МӘДЕНИАРАЛЫҚ ҚАТЫСЫМДАҒЫ ТІЛДІК САНАНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мақалада ассоциативті эксперимент негізінде өзге мәдениет өкілдері тұлғаларының санасындағы Қазақстан мен қазақтарға байланысты социомәдени ассоциациялар талданады. Ассоциативті өрістер мысалдарында тілдік сананың этномәдени ерекшеліктері сипатталады. Сауалнама нәтижелері әртүрлі дүниетанымдағы этномәдени құндылықтарды анықтауға ықпал етіп, мәдениаралық қатысымдағы социомәдени реалийлерді салыстыруға мүмкіндік береді. Автор ассоциаттарда берілген субъективті ақпаратқа талдау жүргізеді. Тілдік құралдар арқылы берілген гендерлік айырмашылықтар мен оларды бағалауына салыстырмалы сипттауына аса назар аударылады.
Түйін сөздер: мәдениаралық қатысым, тілдік сана, этномәдени құндылықтар, ассоциативті эксперимент
Мәдениаралық қатынастың үдерісі түрлі этномәдениет өкілдерінің өзара тілдесуін білдіреді. Бүгінгі Қазақстанның көп мәдени мемлекет ретінде дамуында ұлтаралық өзара қарым-қатынас мәселелері өзекті болып қалуда. Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы ұзақ өзара әрекет жалпы құндылықтар мен стереотиптердің құрылуына әкелді. Нақты жұптасқан мәдениеттің өзара қатынасының ерекшелігін зерттеу мәдениаралық байланыстың тәжірибелік мәні болып табылады. Біздің зерттеулерімізге өзекті болып табылған дүние — екі «алыс» және контрастты қазақ және американ этнолингвомәдениеттерінің өзара әрекеті мен оларды салыстыру болып табылады. Қазақ реалийлері туралы деректерді тұжырымдау және мәдениаралық ерекшеліктерді және қазақ менталитетінің өзгешелігін сипаттау мақсатында американдық этнолинговмәдениет өкілдерімен ассоциативті тәжірибе жүргізілді, бұл көп ұлтты Қазақстанды мекен ететін түрлі ұлт өкілдері (орыстар, кәрістер, немістер, ұйғырлар, ингуштер және т.б.), яғни басқа респонденттермен салыстыру арқылы анағұрлым дәлелді нәтижелер береді.
Жұмыста бақылаудың негізгі жалпы ғылыми әдістері, алынған нәтижелерді қорытындылауға бағытталған салыстырулар мен сипаттаулар, деректер сараптамасы мен интерпретациясы, оларды жүйеге келтіру мен топтастыру қолданылады. Әртүрлі этнолингвомәдениет өкілдерінің санасындағы бейнені анықтауға бағытталған тәжірибелік зерттеулердің арасында олар жөнінде анағұрлым ақпарат беретіні зерттеуге алынғандардың сөздік байланысын сараптауға бағытталған психолингвистикалық әдіс болып табылады. Белгілі бір сөзге берілген реакция тілдік сананың ерекшелігімен негізделеді және оның ұлттық-мәдени компонентін көрсетеді. Біздің зерттеудің аясында өнімді психолингвистикалық әдіс ретінде еркін ассоциативті тәжірибе және Қазақстанда тұрған уақытта америкалық студенттерде қалыптасқан бейнелік-бағалау сипаттамаларды анықтау мақсатындағы сауалнама қолданылды. Осы тәжірибе барысында ақпарат берушілер
ұсынылған стимул сөздер жиынтығына белгілі бір уақыт аралығында олардың санасында пайда болатын бейнені білдіретін кез келген тілдік бірліктермен жауап берді. Психолингвистикалық ассоциативті тәжірибені жүргізу сынаққа алынатын стимул сөздер, реакция-сөздердің сөздік байланыстарын өңдеуге негізделген. Тәжірибе материалы ретінде лексикалық бірліктердің екі кластері ұсынылады: а) Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде сипаттайтын қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени мазмұндағы қазақстандық реалийлер: Қазақстан, қазақтар, Назарбаев, Астана, Алматы, қазақ тілі, қазақ отбасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті б) ұлттық мәдени қазақ реалийлері — америкалық мәдениет өкілдері үшін біржақты түсінілген лексикалық бірліктер: наурыз, бешбармақ, бауырсақ, қымыз, теңге. Сауалнамада барлық ұсынылған стимул сөздерге реакцияларды сараптау негізінде америкалық этнолингвомәдениет өкілдерінің тілдік санасындағы қазақ ұлттық мәдениеті мен қазақстандық реалийлер туралы тұжырым жасалады.
Зерттеудің нақты нәтижелерін алу мақсатында сауалнама алу жолымен әлеуметтік мәдени сауалнама жүргізілді. Сауалнамада Қазақстан, қазақ реалийлері және қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары туралы сауалдар қамтылды. Осы сауалдарға берілген жазбаша жауапта түсініктер, ойлар және респонденттердің Қазақстанға және қазақтарға деген жеке қарым-қатынасы қамтылған, бұл бізге мәдениаралық өзара әрекеттің мәселелерін сипаттауға және қарауға мүмкіндік береді.
Мәдениаралық өзара әрекет ұлттық мәдени стереотиптерді білуді болжайды, олардың феномені тек лингвистердің ғана емес, сондай-ақ әлеуметтанушылардың, этнографтардың, когнитология мамандарының, психологтардың, этнопсихолингвистердің (У Липпман, И.С. Кон, Ж. Коллен, Ю.Д. Апресян, Ю.А. Сорокин, В.А. Рыжков, Ю.Е. Прохоров, В.В. Красных, П.Н. Шихирев, А.В. Михеев, С.М. Толстая, Е. Бартминский, А.К. Байбурин, Г.С. Батыгин, С. В. Силинский и др.) еңбектерінде кездеседі. Мәдениаралық қатысым — бұл
«сананың патологиялық (жалпы нормадан ауытқыған) жағдайларында қызмет етуі, қарым- қатынасқа түсушілердің түсініктерінің ортақтығы жоқ кезді айтады. Бөтен мәдениет «қалыптан ауытқу» ретінде түсініледі, бұл ретте табиғи түрде өз мәдениетінің бейнелері қалыпты деп есептелінеді және бөтен мәдениет өзге бейнелерді алдымен өз мәдениетіне сәйкестендіру арқылы көрінеді» (аударма біздікі – С.М.) [1, 18]. Осыған байланысты, мәдениаралық қатысымда түсінбеушіліктің басты себебі қарым-қатынасқа түсушілердің ұлттық түсініктерінің сәйкеспеуінен деп білеміз. Біздің зерттеуіміз американдық респонденттердің тілдік санасында (ұғымында, түсінігінде) туындайтын Қазақстан және қазақтар туралы ассоциация көмегімен мәдениаралық қатынастағы этномәдени стереотиптерді анықтауға бағытталған. Сондықтан мақалада ассоциативті тәжірибенің ақырғы өнімі ретінде ассоциативті өріс талданады және сипатталады. Тәжірибенің теориялық негіздері Ресей Ғылым академиясының Тіл білімі институтының психолингвистика және коммуникациялар теориясы секторының қызметкерлері Е.Ф.Тарасов, Н.В.Уфимцев, Ю.А.Сорокин әзірлеген тілдік түсінік (ұғым, сана) бейнесі туралы ережелерге негізделеді. Вербальды реакциялардан құрылатын ассоциативті өрістер тәжірибенің нәтижесі болып табылады. «Тілдік түсініктің (сананың) ұлттық-мәдени ерекшеліктерін іздеу тілдік түсініктің (сананың) мәртебесін береді: ол бөтен мәдениетті оның мәні, қызметі мен ментальды формасы арқылы тану құралы ретінде қаралады, сонымен қатар өз мәдениетін танудың құралы ретінде қаралады. Айналадағы шындықты қабылдауға сол немесе өзге мәдениет қалай және қандай түрлерімен әсер ететіндігі жаппай жүргізілген ассоциативті тәжірибелердің нәтижелерін түсінуге көмектеседі» (аударма біздікі – С.М.) [2, 4] . Е.Ф.Тарасовқа сай тілдік сана (түсінік) бейнесі ретінде сөйлеу барысында субъект құратын ақыл-ес білімдерінің және пәндік қызметінде сезім органдарынан алынған перцептивтік деректерді өңдеу нәтижесінде санада туындайтын сезім білімдерінің жиынтығы түсініледі (аударма біздікі – С.М.) [3, 3].
Біздің зерттеуіміздің басты нысаны қазіргі қазақтандық қоғамның аксиологиялық сипаттамалары және тәжірибе деректері негізінде америкалық жастардың қабылдауындағы
ұлттық ерекшелікті сипаттау болып табылады. Сондықтан біз құндылықтарды мәдениеттің маңызды сипаты ретінде қарастырамыз, бұл когнитивті лингвистика мен лингвомәдениеттану бойынша заманауи зерттеулерде басым болып келеді (Н.Д. Арутюнова, А. Вежбицкая, С.Г. Воркачев, В.И. Карасик, Е.С. Кубрякова, Ю.С. Степанов, В.Н. Телия В.А. Маслова, В.В. Красных,).
Негізі мәдениаралық қарым-қатынас үдерісінің қатысушылары ең алдымен түрлі ұлттық тұтастықтың өкілдері ретінде қаралады. Сондықтан мәдениаралық қатысым мәселелерін зерттеу оған тәжірибе жүргізу арқылы анықталады. Оның мақсаты түрлі ұлттық лингвомәдениет өкілдерінің ассоциативті «әрекетінде» тілдік сананың (түсініктің) ұлттық мәдени ерекшелігін анықтау.
Мәдени ассоциацияларды жалпылау мен талдауға бағытталған ассоциативті тәжірибе мен әлеуметтік сауалнама жүргізу нәтижелері: а) қолдану жиілігінің деңгейі, сонымен қатар олардың семантикалық көлемі бойынша сараланатын ассоциациялайтын тұлғалардың жиынтығын; б) әрбір стимул сөз бойынша аксиологиялық сипаттамаларды анықтауға және сипаттауға мүмкіндік береді. Тәжірибе нәтижелерін өңдеу американдық жастардың санасындағы Қазақстан және қазақтармен байланысты мәдени ассоциацияларды талдауға бағытталған. Барлық ассоциацияға қатысушыларды сандық саралағаннан кейін стимул сөздің семантикалық өрісін құрайтын жиі лексикалық бірліктер белгіленді.
1. «Қазақстан» стимул сөзінің семантикалық өрісіне дала, Назарбаев, киіз үй, көшпенділер, жылқы, көк ту, кеңістік, аспан, қонақжайлылық, бүркіт, құрт, бешбармақ, Алматы, Астана, үлкен ел, бұрынғы КСРО, мұнай, уран, алтын секілді бірліктер енеді. Мұндағы көк, көгілдір түр-түс атаулары Қазақстанның туының түсімен байланысты. Мұндағы дала, Назарбаев, көшпенділер, мұнай сөздері доминант сөздер. Бұл әсерлер табиғи-климаттық, аймақтық, саяси, тарихи-мәдени және әлеуметтік-экономикалық факторлармен байланысты нақты мен салт-дәстүр сипаттарын білдіреді. Менің ойымша субъективті және бағалау сипаты жеке әсерлерде қамтылған, оның негізінде түрлі фрейм- құрылымдар жатыр. Мысалы, Қазақстан «бейнесімен» боксер Геннадий Головкин арасындағы ассоциация бар. Бұл кросс-мәдени мән бар. GGG аббревиатура мәдени-таңбалық код ретінде жалқы есімнің метафорасы болды.
«Қазақ» стимул сөзінің семантикалық көлемі қазақтардың ұлттық ерекшеліктерін сипаттайтын сын есімдер құрды: қонақжайлылық, қайырымды, сабырлы, қара торы, бидай өңді, көшпенділер. Бұл сөздер ұлттық ерекшелікті сипаттауға қызмет ететін тілдік бірліктер түсініледі. Деректерді өңдеу кезінде ең кең таралған сөз қонақжайлылық болып табылды. Дәстүрлік құндылықтарды және негізгі мәдени түсінік ретінде дәл осы қонақжайлылық әр сауалнамада кездесіп жатты, бұл сөз «қазақтар» стимул сөзінің семантикалық өрісінде бірінші және басты болып табылады. «қонағыңның алтынын алма, алғысын ал»; «асына тойғызбасан да, ақ ниетіне тойғыз».
Ассоциативті тәжірибенің және әлеуметтік сауалнама нәтижелері сауалдарға берілген жауаптардағы түйінді сөздер мен жиілік ассоциациялар қазақтардың ұлттық портретін жалпылайтын анағұрлым маңызды бағаларды қамтитындығын көрсетті.
Қазақ жігіті және қазақ қызы бейнесімен байланысты әсер ету сөздеріне бір мағыналы емес сипаттамалар берілген. Олар тек гендерлік айырмашылықты ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар қарама-қарсы аксиологиялық ерекшеліктерді білдіреді. Олар төмендегі кестеде көрсетілген
1-кесте – «Қазақ жігіті» және «қазақ қызы» стимул сөздеріне реакция ретінде анықталған синтагматикалық ассоциативті параллельдер
№ Қазақ жігіті Қазақ қызы
1 Советтік, сәнді емес, азиаттық, күшті,
мықты, еңселі, биік, бойы аласа Сұлу, сәнді, азиаттық, ұзын шаш,
қоңырқай, бойы ұзын, күшті, әлсіз
2. Ата-анасын құрметтейді, еңбекқұмар Отбасын қадірлейді, отбасын құрады,
отағасына мойын сұнады
3. Ақ пейілді, байсалды, аз сөйлейтін,
джинсы, көк клстюм Еңбексүйгіш, сезімтал, мықты сондай -ақ
әлсіз, қызық, ұяң, киім, макияж
4. Сексист (адамды оның генінен қарай менсінбеушілік), жалқау, дұшпаншыл, қырсық, жауапсыз, қамқоршыл емес, ұқыпсыз, өзіне сенімсіз, арасында
дөрекілік танытады, тазаламайды, темекі Мінезді, қызба, мейірімді, қатты боянған, жүкті, шаршаған, әйгілі
Кестеден көріп отырғандарыңыздай, реакциялардың (жауаптардың) көбі қысқа және әлеуметтік сипатты иеленген стереотиптер. Онымен қоса қазақ қызына шығыс әйелі, от анасы және отбасылық құндылықтардың сақтаушысы ретінде оң баға берілген. Америкалық респонденттер абыройына қарай оның сыртқы бейнесін белгілейді: сұлу, сәнді, азиаттық, қолаң шаш, қара торы, бойы ұзын, ұстамды, әлсіз. Осыған ұқсас баға беру сын есімдері жалпылама сипатқа ие. Біздің көзқарасымыз бойынша қазақ қызының бейнесі алынған жауаптарда жағымды мінезбен келтірілген: еңбексүйгіш, сезімтал және батыл, сондай-ақ әлсіз, қызық, ұяң, отбасын қадірлейді, отбасын құрғысы келеді. Расында қазақтар ежелден қыздарына қырағылықпен қараған, олардың тәрбиесіне ерекше назар аударған, жақсы әдет пен әдепке баулыған, болашақта қыздардың жақсы ана болуын қадағалаған. Үлкенге деген құрмет, отбасы құндылықтарын қадірлеу, сыпайылық, тіл алғыштық, еңбекқұмарлық, шыдамдылық ұлттық-дәстүрлік құндылықтар болып табылады. Осымен қатар екіқабаттылық, шаршаған деген ассоциативті жауаптар бірлі-жарым. Бұл ассоциаттар қазіргі қазақтандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық реалийлерімен байланысты. Соңғы жылдары Қазақстанда бала туу мәселесі артқан, былай айтқанда «бэби-бум». Сондықтан Алматы қаласы көшелерінде жүкті әйелдер көптеп кездеседі. Жалпы алғанда ассоциативті жауаптардың біркелкілігі тәжірибеге қатысушылардың ойында қалыптасқан бейнелердің біркелкілігін көрсетеді.
Ассоциативті жауаптардың мазмұны: ата-анасын құрметтейді, еңбексүйгіш, ақ пейілді, сабырлы, аз сөйлейтін сынды оң қасиеттерді көрсетеді. Ал «қазақ» деген стимул сөзге сексист (адамды оның генінен қарай менсінбеушілік), жалқау, дұшпаншыл, қырсық, жауапсыз, қамқоршыл емес, ұқыпсыз, өзіне сенімсіз, арасында дөрекілік танытады деген сөздерді қосқан. Мысалы, америкалық ұлттық лингвомәдениеттану өкілдері үшін заманауи демократиялық қоғамда әйел құқығын қысым жасау деген жат дүние. Сондықтан «сексиист» ассоциаты жиі кездескен жауаптардың бірі болды және осы әлеуметтік құбылысқа сыни қатынастың көрінісі болып табылады. Расында, дәстүрлі қазақ отбасында үй жұмысын, балалардың тәрбиесімен әйелдер айналысады. «Қазақстандағы әйелдер мен ерлердің рөлі қандай? Сіздің елдегі гендерлік қатынастармен салыстырыңыз» деген сауалға американдық респонденттер келесідей түрде жауап берді: «Қазақстандағы әйелдер құқығы Америкамен салыстырғанда төмен. Мен жұмыс, білім беру, саясат пен отбасылық өмірді айтқан едім. Әйелдер мен еркектер үшін дәстүрлік түсініктері әлі де Қазақстанда орын алған (Конрадтың сауалнамасынан); «АҚШ-та әйелдердің құқықтары еркектермен тең. Әйелдер мемлекеттік лауазымдарды еңбек етеді. АҚШ-тың келесі президенті әйел адамы болуы мүмкін. Қазақстанда әйелдер Батыспен салыстырғанда толық құқықтарға ие емес. Мемлекет әйелдің ең бірінші кезектегі мақсаты ана атану деп санайды екен дейді» (Виллямның сауалнамасынан)»; Бұл комментарийлер гендерлік дискриминацияның әлеуметтік мәселе екеніндігін білдіреді, бұл көптеген даулар мен қарсылықтарды туындатады. Ал жалқаулық қазақтарға тән қасиет ретінде қаралған. Бұл туралы Абайдың өзі «Қара сөздерінде» жазып өткен. «Ақымақ күлкіге тоймайды, жалқау ұйқыға тоймайды» халық даналығы, мақал- мәтелдер жалқаулыққа мін таға отырып, еңбекті сүюге шақырады. Америкалық мәдениетте еңбек табыс пен өркендеудің ажырамас бөлігі болып табылады. «When there is a will, there is a way».
Осылайша «қазақ» және «қазақ қызы» стимул сөздеріне жауаптар дәстүрлі отбасылық құндылықтар мен қазақтандық қоғамдағы гендердік қатынастардың әлеуметтік-мәдени белгілері туралы америкалық ақпарат берушілердің көзқарасын анықтауға мүмкіндік береді.
Америкалық этнолингвомәдениет өкілдері үшін біржақты түсінілген, ұғынылған ұлттық-мәдени қазақ реалийлері өте қызықты берілген: наурыз, бешбармақ, бауырсақ, қымыз, теңге. Бұл стимул сөздерге деген ассоциативті жауаптар әртүрлі және субъективті. Мысалы, бешбармақ пен бауырсақ сөздері олардың дәмдік қасиетінен, содан кейін ол қандай өнімдерден жасалатындығы жағынан жауап беріледі. Осыған сәйкес дәмді, майлы сөздері бауырсақ сөзіне жауап болады. Бауырсақ — қамырдан жасалған және майда пісірілген кішкентай дөңгелектер деген жауаптар берілген. Нысан немесе құбылыс бейнесімен байланысты ассоциат-атрибут сөздер ұлттық маркирленген сөздер: мереке, апа, наурыз, қонақ.
Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңге стимул сөзіне оның эстетикалық бейнесіне, яғни банкнотты ұлттық-мәдени символдармен бедерлеуімен байланысты туындаған сөздермен ассоциативті жауап беріледі: әдемі ақша, өнер, доллардан әдемірек. Және осы тұста американдық студенттердің Қазақстан Республикасына келген сәтіндегі қалыптасқан жағдайлармен туындаған сөздер: теңгенің құлдырауы, доллар бағамы, құнсыздану, әлсіз, тұрақсыз, экономика.
Тәжірибе деректері негізінде қазіргі қазақстандық қоғам реалийлерінің аксиологиялық ерекшеліктері мен америкалық этнолингвомәдениет өкілдерінің қабылдауындағы этникалық ерекшелік сипатталды. Ақпарат берушілердің жауаптарын талдау кезінде стимул сөздердің синтагматикалық және парадигматикалық үлгілерімен байланысты жалпы реакциялар (жауаптар) белгіленді. Ассоциативті реакциялардың (жауаптардың) нәтижелері этномәдени ерекшеліктің өзара іс-әрекетке емес, қарым-қатынасқа түсушілердің әлем бейнелерінің «қақтығысуына» әкеледі. Сондықтан мәдениаралық қатысым үдерісінде ұлттық менталитет, ғасырлар бойындағы өмір салты мен әлеуметтік мәдени мақсат (установка) тұрғысынан екі қарама-қайшы аксиологиялық жүйелердің алыстауы аксиологиялық бейімделу жолымен меңгеріледі, яғни тарихи-мәдени түсініктердің тарту жолымен меңгеріледі. Мысалға, көшпенді өмір салты және сонымен байланысты терең философиялық көзқарас, қазақ отбасының патриархаты, қазақ дәстүрлі отбасындағы көп әйел алу институты.
Алынған тәжірибелік деректер ассоциативті реакциялардың (жауаптардың) оң және бейтарап сипатқа ие екендігі жөнінде қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Америкалықтар әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде гендерлік стереотиптерге сыни көзқараспен қарайды.
Жалпы алғанда алынған ассоциация сөздер тілдік белгінің ұлттық-мәдени таңбалануына куә және Қазақстан бейнесі мен оның реалийлерінің өзге мәдени тілдік тұлғаның санасында концептуалды құрылымын құруға мүмкіндік береді. Америкалық ақпарат берушілердің ассоциацияларын талдау көпмәдениетті қазақ қоғамында мәдениаралық қатысым мәселесінің жаңаша тәсілін анықтайды.
Әдебиет тізімі
1 Тарасов Е.Ф. Межкультурное общение – новая онтология анализа языкового сознания // Этнокультурная специфика языкового сознания. М., 1996. С. 7– 22.
2 Уфимцева Н.В. Предисловие // Языковое сознание: теоретические и прикладные аспекты: Сб.ст. / Под. ред. Н.В. Уфимцевой. Барнауал: Изд-во Алт.ун-та, 2004. С.3–5.
3 Тарасов Е.Ф. Предисловие // Языковое сознание: устоявшееся и спорное : тез. XIV межд. симпозиума по психолингвистике и теории коммуникации. Москва, 29–31 мая 2003 г. М., 2003. С.3.
В статье на основе ассоциативного эксперимента анализируются социокультурные ассоцации, связанные с Казахстаном и казахами, в сознании инокультурной личности. На примере ассоциативных полей были описаны этнокультурные особенности языкового сознания. Результаты анкетирования способствовали выявлению этнокультурных ценностей в различных мировоззрениях и противопоставлены социокультурным реалиям в
межкультурном общении. Автор анализирует субъективные характеристики, представленные в ассоциатах. Особое внимание уделяется сопоставительному описанию гендерных различий и оценочного отношения к ним, обозначенных посредством языковых средств.
In article on the basis of an associative experiment the sociocultural associations connected with Kazakhstan and Kazakhs in consciousness of the foreign culture personality are analyzed. On the example of associative fields ethnocultural features of language consciousness have been described. Results of questioning promoted identification of ethnocultural values in various outlooks and to oppose sociocultural realities in cross-cultural communication. The author analyzes the subjective characteristics submitted in associates. Special attention is paid to the comparative description of the gender distinctions and the estimated attitude towards them designated by means of language means.