ҮЙЛЕНУ ҒҰРПЫ ФОЛЬКЛОРЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫ
Мақалада қазақтың үйлену ғұрпының тіліндегі поэтикалық айшықтар айқындалды. Отбасылық ғұрып фольклорындағы ырым мен салттың аясында айтылатын өлеңдердің семантикалық сипаты күрделі. Сондықтан мақалада беташар салтындағы теңеулер мен метафора, қайталау т.б. көркемдік тәсілдердің мәні нақтылы мәтіндер мысалында талданды. Келін түсіру мен қыз ұзату салт өлеңдерінің тілінің айшықтары халықтың күн көріс кәсібі мен тұрмыс-тіршілігімен, көнеден келе жатқан түсініктерімен тығыз байланысты екендігі тұжырымдалды. Үйлену ғұрпының поэтикасында бала өсіру ғүрпы мен азалау ғұрпының кейбір тұстарымен параллель тұстары да да бар. Бұл салттардың көне бастауларындағы ұқсастық ретінде дәлелденді.
Түйін сөздер: ғұрып, поэтика, метафора, теңеу, рәсім, қайталау, ритуал.
КІРІСПЕ
Қазақ фольклоры поэтикасын өзіне тән заңдылықтар кеңістігінде кеңінен тереңдей зерттеу мәселесі әлі күнге дейін бүгінгі қазақ фольклортану ғылымының алдында тұрған аса өзекті мәселенің бірі деуге болады. Арғы тегі гректің «poietike» – поэтикалық өнер, сөзінен бастау алған бұл ұғым «кең мағынасында алғанда ол – сөз өнерінің тегі мен түрін, оның шындықты бейнелеудегі барша ұстанымдары мен әдіс-тәсілдерін тұтас қамтитын шалқары өте кең ұғым, екінші, ықшам мағынасында, сөз өнерінің көркемдік ерекшеліктерінің (композиция, сюжет, мотив, стиль, ұйқас, ырғақ, құбылту (троптар) мен айшықтаулар т.б.) жиынтық жүйесі ретінде қолданылады»[1, 225]. Қазақ ертегілеріне қатысты поэтика мәселесін С.Қасқабасов, [2, 225] эпосқа қатысты Ш.Ибраев [3,225] сынды ғалымдар қарастырса, ғалым К.І. Матыжанов отбасылық ғұрып фольклорына қатысты бұл мәселенің ғылыми негізін салып, теориялық тұрғыдан тереңдетті. Жалпы фольклордың көркемдік әлемін тарихи поэтика тұрғысынан қарастырған орыс фольклортану ғылымының тәжірибесін ескергенде фольклордық сана мен оған қатысты пайда болған тұтас құрылымдар жүйесін тану үшін сан түрлі ғылым саласының аясында қарастыру қажет болады. Себебі, фольклор поэтикасының өзіндік ерекшелігі: «шығарманың эстетикалық құрылымына ене бермейтін, әдетте мәтін мазмұнынан тыс болатын, жанрдың атқаратын қызметіне (функция) енетін байланыстар жүйесі болатындығы» [1,226].
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Отбасылық ғұрып фольклорының поэтикалық жүйесі де мифтік санадан бастау алып, ерте замандардан бері күні бүгінге дейін қалыптасқан құрылымдық-мазмұндық, жанрлық, поэтикалық табиғатында ежелгі ғұрыптық дүниетанымның сілемдерін сақтап, әрі әр кезеңдерге сай әрқилы функция иеленіп отырған.
Бұл жайында К.І.Матыжанов: «Фольклордың, соның ішінде, әсіресе, ғұрыптық фольклор эстетикасының (поэтикасының) ішкі өзегін рәсімдік дүниетаным (ритуальное мироощущение) құрайды немесе оны «ғұрыптық ойлау» (обрядовое мышление) деп атауға да болады. Оның арғы түбінде жалпы халықтың тұтас дәстүрлі дүниетанымы жатыр. Айналып келгенде халық шығармашылығының бүкіл поэтикалық әлемі осы дәстүрлі дүние танымнан нәр алады» [1,151],– дей отырып, «Фольклорлық сана» («Фольклорное сознание») деген ұғымдарының мәнін нақтылы мысалдар негізінде теориялық тұрғыдан тереңдеткен.
Отбасылық ғұрып фольклорының поэтикасындағы көркемдік құралдар мен әдістәсілдердің генетикалық тегі мен этнографиялық бастауларын аңдататын фольклор поэтикасының арнасында қарастыру тәжірибесіне сүйене отырып, үйлену ғұрпының өзіне тән ойлау поэтикалық болмысын айқындауға болады.
Ең алдымен бізге дейінгі ғалымдар анықтағандай, мифтік сананың да, метафораның да – негізгі тұғыры ретінде – теңдестіру, баламалаудың мәні ежелгі адамдардың, ең алдымен, айнала дүниені өзімен салыстыра қарағандығы мен оның көркемдік бейнелілікке ұласу жолындағы теңдестіруді айрықша атауға болады. Сондықтан миф пен ғұрып метафораның
(поэтикалық теңдестірудің) поэтикалық категория ретінде даму жолының түп-тиянағы болып есептеледі.
Отбасылық ғұрыптың қыз ұзату салтындағы сыңсу мәтініндегі кейбір бүгінгі заман үшін тосындау ұғымдардың түпкі мәнінде ежелгі көне дүниетаным мен әдет-ғұрып, салтсананың ізі жатқандығы байқалады.
Сыңсулардағы осындай жолдардың біразын этнографиялық материалдармен салыстырып, олардың астарлы мағынасын тереңдей зерттей отырып, ғалым сыңсулардағы «… буынғаным беліме кісе ме еді?», «Неге өсті екен қыз сорлы сылауменен, тал шыбықтай аш белін қынауменен» деген жолдар жай ғана ұйқас үшін алынған тіркестер емес, олар келесі жолдармен іштей ұштаса келіп, нәзік емеуірін, астарлы ойға жетелейді» [1,151-б.], – деп тұжырымдайды. Бұл тұжырымды дәйектей түсетін бірқатар сыңсу мәтіндерін түркі тектес халықтар салтының материалынан көптеп табуға болады. Мәселен:
Буынғаным беліме,
Кісен бе еді жар-жар-ау,
Бекем бусам белімнен
Түсермееді жар-жар-ау! [4, 24-б.]
Башқұрттарда да сол ұғымда қолданылады. [5, 69-б.].Негізінде бұл жолдардағы белбеудің ғұрыптық мәні тым тереңде. Оны анықтау үшін біраз этнографиялық деректерге сүйеніп көрейік.
Көптеген түркі тектес халықтардың қыз ұзату тойларында қыздың беліне белбеу тағып ұзататын дәстүр бар.
Қыздың беліне белбеу тағу рәсімі азербайжан, тәжікте де арнайы орындалатындығын азербайжан фольклорын зерттеуші Абдулла Бахул айтады [6, 144-б.].
Дьяконованың мәліметіне сүйенсек, тувада әкесі өлген күні оның белбеуі ұлына мұраға қалған [7, Б.88, 106].Сондай-ақ, тува халқы ер бала үш жасқа толған кезде беліне арнайы белбеу тағу рәсімін өткізген. Келтірілген деректерді салыстырып қарасақ, белбеу адамның әлеуметтік деңгейін көрсететін ғұрыптық киімдердің бірі екендігін түсінеміз.
Демек, ұзатылған қыздың беліне белбеу тағу мен оның сыңсуында белбеудің көрініс табуының мәні тектес халықтардың танымының бастауларында жатыр. Дәстүрлі дүниетанымда жер бетіндегі адамдар беліне белбеу тағып жүреді деген түсінік болған.
Ол жайында Ш.Уәлиханов: «Аспанда да адамдар тұрады, олар белбеуді тамағының астынан буынады, біз әлемнің ортасында тұрамыз, сондықтан да белбеуді белімізден буынамыз, ал жер астында тұратындар (олардың да өздерінің күні, айы, жұлдыздары бар) белбеуді белінен буынады» [8, 181-б.]– дейді.
Ұзатылған қыз да туған жерінен жат жерге аттанушы бейнесінде ұғынылған. Ұзатылған қыздан бөлек дүниеден өткен адамды үйден шығарарда да үш жерінен түйіп аттандырады. Оны жер астына салар сәтте беліндегі белбеуін шешіп, аяқ жағына қояды. Жоқтауларда «Үш жерінен түйіп-түйіп, Жаға жеңсіз көйлек киіп», «Үшкүлсіз көйлек кидіріп, Үш жеріңнен түйдіріп»; «Келмеске белін байлаған, кең сарайын сайлаған» деген жолдар осы дүниетанымды аңғартады. Бұл дегеніміз оны ортаңғы әлемнен шығару рәсімі болса керек.
Демек өлген адамның беліне белбеу орап аттандыру мен жат жерге ұзатылған қыздың беліне оралған белбеудің түп төркіні бір. Жат әлемге аттануды білдіреді. Мысалы баланың тұсау кесу рәсімі де осы мазмұндас.
Отбасылық ғұрып фольклорында молынан қолданылатын бейнелеу құралдарының енді бірі – теңеу. Үйлену ғұрпындағы теңеулердің ішіндегі ай, күн, жұлдыз сияқты табиғат құбылыстарына теңеу;, арыстан, жолбарыс, бөрі, аққу, сұңқар, қыран сияқты аң-құстарға және төрт түлікке, гауhар, маржан сияқты асыл тастарға теңеудің небір асыл үлгілерін кездестіруге болады.
Теңеулердің енді бір парасы белгілі бір құбылыстың қимылдарымен салыстырылады.
Мәселен, адамның ішкі қайғысы гүлдің солуы, ағаштың қурауы арқылы бейнеленеді. Ұзатылған қыздың сыңсуында «Аспандағы айдай»; жанаған гүлдей»; т.б.теңдестірулер жалпы түркі халықтарына ортақ сипат.
Отбасылық ғұрып фольклорындағы, ең алдымен, көзге түсетін эпитеттердің мол тобы – түр-түске байланысты эпитеттер. Бір ғана Ақ түс – белгілі дәрежеде тазалықтың, пәктіктің, жақсылықтың белгісі ретінде жалпы қазақ фольклорындағы символ-формулаға айналған, эпитет. Олардың біразы отбасылық ғұрып фольклорында ғана орнығып, тұрақты формулаға айналған. «…той жырларындағы қыздардың барлығының жүзі – ақ, ақша бет, отауы да – ақ, босағасы да – ақ– деген сияқты. Бұлар дәстүрлі дүниетаныммен іштей байланыса келіп, өлең мәтіндеріне кірігіп бейнелі мағынаға ие болған эпиттер [1,272]. Ғұрып поэтикасындағы поэтикалық эпитеттің арғы тегі мифологиялық теңдестірумен сабақтасып, бүгінгі көркемдік ойда мүлде жаңа сипат танытады.Ал А.Н.Веселовский теңеудің түп тегінің психологиялық параллелизмде жатқанын айтса, [9,132] В.И. Еремина теңеудің шығу тегін басқа сипатта яғни, фольклордағы көркемдік жүйе тегінің мифологиялық теңдестіруде жатқандығына көңіл аудартады. [10, 83]. Отбасылық ғұрып фольклорында теңеулер көп жағдайда, той жырларында (әсіресе той бастар мен беташарда) қыздың бейнесін сомдауда ақындар аузына ілінеді.Ал ғұрыптық қимылдар мен бидегі ырғақ -әуенге -әуеннен өлеңге көшкен үйлесімді қайталаулардың көне үлгілері отбасылық ғұрыптық фольклорда біршама сақталған. Оның айқын үлгісі: «жар-жар-ау», «ай-ау», «үкі-ау», «сылқым-ау», «бикем-ау» деген сияқты сөздер. «Мәселе, бұл сөздердің мағынасында емес, олардың ырғақтан туып өлең мәнеріне екпін түсіріп әуендік қайталану арқылы синтаксистік қайталаудың ең қарапайым жүйесін қалыптастыруында»[1,322].
Негізгі бастауын ежелгі синкретизмнен алған бұл қайталаулардың жар-жар мен қайым айтыста сақталып қалуының басты себебі де, сол синкретті жағдаят қалпының көп бұзылмауына байланысты.
Отбасылық ғұрып фольклорының тұрақты метафоралар арнасы өз алдына бөлек арна болса, ғұрыптық жырлардың көркем фольклорға айнала бастаған соңғы үлгілеріндегі сипаты тіпті қызғылықты. Себебі, бұл кезеңде фольклордың көркейе дамуына ақын-жыраулар ықпалы ерекше сезіліп, бесік жырының, той бастардың, жар-жардың, бет ашардың, жоқтаудың жаңаша жырланған үлгілерінде фольклор мен жазба әдебиет поэтикасының ұштасуын молынан ұшыратамыз.
ҚОРЫТЫНДЫ
Отбасылық ғұрып фольклорының поэтикасы, жалпы фольклор поэтикасының аса күрделі бір саласы. Оның өзіне ғана тән ерекшелігі алдымен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста туып, халықтың өмір-салтын танытатын ғұрыптық сипатымен айқындалады. Қазақ халқы да жалпыадамзаттық ақыл-ой зердесінің бір бөлшегі ретінде көнеден бүгінге дейінгі көркемдік ойдың түрлі даму жолдарынан өтіп, әу баста танымдықпрактикалық қызмет атқарған әдет-салттардың келе-келе көркем лирикаға айнала бастаған отбасылық ғұрып фольклорының табиғатын танытатын тағлымдық-тәрбиелік функцияға ауысқандығы зерделенді.Әрине, үйлену ғұрпын жеке-дара сөз еткенде оның өзегіндегі «өтпелі ғұрыптарға» қатысты этнографиялық заңдылықтарды да есте ұстадық. Қыз ұзату салты мен үйлену салтының мәтіндерімен этнографиялық ортақ тұстарды салыстыра отырып, бірқатар мотивтер мен формулалардың, құбылтулар мен айшықтаулардың, қайталаулардың, көркемдік тәсілдердің бастау алар арнасыежелгі таным-түсініктермен тамырласып жататындығын танытуға тырыстық.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Матыжанов К.І. Қазақтың отбасылық ғұрып фольклоры. Монография. – Алматы: Арыс, 2007. – 332б.
2. Қасқабасов С. Нарық және мәдениет // Ой-сана. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. –185 б 3. Ибраев Ш. Эпос әлемі. – Алматы: Ғылым, 1991. –385 б.
4. Саттаров Қ. Рухани мұра: Сыңсу мен қыз мұңы. – Шымкент, 2006. – 76 б
5. Султангареева Р.С. Об особенностях жанра сенляу // Башкирский фольклор:
Иследования последних лет / Под редакцией Барага Л.Г. и Зарипова Н.Т. – Уфа, 1986. –241съ Бахул Абулла. Азербайджанский обрядовый фольклор и его поэтика. Баку: Элим, 1990. – 216 с.
6. Дьяконова В.П. Погребальный обряд тувинцев как историко-этнографический источник. – Ленинград: Наука, 1975. – 162 с.
7. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 557 б.
8. Веселовский, А.Н. Историческая поэтика / А.Н. Веселовский ; ред., вступ. ст. и примеч. В.М. Жирмунского. — Л. : Художеств. лит., 1940. – 64 с.
9. ЕреминаВ.И.Поэтический строй русской народной лирики. – Л.: Наука,. Ленинградское отделение. 1978. –184 с.
Мұхан А.
Поэтика свадьебного- обрядового фольклора
Актюбинский региональный государственный университет им. К.Жубанова, г. Актобе, Казахстан
В статье представлены особенности поэтического языка казахских свадебных обычаев. В семейном национальном фольклоре семантический характер песен, исполняемых во время ритуалов и обрядов, многообразен. Поэтому в статье на примере конкретных текстов анализируется значение сравнений, метафор, повторов и других изобразительных приемов во время проведения церемонии беташар(снятия покрывала с лица невесты). Отмечено, что особенности языка обрядовых песен, исполняемых во время проводов невесты и приема невесты в ауле жениха, тесно связаны с образом жизни и хозяйственной деятельностью народа, а также с древними воззрениями. В поэтике свадебной традиции наблюдаются параллели с некоторыми аспектами деторождения и траурными ритуалами. Доказано сходство этих свадебных обычаев с самыми древними традициями.
А.G.Muhan
The poetic subjekt of the wedding ritual folklores
Aktobe regional state University named after Zhubanova K.,
Aktobе, Kazakhstan
The article consideres a poetic structure in Kazakh wedding traditions. Semantic characters are common in the family traditions of folk songs and poetry. Therefore, the article discusses comparisons and metaphors in the Betashar tradition, repetition, etc. The essence of artistic approaches was analyzed on the basis of specific texts. The concept of the long-standing traditions of the bride and the girl is closely connected with the old traditions and way of life of people, as well as with ancient concepts. The poetry of the wedding tradition has parallels with some aspects of the ritual of parenting and mourning. This has been proven by the similarity of ancient traditions.
ӘОЖ 82-312.7
Ж. Өтеш
докторант, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы, Қазақстан, e-
mail: zhibek.otesh@gmail.com.
Ә. НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ «АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ» РОМАН-ДИАЛОГЫНЫҢ КӨРКЕМДІК-СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мақалада Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы қарастырылған. Автор бұл шығармасын қазақтың ұлы перзенті, батыр, әрі майдангер-жазушы Б.Момышұлы туралы, оның образын, батырлық тұлғасын ғана емес, сондай-ақ қайраткерлік, адамгершілік әлемін ашуға арналған сәтті шығармалардың бірі болды. Ә.Нұршайықов бұл шығармасын жазудың мақсатын да шығу тарихын да атап өтеді. Жазушы қазақ әдебиетінде документалды прозаның негізін қалап, романның сұхбат ретінде жазып шығуы да қазақ прозасына әкелген жаңалығы болды.
Тірек сөздер: автор, кейіпкер, роман, қазақ әдебиеті, әскери проза, стиль, диалог, сұхбат, батыр Бауыржан, соғыс.
КІРІСПЕ
Ә. Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын жазу арқылы қазақ әдебиетінде деректі прозаның жанрын ілгері дамытты. Кейіпкер образын суреттеп сипаттауда әдеби тәсілдерді тарихи фактілермен сабақтастыра отырып, адам жанының күрделі табиғаты мен болмысын жасап шықты. Аңызға айналған Б.Момышұлының образын ашып, ол туралы шығарма жазу оңайға соқпағаны белгілі. Алайда батыр бейнесін шынайы әрі тарихи айғақтардан ауытқып кетпеу үшін романның сұхбат түрінде шығуы оқушы қауымның да тарапынан жылы қабылданды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Әдебиет әр заманда адам тағдырының, белгілі бір тарихи дәуірдің жаршысы екені мәлім. Әр жазушының шығармашылық зертханасы тарихи оқиғадан сыр шертері анық. Тек оны жеткізу тәсілі әр қалай. Ал, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы оның жазушылық еңбегінің жаңаша шығармашылық тәсілі болып келді. Қазақ әдебиетінде жаңа жанр қалыптасты десек қателеспейміз. Он бір диалогтан құрылған бұл шығарма, әрине, басты кейіпкердің образын жан-жақты ашуға бағытталған, әрі өте сәтті шыққан еңбек деп бағалаймыз. Себебі бұл шығарманың құндылығы – оның деректілігінде. Бұл қатардағы соғыс ардагерінің жай ғана естелік әңгімелері ғана емес, бұл 207 рет ұрысқа қатысып, жау қоршауын 5 рет бұзып, атақты «Момышұлы спиралі» тактикасын қалыптастырған, соғыс психологиясын жетік меңгерген батыр Бауыржан Момышұлының отты жылдары өз көзімен көріп-білгені, санасына түйіп, ой елегінен өткізген өмір тәжірибесі. Автор батырдан жазушылыққа қалай бет бұрғандығы жөнінде сұрағанда берген жауабында: «Елге келгеннен кейін екі қолым алдыма сыймады. Аз болсын, көп болсын біраз өмір сүріппін. Өзім көрген асыл азаматтар өнегесін, өз тәжірибемді өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі етіп қалдыруды адамгершілік парызым деп білдім» деп нақтылайды [1,68].
Ә.Нұршайықов бұл шығармасымен қазақ әдебиетінде көркем шығарманың жаңа үлгісін қалыптастырғанын жұртшылық біледі. Өзінің жазушылық әрі журналистік қабілетімен қатар романның шырайын ашып, екеуара сұхбат жүргізу арқылы шығарманың өн бойында диалогтармен басты кейіпкердің тұлғасын сомдап шықты.
Диалог компонент ретінде ауызекі сөйлеу қызметінің типтік саласы болып танылып қана қоймай, тіл дамуының негізгі формасы ретінде қызығушылық танытып келе жатқан категория. Адам мен адамның коммуникативті байланыс орнату құралы және сөйлеудің өзара қарым-қатынасын жасаудың ерекше конфигурациясы. Ол тіл білімі ғылымындағы диалог және оның құрылымы, ерекшеліктері, айтушы мен тыңдаушы, екі арадағы қарымқатынас жағдайы, мақсаты, коммуникацияның лингвистикалық аспектілері, тілдесудің тәсілі мен орны, лингвистикалық зерттеулердегі көркем мәтіннің ажырамас компоненті ретінде қарастырылып келеді. Ал әдебиеттану ғылымындағы диалогтың коммуникативті жағдайы өзгерірек болып келеді, мұндағы үлес салмағы автордың өзіне тиесілі. Яғни автордың баяндауы, кейіпкерлердің вербалды, бейвербалды сипаттамалары (олардың ойлары, ішкі сезімдері, мимика мен қимыл-қозғалыс, сырт келбеті және т.б.).
Диалог құру тәсілі кейіпкер характерін, оның болмысын ашатын ұтымды тәсіл екені белгілі. Кейіпкер өз ойын білдіру арқылы не болмаса белгілі бір жағдайға байланысты айтылған пікірі кейіпкер образын, оның ішкі әлемін тануға көмектеседі. Автор өз кейіпкерімен сұхбаттасу барысында тек бір тақырыпта ғана әңгіме қозғаған жоқ, бұл шығарма батырдың көзі тірісінде жазылғандықтан, өмірдің барлық саласын қозғағанын көреміз. Яғни Б.Момышұлының бар болмысын, образын шынайы түрде ашу үшін оның мінез-құлқын дәл өмірдегідей етіп беру мақсаты тұрды. Көркем мәтінде автор әдеби кейіпкерлердің ауызекі сөйлеу акті мен сол кездегі характерлерін көрсетіп сипаттама бере алады.
Бір кейіпкердің бар ғұмырын суреттеп жазуға бағытталған бұл шығармада диалогтың осы қызметі шығарманың өн бойында кездесіп тұруы да заңдылық. Б.Момышұлының шығармашылық, батырлық, қайраткерлік тұлғасының жан-жақты ашылуында өзара әңгімелесудің маңызы артып отыр. Мәселен, өз сала маманы бола тұра, алайда тиісті жөнжосығымен дұрыс сұрақ қоя алмай, қояр сұрағының өзінен ауытқып, өз кәсіби құзыретін таныта алмаған тілшіні «тіленші» деп сипаттап, «құйрығы шошаңдап бұтақтан бұтаққа секірген сауысқан сияқты», яғни сұхбаттасар адаммен дұрыс сөйлей алмаған тілшіні ащы сынға алады [1,90]. Немесе автордың қарапайым сұрақтарының біріне жауап берген батыр: … (Ыңылдап отырып, өлеңмен жауап берді). Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен. (Сәл ойланып алды.) Менде де ой бар, сезім бар жан тербеткен. Жүрегім менің қиыршық тас емес қой. Қайғыларым бар, қуаныштарым бар мені де еңіреткен [1,92]. Бұл мысалдардан байқайтынымыз, диалогтың компонент ретінде арқалаған жүгі мол. Кейіпкердің шынайы ойы, оның ішкі әлеміндегі болып жатқан сан алуан құбылыстар, сезім иірімдері кейіпкер характерін ашуға мүмкіндік береді. Мұндай мысалдардан түйетініміз, көркем шығармада осындай детальдардың айтары мол, өмір шындығын танытуда қызметі ұшан-теңіз. Дәл осы роман-диалогта қолданылған диалог тәсілі кәдімгі екеуара қысқа формада құрылған әңгімелесудің қысқаша түрі емес. Мұндағы диалог шығармадағы күрделі әрі маңызды қызмет атқарып тұрған тәсіл болумен қатар, жазушының да авторлық қолтаңбасын танытып тұрған айқындаушы компонент.
Демек, диалог компонент ретінде романның стилдік ерекшелігін анықтап қана қоймай, жазушының да көркемдік-стильдік ізденістерін танытып отыр. Жазушы қаламынан туындаған бұл шығарма оның ерекше суреткерлік сипатын, стильдік дара өрнектерін айғақтайды.
Кез келген көркем шығарма стилі ондағы көркемдеуші құралдардың қолданылу ерекшеліктерімен айқындалады. Бұл тақырып төңірегінде әр қилы теориялар, тұжырымдар бар екендігі де белгілі.
Профессор Қ.Жұмалиев: «Стиль ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығарманың композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып таңдаулары, жанрлық ерекшеліктері, тағы басқа компоненттері кіреді. Ең ортақ мәселе – идея» [2,307].
Профессор Т.Есембеков: «Жазушының немесе бір шығарманың жеке стилін қарастыру оның лексикасын (теңеу, эпитет, айшықтау т.б.) синтаксистік құрамын ғана емес, сонымен қатар көркем мәтіннің ырғағын, композициялық ерекшеліктерін, образдар әлемінің қырсырын, психологиялық табиғатын талдау деген сөз. Түйіндеп айтқанда, стиль – сөз өнерінің туындысын біріктіріп, тұтастырып тұратын элементтердің жүйесі. Бірақ стильге тек
«көркемдік әдіс-амалдардың жиынтығы» немесе шығарманың «сыртқы формасы» деп қарау аздық [3, 147].
Аталған екі пікірде де стильдің компоненттері де, элеменеттері де қарастырылған. Қалай болғанда да шығарманың жазылу стиліне талдау жасау үшін осы пікірлерге сүйене отырып жұмыс жасау тиімдірек болар.
Ә.Нұршайықов елге қайтқан майдан ардагерлері секілді естелік жазуды қолға алып, қалың жұртқа тек журналист қана емес, жазушы-журналист болып танылып үлгерді. Осы тұрғыдан алғанда, оның «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының стильдік, көркемдік ерекшеліктерін ашу мақсаты тұр.
Роман-диалогтың негізгі көріністері кейіпкердің жұмыс кабинетінде өрбиді. Бірқалыпты ортада өткендіктен, автор мен кейіпкер арасындағы мұндай бейресми сипаттағы шығармашылық байланыс шығармаға қосымша көркем мән үстегендей. Айтарлықтай елеулі оқиғалар болмағанымен, сюжеті диалогтар арқылы өрбиді және деректі, бейресми сипатта өтеді. Автордың өзі де «Ақиқат пен аңызды ұштастырған бұл адам жайында не жазамын, қалай жазамын деп толғандым. Ақыры Бауыржан туралы мақала да, очерк те жазудың қажеті жоқ, одан оқушы қауымға қызықты бірнеше сұраққа жауап алып, әңгіме-интервью тәрізді нәрсе жазамын деген тоқтамға келгемін» деп өзінің жазу стилін айқындап, екіншіден шығарманың жазылу тарихынан мағлұмат береді [1, 27].
Әрине, бұл бір кейіпкердің төңірегінде сөз болған шығарма болғандықтан, кітаптың алғашқы беттерінен-ақ жанама сипаттаулар көріне бастады. «Бауыржан отставкаға шығыпты», «Бауыржан пәленшеге былай депті», «Бауыржан өйтіп қойыпты, бүйтіп қойыпты», «Көңілі түспесе ұрсып тастайды, сөйлеспей қояды», «Мені Бауыржанға жұмсағанша, тордағы арыстанның жалынан бір сипап қайт деп бұйырыңыз» деген сипаттаулар жазушының мұратынан туындаған, яғни ел аузындағы аңыздар мотивін қолдану арқылы көркемдік мән үстеудің ұтымды амалы болып табылады. Немесе «Фамилиясы жоқ адам», «…Оның ерлігіне, батылдығына, тапқырлығына, сонымен бірге адамгершілік асыл қасиеттеріне сүйсіндік», «…Қылышын жарқ еткізіп қынабынан суырып салып, жазушыға серт қойған сәті әрқашанда жадымызда жүрді», «Командирлеріміз Бауыржандай қатаң, қаһарман болуға тырысты», «Біз, солдаттар, Бауыржандай батыр, батыл болуға ұмтылдық», «Бәріміз де Момышұлын бір көрсек, тілдессек-ау деп арман еттік» деген сапалық белгілер одан әрі кейіпкер образын ашуға талпыныс беретін бірден-бір портреттік детальдар болып табылады.
Шығарманың алғашқы беттерінен-ақ батыр образын суреттей келе, сырт келбетіне де тоқталып, «кісіге тайсалмай тіке қарайтын, қарағанда жанарынан ұсақ-ұсақ ине шашырап жатқандай боп көрінетін сәл қысықтау көзін, қара жартастай қасқиып тік жатқан маңдайды шималаған жол-жол әжімдерін әлде бір шебер қол гранитке айқындай қашап, айнытпай түсірген аса бір сұсты, сол сұстылығымен тартымды көрінетін тас мүсінге ұқсап кетті» деп батырды көргендегі алғашқы әсерімен бөліседі. Жазушының шығарма бастаудағы қолға алған тәсілдерінің бірі осы суреттеу тәсілдері болды.
«Адам ажарының жеке белгілеріне ғана тоқталу − әңгіменің, суреттің ағысын бұзбайтын, баяндау табиғатына жарасымды амал» [4,86], − дейді Р. Бердібаев. Осылайша баяндау арқылы портреттік сипаттамалар әдеби бейнені нақтылай түседі. «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында кездесетін ондай сипаттаулардың кейбіреуі тек сыртқы келбетті толықтырып келеді, ал кейбіреуі кейіпкердің ішкі жан дүниесін, психологиялық жай-күйінен хабар береді. Ал кейбіреуі автордың түпкі идеясымен үндесіп, мақсатын айқындайтын маңызды компонент болып табылады.
Жазушы стилінің танытушы бірде-бір амалы осылар болды десек қателеспейміз. Себебі «Стиль – шын талант, ұлы ақын-жазушылардың қаламдарына тән сипат. Кез келген ақынжазушылардан стиль іздеу – бекершілік. Өйткені, барлық өлең қиыстырушыларды ақын, сөз жасай білушілерді жазушы десек, қателескен болар едік. Дарын жоқ та – стиль жоқ. Бұл екеуі – сабақтас. Оқырмандарының ойына азық, жанына сусын бермейтін шығармалар жазып та жазушы атану мүмкін. Бірақ ондайлардың өзіне тән стилі болады деу – қате. Олардың бірінің шығармалары егіз қозыдай екіншілеріне ұқсас келеді. Жаман шығарманы жағымпаз сыншы жандайшап әдебиетшілер қанша мақтаса да жандандыра алмайды. Барлық сыншылардың ішінде ең ұлы да данышпан, ең қателеспейтін сыншы – мезгіл» — деп, белгілі ғалым Қ.Жұмалиев тұжырым жасайды [5, 23-24].
«Ақиқат пен аңыздағы» портреттік суреттемелерді талдау барысында Ә.Нұршайықов аты әлемге әйгілі Б.Момышұлына тән портреттік мінездемелерді суреттей отырып және оларды дамыту арқылы өз кейіпкерінің толық образын, қаһармандық бейненің үлгісін жасап шықты. Қалың оқырман қауымға батырдың белгісіз қырлары, өмір жолы «Ұшқан ұя» мен «Москва үшін шайқас» шығармаларымен ғана шектеліп, ендігі кезекте Б.Момышұлы кім, оның соғыстан кейінгі өмірі қалай жалғасты деген сауалдар төңірегінде болғандықтан, жазушы тақырып таңдаудан жаңылмады. Әрі жазу стилін ерекше таңдап, қазақ әдебиетінде документалды проза жанрын дамытты десек асыра айтқандық болмас. Автордың өзі де: «…Сіз маған шәкірт шағыңыздан комбат болғанға дейінгі өміріңізді, Бекке айтқандай етіп, баяндап берсеңіз. Мен содан очерк жазсам» дегеніне қарағанда, автор өз мақсатына жетті. Жазушы өз шығармасында батыр Бауыржан, жазушы-мемуарист Бауыржан, феномен Бауыржан образдарын хронологиялық ретімен жасап шыққандай. Кейіпкер өмірінің алуан асулары мен белестері арқылы көрініс тапқан образды ашатын портреттік сипаттамалар баяндау барысында біртіндеп тұтасады. Автор жасаған бейне динамикасы шарықтай бастайды.
Шығармада автор мен кейіпкердің тілдесу барысындағы диалогтардың құрылу ерекшеліктері де көзге түспей қоймайды. Дәлірек айтқанда, шығармада мақал-мәтелдердің орны бөлек. Ауыз әдебиетінің ең көп тараған әрі өміршең жанрының бірі осы – мақал-мәтел. Ұмыт қалған салт-дәстүрлер, көнерген наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптар, үлкенді-кішілі оқиғалар, бір ауыл-аймақ немесе бір отбасы айналасындағы ұмытылмас жағдай, бүкіл психология мен әлеуметтік өмір, әр түрлі ұлт пен ұлыстар ғұмырындағы сақталған тарихы – осының бәрі мақал-мәтелдерден көрініс тапқан.
«Жақсы командир жауынгерін зор етеді, жаман командир офицерін қор етеді», «Жас адамға жүрек – би», «Жақсы бастық – жарты бақыт», «Ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді, ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді», «Ұлыны ұлы ұғады, дананы данышпан ғана түсінеді», «Арыстан боп қимылсыз жатқаннан, тышқан боп жорғалап жүрген артық». Терең мағыналы, ұғынықты, әрі белгілі бір оқиғаға байланысты туған мұндай мақалмәтелдер кез келген шығарманың көркемдік деңгейін де жоғары етеді. Ауыспалы мағынасында да тура мағынасында қолданыс тапқан мұндай ықшамды ойдың келтірілуі өзінің тәрбиелік мәнімен де ерекше. Батырдың өзі де мақал-мәтелдің өмір тәжірибесінен туындаған, қиналған, қысылған сәттерде, әсіресе қол астында мыңдаған жауынгердің тағдыры өз қолында тұрғанда осындай тұжырымды, қысқа бейнелі нақылдар қажеттілігін атап өтеді [1,68]. Шығармада автордың сұрауы бойынша Б.Момышұлы «Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық» атты мақалдың шығу тарихына да тоқталып кетіп, генерал Панфиловтың қайтыс болғанынан кейін дивизияға тағайындалған жаңа командирдің зардабынан бүкіл әскери құрамның берекесі қашқанын осы бір нақыл сөзімен ой тұжырымдағаны бар. Батырдың аз сөзбен көп мағына сыйғызу да өмір тәжірибесінен туындаса керек. Және бұл жалғыз мысал ғана емес. Роман-диалогтың өн бойынан осындай мысалдар көптеп кездеседі. Ендеше жазушы тарапынан өз шығармасында кейіпкердің атынан айтылған мақал-мәтелдер қолданысы да көркем шығармаға қосымша шырай беріп, романның көркемдік-стильдік ерекшілігін арттырып тұр.
ҚОРЫТЫНДЫ
Майдангер-жазушы Ә.Нұршайықов – күрделі тақырыпты игерген, адамгершілік мұраттарын жырлаған, Ұлы Отан соғысының батырларын, олардың ерліктерін қалың көпшілікке үлгі ете білді. Қазақ халқының перзенті Б.Момышұлының белгісіз қырларын танытуға, оның образын ашу үшін журналистік ізденіс танытып, тарихи құжаттардағы деректерді қолдана отырып, жан-жақты суреттеп шықты. «Ақиқат пен аңыз» өзінің шыншылдығымен, деректілігімен құнды. Бұл роман-диалог қазақ әскери прозасының ілгерілеп дамуына өз үлесін қосқан тың туынды.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:
1 Нұршайықов Ә. Ақиқат пен аңыз. Роман-диалог. – Алматы: Жазушы, 1976. – 384 б.
2 Ақшолақов Т. Көркем шығарманың эстетикалық табиғаты. Алматы: Ғылым, 2001. –
338 б.
3 Есембеков Т.О. Көркем мәтін теориясы. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 186 б.
4 Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы: 1979. – 240 б. 5 Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі. – Алматы: Жазушы, 1966. – 229 б.
Ж. Отеш
Художественно-стилистические особенности роман-диалога «Истина и легенда» А. Нуршаихова
Институт литературы и искусства имени М.О. Ауезова, г.Алматы, Республика Казахстан В данной статье рассматривается роман-диалог «Истина и легенда» А.Нуршаихова. Автор посвятил это произведение одному из великих сыновей казахского народа, герою и фронтовику-писателю Б.Момышулы. Это одно из удачных произведений, где раскрывается героический и нравственный мир героя. А.Нуршаихов описал также цель и историю создания данного произведения. Писатель, сам того не подозревая создал жанр документальной прозы и нововведением было то, что написанный им роман в виде интервью вынес казахскую прозу на новый уровень повествования.
Zh. Otesh
Artistic and stylistic features of the novel-dialogue «Truth and legend» by A. Nurshaikhov
Institute of Literature and Art named after M.O. Auezov,
Almaty c., Republic of Kazakhstan
This article discusses the novel-dialogue «Truth and legend» by A.Nurshaikhov. The author dedicated this work to one of the great sons of the Kazakh people, the hero and front-line writer B.Momyshuly. This is one of the successful works, which reveals the heroic and moral world of the hero. A.Nurshaikhov also described the purpose and history of the creation of this work. The writer, without suspecting it, created the genre of documentary prose, and the innovation was that the novel he wrote in the form of an interview brought Kazakh prose to a new level of narration.
ҒТАМР 17.82.30
А. Сәркенқызы1, Ж. Т. Қадыров2, С.И. Егорова 3
1Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институты тілдік дайындық кафедрасының профессоры, капитан. Қазақстан, Петропавл қ.
2
ф.ғ.к., профессор, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік
университеті, Тіл және әдебиет институты, Қазақстан, Петропавл қ., е-mail: zhkadyrov_777@mail.ru
3ф.ғ.к., доцент, М.К.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералды университеті, Ресей, Якутск қ. sargi@mail.ru
С. МҰҚАНОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ОККАЗИОНАЛИЗМДЕР
Мақалада С.Мұқановтың авторлық қолданыстары, яғни окказионализмдер зерттелген. Бұл тіркестер контекст қалауына қарай стилистикалық нормаға сай келетіндігі сараланған. Сонымен қатар, әдеби тіл нормалары сақталғаны зерделенген.
Кілтті сөздер: көркем әдебиет, фразеологизмдер, авторлық фразеологизмдер, контекст, стиль, окказионализмдер, эмоционалдық әсер, қаламгер, авторлық қолданыс.
КІРІСПЕ
Тілдің өмір сүру, даму тарихында сөздік құрамда бар кей сөздердің жаңа мағынаға ие болуы, не мағыналарының көбеюі мен тарылуы, бірқатарының қолданыстан шығып қалуы немесе жақын мағыналарының бір-бірінен алшақтауы, біралуан сөздің жаңа мағынаға ие болуы, жасалуы, өзге тілдерден енуі сияқты сан алуан өзгерістердің болып отыратыны – ақиқат шындық.
Көркем әдебиетте сөздер нақтылы тура мағынада емес, ауыс мағынада, астарлы түрде қолданылады. Сондықтан көркем әдебиет тілі – бейнелі, мәнерлі болып келеді. Ақынжазушылардың шығармаларындағы сөз қолдану шеберлігін сараптау – қазіргі тіл білімінің басты мәселелерінің бірі. «Көркем әдебиет стилистикасы – негізінен сөз қолданыс шеберлігін, сөз эстетикасын, сөздердің контекстегі «қылығын» зерттейтін ғылым саласы. Сондықтан функционалдық стильдер мәселелерін сөз ететін ғылым саласы – стилистика ұлттық тіл мәдениеті негізін қалайды» — деген тұжырым негізінде тіл білімінің маңызды саласын сөз еткен Р.Сыздық зерттеулеріне зер салсақ, тіл мен мәдениет ұғымдарының бірлігі арқылы сұрыпталатын тілдік проблема көлемінде тілшінің «адамдардың тілді дұрыс қолдануын» қадағалайтын нормалар мен қағидаларға тоқталуы заңды деп есептейміз [1, 175]. Ойын нақтылау мақсатында тілші «…бұған білдірмек ойға сөздерді сай етіп дұрыс, дәл таңдай білу, ой мен сөздің құр дәлдігін табу емес, сонымен қатар сөздердің тыңдаушыға әсер ететіндей орынды, көркем варианттарын тауып қолдану жатады» деген пікір айтады. Кейінірек ғалым тіл мәдениетінің жаңа белесін өзектейді, ол «…тіл құралдарын эстетикалық қызметте жұмсау принциптерін айқындау” қажеттілігіне саяды. Сөйтіп, көркем шығармалар тілін зерттеудің тың принциптерін ұсына келе, Р.Сыздықова стилистика мен сөз мәдениетін әр кезде байланыстырып отыру қажеттігін ескертеді. «…өйткені тіл элементтерінің көркем сөзде дұрыс не бұрыс қолдануын анықтау үшін, әуелі сол элементтің қай орында, қандай мақсатта жұмсалып тұрғанын, яғни стильдік жүгінің бар-жоғын білу керек. Сөйтіп, стилистиканың мақсаты тіл мәдениеті міндеттерімен ұштасады» – деп қорытындылайды ойын зерттеуші [2, 178]. Осыған сәйкес тілші жазушы қауымның ұлттық әдеби тілдің қалыптасуына тигізер әсерін нақтылай отырып, олардың “сөз мәдениетінің” дамуына қосар өзіндік үлесін талдап көрсетеді. Сөздің қолданылу аясын, атқарар қызметін, барша мүмкіндігін дәйектеу мақсатында ғалым перифраз, поэтизм, окказионализм, символ, парцелляция сынды ұғымдардың ерекшеліктеріне зер салады.
Шығарма авторы белгілі бір ұлт өкілі ретінде халықтың ғасырлар бойы ұлттың санасына жинақталған, сақталған тұрақты тіркестерді еркін игереді. Сол еркін игерілген дүниеден жазушының жеке тұлғасының дүниетанымына, психологиялық санасына сай, тілдегі сөздерді ойната отыру мәнеріне сай, өзіндік қалыптастырған стиліне сай авторлық фразеологизмдер туады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Стилистикалық тұрғыдан қарағанда авторлық фразеологизмдердің қандай мақсатта қолданылып тұрғанын да айқындап алу қажет. Себебі, тұрақты тіркестер тек көріктеу құралы ғана емес, жазушының көзқарасын, идеясын, суреттеп отырған кейіпкерінің ішкі жан дүниесін, болмысын таныту мақсатында да қолданылады. Сол себепті де Р.Сыздықова: «Көркем туындының тілін лингвистикалық стилистика тұрғысынан талдау дегеніміз тілдің жеке бөліктерін (единицаларын) түгендеу емес, сол бөліктердің, айталық, сөздердің, тіркестердің, сөйлемдердің қолданысын, қолданыстағы көрінісін зерттеу болмақ. Нақтылай айтсақ, сол емес, сол сөздердің қолданысы қандай мақсатты өтеп тұр, солар арқылы жазушы нені, қалай суреттеп тұр – осыларды тану керек», — дейді [3, 5].
Тіл білімінде жеке авторлық қолданыстағы сөздерді окказионализмдер деп атайды. Осы жайында Х.Нұрмұханов былай дейді: «Окказионалды сөздер деп не жасалу жолдары дағдылы көрінбей (жылмық – жылмая, өрлеу — өргү), не мағыналары айқын болмай (тәуелеу, жеңкею, жұбап), не тіл практикасына келісімді келмей (шаруакеш), қысқасы аса табиғилық таныта қоймай тұратын авторлық қолданымдарды айту және бұларды потенциалды сөздермен шатастырмау дұрыс сияқты.
Ал стильдік жағынан алғанда, әрине, окказионалды сөздердің де, потенциалды сияқты, өзіндік жаңалығы, тұрған контексіне жарасымы арқылы экспрессивті қызмет атқаратын қолданымдар екені сөзсіз. Алайда сөзді түрлендіріп қолдануда оның табиғи тұлғасына кейде азды-көпті қиянат та жасайтын сияқты» [4, 71]. Ал окказионализм сөздерге Л. Еспекова мынадай сипаттама береді: «Окказионализмдер дегеніміз – белгілі бір қаламгерге тән, тосыннан пайда болатын, тілдің сөз тудыру тәсілдеріне сәйкес те сәйкессіз де жасалатын, контекст қалауына қарай қызмет атқаратын, әдеби тілімізге, сөздіктерге кіру қабілеті шектеулі, үнемі жаңашылдығымен, эксперссивтілігімен ерекшеленетін бір қолданар сөздер», – дейді [5, 10]. Окказионализмдер – әдеби тілде өзіндік мәні бар, нормаланбаған сөздер. Бірақ стилистикалық бояуы бар болғандықтан, стилистикалық нормаға сай қолданылатындығы зерттеулерден айқын көрінеді [6, 9].
Зерттеуші Г.Мұратова окказионал сөз статусы төмендегідей мәселелерді анықтағанда толыққанды, өз мән-мазмұнында ашылады деген пікірде:
— окказионал сөз табиғатын қалыптағы (узуаль) сөздермен салыстыра отырып, анықтау барысында;
— окказионал сөз категориясына тән өзіндік айрым-белгілерді ажыратуда;
— жеке авторлық стильдегі жаңа қолданым ретінде пайда болу себебін көрсетуде;
— окказионал сөздің әдеби тіл нормасына қатысын анықтауда;
— окказионал сөз жасалуының қазақ тіліндегі мағыналық-құрылымдық сипатын айқындауда [7, 12].
Сонымен қатар, зерттеуші окказионал сөздердің ерекшелігін атап көрсетеді:
1. Бұл категорияның басты белгісі бірқолданымдығы мен біртуымдылығы. Бірқолданар сөздер сөйлеу үстінде пайда болып, бір мезеттік ғұмыр кешеді, қайта жаңғыртыла қолданылмайды;
2. Ерекше бір белгісі контекспен тығыз бірлікте болуы;
3. Окказионал сөздің негізгі қызмет орны әдеби нормаланбаған тіл емес, жеке авторлық қолданыс;
4. Окказионал сөздер әдеби тіл шеңберінен тыс жатса да, әдеби тіл жүйесінің сөзжасам процесін басшылыққа алады, узуаль сөздер үлгісімен жасалады;
5. Шартты түрде олар сөйлем құрамын толықтыруға септігін тигізеді [7, 99].
С. Мұқанов шығармаларында тек қаламгерге тән, фразеологиялық сөздікке енбеген, автордың жеке тұрақты тіркестері, окказионал сөздер кездеседі. Бұл тіркестер контекст қалауына қарай қызмет атқарып, стилистикалық нормаға сай келеді. Сонымен қатар, әдеби тіл нормалары сақталған.
1. Автор жалпыхалықтық формадағы тұрақты тіркестерді өңдеп, өзгертіп қолданады, қосымша мағына үстейді. Мысалы, Егер ол жалғыз көлігін арықтатып, жүргізбей тастаса, оның арты күн көріске кеп соқпақ, күрмеуге келмейтін қысқа жібін артық қысқартпақ [8, 12].
Әкесі мен шешесі Нұрмағанбеттің бұл тілін алды да, қолдарынан келген қайраттарын үй тұрмысын түзеуге жұмсады; сырттан табыс кіру, үй ішінен бүтінші табылу, Баймырзаның бұрынғы іші де, сырты да сиықсыз үйіне ажар беріп, жыл өткен сайын жақсы үйлердің қатарына жақындай түсті [9, 106]. Мұнымыз той тарқардағы аударыспақ сияқты ойынымыз емес пе? – деді Шолақ, – айтыңдаршы, қайсыңның тұщы етіне ащы таяқ тигіздім? [9, 146]. «Бұл бір жұтпас – деп қорқады Біржан Балуаннан, – егер жұтса, түйені түгімен, биені жүгімен дегендей мол қылғыр!… Бұның аузына ілеккенді суырып алу да қиын болар!» [9, 171].
Не ғажабы барын білмейді, қанша сұқтанғанмен, батып сөз айта алмады, бойынан сығымдап, әкелген намыс пен ашу не тіліне не білегіне орала алмады [9, 180].
Бұл қаланың ұлықтарының беті оған жаман [9, 228].
Ойы құрғыр: Сұлуға, Ермекке де, Жүрекке кеп қадалған қара сүлік [9, 61].
2. Авторлық, өзіндік тіркестер жасайды: Бұрын өлім көрмегенмен Ботагөзге Айбала күн сайын көр аузына бір адым жақындаған сияқтанады. Күн сайын еті қашып, күн сайын жөтелі күшейіп барады. Қазір міндеті кісіде [8, 232].
Жүйрік көңілді – жаман ат тұсады! Атсыз кісі – қанатсыз құс екен. Реніші бүгін түнде Балуанның құшағында өткізбек еді, күйеуі ол үмітін кесті; қуанышы бүгінгі күнге дейін адал келген неке суына бүгін арам тамшы қосу, су орнына у ішердей жүрегін лоблыта бастаған ол қиналудан күйеуі құтқарғандай болды [8, 170].
Адал некемізге арам жұқтырмауға мен уәде берейін [8, 170].
«Ақша аласыз ба?» деген сөзді айта алмай, Асқар киініп есікке бара берді де, ұятын қайратына жеңдіріп алса, алмаса да бетін ашып кетейін деп ойлап, солғын қоштасып отырып қалған Құзғынбаевқа тағы келді [8, 172].
Қылғынып өкпесі аузына тығылған Қожантайдың көзінен жас ыршып кетті; жалбарынайын деп еді, арам сөзге адал уыс жол берген жоқ [8, 320].
Бұл арада бала мені аяудың орнына, ұзыннан өші, қысқадан кегі бардай: «оқасы жоқ, тірі болсаң, етік табылмас деймісін», — деп мазақтап, қарқылдайды да күледі [10, 183].
Ағайынды Кургановтар да сөйтті: Антон әкесі ауруға шалдығып, табыстан қалған соңақ, өз селосының байларына жалшылыққа тұрды, Андрей ол қамытты әкесі өлгеннен кейін киді [9, 109].
Солардың ішінен Кузнецов Асқармен тез танысады. Бірақ Путилов заводында да: «оқушымыз қаражат жоқ болған соң жұмысқа түстік» дейтіндердің арасынан провокатор шығып, одан Кузнецовтың аузы күйгендіктен, ол Асқарға тым құшақ ашпады, оны алыстан торлап, сырын шыжымдап тартты [8, 25].
«Жұрт қан жылағанда біз қуанғанмен не болады?» деп ренжіген бірен-саран ел қамын қайғыратындар болмаса, көпшіліктің ширатылған жібі босады, шідер үзгендей асаусыған мінезін баяулатты [8, 263].
Елге істеген қиянаттарын айтып талай арыздар жауғанмен, іс зорайып басталғанмен, губернаторға барғансын аяғы жіңішкеріп, сұйылып кете береді [8, 39].
Өмірінде көрмеген босағасына биыл торсық кірді, қалай ішсе де жетіп жатыр [10, 84].
Өзің не айтқалы отырсың?-деді Қалампыр кейіп,- соныңды айтсайшы, былай да асқынған кедейліктің жарасына шыбынды үймелете түспей [9, 100].
Авторлық тұрақты тіркестер ішінде бір-біріне қатысы жоқ сөздерді автор қиюластырып, өзіндік қолтаңбасын ұсынады. Деректі ұғыммен дерексіз ұғымды қатар қолданып, өзіндік тіркес жасайды.
Ілік септігі мен тәуелдік жалғауы арқылы жасалған окказионалдар: Балуанға скрипка мен сырнайдың емес, жүрегінің қылы күйге толғандай боп, тұла бойы шымыр-шымыр етті
[9, 243].
Осы өсектің қайсысына нанарын білмеген Ғалия не істеудің қыбын таба алмай, қайғының қара теңізіне бата берді [9, 222].
Бүркітбайдың жүрегін басқан өтіріктің шаңы, Асқардың бетіне қонғандай, ол оны аяп, шынын айтуға бір ойлап тұрды да, артын ойлап Итбайдан бата алмады [8, 224].
Ботагөз түрегелгенде, Көпен оның қабағын көтертпейтін қайғының зілді қара тасы домалап жерге түскендей, қалпына келгендей болды [8, 348].
Туралған етті кеңеспен жеп отырған Амантайдың көзінің құйрығы Ботагөзге түсіп еді
[8, 128].
Жарылғалы тұрған жарадай жұрттың қайғысының аузын Нұрмағамбеттің жылауы тырнап ашқандай болды [9, 86].
Бұл ойдан кейін оның басындағы өрті лаулап, есінен тіпті тандырып жіберді [9, 100]. Өзің не айтқалы отырсың? Деді Қалампыр кейіп, соныңды айтсайшы, былай да асқынған кедейліктің жарасына шыбынды үймелете түспей [9, 100].
Осы ойдың тұғырына талпынған көңілдің құсын байлай қондырып, іштен сабырсызданған Ғалия «келе жатыр ма» деп, үйінен әлсін-әлсін шығып қарай беретін болды
[9, 165].
Ішкі ойы алыс жатқанмен, Ғалия Қордабайдың жігітшілік әзіл-оспағына қызығып, қалжыңның ұзын арқан, кең тұсауынан босатпайтын [9, 179].
Қызды шекпеніне бөлей құшағына ап, төсекке өзі киімшең қисайған Балуанның жанжағынан нәпсінің аңдары арсылдай ұмтылғанмен, берік және батыр жүрек сертінен жаңылмады [9, 214].
Тағдырдың ноқтасына басын ұсынған Балуан Шолақ аз жасында көрген өзге зорлықзомбылығын ұмытуға тырысты және ұмытты да, бірақ өзгені ұмытқанмен, оның жүрегінен жабысып айрылмайтын бір ғана дерт бар. Балуанның бұл шарттарға көнбей, бұлтақтағысы келмегенмен, Ғалияның жан сырынан көзіне көрсете тоқыған дәлел торы бүлк еткізбеді, Балуан жүрегі сыздай отыра көнді [9, 277].
Уголовная розыскадан жоғалған заттар туралы хабар келген соң, Итбайға «барайын ба, бармайын ба?» деген оймен Асқар аз отырды да, табылған затқа қуана қоймағанмен, Итбаймен араздық тоңын жұқартпақ боп, дыбыссыз Итбайға барды [8, 194].
Біраздан кейін Итбайдың ашу бұлты тарап, ақылы сабасына құйыла бастады [8, 120].
Оның үнемі түюлі жүретін қалын қабағы зілдің бұлтындай бір ашылмайды [10, 45]. Бір тілегімді бер, осыдан кейін дүниенің бар азабы үстіме құлап, көтеру тетігі сенде болса да, «апалап» аузымды ашпауға ант берейін [10, 237].
Ақан өлендерімен қазақ әдебиетіне ауа райын жасаған кісі емес, ал ән жағын алғанда, ол – революциядан бұрынғы қазақ музыкасының ірі классиктерінің бірі [10, 205]. Жоғарыдағы мысалдарда контекстер окказионал үшін мынадай қызмет атқарып тұр:
1. Мағынаны нақтылап тұр;
2. Ең негізгі басты ойды бөліп көрсетіп тұр;
3. Эмоционалды әсері танылып тұр;
4. Контекстік жаңа мағынаны жарыққа шығарып тұр.
Семантикалық тәсілмен жасалған окказионализмдердегі жаңалық – сөздің сыртқы формасында емес, ішкі мазмұнында. Семантикалық окказионализм – байырғы сөздердің өзінің нақты сыртқы формасын сақтай отырып, ішкі мазмұнын өзгертеді немесе семантикалық реңк беру қызметін атқаратыны белгілі.
ҚОРЫТЫНДЫ
С. Мұқанов тілдік-стильдік құралдарды таңдап, екшеп, түрлендіріп қолдануда шеберлік танытады. Бұл тіркестердің мағынасы фразеологиялық сөздікте көрсетілмеген. Яғни, байқайтынымыз – автордың өзіндік ерекшелігі – бұл авторлық қолданыстағы фразеологизм. Авторлық фразеологизмдердің тууын және уақыт өте келе афоризмдерге айналуын проза тілінен айқын байқаймыз. Стилистикалық тұрғыдан қарағанда авторлық қолданыстағы фразеологизмдердің қандай мақсатта қолданылып тұрғанын да айқындап алу қажет. Себебі: тұрақты тіркестер тек көріктеу құралы ғана емес, жазушының көзқарасын, идеясын, суреттеп отырған кейіпкерінің ішкі жан дүниесін, болмысын таныту мақсатында да қолданылады.
Сонымен, шығармаларда окказионализмдер ойды жан-жақты мәнерлі, көркем түрде жеткізу үшін қолданылады. Олар автордың жеке дара стилін, ерекшелігін танытуда маңызды рөл атқарады. Қаламгер халық тіліндегі тұрақты тіркес қорынан ең қажеттісін таңдай отырып, оларды түрлендіреді, оларға қосымша мағына үстейді, өзінің мазмұндап отырған оқиғасына байланысты тұрақты тіркестердің ой арнасына сай болуын ажарлайды да, атқаратын қызметін түрлендіре түседі, бірақ тіл заңдылықтарын бұзбайды.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 320 б.
2 Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптасуы. – Астана: Елорда, 2001. – 178 б.
3 Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: 1997. – 241 б.
4 Нұрмұханов Х. Сөз және шеберлік. – Алматы: Ғылым, 1987. – 288 б.
5 Еспекова Л. Қадыр Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер. Филол. ғыл. канд……авторефераты. – Алматы: 1998. – 25 б.
6 Бейсенбай А.Б. Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы окказионалдық қолданыстар.
Филол. ғыл. канд……. авторефераты. – Астана: 2008. – 28 б.
7 Мұратова Г. Көркем әдебиет тіліндегі кездейсоқтық пен қажеттілік. – Алматы, 2002. – 138 б.
8 Мұқанов С. Ботагөз. – Алматы: 1967. – 516 б.
9 Мұқанов С. Сұлушаш. – Алматы: 2002. – 288 б. 10 Мұқанов С. Өмір мектебі. – Алматы: 2002. – 464 б.
Саркенқызы А1., Кадыров Ж.Т2, Егорова С.И. 3 Окказионализмы в произведениях С. Муканова
1Военный институт Национальной гвардии Республики Казахстан,
г. Петропавловск, Казахстан
2Северо-Казахстанский государственный университет им. М. Козыбаева,
г. Петропавловск, Казахстан,
3Северо-Восточный федеральный университет им.М.К. Аммосова, г. Якутск, Россия
В данной статье исследованы авторские применения, т.е. окказионализмы. Изучено соответствие этих выражений стилистическим нормам, в зависимости от контекста. Также показано соблюдение норм литературного языка.
A. Sarkenkyzy1, Z.T. Kadyrov2, S.I. Egorova3
Оccasionalisms in the works of S. Mukanov
1National Guard of the Republic of Kazakhstan,
Petropavlovsk, Kazakhstan
2North-Kazakhstan State University named after M. Kozybayev, Petropavlovsk, Kazakhstan
3Northeast Federal University named after M.K. Ammosova,
Yakutsk, Russia
This article explores the author’s applications, i.e. occasionalisms. The conformity of these expressions with the stylistic norms depending on the context has been studied. Compliance with the standards of the literary language is also shown.
ҒТАМР 17.82.30
А. Сәркенқызы1, Ж. Т. Қадыров2
1Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институты тілдік дайындық кафедрасының профессоры, капитан, Петропавл қ., Қазақстан
2ф.ғ.к., профессор, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Тіл және әдебиет институты, Петропавл қ. Қазақстан, е-mail:
zhkadyrov_777@mail.ru
М. ЖҰМАБАЕВТЫҢ «ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ» ШЫҒАРМАСЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ
Мақалада ақын М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармасының психологиялық ерекшелігі сараланады. Жазушының адамның нәзік иірімдерін терең психологиялық тұрғыдан суреттеуі зерделенеді. Қазақ әдебиеті психологизміне тың бағыт әкелген туындының көркемдігі сараланады. Әйелдің жан әлемінде болып жатқан қарамақайшылықты көрсетуге кең өріс ашқаны қарастырылады. Ғалымдардың пікірлерін негізге ала отырып жазылған мақалада М. Жұмабаевтың өзіндік стилі тайға таңба басқандай танылады.
Кілтті сөздер: психологиялық ерекшелік, өзіндік стиль, әйел теңсіздігі, сөз өнері, жаңашылдық, ішкі монолог, кейіпкер, психологизм.
КІРІСПЕ
Көркем әдебиеттің тілі – тіл мәдениетінің, тілдік талғамның ғана тарихы емес, қоғамдық өзгерістердің, әлеуметтік психологияның да тарихы. Өйткені жалпы ұлттық тіл мәдениеті аясында жасалған әр кезең әдебиетінде сол әдебиетті тудырған уақыт ерекшеліктері өзіне тән сөз саптау стилі арқылы таңбаланады. Әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы; көркем шығарма өзегі. Жазушы өмірдегі сан-салалы шындықтан ұлттың суреткерлік мақсатына керегін ғана таңдап, шығармасына арқау етеді. Ол өмір құбылыстарын өзінің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды. Демек, әдебиет ұлт мүддесі мен дүниетанымдық кеңістігін танытуда басты қуатты құрал. Рухани даму мен жаңғыру белесінде ұлттың классикалық сөз өнерін насихаттай отырып, жаңа туындылардың болмысын дәстүр мен жаңашылдық негізінде дамытуымыз қажет. Бүгінгі жаһандану кеңістігіндегі өмір талабы осыны қажет етеді.
Кез келген заманда адам бостандығы, азаматтардың құқықтары басты мәселе болып келді. Әсіресе, әйел бостандығы тақырыбы қаламгерлердің басты нысанына айналды. Көркем әдебиетте осы тақырыпқа кең қалам тербелді. Әйел тағдыры, арман-мұраты, мұң мен зары, әйел теңсіздігі мәселесін ақын-жазушылар шығармашылықпен аша білді. Бұл шығармалар қоғамдағы әділетсіздік пен әйел теңсіздігін шынайы бейнелеп, жаңа сипаттағы бейнелер туып қалыптасуына әсер етті.
Қазақ қоғамындағы әйелдер жайлы әлеуметтік мәселесіне арналған шығармаларды сөз еткенде міндетті түрде Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі ойға оралады. Бұл шығарманың жазылу кезеңін, яғни 20-жылдардың күрделілігі т.б. жақтарын ескерсек, бәрінен бұрын, дәуір келбетін, сол тұстағы замана шындығын шыншылдықпен бейнелеген туынды екенін зерттеушілер тілге тиек еткен.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Әдеби шығармашылығын әр түрлі қоғамдық, педагогикалық қызметпен байланыстыра білген М. Жұмабаев әдебиеттің әр жанрында қалам тартумен бірге, ғылым саласында да зерделі зерттеулер жасаған қаламы қарымды, ойы ұшқыр жазушы болып танылады. Оның қарапайым өмірдің суреті болып қағазға түскен «Шолпанның күнәсі» әңгімесі – XX ғасыр басындағы қазақ прозасына жаңа леп әкелген өміршең дүние екені ақиқат.
М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі идеялық-көркемдік тұрғыдан жанжақты талданды. Жазушы идеясы сан алуан жолмен көркем образ арқылы іске асады деген белгілі қағида бар. Ең алдымен, кейіпкердің сыртқы пішін-келбетінен бастап, оның көңілкүйі, жан дүниесі-психологиясын айқын таныту суреткердің шеберлігіне байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі көркемдігі жағынан биік талаптарға жауап бере алатындығы анық.
М. Жұмабаев шығармашылығының зерделі зерттеушісі Ш. Елеукенов былай деп жазады: «Шолпанның күнәсі» атты әңгіме, сөз жоқ, қазақ прозасының көркем дамуындағы ірі қадам, «Батыр Баян» поэмасын қосқанда, қазақ әдебиеті психологизміне соны дем бітірген шығармалар» [1, 282].
Автор «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде шығармашылық еркіндікке жекелеген әйел образы, оның мінез-құлқын, табиғатын зерттеу, танып-білу арқылы әйелдің адами-пенделік сезім арпалыстарын кеңінен қамти жазу арқылы барды. Әңгімеде бір Шолпанның болмысбітімін ашу арқылы жалпы әйел затының жан сезіміне терең шолу бар, сонымен бірге адамның тіршілік иесі ретіндегі жан сырын аршып, сол арқылы барша әйелдің басында кездесетін мінезді, табиғатты зерттеуге ұмтылу бар.
М. Жұмабаев шағын туындыларға көбірек ден қойды. Осы орайда қазақ прозасына тән жанрлық ерекшелік туралы Ахмет Байтұрыновтың айтқан тұжырымы тура келгендей: «Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәр-бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар: ұлы әңгіме сөзін алыстан айдаған аттарша жайыла бастайды; ұзақ әңгіме жақыннан айдаған аттарша жайыла бастайды; ұсақ әңгіме мүше болып оралып келе қоятын аттарша бастайды» [2, 450]. Демек, мәселе мазмұнда. Көлемді шығарманың көтеретін жүгін шағын әңгімеге де артуға болады екен. Осы ойды «Шолпанның күнәсі» әңгімесімен байланыстыра қарағанда, шағын болғанымен, мәнмағынасы, салмақтылығы, айтылар ойдың тереңдігі қысқа әңгіменің өзінде-ақ көрініс таба алатындығын дәлелдей түседі.
Мағжан Жұмабаевтың көркем мінез жасау жүйесінде күрделі психологизм алдыңғы сапқа шығып, көркем зерттеу нысанасына айналған.
М. Жұмабаевтың қандай да шығармасынан болсын жаңашылдық пен өзгешелік көрініп тұрады. Шолпанның өзгеден оқшаулығы – өзінің сүйгеніне, жүрегі қалаған адамға тұрмысқа шыққандығында. Ол кезеңде сүйгеніне тұрмысқа шығу – қазақ қыздарының арасында сирек кездесетін жайт.
Жазушы тіршілік үшін, бала үшін ешбір жолдан тайынбайтын әйел бейнесін сомдаған. Әңгіме соңында автор кейіпкерін азапқа салып өлтіреді. Бірақ өлімнің, трагедияның себебі бар. Профессор Т. Есембеков бұл әңгіме туралы былайша ой толғайды: «Әдеби шығармадағы бас кейіпкердің трагедиялық өлімі – өмірдің баянсыздығының көрсеткіші болса, ал оқиғаның екіұдай ыңғайда аяқталуы – өмірдің, жалпы алғанда, тұрақты дамуына деген имплицтиттік көзқарастың белгісіндей. Осындай ой түюге негіз бар [3, 185]. Әңгімедегі азапты өлім М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Б. Майлиннің «Ұлтуған» тәрізді классикалық әңгімелерін еске түсіреді.
М. Жұмабаев драматизм элементтерін, трагедияның қалың бояуларын әңгіме соңында қоюландыра түседі. Өмірін өз қажетіне, өз қалауына сай өзгертуге талпынған қазақ әйелі. Ойлағаны, қалағаны болғанымен, бәрібір алдынан қарғыс атқыр «өлім» шығады.
«Шолпанның күнәсі» әңгімесінің ерекшелігі жөнінде Б. Мамраев былай деп жазады: «…
М. Жұмабаев өзіне дейін қазақ прозасында әлі жасалмаған жаңа қадамға – адам психикасының құпияларына бойлауға батыл көше білді. Мағжан кейіпкерлері өздерінің қымбат та құпия ішкі сезімдерін жария етуден, өздерін сол ешкім түсінбеуі мүмкін-ау деген ойдан еш қорықпайды» [4, 223].
Діни мазмұнды әдеби әңгімелерді типологиялық-эстетикалық тұрғыда зерттеген А. Жақсылықов М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің көптеген прозалық шығармалардан өзгешелігін айта келе, былай дейді: «Шолпанның күнәға бату тарихы – парадигматиканың бір нұсқасы, қылмыс жасау және сол үшін өзін-өзі азаптап, құрбандық ету арқылы мистериалдық іс-әрекет жолымен ақиқатқа бет бұру болып табылады» [5, 310]. Автор әңгіме соңында діни сауатсыз дүмше молданың теріс әрекеттерін сынға алады. Іс- әрекеттің терістігінің нәтижесінде, жүкті әйел тепкіден, суық өтіп үлкен азаппен өледі. Сөйтіп М. Жұмабаев шығармасында соқыр сенім мен шаманизмнің теріс үлгілерін де бір түйреп өткен. Алайда, ол кейіпкерінің маңдайына жазғанды «Тәңірінің» ісі деп қабылдайды.
Бастапқыда жаратқан иенің бұйрығына көніп, «пірәдарлық» жолға түскен Шолпан кейін өзгеріп сала берді.
Әдебиеттанушы – ғалым А. Ісмақова: «Жазушы өз кейіпкерін ақтап отырған жоқ, бірақ оның білетіні біреу: ешкім адам өмірін қиюға құқылы емес, себебі, өмірді адамдар бермейді, ол жоғарыдан беріледі» деп, Шолпан өлімінің себебіне үңіледі [6, 181]. Әңгіме оқырманға әсер етуі үшін автор дін мен көне наным-сенімді, адам мен «жаратқанды» байланыстырады. Шығарманың мәнін оқырманға нанымды жеткізуде бұл аталған элементтер айрықша композициялық рөл атқарған.
Әдебиеттанушылар еңбектерінде әр қаламгердің өзіндік стилі, стильдің мән-мағынасы туралы түрлі пікірлер айтылған. Түйіндей айтқанда, жазушының шығармашылығында көрінетін негізгі көркемдік ерекшеліктердің сипаты – әр жазушының туындысында байқалады. Стиль туралы белгілі бір өзгермейтін қағида да жоқ. Себебі жазушының өмір тәжірибесі, білімі мен шеберлігі әрқашан да дамып отырады.
М. Жұмабаевтың жазушылық шеберлігі, стилі – әңгімедегі оқиғалардың үйлесімді қиыстырылуынан, бір ғана отбасының құпия тірлігі туралы сыр шертуінен, әйелдің жандүниесіне үңіле білуінен, терең философиялық ой қорытуынан, тілінің шұрайлы да қарапайымдылығынан аңғарылады. Адамның ішкі сезімі оның өлеңдеріндей, әңгімелерінде де негізгі нысан және жер бетіндегі тірліктің басы – адамды түсінуге деген ұмтылыс пен адамтану мәселесі шағын шығармада кең ауқымдағы проблема болып көрінеді.
«Шолпанның күнәсі» сияқты әңгіме жазып, тіл көркемдігімен оқырманын таңғалдырған М. Жұмабаевтың өзіндік стилі тайға таңба басқандай танылады.
Психологиялық талдаудың күшті компоненті – ішкі монолог. Бұл орайда орыс ғалымы Т. Мотылева: «Адам өз сөздерінен гөрі, ойларында әлдеқайда ашық болады. Ішкі монолог он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында ұлы реалистердің адам ойының мәнін ашудағы басты тәсілі болды. Онда сырт көзден бүркемеленіп, ашық айтылмайтын мән-мағына бар» — деген пікірді айтады [7, 179].
М. Жұмабаев та осы ішкі монологты әңгіменің өн бойында ұдайы пайдаланып отырады. Автор Шолпанды көбіне іштей сөйлетеді, ойлантады, күйдіреді, қуантады. Бала болуын алғашында тілемеген Шолпан кейін өзгереді. Өзінің қателескенін сезіп аһ ұрады.
Автор Шолпан бойындағы болашақ өзгерістерді осындай ойлармен байланыстырып алады да, Шолпанның күйеуіне деген сенімсіздігін әңгіме арасында айтып өтеді. Ақыры сол сенімсіздік Шолпан санасына әбден сіңеді. Ол – Сәрсенбайдың бедеулігі. Шолпанды осы күмән сенімге апарады да, ол басқаша әрекет жолын іздейді.
Мағжан Жұмабаев кейіпкері де ешкіммен ақылдаспайды, ешкім оны күнәға батуға итермелемейді. Оның ішкі ойын айналадағы адамдар да сезбейді. Шолпан өзі жоспар құрып, болашақтағы жақсылыққа өзі іштей сүйініп, тезірек Әзімбаймен кездесуді ойлап, түпкі түйінге саналы түрде өзі жүрек қалауымен барады.
Жазушы Шолпанның ішкі толғанысы жөнінде өз көзқарасын былай білдіріп кетеді: «Қара көк барқыт кең көкте ойменен, мұңменен, салмақпен алтын ай жүзіп барады. Не іздейді екен ол? Жарынан айрылған әйел ме екен? Баласынан айрылған ана ма екен? …
Қыстаудың сыртындағы сулы шіліктегі көлбақалар шулап жатыр. Бақ-бақ-бақ… Не дейді екен олар? Жан керек, жар керек, бала керек дей ме екен?» [8, 103]. Автор табиғаттағы тіршілік атаулыны әйелдің ішкі жан дүниесімен үндестіре суреттеп, психологиялық егіздеу тәсілін сәтті қолданған.
Жазушы адамның ішкі дүниесін табиғат арқылы астарлы сырмен бейнелеуге шебер. Әңгімедегі ай да, көлбақа да, құс та адам секілді толғаныс құшағына енген. Сол табиғаттың әр бөлшегі жазушының бейнені ашу үшін қолданған негізгі құралы болып тұр.
Автор кейіпкер өмірінің бір ғана бөлігін алады да, сол ситуация арқылы бүкіл болмысбітімін, жан-дүниесін ашып береді. Оқиға бас аяғы аз ғана уақыт ішінде өрбиді. Ары қарай оқиғаның шешімі ширыға түседі. Шолпанның күнәсі жұртшылыққа біліне бастайды. Сәрсенбай әйелінің бойындағы баланы өзінің баласы еместігін біледі. Яки, Сәрсенбай өзінің бедеулігін бұрыннан-ақ сезген. Мұны Мағжан түсіндіріп жатпайды. Оқырманға бұл астарлы ой түсінікті. Өйткені, Сәрсенбайдың кемшілігі жайындағы ой – Шолпанның ішкі толғанысынан көрінеді.
Профессор Т. Есембеков әңгіме туралы былай деп жазады: «М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі – қазақ прозасындағы көпті көрген ой-сананың өз заманындағы импрессионистік еркін мәнер рәмізі бар дүние екендігінің тағы бір айқын айғағы. Бұл – пендешілік ғұмырдың қос қасиеті, қос сипаты. Бірақ оның ішкі қалтарысында жан-дүниелік, яғни, рухани драма, кек, ажал, күнәһарлық сияқты бүкіл дәстүрлі құбылыстар мен қайшылықтар бар» [9, 270].
Иә, өмірде болатын әр түрлі қарама-қайшы тағдырлар бір ғана әңгімеде көрініс тапқан.
Ғасырға жетер-жетпес тарихы бар қазақ прозасына келсек, сол ғасыр басында-ақ М.Жұмабаев шығармасына өз көркемдік әлемін, өз ой тұғырын, өз келбетін әкелді. Әңгіме адам тағдырының небір сілкіністеріне бағыттайды. Адам ойы, адам сезімі екі жарылып, екіұдай күй кешеді. Бұл көріністер – сол ғасыр басында дүниеге келген М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М. Әуезов шығармаларына тән қасиеттер. «Шолпанның күнәсі», «Күнікейдің жазығы», «Қорғансыздың күні», «Кім кінәлі», «Қаралы сұлу» , «Қасеннің құбылыстары» сияқты әңгімелерінде «күнә», «кінә», «жазық», «қаралы болу» концептілері өткен ғасырда ұлттық прозада жиі қолданылғандығы танылады.
М. Жұмабаевтың мәдениеттану ғибраты туралы зерттеу жазған авторлық ремарка түрінде берілген мына сөзде тұр: «… Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуге мүмкін, бірақ әйел жанының мінезін білуге мүмкін емес» — деп жазды [7, 40]. Әрине, бұған дау жоқ.
Әңгімедегі Шолпан басындағы жағдайда оның ой-пікірі, сезімі, ішкі құпия қалтарыстары, яки, Шолпанның қандай адам екендігін осы авторлық ремарка түрінде берілген жазушы түйіндемелері үлкен рөл атқарып тұр. Әңгімедегі сөйлемнен көріп отырғанымыздай, авторлық ремарканың рөлі алдыңғы қатарға шығып, моральдық- психологиялық, адам жанының ішкі жай-күйіне айтарлықтай түсінік береді.
Жоқтан бардың пайда болмайтыны сияқты, көркем шығарманың тақырыбы мен идеясы өзінен-өзі келе қалмасы анық. Бұл бір кезде жазушыны толғантып-толқытқан әлеуметтік, не болмаса өмірден көрген оқиғаның арада біраз уақыт өткенде, жаңа мазмұнмен, мол тәжірибелермен толығып барып суреткердің санасында қайта жаңғырады. Яғни, жазушыға қоғамдық өмір, сол қоғамдық өмірдің ыстық-суығын көрген өз тәжірибесі көркем шығарма тудыруы мүмкін. Бұл жөнінде танымал ғалым Р. Нұрғалиев: «Жазушының объектіге келуі оның өмірлік жолымен, өз пешенесіне жазылған тағдырымен сабақтас» — дейді [10, 144]. Мәселен, «Шолпанның күнәсі» әңгімесін жазарда автордың өзінің басынан өткен кейбір жағдайлар әсер етуі мүмкін. Себебі, оның өзінің де перзенті болмауы, әйелінің бала туу үстінде қайтыс болуы, кейін ұлы Гражданның да дүние салуы сияқты оқиғалардың сезімтал ақынға үлкен әсер етуі мүмкін деген ой. Автор өзінің шығармасын ішкі жан-дүниесінен өткізіп, яғни өзі біліп-түсініп барып жазғандығы шындыққа жақын секілді.
ҚОРЫТЫНДЫ
М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» ХХ ғасыр басында қазақ прозасын жаңа көркемдік, идеялық деңгейге көтерді. М. Жұмабаев ұлттық ақындық прозаның негізін қалады, өрнекті прозаны орнықтыруға ден қойды. Психоанализ үлгілерін көрсетті» — дегенді тілге тиек етеді ғалым Т.Есембеков. Сонымен қатар, есалаңдық, ессіздік, бейсаналылық, мифологема, архаикалық модельдер сияқты сол кезең үшін жаңа ұғымдар арқылы мифопоэтикалық күрделі мазмұн мен терең мағыналар тудырудың жолдарын көрсетіп бергендігін баса айтқан болатын [3, 185].
М. Жұмабаев бір ғана шығармада ұтымды психологиялық детальдар пайдаланып, шеберлігін биік белестен танытқан. Аз ғана шығармаға дүниенің мағынасын сыйғыза білген. Шолпан қасіретін нәзік бейнелейді. Оның жан тебіренісінің нәзік иірімдерін дөп басып көркемдікпен жеткізген. Бұл шығарма – қазақ әдебиеті психологизміне соны дем бітірген туынды. Адамның қымбат қазынасын суреттеуде шеберлік танытқан жазушының мұрасы көркем әдебиетке қосылған зор үлес деп тұжырымдаймыз.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Елеукенов Ш. Мағжан. – Алматы: Санат, 1995. – 384 б.
2 Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
3 Есембеков Т. Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Мағжан Жұмабаев мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. – Петропавл: 2018. – 198 б.
4 Мамраев Б. Основы тенденции развития казахской литературы первой четверти XX века. – Алматы: 1998. – С. 271.
5 Жаксылыков А. Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. – Алматы: 1999. – С. 348.
6 Исмакова А. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль. – Алматы: Ғылым, 1998. – С. 394.
7 Мотылева Т. Внутренний монолог и «поток сознаний» // Вопросы литературы. – Алматы: 1986. №1. – С. 47.
8 Жұмабаев М. Шығармалары. Үш томдық. 2-3 т. – Алматы: Білім, 1996. – 512 б.
9 Есембеков Т. Художественно- эстетическое значение драматизма в казахской прозе. – Алматы: 1998 – 305 б.
10 Нұрғалиев Р. Арқау. Екі томдық таңдамалы шығармалар. 1 т. – Алматы: Жазушы, 1991. – 572 б.
А. Саркенқызы , Ж.Т. Кадыров2
Психологические особенности произведения М. Жумабаева «Грех Шолпан» 1Военный институт Национальной гвардии Республики Казахстан, г. Петропавловск, Казахстан 2Северо-Казахстанский государственный университет им.М.Козыбаева, г. Петропавловск, Казахстан
В статье анализируются психологические особенности произведения М. Жумабаева «Грех Шолпан». Изучается изображение писателем хрупкой душевной организации человека через глубокий психологический подход. Анализируется художественность, внесшая в психологизм казахской литературы истоки нового направления. Рассматриваются раскрытие широкого поля изображений противоречий, происходящих в душевном мире женщины. Опираясь на мнения ученых, в настоящей статье признается четкий собственный стиль М. Жумабаева.
1Institute of the National Guard of the Republic of Kazakhstan, Petropavlovsk, Kazakhstan
2North-Kazakhstan State University named after M. Kozybayev,
Petropavlovsk, Kazakhstan The article examines the psychological peculiarities of M. Zhumabayev’s work «The sin of Sholpan».The author studies the image of the fragile mental organization of a person through a deep psychological approach. The article analyzes the artistry that introduced the origins of a new direction into the psychology of Kazakh literature. The article deals with the disclosure of a wide field of images of contradictions occurring in the spiritual world of a woman. Based on the opinions of scientists, this article recognizes the clear own style of M. Zhumabayev.