ШАЛКИІЗ ЖЫРАУ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ЕЛДІК МҰРАТТЫҢ БЕЙНЕЛЕНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мақалада Шалкиіз жырау толғауларындағы реалистік, философиялық, дидактикалық көзқарастардың тоғыса көрінуі кеңінен қарастырылады. Осы орайда жыраудың дәуір бейнесін сипаттаған шығармаларына нақты талдаулар жасала отырып, тұжырымдар жасалады.
Кілт сөздер: лирикалық проза, психологиялық талдау, психологизм, тарихи тұлға, лиризм, композициялық құрылым, көркемдік тәсіл, автор мен кейіпкер.
Қазақтың төл әдебиетінің бастапқы дәуірінде өмір сүріп, жыраулар поэзиясының мазмұндық жағынан тереңдей өрістеуіне, дүние сырына дендей үңілу тұрғысынан кемелдене түсуіне зор ықпал еткен жырау – Шалкиіз Тіленшіұлы. Жыраудың өмір жолын зерделеген белгілі әдебиеттанушы М.Мағауин оны 1465 жылдар шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келіп, 1560 жылдар мұғдарында дүниеден озуы ықтималдығын айтады [1, 48]. Өзге әдебиет зерттеушілері де осы пікірден бұра тартпайды.
Ал жыраудың өз туындыларына үңілсек, оның өз дәуірінде қазақ пен ноғайлы жұрттарын жайлаған елмен етене араласқаны, екі елдің де билік басындағы хандары мен билерін, батыр-бағландарын жақсы білгені, ел тағдыры сынға түскен сәттерде ақылы мен айбарын алға сала, ой-пікірін олардың қай-қайсына да еркін айта білгені аңдалады. Сондай- ақ, жыраудың жыр-толғауларында мұсылманшылық қағидаларын қажетті тұстарда ой жеткізуге ұтымды пайдаланылуы, сонымен бірге көшпелі елдің жөн-жоралғысына, дәстүр- салтына қатысты көріністердің де орайымен алға тартылып отыруы Шалкиіз жыраудың мұсылманшылық жолын да, халықтың өмір салтын да жетік білгенін көрсетеді.
Шалкиіз жырау өз заманындағы қазақ пен ноғайлы хандарының бәрімен дерлік таныстықта болғанымен, солардың ішінде ноғайлы билеушісі Би Темірмен етене жақын араласқаны, оған ой-пікірін еркін айта алатын ақылман кеңесшіге айналғаны, жорық-
жортуылдарда үзеңгілес серігі болғаны анық. Жырау толғауларының бірінде өмірінің бұл кезеңі:
«…Менім ием би Темірдің әрі өзім
Жау көрген күн жүрегінің басы едім [2, 45],
Көз үстінде қасы едім!..» – деп суреттелуінің сыры сондықтан болса керек.
Үзінді мазмұнына қарасақ, толғау айтылған тұста жыраудың Би Темірмен арасы алшақтағаны байқалады. Ал осы мазмұнды жеткізу тәсіліне зер салсақ, жыраудың ойды бейнелі жеткізуге шеберлігі танылады. Өзінің Би Темір алдында абырой-беделінің қаншалықты жоғары болғанын біле тұра, жырау онымен арасы алшақтап, қарым- қатынастарына салқындық енген кездің өзінде кешегі билеушісінің, пікірлесінің қадір- қасиетін төмендетуді жөн көрмейді, қайта, оның әрекеттерін асқақтата суреттейді:
«Бұз үстіне от жаққан, Бұзмай бұлан пісірген,
Мен иемдің бөрлі ала тасы едім…» [2, 45] – деп өзін кішірейте көрсетеді. Бұл жәйттің өзі Шалкиіздің ішкі мәдениеті жоғары жырау болғанын айғақтайды. Би Темірді «мұз үстіне от жаққан, бұлан етін бұзбай пісірген» айбарлы да, қайратты билік иесі ретінде даңқын асыра бейнелей келіп, өзін: «Мен иемнің мөрлі ала тасы едім…» – деп көрсетуі Шалкиіз жыраудың астарлы бейне жасауға шеберлігін аңғартады.
Осы жолдардағы «мөрлі ала тас» тіркесінің мәніне зер салсақ, жыраудың Би Темір жанында көп қосшының бірі емес, түйінді уәж иесі болғанын көреміз. Яғни, Би Темір шешімінің қай-қайсы да Шалкиіз тарапынан қолдау тапқан жағдайда ғана «мөрмен бекітілген жарлықтай» маңыз иеленген. Бұл тұста жырау қолданысындағы «мөрлі ала тас» – сөз ыңғайында айтылып қалған әшекейлі тіркес емес, жыраудың ел билеушілері арасында еншілеген орнын меңзей танытатын мағыналы ұғым. Ал ноғайлы әміршісін ауызына қарату үшін сөз зерлеген ділмар болумен қатар, ой тереңіне бойлаған парасат иесі, сондай-ақ, елдің көксейтіні мен ханның көздегенін қапысыз танитын сұңғыла саясаткер болу қажеттігін ескерсек, Шалкиіз жыраудың осы талаптар үдесінен табылған тұлға болғанын пайымдаймыз. Қараға да, ханға да уәлі сөз айта білген Шалкиіз жырлары тарих қойнауында қалып қоймай, ұрпақтан ұрпаққа ұласып, біздің дәуірге дейін жетуінің өзі оның жыр- толғауларының қазақ тағдырымен, елдің арман-мұраттарымен етене ұштасып жатқандығын айғақтайды. Бірнеше ғасырлар аралығында ел жадында жатталып, ел ауызында сақталып келген оның жыр-толғауларына ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс ориенталистері де назар аудара бастады. Өйткені Шалкиіз жырларында қазақ өлеңінің көркемдік сипаттарымен бірге қазақтың халықтық болмысына тән ерекше қасиеттері де айшықтала көрінетін. Орыс ғалымдарының жырау жырларына зер салып, баспа бетінде жариялауға ұмтыла бастауының бір сыры осы жәйтке байланысты болуы да ықтимал. Қалай болғанда да, Шалкиіз туындылары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан беріде хатқа түсе
бастады.
Шалкиіз шығармашылығының басты сипаттарының бірі – жыраудың өмірлік жәйттерді жинақтай суреттеп, философиялық ой түйіндерін ұсынуға да, нақты құбылысты яки қаһарманды даралай бейнелеп, оның өзіндік қасиеттерін айқындай көрсетуге де аса шеберлігі. Сондай-ақ, ол қажетті тұстарда аталған тәсілдерді бірімен бірін ұштастыра, бірінен бірін өрістете қолдануға да қабілетті.
Жыраудың нақты бейнелер жасалған жыр-толғауларына зерделей зер салсақ, оның өзі тірлік кешіп, қалың оқиғаларының белортасында жүрген тарихи кезеңнің, сонымен бірге оның өзі етене араласқан тарихи тұлғалардың шынайы бейнелерін танимыз. Бұл жағдай қазақ халқының жеке ел болып, тарих сахнасына шыққан алғашқы кезеңіндегі өмір салтын, халықтың арман-мұратын, қастерлісі мен қасиеттісін, мадақтағаны мен мансұқтағанын жете танып-білуге мүмкіндік береді. Шалкиіз жыраудың мұндай туындыларының легін Орманбет биге, Ер Шобанға, Би Темірге қатысты жыр-толғаулары түзеді. Бұл қатардағы шығармалардан сол дәуірдің бейнесі көрінеді. Аталған жыр-толғауларды осы ретпен
қарастыруды көздегенде біз оқиғалардың болуы ықтимал уақытын ретімен келтіруді ойладық.
Шалкиіз туындыларында нақтылай көрсетілетін оқиғалардың бірі – Орманбет бидің дүниеден озуы. Бізге дейін сақталып, жеткен жырдың үзіндісіне қарасақ, бұл жырда суреттелген жағдайлардың екі кезеңге бөліне бейнеленгенін байқаймыз. Оның біріншісі – Орманбет бидің билік еткен тұсы, екіншісі – ол көз жұмғаннан кейінгі жылдар. Жыр құрылымының осылай түзілгенін:
Балпаң, балпаң басқан күн, Бай ұлынан асқан күн,
……………………………………….
……………………………………….
Орманбет би өлген күн,
Он сан ноғай бүлген күн [2, 47], – деп келетін бөліктен-ақ аңдаймыз.
Осы орайда «Жырда көрініс тапқан нақты жылдар қай уақыттар аралығын қамтиды?» деген сұраққа жауап іздер болсақ, бірден айту абзал, бұл жылдарды нақты көрсетуде бірізділік жоқ. Әртүрлі болжамдар айтылады. Осы мәселеге арнайы назар аударған әдебиет зерттеуші Әуелбек Қоңыратбаевтың: «1380 жылы Берке тұсында Алтын Орда құлап, қазақ пен ноғай бөлінеді. Сары ноғайлар Қазан, Қырым, Қасымов хандықтарын, Сібірдегі қара ноғайлар Орманбет хандығын жасайды. Маңғыстау жеріндегі Едігеден тарайтын маңғыттар
«Ноғай ордасы» деген бірлестік құрады. Олар Алтын Орда билігі бізде қалды деп, өзбек, қазақ тайпаларын өздеріне қаратуды ойлайды», – деп жаза келіп, ой бағытын: «…Бізде ноғайлының бүлінуін қай кезеңге жібереміз деген мәселе анық емес. Алтын Орданың құлау кезеңінде (1380) болған ба, әлде Тоқтамыс пен Едіге тұсында (1406-1419) болған ба? Болмаса, Әбілқайыр кезінде ме, әлде өзбек, қазақ тайпалары Еділді тастап, Сыр бойына көшкен жылдары (1496) болды ма?» – деген мәселеге бұрады да, ой қорытындысында:
«…Орманбет ханның өлтірілген кезі десек, онда ХVІ ғасырдың аяғы болып шығады. Асылы, ноғайлы ұлысының бүлінуі 1500 жылдан бұрын басталса керек» [3, 54], – деп түйіндейді. Белгілі әдебиет тарихшысының осы пікірінің өзі аталмыш кезеңге қатысты нақтылықтың кемшіндігін танытады.
Ал, бұл мәселеге Шалкиіз шығармасы арқылы қарасақ, басы ашық жәйт – ел тірлігіне алаң жыраудың осы оқиғаға байланысты көзқарасының айқындығы. Өкініштісі, біздің ұрпаққа дейін сақталып жеткен үзіндіде Орманбет билеген жылдардағы ел өмірін бейнелейтін екі тармақ қана сақталған. Сол тармақтар мазмұнына сүйенсек, Шалкиіз бағалауында, Орманбет би кезеңі – қалың жұрттың қамсыз өмір сүрген уақыты, идеал кезең. Жыраудың өз сөзімен айтқанда: «Балпаң, балпаң басқан күн, Бай ұлынан асқан күн…». Демек, жырау түсінігіндегі идеал өмір ешкімге бас иместен, өз жеріңде еркін тірлік кешу болса, идеал билеуші – елдің бейбіт тірлігін қамтамасыз ете алған адам. Ал, жырау бағалауынша, мұндай өмір де, мұндай билеуші де Орманбет би ел тізгінін ұстаған тұста болған. Сондықтанда Шалкиіз ел өмірінің берекесі кете бастауын идеал билеуші – Орманбеттің дүниеден озуымен тікелей байланысты таниды. Сондықтанда жырау Орманбеттен кейінгі кезең көрінісін:
«…Жез қарғылы құба арлан Жетіп, түлкі ала алмай, Жалған аңын ала алмай, Қорашыл төбет болған күн. Оң қанатын теріс соғып,
Лашын құс қу ала алмай қалған күн. Ораздының он ұлы
Ойын салып жүргенде, Жиырлының жалғызы
Атқан оғын таба алмай,
Жер сабалап қалған күн!» [2, 45] – деп бейнелейді.
Суреттен көрініп тұрғандай, күні кеше мерейі тасып, айбыны асып, «балпаң-балпаң басқан» елдің тірлігінен береке қашқан. Күні кеше қуғанын құтқармайтын құба арлан қорашыл төбетке айналған, шүйліккенін ілетін лашын құс қанат қағудан жаңылған. Ал соңғы бес жолдың мағынасы елдің ынтымағы іріп, бірліктен береке қашқанын аңғартады.
Шалкиіз жыр-толғауларында елдің бүтіндігі, елді игілікке бастар билік, елге қорған батырлық тақырыптарының басты мән иеленуінің бір себебі де осы тұстан келіп шығады. Ортақ мұратқа ұйысқан елдің берекелі өмірін де, ұйытқысынан айырылған елдің қалай
«бүлгенін» де бастан өткерген жырау шығармашылығында жоғарыда аталған мәселелердің аса маңызды болуы – заңды құбылыс.
Осыдан кейінгі жылдарда Шалкиіздің ноғайлы елінің билеушісі Би Темір маңынан табылуы да қара бастың қамын күйттеген күйкі тірліктен туған амал емес, оны ел тұтастығын сақтауға қайрат қылар тұлға ретінде бағалап, үміт артқандықтан туындаған әрекет. Жырау:
«…Алп, алп басқан, алп басқан Арабы торым өзіңсің, Жазылы, алтын, қол кескен
Алдаспаным өзіңсің!» – деп, Би Темірдің дәрібін асыра мадақтаса да, яки:
«…Еділден аққан сызашық
Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді – Телегейдей сайқалтып,
Жарқыраған беренді
Теңіз етсе, тәңірі етті!…
…Тебінгінің астынан Ала балта суырысып, Тепсінісіп келгенде, Тең атаның ұлы едің –
Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті» [2, 38] – деп, қадала шүйлігіп тіл қатса да, түпкі көздегені – билік иесіне жағыну, яки ақкөз тентектік таныту емес, билеушіні елге қызмет қылуға бағыттау. Осыдан кейінгі тармақтарда жыраудың осы мақсаты бейнелене көрінеді. Шалкиіздің:
«…Тобылғының берегі Иіл болып, беріш бітсе, Айбар болар терегі.
Атаның ұлы жақсыға Малыңды бер де, басың қос, Бір күні болар керегі…
…Жауға кисең, берен ки,
Егеулеген болат өте алмас;
Есендікте малыңды бер де, батыр жи, Басыңа қыстау іс түссе,
Дұспанның қолы жете алмас!» [2, 38] – деп жырлаған кезде діттегені – жалғыз Би Темірдің қамы емес, Би Темір билігіндегі елдің қамы.
Жақсы мен жаманның парқына әбден қанық жырау ел бүтіндігін сақтау үшін ел билеушісінің іс-әрекетінің қандай болмағы абзал боларын аңғартады. Бұл тұста да Шалкиіздің жадағай ақыл, жалаң сөзді қызықтап кетпей, әр сөзіне салмақ арта, астарлай ұсынатын парасатқа бейім шеберлігі айқын танылады. Мәселен, жыраудың:
«…Жоғары қарап оқ атпа, Жуық түсер қасыңа;
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа, Күндердің күні болғанда
Сол жаман айғақ болар басыңа. Жақсы да келер бұ көпке,
Жаман да келер бұ көпке,
Түгел іс қойып болмас бір кепке…» [2, 39] – деген жолдарындағы ой мазмұнын бірнеше қырынан тануға болары анық. Алғашқы қос тармақта жырау философша толғаса, одан соңғы үш жолда көпті көрген көнекөзше ақыл қосады, ал соңғы үш тармақ түйіні философиялық ойға да, сол ойдан өріс алатын қарекетке де жетелейді. Жыраудың меңзеп тұрғаны – «Ел билігіне жақсы да келер, жаман да келер; Солардың қай-қайсы да ел тірлігіндегі түйткілдің бәрін шешіп тастамас; бірақ, қалай болғанда да, ел игілігіне қайрат жұмсау – парыз» деген ой.
Қара бастың қамынан қалың елдің амандығын артық санаған Шалкиіз жыраудың:
«Адам баласы үшін елге қызмет қылудан артық бақыт та, дәреже де жоқ», – деген ойды өмірлік мұратқа айналдырғаны оның қажылық сапарына жиналған Би Темірге айтқан сөздерінен де анық танылады. Ел жөнінен де, дін жолынан да жан-жақты хабардар жыраудың бұл толғауында оның суреткерлігі де, білімдарлығы да, ойшылдығы да кеңінен көрінеді және сол сипаттардың бәрі елжандылық қасиетті асқақтатуға қызмет қылады.
Жырау қажылыққа көңілі құлаған Би Темірді ниетінен бұруды көздесе, бұл әрекеті жеке бастың қимастығы емес, ел тірлігіне алаңдаудан туып жатқан әрекет. Сондықтан да ол:
«Етектеп жиған көп халқың, Сұлтан ием, кімге асмар етерсің?!» – деп ашық сауал тастайды, я болмаса: «Енді өзіңден соңратын Жұртқа бір лайық ие жоқ…» – деп алаңдайды. Толғауының бір тұсында ойландыра, бір тұсында толқыта, бір тұсында салмақ сала жырлап келетін жырау сөз түйінін:
«…Ай, хан ием, сұраймын:
Тәңірінің үйі кебені
Ибраһим Халил алла жасапты, Ғазырейіл – жан алмаға қасап-ты, Жығылғанды тұрғызсаң, Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең, Тәңірінің үйі бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!» [2, 41-42] – деп тұжырады.
Осы үзіндінің өзінен Шалкиіз жырау болмысы, арман-мұраты, білім кеңістігі айқын аңдалады. Діни білімімен де, өмірлік танымымен де жұртты аузына қаратқан, оның үстіне ойын іркуді білмейтін бетті мінезі бар жыраудың бұл өмірдегі ұлық арманы туған елдің бүтіндігі, туған жердің тыныштығы болғаны хақ. Бұл арман жыраудың кез келген шығармасынан айшықтала көрінеді.
Шалкиіз жыраудың нақты оқиғаны арқау ете жырлап, жыр желісінде кейіпкерлерді бірінен бірін даралай бейнелейтін бірегей туындысы – «Ер Шобан».
Жырдың жалпы мазмұнына қарасақ, жыр оқиғасы «Орманбет би өлген күн, Он сан ноғай бүлген күннен» кейінгі жылдарда, яғни біртұтас ноғайлы елі ыдыраған тұста болғанға ұқсайды. Себебі ноғайлы жұртынан шыққан Ер Шобанның қабарды жұртынан жылқы қуалап кету әрекетінің өзі ел арасында алауыздық, дүрдараздық барын аңғартады. Ал қуғыншы Биғазының Ер Шобан тізбелей атаған батырларды танып, ат тізгінін іркуі де осы жырда аталатын адамдардың бірін-бірі етене білгенін сездіреді. Бұл, әрине, жырдың туу уақытына қатысты айтылып жатқан ой. Жырдағы жырау шеберлігі жайына келсек, осы туындысында Шалкиіздің халықтық фольклорда қалыптасқан дәстүрді жетік меңгергені анық көрінеді. Жырау жыр кейіпкерлерін бейнелеу барысында эпитет, теңеу, метафоралық қолданыстарды ұтырлы пайдаланумен қатар, бейнелерді бірінен бірін асыра, олардың қасиеттерін бірінен бірін арттыра, үстемелей суреттеуге де, батырларды бірінен бірін даралай бейнелеуге де шебер екендігін танытады. Мәселен, жырау батырлардың бірін:
«Арғымақ атың аласы, Қас игінің баласы,
Алдаспан ауыр қылыш суырған, Ажалға қарсы жүгірген
Бұ жиынның ішінде
Исалының ұлы Жылым бар» – деп суреттесе, келесі батырды:
«Ойнай тұра күлдірген, Жауды көрсе бүлдірген, Атқан оғын оздырған,
Дұспанның тобын тоздырған
Бір ойында алпыс алабалта сындырған
Айсаның ару ұлы Қолай бар» [2, 49] – деп асқақтата бейнелейді.
Бұл тұста эпитет, теңеулерді термелемей-ақ, жыраудың батырларды даралау шеберлігіне ғана көңіл қойсақ та, Шалкиіздің суреткер жырау екендігін анық бағамдаймыз. Ол өзі бейнелеп отырған батырлардың әрқайсын даралай айшықтайтын сипаттарды тап баса көрсетеді. Жырау бейнелеген Жылым батыр – текті әулеттен шыққан («Қас игінің баласы»), сыртқы тұрпат-кейпі де өзгелерден ерекшелене көрінетін («Арғымақ аттың аласы»), бес қарудың ішінде қылыштасу өнерін жетік меңгерген («Алдаспан ауыр қылыш суырған»), өлімнен сескенбейтін ақкөз батыр («Ажалға қарсы жүгірген»). Қолай батыр да – Жылым батыр сияқты дұшпаннан беті қайтпас жаужүрек ер («Жауды көрсе бүлдірген») бола тұра, болмысы бөлек батыр. Ол – батылдығына ақкөңіл мінезі жарасқан («Ойнай тұра күлдірген»), әрі садақшы, әрі балтамен шайқасу өнеріне жетік («Атқан оғын оздырған», «Бір ойында алпыс алабалта сындырған») алапат күштің иесі. Міне, осы іспетті ерекшеліктер жырда аттары аталатын батырлардың әрқайсынан айқын көрінеді. Шалкиіз жыраудың суреткерлік бояуының қанықтығы сонша, жырдағы Жұмай, Мәмбет, Сұлтан, Қоян, Баубек, Жақсымбет, Жақан батырлардың бәрі де қайталанбас қасиеттерімен көрінеді. Шалкиіз жырына тән осы іспетті реалистік суреттеулер қазақ жырауларының көп орайда өмірлік шындыққа бейіл танытқанын көрсетеді.
Жалпы, жыраудың нақты оқиғаларды, нақты қаһармандарды арқау еткен жыр- толғауларынан анық танылатын жәйт – Шалкиіз жыраудың өз тұсындағы әрбір әрекетті, әрбір оқиғаны ел өмірімен байланыстыра танып, сол тұрғыдан бағалайтыны. Жырау жанын мазалайтын ең негізгі мәселе – ел тағдыры, ел тұтастығы, ел тыныштығы. Сондай-ақ, жыраудың өмір мәні, адамшылық мағынасы хақында ой толғайтын жыр-толғауларының түпқазығы да туған ел тағдырымен өрістесіп жатады. Мәселен, жыраудың:
«…Атайы ердің баласы
Атадан жалғыз тудым деп, Басына қиын іс келсе,
Ісін көпке салар ма;
Атаның ұлы ерлерге
Малыңды бер де, басың қос, Басыңды қос та, бек сыйлас, Күндердің күні болғанда
Басың жауда қалар ма!» – деп келетін жыр жолдары, яки:
«…Белбуардан саз кешсең, Тобығыңнан келтірмес
Қамалаған қалың туған арқасы!» [2, 46] – деген үлгідегі ой түйіндерінің қай-қайсы да ойшыл Шалкиіз үшін ел бірлігінен асар қасиетті ұғым жоқ екенін айғақтайды. Мұндай мазмұндағы ойлар Шалкиіз туындыларының әрқайсынан-ақ ұшырасып жатады. Өйткені Шалкиіз жырау дүниетанымында ерліктің де, биліктің де қадірі елге жасаған қызметімен бағаланады. Сол себепті ол ел ішінің берекелі бірлігін, ағайынның татулығын, ел арасындағы жарасымды сыйластықты үлгі ете жырлайды. Дүниенің өткіншілігін мысал ете отырып, адам баласына ізгі ниетті уағыздайды.
Шалкиіз жыр-толғауларында философиялық мағынаға ие жақсы мен жаман бейнелері салыстырмалы түрде жиі көрініс береді. Мәселен:
«…Бір жақсыға басың қосып, сөз айтсаң,
Сол жақсы жаманлығың жақсылыққа жыр етер.
Бір жаманға басың қосып, сөз айтсаң, Сол жаман сырың сақламай,
Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер» [2, 39] – деген үзіндіде жақсы адамның жайсаң мінезі үлгі етілсе, сонымен қатар, жаманнан келер қатер, төнер қауіп жиі еске салынады. Осы үлгіде салыстыра көрсете отырып, жырау жақсыға жақын болуды, жаманнан бой тартуды тағлым етеді.
Тіпті бір орайда:
«…Күндердің күні болғанда Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі!» [2, 43] – деп, түңіле ой түйетін тұстары да бар. Зер сала үңілсек, жыраудың айтып тұрғаны – «жамандар» жойылуы керек» деген үкім емес,
«жамандар жаралмай-ақ қойса етті» деген тілек екенін аңғарамыз. Мұндай мінез – гуманистік түсініктегі тұлғаларға ғана тән қасиет. Бұл тұрғыда Шалкиіз – гуманист жырау. Оның:
«…Атайы ердің тұсында Тұлпары тұрар тарп ұрып; Бір жаманға сөз айтсаң,
Есікті кетер сарт ұрып, Сол жаман елден кетер деп,
Артынан жақсылар қалар шақырып…» [1, 43] – деп жырлауының себебі де сондықтан. Гуманист жырау «жаманның» қылығының өзін парасат көзімен бағалауға үндейді. Себебі ел тұтастығын ұлықтаған жырау ел ішіндегі «жаманның» өзін жат қолына телміртуді қош көрмейді.
Ал Шалкиіз жырау ұғымындағы «жақсы» кім? «Жақсыны» танытар мінездер мен іс- әрекеттер қандай болмақ? Бұл сұрақтардың жауабын да жырау туындыларынан табамыз.
Шалкиіз түсінігіндегі «жақсының» бірі – елге қорған батыр. Ендеше, батырлықты қалай түсінбек абзал? Бұл тұстағы жырау жауабы да әзір:
«…Жау жолықса жазыда, Ерлерді өлмей тонар ма, Ерлер ерке сақтасып,
Арқасына ауыр намыс іс түссе,
Ғазизлеген сұлтан жанын қара пұлға санар ма!» [2, 37].
Демек, батырлықтың белгісі – елге қатер төндірген жауды тойтару, ел намысын қолдан бермеу, қажет болса, ел намысы жолында «ғазизлеген сұлтан жанын» қиюға әзір болу. Елдік намысқа шабар батыр қандай болмақ керек? Бұл сұраққа да жырау жауабы әзір:
«Жебелей жебе жүгірген
Ерлердің арғымақтан игі малы болар ма; Жағаласса жыртылмас
Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма; Дулығалы бас кескен
Ерлердің алдаспаннан игі қолы болар ма!» [2, 36].
Демек, елге қорған батырда намысқа шабар қаһарман жүректің болуы аз, оған қоса, оның астында арғымағы, үстінде берен сауыты, жанында бес қаруы сай болуы қажет екен. Бұл – қиын-қыстау қысталаң сәттерді, сын сағаттарды бастан жиі өткерген көшпелі ел философиясы. Жырау – сол философияның жаршысы. Көшпелі елдің көсем ойының тізгінін ұстаған жырау ердің елге жасар қайратын ғана жырлаумен шектелмей, келесі кезекте елдің ерге жасар қызметін де алға тартады.
«Күпшек санды тіл жалмаған күреңді Тілеген достан аяман!
Тілекті бірге тілеген
Малымды достан аяман!» – деп жырлаған кезде жыраудың айтып отырған «тілегі бір досы» – өзі сияқты, елге қызмет етуді мұрат тұтқан азамат екені анық. Олай болса,
жыраудың өнеге етіп отырғаны – ел намысына шабар азаматты ел болып ардақтау, оған ел болып қызмет көрсету.
Шалкиіз туындыларынан қауіп-қатерлі сәттерді бастан жиі өткерген халықтың өмір тәжірибесінен туған философиялық түйіндер жиі ұшырасады. Мәселен, жырау толғауларының бірінде:
«Туырлықсыз қара үйге Ту байламақ не керек! Туғаны жоқ жалғызға Көп ішінде суырылып,
Жауға шаппақ не керек!» [2, 40] – деген ой түйінделеді.
Бүгінгі тілдік қолданыс нормасы шеңберінде қабылдасақ, кекесін, мысқыл мағынасында қолданылғандай әсер еткенімен, ойдың айтылған уақытын назарға ала қабылдасақ, бұл жолдарда тағдыр-талайы талай мәрте сынға түскен халықтың өмір шындығынан алынған аса маңызды халықтық тұжырым жатқанын танимыз.
Жырау қолданысындағы «туырлықсыз тұл үй» – ат жалына қол артар азаматы қалмаған тұл шаңырақтың символдық бейнесі. Ал ел ішінде тұл үйдің көбеюі – жақсылыққа бастар жол емес. Жаманшылыққа апарар жолды жаппақ абзал. Ол үшін әр шаңырақта ата- баба түтінін түтетер ұрпақ болмақ керек. Тауқыметті тағдырды бастан көп өткерген қазақ халқының бұл тұрғыдағы философиялық кесімді тұжырымы біреу-ақ, ол – «Қанша батыр болса да, жалғызды жауға шапқызбау», ұрпақ өсіру. Өйткені бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел қорғаны. Шалкиіздің алға тартып отырғаны да – осы тұжырым.
Шалкиіздің жыр-толғауларына етене сипаттардың бірі – өлең жолдарында көркем бейнелілікпен қоса, философиялық мағынаның да үстеле көрініс табуы. Мұндай ерекшелік жыраудың жоғарыда келтірілген жыр жолдарынан да молынан табылады.
Елдің ынтымақта болуын мұрат тұтқан жырау сол елге тұтқа болар тұлғалардың ел тағдырындағы ролін де назардан қағыс қалдырмайды және бұл турасындағы ойын уағыз, ұлағат үлгісінде өсиеттемей, бейнелі жеткізіп, ой түйіндеуді тыңдаушы жұрттың өз еркіне қалдырады:
«…Ау, бөрілер, бөрілер, Бөрімін деп жүрерлер, Һәр бірінің баласы
Алтау болар, бес болар, Ішінде абаданы бір болар, Абаданынан айрылса, Олардың һәр біреуі
Һәрбір итке жем болар» [2, 43].
Үзіндіден Шалкиіз жыраудың ойшылдық қасиетімен бірге, оның символдық бейнелер туындатуға жетіктігі де танылады. Осындағы символдық бейне – «бөрілерге» қатысты бейнеленген жәйттерді адамға байланыстыра зерделер болсаңыз, жыраудың нені меңзеп, нені өсиеттеп отырғанын түсіну де қиындық келтірмейді.
Жоғарыда сөз еткеніміздей, ХVI ғасырдағы қазақ жырауларының көрнекті өкілі Шалкиіз Тіленшіұлы – жыраулар поэзиясының бейнелілік тұрғысынан да, ой жеткізудегі тереңдік тұрғысынан да кемелденуіне айтулы үлес қосқан шығармашылық тұлға.
1989.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы,1991.
2 Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық. /құрастыр. М.Мағауин, М.Байділдаев. – Алматы,
3 Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 1994.
4 Өмірәлиев Қ. ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Алматы, 1991.
На основе разностороннего анализа в статье рассматриваются в интеграциях реалистические, философские и дидактические мировозрения в толгау Шалкииз. Учитывая это, был проведен фактический анализ, сделаны заключения касательно произведений, описывающих образ эпохи поэта (жырау).
On the basis of a multifaceted analysis, realistic, philosophical and didactic worldviews are considered in the integration of Shalkias in the article. Given this, an actual analysis was carried out, conclusions were made regarding works describing the image of the poet’s epoch (zhyrau).
ӘОЖ 82-1/-9-7 (5Қ)
Г.С. Бөкен
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Көкшетау, Қазақстан
asya_2309@mail.ru
ДРАМАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ КОМИЗМ ТАБИҒАТЫ
(Қазақ және поляк пьесалары негізінде)
Мақалада ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ және поляк әдебиетіндегі белгілі драматургтер Садықбек Адамбеков пен Славомир Мрожек шығармашылығы қарастырылады. Қос қаламгер шығармаларында комизмнің жасалу жолдары ретінде, тілдік пародия, әсірелеу, гротеск, логикалық инверсия, логикалық нормаға қайшы келетін ерекше диалогтар мен абсурд ұғымын пайдаланады. Сонымен қатар С.Адамбеков пен С.Мрожектің комизм тудыруда белгілі бір құбылысты әсірелеп, оның түрін өзгертуі, деформацияға әкелуі, күтпеген тосын, қарама-қайшы құбылыстар мен жайттарды жасауы, үндестік пен қайшылықты өзара үйлестіре білу шеберліктері салыстырылады және талданады. Сол сияқты мақалада комедияның аллегориясы – комизмнің қалыптасуы мен дамуы туралы айтылған теориялық пікірлерге анализ жасалады.
Кілт сөздер: комизм, сатира, диалог, логикалық инверсия, тілдік пародия, әсірелеу, гротеск, абсурд.
Комедияның негізгі құралы – күлкі. Күлкінің мысқыл, әжуа, сықақ, сайқымазақ сияқты астары көп. Сол себепті зілді, ащы күлкі – сатира, жеңіл әжуа – юмор деп те ажыратылады.
Күлкінің күшті құрал екендігін дүние жүзі әдебиетінің классиктері В.Белинский, Н. Чернышевский, А. Добролюбов, Н.Гоголь, М.Горький өз еңбектерінде айқын көрсетеді. Күлкі объектісі – адам өмірінде, қоғамда кездесетін келеңсіз жайттар, өрескелдіктер. Комедияның мақсаты – өмірде кездесетін сорақылықты, жаман мінездерді әшкерелеп, оны алдын-алу болып табылады. Дүние жүзі халықтарының қайсысының болмасын тарихына көз жіберсек, комедияның дүниеге келуінің өзінде, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктеріне, психологиясының, әдет-салтының бірін-бірі қайталамайтын белгілеріне қарамастан, көптеген ұқсастықты байқау қиын емес. Ол ұқсастық қандай елдің комедиясының арғы тегіне үңілсек те, халықтың творчествосымен байланысты, халықтық дәстүрдің негізінде туғандығын аңғару қиын емес. Классикалық комедияларда жиі ұшырасатын кейбір қимыл- әрекет, сыртқы көрініс жағынан да белгілі күлкі шақыратын жағдайлар бар, олар бір адамның екінші адамға айналуы, күткен нәрсеміздің орнына екінші нәрсенің шығуы, біреуді біреу алдау үшін киімін, түсін, мінез-қылығын өзгертулері, ғажайып қызықты болмыстар, орашолақ әрекеттер, ойдың, сөздің логикасыздығы, күтпеген кездейсоқтық, алдау, алдану, еш нәрсені қабылдамайтын, ұнатпайтын кесірлік мінез, үнемі мазақтаудан мұқалмайтын, шаршамайтын типтер және т.б. атауға болады.
Ендеше, өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдары осынау комедияның дамуына орасан үлес қосқан қазақ және поляк драматургтері Садықбек Адамбеков пен Славомир Мрожектің шығармаларын зерделеу – жанр табиғатын одан әрі меңгере түсуге орасан үлес қосары анық.
Славомир Мрожек пен Садықбек Адамбеков шығармаларындағы әзілді түсіну үшін ең алдымен, комизм теориясын зерделеуіміз қажет. 1959 жылы Польшада жарық көрген зерттеу еңбегінде зерттеуші Станислав Быстронь Пайпер мен Тшинадловский сияқты Б.Дземидоктың [1] комизмді қалыпты жағдайдан ауытқу деген теориялық пікірге сүйенеді. Яғни шындық өмірдің өзгеріске түсуі – езуімізге күлкі ұялатуы мүмкін деген. Алайда, ғылымда бұдан да басқа көзқарастар мен пікірлер бар.
Белгілі бір затты құлдыратып көрсету мәселесін – Аристотель мен Хобс; деградациялану теориясын, яғни қайсыбір лауазымды тұлғаны я істі қорлауды – Бойн, Альфред Штерн; контраст теориясын – Иммануил Кант, Спенсер және Липпс; қарама- қайшылық теориясын (мәселен, құбылыстың болмысы мен оның көрініс табуы, мақсат пен оған жетудің жолдары) – Гегель және Шопенгауэр. Ал Стефан Шуман комизмнің бастауы ретінде кез келген күтпеген идеяны немесе белгілі бір жайтты жаңаша пайымдау, жаңа белеске жету не заттарды басқаша қабылдау, ой мен қиялды реалды өлшемде таразылап, салыстыра білу қабілеттілігін көрсетеді[2].
Жоғарыдағы сан түрлі пікірлердің бірі дұрыс, екіншісі бұрыс деп дөп айта алмаймыз. Себебі, комизмді ғалымдардың бір легі қалыпты жағдайдан ауытқу не қорлау десе, келесі бір тобы комизмнің басқа да жасалу жолдары бар деген пікірге саяды.
Мрожек және Адамбеков шығармаларында комизмді тудырудың бірнеше жолдарын байқаймыз. Бұл үшін қаламгерлер жасаған құбылыстарын логикалық және психологиялық қалыптан ауытқығанын көрсетеді. Әсіресе, логикалық инверсияны жиі қолданады.
Мәселен, мұны Мрожектің «Полиция» драмасынан кездестіреміз.
Пьесадағы «Сіз менің көңілімді түсірдіңіз, мырза. Мен сізді өз сөзіңізге берік жан деп ойлағам. Дәл бұлай керемет өкінетініңізді елестеткен де жоқпын» [3,17],-деп полиция басшылығы тұтқынды керісінше, заңға қарсы үгіттеп, қалыпты логиканы теріске шығарады.
Сол сияқты инверсиялық түрлену автордың «Петр Охейдің азабында» да бар. Яғни:«Сіз темекі тартасыз ба? Бәлкім, мейірімділік танытып, маған бір тал темекі ұсынарсыз? Я болмаса, шәй?…» [3,46]. Бұл жерде Петр Охейге келген шенеулік әдеттегі үй иесінің жасайтын амал-әрекетін өзі жасай бастаған. Дәл осындай логикаға қайшы үрдістерді біз қазақ қаламгері С.Адамбековтің де комедияларынан да байқаймыз. «Аюбайдың ажалында» парақорлықпен күресуші Аюбай өзінің ұстанымдарына қарсы шығады. Пьесада:«Жанар(көзін тастап).Өзіңіз милиционер бола тұрып, малшылардан бір телевизор үшін жылу сұрағаныңыз қалай, Аю-аға? Аюбай (Жанарға таңдана қарап). Оның неайыбы бар, Жанаржан-ау. Біреу өлсе де – жинап аламыз, тірілсе де — жинап береміз, өкілге де, ревизорға да сол. Оған етіміз жүз процент өліп кеткен» [4, 167].
Немесе, «Алтын табақтағы жылан» сатиралық комедиясында молданың өз адал жарымен әуейі болған жас милиционерге зеку түгілі, некелі жарымен өткізген бір түнін бір атқа айырбастауы, ал кешірім жасауы үшін өз дұшпандарын ауылынан жалған айыппен шығаруын өтініп: «Мен кештім, кештім, сенің күнәңді. Қарақатынды да, Қойбағардың баласын да, Орманышының өзін де – түгел аудан орталығына айдап кет» [4,220], – деуі тіпті логикалық әрі психологиялық нормаларға қайшы келеді.
Мрожек пен Адамбеков комизм жасау мақсатында логикалық нормаларға қайшы келетін ерекше диалогтарды да қолданады. Мұндай диалогта адамдар ешбір коммуникацияға түспейді. Театр сыншысы Тадеуш-Бой-Желеньский айтқандай, «Әркім өзінікін мылжыңдайды, кәдімгі отбасылық өмірде сияқты»[5,21]. Мәселен, С.Мрожектің
«Кароль» пьесасындағы көз дәрігерінің атаға көзін тексеруге байланысты қойған сұрақтарына, ол керісінше, өзінің ата-бабаларының атудағы ерліктерін, Каролді іздеу мәселесін айтып кетеді. Ал «Күрке тауықтағы» Лаура ақынмен бірге өткізетін саяхаттын поэтикалық түрде жеткізгісі келсе, бұған ақын прозалық негізде саяхатқа қажетті заттарды
санамалап, оларды орау қажеттілігін айтады. Тіпті өзінің әдет-дағдыларын да тілге тиек етеді. Яғни әркім өз ойын білдіріп, қасындағы адамның пікіріне құлақ аспайды.
Пьесада:«Лаура: Қол ұстасым барамыз ба?.. Ақын: Шұлығым кір жуғышта.
Лаура: Орақ ай жарқырап тұр. Қалқан…
Ақын: Барлығы емес, жыртылғандары ғана. Бірақ, мен шұлықты басқа жіппен жамағанды жеккөрем» [3, 110].
Поляк комедияларында кездесетін мұндай логикаға қайшы диалогтар С.Адамбековтің
«Алтын табақтағы жылан» пьесасында да орын алған. Шығармада: «Қойбағар (кемпірінің басын сүйеп). Сорым қайнады, кемпірімнен айрылдым. Ақтайлақ (шешесіне үңіліп). Мама- ау, маған беремін деген алтын табағың қайда?»[4,211]. Немесе, «Қоянның құлағы» драмасында: «Сара. Міне қоянды қорлап отырғандар, қоянның тамағын өздері жеп, өлігін түлкіге беріп отырған түлкілер осылар. Қоспақ. Как түлкілер. Түлкінің сыры ашылмаған. Қоянды зерттеу керек…» [6,161]. Дәл осындай ой қайшылығына «Күн мен көлеңке» пьесасында тап боламыз: «Айжан әже. Балам, мына балға қарашы, менің қолымнан келсе, арманыңды орындармын. Жолға шықты ма, келе жатыр ма? Отбасы аман ба? Таңқыбай. Жақсы ұл тапқан жақсы ана, есіктегі басымды төрге сүйреп. Ақпейілдің қатарына отырсам…» [4, 257].
Комизмді тудырудағы логикалық инверсияның енді бірі бұл – қате қорытынды мен дәлелдер ұсыну. Мәселен, Мрожектің «Сиқырлы түн» пьесасында делегация құрамындағы екі мырза ғажайып түс көреді. Бұл түстен шошынған мырзаның бірі ойға сыйымсыз сөздер айта бастайды: «Мен келіспеймін.Сіздер менің жауапкершілігі мол қызметте жұмыс істейтінімді ұмытпаңыздар, мен Сіздердің түстеріңізге кірмеймін!» [3,232],-дейді. Яғни қоғамдық ортадағы орынның түске ықпалы бардай әсер қалдырады.
Қаламгердің комизмдік пайымын «Эмигранттар» драмасынан да байыптаймыз: «ХХ Бұдан (жертөледегі жаман иіс) ешкім әлі өлмеген, ал таза ауадан тұмау тигізуге болады. Менің әкем, иманды болсын, жертөледе тұрып-ақ, ұзақ ғұмыр кешкен.АА Ол неден көз жұмды?ХХ Таза ауадан. Мас күйінде үйге келе жатып, аязда қатып қалған» [3,98].
Садықбек Адамбеков те «Аюбайдың ажалында» өз жұбайына жеңгетайлық жасап жүрген Кәлменьчтің логикаға теріс дәлелдерін ұсынған. Яғни: «Зибаш. Қызғансаң кеше неге Аюбайдың көксарайына бармай қалдың? Неге мені өкілге қосып жібердің. Ей, намыссыз, сен менің байымсың ба, жоқ жігіттерден қолұстатар алатын жеңгемсің бе? Тіфу, арсыз, папасы сол… Кәлменьч (Мүләйімсіп). Аюбайға, өзіңнің жездеңе сенбегенде кімге сенем. Екеуміздің арамыздағы дәнекер Аюбай ғой, періштем» [4,172].
Кейіпкерлер арасындағы өзара түсініспеушілік, белгілі бір мәселені қате ой тұжырым жасау мен қисынсыз дәлелдерді келтіру арналған диалогтарды «Күн мен көлеңке» комедиясында кездестіреміз. Жастайынан еңбектен гөрі, «жатып ішерлікке» үйренген Жора өзінің кемшіліктерін көрмейді. Керісінше, оны мақтауға тұрарлық қасиетке балайды. Пьесада: «Айсұлу. Жоқ, сізді жер үсті, аспан астында бір адам сүймейді. Сіз әке-шешеңіздің соры, арамтамақсыз. Жора (ашулы). Кім әке-шешенің соры, мен, да? Вот, надан. Мен әке- шешемнің бақытына туған адаммын. Мен санаулы адамдардың бірімін. Мен бұл ғасырдың маңдайына сыймаймын. Менің ойым алдағы бес ғасырды аралап жүр»[4, 296],-дейді.
Комизмнің келесі бір жасалу жолы ретінде пародияны айтуға болады.
Мрожек пен Адамбеков комизмді тудыру мақсатында белгілі құбылысты әсірелеп, оның түрін өзгертеді және деформацияға ұшыратады. Шамадан тыс әсірелеу арқылы аңшылардың ерліктері, эмигранттардың өзара пікір-таластары (оқыған мен қара жұмысшы) баяндалады.
Мәселен, «Эмигранттар» (Мрожек) пьесасындағы қара жұмысышының «өтірігін» оқыған әсірелеп сынайды.
«…Жарайды, жарайды, сенің айтқаныңдай болсын! Я ол сендік болды. Саған беріліп, аяғыңа жығылды, қолыңды сүйіп, сенің туфлиіңде жорғалады, сені және сенің аяқ киіміңді
мақтады. Аяқ киіміңді генерал мен оның әйелі де қызықтап қарап, тіпті бас киім құрметтеді де, саған арнап отшашу да ұйымдастырды, кейін саған балмұздақ сатып әперді» [3,88].
Аталмыш тәсілді Адамбеков «Шоқбикенің шатағындағы»Тұман мен Таңқыбай диалогында шебер пайдаланған. Яғни: «Тұман. Ау, Тақа, шыныңды айтшы, осы әйел қандай өзі? Тамырын ұстап, байқадың ба? Таңқыбай. Байқағанда қандай, сен дегенде шығарда жаны басқа, еіс кетіп, елтіп жүр. Тұман. Қалай қарайсың, маған жар болуға жарай ма? Таңқыбай. О, мұндай ақылды әйел көрсем көзім шықсын. Өзі саудагер, қазір кем дегенде 50 мыңдай ақшасы бар, үй іші аузы-мұрнынан шыққан дүние» [4,319],-деп асыра сілтеп жібереді.
Негізінен, әсірелеу бұл – пародияның бір элементі. Ол арқылы белгілі бір құбылыс сын тезіне алынады. Мрожектің әр шығармасынан қайсыбір құбылыстарды әсірелеп көрсетуді байқаймыз: идеологиялық ұрандарды, қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынастарын, басқарудағы кемшіл тұстарды пародияның объектісіне айналдырады. Мәселен, драматург
«Танго» пьесасының екінші актісінде Артур мен Евгений ағасының астыртын ойластырған жоспарларын жүзеге асыру үшін тыңшы кейпіне еліктейді.
«Артур Бұл кім? Бейтаныс Мен Артур Кімсіз?
Бейтаныс Сенің ағаң. Евгений [7]. Артур Құпия сөз.
Евгений Жаңару. Жауабы?
Артур Жаңғыру. Дұрыс. Кіріңіз, аға
Әсіресе, автор мұны бірактілі «Ашық теңіз» пьесасында сайлау алдындағы компанияны, сайлаудың өзі мен ондағы ұрандарды көрсетуде шебер қолданады.
Жалпы қаламгер пародияны үш түрлі позицияда айқындайды. Олар: белсенді азамат, демагог және қарапайым адам. Бұған дәлел ретінде, «Полициядағы» бүлікшіл полиция қызметкерінің өз шалбарын жолақпен безендіріп, үйінде мундирін шешпей, тіпті демалыс күндері мемлекетке қарсы бүлік шығаратын абсурдтық әрекетін айтуға болады.
Мұнымен қоса, автор делегацияның мырзаларын, эмигранттарды, пайдакүнем адамдарды («Қасапханадағы» филармония директоры) немесе «Поручиктің өліміндегі»
«қиын жастарды» пародия тілімен айнытпай сипаттайды. Ал «Күрке тауық» пьесасында ақын, Рудольф, Лаура, капитан, дуана және шаруа образдары арқылы романтикалық позицияны пародиялайды. Ол гротескінің қисық айнасынан көрсетіледі. Драматург «Ашық теңізде» «кеме апатын», «Поручиктің өлімінде» «тірі өлікті», «екінші тағамда» «кәдімгі мещандық драманы» пародиялап, оны жалпы әдеби мотивтермен байланыстырады. Жалпы
«Қүрке тауық» пен «Поручиктің өлімі» драмаларын романтикалық туындыға жасалған құрылымдық пародия деп атауға болады. Көптеген сыншылар Мрожектің «Ойынын» Выспянскийдің «Үйлену тойына» жасалған пародия дегенімен, ол пародиядан гөрі аллюзияға келеді. Сонымен қатар драматург публицистикалық және ресми. тілдік стильдерге пародия жасайды. Оны пьесаларындағы стильдік құбылтулардан байқауға болады.
Комизмді тудырудың бұл жолын С.Адамбеков парақорлық, сыбайластық, шеттен тыс қулық жасау мәселелерін әшкерелейтін «Алтын кездік» сатиралық комедиясында шебер қолданады. Қарапайым халықты сүлікше сорған колхоз төрағасынан бастап, аудандық халық судьясы, бас есепші, агроном, бау-бақша бригадасының бригадері қосылып, ел мұңын облысқа жазған тілші Ә.Елеуовті еш жазықсыз соттап жібереді.
Тағылған айыпта «тілшінің жылқысы колхоз жүзімін жеп, елге ысырап жасады» делінеді: «Омаров. Жүзімге түскен ақиқат жылқы екені рас. Өйткені пысқырынып, осқырынып келді…/Елеуов. Пысқырынған жылқының бәрі менің атым бола ма?/Омаров. Қараңғыда қайдан білейін, бір жылқы кісінеді. Әрине, сенің атың» [8].
Немесе, «Мұсабаев. Азамат Елеуов, сіздің жеке меншігіңіздегі екі ат бір жыл бойына колхоз жеріне жайылған. Мамандардың есептеуі бойынша, 4320 сомның шөбін жеп, суын ішкен бұл қалай?/Елеуов. Жолдас, судья! Бұл маған жабылған жала, бұл жаланың сыры
терең жатыр. Менің жеке меншіктегі жалғыз атым 1958 жылы мұрат деген колхозшыдан бір құнан алған едім, оны етке өткізіп жіберді. Квитанциясы қолымда»[8],-деген айыпқа бір жағынан күлгенімізбен, екінші жағынан халықты берекесінен айырар осындай берекесіз адамдардан жиренеміз.
Ал С.Мрожектің тілдік пародиясын «Тестариумдағы» Регенттің тирадаларынан немесе «Ашық теңіздегі» кеме апатынан зарбап шеккендердің сайлау алды ұрандарынан айқын байқаймыз. Ойымыз дәлелді болу үшін «Ашық теңізде» пьесасынан келесі мысалдары келтіре кетсек: «Біз бұл жерге азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесімен жиналып отырмыз»,- десе, екіншісі: «Көп сөйлемеймін, солдатша қысқаша айтайын»,-дейді. Ал үшіншісі: «Сіздердің пікірлеріңізге кедергі жасамайын. Мен сауатсызбын және көп сөйлеуді ұната бермеймін» [3,125]. Әлбетте, бұл тәсілді сатирик жазушы С.Адамбеков те қолданған. Әсіресе, мұны әулиесымақ молданың («Алтын табақтағы жылан») шаласауатты Сәруарды
«таңғажайып» қасиетіне сендіруінен көреміз: «Сәруар. И…аулиям..Қарақатынды жабайы шошқаға жарғыз, итке талат. Әйтеуір, сүйегі осы сексеуілдің ішінде қалсын. Молда.
…Я,раббым, Я раббым, суфит! Суфит! Суфит! (Жыланның үстіне қолын бір айналдырады. Жылан да, табақ та жоқ болады). Я, раббым, перілер алып қашты, алтын жұтқан айдаһар енді Қарақатынды жаныштап, умаждап өлтіреді…» [4,239]. Кейінірек, біз ешбір таңғажайып болмағанын, Сәруардың аңғалдығын пайдаланып, алтын табақ пен жыланды Қарақатынның ала қойғанына көз жеткіземіз.
Мұнымен қоса, Мрожектің «Бақытты оқиға» пьесасында газеттегі хабарландыруларға пародия жасалған. «Күнгей жақта, теңізге қарап тұрған бөлек бөлме және Мон Блаши пайдалы бағамен жалға беріледі» [7]. Алайда аталған бөлменің күнгейде түгіл, жуынатын бөлмесі де болмайды. Тіпті бөлек бөлмесі де болмай шығады. Әрине, аты дардай хабарландырудың шындыққа жанаспауы – қосымша комизмді тудырып тұр. Немесе, оны газет хабарламасының керісінше, берілген нұсқасын да көреміз:«Ешбір жағдайы жасалмаған, ешбір әдемі тұсқа қарамаған, үй иелерімен бірге тұруға дайынмын»[7].
Комизмді тудыру келесі бір жолы ретінде Мрожек пен Адамбеков күтпеген тосын, қарама-қайшы, әр түрлі, түрлі жоспардағы, бір-бірін жоққа шығаратын құбылыстар мен түсініктерді құрайтын әдістерді пайдаланады. Бұған түрлі деңгейдегі сәйкестілік бен қарама-қайшылықтарды жатқызуға болады. Бұл оның стилінде, көңіл-күйінде, өзін-өзі мақтауда, тіпті киім киюде де байқалады. Мәселен, Мрожектің «Танго» драмасында Евгения әжейдің көйлекпен кроссовканы үйлестіріп, басына шабандоздың бас киімін киеді. Ал Евгенийдің қатты жағасы бар жейдемен ұзын балақ дамбалды киюі күлдіретіні анық. Сол сияқты тосыннан жасалған салыстыруларға «Тангодағы» Элеонораның тәрбиесіз Эдикті көбелекке теңеуі езуімізге күлкі ұялатады: «Ол әр кезде сондай еркін, табиғи, тура көбелек сияқты» [7,82],-десе, жаңағы «көбелек»: «Нені тұздайын?-деген қарама-қайшы ой айтады. Немесе, Стомилдің: «Мен еркін әрі семіз суретшімін» деп екі жақты сипаттама беріп, ұлынан: «Сен тағыда елші болғың келе ме? Сен шайтансың ба?» [7], немесе, «Бақытты оқиғадағы» анархисті күтушінің есімімен атау, «Сиқырлы түндегі» семіз мырзаны «торғай»,
«Екінші тағамдағы» көкекті «әке» деп, «Бұл құс емес, қоқыс» деуі шағын комизм құрайды. Әсіресе, Мрожек комизімді жасау мақсатында әртүрлі қисынсыз нәрселерді салғастырады.
«Қасапханадағы» скрипкашының калейдоскопты бақытқа алмастырғысы келуі;көздің өткірлігі өмірдің ұзақтығына әсері бардай, «Каролдегі» көз дәрігерінің «Мен жақын қашықтықтан көргенімен, әлі де тірімін» деуі – таза комизмді байқатып тұрғаны сөзсіз. Осындай керемет салыстырулардың арасында пародоксті де аңғарамыз. Мәселен,
«Стриптиздегі» мырзаның «Мен қысымның астындамын, бірақ мен еркінмін» деуі, біздіңше, ойға сыйымсыз, себебі физикалық әрі психологиялық тұрғыда қысым көрген адам еркін болуы мүмкін емес.
Бір-біріне қарама-қайшы жайттарды үйлестіру, не мағынасы қолдану аясына сәйкес келмейтін сөздерді қолдану арқылы С.Адамбеков комизмдік әсер туғызады.
«Аюбайдың ажалында» Кәлменьч әйелін өзін арбап алған періште-жыланға балайды:
«…Алжыған қойдың миын жеген ақымақ басым, қартайғанда жас қатын алып, не әкемнің
құны бар. Ай, Аюбай, мойныма бір ақ жыланды орады да қойды, өкіл кетсе – өзіме қайта қосады… (Күліп). Адалмын саған дейді, әйтеуір, періштем. (Тамсанып). Шіркін, жас махаббат – бір күн де болса не жетсін саған! Мойнымнан құшақтағанда буындырып өлтіре жаздайды, періштем»[4,166]. Немесе, «Алтын табақтағы жыланда» ерлі-зайыптылар берекесіз ұлдарын тасбақа не жыланға ұқсатады: «Сәруар. И, шал, мен жылан тудым. Қойбағар. Ойбай, шорым, мен тасбақа таптым»[4, 224].
Комизм түрлі стильдерді қарама-қарсы қоюмен де жүзеге асады. Мәселен, Мрожектің
«Екінші тағамда» әкенің өзі туралы әңгімені шабытпен айтқысы келіп, «Қазіргі өмірімде де…»,-деп бастағанында, одан «Сенде қонжық болдыма?»-деп сұрайды. «Шекарадағы үйдегі» дипломаттардың шекарада орналасқан отбасыға келіп, өздерін сыпайы ұстап, адамгершіліктерін танытады. Ал үй иесінің әйелі болса, «Тек үйді ластамаңыздаршы, еденді жаңа сүрттім. Сосын бұл жерге жіпті де байламаңыздар» дейді. Сонымен бірге «Өзін-өзі жоғалтқан Кинолог» драмасындағы сөз қолданыс та бізді бей-жай қалдырмайды. Шебер тілмен айтылған ойының соңы қанды оқиғаға ұласады. Пьесада: «Екі жүрек бір-бірін сүйсе, әрбір оқиға бақытты аяқталады» деген романтикалық шумақты айта келе, Рудольф Лаурамен қашуын, итті өлтіруін гротескілік негізде баяндайды. «Кешікісін сарай қабырғасының қасында тұрғам. Мен жалдаған құл итті соқыр ішекпен улап, ит ессіз құлаған болатын. Сол кезде мен бақтағы қылтима арқылы сүйіктіме барғанмын»[7].Аталған шығарма романтикалық стильде жалғасын табар ма еді, капитан «ит қайда?» деген сұрағын қоймағанда? Осындай тоссынан үзілген ой мен сауалдың қоюылуы нағыз пародияны танытады.
Негізінен, белгілі бір істен ерекше әрі ғажайып нәтиже күткенде, оның орнына қарама- қайшы немесе барды жоққа шығаратын жайттардың туындауы мүмкін. Мәселен,
«Тангодағы» отбасы мүшелері суретке түсу үшін бір сәтке өнегелі отбасының кейпін сомдайды. Алайда Евгения әжейдің кенеттен түшкіріп: «Ештеңе жасай алмаймын. Мұның бәрі нафталиннің кесірі» деуі барлығының суретке түсуге деген құлшынысын тарқатады. Сол сияқты драманың үшінші актісінде де комизм киім қайшылығынан туындайды. Яғни шығарманың басында классикалық үлгі түгіл, талғаммен киіне алмайтын кейіпкерлер, кульминацияда түбегейлі өзгереді. Аталған пьесадағы Артур әкесіне өзінің абыройын қорғау үшін қолына тапанша беріп, анасының бөлмесіне жұмсайды. Алайда жұбайының ашынасы Эдикті өлтіруден гөрі, Стомилге карта ойнау оңайырақ түсетінін Мрожек комизм тілімен шебер бере білген. Ал «Полициядағы» басшылықтың тұтқынның қылмыскерлік болмысын түсіну мақсатында оған жарылғыш зат беруі, оны генералға тастатуы – гротескілік эффект тудырады:«Полиция басшысы: Генерал, Сіз тірімісіз?/Генерал: Мен ақымақ емес шығармын, тығылып қалғам» [3, 42].
Дәл осындай қайшылыққа С.Адамбековтың «Күн мен көлеңке» комедиясында куә боламыз. Пьесаның басында Тұманға кейіпкерлермен бірге, біз де сенеміз: «Тұман (қарсы келе жатып)Тұманың ғой бұл. Апатайым аңсадым…Жиенжан, өрісім менің, жайлауым (ішкі қалтасынан сурет, газеттер алып). Міне, қалқам, сенің жіберген суреттерің. Апам ды айтпай таныдым. Мынау әкең герой болғанда, суреті басылған «Правда». Осы «Правда» ғой бізді табыстырған…» [4, 297]. Яғни автор оқырмандарын Тұманның Ақтаевтар отбасының жоғалып кеткен мүшесі деген ойға сендіріп алады да, кейін шығарманың шарықтау шегінде оның алаяқ екеніне көз жеткіземіз:«Күн көрместен түнде жортқан қасқыр. Салқын белді шулатып, жасыл көлді лайлап, жеткен жерің осы ма? Мықты ауылда, мықтап түсіпсің қақпанға. Бұл бетіне көн жапсырған пәтшағар, менің әскердегі баламның атын жамылып жүрген алаяқ. Ырғызбайдың Тұманы. Менің баламның басқан ізінен садаға кетсін! (Тұманға). Хат қайда, газет суреттерін неге ұрладың, бәтшағар?! Қараңдаршы, осының жаны толған жалған мандат…»[4,311].
Әлемдік зерттеулерде комизм – жай (бағаламау және пайымдамау) және күрделі түрлерге бөлінеді. Бұл орайда, зерттеуші Дземидок комизмді – юморлық ақкөңіл, жаман қасиеттерге қарағанда, жақсылығы көп) және юморлық емес (сенімділік ұялатпайтын) деген
жіктемесін ұсынады. Сондықтан сатира соңғы түрге жатқызылып, тиісінше ол қалыптасқан идеалдық ұстанымдарға сай, жамандықпен күресіп, оны әшкерелейді.
С.Мрожек пен С.Адамбеков – заман шындығын, қоғамның «әлсіз» тұстарын боямасыз сипаттай білген сатириктер. Сондықтан олардың көптеген пьесалары сатиралық түрде жазылған. Мәселен, Мрожектің «Сиқырлы түн» пьесасы – делегация құрамындағы мырзалардың лауазымдық әрекеттерін, «Полиция» — сержанттың қызметіне адалдығын,
«Танго» — ескі авангардты немесе жастары сәйкес келмесе де, өздерін тым еркін ұстайтын жандарды әшкерелейді. Негізінен, делегация құрамындағы мырзалар түрлі қызметтік сатыда, лауазымдары жоғары не төмен болғанымен, олардың өзара достық көңілдері жарасқан. Алайда, аса құрметті әріптес мырза одан жоғары қызметтік дәрежедегі әріптес панға бағынып, қызмет етеді. Тек түсінде ғана «сөз бостандығына» ие болып, шынайы ойларын жеткізе алады. Дегенмен, оның өзінде қызметтік сатының ықпалы бар. Оны әріптес мырзаның ескертпесінен түсінеміз: «Сізге абайлаңыз дегім келеді. Себебі бұл тек сіздің түсіңіз және сол үшін сіз жауаптысыз» [3, 234].
Сол сияқты Мрожек лауазымы жоғары тұлғаларды сынай келе, билікке және «алып күш иелеріне» деген адамдардың жағымпаздығын сатира тілімен шынайы сипаттай білген. Алып қолдың қамауында қалған «Стриптиздегі» екеу оның ырқына көніп, өз дәрменсіздіктерінің құлына айналады. Шығармада: «Қымбатты қол!» Аса құрметті қол, Сіздің бізді тыңдау үшін жаралмағаныңызды білеміз, әрине, дегенмен, өзіміздің жүрекжарды лебізімізді білдіргіміз келеді» [3, 171]. Мұндағы алып күш иесінен қорыққан екеу, оған барынша жалпаңдаса, «Күрке тауықтағы» бәзбіреулер билік басындағыларға адал қызмет етуден гөрі сөз тасуды таңдап, жағымпазданады.«Әркім ханға әр түрлі қызмет етеді. Бірі – жер жыртады, екіншісі – қабырға бекітеді, ал үшіншісі – сөз жеткізеді» [3, 86].
Билікке деген адалдық пен жауапкершілік, қызметіне деген фанатизм «Полициядағы» сержантты тұтқынға айналдырса, «Петр Охейдің азабы» пьесасындағы ғалым өз болжамын дәлелдеу жолында «ақымақтың» күйіне түседі. Бұл өз алдына Мрожектің сатиралық тілімен шынайы бейнеленеді. Сонымен қатар драматург бәзбіреулердің өз көңіл-күйлерін көтеру үшін өзгелердің жанын жаралайтын эгоистік сана мен әрекеттерді де әшкерелейді. «Егерде кімде кім қорқынышты мысықпен тұрғысы келмесе, оған бір рет қарап, кетіп қалуы керек» [3, 56]. Бұл жерде адам бойындағы өзімшілдік, менмендік, ездік, әр іске деген немқұрайлылық сыналады. Сол сияқты Мрожек кейбір қарапайым көңіл-көтерудің салдары қатыгездікке әкелу мүмкіндігін де сатиралық түрде «Ойын» пьесасындағы үш жігіт әрекеті арқылы береді.
Ерлі-зайыптылар арасындағы опасыздық жасау мәселесін С.Адамбеков «Таланған жүрек» драмасында сатира тілімен шынайы жеткізеді. Пьесада: «Данажан. Бала-шағам да жоқ деген шығар. Саражан. «Өмірде жас нәресте сүймедім. Менен жазық жоқ, әйелім қасақана тумай жүр» деп зарлады. Қаражан. Өтірік. Иманың күйсін өтірік. Баяным, Аяным, Саяным тұрғанда Данажан мені тастамайды. Данажан. Жоқ. Сені босағадан аттатпаймын.Сендей опасыз әкеден аулақ өсіремін балаларды» [4, 142].
Немесе, «Оһх, жүрегім» сатиралық комедиясында Кәриманың оспадар мінезі Гүлжанмен өзара диалогқа түскенде айқындалады. Яғни Адамбеков кейіпкер бойындағы кемшіліктерді әжуа-мазақпен жеткізеді. Пьесада: «Гүлжан «Біздің апай мещанка адам. Жасы қырықтан асса да қыздай санайды өзін. Ұрысқақ, қызғаншақ.Қашаған ағай айтады, менен пара алады, қорқытады. Бір күні сізді прокурорға өзім сүйреп барамын…Ұсақ ұры ғой. Мұғалімнің тойына барғанда алтын қасық ұрлап алған дейді» [9, 354].
Комизмнің жасалу жолдарының бірі ретінде әр түрлі жағдайларда қаһарман және оның сөйлеу әрекеті арасындағы үндестікті я қайшылықты айтуға болады. Комедиялық кейіпкерлер комизм жағдайында көрініп, олардың сөздері орынды я орынсыз әзілмен үндестік табады. Сонымен бірге комедиялық драмадағы кейіпкерлердің тағдырында белгілі бір трагедиялық оқиғалар көрініс табады. Мұны Мрожектің «Стриптизіндегі» екеу мен
«Ойындағы» үш жігіттердің іс-қимылдарынан, Адамбековтің «Аюбайдың ажалындағы»
Аюбайдың абсурд өлімі мен «Қасиетті шайтан» көліндегі жаназа» пьесасындағы «Нейтрон бомбасын жасаушылардың бос әурешілік әрекеттерінен аңғарамыз.
Мрожекпен Адамбеков комизмі ең алдымен, сөздер мен комизм жағдаятына тікелей байланысты. Қарамгерлер толық комизм тұлғасын жасамайды. Олар тек жартылай «байшыл» («дөкей»), «сараң» немесе «жалған діншіл» образдарын құрайды. Мәселен, Мрожектің
«Карольдегі» атаның уақытша «мергеншілікпен» айналысып, көзі нашар көретін дәрігерді көздейді; ал дәрігер қорықпайтын жаудан қорқып (дәрігерге оған көзделген тапанша ғана үрей тудырады) күлкілі күйге түседі. Бұл жерде Мрожектің комизмдік тұлғасы тек белгілі бір жағдайды не әрекетті танытуда көрінеді.«Карольдегі» атаның негізгі мақсаты ату;
«Бақытты оқиғадағы» ата – бүлік шығарушы, ол өз отбасына террор жасап, сәт сайын үрейде ұстайды, содан әлдебір ләззат алады. Немесе, «Күрке тауықтағы» капитан алаяқ;
«Полициядағы» бұлікші-сержант адал қызметкер бейнесінде көрінеді. Сол сияқты кей адамдар өз тағдарларын өздері иебола алмай, біреудің жансыз «қуыршақтарына» айналуын сатирик комизм тілімен дөп бейнелей білген. Адамбековтің «Бір түндегі төрт төбелес» сатиралық комедиясындағы Майлыбас Макардың қылмыстық топты ұстау үшін уақытша малайға айналуы; «Күн мен көлеңкедегі» Тұманның Ақтаевтар отбасын тонау үшін жоғалған туыстарының атын жамылу –комизм элементтерімен шебер сипатталады.
Ендігі жерде комизм туындайтын жағдаяттарды саралайтын болсақ. Мәселен, Мрожектің «Қасапшыдағы» өзіне сенімсіз, енжар, босбелбеу скрипкашы анасынан именіп, жасы біршамаға келгенімен әйел затымен болғанын айтуға жасқанып, флейлистканы кілемге орап, жасырғысы келеді. Ал «Күрке тауықта» бәрінен баз кешкен диуананың қиындықтарға шыдай алмай, қателесіп қоғамға қайта оралады. Немесе, осы пьесадағы Лаурамен әңгімелесіп тұрған ақын романтикалық ишарат жасау мақсатында қыздың маңдайына қолын қойып, кейіннен қолы талғасын, екінші қолын ауыстыруы – тым күлкілі. Және де барлық мырзалар Лаураға өз бет орамалдарын ұсынғанда Рудольфте ол болмайды. Ал капитан болса лас шүберекті ұсынады. Мұндай комедиялық оқиғаны «Эмигранттардағы» ХХ-тың өз көршісінен (ол байқамай тұр деп) бір тал темекіні ұрлағанынан да көреміз.
Ал «Полициядағы» басшылықтың кезекті рет тұтқынға адал қызмет ету туралы шартты оқығанында, жылдар бойы қол қоймай, қарсылық білдірген тұтқынның кенеттен келісуіне – полиция басшысы таңқалады әрі керісінше, үкіметке қарсы үгіттей бастайды. Бұл әрине, шынайы комизмдік әсер қалдырады. «Сиқырлы түндегі» екі мырзаның көрші бөлмедегі біреуді құлыптың тесігінен қарауы да сатиралық әзілмен беріледі: «Қымбатты әріптес мырза, түсінемін, мектеп кездерінде… Бірақ, қазір? Сіз бір отбасының отағасысыз…/Қымбатты әріптес мырза күле бастайды/… Ол жерде не бар?» [7,222]. Алғашында Әріптес мырзаға өз наразылығын білдіргенімен, кейін ол да көрші бөлмеде не болып жатқанын көргісі келеді. Сонымен бірге әлгі мырзаның комизмдік болмысы оның өзінің жасы мен семіз қарнына қарамастан, бикештің қасына отырып, оның қолындағы сөмкені тартып алғысы келеді. Кейіннен сөмке қымбатты әріптес мырзаға тиесілі екені белгілі болады.
Бұл дәстүрді Адамбеков өзінің «Алтын кездігінде» жалғастырады. Бау-бақша бригадирінің ешбір дәлелсіз тілші Елеуовке жала жабуы да күлкі тудырады. Пьесада:
«Мұсаев. Ал, Омаров, колхоздың бір түп жүзімін қиратқан азамат Елеуовтың аты екенін дәлелдеңіз. Омаров. Жүзімге түскен ақиқат жылқы екені рас. Өйткені пысқырынып, оқыранып келді… Елеуов. Пысқырған жылқының бәрі менің атым бола ма? Омаров. Қараңғыда қайдан білейін, бір жылқы кісінеді. Әрине, сенің атың»[8]. Немесе, «Күн мен көлеңкедегі» Тұманның өтірігі ашылып қалғанда, ол керісінше, бар жаланы Ақтаевтар отбасына жаба салады.
Негізінен, Мрожек пен Адамбеков комедияларын зерттеуші-ғалым Дакута Батлердің классификациясына сүйеніп талдауға болады.
Олар: 1. Жалпы комизмдік жүйеге (механизмге) құрылған сөздік әзілдер; 2. Жеке сөздердің, сөйлемдердің және фразеологизм бірліктерінің модификациясы; 3.Неологизмдерді жасау; 4.Сөздік қордың дәстүрлі элементтері бар әзілдер; 5.Абсурд комизмі[10,67].
Әрине, аталған жіктемедегі барлық элементтер қос драматург шығармашылығында кездесе бермейді. Көбінесе, жалпы комизмдік эффектісі бар сөздік әзілдер немесе сөздік қордың дәстүрлі элементтері бар әзілдер, яғни полисемия немесе омонимдер қолданылады. Дегенмен, неологизмдердің жасалуы немесе жеке сөздер мен сөз тіркестерінің модификациялары да кездеседі. Сондықтан болар қос драматургтің шығармаларында жиі ұшырасатын жалпы комиздік эффектісі бар сөз әзілдері, парадоксті салыстыру әрекеттері кездеседі.
Сөзіміздің дәлелі ретінде, Мрожектің «Қасапханасынан» келесі диалогты келтіреміз.
«-Бірақ, біз қоштастық қой.
-Мәңгілікке. Бірақ ұзаққа емес».
-Сенің ойың шедевр болатын. Тап-таза ақ жағасы бар киім. Қауіпсіздік киіміңе ұқсас»
[3].
Мұны Адамбековтің «Алтын кездігіндегі» Омаровтың сөзінен де кездестіреміз:
«…Қараңғыда қайдан білейін, бір жылқы кісінеді. Әрине, сенің атың» [8].
Сөздің мағынасын жете түсінбеу, әлдебір мәселені толық аңғармау жайттары да біршама комизм тудырады. Мұны «Күрке тауықтағы» Рудольфтың «графоман» сөзін ұғынбай, оны мақтау (комплимент) сөзге балап, масаттануынан байқаймыз.
«Рудольф – Графоман!
Капитан – Иии, одан қандай графоман дейсің!/бір мақтау сөз айтылғандай жаратпайды» [3, 114].Дәл осындай түсініспеушілікті «Карольдегі» көз дәрігерінің атаны протоплазма леп атағанында немересінің жақтырмай, дүрсе қоя беруінен де аңғарамыз. «Сіз қателесіп тұрсыз, мырза! Сіздің атаңыз протоплазма болған шығар, бірақ менікі емес! Біздің отбасымызда ешқашан соз ауруымен науқастанған адам болған жоқ! Тек қарудың оғынан жарадар болған» [7].Белгілі бір жағдайда коммуникацияға түсушілердің бір-бірін түсінбеу де комизм тудыруы мүмкін. Мұны Адамбековтың «Қасиетті қайтан» көліндегі жаназа» пьесасында кездестіреміз:
«Лиз. Сіздің Нейтрон бомбасын құшақтап жатып қайтыс болғаныңыз – әлемді бір қатерден сақтар еді. Ник Адамс. Жоқ, өлгенде сіздің суретіңізді кеудеме басып жатып өлемін, Лиз» [4, 220].
Мрожек комизм эффектісін жасауда кейіпкерлеріне кейбір сөздерді бірнеше рет қайталатады. Мәселен, «Эмигранттарда»:
«АА …Қазір майшам өшеді.
ХХ /мазақтай/ Қазір майшам өшеді». Немесе, «Ойында»:
«N Әкем айтты…
B Әлде бар, әлде жоқ (ойын) – Әке-пәке» [3,180]..
Драмадағы кейіпкерлердің бір-бірінің сөзін мазақтағандай қайталау үрдісі Адамбековтің «Бір түндегі төрт төбелес» комедиясында жалғасын тапқан болатын. Шығармада: «Дүрия. Мұрныңды ара шағып алды, көзіңді ағашқа соғып алдың. Макарьч. Мұрнымды ара шағып алды, көзімді ағаш жырып кетті» »[4, 250].
Кейбір зерттеулерге, гротеск бұл комизмді жасаудың бір амалы ретінде қарастырылады. Алайда ол тек күлкіні ғана тудырмайды, сонымен бірге қорқыныш пен мазасыздықты көрсетеді. «Әдебиет» пен «өнерде» гротеск әр қырынан көрінеді. Кайзер
«Groteska w malarstwie i literaturze» еңбегінде «гротеск» сөзінің мағынасына және оның тарихи даму жолына анализ жасайды..
Терминнің өзі италья тілінен «grottesco», «la grottesca» /grotta – шұқыр/ jaskinia,grota/ сөзінен шыққан. Бұл атаумен біздің эрамыздың басында, ХҮ ғасырдың басындағы Рим және Итальядағы қолжазба нұсқаларында әшекейлер аталған. Бұл әшекейлерге тән белгі – олардың реалды дүниені иррационалды түрде қайта жаңғыртуында. Ғасырлар бойы метаморфозалық ерекшеліктеріне қарамастан, гротеск әрдайым үдерісте болған. ХҮІІ ғасырда Француз Академиясының Сөздігіне «гротеск» деген сын есім енгізілген. Яғни, ақымақ, талғампаз/ сөйлеу, киім кию, бет-бейнені күту/ мағынасында қолданылған. Кезінде П.Бруегл және И.Бош шығармалары гротеск туындысы ретінде қабылданған. Әдебиеттегі
гротеск Гете, Ленц және ХІХ ғасырда Э.Хофман, Э.Алланнан бастау алса, ХХ ғасырда А.Кубин, Г.Мейринк, Кафка, Альберти мұралары арқылы жалғасқан. Ғасырлармен өлшенетін гротеск түсінігі талай өзгеріске түскен, бүгінде оның нақты тұрақты анықтамасы жоқ. Ғалым Филипп Томсон өзінің «The Grotesque» еңбегінде гротескі бұл – «Іс пен әрекетте шешілмейтін, келісуге болмайтын қарама-қайшылылықтар»[11,27],-деп атайды.
Томсон гротескінің негізгі элементі ретінде дисгармонияны көрсеткен. Дисгармония ұғым – келіспеушілік, қайшылық, комизм әрі қауіп дүние деген мағынаны білдіреді. Яғни адам мен жансыз заттың үйлесуінен туындайды. Мәселен, «Қасапханадағы» скрипкашының ритуалды түрде өз музыкалық аспабын қасақана «өлтіруге» әрекеттенуін айтуға болады. Пьесада:«Флейлистка: Бұл маған қатысты емес, дегенмен сен скрипканы менің беліме ұқсатқансың, ол менің белдерім. Скрипканы құшақтап, мені ойлайтынсың. Егер скрипканы сындырсаң, мені де сындырғаның. Скрипкашы: А, скрипкалар. Сіз менің махаббатымсыз ба? Оның иілгені талай құштарлығымды оятқан, мойныңыз іспетті. Сіз сияқты тәтті. Бәріне рұқсат беретін… Сізге батыр жақындауым үшін бе?/…/Қазір бәрі басқаша». Сондықтан жан даусымен: «Өлтіргіш! Өлтіргіш!» [3,63],-деп ай,айлайды.
Өлімнің түрлі формасы Мрожек пен Адамбековтың көптеген шығармаларында кездеседі. Әсіресе, өз-өзіне қол жұмсау әрекеті Мрожектің «Қасапханада», «Ойында»,
«Эмигранттарда» көрініс табады. «Ойындағы» жігіттің өзіне қол жұмсауын қалған екеуі жүзеге асырғысы келеді. Алғашында B мен S достарын бұл сандырақ істен бас тартуға үгіттесе, кейіннен оның өлімі оларға пайда әкелетінін түсінген олар құрбандықтарын асуға дайындай бастайды. Ал «Эмигранттарда» керісінше, ХХ-тің өзіне қол жұмсауынан бұрын, отбасына жазған хатында: «Мен аманмын. Сіздерге де соны тілеймін» десе, Адамбековтың
«Оһх, жүрегімдегі» Қашағанның өлімі, керісінше көрінеді: «…Түрме – отауым, Лагерь – жайлауым. (Қалшылдап). Қырып кетемін… Егер сіздерді қимасам (жыламсырап) өзімді-өзім атып тастаймын да, «ажалыма себепкер болған апам, жездем, менің өлу себебім солардың қорлығы» деген хат тастаймын. (Ойланып, қатланып). Жоқ, жоқ, о дүниеге сендерді жетектеп кетейін» [4, 349]. Яғни өлім гротескілік түрде салғастырылады.
Жоғарыдағы мысалдардан біз комедиялық және трагедиялық элементтердің байланысыны көреміз. Қарама-қайшылық, келіспеушілік – гротескінің басты белгілері. Мрожек тілінде гротескілік салыстырулар көптеп кездеседі. Мұны «Қасапханадағы» қасапшының салыстыруларынан аңғарамыз: «Мен абайлап тураймын, өзімді кесіп жатқандаймын және пышақты туған әкеме арнағандай қайраудамын, ал олар басқаша ырылдамайтын сияқты. Бұл ақымақ жануарлар, мырза»! [7, 67]. Енді бірде Мрожек адам болмысының қайшылықты жақтарын, яғни дөрекі, өзін қорғаудағы жабайы инстингті, өркениетті адамдардың мәдениетін салғастырады. «Ашық теңіздегі» кеме апатынан аман қалған үшеу тіршіліктерін жалғастыру үшін біреуді жеу қажетттілігін ойластырады. Бұл ретте үшейдің бірі мәдениетті тұлға ретінде, «Мырзалар, өтінемін, менен дәм татыңыздар» дейді.
Славомир Мрожек пен Садықбек Адамбеков драмалары – қайсыбір дәуір болмасын адамның өмір үшін күресін танытатын дүниелер. Мұнда адам мен болмыс, қоғам мен еркіндік, әлеумет арасындағы қарым-қатынас, билік пен халық, отбасы мен тұлға, өлім мен өмір күресі, жаратылыс пен мәдениет арасындағы қарама-қайшылық, мораль мәселелері көрініс табады. Сондықтан драмалық шығармалары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді комизм талғамында, сатира өлшемінде, абсурд түсінігінде шебер бейнелей білген.
– 167
Әдебиеттер:
1 Dziemidok B. O komizmie, W-wa 1967, teorie i podzial komizmu za Dziemidokiem
2 Szuman S. O dowcipie i humorze, «Marcholt» 1936, nr 2, s.241-242
3 Mrozek S. Utwory sceniczne, t.1, Krakow 1973, s.17
4 Адамбеков С. Қожанасыр қақпасы: Әңгімелер, пьесалар . – Алматы: Жазушы, 1989.
5 Tadeusz Boy-Żeleński, Z mojego dzienniczka. Akord smutku (Kraków – Warszawa 1917.
s.21
6 Адамбеков С. Көсенің көзі: сатиралық әңгімелер, фельетондар, сатиралық комедия. —
Алматы: Қаз.мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1961.–161
7 Mrozek S. Utwory sceniczne, t.2, Krakow 1973, s.50-51
8 Адамбеков С. Алтын кездік. Үш актілі сатиралық комедия//Қазақ әдебиеті, 1959. ҮІІ.9-бет
9 Адамбеков С. Қожанасыр қуырдағы: Сатиралық әңгімелер жинағы. – Алматы: Жазушы, 1967. –354
10 Buttler D. Polski dowcip językowy. W-wa 1968.s.67
11 Thomson Ph. The Grotesque /The Critical-Idiom/, London 1972, s.27
В статье рассматривается творчество известных драматургов 1960-80 годов казахской и польской литературы Славомира Мрожека и Садыкбек Адамбекова. То есть оба автора в своих произведениях использовали понятия абсурда и особые диалоги противоречащий нормам логики, логическую инверсию, гротекс, языковую пародию, впечатление как пути создания комизма. Вместе с тем Мрожек и Адамбеков в порождение комизма использовали определенное явление, разнообразие их видов, приводит к деформации, создание неожиданных, противоречивых явлении и событии, сравнивается и анализируется мастерство соответствие гармонии и противоречии. Также в статье делается анализ теоритическим суждениям аллегории комизма – формирование комизма и и его развитие.
The article deals with the works of famous playwriters of the 1960-80s of Kazakh and Polish literature Sadykbek Adambekov and Slavomir Mrozek.That is, both authors used in their works the notions of absurdity and special dialogues that contradict the norms of logic, logical inversion, grotesque, language parody, impression as a way of creating a comic.At the same time Mrozek and Adambekov used a certain phenomenon in the creation of the comic, the variety of their forms leads to deformation, the creation of an unexpected, contradictory phenomenon and events, the skill of harmony and contradiction is compared and analyzed.The article also analyzes the theoretical judgments of the allegory of the comic — the formation of the comic and its development.