ТІЛДІК ТҰЛҒАНЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ АСПЕКТІСІ

ТІЛДІК ТҰЛҒАНЫ ҚАТЫСЫМДЫҚ АСПЕКТІСІ

Мақалада тілдік тұлғаны зерттеу аспектілерінің ішінде қатысымдық тұлға тұрғысынан қарастыру мәселесі көтеріледі. Оның өзекті болатын себебі бірнеше факторларға байланысты: алдымен, қазіргі көп тілді қоғамға бет алған тұста, ана тілін жете меңгеру және соған байланысты қолға алатын шаралар туралы мәселе қойылады. Екіншіден, жаһандану үдерісі жүріп жатқан кезде адамдар арасындағы «тіл табысу» да өзекті бола түседі. Соған орай мемлекеттік тілді оқытып, үйретуде әлемдік тәжірибе кездесетін жаңа үрдістерді ескеру қажеттігі айтылып, жоғары оқу орындарының оқыту бағдарламасына «қазақ тілі әлемі» атты жаңа пән енгізу ұсынылады. Қазақ тілін қазақ ұлтының дүниетанымымен, мәдени, тарихи, салт-дәстүрлік ерекшеліктерімен байланыстырып оқыту оң нәтижелер берері сөзсіз.

Кілт сөздер: тілдік тұлға, қатысымдық аспект, ана тілі, тілдік қатынас, қазақ тілі әлемі.
КІРІСПЕ
Тіл ғылымында соңғы жылдардағы зерттеулерде тілдегі «адам факторы» өзектене түскені белгілі, осыған байланысты «тілдік тұлға» мәселесі қазіргі таңда ерекше зерттеу нысанына айналып отыр.
Антропоөзектік парадигмада «тілдік тұлға» түсінігі мен оның анықтамасының пайда болып, оның зерттеу қағидасы мен теориясы орыс тіл білімінде жасалғанымен, «тіл және адам» мәселесі, тілдің қызметі мен өмір сүруін оны тұтынушы ұлтпен байланыстылықта зерттеу идеясы тіл білімінде барлық кезеңдерде де болды. Еуропа тіл білімінде бұл теорияның пайда болуының тарихи алғышарттары тілдің әлеуметтік табиғаты, тіл мен сөйлеудің, жеке адам мен ұжым тілінің ара қатынасы (В.Гумбольт, И.А.Бодуэн де Куртенэ, Ф.де Соссюр т.б.) туралы мәселелердің қозғалуымен сипатталады. В.А.Маслова: «Тілдік тұлғаға алғаш бетбұрыс жасалуы неміс ғалымы Й.Вайсбергтің есімімен байланысты, ал орыс тіл білімінде алғашқы қадамды тілдік тұлғаны зерттеудің екі жолын, яғни автор тұлғасы мен кейіпкер тұлғасы арқылы шығу жолдарын көрсетіп, В.В.Виноградов жасады» [1; 118], – дейді.
В.В. Виноградов «тілдік тұлға» мәселесін қазіргі кездегідей сан-алуан аспектіде (психолингвистикалық, когнитивтік, лингводидактикалық т.б.) емес, тек бір ғана мәселені шешу үшін: «көркем әдебиет тілі» сияқты өте күрделі, сан қырлы құбылыстың сырын ашу үшін, оның дара тілдік құрылымын зерттеу үшін пайдаланды. Ол көркем шығармашылықтағы «көркем – тілдік сананың», яғни сөйлеуші не жазушы тұлғаның бейнесінің жасалу тәсілдері туралы мәселе көтерді.
Ғалым пайымдауынша, көркем шығарманы тілдік ұйымдастырудың жалпы жүйесінде және өзінің көркем-дара әлемін бейнелеу тәсілдерінде ғана жазушының сырттай алғанда көрінбейтін «бейнесі» сомдалады [2].
Ол шығармадағы «тілдік тұлға», «көркем бейне», «автор бейнесі» және олардың ара қатынасы, өзара әсері туралы мәселе қояды.
Бұл жерде ескеретін жай: көркем шығармадағы автордың «тілдік тұлғасы» мен «автор бейнесі» бір нәрсе емес, екеуі екі басқа дүние: тілдік тұлға – лингвистикалық категория болса, автор бейнесі – стилистикалық категория.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Тілдік тұлғаны қарастыратын аспектілердің ішінде біз оны қатысымдық аспектіде, нақтырақ айтсақ, қазіргі қоғамымыздағы «қатысымдық тұлға» мәселесі тұрғысынан алып сөз етпекпіз. Өйткені ол қазіргі қоғамымыздағы өткір мәселелердің қатарында тұр десек те болады. Тілдік тұлғаны тек теориялық тұрғыдан емес, практикалық тұрғыдан да қарастырудың қажеттілігі сезіледі.
В.И. Карасик қатысымдық тұлғаны «тілдік-мәдени және қатысымдық құндылықтарды, білім мен ұстанымдарды ұстанушының жалпы бейнесі» [3] деп анықтайды.
Қазіргі әлемдік жаһандану үдерісі қарқын алған тұста, жеке тұлғалар арасындағы, ұлттар мен ұлыстар арасындағы, демек, әртүрлі мәдениеттер арасындағы қарым-қатынас күшейген кезде, тілдік тұлғалар арасындағы қарым-қатынас мәселесі алдыңғы орынға шығады. «Тіл табысуды» қазіргі қоғамдағы күрделі категориялардың бірі деп қарауға болады.
ХХ ғасырға дейін қазақ қоғамы негізінен бір тілді қоғам болып келсе, ХХ ғасырда – кеңестік кезеңде қос тілді қоғамға айналды, ал ХХІ ғасырда үштілді немесе көп тілді қоғамға бет бұрдық.
Тілші қауым, әсіресе, әлеуметтік лингвистика өкілдері үшін зерттеуге тұрарлық қызықты құбылыстар қалыптасып отыр: бізде таза қазақ тілді орта, таза орыс тілді орта және аралас тілді орта да бар.
Осы құбылысты зерттеп, болашақ ұрпағымыздың қойыртпақ тілді тұлғаға айналмауы үшін не істеу керек? Оларды өзінің тарихи ұлттық-мәдени тамырынан ажыратып алмай, бірақ қазіргі барлық озық технологияның жетістіктеріне сусынын қандырып, жан-жақты дамыған көп тілді тұлғаны қалыптастыру үшін қандай жолмен жүрген дұрыс болады? Бұл жөнінде ғалымдар тарапынан болсын, жалпы жұртшылық тарапынан болсын айтылып, жазылып жүрген пікірлер, ұсыныстар аз емес.
Солардың ішінде, ең негізгісі бастауыш сыныптарда білімді ана тілінде алу, ана тілінде оқыту мәселесі дер едік. Бұл жөнінде алғашқы алаш білімпаздарынан бастап осы күнгі оқыту, білім беру жүйесінде жұмыс істеп жүрген, сол салада зерттеу жасап жүрген мамандарымызға дейін барлығы ортақ бір пікірде. Ол – көп тіл білу ана тілі есебінен, ана тілін құрбандыққа шалу есебінен жүргізілмеуі тиіс. Керісінше, басқа тілдерді меңгеру тек ана тілі негізінде жүргізілуі тиіс. Бала алғаш тілі шыққан кезден бастап ана тілін толық меңгергенге дейін өзге тілді араластыруға болмайды. «… Сондай кемшілік болмас үшін, – дейді А.Байтұрсынұлы, – бар жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақтауын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс» [4].
Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов еліміздегі біраз жылдан бері үш тіл қатар оқытылып келе жатқан мектептерде әлеуметтік зерттеу жүргізудің нәтижелерін былай қорытындылайды: «… ұстаздардың 83,9 пайызы оқушыларға үш тіл оқытқанда, олардың үш тіл меңгеру деңгейі төмендейтінін» ашық жазды. Балалар тілдерді шатастырып сөйлегенде, өздері де оған мән бермей, үш тілді қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтыпты.
Мұғалімдер көптеген қазақ балалары қазақ тілін нашар білетінін, бәрі дерлік орыс тілінде жақсы сөйлейтінін айта келе, 1 сыныпта тек қазақ тілін ғана оқыту керек деп жазыпты. Орыс тілін 2 немесе 3 сыныптан бастап оқытып, ал ағылшын тілін 6 сыныптан бастап қазақ тілі негізінде интенсивті түрде, яғни аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген ойларын жеткізіпті. Ағылшын тілі осылай оқытылатын болса, 2-3 жылда барлық бала оны жақсы үйреніп шығатынына сенім білдіреді [5].
Ғалым Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Канада сияқты озық елдерде ғылыми негізде дайындалған білім беру саясаты іске асырылатынын айтады. Олардың басты мақсаттары: ана тілін сақтай отырып, ұлттық ерекшелігі мен дәстүрлі мәдениетінен ажырамаған, рухани бай адам тәрбиелеу.
Қазіргі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды оқытып тәрбиелеуде ұлттық ерекшеліктерге сай оқыту механизмін жасау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Осы орайда, біздің ата-бабаларымыздың жадының мықты болу себебі әжелеріміздің немерелеріне ертегі оқып, аталарымыздың жырды жатқа айтуынан екенін еске сала кетсе орынды. Бесіктен бесік жырын құлағына сіңірген сәбиге өсе келе санамақ айтқызды, жаңылтпаш, жұмбақ, жыр жаттаттырды, олардың өмірі күнделікті өмірмен сабақтасып қатар дамыды.
Баланы ерте жасынан қостілділікке, көптілділікке үйрету оның толыққанды жеке тұлға ретінде қалыптасуына қаншалықты зиян екені ғалымдар тарапынан, зиялы қауым өкілдері тарапынан айтылудай-ақ айтылып келеді. Әлеуметтік тұрғыдан тілдерді көптен зерттеп жүрген ғалым Э.Д.Сүлейменованың пікірін келтірейік: «В науке пока не получено достоверных данных, которые бы свидетельствовали благоприятном или отрицательном влиянии раннего двуязычия на интеллектуальное и эмоциональное развитие ребенка. Однако сам факт зависимости интеллектуальной и эмоциональной сферы от родного языка не вызывает сомнений. Все большее число лингвистов и педагогов склоняется к мысли, что ребенок должен сначала овладеть семантикой родного языка, осуществлять познание мира, учиться ориентироваться в его сложном многообразии с помощью родного языка. Исключительна роль родного языка в духовном развитии ребенка. Формирование языковой личности как истинно национального феномена возможно при полном погружении в родной язык, именно с его помощью осуществляется сложное взаимодействия национальнокультурных традиций, этнопсихологических особенностей склада народа, приводящих к формированию национального характера. Без погружения в стихию родного языка, без знания этнокультурных, коммуникативных, прагматических особенностей его функционирования усвоение второго языка будет наталкиваться на почти непреодолимые трудности» (астын сызған – біз, Б.Ш.) [6;77].
Жоғарыда айтылған жай мәселенің бір жағы болса, екіншіден, қазіргі дамыған қоғам жағдайында тілдік қатынас мәселесі айрықша орынға қойылады.»Тілдік қатынастың бүкіл әлемдік маңызы ел мен елдің, ұлт пен ұлттың саяси байланысына жан-жақты жол ашудан көрінеді. Сондықтан тілдік қатынас бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі ретінде әлемдік лингвистикада жаңа ғылыми еңбектердің шығуына әсер етті…
Тілдік қатынас – адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту, пікірлесу т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс. Сондықтан тілдік қатынасқа байланысты құбылыстардың теориялық негіздерін анықтау; айтылған, берілген, жазылған хабарды қабылдаудың әдіс-тәсілдерін айқындау; сол сияқты қарым-қатынас құралдары мен тұлғаларын, олардың қолданылу жолдарын белгілеу қазір өзекті мәселелер қатарына жатады. Осы мәселелерді жан-жақты оқыту мен үйрету олардың ғылымда өзіндік анықтамасын беруді, тілдік қатынас құбылысын теориялық және әдістемелік жақтан арнайы зерттеуді қажет етеді» [7; 3].
Адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің түрін ғалым Ф.Ш.Оразбаева «тілдесім» деп атап, соңғысының сәтті жүзеге асуына қажет шарттарды да атап көрсетеді. Оларға «сөйлесуші адамның көңіл-күйін сезіну және білу; тілдесуші адамдардың бір-біріне деген құрметі, сыпайыгершілігі, адамды сөзге тарта білу; сөйлесушіні қолдай білу, пікірлесуді жалғастыра білу т.б.» [7, 132] жатады.
Қазіргі жастарымыздың тілініде ғана емес, ішкі жан дүниесінде де үлкен өзгерістер болып жатады. Олар шетелдік арзан рухани құндылықтардың шырмауына түсіп кетпей, өз ұлтымыздың рухани құндылықтарын бойларына сіңіріп өсулері керек, ал ол құндылықтар ана тілі арқылы беріледі.
Ұлттың сана-сезімі, рухани болмысы тілі арқылы қалыптасады. Тілдегі таңба бірліктер халықтың дүние танымынан, рухани және материалдық мәдениетінен, өмір сүру тіршілігінен, әлеуметтік адами болмысынан мағлұмат беретін орасан зор таңбалық код болып табылады. Сондықтан тілді үйрену арқылы сол тілдің иесі – ұлттың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, дүниетанымын тануға болады.
Қазіргі таңда қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытып, үйретуде де жаңа әдіс, тың тәсілдер қолдану қажет екені сөзсіз.
Осы тұрғыдан, қазақ тілін үйренуге деген ықылас өз мемлекетіміздің ішінде ғана емес, шетелдерде де үлкен қызығушылық тудырып отырғаны байқалады. Бұған сыртқы саясаттағы, экономикадағы жетістіктерімізбен қатар, мәдениет, өнер, білім, спорт саласындағы жеңістеріміз де (мысалы: Димаш Құдайберген, Самал Есламова, Геннадий Головкин т.б.) белгілі дәрежеде әсерін тигізіп отыр. Сондықтан қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың артуы оны екінші тіл ретінде оқытып, үйретудің әдістерін жетілдіруді талап етеді.
Тілдегі сөздер мен грамматикалық құралдардың ережелерін білу – тілді сөйлесу құралы ретінде пайдалануға аздық етеді. Ол үшін, ғалымдардың пікірінше, меңгеретін тілдің әлемін барынша терең білген жөн. «Тіл тасымалдаушының әлемін зерттеу, – дейді С.Тер-Минасова, – сөйлеу тілінің қолданыс ерекшелігін түсінуге, тілдік бірліктердің семантикалық жүгін, сөйлеу тіліндегі тілдік бірліктердің саяси, мәдени, тарихи және тағы басқа қосымша мағыналық реңктерін (коннотация) айқындауға бағытталған. Әсіресе тілдік шынайылықтарға (реалийлерге) көп көңіл бөлінеді, оны тереңірек білу сол тілде сөйлейтін адамның күнделікті өмір сүру салтына сәйкес келетін құбылыстар мен фактілерді түсінуге мүмкіндік береді» [8; 39]. Бұларды білмейінше толық қарым-қатынас (түсінісу) жүзеге аспайды.

ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде, жоғарыдағы мәселелерді шешу үшін жоғары оқу орнының оқу бағдарламаларына «қазақ тілі әлемі» атты пәнді енгізуді ұсынар едік. Пәннің ерекшелігі – тілді жалаң өзін оқытпай, оның иесі – ұлттың мәдениетімен, тарихымен, салт-дәстүр ерекшелігімен, дүниетанымымен байланыстырып оқыту. Егер біз тілді «сөйлете» білсек, соның бәрі ашылады: қазақ қандай халық, оның қандай құндылықтары бар, әлемдік өркениетке не қосты? – осының бәріне қазақ тілінің бай мүмкіндіктері жауап береді. Және бұл өзге тілді аудиторияға ғана емес, өз қандастарымыз үшін де керек. Өйткені қазақ тілін ана тілім деп санайтын ұлт өкілі өз тарихын, әдебиетін, өмір сүру салтын, өзге де құндылықтар жүйесін, тағы да басқа «әлеуметтік-мәдени фактілерді» білмейінше, нағыз өз ұлтының патриоты болып қалыптаспайды. Бұл пәнді жүргізуге теориялық, әдіснамалық, әдістемелік негіз болатын ғылыми еңбектер бізде бар. Олардың қатарында Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, С.Ақатай, А.Сейдімбек, З.Қ.Ахметжанова, Ф.Ш.Оразбаева тағы басқа ғалымдардың еңбектерін атауға болады.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Маслова В.А. Лингвокультурология. – М.: Академия, 2001. – 208 с.
2. Виноградов В.В. О языке художественной литературы. –М.1959
3. Карасик В.И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс. – М.: Гнозис, 2004
4. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992
5. Құсайынов А. «Қазақ әдебиеті» газеті, 04.11.2016
6. Сулейменова Э.Д. Казахский и русский языки: основы контрастивной лингвистики. –
Алматы, 1996
7. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас негіздері. – Алматы: Print-S, 2005. — 147 б.
8. Тер-Минасова С.Г. Тіл және мәдениетаралық коммуникация. – Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018 ж. — 320 б.

Б.Шалабай
Коммуникативный аспект языковой личности
Кокшетауский государственный университет им. Ш. Уалиханова, г. Кокшетау,
Республика Казахстан
В статье рассмотрение вопроса языковой личности представляется с точки зрения языковой коммуникации. Актуальность данного вопроса связана с несколькими факторами: один из них, который остро станет перед нашим обществом, это вопрос полиязыковой личности. Не полностью овладевая родным казахским языком, нельзя малышам учить другие языки. Только после глубокого усвоения родного можно обучить другим языкам. Второе, это проблема «языкового понимания» друг-друга. Активизация мировой глобализации требует тонко подходит к проблеме межнациональной коммуникации. В связи с этим ставиться вопрос о включении в учебную программу вузов нового предмета «Мир казахского языка». Обучение языка в тесной связи с миропониманием, культурой, историей, традицией этноса дает положительные результаты в обучении казахского языка как государственного.

B.Shalabai
Communicative aspect of language personality
Sh. Ualikhanov Kokshetau State University
Kokshetau, Kazakhstan The article considers the issue of language personality from the point of view of language communication. The relevance of this issue is associated with several factors one of them, which will become acute in front of our society, is the issue of multilingual personality. Not fully mastering the native Kazakh, it is impossible for kids to learn other languages. Only after deep assimilation of native, it is possible to teach other languages. The second is the problem of «language understanding» of each other. The intensification of global globalization requires a subtle approach to the problem of interethnic communication. In this regard, the question of including a new subject «The world of the Kazakh language»in the curriculum of universities is raised. Language training in close connection with the worldview, culture, history, tradition of the ethnic group gives positive results in teaching the Kazakh language as a state language.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *