоз кезінде немесе ми ісігі орналасқан аймақтарда тіркеледі. Қалыпты жағдайда байқалмайды.
ЭЭГ –ны өткізерде зерттелуші дыбыс өткізбейтін, жартылай қараңғыланған бөлмеге орналастырылады. Көзін жұмып, денесін бос ұстап, бірқалыпты демалып отыруы тиіс.
ЭЭГ –ны тіркеудің биполярлық жəне монополярлық түрлері бар.
Биполярлық тіркеу кезінде екі электрод та қарама қарсы белсенді нүктелерде орналасады. Мидың екі бөлімінің, маңдай жəне шүйде аймағының белсенділігін салыстыру үшін қолданылады.
Монополярлық тіркеу кезінде бір белсенді электрод екінші нейтралді (дербес) референттік электродқа қарама қарсы орналасады. Нейтралдік нүкте құлақтың сырғалығында немесе құлақтың алдында орналасады. Монополярлық тіркеу кезінде зерттелетін процеске мидың əрбір бөлімінің тигізетін əсері жəне ми сыңарларының функционалдік асимметриясын анықтауға болады.
Біздің зерттеулерімізде Қайнар университетінің жəне Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 82 студенті қатысты. Сыналушылардың ЭЭГ –нің жыныстық, жастық, ұлттық ерекшеліктері сарапталды. Бұл мақалада ЭЭГ-нің тек жалпы көрсеткіштерінің өзгеруі ғана берілген.
Бастапқыда 30-40 сек аралығында қалыпты жағдайдағы (фон) ЭЭГ тіркеледі. Мұндай кезде зерттелуші көзі жұмулы, ештеңе ойламай, ешнəрсеге алаңдамай отыруы тиіс. Содан кейін 0,40 сек — 1 мин. аралығында вербальдылогикалық, яғни математикалық тапсырма орындалды. Математикалық тапсырма, біздің жағдайымызда, көбейту кестесін орындау, кейін қарай санау сияқты мидың көбінесе сол жақ сыңарларына арналған есептерді шешу кезінде тіркелді. Бұл тапсырманы орындап болған соң, көру –кеңістіктік тапсырмалар 0,40 сек. көлемінде тіркелді. Зерттелуші көз алдына балғаны елестетіп, алдымен оң қолымен, сосын сол қолымен ұстап тұрып, шеге қағады , сосын геометриялық фигураны, кубикті, үшбұрышты көз алдына əкеліп əртүрлі кеңістікте айландырады. Бұл тапсырма мидың оң жақ бөлігіне арналған.
ЭЭГ -ны визуалді жəне статистикалық өңдеу арқылы əртүрлі толқындардың өзгерістерін байқауға болады. Визуальді қарап шыққанда, альфа ырғақтың таралуы, өзге де толқындардың амплитудасы, жиілігіне қарап патологиялық ырғақтарды анықтауға болады. Біздің жағдайымызда ЭЭГ-ге қорытынды жасау үшін жəне паталогиялық немесе басқа да артефакттер тіркелген ЭЭЭ-ні сараптап зерттеулерден алып тастап отыру үшін АМИТРУД медициналық орталығының нейролог маманы Ивлахина И.С. қатысты. Ал, статистикалық өңдеу кезінде альфа ырғақтың когеренттігі (таралуы), амплитудасының, жиіліктік көрсеткіштері, қуаттылығының индексі, корреляциялық анализ қолдану арқылы ми сыңарларының функционалдік асимметриясының индексін айқындалды.
Вербальді –логикалық тапсырманы шешу кезінде сол жақ мидың шүйде бөлімінде альфа ырғақтың депрессиясы байқалады. Мұндай депрессия кейбір студенттерде мидың маңдай бөлігінде де орын алды.
ЭЭГ –ның статистикалық жолмен өңделуі энцефалограмманың негізгі көрсеткіштерінің тұрақтылығымен байланысты. Əрбір толқын қаншалықты күрделі болғанымен, барлық толқындардың математикалық жиынтығында, тек өзіне ғана тəн амплитудасымен, жиілігімен ерекшелінеді. Фурье түрлендіруі арқасында толқындық паттерн (жиілік, амплитудалық) көрсеткіштер арқылы əрбір жиілік диапазонының қуатын анықтауға болады.
(3).
ЭЭГ-ні жиіліктік-амплитудалық талдаумен белгілі бір шамада салыстыруға болатын спектрлік қуатты зерттеу əдісі кеңінен таралған. Күрделі ЭЭГ-дегі түрлі ырғақтық құрамдас бөліктердің арақатынасын анықтау жəне олардың жеке даралық белгілерін анықтау мəселелері шешілуде. Осы мақсатта Фурьенің жылдам түрлендіруі пайдаланылады. Деректері Х осінде жиіліктер, ал У осінде олардың қуаты белгіленген тұтас гистограммалар түрінде немесе зерттеушінің міндетіне байланысты түрлі дəрежеде бөлшектенген негізгі дəстүрлі альфа, бета, дельта, тета бөлімшелері бойынша жиынтық жолақтар түрінде беріледі.(3 сурет). Тұтас гистограммалар ұзақ бақылау немесе функциялық үлгілер алу үдерісінде ЭЭГ серпінінің тұтастығын қарап бағалау қажеттігі кезінде пайдаланылады.
Көптеген зерттеушілер спектрлік қуатт гистограммаларының ақпаратты жақсы беретіндігі туралы қорытындыға келген (10).
Адамның ақыл-ой қызметінде оның базистік нейрофизиологиялық тетіктерінің жұмыс істеуінің əртүрлі жақтарын көрсететін электрофизиологиялық өзара байланыстардың кең спектрі бар. Электрофизиологиялық көріністердің феноменологиясына сəйкес зерттеудің келесі негізгі бағыттарын бөліп алып қарастыруға болады:
1) ЭЭГ жиіліктік-амплитудалық ығысуларын олардың топографиялық сипаттамаларын ескере отырып талдау;
2) ми қабығының түрлі облыстарының биоэлектрлік белсенділігінің кеңістіктік-уақыттық арақатынасын ми жартышарлары ішінде зерттеу,
сондай-ақ жартышараралық синхронизация үдерістерін зерттеу;
3) оң жəне сол жартышарлардың гомологиялық тармақтарының ЭЭГ-асимметриясын зерттеу (8).
Адам миының биоэлектрлік белсенділігіне жүргізілген зерттеулер мидың əртүрлі құрылымдарының функциялық белсенділігін жəне өзара күрделі қарым-қатынасын көрсетті.
Соңғы жылдары табиғаты əртүрлі күрделі үдерістерді зерттеудің статистикалық əдісі – корреляциялық талдау дамып, барынша кеңінен таралып келеді. Корреляциялық талдаудың нəтижелері құбылыстарды оның уақыттық қасиеттері тұрғысынан сипаттайды. Корреляциялық талдау кезінде екі ЭЭГ үдерісі салыстырылады жəне олардың орташа мəндері анықталады
(7).
ЭЭГ корреляциялық талдау мидың екі нүктесінің арасындағы сандық арақатынасты алуға, осы екі үдеріс үшін ортақ құрамдас бөліктерді жəне олардың уақыттық арақатынасын анықтауға, сондай-ақ бір адамның миының түрлі облыстарының белсенділік ерекшеліктерінің, ЭЭГ əртүрлі типтерімен сыналушылардың электрлік белсенділіктерінің сандық сипаттамаларын алуға мүмкіндік береді.
Тыныштық жағдайында адам миы қабығының тіркелген учаскелерінің шамамен жартысының биоəлеуеттері бір-бірінен тəуелсіз жүреді, яғни оң корреляция бермейді. Соңғы кездері когнитивтік қызмет кезінде мидың түрлі облыстарының арасындағы өзара байланыс дəрежесін анықтау бойынша жұмыстар өзекті бола бастады. Атап айтқанда, ассоциативтік үдерістер белігілі бір қызығушылық тудыруда. А.Р. Лурияның (5) жұмыстары кезіндеақ байланыстардың функциялық блоктары бөліп қарастырылған болатын, олардың когнитивтік қызмет кезіндегі жұмысын Иваницкий, Николаев жəне басқалар (2) электроэнцефалографиялық əдістермен жан-жақты зерттеген.
Мысалы, Иваницкий, Николаев (2) ассоциацияларды іздеу үдерісінің басында корреляция коэффициенттерінің (КК) барынша үлкеюі оң жақ жəне сол жақ маңдай облыстарында болғанын тағы да көрсетті. Левчук О. (4) айтқандай ақыл-ой жұмысы кезінде пайда болатын корреляциялардың ең көп саны мидың маңдай облыстарында болады. Одан соң корреляция коэффициенттерінің көбеюі сол жақ маңдай облысы мен төбе облысының, сондай-ақ сол жəне оң жақ самай аймақтары арасында жүреді. Ақыр соңында мидың оң жақ облысы мен сол жақ орталық-самай облыстары арасындағы байланыстарды бөліп қарауға болады.
Иваницкий, Николаев (2) ассоциацияларды іздеу кезімен салыстырғанда оқу кезінде корреляция коэффициентінің көрсеткіші жоғарырақ байланыстар көп екендігін анықтады. Ондай байланыстардың келесі блоктарын бөліп қарауға болады: алдымен оң жақ маңдай облысы мен самай облысының арасындағы байланыстар байқалады, одан соң корреляция коэффициенті сол жақ жəне орталық маңдай облыстары мен төбе облысы арасында көбейеді, одан əрі шүйде облыстарындағы байланыстар күшейеді. Одан соң байланыстардың корреляция коэффициенттерінің көбеюі сол жақ маңдай облысы мен оң жақ төбе облыстарының арасында байқалады. Оқу кезінде корреляция коэффициенті сол жақ жəне оң жақ самай облыстарының арасында ең көп көбейеді.
Когнитивтік қызмет кезіндегі байланыстар картинасы белгілі бір түйісу орталықтары, байланыстар конвергенциясы болуы шарт иерархиялық қағида бойынша ұйымдастырылады. Мысалы, ассоциацияларды іздеудің ерте кезеңінде байланыстар мидың маңдай қабығында түйіседі. Бұл ми қабағындағы байланыстардың осы маңызды қасиеті, атап айтқанда байланыстардың ми қабағының белгілі бір аймақтарына түйісуге беталысын Николаев пен Иваницкий (2) суреттеген болатын. Олар ондай байланыс орталықтары тек ақыл-ой жұмысы кезінде пайда болатыны, тыныштық кезіндегі байланыстар сұлбасы қарапайым жəне симметриялы екендігін көрсетті. Шамасы, «өзара əрекеттесулер тоғысатын орындар» деп аталған ондай байланыс орталықтарында ақпараттың əртүрлерін салыстыру жəне синтездеу жүреді. Осы үдеріс когнитивтік функциялардың жəне шешімдер қабылдаудың негізінде жатқан ми тетіктерінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Ұзағырақ немесе қысқарақ болатын жəне мидың зияткерлік жұмыс кезіндегі функциялық жағдайын көрсететін жалпы немесе генерализденген белсенділікті көптеген авторлар суреттеген. ЭЭГ-нің адам қандай да бір қызметті орындаған кезде ұзақ уақыт сақталатын жиіліктік-амплитудалық өзгерістері барынша зерттелген. Сыналушылардың көпшілігінде əртүрлі зияткерлік мəселелерді шешу альфа-ырғақтың жоғалуымен (немесе оның реттілігі мен амплитудасының азаюымен) жəне бір мезгілде бетабелсенділіктің күшеюімен бірге жүреді.(3 сурет) Ол кезде альфабелсенділіктің азаю жəне бета-ырғақтардың күшею дəрежесі тапсырманың субъективтік қиындығымен анық байланысты. Бірақ, кейбір жағдайларда кері эффект – альфа-белсенділіктің күшеюі де мүмкін, бұл ЭЭГ-нің бастапқы фондық ерекшеліктерімен байланысты.
Оқшау белсенділену ми қабығында жəне қабық астында түрлі психологиялық тесттер орындау кезінде де байқалады. Ми қабығындағы психикалық белсенділіктің əртүрлерін жүзеге асырумен бірге жүретін оқшау үдерістердің ішінде ЭЭГ жиіліктік-амплитудалық өзгерістері, əсіресе альфадиапазондағы өзгерістері көбірек зерттелген.
Бірқатар авторлар сипаты бойынша əртүрлі тесттерді орындау кезінде мидың сол жəне оң жартышарларында альфа-ырғақтың реактивтілігіндегі айырмашылықтарды да атап өтеді. Мысалы, вербальдық жəне арифметикалық есептерді шешу кезінде сол жартышардың реактивтілігі оң жартышардікімен салыстырғанда көп болады (оңақайларда). Вербальдық жəне арифметикалық есептерді шешу кезінде самай облыстарының симметриялық бөлімдерінде жиіліктердің барлық диапазондары (бірақ əсіресе альфа-диапазонның) қуаттарының арақатынасы сол жақ самай облысының реактивтілігі артық болуының есебінен едəуір өзгереді. Кеңістіктік есептерді орындау оң жартышарда альфа-ырғақтың амплитудасы төмендеуіне алып келеді. Біздің тапсырмаларды орындау кезінде осыған ұқсас деректер алынды.(3 сурет). ЭЭГ альфа-ырғағының өзгеру фокусы оңақайларда қисындық есептерді шешу кезінде (математикалық тапсырмалар) сол жақ маңдай-самай облысында альфа ырғақтың депрессиясымен сипатталады. Ал кеңістіктік тапсырманы орындағанда альфа ырғақтың амплитудасының мəні орташа деңгейде болды.

Зияткерлік қызметті орындау кезінде белсенділік фокустарының мидың үлкен жартышарлары қабығындағы бөлінуіне есептердің күрделілік дəрежесі жəне сыналушының шаршау дəрежесі (оның жалпы функциялық жағдайы) де əсер етеді. Мысалы, мидың маңдай-самай облыстарында альфа-ырғақтың күрт төмендеуі күрделі қисындық есептерді шешу, іс-қимыл бағдарламасын қалыптастыру кезінде байқалады. Сыналушының шаршауы барысында (есептерді ойша шешу нəтижесінде) белсенділік фокусының маңдай облыстарынан шүйде облыстарына ауысады. Альфа-диапазондағы оқшау өзгерістермен бір мезгілде (зияткерлік қызмет жағдайында) жылдам белсенділіктің (бета- жəне гамма-ырғақтардың) артуы немесе пайда болуы байқалуы мүмкін. Жылдам белсенділіктің өзгеруі, əсіресе қарқынды ой жұмысы кезінде өзгеруі мидың алдыңғы бөлімдерінде көбірек көрінеді.
Сонымен, психикалық қызметті түрлі бөлімдері өте сараланып жұмыс істейтін ми тұтастай жүзеге асырады. Мазмұны бойынша əртүрлі психикалық қызметтерге түрлі морфофизиологиялық субстраттар сəйкес келеді, олар қабықтық жəне қабықастылық көптеген құрылымдар кіретін күрделі функциялық жүйелер болып табылады.
Психикалық үдерістер тиісті функциялық жүйелердің белсенділенуімен бірге жүреді, бұл түрлі биоэлектрлік функциялардан көрініс табады.
Психикалық қызметпен бірге жүретін өзіндік ерекшелікті емес белсенділену үдерістері бірқатар параметрлермен сипатталады, олардың ішінде аса маңыздылары уақыттық жəне кеңістіктік-топографиялық параметрлер болып табылады.
Нейрофизиологиялық жəне клиникалық деректер мидың сол (оңқайларда үстем болатын) жəне оң жартышарларының түрлі психикалық қызметтерді жүзеге асырудағы рөлі тең емес екендігін көрсетеді. Мидың екі жартышарының жұмысындағы барынша анық айырмашылықтар сөйлеу жүйесімен байланысты. Авторлардың деректері бойынша вербалдыққисындық операциялар ең алдымен мидың сол жартышарының қабықтық жəне қабықастылық құрылымдардың қатысуымен жүзеге асырылады. Кеңістіктік ойлау мəселелерін шешуге, түрлі музыкалық тесттерді орындауға мидың оң жартышарының құрылымдары көбірек тартылады. Дегенмен, психикалық функциялар латернализациясының, олардың мидың сол немесе оң жартышарымен басымдылықты байланысының проблемалары қазіргі кезге дейін зерттелуде. Оны зерттеу қазіргі заманғы нейропсихологияның жəне нейрофизиологияның өзекті міндеті болып табылады.

Сурет 4. Спектрлердің диапазондық көрсеткіштері (амплитуда) уақыты -9,784 — 28,856 [19,072] с.

Əрбір ырғақ диапозонының амплитудасы, жиілігі қалыпты жағдайдың өзінде əрбір адамның жеке дара өзіне ғана тəн өрнегімен ерекшелінеді.
Миға берілген тапсырманы орындау кезінде шешу жолдарының алгоритмдері екі ми сыңарларында қатар жүреді.
4-ші суретке көз салсақ гистограмманың кейбір жерлерінде ұқсастық барын аңғаруға болады. Мəселен, мидың сол жақ маңдай бөлімінде (Fp1), оң жақ шүйде бөлімінде (O2) жəне оң жақ төбе (Pz ) бөлігінде тета жəне бета ырғақтарының басымдығы байқалса, мидың өзге бөлімдерінде альфа ырғағының амплитудасы басымдау екені байқалады.
Мидың электрлік белсенділігі — бұл нейрондардың синапстық белсенділігі, постсинапстық қозумен байланысты. Альфа ырғақтың табиғаты таламустың пейсмекерлерлік торшаларында пайда болатын импульстермен тығыз байланысты. Себебі, таламус (аралық ми), торлы (ретикулярлық формация) сияқты мидың белсенділік жəне сергектік жүйесіне жатады.
Қалыпты жағдаймен салыстырғанда вербалді –қисындық немесе көру – кеңістіктік тапсырмаларды орындағанда, мидың сол немесе оң жақ сыңарларының əртүрлі аймақтары іске қосылып альфа ырғақтың депрессиясын, бета ырғақтың белсенділігін арттырады. Бұл көрсеткіш арқылы жəне басқа да ырғақтардың пайда болуына, жиілігіне, амплитудасына, қуаттылығына қарап мидың əртүрлі аймақтарының когнитивтік үдерістердің жүзеге асуына араласуын айқын көруге болады.

1. Зенков Л.Р. Клиническая электроэнцефалография. – М., 2002. —
345 с.
2. Иваницкий A.M. Сознание и рефлекс // Журн. высш. нервн. деят. — 1990. — Т. 40. — № 6. — С.1053-1062.
3. Корсакова Н.К., Московичюте Л.И. Клиническая нейропсихология. М.:Академия, 2003. — 144 с.
4. Левчук О., Снейне К. Электроэнцефалографическое исследование функциональной асимметрии больших полушарий головного мозга левшей при действии вербальных и невербальных раздражений. // Проблемы нейрокибернетики.- Ростов-на/Д.: РГУ, 1983. — С. 212.
5. Лурия А.Р. Высшие корковые функции человека и их нарушения при локальных поражениях мозга. — М.: Изд-во «Академический проект». – 2000.
— 512 с.
6. Небылицын В.Д. К проблеме мозговых механизмов индивидуально-типологических различий у человека //
Нейрофизиологические механизмы психической деятельности человека.- Л.: Наука, 1974.- С. 118-123; 124-129.
7.Русинов В.С. (ред.). Клиническая электроэнцефалография. — М.:Медицина, 1973.
8. Фарбер Д.А.,Семенова Л.К., Алферова В.В. и др. Структурно- функциональная организация развивающегося мозга.- Л.: Наука, 1990.-198 с.
9. De Pascalis V., Palumbo G. EEG alpha asymmetry: Task difficulty and hypnotizability. Perceptua; and Motor Skills, 1986, 62: 139-150.
10. Razumnikova O.M. Functional organization of different brain areas during convergent and divergent thinking: an EEG investigation // Cognitive brain research. 2000. V.10. P.11-18.



Резюме
В статье рассматриваются вопросы взаимосвязи ритмов электроэнцефалограммы (ЭЭГ) с психическими процессами в контексте функциональной асимметрии мозга.
Summary
In this article the issues of interrelation of electroencephalogram’s (EEG) rhythms with psychic process in the context of functional asymmetry of a brain are considered.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *