УНИВЕРБТТЕРДІҢ КОГНИТИВТІК-МЕНТАЛДЫ ҚҰРЫЛЫМДАР РЕТІНДЕГІ ТЕРМИНЖАСАМДАҒЫ КӨРІНІСІ

УНИВЕРБТТЕРДІҢ КОГНИТИВТІК-МЕНТАЛДЫ ҚҰРЫЛЫМДАР РЕТІНДЕГІ ТЕРМИНЖАСАМДАҒЫ КӨРІНІСІ

Терминжасам тәсілдерінің бірі универбтену құбылысы деп аталады. Қазіргі таңда ғылым мен техниканың қарқынды дамуы аталымның ықшамдау тәсілдерін талап етіп, ақпаратты беру үшін тілдік құралдардың мүмкіндігінше аз қолданылуын қажет етеді.

Түйін сөздер: семантикалық ықшамдау, универбтену құбылысы, компрессивті сөзжасам, терминжасам, менталды тетік.

Терминжасам тәсілдерінің бірі универбтену құбылысы деп аталады. Қазіргі таңда ғылым мен техниканың қарқынды дамуы аталымның ықшамдау тәсілдерін талап етіп, ақпаратты беру үшін тілдік құралдардың мүмкіндігінше аз қолданылуын қажет етеді. Ал тілдік тәсілдерді ықшамдау үдерісі түрлі тілдік деңгейлерде көрінеді. Универбтену құбылысы компрессивтік сөзжасамның тәсілі ретінде терминжасамда ғана емес, сонымен бірге түрлі әлеуметтік қарым-қатынас үдерістерінде де орын алады. Бұл құбылыстың кеңінен қолданылуы тілдің ішкі заңдылықтарымен де, экстралингвистикалық факторлармен де байланысты болып келеді.Қазіргі кезде тіл ғылымы саласы үшін компрессивтік сөзжасамның пайда болуы мен қолданылу ерекшелігін зерттеуге үлкен мүмкіндіктер бар. Себебі компрессивтік сөзжасам тіл табиғатын айқындайтын қоғамдық үдерістер барысында жүзеге асады. Ал әлеуметтік қарым-қатынас үдерісін лингвистикалық тұрғыдан талдауда тілдік бірліктер мағынасында көрініс табатын ұлттық-мәдени, психологиялық ерекшеліктерден тыс қарау мүмкін емес.
Қарым-қатынас үдерісінде сөйлеуші мен тыңдаушының көздейтін мақсаттары сәйкес келмейді. Қоғамдық норма адамдар қарым-қатынасы барысында толық ақпаратты беруді талап етеді. Дегенмен белгілі бір жағдаятта күрделі таратылған атауларды қолдану бұл сөйлеушінің құзырында болады. Әрине сөйлеу жағдаятына тілді білу деңгейі, мақсатты бағытқа байланысты сөйлеу түрі, стилистикалық тәсілдерді қолдану сияқты құбылыстар әсер етеді. Сондықтан да универбтер негізінен ауызекі сөйлеу тіліне тән. Өйткені ауызекі сөйлеуде әрбір адам ыңғайлылық пен сөйлеу әрекетін үнемдеуге тырысады. Жалпы ауызекі сөйлеу тілі адамның әлеуметтік мәртебесінің сипатын айқындайтын ең бір маңызды көріністердің бірі болып табылады. Ауызекісөйлеудегіәлуеметтік индикация фонетикада да, лексика мен грамматикада да көріністабады.
Бір құбылысқа немесе ұғымға атау беру барысында біз оны басқа да түрлі құбылыстар мен ұғымдардан бөліп алып, ал оған атауды таңдау мен оны басқа құбылыстар мен ұғымдардан ерекше бөліп алу қазақ тілінің лексика-семантикалық қорларына байланысты болады. Сондықтан да егер тілде мұндай құбылыстар мен ұғымдарға бір сөзбен берілетін атау болмаған жағдайда оларды мәтінде оның ерекшелігін айқындайтын басқа сөздермен тіркестіріп беріп немесе көп сөзден тұратын атау құрастыруға мәжбүр боламыз. Мысалы: алғашқы ізашарлар, ойыншық бөлшектерін жинаушы, көрнекі құралдар сәнгері, технологиялық жиынтықтарды құрастырушы, үлгіні суретке салушы, өсімдік кептіруші, жылжымалы құрамның жуушы-жинаушысы, жуу қондырғысының мәшинисі, байланыс операторы бұрғылау құлыптарын орнатушы, шахта пешінің газшысы және т.б.
Сипаттамалы құрылымдардың кемшіліктері кез келген көп сөзден құралған аталымдық қызметті атқаратын ақпараттық атауларды адекватты қысқартып беру қажеттілігін туғызады. Атаулану актісі барысында көп құрылымды атауды айтуға кететін уақытты үнемдеу мақсатында оны бір сөзді универбке ықшамдау әрекеті жүзеге асырылады.Басқа да қысқартулар секілді универбтер бейтарап немесе қарапайым стильде жасалып, бірақ узуалды болып табылады. Себебі мұндай құбылыстардың бастапқы жасалуы сөйлеу қарым-қатынасы барысында туындап, нәтижесінде алғашқы сөз тіркесіне синонимдес оның қысқа формасы жасалады.
Универбтердің пайда болуы тілдің үнемдеу заңына сәйкес түсіндіріледі. Өйткені көп сөзден құралған сөз тіркестерін немесе күрделі сөздерді қолданушы адамдарда міндетті түрде мүмкіндігінше уақытты, айтуға қажетті күш-қуатты, тіпті қағазды үнемдеу талпынысы пайда болады. Универбтену мәселелері ғылыми әдебиеттерде әр қырынан қарастырылады. Себебі бұл сөзжасамдық тәсіл өте күрделі құбылыс және қарама-қайшы келетін жақтары да бар. Кез келген жаңадан жасалған универб – тілдік ұжымның саналы әрекетінің нәтижесі.
Универбтену құбылысы тарихи тұрғыдан бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып, сандық жағынан көп болмағандықтан тілге байқалмай ене бастаған. Тілдік факторларға байланысты универбтер негізінен ауызекі сөйлеуде пайда болып, сөздер мен сөз тіркестерінің ықшамдалған формаларының жасалуымен сипатталады. Ғалым А.Сопираның пайымдауынша, универбтену құбылысының пайда болуына мынадай экстралингвистикалық факторлар себеп болды: «… ғылыми-техникалық төңкеріс, соғыстар, қақтығыстар, ұлттық мемлекеттердің құрылуы және т.б., қоғамдық санада бұрыннан да бар үлгілердің белсенділігі мен өнімділігін арттырып универбтер жасалуына ықпал етті» 1, б.117-119.
Яғни, бір жағынан, әлеуметтік даму мен ғылыми-техникалық прогресс барысында семантика тұрғысынан үнемі айқын және үнемді аталымдарды талап ететін жаңа құбылыстар мен үдерістер пайда болып, оларға сәйкес сипаттамалы атаулар жасалса, екінші жағынан, осы жаңа ұғымдар мен құбылыстарға сөзжасамның дәстүрлі және жаңа тәсілдері арқылы бір сөзден құралған атау беру үрдісі қалыптасады. ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында тілдегі ықшамдау тетіктерінің белсенділігінің артуы – тіл мен қоғам тарихының тікелей байланыста болатындығының айқын дәлелі. Экономика, мәдениет, ғылыми-техникалық төңкерістердің қоғамдағы дамуы мен өркендеуі қарым-қатынас, коммуникативтік қызмет орнатылуының үнемді аталым амал-тәсілдерін қажет етеді.
Сөзжасамдағы компрессия – бұрыннан-ақ ғалымдардың назарынан тыс қалмаған мәселелердің бірі. Өткен ғасырдың басында ғалым Я.Розвадовский универбтер теориясын алғаш рет ұсынып, оған мынадай анықтама жасаған: «Кез келген атаудың бастапқы екі мүшелік табиғаты жөніндегі ілім» [2, 228 б.].
Я.Розвадовскийдің концепциясы 50-60 жылдары В.В.Виноградов пен А.В.Исаченко сияқты ғалымдардың еңбектерінде жалғасын тапты. А.В.Исаченко атаулардың даму маңызын былайша көрсетеді: «Шығу тегіне орай, екі компоненттен тұратын аталымның бір компоненті өзінің дербестігін жоғалтып, бұл элементтер бір құрылымда бірігеді, яғни универбтену құбылысы негізінде сөз уәжді категориядан бейуәжді сөздер қатарына енеді» [3, 338 б.].
Аталмыш мәселе жөнінде В.В.Виноградов, А.А.Потебня, А.А.Шахматов, Л.В.Щерба сынды ғалымдар да құнды пікірлер айтқан. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары универбтену мәселелеріне арналған З.К.Ахметжанова, Г.О.Винокур, М.Докулил, В.В.Лопатин, В.М.Мокиенко, А.Сопира, Д.Н.Шмелев сияқты ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Қазіргі таңда сөзжасамның компрессия мәселелері қоғамдағы өзгерістерге байланысты көптеген сөзжасамдық бірліктер жасалуына алып келгендігіне орай, қайтадан тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Жалпы компрессивті сөзжасам саласы универбтенумен қатар субституция мен аббревиация, қысқартуларды да қарастырады. Компрессия лингвистикалық құбылысы ретінде тілдің семантика саласымен тығыз байланысты. Оның негізгі маңызы мәтіндегі ақпараттың аталмыш коммуникативтік актіде артық болып саналатын бөлігінің алынып тасталуын, одан шектелуін білдіреді. Яғни тілден тыс жағдаяттың сипатталуында коммуникация тұрғысынан тілдік құрылым ықшамдалып, үнемделеді. Алайда толық нұсқаның, компрессивтік құрылыммен ауыстырылуы тілдік бірліктің ақпараттылық жағын ешбір өзгеріссіз қалдырады.
Тіл білімінде компрессия құбылысы екі бағытта қарастырылды. Компрессия кең мағынада үдеріс ретінде зерттеліп, тілдің бүкіл жүйесін қамтиды, өйткені лингвистикалық бірліктердің универбтенуі тілдік жүйенің барлық деңгейлерінде жүзеге асырылады: фонетика, синтаксис т.б.Жалпы конденсаттарды, жұрнақ арқылы жасалған туынды зат есімдерді ерекше универбтер деп қабылдауға болады. Біз компрессияны аффиксті деривация нәтижесінде бастапқы нұсқадағы семантиканың конденсациялануымен қатар жүргізілетін лексикалық бірліктердің қысқартылып, ықшамдалуы деп қарастырамыз. Біздің ойымызша, мұндай сөзжасам түрі тек мазмұн межесіне ғана емес, сонымен бірге тұрпат межесіне де қатысты жүргізіледі.
Сондықтан сөз тіркесі мен оның ықшамдалған нұсқасын парадигматика да, синтагматика да тұрғысынан ақпарат берілуінің екі түрлі формасы деп қарастыруға әбден болады. Синтагматика мен парадигматика қатынастарын реттеуші компрессия тілдің динамикалық құбылысына жатады. Бұл негізінен тілдің әмбебап тетігі болып табылады. Тілдің динамикалық жүйе тұрғысынан зерттелуі компрессияның тілдік табиғаты жайында және оның негізінде сөйлеу қызметінің кейбір нәтижелері, мысалы сөзжасамдағы үнемдеу принципін түсіндіруге мүмкіндік жасайды.
Кейбір жағдайларда компрессивтің мағынасы айқын әрі түсінікті болуы үшін ол перифразбен қатар беріліп отырады. Бұл ретте перифраздың артықшылығы оның мазмұнының универбте бекітілуі үшін қажет, яғни олардың бірдей мағынаны беретіндігін айқындау үшін маңызды.Компрессия термині бұған дейін сөзжасам саласындағы зерттеулерде келтіріліп жүрген. Мәселен, Е.А.Земская компрессивті сөзжасамды ұзын атаудың қысқаға ауыстырылуы, яғни құрылымдық, материалдық компрессия деп түсіндіреді [4, 117 б.].
Семантикалық ықшамдау мәселелері А.Ф.Журавлев, Е.С.Кубрякованың зерттеу еңбектерінде арнайы қарастырылған. А.Ф.Журавлевтің көзқарасы бойынша семантикалық компрессия (қысқартылу, конденсациялау, универбтену) белгілі бір сөздің семантикасына (даралаушы семантикалық компонент ретінде) басқа бір алғашқы сөзбен синтагматикалық байланыста болған сөздің мағынасының жүктелуі, яғни сөз тіркесіндегі бір сөз «бүкіл сөз тіркесінің мағынасын білдіреді, бірақ қалып қойған сөздің синтаксистік валенттілігін алмастырмайды» [5, 60 б.].
Ал ғалым Е.С.Кубрякова семантикалық ықшамдауды «синтаксистік құрылымның бір сөзге ықшамдалуының табиғи нәтижесі. Ол дериваттардың мағына икемділігі, олардың семантикасының кеңдігі, тұжырымды формасымен бірқатар ой-қорытындылар мен айтылымдарға сілтеу қабілет-қасиеттері арқылы іске асырылады», — деп көрсетеді [6, 88 б.].

Ғалымның бұл ой-тұжырымы семантикалық ықшамдау ұғымын Е.А.Земскаяның құрылымдық ықшамдау мен А.Ф.Журавлевтің құрылымдық-семантикалық ықшамдауға қатысты айтылған қорытындыларын біріктіріп, бір құбылыстың екі қырын да айқындайды. Сонымен қатар автордың компрессивтік тілдік бірліктердің «бірқатар ой-қорытындылар мен айтылымдарға сілтеу» қасиеті тілдік ықшамдау тетіктерінің менталдық құбылыстармен сәйкестігін, аталмыш үдерістің менталды – әмбебап негізін анықтайды. Сондықтан бұл құбылысты «жеке тұлға – қоғам» ұғымдарының сабақтастығында, тікелей тығыз байланыста қарастыруға болатындығы универбтену құбылысының әлеуметтік лингвистика мен когнитивтік аспектілерін дәлелдейді.
Когнитивтік аспектіде ықшамдалған тілдік бірліктер құрылымдық тұрғыдан қарастырылады. Ал когнитивтік құрылым дегеніміз дүние танымының ерекше тәсілін білдіретін нақты бір психикалық құрылымның сөзбен репрезентациялануы. Менталды үдерістерге қарағанда когнитивтік үдерістер әрқашанда вербалды.
Қазақстандық тіл білімінде универбтену құбылысын арнайы зерттеген ғалым, профессор З.Қ.Ахметжанова оған мынадай анықтама береді: «бастапқы сипаттамалы құрылымнан (перифраздан) бір лексемалы құрылым (универб) жасалу үдерісі семантикалық мазмұнның бір сөзде жинақталуы мен формалды кеңейтілген құрылымның ықшам, қысқартылған формаға айналуымен сипатталады» [7, 108 б.].Ғалымның пікірі бойынша, бұл үдеріс екі кезеңнен тұрады:құрама атаудың жасалуы (cәйкестендіруші компонентке даралаушы компоненттің қосылуы);универб – сөздің жасалуы (құрама атаудың ықшамдалуы) [7, 108 б.].
Ғалымдардың пікірінше, егер әдеби тілде құрама атаулар жиірек қолданылса, ауызекі сөйлеу тілінде керісінше үнемді аталымдар таңдалып, қысқа және экспрессивтік сөздер қолданылады. Тілде мынадай құбылыстар үнемі орын алады: сөйлеуші сөйленім үдерісін қарапайым, ыңғайлы жасауға тырысса, тыңдарман, керісінше, қабылдау үдерісін тиімді, қарапайым етуге бейімделеді. Сөйтіп тіл дамуы бірде сөйлеуші пайдасына қарай шешілсе, бірде тыңдарман пайдасына қарай бейімделеді. «Сөйлеуші – тыңдарман» антиномиясы сөйлеушінің тілдік үнемдеуге бейімділігін білдірсе, тыңдарман артық ақпарат алуға қарсылық білдірмейді. Осындай жағдаятта ықшамдау тетігі іске қосылады.
Универбтену барысында анықталушы немесе анықтаушы басты қызмет атқаруы мүмкін. Егер белгілі бір жағдаятта анықтаушы даралаушы маңызды болып табылса, онда анықталушы ерекше орын алады. Мысалы институт атауларында: медициналық, педагогикалық, политехникалық т.б.Универб бүкіл перифраздың семантикасын бойына сіңіріп, формалды тұрғыдан бір элементке ғана негізделеді, бұл элемент әдетте дифференциалды белгі болып келеді. Егер перифраздың даралаушы белгісі қызметінде сын есім болса, эллипсис аталмыш сын есімнің субстанативтенуімен сипатталады. Универбтену – сөз тіркесінің семантикалық және құрылымдық ықшамдалуының өнімді тәсілі. Бұл құбылысты тілдегі белгілі қарама-қарсылық – атаудың көп құрамдылығы мен мағына біртұтастығы мәселесінің шешімі деп қарауға болады. Универбтену үдерісі тілдік үнемдеу заңымен тікелей байланысты «үнемдеу» ұғымы өте күрделі, өйткені ол философиялық және лингвистикалық ұғымдармен байланысты. Универбтер қалыптасуы нақты бір мәнмәтін мен коммуникативтік жағдаятқа тәуелді.
Ғылым мен техникада жаңа салалардың пайда болуы жаңа сөздер, терминдер жасалуына себепші болады. Бұл ретте аталымның әлеуметтік сипаты анық көрінеді. Кәсіби сөйлеу түрлі универбтелген формалардың жасалуына негіз болады. Универбтер қатарына белгілі бір кәсіп иелері ұжымына тән түрлі кәсіби сөздер, айтылымдар да жатқызылады. Синтаксистік қатынастардың өзгеруі негізінде пайда болатын сөзжасамдық қатынастар жеке, дербес деректер ретінде қалыптасып, жаңа сөздер жасалуының үлгілері болады. Осыған орай универбтену құрылысы тілдік құрылымның түрлі деңгейлерінде көрініс табады. Әлеуметтік лингвистика саласының маңызды мәселелеріне тілдің әлеуметтік және функционалдық даралануы, әдеби тіл, әлеуметтік диалект, кәсіби жаргондардың өзара әрекеттестік үдерістерін зерттеу болып табылады. Әрбір мемлекетте тіл қолданысының ерекше жағдайлары қалыптасады. Тілдің қолданылуы аталмыш түрлі топтарда тілдің ішкі заңдылықтары мен экстралингвистикалық факторлар негізінде қалыптасады. Сондықтан да универбтену құбылысының әлеуметтік лингвистика тұрғысынан қарастырылуы қазіргі таңда жалпы тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Универбтену композитті сөзжасамның негізгі тәсілі ретінде когнитивтік аспектіде қарастырылуы өте маңызды. Когнитивизмнің негізгі зерттеу нысаны адам санасы, ойлау мен менталды (когнитивтік, интеллектуалдық) үдерістер мен жағдайлар болып саналады. Когнитология ғылым ретінде адамның «ойлау тетігін», ақпараттардың өңделу үдерістерін зерттейді [8, б.6-7].ХХ ғасырдың соңы лингвистикадағы ғылыми парадигманың ауысуымен ерекшеленді (В.М.Алпатов, Е.С.Кубрякова, П.Б.Паршин, В.А.Пищальникова, Н.Д.Арутюнова, А.А.Уфимицева т.б.). Тіл білімінде когнитологияның пайда болуы– дүниетанымдағы жетістіктердің бірі іспеттес.
Адам тәжірибесі жеке тұлғаның ойлау қызметіне байланысты, өйткені танымдық қызмет барысында алынып, өңдеу нысаны болған мән-мағыналық ақпараттық сөздер арқылы таңбаланады. Адам қоршаған ортаны танып білуі нәтижесінде қабылдаған ақпаратты өңдеп, сақтап, оны әрі қарай белгілі бір мақсаттарды, міндеттерді шешу үшін қолданады. Тіл адамның ойлау операциялары мен саналы іс-әрекеттерін табиғи жолмен жүзеге асуын қамтамасыз етеді.Когнитивтік лингвистиканың негізгі тілдік бірліктері адам жадының оперативтік бірліктері ретінде түрлі фреймдер (стереотиптік жағдаяттар, үлгілер, сценарийлер) концептілер барлық сөздерде берілген мән-мағыналар жиынтығы: бұл мән- мағыналар адамның дүние туралы мәдени-ұлттық түсінігі болып табылады.
Менталдық репрезентациялану деп когнитивтік ғылымның негізгі ұғымын атайды. Бұл ұғым – адам санасында өтетін «құбылыстың» көрініс беру үдерісі. Ең маңызды болып табылатын концептілер адам миында кодталып, санада бейне, сурет, схема түрінде қалыптастырылады. Аталмыш құбылыстар арқылы жаңа сөздер мен олардың жасалу амал- тәсілдеріне негіз болатын деректерді айқындауға болады. Сонымен бірге қазіргі сөзжасамдағы белсенді үдерістерді, бұл үдерістердің терең психолингвистикалық негіздемелерін де анықтауға мүмкіндік береді.Универб-таңбаның коммуникация актісіндегі маңызын анықтау үшін оны мынадай ерекшеліктері тұрғысынан қарастыру қажет:1) ақпарат берушінің жаңа таңба ұсынуы;2) оны тыңдарманның қабылдауы;3) таңбаның арасында дыбыстық формасы мен ақиқат болмыс заты немесе құбылыстың саналы байланыс орнатылуы нәтижесінде ақпарат беруші мен қабылдаушы бір-бірін түсінеді, себебі екеуі де таңбаға бірдей мағына береді.
Ықшамдау үдерісінде осындай менталдық құрылымдар ерекшелігінің анықталуы жаңа сөздердің жасалуының, жаңа тәсілінің пайда болуы мен оның әрі қарай даму үрдісін сипаттауға мүмкіндік жасайды. Когнитивтік лингвистика адам білімін зерттеуде жаңа жағдаят үлгісінің жасалуын қолданылатын ақпараттық білімді зерделейді. Бұл ретте айтылымның синтаксистік схемасы құрылуының психолингвистикалық тетіктері мен лексемалар іздеу тетіктері өзара әрекеттестікке түседі.
Осымен байланысты универбтену тәсілінің пайда болуы жеке тұлғаның концептуалдық жүйесінде жаңа когнитивтік құрылымдардың қалыптасуына жағдай жасайды. «Тарихпен, эволюциямен бірге таным табиғаты да өзгерістерге ұшырайды. Білім алу, қабылдау тәсілдері де, әлеуметтік және технологиялық тәжірибе де әлеуметтік ұйымдастырылу формаларының өзгерілуіне сәйкес үнемі өзгеріп отырады» [9, 33 б.]. Сондықтан да «адам және тіл» когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселесіне айналып отыр. «Когнитивтік лингвистика тіл білімі зерттеулердің шеңберін айтарлықтай, күшейте түсетін қазіргі антропоцентристік парадигмалар шегіндегі когнитивизм негізінде туындайды» [8, 9 б.].
Когнитивтік лингвистика – ғаламның тілдік бейнесінің концепциялары тұрғысынан тіл білімін жүйелеу мен құрудың құралы. Бір сөздің толық мән-мағынасы оның семантикалық және ассоциативтік өрісі арқылы айқындалады. Сөздің семантикалық және ассоциативтік өрісінде пайда болған ақпараттың құрамында когнитивтік және прагматикалық-синтагматикалық мағыналардың элементтері бейнеленеді. «Когнитивтік лингвистикада адам когнициясына басты назар аударылады, көзге түскен іс-әрекеттер ғана емес, олардың менталдық репрезентациялары, ішкі көріністері, үлгілері, тілдегі когнитивтік үлгі ретінде символдың түрлері, адамның стратегиялары да зерттеледі, олар білім негізінде іс-әрекеттерді туындатады, яғни адамның когнитивтік дүниетанымы, оның болмысы мен қызметі бойынша зерттелінеді. Адамның болмысы, қызметі, ойлау негізі, тілдің белсенді түрде қатысуымен жүргізіледі, адам қызметінің уәждері мен ұстанымдарын қалыптастырады, нәтижесін болжайды» [8, 7 б.].
Когнитивтік лингвистика когнитивтік құрылымдарды қарастырумен қатар адам санасында тілдік және тілдік емес білімдер жүйесінің құрылымын, сондай-ақ тілдік және тілдік емес ақпараттарды игеру, өңдеу, қолдану тәрізді әрекеттердің жүзеге асуын қарастырады. Тілдік таңба арқылы кодқа салынған ақпаратты ашу немесе ақпаратты кодқа салу тәрізді әрекеттер когнитивтік лингвистиканың құзырына жатады.«Қоршаған шындық өмірді саналы түрде тану, адам тәжірибесін категориялау тілмен байланысты болып келеді, өйткені адамның когнитивтік қызметі барысында алынған мазмұндық ақпарат тіл мен тілдік формаларда көрініс тауып, сөйлеу арқылы білдіріледі. Диалектикалық формадағы когнитивтік процестер тілмен тығыз байланысты, оның басты себебі: тіл адамдардың қоғамдық тәжірибесі мен дүние туралы білімдерін бекітіп отырады. Ал біздің сана құрылымы туралы білгендеріміз тек қана тілге байланысты, тіл осы құрылымдар туралы хабарлауға және оларды кез келген табиғи тілде суреттеуге мүмкіндік береді» [10, 21 б.].
Ғаламның тілдік бейнесінің әр этноста әртүрлі болуы, сол халықтың тәжірибесімен, білімімен байланысты, өйткені тілдік таңбаның таңбалау қызметі экстралингвистикалық факторлардың тікелей байланысында емес, адамның көрген-білгені, ойға түйгені білімінің негізі болып табылады. Әр ұлттың, халықтың өмірлік тәжірибесі әртүрлі болғандықтан, ғаламның тілдік бейнесі де, сол қоғамда өмір сүрген адамдардың тәжірибесі де әртүрлі болады. Сондықтан тілдік тұлға ретінде олардың когнитивтік санасындағы ғаламның тілдік бейнесінде айырмашылықтар болады.
Сонымен «когнитивтік лингвистика дегеніміз – тілдегі жалпы когнитивтік тетік ретіндегі когнитивтік құрал, яғни ақпаратты репрезентациялау, кодтау және трансформациялауда маңызды рөл атқаратын таңбалар жүйесі ретінде қарастырылатын лингвистикалық бағыт» [11, 53 б.]. Тілдің когнитивтік ерекшеліктері негізінде когнитивтік тізбекте тәуелділік пен арақатынастарды орнату мәселелері ақыл-ой, сана, тіл, ішкі таным, концептілеу, категориялау, қабылдау түрінде танылады.
Ғалым Е.С.Кубрякованың пайымдауынша: «Лингвист объективтік шындық туралы түсінік соңында жеке, лингвистикалық формалардың қандай жүйеде тұрғандығын ғана болжауда емес, сонымен қатар тілдік бірлік, іштей байланысты табиғи тұтастық, тілдік берілімдер, категориялар дүниені қабылдаумен қалай байланысқандығын және олардың танымды қалай бейнелейтіндігін білуі тиіс» [12, 37 б.].Қазақ тіл білімінде когнитивтік бағытта жазылған алғашқы зерттеу еңбегі– Қ.Ә.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» деп аталатын монографиясы. «Тіл мен таным процестерінің арақатысын көрсету тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатынасы адам баласының интеллектуалды өмірінде (оған тіл де кіреді) құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен таным арақатынасын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі» [13, 3 б.].
Жалпы кез келген тілдегі вербалды таңбаларды когнитивтік тұрғыда зерттеуді төмендегідей негізде жүргізуге болады:1) ұсынылған таңбаларда көрсетілген білімдердің түрлері мен типтері және таңбаланған білімдерді көрсету тетіктері, яғни ережелер мен түсіндірулер, интерпретациялар, когнитивтік семантика мен прагматика;2) таңбалардың пайда болуы мен даму шарттары және олардың қызметін реттеп отыратын заңдар;3) оларда бейнеленген тілдік таңбалар мен мәдени шындықтардың арақатынасы.
Жаңа тәсіл арқылы вербалды таңбаның универбтену үдерісінде жасалуы компрессия тетіктердің менталды үдерістің әмбебап формасының жүзеге асуы болып табылады. Тіл
тілден тыс қабылданған ақпаратты игеру, өңдеу нәтижесінде белгілі бір стереотиптік жағдаятты құрастырады (фрейм). Бұл–лексемалар жасалуы мен түсінікті болуының менталды-лингвистикалық үлгісі.Универбтердің қолданысын лингвистикалық және психолингвистикалық тұрғыдан қарастыру өте маңызды. Өйткені қабылдау үдерісі адамның сөйлеу қызметіне қатысты тілдік және энциклопедиялық білімдердің өзара әрекеттестікке түсуі мәселелерімен байланысты. Әрбір универб тілде бұрыннан бар бірліктермен сәйкестендіріліп, олардың мән-мағыналық жақындығын айқындайды.
Соңғы онжылдықта коммуникация теориясы, лингвистика, психология, лингвистикалық семантика бағыттарының сабақтастығында жүргізілген зерттеулер, сондай- ақ сөйлеу актілері теориясының жетістіктері тілдік үдерістерді зерттеудің жаңаша аспектілерін айқындады. Тілдік сананың қалыптасуы жеке тұлғаның алғашқы тәжірибесінің жалпы негізіне сүйеніп, ал оның негізінде ойлау схемалар блогының когнитивтік өзегі құралады, әрі қарай когнитивтік өзек когнитивтік (менталды) үлгілер деңгейінің қалыптастырылуын қамтамасыз етеді. Сонымен тіл жалпы интеллектуалдық тетік ретінде ақпараттың кодталуын және кодтан алынуын іске асыратын таңбалар жүйесіне ие болады.
Толық және қысқартылған атаулар түрлі когнитивтік құрылымдарды білдіреді. Универбтену үдерісі лингвистикалық таңба жасалуының ерекше тәсілі ретінде нейрофизиологиялық, психолингвистикалық және менталды негіздермен байланысты болып келеді. Универбтену үдерісі әмбебап менталды тетігі қызметінің орындалу формасы ретінде мән-мағына ықшамдалуын, стереотиптелген қызметті ықшамдаумен сипатталады. Формалды тұрғыда құрама атаудың бір лексемалы тілдік бірлікке айналуы құрылымдық ерекшеліктерде танытса, мағына ықшамдалуы әмбебап менталды тетік болып табылады.
Кез келген динамикалық жүйенің қызмет ету үдерісінде бұл қызмет элементтері әрекеттерді орындаушылар ретінде қалыптастырылады да, олардың өзара қарым- қатынастары тұрақты сипатты білдіре бастайды. Осы ретте қайталану жиілігі және қайта айтылу қасиеті мен ақыл-ой қызметіне негізделген ықшамдау тетігі іске қосылады. Универбтің өзі белгілі бір код түрінде көрініс беріп, сол кодқа барынша дәл салыну мүмкіндігін білдіруімен айқындалады.
Тұрақты байланыстардың ықшамдалуы әмбебеп менталды тетік ретінде сөйлеу қызметінде жүзеге асады. Сөйлеу қызметінде көрініс беретін ықшамдау тетігі когнитивтік және коммуникативтік аспектілерінің тілдегі біртұтас бірлік екендігін айқындайды. Бұл құбылыс универбтену үдерісінде мынадай түрде анықталады: тұрақты тіркес әдетте бірнеше компоненттен тұрады; зат есім тұлғасы тұрақты тіркес құрамында негізінен құрылымдық қызметті атқарады, яғни зат есім тілдік әректтерге бейім компонент ретінде анықталады; сөз тіркесі мен оны репрезентациялаушы ұғымның арасында нақты референттілік сәйкестілік орнатылған жағдайда, оның әрбір компоненті операционалдық қызметті атқаруға дайындық көрсетіп, олардың байланысы тұрақты сипаты білдірген сәтте ықшамдау тетігі құрама атаудан универб жасайды. Жалпы сөйлеу барысында үнемді кодтардың таңдалып қолданылуы ақпарат, хабарлама берілуінің тез, жылдам орындалуын қамтамасыз етеді. Сөйтіп ықшамдаудың универбтік менталды тетігі, сөйлеу қызметінде жүзеге асырылатын құбылыс.
Адам ақыл-ойының әмбебап қасиеті оның алғашқыда сөз тіркесін толық формасында қабылдап барып ықшамдауында болып табылады. Адам оның толық дыбысталып болғаннан кейін барып, ықшамдалған формасын жасауға белсенділік танытады.
Адамның өзін қоршаған ортамен өзара әрекеттестігі нәтижесінде оның әлем, дүние туралы ой-тұжырымдары мен дүниенің белгілі бір үлгісі қалыптасады. Философиялық- лингвистикалық әдебиеттерде бұл үлгі ғаламның бейнесі деп аталады. «Ғаламның тілдік бейнесі» когнитивтік лингвистиканың басты термині болып табылады. Ғаламның бейнесі – қоршаған орта мен адам туралы ақпаратты қайта өңдеудің нәтижесі. Ғалам бейнесі дүниенің біртұтас ғаламдық образы, ол адамның бүкіл рухани белсенділігінің нәтижесі болып табылады, адамның ғаламмен жасайтын барлық байланыстары барысында пайда болады.

Сонымен компрессивті сөзжасамның когнитивтік құрылымдары универбтермен репрезентацияланады. Бұл когнитивтік құрылымның негізіне ықшамдау тетігі, әмбебап менталды тетігі алынған. Аталмыш тетіктер адамның ақыл-ойының жалпы интегративтік қызметі арқылы стереотиптелген тілдік құрылымның ықшам формасын жасайды. Оның нәтижесінде құрама тіркестің компоненттері операцияланып, олардың арасындағы байланыстар тұрақты бола бастайды.Тіл иесінің құзырындағы лингвокогнитивтік деңгей дүние туралы жекелеген білімнің оның санасында қалыптасуын қамтамасыз етеді. Оперативтік жад концептілері адам психикасында бүкіл ғаламның бейнесінің берілуіне мүмкіндік жасайды. Универбтену үдерісі негізінде жүзеге асырылатын ықшамдау тетігі екі фактор – сөз тіркесінің қолданыс жиілігі мен анологиялар заңы арқылы іске қосылады.
Жалпы тілдік эволюция адамдарға тән қарама-қайшы қажеттіліктерден тұрады: қарым- қатынас пен өзінің ойын білдіру қажеттілігі және әрдайым өзінің ақыл-ойы мен физикалық қызметін үнемдеу қасиеті.
Яғни қажеттіліктер эволюциясы сол қоғамдық топ эволюциясымен тікелей байланысты болып, әсіресе лексика дамуында айқын көрінеді. Мәселен, жаңа азық-түлік өнімдерінің пайда болуы жаңа атаулардың пайда болуына алып келеді, жұмыс түрлерінің көбеюі жаңа терминдердің жасалуына себепші болады (жаңа кәсіп-мамандық атаулары, жаңа еңбек құралдары атаулары т.б.). Әлеуметтік құрылымдардағы өзгерістер тіл құрылымына әсер етеді. Қоғамның әлеуметтік қажеттіліктері тілдік бірліктерді қолдану жиілігіне де тікелей ықпал етеді: «… егер тілдік бірліктің қолдану жиілігі жоғарыласа, ықшамдау үдерісі арқылы оның формасы да редукцияланады» 14, 547 б..
Тілдік бірліктердің универбтенуін синтагматикалық және парадигматикалық ықшамдалу тұрғысынан ажыратып қарастырған жөн. Өйткені синтагматикалық ықшамдауда екі компоненттен құралған сөз тіркесі бір компонентті универбке дейін қысқартылса, ал парадигматикалық тұрғыдан сөз тіркесінің семантикасы бір лексема түрінде ықшамдалады. Осы ретте жаңадан жасалған компрессивтік тілдік бірліктің формасы бастапқы тілдік бірліктің мағынасына тәуелсіз болуына байланысты жаңа тілдік форма тұрақтылық қасиетіне ие бола бастайды.
Соңғы кездері компрессивтік сөзжасам сөзжасамдық үдеріс ретінде едәуір белсенділік танытып отыр. Бұған дәлел – тілдің лексикалық қабатында айқын көрінетін түрлі зерттеу материалдары. Ақпаратпен алмасу үдерісінің қарқынды дамуы тілдік бірліктердің барынша ықшамдалуына алып келеді. Тілдік үнемдеу заңы қазіргі қоғамның барлық салаларында орын алып, кеңінен қызмет етіп, ешбір даусыз фактіге айналған құбылыс.
Осындай тілдік ықшамдау тәсілдеріне аббревиация, субстантивтену және жұрнақ арқылы ықшамдау құбылыстары жатқызылады. Жұрнақ арқылы ықшамдау үдерісінде сөз тіркестің негізгі компоненті жұрнақпен алмастырылып, осы негізде жасалған тілдік бірлік бастапқы кеңейтілген сөз тіркесінің мағынасын білдіреді. Мысалы, тоңазыту аппараты  тоңазытқыш, шаң сорып алатын құрал  шаңсорғыш, салқындату үшін қолданылатын құрал  салқындатқыш, токты ажырататын тетік  ажыратқыш, екі нәрсені бір- бірімен қосатын тетік  қосқыш және т.б.
Сөйтіп бір компонентті жұрнақпен алмастыру негізінде терминологиялық лексика жасаудың тағы бір тәсілі пайда болды. Қазіргі қазақ тілінде семантикалық ықшамдауда -ма, — ме, -ым, -ім, -м, -қы, -кі, -қыш, -кіш, -ғыш, -гіш, -уыш, -уіш т.б. жұрнақтар маңызды қызмет атқарады. Ал жұрнақ арқылы семантикалық ықшамдауға негіз болатын – терминологиялық сөз тіркестері.Терминологиялық сөз тіркестерінен жасалған жұрнақты конденсаттардың мағыналық құрылымы түбір сөз бен аффикс мағыналарынан құралып, термин-сөз семантикалық элементтерінің бірігуін көрсетеді. Мысалы: бір нәрсені қопсытуға арналған құрал  қопсытқыш. Бұл құбылысты көрнекі түрде беретін болсақ:

Кесте 1 − Универбтену үдерісінің сипаты

Ұғымдық деңгей Уәжділік деңгейі


Қазақ терминологиялық лексикасында семантикалық тұрғыдан қысқартуға бейім келетін компоненттер «құрылғы, қондырғы, тетік, машина, аппарат» т.б. осы секілді терминдер болып келеді. Термин-конденсаттардың басым көпшілігі туынды түбірлер негізінде жасалады. Бұл, ең алдымен, түбір сөздерге қарағанда туынды түбірлердің бір мағыналық қасиетімен түсіндіріледі, ал бұл өз кезегінде терминологиялық лексика үшін өте маңызды. Жұрнақ арқылы семантикалық ықшамдау құбылысы қазақ тілінде кеңінен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан кейін орын ала бастады. Бұл үлгі бойынша негізінен неологизмдер жасалады.
Сонымен семантикалық ықшамдау, универбтену құбылысы терминжасамның өнімді тәсілдерінің бірі болып, терминдердің жұмсалымдық ерекшеліктеріне сәйкес, яғни қысқалық белгісін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Универбтену үрдісінің қазақ ғылыми- техникалық терминологиясында кеңінен өріс алуы да осыған байланысты. Бұл термин- конденсаттар көпқұрылымды терминдерге жол бермеудің бірден-бір амалы болып табылады.

Пайдаланған деректер тізімі
1 Сопира А. Влияние НТР на развитие аббревиации // Третий международный симпозиум русистов: тез. докл. и сообщений. –М.: Нитра, 1981. – С.117-119.
2 Шадыко С. Аббревиатуры в русском языке (в сопоставлении с польским): дис. …д-ра фил. наук. – Варшава, 2000. – 320 с.
3 Исаченко А.В. К вопросу о структурной типологии словарного состава славянских языков. – Slavia, 1958. –№3. – С.341-347.
4 Земская Е.Н. Современный русский язык. Словообразование. – М.: Просвещение, 1973. – 304 с.

5 Журавлев А.Ф. Технические возможности русского языка в области предметной номинации // Способы номинации в современном русском языке. – М.: Наука, 1982. – С.45- 109.
6 Кубрякова Е.С. Части речи в ономасиологическом освещении. – М.: Наука, 1978. – 115 с.
7 Ахметжанова З.К. О процессе универбации // Проблемы теории и методики преподавания иностранных языков и литературоведения. –Вып. 2.– Алма-Ата, 1977. –С. 108- 116.
8 Маслова В.А. Когнитивная лингвистика. Учебное пособие. – Минск.: Тетра системе, 2004. –255 с.
9 Павиленис Р.И. Философия языка: Проблема смысла //Вопросы философии. – 1976. –
№3. – С. 30-45.
10 Кубрякова Е.С. Части речи с когнитивной точки зрения. – М.: Наука, 1997. – 289 с.
11 Кубрякова Е.С., Демьянков В.З., Панкрац Ю.Г., Лузина Л.Г. Краткий словарь когнитивных терминов/под общей ред. Е.С. Кубряковой. – М.: Наука, 1996. – 340 с.
12 Кубрякова Е.С. Начальные этапы становления когнитивизма: Лингвистика – психология – когнитивная наука // Вопросы языкознания. – М.: Наука, 1994. – С.34-37.
13 Жаманбаева Қ.Ә. Тілдік қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. – Алматы: Ғылым, 1998. – 140 б.
14 Мартине А. Основы общей лингвистики// Новое в лингвистике /под ред. В.А.Звегинцева. – Вып.3. – М.: Иностр. лит.,1963. – С.366-566.

Семантическое сокращение, явление универбации становится продуктивным способом терминолообразоания, и в соответсвии с принципом экономии в языке начинает играть значительную роль в научно-технической терминологии.

Semantic abbreviations, the phenomenon of universalization, becomes a productive way of terminology, and, in accordance with the principle of economy in language, begins to play a significant role in scientific and technical terminology.

 


ӘОЖ 800.7 (5қ)

Р.С. Амренова
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Көкшетау, Қазақстан amrenova07@mail.ru

ШЕШЕНДІК – АДАМ КОНЦЕПТІСІНІҢ МАҢЫЗДЫ КОМПОНЕНТТЕРІНІҢ БІРІ

Антропоцентристік идея тілдің мазмұны, адам мен тілдің түрлі байланысын анықтауға бағытталған қазіргі лингвистикалық зерттеулердің негізгі мақсаты болып табылады. Фольклор мәтіндерінің лингвоментальді кеңістігінде кездесетін адам туралы концептілер және ертегілердің тілдік әлемі когнитивтік құрылымдарда антропоцентристік идеяның бар екендігіне дәлел. Осыған орай зерттеуімізде ертегі, аңыз, әңгімелерді зерделеу барысында анықталған маңызды концептілердің бірі ретінде «Адам» концептісін қарастыруды мақсат тұттық. «Адам» концептісіне енетін концептілер аясына қазақ халық ертегілерінде жиі кездесетін «әйел», «махаббат» «батыр», «мерген», «шешендік өнер», «қонақжайлылық», «тұлпар ат», «той» концептілері жатқызылды. Қазақ халқының ментальділік деңгейінде сақталған архетиптің бірі ретінде сөз өнерін атауға

болады. Демек, шешендік дәстүр дүниені, адамдар арасындағы байланысты танудың бір түрі болған деп айтуға болады.

Кілт сөздер: лингвоментальді кеңістік, концептілер аясы, архетип, дүниетаным, ұлттық мәдениет, шешендік өнер

Әр халық тарихтың қайталанбас жаратылысы болғандықтан, оның бет-бейнесі де, рухани бітімі де өзгеше болып келетіні белгілі. Ұлттық мәдениеттің дүниежүзілік мәдениет кеңістігіне енудегі өте күрделі міндетті жүзеге асырудың анықтауышы төлтумалығын сақтап қалу болып табылады. Ұлттық мәдениет адамды осы мәдениетке тән құндылықтар арқылы тәрбиелей алады әрі тәрбиелеуі тиіс. Ұлттық мәдениет өзінің ерекше құндылықтарымен құнды, өйткені бұл құндылықтар дүниені және бұл дүниедегі болмыстың мәнін көрудің тағы бір тәсілі болып табылады. Мәдениеттің құндылығы – оның әрбір дәуірде даму деңгейі және әрбір нақты уақыт кезеңі қоғамның рухани күйін бейнелейтіндігінде.
Әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігіне, күнделікті тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт- санасы, талғамы, т.б. сол тілде сөйлеуші ортада қалыптасып, тілінде сақталады. Демек, сөз заттың тура таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, ол – біздің санамызда тілдік шығармашылық үдеріс нәтижесінде туған бейне, «ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сүйенген – «ғаламның тілдік бейнесі».
Зерттеуші А.В. Гулыга былай дейді: «Устная народная традиция – это гигантский аккумулятор культуры» [1, 98]. Шынында да, халық ауыз әдебиетінің халықтың тарихи санасын қалыптастырудағы рөлі маңызды. Оның ішінде аңыз – уақыт рухы, адам тарихын тану, білу құралы болып табылады. Аңыз – тарих өзегі. Аңыз, әңгімелерде өмір мен өлімнің күресі ғажап суреттеледі. Ф. Ницше, А. Бергсон, З. Фрейд, К. Юнг және тағы басқа зерттеушілердің пікірлері бойынша, аңыз – алғашқы қауымдық құрылыс қоғамы адамының танымдық сұранысының нәтижесі ғана емес, қауымның әдет-ғұрпы, салтымен тығыз байланысты табиғи әрі әлеуметтік тәртіпті реттеу мен сақтау құралы.
Қазақ халық ертегілері 3 жанрға бөлінеді: қиял-ғажайып ертегілері, хайуанат жайындағы ертегілер, шыншыл ертегілер. Зерттеу материалы аталған жанрлар бойынша жинақталып, іріктелді. Оның ішінен аңыз ертегілерден – 5; күй аңыздан – 3; қиял ғажайып ертегілерден – 35; батырлар туралы ертегілерден – 35; хайуанаттар туралы ертегілерден – 95 ертегі қарастырылып отыр. Ертегілердің ішіндегі ең көнесі, көп өзгеріс көргені қиял- ғажайып ертегілері болып табылады. Ертегілердің бұл жанрының ішіндегі нақты қазақ халқы айтқан көне түрлері – аңшы, мергендер жайындағы ғажайып ертегілер («Еділ- Жайық», «Құламерген», «Жерден шыққан Желім батыр», «Аламан мен Жоламан»). Қиял ертегілеріндегі мерген, батырлар – бұрынғы, көне заман тумалары.
Шыншыл ертегілерде халық өзінің дүние тануындағы, қоғам тіршілігіндегі, үй тұрмысындағы, басқа тірліктегі барлық мұң-мүддесін, тартыс-талабын жиып түйген. Шыншыл ертегілер бірнеше түрге бөлінеді:
1) салт ертегілер;
2) күлдіргі ертегілер;
3) аңыз ертегілер;
4) күй аңыз ертегілері.
Қазақ халқының 180 ертегі, аңыз-әңгімесін қарастыру барысында статистикалық әдіс қолданылып, қазақ халқының дүниетаным әлемін сипаттауға мүмкіндік беретін ментальді таңбаланған концептілер ретінде анықталған концептілер жүйеленіп, сипатталды.
Фольклор мәтіндерінің лингвоментальді кеңістігінде кездесетін адам туралы концептілер және ертегілердің тілдік әлемі когнитивтік құрылымдарда антропоцентристік идеяның бар екендігіне дәлел. Демек, антропоцентристік идея тілдің мазмұны, адам мен тілдің түрлі байланысын анықтауға бағытталған қазіргі лингвистикалық зерттеулердің негізгі мақсаты болып табылады. Осыған орай зерттеуімізде ертегі, аңыз, әңгімелерді  зерделеу барысында анықталған маңызды концептілердің бірі ретінде «Адам» концептісін қарастыруды мақсат тұттық. «Адам» концептісіне енетін концептілер аясына қазақ халық ертегілерінде жиі кездесетін «әйел», «махаббат» «батыр», «мерген», «шешендік өнер», «қонақжайлылық», «тұлпар ат», «той» концептілері жатқызылды.
Қазақ халық ертегілерінде мифтік тотемдік наным бар ертегілер де кездеседі. Мысалы, кейбір хайуанаттар туралы ертегілерде қасқыр әрі қасқыр, әрі адамға киелі дос болып әңгімеленеді. «Ақ қасқыр» ертегісінде көне ұғым, нанымнан туған ескі анимизм кезінен қалған адамға дос, қас иелердің бірі қасқыр болып бейнеленгені байқалады. Қазақ ертегілерінде киелі аң ретінде қасқырдан басқа да ерекше аталатындары бар. Көбінесе құстар, аққу, байғыз, кептер, бүркіт аталады. Иттен, аттан да киелі күштер шығады.
Мысалы, «Сырттандар» деген ертегіде қасқырдың, иттің, жігіттің сырттаны, аттың тұлпары күш сынасады. Бұл ертегіде қасқыр ежелгі қас, адамға өш, зұлымдықтың жиынтық бейнесі болып суреттеледі. Қасқырдың сырттаны жалғыз баланы туысымен жемек болады. Баламен бірге оның жау тағдыры, қазасы қоса туған болады.
Оның дос серігі болып, ажалына арашашы болып құлын-тұлпар қоса туады. Адам үшін дүние екі ұдай: жартысы – қас, жартысы – дос. Бұл жерде өмір – мәңгі басылмайтын керіс деген ұғым, наным танылады. Ат, ит достығы арқылы қасқырдың сырттаны жеңіліп, жігіт аман қалады, үлкен сыннан өтіп, биік шыңға шығады.
Ертегілердің қай жанрынан болса да, адамның өзі – өзі үшін құпия, адамның өзін-өзі тану, зерттеу үстінде болғаны байқалады. Және сол көне дәуірлердегі өзі туралы ізденістері әлем бейнесінің бір объектісін құрайтын Адам бейнесінің, оның қарапайым тілдік бейнесінің ертегілерде көрініс бергені, бейнеленгені анықталып отыр.
Қазақ халқының ментальділік деңгейінде сақталған архетиптің бірі ретінде сөз өнерін атауға болады. Н.Д. Оңдасынов «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігінде» өнер сөзіне «һонәр, өнер – талап, талант, шеберлік, іскерлік, көркем қолөнер кәсібі » деген анықтама береді [2, 264].
Д. Кішібековтің пікірінше, «қазақ – ежелден ойшыл, не айтса да мәселенің байыбына жетіп барып айтатын, сөздің түйініне мән берген халық. Біздің мақал-мәтелдеріміз тұнып тұрған философия. Сондықтан да шешендеріміз сөзін дәлелді, уәжді ету үшін әманда мақал- мәтелдерге жүгініп отырған. Асылы шешен, дәлелді, қисынды сөйлеу қазақ халқы арасында ерте заманнан дәстүрге айналған» [3, 29].
Сөз өнерін қазақ халқы ежелден аса жоғары бағалағаны белгілі. Қазақ халқы өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасын тіл арқылы жеткізген. Сөз өнері қазақ халқында пайымдық, пікірталастық сипатта болғандығы байқалады. Қазақ халқының басым көпшілігіне тән дүние – шешендік өнер, яғни ойын сөзбен өрнектеу, сөздің небір шұрайлысын тауып сөйлеу, сөзі ойына ілесіп, екі үдеріс қатар жүріп отырғандығы байқалады. Тағы бір атап өтетін ерекшелік – сөзі де, ойы да мықты логикаға негізделіп, ойы жүйелі, белгілі бір ретпен анық баяндалады. Бұл жерде шешендіктің негізгі құралы – ақыл. Ежелгі қазақ ой таластыру этикасын бұзбауға тырысқан, өзінен мықтыны мойындай білген және бұл қасиет ақылдылықтың, көргенділіктің белгісі деп есептелген. Мысалы, «Ер Төстік» ертегісінде ақылды да сұлу қыз Кенжекейді ұзату кезінде әкесі сөзден жеңіліп, қызының талабын орындауға мәжбүр болады: «Кенжекейдің әкесі қызына ашуланып, кісісін қайта жібереді: «
…. Шалқұйрық – жылқымның құты, құтқа қыз ие болған жер бар ма екен? Құба інген
– түйемнің басы, түйемнің басын сұрағаны несі, қызда ондай түйе артар бар ма екен? Ақсырмалды сауыт – атадан ұлға қалатын мұра, мені қызым қу бас дегені ме? Қызым өйтіп жаулығын білдірмесін», – дейді.
Кенжекей әкесіне қайта кісі салыпты: «Шалқұйрықты сұрағаным, ерге лайық ат еді, ер мінсін деп едім; Құба інгенді сұрағаным, ер қосын артсын деп едім; Ақсырмалды сауытты сұрағаным, Ер Төстік ер еді, сол ер кисін деп едім», – депті. Әкесі Кенжекейдің сөзінен жеңіліп, сұрағандарын беріпті. «. Бұдан қазақ халқының сөзге ерекше мән беріп, сөзді қастерлей білгендігін аңғаруға болады. Халық «жүйелі сөзге жетесіз таласады» деп түсінген («Хан мен құмырсқалар» ертегісі).
Қазақ ертегілерінде шешендік поэтикалық образдылық сипатымен бірге, терең ойға құрылуымен, халықтың өз тұрмыс-тіршілігін реттеу жөн-жобалары, салт-дәстүр, жол (заңгерлік сипаттағы) қағидалары мәселелері тұрғысынан сөз таластыруымен де ерекшеленеді. Ер Төстік ертегісінен алынған жоғарыдағы үзіндіде Кенжекейдің әкесінің сөзі риторикалық сұраулы сөйлем формасында берілу арқылы өз жауабын өз семантикасында қамтып тұр.
Кенжекей мен әкесінің сөз алмасуларынан қазақ халқының әлем бейнесіндегі жылқының, түйенің, ақсырмалды сауыттың орны және солармен байланысты жөн- жоралғылар көрініс береді:
1) жылқы малының ішінде біреуі жылқының басы я ерекше құты болып есептеледі;
2) түйе малының ішінде де қалған түйелері одан өсіп-өнген бас түйе болады;
3) жалпы малдың басы өз шаңырағында қалуы тиіс;
4) малдың басына қыз емес, ұл иелік етеді;
5) ақсырмалды сауыт та – атадан ұлға мұра.
Аталмыш үзіндіде, сондай-ақ, жылқы және түйеге қатысты бас (басы) сөзі қолданылады. Басқа да көптеген халықтардағы сияқты бас сөзі қазақ халқының ұлттық бейнесінде жағымды мәнге ие. Сондай-ақ, мал басы тіркесінде басы сөзінің орын алуы бастың басқа мүшелерге қарағанда түркі халықтары танымында тәңірі туралы қасиетті ұғымымен байланыстырылатын көкке, аспанға бір адым болса да жақындығынан, әрі мал иесі (құдайы) туралы түсінікке де сәйкес болса керек.
Қазақ ертегілерінде шешендіктің басты қасиеті ретінде қандай да болсын мәселеде сөздің негізге, дәйекке құрылуы болып табылады.
Мысалы, Кенжекейдің әкесі қызының сұрағандарын не себепті бере алмайтынын өз сөзінде дәйекпен алға тартады. Ең бастысы, Кенжекей тарапынан бұйымтай етіп сұралған нәрселерге байланысты жауабы «бермеймін» түрінде тікелей айтылмайды.
Шешендік қазақ танымында біріншіден, дәйекті, негізді сөйлеу тұрғысынан анықталады.
Екіншіден, үзілді-кесілді сөйлеуден гөрі, ойды тұспалдап, не себепті осындай әрекетке барып тұрғанын жанама түрде жеткізуді жөн санаған. Мұндай сипаттағы жауаптасу қазақ халқының шешендікті сыпайы сөйлеу ретінде танитынын көрсетеді.
В.В. Радлов қазақ халқының шешендігі, тапқырлығы жайлы былай деп жазады: «Қазақтар қашан да мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді… Тіпті ауыз-екі сөйлесіп отырғанның өзінде оның сөйлемі мен ой кестесі өлең жолдары мен шумақтары секілді ұйқасып, үйлесіп кететіні сонша, нағыз өлең екен деп таң қаласың [4, 17].
Аңыз, ертегілерде астарлап сөйлеу үлгілері орын алған. Мысалы, «Аяз би» ертегісінде «Мұржасы қисық болса да, түтіні түзу екен», «Оң қолың ұрыс қылса, сол қолың арашашы болсын» сияқты нақыл сөз тіркестерін астарлап сөйлеудің үлгісі ретінде атауға болады.
Демек, шешендік дәстүр дүниені, адамдар арасындағы байланысты танудың бір түрі болған деп айтуға болады. Қазақ астарлап сөйлеп, айтар ойын алыстан орағытып, тұспалдап, кейде ойын жұмбақтап сөйлеген, тура жауап бермеген, ойын ыммен де білдіріп отырған. Сөйлеуді ыммен бастап, терең оймен аяқтаған. Осыдан халықта «ымды білмеген, дымды білмейді» деген тұжырым жасалған болар.
Тілдік тұлға және оның сәйкестігі, кең ауқымда алғанда, белгілі бір дәуірмен, уақытпен шектеліп қалмайды. Өйткені тілдік тұлға өзінің ұлттық сәйкестігі негізіндегі түп тамырын тарихтың терең қойнауларынан алады. Тілдік тұлға сәйкестігі өлшемінің бірі болып табылатын ұлттық сәйкестікте тұлға өзінің тарихи эволюциясында қандай-да бір негізді немесе ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жіпті сақтап қалуы маңызды болып табылады. Осы тұрғыдан жалпы қазақи ұлттық негізді іздестіретін болсақ, әрине, тілдің басты қайнар көз болатыны сөзсіз

Әдебиеттер: 1 Гулыга А.В. Эстетика истории. – М., 1974.
2 Оңдасынов Н.Д. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы, 2011. – 350 б. 3 Кішібеков Д., Кішібеков Т. Қазақ философ халық // Ақиқат. – 1994. – № 4.
4 Радлов В.В. Образцы народной литературы. – СПб., – 1870. – Ч. ІІІ.

Идея антропоцентризма является главной целью современных лингвистических исследований, направленных на выявление содержания языка, различных связей человека и языка. Концепты о человеке и языковая картина сказок, которые встречаются в лингвоментальных пространствах фольклорных текстов, являются доказательством антропоцентрических идей в когнитивных структурах.
В связи с этим в в своих исследованиях мы рассматриваем наиболее часто встречающиеся в казахских сказках концепты «женщина», «любовь», «батыр», «охотник»,
«ораторское искусство», гостеприимство», «скакун», «той» в качестве концептосферы концепта ЧЕЛОВЕК. В качестве архетипа, сохранившегося на ментальном уровне казахского народа, можно назвать ораторское искусство. Можно сказать, что ораторское искусство является одним из способов познания мира, взаимоотношений людей.

The idea of anthropocentrism is the main goal of modern linguistic research aimed at revealing the content of the language, various relationships between man and language. The concepts of man and the linguistic world of fairy tales that occur in folklore texts are the evidence of anthropocentric ideas in cognitive structures.
In this regard, in our studies we consider the most common concepts in Kazakh fairy tales such as «woman», «love», «batyr», «hunter», «speech craft», hospitality», «horse», «toi» (a holiday) as concept sphere of the concept MAN. Speech craft can be called an archetype, preserved at the mental level of the Kazakh people. Speech craft can be interpreted as one of the ways of learning the world and the relationships of people.









Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *