ҒЫЛЫМИ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ КӘСІБИЛЕНУІ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ЖУРНАЛИСТІҢ ҚҰЗЫРЕТІ
Автор ғылыми журналистің ұстанымына айналған релеванттық ғылыми білімді қарапайым аудитория үшін таңдап, ыңғайлайтын қабілетін зерттеуді мақсат еткен. Ғылыми журналистің қызметінде арнайы академиялық білімдердің жиынтығын сараптап, күрделі ғылыми тұжырымдар мен заңдылықтарды қарапайым аудитория түсінетіндей формаға келтіру міндеті талданған. Мақалада қазіргі технологиялық үрдістердің ғылыми журналистиканың кәсібиленуінің болашақ перспективасы мен мүмкіндіктерін айтарлықтай қиындатуы болжанған.
Ғылыми журналистиканың теориясына іргетас болатын, барша ғылыми қауымдастық мойындаған дефинициялар мен тұжырымдарды дұрыс жіктеп, бірізділікке түсірудің маңызы көрсетілген. Ғылыми журналистика бүгінгі іргелі ғылымдағы жаңалықтардың, олардың қоғамның, адамның дамуына тигізетін пайдасын талдауға көмектеседі. Ғылым саласында болып жатқан процестерді талдап, түйінді мәселерді шешу жолдарын тұжырымдау үшін ғылыми журналистикада қабылданған анықтамалар мен жалпы түсініктердің жиынтығы қажет.
Мақалада ғылыми журналистің құзыреттерін анықтағанда олардың қоғамға тигізер пайдасын, тиімділігін бүгінгі бұқаралық медиалар мен ақпараттық нарықтағы сұраныстармен байланыстыра отырып қараудың маңызы айтылған.
Түйін сөздер: ғылыми журналистика, релеванттық, кәсібилену, ағартушылық функция, құзыреттілік, құзырет, фундаментализм, реализм, коммуникативтік әрекет.
КІРІСПЕ
Ғылыми журналист үшін мәртебесінің мойындалуы мен еңбегінің бағалануы оның алғашқы білімі мен қандай академиялық саланы таңдап алғанына байланысты болып тұрады. Бір жағынан, медиа құрылым өзінің ғылыми бөліміне жұмысқа математика, химия, физика, биология сияқты жаратылыстану ғылымдары бойынша ғылыми дәрежесі бар адамдарды алуға ынталы. Екінші жағынан, ғалымдардың өздері алғашқы білімді әлеуметтікгуманитарлық бағыттағы емес жаратылыстану ғылымдары бойынша алған журналистермен қарым-қатынас орнатуға жақсы ықылас білдіреді. Осындай қатынастардың жемісті болатынын батыстық үлгідегі медиалардың тәжірибесі де дәлелдеп келеді. Психологиялық жағынан алғанда ғылыми журналистің кәсіби рөлі оның символдық болса да тиісті білімі мен тәжірибесімен толыққан капиталымен байланыста болып қалмақшы.
Ғылыми журналистиканың басқа бағыттармен салыстырғандағы тағы бір айырмашылығы – оның Жапония мен Оңтүстік Кореяда, Америкада немесе ЕуроОдақ елдерінде болсын, Ресей мен Қазақстанда болсын маман тапшылығы моделімен айшықталуы. Ғылыми журналистикадағы осы тапшылық моделі ғалымдардың эпистемиологиялық гегемониясын қай кезде де сақтап қалуына көмектеседі [1].
Символикалық болса да ғылыми дәрежеге ие маманның дивиденттері басқалармен салыстырғанда жоғары болып келеді. Өйткені, дәрежесі бар адамның эксперттік мәртебесі оған жұмысқа орналасуға қатысты көптеген түйткілдерді еркін шешуіне жол ашады. Осы уақытқа дейін әлемдегі беделді ақпарат құралдарының ғылым мен технология бөлімдері рейтингтік университеттердің магистранттары мен докторларынан құралған.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Ғылыми журналистикада тек кәсіби журналистикалық білімі бар адамды кездестіру мүмкін емес. Олардың орындарын жоғарыдағы ғылыми дәрежесі бар тұлғалар алып қойған. Бұл үрдіс дәуірдің талабына сай жаңа ғылыми-көпшілік медиалар құрыла бастағанда бәсеңдеді. Гуманитарлық сала ғалымдары мен кәсіби журналистер ғылыми журналистиканың жаңаша моделін жасай бастады.
Болашақта ғылыми журналистің ұстанымы – релеванттық ғылыми білімді қарапайым аудитория үшін таңдап, ыңғайлайтын қабілетін қажет етпекші. Ғылыми журналист арнайы академиялық білімдердің жиынтығын сараптап, күрделі ғылыми тұжырымдар мен заңдылықтарды бұқара халық түсінетіндей формаға келтіруі тиіс. Туындаған осындай үрдістер ғылыми журналистиканың кәсібиленуінің болашақ перспективасы мен мүмкіндіктерін айтарлықтай қиындатуы мүмкін.
Біріншіден, ғылыми журналистер ғылыми түсініктерді талдау мен сапасын бағалау сияқты бұрын тек сарапшылар мен ғалымдарға ғана берілген құзыреттерге ортақтасатын болады. Ғылыми журналистердің ғылымды тану деңгейін ғалымдармен салыстыруға келмейді. Олар ғылыми проблемаларды тұжырымдауға келгенде жиі қателеседі, тәжірибелі ғылыми журналистердің өздері мамандығының басты қырларын нақтылай алмай жатады. Қайсыбірі өзін академиялық ортаға жақын сезініп, алдымен өзін ғылыми қызметкермін, сосын ғана журналиспін деген басымдықтарда қателесіп жатады.
Екіншіден, ғылыми журналистер ғылымның қоғамдағы, көпшілік ортадағы бейнесін жасауда айтарлықтай ықпалға ие. Олар кейбір зерттеулерді бағалау, сараптау арқылы қоғамда түрлі пікірлер тудыра алады. Ғылыми білімді медиалау (көпшілікке тарату, насихаттау) ғылыми зерттеулерді жағымды жағынан көрсетіп қана қоймай, сол зерттеулерді қаржыландыруға да, оны тоқтату туралы шешімнің шығуына да қоғамдық пікір жасау арқылы әсер ете алады [2].
АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы қырғи-қабақ соғыс кезінде физик-ғалымдар атомдық зерттеу жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін жеке, ұжымдық хаттар ұйымдастырып өз үкіметтеріне қысым көрсеткенін білеміз. Ғалымдар өз жұмыстарын жалғастыруға қаржы бөлудің қажеттігін ғылыми мұқтаждықтан емес, саяси аргументтерге сүйеніп дәлелдеуге тырысқан.
Жаңа тарихта да осындай мысалды нанотехнологияларды дамытуға арналған ғылыми зерттеулерден келтіруге болады. Бізбен салыстырғанда материал зерттеу физикасындағы жетістіктерге сүйенген ресейлік ғалымдар Үкіметтеріндегі ықпалды министрлер арқылы мемлекеттік корпорация құрғызып, оған бірнеше миллиард АҚШ долларын бөлгізеді. Оның арты үлкен қаржылық заңдардың бұзылуына ұласып, нанотехнологиялық зерттеулердің нәтижесі мардымсыз болған. Ресейдің үлгісімен біздің елімізде де нанотехнологиялық зерттеулерге бірнеше миллиард теңге бөлініп, қазір сол қаржының тиімді жұмсалуы, зерттеу нәтижелері туралы жауап беретін адам табылмай отыр. Осындай жұмбақ зерттеулерге қаржы бөлу кезеңінде ғалымдар ғылыми журналистердің көмегіне жүгінері шындық [3].
Үшіншіден, ғылыми журналистер ғылыми дискурстардың семантикасын өзгерте алады. Бұл жерде ғылыми журналистердің өздері ғылыми тұжырымдардың интерпретаторы рөлі олар үшін қиын екенін мойындайды. Бұның өзі олардың ғылыми процестерді халыққа қарапайым түсінікті тілмен жеткізуде жиі қателесетіндерін дәлелдейді. Сөйтіп, ғалымдардан алынған ақпарат бұрмаланып, ғылыми құндылығы жойылады, аудитория үшін сенімсіз, қызықты болмай жатады. Математика мен механика сипатындағы ғылымдарды көпшілікке жақындатуда тұтастай басылымдар алынбайтын қамалға кезіккендей болады.
Ғылыми журналистиканың танымалдығын, жалпыға бірдей түсінікті болуын қамтамасыз етуде ғылым мен технологияның жетістіктерін насихаттауды біліктілігі жоғары кәсіби мамандар мен журналистерге жүктеу өзін әркезде де ақтайтыны тарихтан белгілі. Ғылымның көпшілікке таралуын, қызығушылығын арттыруда негізгі салмақ ғалымдармен бірге ғылыми журналистерге де түседі, оларға артылатын жауапкершіліктің салмағы да ауыр. Соңғы 15 жылда әлемдік ғылыми журналистикада ғаламдағы ғылыми-технологиялық прогрестің үдемелі дамуындағы ғылыми журналистиканың рөлі туралы көптеген тұжырымдар түзген зерттеу еңбектері жарияланып келеді.
Аталған зерттеулердегі басты мәселенің бірі – фундаменталды ғылыми сала бойынша білімі жоқ журналист ғылымды насихаттап, оны көпшілікке тартымды формада таратуға деген қабілеттілігін талдау болды. Осылайша ғылыми журналистиканың бұл мәселе бойынша әлі де мойындалған тұжырымның жоқтығы байқалды. Ғылыми теорияларда «құзырет» (компетенция) пен «құзыреттілік» (компетентность) ұғымдары синоним түрінде қабылданып келді. Ғылыми айналымдағы глоссарийлерге сәйкес құзырет – қайсыбір саладағы жинақталған білім мен тәжірибе немесе адамның жақсы білетін мәселесі бойынша жинаған білімі мен тәжірибесі. Құзыреттілік – хабардар болу, хабардарлықты айтамыз. Мысалы, саясат не экономика мәселелерінен хабардар болу.
Қазіргі глоссарийлердегі осы екі ұғымның сипаттарын біріктіре келіп мынандай ортақ анықтама жасауға болады. Құзырет – адамның тұрмыстық, әлеуметтік және кәсіби қызметінде алған білімі мен жинаған тәжірибесін іс жүзінде қолдану қабілетін айтамыз. Құзыреттілік – адамның бойындағы интеллектуалдық әлеуеті мен құндылықтар жүйесі, бірнеше сала бойынша терең білімі мен ойлау сапасындағы ерекшеліктері [4].
XX ғасырдың ортасына қарай ғылымды көпшілікке таратудың ғаламдық тәжірибесінде бір-біріне ұқсамайтын 2 негізгі ұстаным қалыптасты. Оның біріншісі Францияда туындап, фундаментализм деп аталды. Бұны жақтаушылардың пікірінше, ғылыми ақпаратты барынша толық және ашық түрде жариялау қажет. Ғылымның көпшілікке таралуындағы басты түйткіл – жұртты таңғалдыруға тырысып сенсация іздеуден, аудиторияны арзан дүрлікпе оқиғалармен қызықтыру деп ойлайды. Осының салдарынан ақпараттың құны төмендейді, ғылымның беделі азайып, тұрпайылану процесі басталады деген көзқарасты фундаментализмді жақтаушы топ толық қолдайды. Фундаментализм идеясы бойынша ғылыми идеяны жан-жақты, тыңғылықты формада тарату керек. Аудиторияны қызықтыруды, салмақты ғылыми тақырыпты ойын-қалжыңға айналдыруға жол беруге болмайды.
Екінші ұстаным актуализм деп аталды, ол Америкада қалыптасты. Фундаментализмге қарама-қарсы қағида ұстанған актуализм ғылыми материалдың түсінікті, қарапайым болғанын жақтайды. Бұл ұстанымды америкалық физик Фрэнк Оппенгейм қорытқан. Бұл парадигманы қолдаушылар ғылыми материалдарды бейнеклиптермен, суреттермен, инфографикамен толықтырып тұтынушыға ыңғайлы, жеңіл формада беруге ұмтылады. Оларда сенсациялық тақырыптар, қызықты мәтіндер жиі қолданылады. Осындай әдістер қазіргі коммуникациялық құралдардағы инфотейнмент құбылысын еске салады.
Инфотейнмент – жаңалықтар мен бейресми түрдегі, жеңіл формадағы жаңалықтарды эфирлік сеткаға қатар қою әдісі. Аудитория санын көбейту мақсатында, рейтингі жоғары хабарларды төмен рейтингті хабарлармен қатар қойып, көрерменді телеарнада ұстау әдістерінің бірі [5].
Ғылыми журналистің қандай парадигманы таңдап жұмыс істейтініне байланысты оған компетенцияның (құзыреттің) да әртүрлі жиынтығы қажет болады. Журналистің бойындағы қасиеттер мен оның қызметіндегі ережелерді журналистика тарихында алғаш орыс ғылымының негізін қалаушылардың бірі М.В.Ломоносов 1755 жылы өзінің «Философияның еркіндігін қамтамасыз ететін шығармаларды жазу кезіндегі журналистің міндеті жайындағы пайымдаулар» еңбегінде жазған екен. Атақты ғалым журналист басшылыққа алуы тиіс 7 баптан тұратын ережені қорытады:
1. өзінің интеллектуалдық мүмкіндігін салмақтап алу;
2. қаншалықты қиын болса да объективті шындықты жазуы тиіс;
3. қателіктер жіберіп қоймау үшін журналист мәтінмен мұқият жұмыс істеуі шарт;
4. гипотезаларды сынауға асықпау;
5. басқа авторлардың ойлары мен пікірлерін өзіне меншіктемеу;
6. толық, жан-жақты зерттеуден кейін ғана басқалардың тұжырымдарын теріске шығару;
7. өзінің беделінің, білімінің артықшылығы туралы түсініктер қалыптастырмау.
М.В.Ломоносовтың ережелері нағыз ғылыми зерттеулер туралы жазатын журналистерге арналғаны оның құндылығын өсіреді. Мұқият талдай келе бұл ережелердің әлі күнге дейін өзекті, әмбебап екенін байқаймыз. Ережелер құзыреттілік (компетентность) емес құзыреттік (компетенция) қағидаларын негізге алып жасалған. М.В.Ломоносов тақырыпты білу, меңгеру парадигмасында емес әрекеттілік парадигмасында жазады [6].
Интернет пен бұқаралық коммуникацияның өміріміздің барлық саласына белсенді енуіне байланысты және ақпараттық массивтердің геометриялық прогрессиямен өсуіне орай ғылыми журналистердің кәсіби құзыреті қайта қарауды талап етуде. Көптеген сарапшылардың пікірінше, контентті тұтыну платформаларының санының өсуі, коммуникацияның көп түрлілігі авторлардан қосымша құзыретті қажет етеді. Ақпараттық қоғам идеясын дамыта келе мынаны айтуға болады. Мультимедиалық ортада қызмет ететін журналистің басты құзыреті әртүрлі платформаларда жариялауға жарамды, олардың ерекшеліктерін ескерген контент әзірлеу шеберлігі болуы тиіс.
ҚОРЫТЫНДЫ
Соңғы онжылдықтарда дәстүрлі мен жаңа медиалардың арасындағы, ақпарат пен ойынсауық контентінің, журналистика мен қоғамның, журналистер мен меншік иесінің, дереккөздер мен аудиторияның арасындағы айырмашылықтар шайыла бастады. Бұдан өзге ақпараттандыру, дербестену, интенсивтендіру мен интернационалдандыру жаңа ақпараттық және коммуникативтік құрылымды жасады, аудиторияның бөлшектенуіне әкелді, ғаламдық ақпараттық кеңістіктің ашықтығына алып келді.
Тележурналистиканы оқытушылардың еуропалық қауымдастығының базасында өткізілген сауалнама нәтижесі алдымыздағы 10-15 жылда қандай құзыреттер сұранысқа ие болатынын анықтаған. Басым дауысқа ие болған құзыреттер мыналар: басты ақпаратты анықтау қабілеті; журналистік қызметіндегі жауапкершілікті түйсіну; ұжымда жұмыс істей білу. Аз дауысқа ие болған 3 құзырет: журналистиканың әлеуметтік рөлін, онда болып жатқан өзгерістерді түсіну; ақпаратты тілді, стильді және тиімді формаларды қолданып баяндау; кәсіби медиа ұйымдарда жұмыс істеу [7].
Ғылымды көпшілікке таратудағы ғылыми журналистің құзыреттерін анықтағанда олардың қоғамға тигізер пайдасын, тиімділігін бүгінгі бұқаралық медиалар мен медиа нарықтағы сұраныстармен байланыстыра отырып қарау керектігі басты назарда болуы тиіс. Ғылыми журналистің кәсібилігі оның кейде аударуға келмейтін ғылымның қатал тілі мен көпшілік аудиторияның сұранысы арасында ғылыми зерттеудің құндылығы мен шындығын жоғалтып алмай семантикасына сай материал әзірлей білу өнеріне тәуелді болып тұрады. Әрбір ғылымның өзінің терминологиялық базасы бар, түсініктері мен дефинициясы күрделі болып келеді. Осының бәрін ғылыми журналист өзі түсініп, одан кейін аудитория жақсы қабылдайтындай формада дайындай білуі шарт. Ғылыми журналистің құзыреті, шеберлік деңгейі мен мәртебесі де осы талаптарға сай болуды көздейді.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Тертычный А.А. Аналитическая журналистика: познавательно-психологический подход. – М.: «Гендальф», 1998. – 256 с.
2 Маркусова В.А. Информационные ресурсы для мониторинга российской науки // Вестник Российской академии наук. – 2005. – т. 75, № 7. – с. 607-612.
3 Огурцов А.П. Этос науки и риторика (От нормативного разума к коммуникативной рациональности) // Личность. Культура. Общество. – 2005. – Т. 7, № 3. – С. 107-135.
4 Андрианова Т.В. Культура и технология. Доступно на: URL:
http://istina.inion.ru/HTML/R_ANDR_SB.htm
5 Лапина И.Ю. Научно-популярное телевидение: Драматургия мысли. – М., 2007. 6 Вернадский В.И. Биосфера и ноосфера. – М.: Айрис-пресс, 2009. – 573 с.
7 Christensen Lars Lindberg, The Hands-On Guide for Science Communicators: A Step-byStep Approach to Public Outreach, Springer Science+Business Media, 2007.
Ұ.М.Есенбекова
Профессионализация научной журналистики и компетенция научного журналиста
Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева,
Астана, Казахстан
В оценке деятельности научного журналиста особое внимание уделяется его способности приводить сложные научные результаты и концепции в форму, понятной для массовой аудитории. Статья анализирует компетенцию научного журналиста выбирать и создавать релевантные научные знания для массовой аудитории. Автор предполагает, что современные технологические тенденции значительно осложнят перспективы и возможности профессионализации научной журналистики.
Научная журналистика пропагандирует достижения современной науки, их преимущества для общества и развития человека. Чтобы иметь возможность анализировать процессы в области науки и формулировать решения ключевых вопросов, необходима классификация определений и концепций, которая будет служить основой теории научной журналистики.
Отношения между научным сообществом и средствами массовой информации все еще находятся на стадии становления. В статье рассматривается полнота компетенции научного журналиста, которую важно формулировать во взаимосвязи с требованиями современного медиа рынка и интересами всего общества.
Yessenbekova Ulbossyn M.
Professionalization of scientific journalism and the competence of a scientific journalist
L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Republic of Kazakhstan, Astana In assessing the activities of a scientific journalist, special attention is paid to his ability to bring complex scientific results and concepts into a form that is understandable to a mass audience. The article analyzes the competence of a scientific journalist to select and create relevant scientific knowledge for a mass audience. The author suggests that modern technological trends will significantly complicate the prospects and opportunities for the professionalization of scientific journalism.
Scientific journalism promotes the achievements of modern science, their benefits for society and human development. To be able to analyze the processes in the field of science and formulate solutions to key issues, a classification of definitions and concepts is needed, which will serve as the basis of the theory of scientific journalism.
The relationship between the scientific community and the media is still in its infancy. The article considers the full competence of a scientific journalist, which is important to be formulated in conjunction with the requirements of the modern media market and the interests of the whole society.
ҒТАМР 19.01.11
Ұ.М.Есенбекова
филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Л.Н.Гумилев
атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан, е-mail: ultmudde@mail.ru
ҒЫЛЫМИ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ НЕГІЗДЕРІ:
ЖАЛПЫ ТҮСІНІКТЕР МЕН АНЫҚТАМАЛАР
Ғылыми журналистика бүгінгі іргелі ғылымдағы жаңалықтардың, олардың қоғамның, адамның дамуына тигізетін пайдасын талдауға көмектеседі. Ғылым саласында болып жатқан процестерді талдап, түйінді мәселерді шешу жолдарын тұжырымдау үшін ғылыми журналистикада қабылданған анықтамалар мен жалпы түсініктерді білу керек.
Автор мақалада жалпы түсініктер мен анықтамаларды, ақпараттық технологиялардың ғылыми журналистиканың теориясы мен тәжірибелік негіздерінің дамуына әсер ету мүмкіндіктерін де зерттеген. Ғылыми журналистиканың теориясына іргетас болатын, барша ғылыми қауымдастық мойындаған дефинициялар мен тұжырымдарды дұрыс жіктеп, қабылдау болашақ ғалымдар үшін маңызды болып саналады.
Ғылыми орта мен бұқаралық коммуникацияның арасындағы байланыс әлі де қалыптасу үстінде. Коммуникативтік технологиялардың қарқынды дамуына байланысты ғылыми журналистиканы зерттеу тақырыптары да өзгеруде. Интернеттің таралуымен қатар ғылыми жаңалықтар агенттіктері, ғылыми ресурстар, онлайн басылымдар сияқты ғылыми журналистиканың жаңа формалары пайда болуда.
Мақалада ғылыми журналистиканың математика, механика, физика, химия, биология, тарих пен археология сияқты фундаменталды ғылымнан басқа экологиялық, медициналық, ғарыштық сияқты жаңа бағыттарының шығу себептері көрсетілген.
Түйін сөздер: ғылыми журналистика, ағартушылық функция, прагматикалық аспект, фрилансер, коммуникативтік әрекет, ғылымның насихаты, эмпирикалық бағалау, мәдени сұраныстар.
КІРІСПЕ
Жаңа дәуірдегі ғылым мен коммуникация жүйесінің бір-біріне ықпалын зерттеу, қоғам мен ғылымның арасындағы байланыс, мемлекеттің ғылым мен білім саясатымен, олардың табиғаты мен ерекшеліктерімен танысу ғылыми журналистиканың теориялық және практикалық негіздерін түсіну үшін қажет. Ғылыми журналистика – қазіргі заманда болып жатқан іргелі ғылымдағы айтулы процестердің себебі мен олардың қоғамның, адамның дамуына тигізетін пайдасын талдауға да көмектеседі. Ғылыми журналистика мен коммуникация мәселелерін дұрыс анықтап, болжау үшін, соның көмегімін түйінді мәселерді шешу жолдарын тұжырымдау үшін де ғылыми журналистикада қабылданған анықтамалар мен жалпы түсініктерді білу керек. Әлемдегі озық ақпараттық технологиялардың ғылыми журналистиканың теориясы мен тәжірибелік негіздеріне де әсері өсуде. Ғылыми журналистиканың теориясына іргетас болатын, барша ғылыми қауымдастық мойындаған дефинициялар мен тұжырымдарды дұрыс жіктеп, қабылдау да болашақ ғалымдар үшін маңызды болып саналады [1].
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Ғылыми журналистика – ғылыми тақырыптағы ақпараттар жасайтын журналистиканың саласы, қазіргі заманғы ғылым мен білімнің маңызын насихаттауды мақсат еткен, ағартушылық функциясы айқын ғылыми бағыт. Ғылыми журналистика ғылыми зерттеулердің мағынасын өзгертпей аудиторияға түсінікті тілге аударатын коммуникатор.
Ғылыми журналистің басты міндеті – ғалымдардан алған толық, арнайы терминдермен жазылған күрделі ақпаратты бұқаралық коммуникация құралының орташа тұтынушысы түсінетіндей формада өңдеп, таратуға дайындау [2].
Ғылыми орта мен бұқаралық коммуникацияның арасындағы байланыс әлі де қалыптасу үстінде. Коммуникативтік технологиялар саласының сапалы дамуына байланысты ғылыми журналистиканың даму бағыттары да трансформациялануда. Интернеттің дамуымен қатар ғылыми жаңалықтар агенттіктері, ғылыми блогтар, онлайн ғылыми басылымдар сияқты ғылыми журналистиканың жаңа буыны пайда болуда. Ғылыми журналистиканың математика, механика, физика, химия, биология, тарих пен археология сияқты фундаменталды ғылымнан басқа экологиялық, медициналық, ғарыштық сияқты жаңа бағыттары да тіркелген.
Ақпараттық дәуірдің беделді бұқаралық коммуникация құралдарында арнайы ғылыми бөлімдер тіркелген. Бұл бөлімдегі журналистер кәсіби, интеллектуалдық, танымдық деңгейлеріне байланысты ғылыми-көпшілік материалдар дайындайды. Ақпарат құралдарындағы арнайы рубрикаларда ғылымдағы жаңалықтар мен жаңа зерттеулер туралы түсінікті, ғылыми-көпшілік сипаттағы өнімдер әзірлеп, таратады. Журналистикада ғылыми мазмұндағы басылымдар тарихы ежелден қалыптасып келеді. Ғылыми-көпшілік, ғылымиақпараттық ресурстарда орнықты дәстүрлері бар [3].
Әлемдегі үздік ғылыми журналдарының қатарында National Geographic, Popular Science, Popular Mechanics, Discover, Scientific American бар. Бұл журналдарды әлемдегі жүздеген миллион оқырмандар оқиды. Қазақстанда да шығатын ғылыми-көпшілік басылымның ең алғашқыларының бірі – ай сайын шығатын «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналы болды. Кейін республикада түрлі ғылым салалары бойынша жарық көретін салалық, ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық, ғылыми-педагогикалық журналдар саны көбейді. Мысалы, «Ізденіс – Поиск», «Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының хабаршысы», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ақиқат», «Қазақстан мектебі» және басқалар. Қалың бұқара үшін ғылым әлемі, ғылыми зерттеулердің жаңаша ағымы – қызығы мен танымы мол ақпарат болып қала береді. Адамдардың дүниетанымы өскен сайын, білім деңгейі жоғарылаған сайын ғылыми жаңалықтарға деген сұраныстың артатынын көріп отырмыз.
Журналдар мен Интернет ресурстардан басқа ғылыми телеарналар әлемдегі аудитория ауқымы бойынша шорт-листің (үздіктер тізімі) басында тұрады. Олардың қатарында: Discovery каналы, америкалық National Geographic chanel, немістің Da vinci learning, Viasat Explorer, Animal Planet, ресейлік «Моя планета» мен «Наука 2.0» телеарналары бар. Аталған үздіктер қатарындағы телеарналардың басты мақсаты – әлемдік ғылымның қазіргі жағдайы, ғылым мен білімді көпшілікке жақындату, оларды насихатталуы мен медиалануы, жалған ғылымдарды әшкерелеу [4].
Еуропа мен Америкада ғылыми журналистика өте жоғары деңгейде дамыған. Бұның бір себебі – батыстық менталитет пен ғалым мен журналистің қарым-қатынасынан. Батыстық қоғамның ғылымға деген көзқарасы да ерекше. Оларда ғылыми журналистің мәртебесі жоғары, сыйлы. Ғылым туралы жазатын адам журналистиканың элиталық тобына енгізіледі, оның еңбегі жоғары бағаланады, барынша құрмет пен беделге ие болады. Посткеңестік елдердегі қоғамдармен салыстырғанда батыстағы ғылыми журналистер штаттан тыс жұмыс істейді, яғни, олардың қатарында «фрилансер» журналистер басым. Фрилансер ұғымын алғаш рет жазушы Вальтер Скот «Айвенго» романында орта ғасырлық жалдамалы жауынгерді суреттеу үшін қолданғаны белгілі. Ал, бүгінгі фрилансер – келісім бойынша жұмыс істейтін штаттан тыс қызметкер [5].
Жаңа заманда коммуникациялық технологиялармен жабдықталған редакциялар өз журналистерінің ғылым тақырыбында жазған еңбектері сол журналистің кәсіби деңгейіне тұтастай тәуелді екенін жақсы түсінеді. Ақпарат құралдары өздерінің ғылыми журналистерінің жаңа білім алуларын қадағалап, қолдап, қаржы бөліп отырады. Ғылыми журналистерге арналған гранттар кәсіби біліктілікті өсіру үшін тағайындалады.
Барлық ғылыми журналистердің проблемасы – олардың жауапкершілігі мен кәсіби этикасы. Бұл мәселе жылдан-жылға өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі ғылым мен технологиядағы жаңалықтардың жақсы жақтары мен прогрессивті сипаттарымен бірге қауіптері де бар екені белгілі. Сондықтан да, ғылыми жетістіктерді қоғамның қабылдауы мен оны ғылыми-көпшілік журналистика қалай көрсететіні өз маңызын жоғалтпай келеді.
Егер ғылыми журналистиканың деңгейін салыстырар болсақ онда әлемде АҚШ бірінші орында, одан кейін Еуропа елдері екенін мойындауымыз қажет. Жалпы әлемдік бұқаралық коммуникациялар жүйесінде ғылыми журналистика абыройлы орында орналасқан. Өйткені, әлемдік ғылымда көшбасшы елдердегі саяси билік ғылыми бағыттағы зерттеулердің кең насихатталуын, оларға бөлінетін қаржының қайтарымын қалайды.
Қазақстан ғана емес дүниежүзінің көптеген елдерінде ғылымға қабілеті бар, ақылды, дарынды жастардың Америка мен Батыс Еуропа елдеріне барып ғылыммен айналысқысы келетіні көп айтылады. Басты себеп – оларда ғылым мен қоғам, билік арасындағы терең ықпалдасу мемлекеттік саясаттың ауқымды бөлігін құрайды. Қазақ еліндегі экономика мен қоғамның сан-салаларын цифрлық технологиялармен жабдықтау үрдісі, киберқауіпсіздік мәселесінің туындауы, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар мен «Интернет заттары» платформасын жабдықтауға деген, криптовалютаның енгізілуіне деген мемлекет назарының өсуі – қазақ ғылымының, ғылыми журналистикасының да деңгейін өсуіне бастайтын фактор екенін түсіну қажет [6].
Журналистиканың теориясында ғылыми журналистика мен ғылыми-көпшілік журналистика түсініктері синонимді, бірін-бірі алмастыратын ұғымдар, ғылыми өмірдің көрінісінен хабардар ететін ақпараттық кеңістіктің сегменті түрінде қабылданып жатады. Бірақ бұлайша тұжырымдау ғылыми журналистика мен ғылыми-көпшілік журналистиканың ауқымын тарылтқан болар еді. Өйткені, олардың қоғамдағы атқаратын функциялары толық сәйкес емес, мақсаттары мен әдістері бойынша, ақпараттық материалдарының сипаты бойынша бір-біріне ұқсамайды. Олардың арасында жалпы тақырыптық байланыс пен тәуелділік бар болғанымен екі бағытты толық сәйкес деп айтуға болмайды. Ғылыми басылымдар мен ғылыми мерзімді басылымдар – әралуан ғылыми проблемаларды тереңінен жан-жақты зерттеуге арналған ғылыми жұмыстардың құралдары мен нәтижесін көрсететін орын. Ақпарат құралдарындағы немесе ғылыми журналдардағы жарияланымдар мен мақалалар бұқаралық оқырмандардың барлығына арналмаған. Бұның өзі ғылыми коммуникацияның «жабықтығын» да көрсетеді. Осындай жабықтықтың арқасында ғылыми жаңалықтар алдымен ғылыми қауымдастықтың ортасында талқыланып, апробациядан өткізіліп барып қана қалың аудиторияға жолдануын қамтамасыз етеді [7].
Ғылыми жарияланымдардың авторлары да, тұрақты оқырмандары да алдымен ғалымдар. Бұл фактор арнайы дайындығы бар аудиторияға қиын тұжырымдарға негізделген, формулалар мен схемалар, терминдер мен диаграммалары ғылыми тілмен жазылған контентті қабылдап бағалауына қиындық туғызбайды. Қазіргі замандағы ғылыми журналистер өздері таңдаған ғылым саласы бойынша арнайы білімін толықтырған кәсіби мамандар немесе фундаменталды ғылымнан журналистикаға келгендер. Жаңа заманда ғылыми жаңалықтардың көлемі де, ғылыми жаңалықтарға қызығатын аудитория ауқымы да жылдам өсуде. Бұл үрдіске сәйкес ақпарат құралдары мен ғылыми ортаның арасындағы байланыс та күшейіп келеді. Әрине, журналистика мен ғылымның арасындағы көптеген айырмашылықтар бұл байланысты орнатуда қиындықтар да туғызады. Жаңа заман журналистикасына сенсация қажет болса, ғылыми болжамдар фактілер мен эмпирикалық бағалауға құрылған [8].
ҚОРЫТЫНДЫ
Барлық әлемдегі қоғамдар сияқты Қазақ елі де ақпараттың ашықтық қағидасын ұстануда. Әлеуметтік өмірдің барлық салалары сияқты ғылымға деген көзқарас күшейіп келеді. Білім мен ғылымға басымдық беру соңғы 10-15 жылда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып бекітілді. Қазақстандық ақпарат құралдарындағы ғылым мен технологияларға арналған тақырыптардың, рубрикалардың көптеп ашылуы да сол өзгерістердің нәтижесі. Ғылым мен білімнің беделін көтеріп, насихатын халықаралық деңгейде жүргізу үшін әлі де көптеген жұмыстар атқаруға тура келеді. Шетелдік ғылыми журналистердің пікірінше, әлемде ғылыми мәдениеттің негіздері қалануда. Уақыт озған сайын қоғам мен адамдар қауіпсіз және сапасы жоғары өмірге деген сұранысын ұлғайта бермек. Бұл мақсатқа ғылымның дамуынсыз, ғылыми насихатсыз қол жеткізе алмайтынымыз анық. Халықтың арасындағы ағартушылық функцияны да ғылыми журналистиканың белсенді қызметімен ғана іске асыра аламыз.
Ақпараттық саясатқа жауап беретін мемлекеттік органдар қалың бұқара арасында ғылымның маңызын түсіндіріп, оның мемлекет, қоғам, ұлттың болашағына әсерін көрсетіп, насихаттауға басымдық беретін уақыт туындады. Қазақ елінде қоғамның, әрбір азаматтың ғылымға, білімге деген құштарлығы оянатын болса ертең Мәңгілік ел болашағы жарқын болып, ұлтымыз технологиялық додада жеңімпаз болатынын, сөйтіп елдің әрбір азаматының да байлығы мен әлеуеті өсетінін нақты дәлелдермен көрсете білу керек. Жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, оны ұсына да алатын елдің болашағы кемел болары анық. Ғылыми коммуникация саласының мамандарын осы бағытта, осындай идеологиямен дайындауды қолға алуды билікке де, қоғам мен ғылыми қауымдастыққа да дәлелдеп көрсету журналистерге жүктелетін үлкен жауапкершілік.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Маркусова В.А. Информационные ресурсы для мониторинга российской науки // Вестник Российской академии наук. – 2005. – т. 75, № 7. – с. 607-612.
2 Christensen Lars Lindberg, The Hands-On Guide for Science Communicators: A Step-byStep Approach to Public Outreach, Springer Science+Business Media, 2007.
3 Винер Н. Кибернетика и общество / Пер. с англ. Е.Г. Панфилова. – М.: Гайдекс ко, 2002. – 183 с.
4 Dominick J. R. Social Effects of Mass Communication / Joseph R. Dominick // The dynamics of mass communication: Media in the digital age / Joseph R. Dominick – McGraw-Hill Higher Education, 2011. – p.466.
5 Кастельс М. Информационная эпоха: экономика, общество и культура / перевод с английского под науч. ред. О.И. Шкаратана. – М.: ГУ ВШЭ, 2000. – 608 с.
6 Vinterhoff-Shpurk P. Mediapsihologiya. Osnovnyie printsipyi. [Media psychology. Basic principles]. (Moscow: Publishing of humanity University, 2009. – 249 p.). 7 Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера земли. – М.: АСТ, Астрель, 2005. – 496 с.
8 Уэбстер Ф. Теории информационного общества / перевод с английского М.В.Арапова и Н.В.Малыхиной / под ред. Е.Л. Вартановой. – М.: Аспект Пресс, 2012. – 400 с.
Ұ.М.Есенбекова
Основы научной журналистики: общие понятия и определения
Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева,
Астана, Казахстан
Научная журналистика анализирует преимущества современной науки, ее прогрессивный вклад в развитие общества и человека. Чтобы иметь возможность анализировать процессы в области науки и формулировать решения ключевых вопросов, необходимы познания основ научной журналистики, ее дефиниции и теоретические структуры. Автор объектом исследования выбирает понятия и определения, но и влияние информационных технологий на развитие теории и практики научной журналистики. Для изучения этих вопросов важна правильная классификация определений и концепций, признанных научным сообществом.
Отношения между научным сообществом и средствами массовой информации все еще находятся на стадии становления. В связи с быстрыми изменениями коммуникационных технологий, направления и темы научной журналистики также меняются. В дополнение к Интернету появляются новые формы научной журналистики, такие как специализированные информационные агентства, научные онлайн ресурсы.
В статье рассмотрены причины появления наряду с математикой, механикой, физикой, химией, биологией, историей и археологией таких новых направлений научной журналистики как экология, медицина и космос.
Yessenbekova Ulbossyn M.
Fundamentals of scientific journalism: general concepts and definitions
L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Republic of Kazakhstan, Astana Scientific journalism analyzes the advantages of modern science, its progressive contribution to the development of society and man. To be able to analyze the processes in the field of science and formulate solutions to key issues, knowledge of the fundamentals of scientific journalism, its definitions and theoretical structures are necessary. The author of the study chooses concepts and definitions, but also the influence of information technology on the development of the theory and practice of scientific journalism. In order to study these questions, the correct classification of definitions and concepts recognized by the scientific community is important.
The relationship between the scientific community and the media is still in its infancy. Due to the rapid changes in communication technologies, the directions and topics of scientific journalism are also changing. In addition to the Internet, new forms of scientific journalism appear, such as specialized information agencies, online scientific resources.
The article discusses the reasons for the emergence, along with mathematics, mechanics, physics, chemistry, biology, history and archeology, of such new areas of scientific journalism as ecology, medicine and space.