ҚАЗАҚ БИ ФОЛЬКЛОРЫНЫҢ САХНАЛАНУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІМЕН БАЙЛАНЫСЫ


ҚАЗАҚ БИ ФОЛЬКЛОРЫНЫҢ САХНАЛАНУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІМЕН БАЙЛАНЫСЫ

Мақалада қазақ би фольклорының бүгінгі жағдайы және оның сахналық өнерге айналуы қарастырылды. Сахналанған фольклорлық қазақ биінің негізі ауыз әдебиеті арқылы жеткен аңыз-әңгімелерге негізделгені белгілі. Бүгінгі күнге дейін қазақ би фольклорын зертеген ғалымдар мен қатар кейінгі сахналық үлгілері де мақала негізі болды. Жалпы қазақ фольклорының бастауы ауыз әдебиеті дейтін болсақ, ел аузындағы аңыз-ертегілердің де би өнеріне ықпалы болғандығы қарастырылды. Әр жылдары сахнадан орын алған «Жез тырнақ», «Қылышпан би» билері қазақ аңызынан алынған образдар болса, поэтикалық негіз алған қазақ әйелінің образы «Айда былпым»,
«Шалқыма» билерінде көрінгендігі де қарастырылған

Түйін сөздер: хореография, фольклор, күй, аспаптық музыка, ансамбль, композиция, би.
КІРІСПЕ
Ерте заманнан бастау алған қазақ халық биiнiң халықпен бiрге жасасып келе жатқан өнер түрi екенiн тарихшы, этнограф, өнертанушы ғалымдардың зерттеп-зерделеген
еңбектерi көрсетiп отыр. Бұл мәселеге көптеген орыс, еуропа саяхатшылары да аса назар аударған. Ал, Л.П.Сарынова, Д.Т.Әбiров, Ш.Б.Жиенқұлова, О.В.ВсеволодскаяГолушкевич қазақ халық биінің өзінің би мәдениеті мен ел арасында кең тарағн аңыз ертегілермен тығыз байланыста болғанын зертеп-зерделегені белгілі. М. Ғабдуллин, Ә. Қоңыратбаев, С. Қасқабасов сынды аға буын фолклорист ғалымдардың еңбектерімен қатар, І.Омаров, Ө.Ж.Жәнiбеков еңбектерi арқылы халықтың салт-дәстүрі мен қолданбалы өнерінің де би өнеріне ықпалы болғаны белгілі.
Ал, Л. Сарынова, Д. Әбіров, осы мақаланың бірінші авторының еңбектері арқылы қазақ би өнерінің сахналық түр алуда қандай тарихи кезеңдерден өткенін түсіне аламыз. Бүгінгі күні ғалым А. Шанкибаеваның «Қазақ хореографиясы: формалары мен көркемдік құралдарының дамуы»» («Казахская хореография: развитие форм и художественных средств»), докторант А. Молдахметованың «Қазақ биінің қимыл семантикасындағы дәстүрлі мәдениеттің көрінісі» («Отражение традиционной культуры в семантике лексики казахского танца») еңбектері би өнерін басқа бір қырынан қарастырып отырған жұмыстар. Қазақ фольклорының би өнеріне ықпалының болғанын бірінші автордың ХХ ғасырдың 70-80 жылдардағы сахналық репертуарынан білуге болады.
Зерттеу әдістемесі: Қазақ фолклорын және оның би өнерімен байланысы тарихи, ғылыми еңбектерге сүйене отырып зерттелді. Ал, эмпирикалық зерттеулер архивтік материалдарды талдау, бейнетаспаларды қарау арқылы, фотоматериалдарға сүйене отырып жүргізілді.
Қазақ халқында қандай өнер түрі болмасын жалқы жүрмеген, сондықтан би өнері фолклорлық тақырыптарға бару, музыклық материалдарды сахналық қазақ биiнiң негізіне ала отырып, тастағы ежелгі суреттерді де қолдану арқылы халықтың рухани-мәдениетiнiң бiр бөлiгiне айналғандығын көреміз.



НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Халық шығармашылығы бүгінгі өнердің дамуында үлкен роль атқарып отырғаны белгілі. Әр дәуiрде өмiр кешкен ғұламалар халық шығармашылығының шын мәнiн түсiне отырып, оны зерттеп-зерделеуде үлкен үлес қосқаны анық. Сол халық шығармашылығы арқылы бізге жетіп отырған азды көпті би арқылы ежелгі би шығармашылығының даму кезеңдеріне үңіле аламыз.
Көп уақытқа дейін «фольклорлық би» түсінігінің болмауы қандай билерді фольклорлық би деп атаймыз деген сұрақ тудырып отыр. Мұндай жағдайда қазақ би өнерінде әр түрлі көзқарастың да болуы заңды құбылыс.
Тарихқа жүгінсек дала қазақтарының өмірін бiлдiретiн, тұрмыс-тiршiлiгiн, еңбек әрекеттерiн, аңшылық өнерiн, әскери дағдысын көрсететiн қарапайым қимылдардан түзелген қазақ биi халықтың мәдениетi мен рухани талаптарын көптеген ғасырлар бойы қанағаттандырып келедi. Өзiн қоршаған табиғаттан алған әсерiн ишара, емеурiн, қимыл әрекеттерi арқылы жеткiзiп отырған бiздiң ата-бабамыз осының барлығын өз рухани байлығына айналдыра отырып, артына мұра етіп қалдыра бiлдi. Бүгінгі таңда сонау көне дәуiрден бастау алатын халқымыздың сан қырлы мәдениетi, өзiндiк салт-дәстүрi ұрпақ игiлiгiне айналды.
Көрнектi ғалым Әуелбек Қоңыратбаев “…ең алдымен фольклор-синкреттiк өнер. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, театр, сөз, би және ән-күй өнерi бiр-бiрiнен дараланбай, тұтас күйiнде көрiнедi”,– деп ой түйген [1, 8].
Қазақ халқының дәстүрлi өнерiне дәлел көп, ақын-жыраулардың импровизациялық дәстүрi поэзия мен музыка өнерiнiң синкреттiк бiрлiгiне негiзделiп, қобыз немесе домбыра аспабымен айтылатындығы. Сондықтан, қазақ халық музыкасы поэзиямен, сөзбен тiкелей байланысты.
Жалпы, би – адамның ішкі жандүниесін сыртқы қимыл-әрекет арқылы білдіретін, музыкалық ырғаққа бағынышты, түрлi үйлесімді қимылдармен бейнеленетiн өнер. Адам баласына тән әсемдiк пен әдемiлiк, өмiрге деген көзқарасы мен көңiл күйi көрiнiс табады. Тек сол көңiл-күйдi бiлдiретiн қимыл-қозғалыстарды дұрыс тауып, нақтылы қолдана бiлу қажет. Ырғақ адамның жан дүниесiнiң көзге көрiнбейтiн тербелiстерiн айқын бiлдiредi.
Ал, халық билерiнiң тууына әр халықтың өзiне тән мiнез құлқы, тұрмыс-салты, мәдениетi әсер етедi.
Е. Балабеков өзінің «Қазақтың музыкалық фольклоры» атты еңбегінде: «Музыкалық фольклордың да біріңғай тұтас көпжүйелілігін халықтық көркемөнер деп қарау қажет» дей келе, ойын «…жекпе жектер мен шайқастар, жеңістер мен жеңілістер, ғашықтардың кездесулері мен қоштасулары, ертегілік және қиял-ғажайыптық кейіпкерлердің ісәрекеттері дауыспен ғана емес, сондай-ақ тиісті жаңа түрге түсуі ыммен, дене қимылымен беріліп отырады. Демек, музыкалық фольклорда ауыз екі, музыкалық, театрлық, пластикалық элементтердің әрекеттік негізі бар компоненттері кезігеді»,-деп көрсеткен [2, 22]. Олай болса қазақ би фольклоры осы жолмен дамыған деуге толық болады.
“Аққу” күйiндегi құстың ұшқанын не болмаса “Ақсақ құландағы” аттың аяңдағанын, құланның ақсаңдағанын, мылтықтың атылғанын суреттеу, әр қилы кезеңдерді музыкамен бередi. Сыбызғы, қобыз, домбыра баяндайтын күйлермен қатар сол күйлердiң ауызша айтылатын көркем, шебер әңгiмесi болатыны мәлiм. Күйшi атаулы қай күнде болсада, өзiнiң сезiмдi күйiн тартпас бұрын тыңдаушы жұртқа осы күйдi тудырған сезімнің себебін баяндайды. Бiлсе, алдымен күйдi шығарған күйшi туралы мағлұмат бередi. Олай болса музыка мен поэзия тек қана ән игiлiгi болып қана қойған жоқ, аспаптық орындаушылардың күй орындап отырып оның шығу тарихын, не болмаса күй желiсiндегi аңыз-әңгiмесiн айтып отыратын болған.
Қазақ фольклорының бiтiмi эстетикалық сипатқа ие. Онда халықтың көп заманнан бергi өмiр, табиғат, қоғам жайлы түсiнiктерi музыка, ауыз әдебиетi, қол өнерi арқылы қалыптасқан. Фольклорлық – шығармалар халықтың көп ғасырлар бойы дамыған сапасының, қоршаған орта, табиғат және тағы басқа заттарды көркемдiк жолмен тануының айғағы.
Фольклор өз тарапынан өнегелiлiк пен эстетикалық көзқарасты қалыптастырып, ұрпақ тәрбиелеуде айрықша орын алады. Оның ықпалымен қазақ әйелдерi өз мiнезқұлқында ұяңдық пен игiлiктi, мейiрбандық пен адамгершiлiк қасиеттi, абырой мен батылдықты бойына сiңiрдi. Қазақ қыздары жiгiттермен бiрге “Алтыбақан”, “Ақ сүйек”, “Қара құлақ”, “Айгөлек” ойындарына қатыса алған. Сондықтан болар қазақ әйелi ер азаматтармен қатар, жерiн жаудан қорғаған, ел басқарған, бетiн бүркемей айтысқа шыққан.
Фольклорлық би өнерi бiр орнында тұрып қалмай, ұлттық дәстүрдi сақтай отырып, халықтың би мәдениетiн қалыптастырып, жаңа рухани байлығын жасауда өмір бойы үнемі даму процесiнде жүріп келеді.
Фольклор – халықтың қиялдауы, образдауы арқылы тарихи өмiрiмен тiкелей байланысты туындайтын шығармашылық деп қарайтын болсақ, би өнерiнің де бастауы тереңде жатыр. Бiзге оның канондық түрлерi жетпедi. Бiрақ, халық арасында тақырыптық мазмұны, образдық суреттемелерi сақталған. Олай болса би өнерi ғасырлар бойы басқа өнер түрлерiмен сабақтастықта дамып, жетiлiп отырған.
Халық арасында тараған «Қоян би», «Жезтырнақ», «Құсбегі» билерін сахналауда ежелгі күйлер мен ежелгі ырғақтар алынды. ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап фольклорлық билердің сахналық үлгісін насихаттау қолға алынды. Осы жолда «Шертер» фольклорлық ансамблінің репертуарына енген Сүгірдің, А. Байтұрсыновтың,
Дәулеткерейдің шығармаларына қойылған «Шалқыма», «Айда былпым», «Өрмек» билерін айтуға болады.
«Шалқыма» биінде қазақ қызының нәзік те сымбатты бейнесі бейнеленсе, «Айда былпым» қазақ әйеліне тән сыпайылықты көрсеті, ал, «Өрмек» биінде қазақ қызының қолөнер шебері екенін көрсете алған. Кейін «Сазген» фолклорлық ансамблінің жеке бишілерінің репертуарына енген Қызыл мойын Қуандықтың, Раздықтың, Байжігіт шығармалары мен қатар бақсы сарындарына қойылған «Жезтырнақ», «Қылышпан би», «Келіншек», «Айқосақ», «Ортеке» билері сахналанды. Бұл билерге қазақтың ауыз әдебиеті арқылы жеткен аңыз, ертегілер негіз бола алды.
Алматы қаласындағы Ықылас атындағы саз аспаптар музейі жанынан құрылған «Сазган» ансамблінің жеке бишілері 1983 жылы “Қазақтың фольклорлық-этнографиялық билерi” атты бағдарламасын көрермен назарына ұсынды. Қазақ биiн билеуде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен белгiлi бишi Үсен Мақанның және осы мақаланың бірінші авторының репертуарларындағы фольклорлық тақырып олардың шығармашылықтарының негiзiн қалады. Жұптасып билеген бұл бишiлер, осы бағдарламада балетмейстер О.В.Всеволодская-Голушкевичтiң қиялдау тәсiлi арқылы қойған “Жезтырнақ” биiнде сұлу қыздың жезтырнаққа айналған бейнесi көрсетiлдi. Көшпелi өмiрден туған бұл мифтiк образ қазақ халқының өз ұғымына жақын болатын. Ал, Үсен Мақанның жеке орындауындағы “Ортеке” биi елiктеуден туған би. О.В.Всеволодская-Голушкевич өз қойылымдарын қазақтың аңыз-ертегілерін негізге ала отырып іске асырды деуге болады.
Ал, белгілі суретші, киноактер Әубәкір Ысмайлов өзінің бала кезінен ауыл қарттарынан көрген, әкесі мен атасынан үйренген билерін қайта жаңғырту бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Ә. Ысмайловтың қойған «Құсбегі-дауылпаз», «Жастар биі», көпшілікке арналған «Алқа қотан» билері бүгінгі күнге дейін биленіп жүр.
Фольклорлық тақырыптың би өнерінің дамуында үлкен роль атқарғанын жоғарыда көрсетілген жеке бишілермен қатар Мемлекеттік «Алтынай» би ансамблінің репертуары арқылы көре аламыз.
Ансамбль репертуарына енген “Бастау” атты хореографиялық композицияға “Сайыс”, “Бақсы ойыны”, “Жезтырнақ”, “Қылышпан” билерi кiрдi. Әрi бұл билердiң барлығы көне халық күйлерiне қойылды. Ел iшiндегi өнердi шығармашылықпен пайдалана отырып, халқымыздың көне мәдени мұраларын жаңғыртудан туған “Келiншек”, “Жар-жар”, “Қоштасу” билерi нағыз салт-дәстүрлiк қойылымдар болды. “Бақсы ойыны” биiн сахналау көне дәуiрдiң көзi iспеттес қимыл-әрекеттерді елестету арқылы ансамбль репертуарын осындай халықтық шығармаларға бұруға негiз болды.
Өнердiң қандай да түрi болмасын дамуы жағынан алғанда фольклорлық, этнографиялық және халықтық өнер аясымен шектелуi мүмкiн емес. Дәуiр тынысына, өмiр талабына iлесiп отыру, көрермен қауымның мәдени-эстетикалық талғамынан шығу өнер ұжымынан үлкен шығармашылық iзденiстердi, көркемдiк жинақылықты талап ететiнi белгiлi. Демек, сахна өнерi халық өнерiнiң жалаң көшiрмесi емес, ол өнер адамдарының шығармашылық бiрлестiгiнен туындайтын ерекше өнер түрi. Сондықтан, әр бидiң музыкасын тыңдап, талдаудан басталатын еңбек сахналық киiм үлгiсiнiң қандай болуы керектiгiн бекiтумен тамамдалады.
Алматы облыстық филармониясына ауыстырылған «Сазген» ансамблінің жас бишілері, кейін, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артистері атағын алған Айгүл Тәти мен Гульнара Пішенбаеваның репертуарына енген «Қайран 25» биі нағыз ұлттық нақышқа ие болған шығарма болды. Қос қарияның өмірін суреттеуде қазақ би пластикасы арқылы образды айқын да нанымды бере алған. Балетмейстер Гүлсәуле Орымбаеваның ұлттық мінез құлықты нақты көрсете алуы, ал, орындаушылардың соны көрерменге жеткізе алуа үлкен шеберлікті талап етері белгілі. Осы қазақтың қос қызы өздерінің актерлік, орындаушылық шеберліктерімен көрермкендерінің жүрегінен орын тапқан бишілер болды.
“Қазақтың ескi салты мен ойын жиындағы өлең сауықтың барлығы ән мен өлеңдi аралас жүргiзетiн, сондықтан ел театры қалың елдiң өмiрiмен шын жанасамын десе, ескiнiң суретiн толық пiшiндi қылып құруға мiндеттi екенi даусыз”,– деген М.Әуезов [3, 53]. Драма театр тарихын зерттеген Ә.Тәжiбаев: “Драматургия халық поэзиясы мен салт жырлары және эпостан кiрген драмалық элементтер ұлт театрына да ғажап негiз болған”,– деп көрсеткен болатын [4, 11]. Осы театр өнерiне қатысты айтылған “Жар-жар”, “Қоштасу”, “Беташар” сияқты халықтың салт-дәстүрлерi би ансамбльдері репертуарынан орын алу арқылы халық билерiнiң де керемет үлгiлерiне айналды.
Халықтық өнер мәдениетінің бөлігі бола отырып, би өнері қоғамдағы мінез-құлық нормаларын, гендерлік қатынастарды, мәдени құндылықтарды танымал және жақын көрсетеді. Бұл әсіресе халық билерінде айқын көрініс тапқан. Бұл белгілі бір халық үшін кодтық жүйе. Осы жүйенің ішіндегі адам өзіндік хореографиялық элементтермен байланыстырады, өзінің жеке қасиетін ұлттық әлеуметтік-мәдени кодын ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды.
Онда адамға дене қозғалысы жүйесі, кеңістікті қалыптастыру және бишілердің бірбіріне қатысты қалыптар арқылы берілетін көп ақпарат жасырылады. «Би — бұл белгілі бір ырғағы бар қозғалыстарды үнемі өзгерту арқылы эмоцияларды білдіру құралы» («Танец – это средство выражения эмоций путем постоянной смены движений, подчиненных определенному ритму»),- деген ой дұрыс көрінеді [5, 12].
Қазақ биі өнерiнiң мазмұндық ауқымы кең. Халықтың күнбе-күнгi өмiр салты осы өнердiң тақырыбының сарқылмас қайнар көзiне айналды. Қазақ биі шығармашылығын ұлттық мәдениетiміздің келелi бiр тармағы деп бiлген жөн. Ол халық шығармашылығымен қоса кәсiби сахна өнерiнiң дамуына да үлкен үлес қосып келедi.
Халықтың шығармашылық мәдениетi адамның сана-сезiмiмен бiрге адамгершiлiк болмысын тәрбиелеп iске асырады. Қандай халық болмасын ұлттық мәдениетке мән бермей өзiн ұлт ретiнде көрсете алмайды. Сондықтан суретшi, композитор, балетмейстер өзiнiң туындысын жазарда халық мәдениетiн оқып бiлуге талпынады. Қандай да бiр халықтың биiн сахнаға қоярда хореограф, сол халықтың географиялық орналасуын, тарихын, әлеуметтiк өмiрiнiң ерекшелiктерiн ескередi. Әр халықтың өзiндiк ерекшелiгi би өнерiнде өз iзiн қалдыратыны осыдан болса керек.
Қазіргі уақытта фольклорлық би дәстүрлі, күнделікті, биге жақындайды. Оның мәні аймақтық ерекшеліктерді көрсетуге ұмтылуында болады. Зерттеушілер сол хореографиялық материалды беру кезінде жеке орындаушының қасиеттерін ерекше атап көрсетеді. «Бидің кезеңдік дамуы ұлттық базаны және би идеясын, оның өзіндік ерекшелігін, түпнұсқалығын, сайып келгенде, би билеудің өзіндік ерекшелігін сақтауға және кәсіби өнердің тәжірибесімен байытуға, содан кейін оны аудиторияға жеткізуге бағытталған. Бидің өзіндік тілі, оның қозғалысы, кескіндемедегі бояғыштар секілді лексика, сурет жасауға көмектеседі» [6, 103]. Этнографиялық хореографиялық материалды көрерменнің қабылдауы орындаушылық арқылы жүзеге асырылады. Орындаушының күшті ішкі, моральдық қолдауынсыз халық билерін құруға болмайды. «Күнделікті өмірде адамдар көрерменге емес, өздері үшін билейді. Егер би осы формада сахнаға көшірілсе, онда өнер шынайылығы болмайды … Көрермен үшін би күнделікті бидің көшірмесі бола алмайды» [7,5].
Қазақтың кез-келген қуанышында, мейрамында, ойын-тойларында, салт-дәстүрiнде осы халық билерi ескерiлiп, көпшiлiк, жеке-дара түрiнде биленiп келген. Халық тарихының дамуымен бiрге қазақ би өнерi де дамып, құрылымын өзгертiп, толықтырып отырған деуге болады.
Би өнерi күллi адамзат баласына ортақ, дүниежүзiндегi халықтардың барлығына бiрдей түсiнiктi. Әр халықтың ұлттық ерекшелiктерiне орай би өнерiнiң көркемдiк бейнелеу құралдары мен мазмұны да әртүрлi болып келедi. Әр халықтың белгiлi бiр ережелерге бағындырылған әсем де сұлу, нәзiк қимылдарынан келiп би туындайды. Осылай жинақтала, уақыт таразысынан өте бүкiл дүниежүзi халықтарында көркем би өнерiнiң қағидалары қалыптасты. Би өнерiнен әр халықтың өзiне тән ұлттық сипатын анық байқаймыз. Әр халықтың дәстүрiн, әдет-ғұрпын, салтын, тұрмыс-тіршiлiгiн айнытпай таныта алатындықтан, оларды бiр-бiрiнен оңай ажыратуға болады.
Олай болса, қазақ фольклорлық биі де уақыт талабына сай сахналана отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсету арқылы жастарды тәрбиелей алатын рухани қазынаға айналды.
Қазақ биi де ән-күй сияқты халықтың салт-санасымен бiте қайнасқан ел мұрасы. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап қыз ұзатып, келiн түсiре бiлген, ата-бабасына неше рулы ел жинап ас бере бiлген қазақ ән айтып, күй тартып, әртүрлi ұлттық ойындарды өткiзе бiлген. Фольклорлық би мәдениеті мiне осындай ұлттық ойындардан, әртүрлi еңбек қимылдарынан туындаған.
Хореография, идеологиялық, даму, ақпараттық, ағартушылық, әлеуметтікағартушылық, мәдени, мәнерлі, релаксациялық, коммуникативті, құнды-гедонистикалық, бейімделгіш және сауықтыру функциялары жүйесінде маңызды элементтер ретінде жұмыс істейді. Хореография — адамға жауапкершілік пен борыш сезімін, басқа адамдарға назар аудара алатын өнердің түрі. Халықтың хореографиялық өнерін зерттеу және біріктіру отансүйгіштік пен мақтаныш сезімін халыққа енгізуге мүмкіндік береді, ұлттық байлықты сақтап қалуға және уақыт пен ұрпақтың арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

ҚОРЫТЫНДЫ
Қорытындылай келе, фольклорлық қазақ биі басқа өнер түрлерімен синкретті түрде дамып отырған деуге болады. Халық хореографиясы адамның толыққанды дамуына ықпал ететін көп функциялы жүйе болған. Ол тұлғаның объективті қасиеттерін жақсарту үшін, яғни оның денесі (физикалық денсаулығы, дене құрылымының сұлулығы, тегіс кейіп және т.б.) адамның маңызды мазмұнын құрайтын өзінің субъективті қасиеттерін қалыптастыру кезінде, яғни оның рухани және рухани түсінігі (адамгершілік мұраттары, құндылықтары, басқа адамдарға қатысты көзқарасы, ерік күші және т.б.) еңбек ететін өнер түрі.
Қоғамның өзгеруiне байланысты, халықтың өмiрi мен дәстүрi де өзгерiп отыратыны белгiлi. Мiне осыған орай өнердiң де өзгерiске ұшырайтыны сөзсiз. Оның тақырыптық идеясы, мазмұны да өзгерiске ұшырап отырады. Халық шығармашылығынан нәр алған би өнерi де осылай өсiп-өркендеуде.
Тарих және этнография ғылымдарының зерттеулерiне қарағанда “қазақ даласы” аталатын кең өлкенiң өн бойында талай кенттер, отырықшы мекендер салынып та, жойылып та кеткен. Дегенмен, бүгiнгi ұрпаққа таңбалы тастағы кескiндер мен ертедегi адамдардың ырым-билерiнен бастап жоғарыда аталған фольклорлық тақырыптар би өнеріне арқау болды. Сондықтан би өнерi де ұлттық бет-пердесiн сақтай отырып дамыды.
Бүгінгі сахналық қазақ биінде осы фольклорлық билерді көре алмай жүргеніміз де рас. Сондықтан, хореогшрафиялық білім беріп отырған оқу орындары «Алтын қорға» енген сахналық қазақ биімен қатар фольклорлық билердің, оның маззмұны мен тақырыбын сақтау крек деген ой туады. Ұлттық бидің бастауы болған, фольклорлық музыкаға негізделген ежелгі бидің қазақ өнерінде алар орны ерекше.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: 1991.- 288 б.
2. Е. Балабеков.Қазақтың музыкалық фольклоры: болмысы, өзіндік ерекшелігі, тәрбиелік мазмұны мен заманауи өміршеңдігі. Оқу құралы. – Алматы: 2006. – 158б.
3. Әуезов М. Шығармалар жинағы. Т. 11 Алматы: 1969.-480 б.
4. Қазақ театрының тарихы. Т.1. Алматы: 1975.-398 б.
5. Королева Э.А. Ранние формы танца – Кишинев: 1977.– 214 с.
6. Заикин Н.И. Фольклорный танец и его сценическая обработка : метод. пособие / Н.И. Заикин // Всероссийский научно-методический центр народного творчества и культурно-просветительной работы. – М.: Петит, 1991. – 134 с.
7. Фольклорные танцы Тверской земли: записаны автором в Тверской губернии в
1938 году / Т.А. Устинова. Тверь: Алексей Ушаков и К, 2002. 159 с.: ил

Ізім Т.О.¹, Кайыр Ж.У.²
Сценические казахские фольклорные танцы и его отношение к устному фольклору
¹˒² Казахская национальная академия хореографии г. Нур-Султан, Казахстан
В статье рассматривается современное состояние казахского фольклорного танца и его роль в развитие как сценического танцевального искусства. Общеизвестно, что фольклорный сценический казахский танец основан на легендах, историях, которые были извлечены из устной литературы. Научные работы ученых, которые изучали казахский фольклорный танец и сценические интрепретации фольклора, также являются основой статьи. Основным источником казахского фольклора была устная литература, легенды и сказки народа так же повлиял на развитие фольклорного танца. В разные годы танцы «Жез тырнак» и «Кылышпан би» были взяты из казахской легенды, а образ казахской женщины, имевшей поэтическую основу отразился в танцах «Айда былпым» и
«Шалкыма»

Izim T.O.¹, Kayyr J.U.²
Stage kazakh folk dances and its relationship to oral folklore
¹˒² Kazakh National Academy of Choreography. Nur-Sultan, Kazakhstan. The article discusses the current state of the Kazakh folk dance and its role in the developmenttof stage dance art. It is well known that folk Kazakh folk dance is based on legendary stories that have been extracted from oral literature The scientific works of scientists who studied the Kazakh folk dance and the stage interpretations of folklore are also the basis of the article. The main source of Kazakh folklore was oral literature, the legendary folk tales also influenced the development of folklore dance. Over the years, the dances “Zhez tyrnak” and “Kylyshpan bi” were taken from the Kazakh legend, and the image of the Kazakh woman, who had a poetic basis, was reflected in the dances“Ayda bypym” and “Shalkyma”



ӘОЖ 82.09 (574) Каримсакова Б.А.
ф.ғ.к., доцент. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және
инжиниринг университеті, Ақтау қаласы, Қазақстан Республикасы, е-mail: baktigul.karimsakova@yu.edu.kz

Ә. КЕКІЛБАЕВТЫҢ «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ» РОМАНЫНДАҒЫ АҢЫЗ БЕН ШЫНДЫҚ

Бұл мақалада Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романында халық жадында сақталған ескі аңыздарды жаңғыртып, мифтік-фольклорлық сарын көрініс табады. Ә.Кекілбаев туындылары көбінесе бүтіндей мифтік-фольклорлық сюжетке құрылады. Жазушы аңыз әңгімелер арқылы өткенге, тарихи оқиғалар сілеміне көз жібере отырып, мәңгілік мәселелерді шешуге ұмтылыс жасаған. Романда Әмірші, кіші ханша мен шебердің арасындағы шарпысқан ішкі психологиялық сезім-күйлері мен жан дүниесіндегі толғанысы, ой арпалысы шеберлікпен суреттеледі.

Тірек сөздер: әдебиет, жазушы, тарихи роман, аңыз әңгімелер, Әмірші, ханша, шебер, махаббат пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік, бақ пен тақ.

КІРІСПЕ
Әдебиет халықтың сана-сезімін, көркемдік ойлау қабілетін дамытатын рухани дүние бола отырып, адамзат өркениетімен, адам тағдырымен байланысты сан-салалы мәселелерден құрылады. Солардың бір арнасы – екі адамның арасындағы ғашықтық сезім. Әр тағдыр иесінің көзімен көріп, көңілімен түйсінетін бұл қасиетті ұғым адам баласымен бірге жасап келеді. Адам ата мен Хауа анадан бастап бірде қуантып, бірде жылатып келе жатқан махаббат құдіреті терең. Батыс философиясы тарихында Эмпедокл өзінің космологиялық ілімінде махаббат бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған басты күш деп білді. Ертедегі грек, Рим қолжазбаларында махаббат құдайлар кейпінде көрсетіліп, дүниенің кілті солардың қолында делініп, құдайдың өзі махаббат мәнінде ұғынылған.
Платон махаббатты алғаш рет сезімдік және рухани деп екіге жіктеп, сезімдік махаббат — сұлулықты сырттай ғана қызықтайтын төменгі форма, ал рухани махаббат адамның белсенді танымдық қызметінің қайнар бұлағы дейді. Бұл екеуінің арасындағы тығыз байланысты, сезімдік махаббаттың рухани махаббатқа ауысуын философ махаббаттың кемелденуі деп қараған [1,164]. Осыған сүйене отырып, Фома Аквинский: «Нағыз махаббат – құдайды сүю» деген [2,140]. Махаббатты адам бойындағы құмарлық сезімдердің ең күштісі деп бағалаған француздың ұлы ойшылы Вольтердің тұжырымын Бальзак та мойындаған. Ол сүйіспеншілік мәселесіндегі шешуші рөлді жүрекке береді.
Ал, шығыс жұлдыздары Хафиз бен Сағди шынайы махаббаттың ешқашан ізсіз кетпейтінін, адам ғұмырында бұл сезімнің бірге жасайтынын айтқан. Орта ғасырларда махаббат ұғымы көркем туындылардың ғана нышаны емес, дүниетаным, дін, философия, эстетика салаларының бастау алатын бұлағы болып саналады. Ортағасырлық мұсылман және христиан теологиясында, діни әдебиетте, сондай-ақ шығыс поэзиясында да басты тақырып махаббат болды. Көптеген онтологиялық, аксиологиялық, гносеологиялық мәселелердің шешуін табар түйіні осы махаббат категориясы еді.
Қазақтың ғашықтық жырлары, лиро-эпикалақ дастандары ғасырлар бойы халықтың інжу-маржандары санатында сақталып, бағаланып келеді. Түп тамыры шығыстан тартылған Ләйлі-Мәжнүн, Жүсіп-Зылиқа сияқты қиссалармен бірге, қазақ топырағында туған «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» тәрізді жырлар халық жадында берік орнықты. Халық аңыздарының үлгісінде жазылған С.Мұқановтың «Сұлушаш», И.Байзақовтың «Құралай сұлу», «Ақбөпе» поэмаларындағы басты сюжеттік арна ғашықтық сезімнен бастау алады. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде әдебиетте бой көрсеткен қазақ прозалық шығармаларындағы басты тақырып сүйіспеншілік, махаббат сезіміне, осы жолдағы күрес-әрекеттерге арналғаны белгілі. Бұл тақырып одан кейінде түрлі жанрдағы шығармаларда көтеріліп, осы кезге дейін жырланып келеді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Тарихилық – дәуірдің бет-бейнесін, нақты оқиғалар мен адам тағдырлары арқылы көрсететін ұғым. Қазіргі қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған романдардың маңызы жоғары. Қазақ тарихи романы қай кезеңге арналса да ол суреттеліп отырған дәуірдің халық тағдырында атқарған роліне жан-жақты талдау жасап, өткен мен бүгіннің арасына дәнекер болады.
Ұлттық әдебиетімізде тарихи тақырыпты арқау ету кеңінен қанат жайған келелі дәстүр десе де болғандай. Бұл, әсіресе, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін кең етек алғаны белгілі. Осы кезеңде өмірге келген І.Есенберлиннің «Қаһар», «Жанталас», «Алмас қылыш», Д.Әбіловтің «Ақын арманы», З.Ақышевтың «Жаяу Мұса», Ә.Әлімжановтың «Жаушы», С.Жүнісовтің «Ақан сері», Ә.Кекілбаевтің «Үркер», «Елаң-алаң», М.Мағауиннің «Аласапыран», Д.Досжановтың «Жібек жолы», С.Сматаевтың «Елім-ай» т.б. тарихи, тарихиғұмырнамалық романдары соның дәлелі.
Кеудеде жан тұрғанда адам баласынан сезім күйі, құштарлығы өлмек емес. Өртеніп, күйіп-жану, махаббат оты – жан беріп, жан алысқан соғыстарда да, халық басындағы небір зұлмат күндерде де өз орнын тапқан, екі аяқты пендеге қуат, дем берген, келер күндерге деген үмітін кеудесінде маздатып отырған.
Тарихи шығарма – тек халықтың тарихын, шежіресін, кескілескен шайқастарды ғана суреттеумен шектелсе көремдік сапасына нұсқан келер еді. Белгілі зерттеуші Герольд Бельгер: «Ә.Кекiлбаевтың көркемдiк палитрасының қуаты мен қасиетi де осында — ол ежелгi аңыз-әңгiмелердi бүгiнгi күннiң елегiнен өткiзiп, тарихи-философиялық тұрғыдан екшеп отырады, сол аңыз-әңгiмелерден күллi адам баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып отырады. Өткен күндер шындығына бүгiнгi күннiң жарық сәулесiн түсiредi. Кекiлбаевтың суреткер ретiндегi ерекшелiгiнiң бiр парасын осы төңiректен iздеуiмiз керек» [3,27].
Ә.Кекілбаев өз шығармаларында халық жадында сақталған ескі аңыздарды жаңғыртып, көне сюжеттерді көбірек бағдар тұтады. Ә.Кекілбаев романтизмінің көркемдік жүйесін толықтыратын сипат шығармаларында мифтік-фольклорлық сарынның, аңыз-әңгімелердің жиі көрініс беруі болып табылады. Ә.Кекілбаев туындылары көбінесе бүтіндей мифтікфольклорлық сюжетке құрылады. Жазушы аңыз әңгімелер арқылы өткенге, тарихи оқиғалар сілеміне көз жібере отырып, мәңгілік мәселелерді шешуге ұмтылыс жасаған. Осы сипаттағы шығармаларының бірі – «Аңыздың ақыры» романы.
Тарихи дәуірлер мен оқиғаларды, тарихи адамдардың өмірін көркем бейнелеп елестеткен, дүниетанымдық ізденістері жоғары шығармалардың қатарына Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романын жатқызуға болады.
«Аңыздың ақыры» романы Әбіш Кекілбаевтың бұрыннан жазғандарынан сыры да, сипаты да мүлде бөлек, жазушының шығармашылық тың табысы, өсу, іздену эволюциясының жаңа қыры дерлік, өзіндік концепциясы бар дүние. Жазушы мұнда өзінің ойшылдығы мен парасатты суреткерлігін көрсеткен десек асыра айтқандық емес [4,42]. «Аңыздың ақыры» романы тарихи тақырыпқа жазылып, тарихта болған Ақсақ Темір өмірінің бір сәті көрініс бергенімен, бұл – үйреншікті мағынадағы дерекке негізделген тарихи туынды емес. Жазушы тарихи аңыз шеңберінен шығып, қаламгерлік қиялын қоса отырып, дербес психологиялық шығарма тудырған. Мұнда тарих – фон, кезең колориті ғана. Сыншы С.Әшімбаев романның тарихи негізін баса айта отырып: «шартты түрде болса да оқиға қай ғасырда, қай жерде болып еді, Әмірші деп отырғанымыз кім, қай елдің ханы деген сұрақтың бетін ашу керек сияқты» [5,12] – деген пікір білдіреді.
Ә.Кекілбаев үшін романда оқиғаның қай ғасырда, қай жерде болғаны маңызды емес. Мәселе, оқиғаның қашан және қалай болғанында емес, болған оқиғаның адамгершілікфилософиялық мәнінде. Сюжетке өткен дәуір оқиғасы арқау болғанымен, ішкі мазмұны махаббат пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік, бақ пен тақ, бақыт сияқты жалпыадамзаттық мәні бар мәңгілік мәселелерді қозғайды.
Романның негізгі сюжеті шығыс елдерінің ежелгі аңыздарының негізінде алынған. Тарихта болған дерек пен шығармашылық қиял, фольклорлық бастау мен реалистік баяндау осы шығармада ерекше жымдасып кетеді де, халықтың әр қилы аңыз әңгімелерін өзінше қызғылықты түсіндіретін автордың көркемдік философиялық концепциясы барынша толық, айқын танылады.
«Аңыздың ақыры» романының лирикалық, романтикалық сипаты мол. Романның сюжеті үш кейіпкердің (Әмірші, ханша, шебер) төңірегінде өрбитін тарихи аңыз-әңгімеге құрылған. Жазушы өзіне таныс аңыз-әңгімені жалаң баяндаушы емес, ол аңыздық желіні жаңаша түсіндіріп, жаңғыртып, сол арқылы адам жанының терең иірімдерін ашқан композициясы күрделі, психологиялық салмағы бар дербес туынды жасайды. Әмірші, кіші ханша мен шебердің арасындағы шарпысқан ішкі психологиялық сезім-күйлері мен жан дүниесіндегі толғанысы, ой арпалысы шеберлікпен суреттеледі.
Романның бас кейіпкері – Алмас хан. Шығармада Алмас хан өмірінің соңғы айларында болған оқиға баяндалады. Ол өз халқын толық бағындыруда да, оны басқаруда да, оған жаңа жетістіктер қосуда да табысқа жеткен әмірші. Бірақ ол халқына өз философиясын уағыздауда жеңіліске ұшырайды. Сондықтан автор кейіпкердің ой жүйесін, сезіну, түйсіну өрісін, оның құбылыстарын, суреттеуге ерекше көңіл бөледі. Әміршінің мінез-құлқы – романның негізгі желісі.
Хан кезекті жорығынан оралғанда, кіші ханшаның өзінің құрметіне салдырған биік мұнарасын алыстан көзі шалады. Мұнараны салушы жас шебер ханшаға ғашық болып, оған деген құмарлығы мен іңкәр сезімін, махаббатын өз өнері арқылы бейнелейді. Ханға суық хабар өзегін құрт жеген алма арқылы беріледі. Қызғанышы оянған Хан шебер мен ханшаға қаһарланып, жас жігіттің көзін ойып, тілін кесіп, қатал жазалайды. Ханша мен шеберді қатаң жазалағанымен, хан олардың жүрегіне әмір ете алмайды. Өйткені байлық пен биліктен тыс, оларға бағынбайтын махаббат, сезім құдіреті бар. Нағыз өнер туындысына тән сұлулық пен нәзіктік тек шынайы махаббаттың әсерінен туындайды.
Әміршінің бейнесін жасағанда Ә.Кекілбаев тарихи материалдарға сүйеніп, қазіргі болмысқа сәйкес әлеуметтік-психологиялық модель жасаған. Эгоцентризм мен өзін ғана сүюдің жалғыздыққа, рухани азушылыққа ұшырататынын көрсеткен. Жазушы шеберлігі Жаппардың өзімен өзі сөйлескен монологын беруде ерекше көзге түседі. Жасынан сәулетшілік өнер бойына дарыған Жаппарға (әкеден берілген қабілеттілік) дүние жүзінде теңдесі жоқ мұнара салу ісі тапсырылады.
Кіші ханшаға ерекше ықылас, құмарлық сезінген сәулетші мұнараны салудың жаңа түрін ойлайды. Оның ойынша мұнара ендігі жерде өзінің ұлылығымен емес, адамдарда басқа адамдарға деген сенім, сүйіспеншілік сезімін туғызуы керек. Осы ойын іске асыру үшін сәулетші аса көп жұмыс істейді. Алғашқыда сәулетші хан бақшасының ішінде жас сұлуды жиі көру мүмкіндігі бар ккетікті бекітпеді. Енді сәулетші қалайда жас сұлуды өзіне қарату үшін, оның өзіне деген сүйіспеншілік сезімін туғызу үшін мұнараны ерекше ықыласпен әшекейлеп сала бастайды.
Жер бетіне өзінің әмірлігін, үстемдігін жүргізіп, ашса алақанында – жұмса жұдырығында ұстай білген Әмірші «мұнара бейнелеген асқақ махаббаттың иесі кім, ол кімге деген ақ сезім» деп іздеумен болады.
Романда мұнара – шебер махаббатының символындай. Шығармада мұнараның атқаратын қызметі ерекше. Ол үш кейіпкерді, ханды, ханшаны және шеберді өзара байланыстыратын, бір қазыққа байлайтын ортақ желі. Романдағы романтикалық сарын да осы мұнара бейнесімен байланысты. Ол жанданған кейіпке еніп, адам әрекетіне, адамға тән мінезге, қылыққа ие. «Мұнара күніне бір мінез шығарады. Бір күні жас майсадай үлбіреп, жас сәбидей мөлдіреп тұрса, ертеңіне-ақ жан-жағына ойнақы нұр таратып, жайнақтап шыға келеді. Бірде терезенің алдынан ет жүрегіңді елжіретіп, үн-түнсіз телміріп түрып алса, артынша-ақ төбесімен көк тіреп аспандап шыға келеді» [4,134].
Мұнара бірде «күледі», бірде «мұңаяды», бірде «сұстанады», бірде «алыстан ым қаққандай» болса, бірде «жалбарынады». Шығарманы мұқият оқып шықсаңыз, мұнараның мұндай «мінезінің» сан қырына куә боласыз. Шығармада мұнара романтикалық бояумен бейнеленген. Оның қасиетін суреттеуде әсірелеу де басым. Мұнараға қараған жанның барлығы қайран қалады. Ол шаһардағы басқа мұнараларға атымен ұқсамайтын ерекше бір сипаты бар, сиқырлы мұнара. «Әмірші сан-сапат жорықтарында талай мұнаралар мен сарайларды көре-жүре, тап мынадай сиқыр сұлулықты бұрын-соңды ешқайдан жолықтырған емес. Бірақ көзін жібермей, көңілін тұзақтап, тұсап-матап тастаған өзгеше көріктің сиқырына түсіне алмай келеді» [4,40]. Романда мұнараның қасиетін айқындауда «сиқыр» сөзі онымен жиі қатар айтылады. Мұнараның сиқыры – шебердің ханшаға деген махаббатын бейнелеуінде, тіпті сол махаббаттың өзіне айналуында.
Кіші ханша әміршінің алдында жалғыз-ақ күнә істепті. Онда да өңінде емес, түсінде күйеуінің көзіне шөп салыпты. Бірақ сол жалғыз қылмысының өзін әміршінің қырағы көзі қалт жібермепті. Әміршінің мына монологына көңіл бөлейік: «Ханымның сол жолғы түсінде құшқан еркегі басқа ешкім де емес, әнеу күнгі монтаны жігіт. Ханым онымен өңінде болмағанымен түсінде табысты. Ендеше сол бір жайнақ көз жігітпен өмірінде болмағанмен, көңілінде әлдеқашан қауышқан. Көңілінде ол ханымға бұдан гөрі әлдеқайда жақынырақ…»
[4,172].
Шығармада жазушы тек Әміршінің ғана қатыгездігін орынсыз кінәлай бермейді, оның іс-әрекеттерін төтелеп даттай да бермейді, автор адамшылық қасиетті, адамның жеке басын аяққа таптайтын зорлық пен зұлымдықтың, билік құмарлықтың шірік философиясын әшкерелеуге назар аударады. Қаншалық қаһарлы, қайратты болғанмен, Әміршінің өзі де, шынтуайтқа келгенде көрсоқыр, қатыгез. Ол өзгелерді қайғы-қасыретке ұшыратумен бірге, өзі де шектеусіз биліктің құрбаны болады.

ҚОРЫТЫНДЫ
Ә.Кекілбаев тарихи шығармаларында ежелгі аңыз-әңгімелерді шебер пайдалана отырып, өткен күннің жарқын да қаһарлы бейнесін, моральдық бейнесін жасады. Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің бір сөзінде: «Ол өзінің шығармаларында атақты тарихи тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол өз халқының өткен тұрмысын әспеттеу, әйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің әлеуметтік сыр-сипаттарын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен», — деген болатын.
Шын мәнінде, Ә.Кекілбаев қазақ тарихи романдарындағы аңыздық желілер өмірлік шындыққа ажар бітіріп, мазмұнын тереңдетеді, философиялық мән-маңыз береді. Қаламгердің сюжет желісі түгелдей аңыздан арна тартқан «Аңыздың ақыры» романы – саф күмістей таза тарихи роман. Мұндағы тарихи деректердің барлығы көркемдік шешімін үйлесімді тапқан туынды екенін Ә.Кекілбаев туындыларынан анық байқауға болады.


ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. Антикалық философия. – Алматы: Жазушы, 2005. Т.2. – 568 б.
2 Орта ғасырлық діни философия. Жиырма томдық. – Алматы: Жазушы, 2005. Т.5 – 568 б.
3 Герольд Бельгер «Казахское слово.» Астана, 2001
4 Кекілбаев Ә. 2 томдық таңдамалы шығармалары.– Алматы: Жазушы, 1989. Т.1. – 400 б.
5 Сыншы С.Әшімбаев «Шындыққа сүйіспеншілік». Әдеби-сын мақалалар, портреттер, эссе. «Жазушы», 1993;

Каримсакова Б.А. Легенда и истина в романе А. Кекильбаева «Конец легенды»
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Ақтау қ., Қазақстан
В статье рассматривается совершенствование старых легенд, сохранённых в душе народа, и фольклорно-мифический мотив в романе А.Кекильбаева «Конец легенды». Произведения А.Кекильбаева в основном состоят из фольклорно-мифических сюжетов. Писатель через легенды-рассказы, опираясь на исторические свидетельства, стремится решить вечные проблемы. В романе мастерский описывается психологические чувства и душевные переживания между Повелителем, Младшей Ханши и Зодчий.

Karimsakova B.A.
Iegend and truth in A. Kekilbaev’s novel «The end of legend»
Sh.Yessenov Caspian state university of technologies and engineering
Aktau city, Kazakhstan
This article discusses the improvement of old legends, preserved in the soul of the people, and the folklore-mythical motif in the novel “The End of Legend” by A. Kekilbaev. The works of A. Kekilbaev consist mainly of folklore and mythical scenes. The writer, through the legends-stories, based on historical evidence, seeks to solve the eternal problems. In the masterful novel, psychological feelings and emotional experiences are described between the Lord, the Younger Hanshi and the Architect.



ӘОЖ 82.09 (574)
Б.А. Каримсакова 1, А.Т. Жеткизгенова 2, Н.С. Қамарова 3
1ф.ғ.к., доцент. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Ақтау қаласы, Қазақстан, e-mail: baktigul.karimsakova@yu.edu.kz 2ф.ғ.к., доцент. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Ақтау қаласы, Қазақстан, e-mail: aliya.zhetkizgenova@yu.edu.kz
3ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Ақтау қаласы, Қазақстан, e-mail:
nagbdu.kamarova@yu.edu.kz

ШӘКӘРІМ, МАҒЖАН, СҰЛТАНМАХМҰТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АҚЫНДЫҚ ДАРАЛЫҒЫ МЕН АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРЛІГІНІҢ ҮНДЕСУІ

Ғасыр басында шығармашылық дарашылдығымен, айрықша ақындық тұлғасымен көзге түскен ұлттық поэзиямыздың ірі өкілдері — Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұттың рухани әлеміне тереңдеп зер салу барысында, олардың поэтикалық әлеміндегі ақындық даралығы мен ақындық шеберлігінің, жалпы ақындық болмысының бірегей жақтарына тоқталуға тырыстық.
Лирикадағы ақындық тұлға проблемасы негізінен XX ғасыр басындағы Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт поэзиясындағы ақындық тұлғаға қатысты қозғалды және осы үш ақынның шығармашылығына ден қою арқылы ақынның даралану, тұлғалану процесіне басты назар аударылды.
Мағжан, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт өлеңдеріндегі кез-келген лирикалық бейненің астарында ақынның қиямет-қайым өмірді түйсінуі, эстетикалық сезім дүниесі бейнеленеді.

Тірек сөздер: ақын, поэзия, ақын тұлғасы, ақындық даралық, ақындық шеберлік.

КІРІСПЕ
Бүгінгідей түрлі мәдениеттер тоғысындағы жаһандану үрдісіне бағыт бұрған заманда ұлтымыздың рухани өресін биіктеткен тұлғалардың қалдырған мұрасына қайта үңілу оның тағылымдық мәнін қайта зерделеу – заман тудырып отырған қажеттілік.
Өмірлері өнегеге айналған, еліміздің мәдени-рухани қазынасын ту еткен жеке тұлғалардың өмірі мен шығармалары турасында зерттеп, зерделеу, жас ұрпақ бойына тереңінен сіңіру, шығармашылықпен оқыту, ұлттық сананың негіздерін қалыптастыру — бүгінгі таңда өте өзекті.
Поэзияда өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу — ірі жанды адамның ғана қолынан келмек екенін сезіне отырып, өз өлендерінде үш ақынның рухани ірі тұлға екенін ажыраттық. Олардың ақындық болмысын ашуда ұлттық ой-сезім, ұлттық таным тұрғысынан көңіл аудара келіп, акындық дара тұлғаларының қилы қырларына зер салынды. Жекелеген творчестволық тұлғаның шығармашылық қырлары арқылы үш ақынның да ақындық тұрғысын, ұлттық лирикадағы орны мен ерекшелігін айқындай түстік. Табиғат, махаббат, көңіл-күй, саяси-әлеуметтік лирикалардағы түпсіз толғаныс, терең күйзеліс сезімін ақтара отырып, ақындық тұлғаның басты-басты құбылыстық қырлары жіті талданды.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
ХХ ғасырдың басындағы ақыңдар шоғырының арасынан біз бөліп қарағалы отырған ірі тұлғалар — Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт. Бұл үш ақынның да ұлттық поэзиядағы алатын орны ерекше екені белгілі.
Мағжанның романтикалық сарынындағы түркілік, тәңірлік, бақсылық дүниетанымымен оқшауланатын тұлғасы, Шәкәрімнің философиялық лирикасындағы имандылық, парасаттылық, дүниені танушылықпен ерекшеленетін тұлғасы, Сұлтанмахмұттың әлеуметшіл поэзиясындағы оқу-білім, надандық, кедейлікпен мұңдасқан тұлғасы биіктен көрінеді. Үшеуінің өмір сүрген уақыты бір болса да, лирика табиғатында бір тақырыптың өзіне түрліше ой салуы, бір-біріне ұқсамас жырлау тәсілі арқылы да олардың дара тұлғалары танылады.
Ақын — қоғамдық тұлға. Ақынның әдебиеттен алатын орны ақынның өмір сүрген қоғамдық ортасымен, заманымен тығыз байланысты. Ақын шығармаларының құны өзі өмір сүрген замандағы қоғам мен өмір шындығын қаншалықты көрсете білді, қоғамға қаншалықты әсер ете алды, сонымен өлшенсе керек. Адам жанының тереңіне бойлай білуді қажет ететін лирика жанрының басты ерекшелігі — ой мен сезімнің тең қабысып отыруы. Ал, нағыз лирик осы қос қасиетпен оқырман жүрегін сәулелендіріп отыруы тиіс. Бұл әрине, қалам ұстаған кез-келген қаламгердің қолынан келе бермейтін, тек сирек талант иесіне ғана бұйырар шығармашылық бақыт.
Ақынның ішкі толғанысы, заманға, қоғамға, өмірлік құбылысқа деген көзқарасы, наным-сенімі, танымы оның өлеңдерінен көрініс табатыны белгілі. Ақын сыртқы дүние шындығын өз сезімінің мазмұны арқылы танытады. Поэзиядағы ақын тұлғасы — өзі өмір сүрген уақыттың жиынтық һәм көркем бейнесі десек, бұл туралы А. Байтұрсынов былай деп көрсетеді: «Ақындар ғалымдар сияқты болған оқиғаны, яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, ақиқаттауға тырыспайды, тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған оқиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты, жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша сезіп, өз ұйғаруынша суреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды, сөйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады. Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады» [1]. Ал ақындық табиғаты тереңде.
Ахаң ақындығына сүйенсек: «тысқарғы ғалам мен ішкергі ғаламның екі арасы санада келіп түйіскен жерде жыртылып айырылғысыз болып бірігеді» [1]. Яғни, өмірдегі ақын мен ақындық таным құйылысып, көркем шығарма дүниеге келеді. Міне, осы көркем дүниенің астарында автор мен лирикалық кейіпкер де Ахаң айтқандай «жыртылып айырылғысыз» болып кетеді. Сондықтан да ақындық тұлға мен лирикалық кейіпкер арасындағы ара-жік «айырылғысыз болып», екеуі бірін-бірі толықтырып, тұтаса кірігіп тұрады. Демек, ақын көркем шығармада поэтикалық тұтас тұлға ретінде танылады. Яғни Ахаң айтқан «ақындық» өнер болмысы негізінде сөзсіз «ақындық тұлға» табиғаты оқшауланып алға шығады, таным таразысына түседі.
Ақиқатына келсек, ақындық тұлғаны көркем дүниенің ішкі табиғатынан іздеп, тануға тиіспіз. Сондықтан да ол лирикалық қаһарманмен қатар тұрады, бірге өмір сүреді.
Кез келген шығарманың тысында, кез келген лирикалық «меннің» бойында, ақындық тұлға тұрпатын айқын сезінетініміз анық. Тіпті кейбір көркем дүниеде ақын өзі қатыспай, лирикалық қаһарманның атынан сөйлеп тұрса да автордың жасырын тұлғасы тұрғаны белгілі.
Ұлы Мағжанның «Мен кім?» өлеңіңде:
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте — бұлт, жерде желмін гулеген… [2]- дейтін, өз-өзін асыра бағалайтын, риторикалық сауал тастап, оған өз тұлғасын нақты аша жауап қататын стилдік сипаты сонау жыраулар үлгісінен соқпақ салып жатқаны сөзсіз.
Өз заманында ешкім бой таластыра алмаған Шалкиіз, Жиембет жырларынан да XIX ғасырдағы Дулат пен Абайдың алып тұлғасын анықтар, XX ғасырдағы Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Сәкен, Ілияс, Ғұмардың ірі тұлғасын түстетер ақыңдық қуат-құдіреттің бастау-бұлағын байқау қиын емес.Олардағы сөз мәйегі ғана емес, арналы ой жүйесін Абайдан соңғы Шәкәрім мен Ахмет, Мағжан мен Ілияс, Ғұмар мен Сұлтанмахмұт секілді ақындар да үлгі тұтты.
Шалкиіз жырау маңындағы билер мен бектерге ақыл-кеңес түрінде айтатын айбынды жырларында кенен ақылдың, дара даналықтың иесі болғаны сезіліп тұрады. Белгілі Би Темірге кеңес салған жауынгер жырау өзінің де тәкаппар тұлғасын, би алдындағы орнын танытып отыруды ұмытпайды.
Тіленші ұлы Шалкиіз
Иесі Би Темірдің тұсында
Бұлтқа жете жазды бү мүйіз…[3]
Жыраулық поэзияда ақын тұлғасының асқақ түрде көтерілуі занды да. Өйткені олардың арқа сүйер халқының алдында ақиқаттың өтін жара айтатын, ал халқының алдында жүгінбес ерікті басы, дала демократиясына тән «тіл кеспек жоқ» еркін ойлы хұқы бар еді… Сондықтан да жұртына өткір көзқарасын Шәкәрім, Ахмет, Мағжан ақындардай астарлап,тұңғиық ойтүйінін тұспалдап жеткізбейді. Төтесінен тіліп айтады. Кезі келген жерде хақ-тағала мен ханнан да тартынбас көшпендінің қатал тілі, қайсар мінезі, өр келбеті кескінделеді. Бұл жерде Шәкәрім, Мағжандарды тура айтпады деп кінә қою емес, олардың өз мұңы мен ел мұңын аса астарлы түрде тереңдете айтып отырғанын есте ұстауымыз керек. Мағжан, Сұлтанмахмұттар ақындық тұлғасын астарлай отырып, ақындық кредосын лирикалық кейіпкер атынан жеткізіп отырады.
Ғасыр басындағы ел мұңын көкірек көзінен өткізген Сұлтанмахмұт пен Мағжан жырларының алмастай жарқылдаған тұстары да дәл осы жыраулар поэзиясындағы мұқалмас рухпен ұштасып жатқанында екенін еріксіз сезінуге болады. Жиембеттің Есім ханға арнаған арнау өлеңінде жырау өз жайынан және азулы заманның алас-күлес жағдайларынан хабардар етіп қана қоймай, әлеуетті ханға қарата батыл тіл безеуінде биік беделінің, еткен еңбегінің зорлығының арқасыңда өзінің айылын жимас ақын екенін дәлелдейді. Тіпті, сес көрсетеді.
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін… [3]
Ескіден келе жатқан ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры үлгісін шебер пайдалана отырып, өзінің бұла тірлік кешкен, ерлік қайратымен аты әйгіленген бейнесін белгілі теңеулермен сомдайды.
Менің ерлігімді сұрасаң
Жолбарыс пен аюдай
Өрлігімді сұрасаң
Жылқыдағы асау тайыңдай…
Әрине, «Бас кессе де басылмай, Ақ ісімді жасырмай, Атқа мінген ер едік» деген қаһарлы ақынның сұсты образынан ақындық «меннің» андағайлай танылатыны сөзсіз.
Ал XX ғасыр басындағы Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт поэзиясына келсек те, ақындық тұлға интимдік сипат алып, іштей күрделене түсті. Лирикалық қаһарманның рухани болмысы даралана келіп, ақынның жеке басына қатысты жайттар көмескі тартып, ішкі жан дүниесінің қатарлары қуатты арна тапты. Ақтамбердіден бастаған интимдік лирика астары Бұқар мен Шалда ғана емес, Дулат пен Абайда жалғаса келіп, Шәкәрім мен Мағжан лирикасында тұңғиық тартып, сол соңғы жыраулар жырымен сарындас қана емес, желілес жыр жолдарын дүниеге әкелді. Мағжандағы ішкі мұң Ақтамбердінің «Жалғыздық сені қайтейін!» дейтін наласымен сабақтасып жатыр.
Батырлығымен танылған атақты жырау Ақтамбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын ұзақ толғауы — қазақ халқының далалық өмірі, ұлттық мінезі, болмыс-бітімін таныта, суреткерлік шеберлігін шыңдай өзіне дейінгі жыраулардың, әсіресе XV-XVII ғасырлардағы толғаулардан мағынасы терең лирика тудырғанына дәлел бола алады.
Өзім бір бөлек жайласам,
Жігіттен нөкер сайласам,
Ойпаң жерге он отау,
Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,
Қонағымды жайғасам![3]
Барлық ақындық арман-мақсатын ғана емес, бүкіл бір халықтың мінез-құлқы мен бетбейнесін өзі тудырған лирикалық образдың бойына жинақтау арқылы Ақтамберді жырау тұлғасын жаңаша қырынан кескіндеді. Мұндай лирикалық бейне жасауға бет алу жаңа ақындық тұлғаның аренаға шыға бастауы десек артық емес. Әлбетте бұған Бұқар, Ақтамберді секілді сыры терең, танымы тұңғиық жыраулар мақсатты түрде емес, тек интуициямен жеткенін мойындаймыз. Бір ғажабы, мақсатты жыраулық толғамнан гөрі ақындық интуициямен келген сырлы да жұмбақ сезім кейінгі Мағжан, Сұлтанмахмұт секілді сезімтал акындарға әсері мол болды.
Мағжан мен Сұлтанмахмұт сияқты Шәкәрім де қазақ тұрмысына, ел ішіндегі еңселі өзгерістерге ерекше мән беріп, сөз өнерінде өзгеше өрнек түзген. Ұлы Абайды өкшелеген Шәкәрім шығармашылығы ұлттық лирикада тың таным, соны леп әкелгені рас. «Қазақ айнасы» өлеңінде ақын образы өз-өзімен сырласып, өз жүрегінің шындығын ешкімге айта алмай арпалысқан лирикалық бейне ретінде көрінсе де, ақиқатында ол сезім жұртына деген жан сөзі екені өлеңнің ішкі табиғатынан анық аңғарылады. …Артың анау, алдың су, көз жетпейді, Өтетұғын қамыңды ойланып бақ.
«… алдың су, көз жетпейді» [4] дегенде өзіне емес, жалпы жұртқа қаратып толғанған ақынның ішкі сезімі заман қайғысына ұласады. Адамның қоғамдағы бір-біріне қатынасын мінез-құлқын ашып, оның ұнамсыз жақтарын әшкерелеуде Шәкәрім тереңдікті, көргіштікті байқатады. Өз уақытының, өз елінің жоқтаушысы бола алған бұл үш ақын да, сол кездің шындығын өлеңдерінде түрлі тәсілмен, түрлі лирикалық толғаныспен жеткізеді.
«Ақынның көңіл күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, лирикада сол өз кезінің шындығы жатады» [5].
Мағжанның «Жатыр», «Сорлы қазақ», «Өнер-білім кайтсе табылар», «Қазағым», «Жер кетті» тағы басқа өлеңдерінде «өз кезінің шындығы» мен сыры нақты ақынның азаматтық тұлғасын айғақтай түседі.
«Осы күнгі күй» өлеңіңде:
Ойламай отқа түскен неткен жанбыз
Сөз ұқпас мылқау, меңіреу жүрген жалғыз [2], —
деп қазақтан басқа халықтың оқу-білімге ұмтылып, ғылым мен техниканы игеріп, алға озып жатқан шақта өз елінің, «алдындағы малымен, бірге жусап, бірге еріп», өмірде бейқам тіршілік кешіп жатқанына налыйды.
Тақаулы тамағыңа өткір пышақ,
Тек жатыр тұяқ серппей сонда да аңсыз.
Онсыз да отар елдің ертеңгі күнін ойлап, дамыған күшті бір жұрттың жемі болып, жұтылып кету қаупінен қамығып, осының бәрін ақын надандықтың кесірі деп түсінеді. Ал надандықтың соңы қандай да бір құдіретті жұртты жарға итеріп, жапанда жалғыз қалдырып, түбі түп орнымен азып-тозып кетуге соқтырарын саралайды.
Қазағым, арыстаным, қайратты ерім, …Сандалдың алдын — боран, артың — тұман …Білімсіз ит надандық жеңгені ме?
Өткен тарихы тұманды, болашақ заманы боранды қазақ елінің келешегін ойлаған ұлы ақын абыздық болжамымен танылады. Қамсыз қазақтың аңғал, аңсыз күйіне күйінеді. Біздің алдымызда ақын тұлғасы ел мұңын жоқтаған азамат ретінде нағыз қайратты болмысымен шығады. Көптеген өлеңдерінде ақын өз көңіл күйін тікелей білдіріп, ойын тура айтады.
Сұлтанмахмұт та «Оқып жүрген жастарға», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Анау-мынау», «Қандай», «Туған еліме», «Алаш ұраны» [6] т.б. өлеңдерінде туған елжұртының жай-күйін, уақыт шындығын, өз болмыс-бітімімен астастыра жырлайды. «Анаумынау» өлеңінде:
Анау қырда татар тұр, Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Қастарында азап тұр. [6]
Кем-кетігі мол қазақты талабы зор жұртпен салыстыра келіп, сол «ұйқысы көп» өз жұртының ішіндегі оқыған, зиялы аз қауымы туралы да озық ойын жасырмайды. Анау қырда жастар тұр, Алға қарай бастап тұр.
Оян дағы тез тұр деп,
Дамыл таппай қақсап тұр. [6]
Сыршыл ақын өзінің жүрек жарды ойлары мен сезім-сырларын ашуда, оқыған азаматтардың шыбын жандары шарқ ұрып, елді тәуелсіздікке жеткізу жолында «Оян қазақ!»деп жар салғанымен, оларға жауша қараған кейбір надандардың да іс-әрекетін, сезім күйін қатар алып көрсетеді. Өлеңнің соңында ақын өнерден құр алақан қалып бара жатқан елінің жағдайын баяндай отырып, жастарды осымен күресуге, алға қарай баруға үндейді. Сондықтан да оқырман алдында ақынның азаматтық өршіл рухы биіктей береді. Елінің ауыр халін, өзі өмір сүрген кездің жай-жапсарын анық аңғартқан ақынның ойлы бейнесі шыңдала түседі.
Мағжан, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт өлеңдеріндегі кез-келген лирикалық бейненің астарында ақынның қиямет-қайым өмірді түйсінуі, эстетикалық сезім дүниесі бейнеленеді.

ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келе Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт лирикаларына, образ жасау ерекшелігіне жеке-жеке тоқталу барысында, бұл үш ақынның өзгеге ұқсамайтын дара тұлғасы мен әрқайсысының өзіне ғана тән авторлық тұрғысын, сонымен қатар кескін-келбетін, мінез бітімін, қолтаңбасын айқындайтын стильдік ерекшелігіне көз жеткіздік.
Ғасыр басында шығармашылық дарашылдығымен, айрықша ақындық тұлғасымен көзге түскен ұлттық поэзиямыздың ірі өкілдері — Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұттың рухани әлеміне тереңдеп зер салу барысында, олардың поэтикалық әлеміндегі ақындық даралығы мен ақындық шеберлігінің, жалпы ақындық болмысының бірегей жақтарына тоқталуға тырыстық. Негізгі көңілге түйген ой, назар тіккен нысана — осы үш ақынның ұлттық лирикада соны сүрлеу сала отырып жасаған интеллектуалдық таным биігін, эстетикалық ләззаттануы мен дүниетаным көзқарасын көрсету арқылы ақындық кесек тұлғаларын таныту еді.
Қазақтың мақтанышына айналған Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұттың сынды ақындардың ұлтқа қалдырған рухани інжу-маржандарына баға жетпейді. Біздің парызымыз — дара тұлғаларымызды өз биігінен бағалай білу, олардан тағылым алып, өнегесін кейінгі ұрпаққа беріп, рухани сұхбаттастықты жалғастыру.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕК ТЕР ТІЗІМІ 1 Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 224 б.
2 Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 б.
3 Алдаспан: XV-XVIII ғ. казақ ақын-жырауларыныц шығармалар жинағы (құраст.алғы сөзін, түсініктерін жазған М.Мағауин) – А., 1971.
4 Шәкәрім. Қазақ айнасы [Мәтін]: өлеңдер мен поэмалар /Шәкәрім. – Алматы: Атамұра, 2003. – 296 б.
5 Әбдіғазиев Б. Мен-дағы тіршілікке қадам бастым //»Жұлдыз», N 9, 1992.
6 Сарыарқаның жаңбыры [Мәтін] 1-кітап. Өлеңдер / Торайғыров С. – Алматы: Жазушы, 1987. – 160 б.

Б.А. Каримсакова1, А.Т. Жеткизгенова2, Қамарова Н.С. 3
Созвучие и индивидуальность поэтического мастерства творчества Шакарима, Султанмахмута и Магжана
Каспийский государственный университет технологии и инжиниринга имени Ш.Есенова, г. Актау, Казахстан
В начале века творческой индивидуальностью, особенной поэтической личностью были известны представители национальной поэзии Шакарим, Султанмахмут и Магжан, исследуя творческий духовный мир которых, мы стремились подчеркнуть их индивидуальное мастерство и созвучие поэтического мира.
На основе проблемы поэтической личности в лирике ХХ века рассматриваются личность поэта в произведениях Шакарима, Султанмахмута и Магжана. Известно, что выдающиеся личности, рожденные в тот или иной переломный период истории, острее других чувствуют связь с временом. Что может их обьединять, а где находится точка их соприкосновения.
В стихах Шакарима, Султанмахмута, Магжана любой лирический герой передает понимание авторами жизненных проблем и широко представляет их художественные пристрастия и эстетические вкусы.

B.A. Karimsakova1, A.T. Zhetkizgenova2, N.S. Kamarova3
Consonance and individuality of poetic mastery of Shakarim, Sultanmakhmut and Magzhan’s works
Sh.Yessenov Caspian state university of technologies and engineering
Aktau city, Kazakhstan

At the beginning of the century, representatives of the national poetry Shakarim, Sultanmakhmut and Magzhan were known for their creative individuality, a special poetic personality, exploring the creative spiritual world of which, we sought to emphasize their individual skill and harmony of the poetic world.
On the basis of the problem of poetic personality in the lyrics of the twentieth century, the personality of the poet in the works of Shakarim, Sultanmakhmut and Magzhan is considered. It is known that outstanding personalities born in one or another critical period of history, more acutely feel the connection with the time. What can unite them, and where is the point of contact.
In the poems of Shakarim, Sultanmakhmut, Magzhan, any lyrical hero conveys the authors understanding of life’s problems and broadly represents their artistic preferences and aesthetic tastes.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *