АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ОҚЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАЛАРЫ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ

Б.Ж. Курманова
педагогика ғылымдарының докторы, доцент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университеті

АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ОҚЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАЛАРЫ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ

Мақалада қазіргі ақпараттық қоғамның ерекшеліктері және ақпараттық технологиялардың адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отырған кезеңдегі қазақ тілінің оқытылуында ұстанылатын негізгі қағидалар туралы және ол қағидаларды қазақ тілін өзге тілді аудаиторияларда оқыту барысында ұстанудың ерекшеліктері синергетикалық педагогика тұрғысынан қарастырылған. Сондай-ақ мақалада қазақ тілін оқытудағы негізгі қағидалар белгіленіп, олардың мәні мен іске асырылу жолдары қазіргі білім берудегі өзгерістер мен жаңалықтар және тілдік білім берудегі жаңа талаптарға сай ашылып көрсетілген. Қазақ тілін оқытудағы жекелеу, яғни қазақ тілін ақпараттық технологиялар арқылы оқытуда тұлғалық-бағдарлық қағидаға сүйену басты қағида ретінде алынып, оқу үдерісін ұйымдастыруда субъект-субъектілік қарым-қатынас құру маңызды рөл атқаратындығы туралы пікір айтылған. Сонымен қатар мақалада автор ақпараттық қоғамның дамуымен бірге білім үдерісінің негізгі субъектілері арасында маңызды өзгерістер пайда болатынын алға тартады. Автор білім беру кеңістігінде білім берудің үзіліссіз сипат алуы, қоғамның демократияландырылуы, білім алушылар контингентінің өзгеруі, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, білімнің тұтынушылық және ретрансляциялық саладан білімді өндіру мен ақпаратқа айналуы себепті білім алушының дәстүрлі емес пішінінің пайда болуына әкелетіні туралы пікір айтып, осыған байланысты білім беру субъектілерінің де рөлі мен орнын айқындау мақсатындағы зерттеулер жүргізу қажеттілігін, оның өнімді нәтижесін білім субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынастардың заңдылықтарын айқындау шеңберінде алынатыны, ақпараттық қоғамда ақпараттық еңбек түрі өрбиді және білім оның негізгі әлеуметтік ұйымдастырушысы екендігі туралы түйінді сөз айтады.

Кілтті сөздер: қазақ тілі, қазақ тілін оқыту әдістемесі, ақпараттық қоғам, синергетикалық педагогика, дидактикалық қағидалар.

КІРІСПЕ
Адамзаттың өзінің қол еңбегін оңтайландыруы мен оның автоматтандырылуы бүгінгі күні қоғамдық және әлеуметтік өмірдің түбегейлі өзгерістеріне әкелді. Адамның барлық дерлік қызметін мащина билеп, машина арқылы ойлау мен машина арқылы қарым-қатынасқа түсу үйреншікті іс-әрекетке айналды. Осыған орай білім беру мен оқытудың мазмұнына, түріне, қызметіне деген көзқарастар да өзгешеленуде: түрлі компьютерлік технологияларды қолдану, ғаламтор (интернет) мүмкіншіліктерін оқытуда тікелей пайдалану, виртуалды лабораториялар жасау, алшақтан оқыту, виртуалды оқу орындарында оқыту сияқты көптеген құралдар мен зор мүмкіншіліктер туындады. Қысқаша айтқанда, Ыбырай Алтынсариннің: «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды; Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашыпжұмғанша, Жылдам хабар алғызды … » [1, 28],- деп осыдан ғасырдан аса уақыт бұрын жырлаған сөздері шынайылыққа, бүгінгі күннің реалийіне айналды.
Ақпараттық ағындардың көбеюі мен оның тікелей кез келген адамның қолдана алу мүмкіншіліктерінің туындауы сонымен қатар адами қатынастардың да басқаша құрылуына әкеліп отырғаны тағы бар. Осындай жағдайда «Білім беру мен оқыту қандай болмақ? Біз машинаға телініп, адамдықтан, адамилықтан ажыратыламыз ба әлде сол адам жасаған құралды адам игілігіне жұмсаймыз ба?» деген көптеген көкейтесті сұрақтар педагогтарды толғандыруда. Әсіресе, адамның адам екендігін көрсететін, ұлттың ұлттық ерекшелігін танытатын ең бірінші көрсеткіш болып табылатын тілді оқытуда жағдай қалай өрбімек, «Ақпараттық технологияны және оның зор мүмкіншілігін тілді оқытуда қалай қолданымыз?» деген сұраққа жауап ретінде біз өз тарапымыздан алғашқы қарастырылатын мәселе деп оқыту қағидаларын және оның заман талабына сай ұстанылуы керектігі туралы ойымызды ортаға салмақпыз. Ақпараттық қоғамның дамуымен бірге білім үдерісінің негізгі субъектілері арасында маңызды өзгерістер пайда болды. Білім беру кеңістігінде білім берудің үзіліссіз сипат алуы, қоғамның демократияландырылуы, білім алушылар контингентінің өзгеруі, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, білімнің тұтынушылық және ретрансляциялық саладан білімді өндіру мен ақпаратқа айналуы себепті білім алушының дәстүрлі емес пішінінің пайда болуына әкелді. Осыған байланысты білім беру субъектілерінің де рөлі мен орнын айқындау мақсатындағы зерттеулер жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Ал оның өнімді нәтижесін білім субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынастардың заңдылықтарын айқындау шеңберінде алуға болады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Педагогиканың жаңа даму деңгейі әлемдік білім берудегі күйзелістердің ушығуы кезеңінде жаңа көзқарастарды қалыптастыру проблемасын ажыратып, білім субъектілерінің білім берудегі жаңа мақсаттары мен құндылықтарын қалыптастыру талап етуде. Ол мақсаттар мен құндылықтар қазіргі адам өркениетінің күйі мен оған деген жалпы ғылыми аялық тұрғыдан келумен үйлесілген жағдайда ғана қалыптастырылады [2,5-6]. Компьютерлік, желілік, мультимедиалық технологияның адам өміріне қарқындап енуі білім алу мен білім беру жүйесіне де өзгерістер енгізуде. Бүгінгі білім мен ақпарат ауқымды көлем мен кең көпшілікті қамтып отыр, осы жағдайдағы гуманитарлық білім беру мен білім алу жағдайына келетін болсақ, «электронды ортаның шығармашылық оқу тапсырмаларын құруға жағдай жасауға, деректерді жаңаша қабылдау білігін қалыптастыруға, көне және жаңа ақпараттардың арасында ерекше байланыстарды құруға мүмкіндік бере отырып, білім алушының эксперимент жасауға бейімділікті, ойлаудың икемділігі мен құрылымдылығы қабілеттерін қалыптастыруға жағдай жасайды» [3,14]. Сонымен ақпараттық ағындар мен желілік, электронды ортаның адам қызметінің ажырамас бөлігіне айналған кезеңдегі дидактикалық қағидаларды педагог-ғалымдар былай анықтайды — педагогикалық қағидалар ізгіліктілікті (тұлғаның дамуы үшін оқыту мен тәрбиедегі қолайлы жағдайдың жасалуы), оқуға деген жағымды және оң уәждеменің болуы, материалды игерудегі жүйелілік пен бірізділік, қолжетімділік, саналылық, жауапкершіліктік, белсенділік, өз бетінше жұмыс істей білу, білім берудің тәрбие, оқыту және дамытушы қызметтерінің бірлігі [2, 71]. Бұл жерде ақпараттық технологиялармен оқытудағы маңызды есепке алынатын шарт – білм берудің жекелігі, яғни оқытудың тұлғаға бағдарланып іске асатындығы. Сонда қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытудың маңызды қағидасының бірі бүгінгі күнгі оқытудың бағдары болып табылатын тұлғалық-бағдарлық оқыту қағидасы. Аталмыш қағида белгілі бір мағынада тәрбиелеу арқылы және дамыта оқытумен қатар оқытуды жекелеу қағидасымен байланысты.
Оқытудың тәрбиелеуші және дамыта оқыту қағидалары қазақ тілі пәнінің суденттерді дайындаудағы жалпы білім беру және дамыту компоненттері болып табылатындығында. Оны студенттердің қазақ тілі бойынша білім меңгеруі үдерісінде өздерінің ойлауын сезініп, ойларын жеткізу тәсілдерін терең түсініп, тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі функциясын таниды. Сонымен қатар сөйлеу мәдениеті қалыптасып жатады. Ал қазіргі кезде қазақ тілінің қоғамдық өмірдің барлық дерлік саласына еніп келе жатқандығына байланысты қазақ тілінің шынайы коммуникацияда қолданылуы ол бойынша шынайы білімді, ішкі пікірді, позицияны, ниетті де қосады. Сонымен қатар белгілі бір әлеуметтік шарттардың орындалуын да талап етеді. Өйткені қазақ тілінде сөйлеу дегеніміз тек қана «бару, келу, айту, жүру, тұру» емес, қазақ тілінде сөйлеу дегеніміз тілдің барлық болмысын тану, сол тілде сөйлейтін халықтың жаны болып табылатындығын тану. Осыған байланысты қазаққа тән сыпайылылық, рөлдік қарым-қатынастардың да болуы шарт. Көрсетіліп отырған өлшемдер «когнитивті шартталған» [4, 243] деп аталады, яғни «коммуникацияға қатысушылар ол ережелерді біліп, сол ережелерді пайдалана біледі және де өздерінің интерпретациясын коммуникацияда болып жатқан жағдаймен, сол контекстің «әлеуметтік» сипаттамасымен байланыстыра алады» [5,14].
Б.Хасановтың айтуы бойынша, «қазақ тілінде сөйлеудің коммуникативтік стратегиясы мен тактикасы қазақтардың және онымен сөйлесушінің арасындағы әлеуметтік байланыстар туралы білімнің құрамдас бөлшегі. Сондықтан да лингводидактикалық тұрғыдан қазақ тілін оқытуда: 1) сөйлеушінің бойында қазақша сөйлеу дәстүрлерін жетілдіріп, 2) аралас сөйлеуден арылту мен 3) әр түрлі стильде сөйлей білуге үйрету маңызды болып табылады» [6, 332-333]. Бұл жерден біздер қазақ тілін оқытудың дамыта оқыту қыры тілді үйренуші студенттің коммуникативтік және әлеуметтік-мәдени қалыптасуымен тығыз байланыста болуы керектігін көреміз. Сонымен қатар студент интеллектуалды және дербес әрекет жасайтын индивид деп танылып, оның сөйлеу қызметі өзінің сөйлеу тәжірибесінің және тілді, мәдениетті, қарымқатынасты меңгерудегі тәжірибелерінің өзгеруіне байланысты болады. Сонымен жоғарыда көрсетілген қағиданың мазмұны студенттердің бойында тек қана қазақ тілінде қарым- қатынас жасай білуді дамыту емес, сонымен қатар оның әлемді тануын қазақ тілінде сөйлеу арқылы жүзеге асыруды көздеу болып табылады. Осыған байланысты қазақ тілін қазақ халқының мәдениеті арқылы үйрету көзделеді. А.А.Леонтьевтің тілді оқытудағы тұлғалық-бағдарлық қағидаларын негізге ала отырып, қазақ тілін оқытудың тұлғалық-бағдарлық сипатын былай тұжырымдап отырмыз:
1) студенттердің әлеуметтік тәжірибені игеруіне көмек көрсетіп отыру, яғни студенттің бойында болашақ маман болып ел экономикасын дамытушы субъект ретінде, қоғамда қалыпты өмір сүруіне қажет қазақ тілінде білім, дағды, білік қалыптастырылуы керек; 2) студенттің еркін және шығармашыл ойлау қабілетін ынталандыру, соның ішінде қазақ тілінде ойлай білу қабілетін дамыту;
3) студенттің бойында әлемнің біртұтас суретін қалыптастыру және оның қазақ тілінде ойлау қабілетін аша отырып, әлемге деген көзқарасын қазақ тілінде қалыптастыру; 4) студентке қазақ тілін оқуға және қазақ тілін әрменқарата игеруге бағдар беріп жоспар құруға үйрету, цифрлық технологияның жетістіктерін пайдалана отырып жасалған мультимедиалық оқу құралдарын студентті өзінің болашақ мамандығының бағыты мен мазмұнына сәйкес жасалған материалдарды, ақпараттарды қазақ тілінде ала білуге, оны өзінің қызметтік әрекетінде пайдалануға үйрету; 5) студенттің бойында тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру, соның ішінде өзінің мекен етіп отырған ортасының, мемлекетінің тілін игеруге, оны әрменқарата дамытуға бағыттау. Сонымен қатар студентті өзін өзі дамытуға көмек беретін уәждемені, рефлексияны, жүйелі білімді әлем суретінің қалыптастырылуын бақылаудың құралы ретінде қалыптастыру. Қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытудың дидактикалық қағидалары сонымен қатар жоғары мектепте оқытудың жалпы қағидалары негізінде мынадай етіп алынды. Қазақ тілін оқытуда берілетін білімнің мазмұны қоғамның дамуының қажеттілігіне сай болу қағидасын қазақ тілінен берілетін білім мазмұнына тек қана тіл туралы білім емес, сонымен қатар адамзаттың шығармашылық қызметін көрсететін және тұлғалық тәжірибелерді көрсетуді қамтамасыз ететін және олардың адамзаттың жасаған құндылықтар жүйесіне қатынасының фрагменттерін көрсету деп алынды. Яғни берілетін тілдік білім замандағы өзгерістерге сай тілдің ішкі құрылымы мен сыртқы құрылысындағы барлық өзгерістердің, ақпараттық технология құралдары арқылы еніп жатқан барлық мәтіндердегі ерекшеліктердің мазмұндық және құрылымдық қырын ескеріліп жасақталуы тиіс.
Қазақ тілін оқытудың мазмұндық және процессуалды қырларының бірдей болуы қағидасы қазақ тілінің пәндік мазмұны мен оның меңгерілуінің тығыз бірлікте болуы. Осыған байланысты тілді қазақ тілін үйренуші және қазақ тілінің маманы ретінде танушы студент білім мазмұнын меңгеру тәсілдерін игеруі керек. Өйткені қазіргі білім алу мен білім берудің басты мақсаты білімді өндіру емес, білімді тиімді және ұтымды пайдалана білуді көздейді [2, 38]. Келесі қағида қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқыту мазмұнының әр түрлі деңгейдегі құрылымдық бірлігі деп анықталды. Ақпараттық технологиялардың білімге, оқыту мен тәрбие үдерісіне енуі оқытудың түрлерінде өзгертуге әкелді. Соның ішінде бүгінде білім беру мен оқыту кеңістігінде компьютерлік, ақпараттық технологияның дамуы арқасында мультимедиалық, қашықтықтан (дистанциялық), телевизиялық білім беру, сияқты оқыту түрлері пайда болды. Соның ішінде мультимедиалық оқытудың өзі оқыту және оқу үдерісіне экранда немесе мониторда бейнеқатарлардың көрінуін қамтамасыз ететін бағдарламалық, аппараттық құралдар. Мультимедиалық кешендердің оқытуда пайдаланылуы, жоғарыда атап өткендей, оқытудың өзінің мазмұнының және онымен жұмыс істеуді толықтай өзгертіп отыр. Оқу материалының реподуктивті меңгерілуінің орнына жобалау, зерттеу, проблемалық оқыту әдістері келіп отыр. ХХ ғасырдың 70-жылдары басталған бұл үдеріс жалпы оқытудың бағдарын да өзгертіп отырды. Осыған да байланысты болар негізгі екпін сабақ беру қызметіне емес, сабақ оқу қызметіне ауысты. Бұл жерде компьютерді меңгерген студенттің тек қана сабақ уақытында емес, кез келген уақытта ақпаратқа қолы жететіні оның өз бетінше жұмыс істеуіне зор мүмкіншіліктер береді. Сондықтан да студенттің компьютермен жұмыс істей білуі оған оқыту және оқу үдерісінде еркіндік береді, оқу қызметі мен мүмкіншіліктері тек қана сабақтармен шектеліп қалып қоймайды. Қазіргі цифрлық технологияның жетістіктері суденттің шығармашылық әлеуетін ашуға және оның табиғи икемділіктерін толықтай дамытуға үлкен мүмкіншіліктер береді. Ескере кететіні, интерактивті-мультимедиалық оқыту және мультимедиалық құралдар студенттің ғана тұлғасына әсер етіп қоймайды, сонымен қатар олар оқытушының да тұлғасына әсер етеді. Осыған байланысты жалпы мультимедиалық оқыту құралдарының өзі барлық білім беру үдерісіне әсер ететін маңызды күш деп қарастырылуы керек. Осыған байланысты дидактикалық қағидалардың да іске асырылуында өзгерістер пайда болып, білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығы – оқытушы, студент, оқу объектісіне бірдей талаптар қойылып отыр. Соның ішінде: 1) студенттің өз өмірінің кез келген кезеңінде білімін жалғастыру үшін ұсынылатын формадағы білім беру бойынша нақты және жеткілікті деңгейде теориялық, практикалық дайындығы, білімі, білігі, дағдысы мен құзыреттілігі болуы керек; 2) оқытушы білім алушының мінез-құлқына қойылатын нақты талаптарды қалыптастыру, танымдық үдерісті үйлестіру, оқытатын курсын түзетіп отырумен қатар, оқу-тәрбие үдерісін басқару технологиясын, басқарып отыратын мониторинг технологиясын, коммуникациялық технологияларды, өрелік (интеллектуалды) бос уақытты өткізу технологияларын да меңгерген болуы керек; 3) оқыту мен оқу объектісі міндетті түрде белгілі бір пәндердің өзара байланыстылығы, сабақтастығы есепке алына отырып нақты құрылымдалған, бірін бірі толықтыратын, қоғамның ғылыми, өндірістік, әлеуметтік-қоғамдық, мәдени ақпараттық инфрақұрылымына кіріктірілген болуы тиіс [2, 39]. Бұл үлкен маңызды педагогикалық мәні бар мәселенің зерттелуі де бүгінгі білім берудегі алдыңғы қатарлы цифрлық технологиялардың қарқынды енгізілуінің және оның студенттің игілікті білім алуына жұмсалуын қамтамасыз етуші құрал деп қарастырып, оның құрылымы мен мазмұнының студенттің алған ақпаратты игеруін және өзінің өмірлік тәжірибесінде дұрыс қолдануына жол ашатындай бағдар беруі тиіс деп айта аламыз. Интерактивтімультимедиалық оқытудың өзі оқу, тәрбие, даму рөлін атқаратын құрал болғандықтан, оның мазмұнының адамзаттың игілікті ісіне жаратуға арналған материалдармен қамтамасыз етілуі тиіс деп ойлаймыз. Өйткені «мультимедиа ақпараттық-коммуникациялық технология болып табылып, физикалық кеңістіктен жылдам өтуге мүмкіндік береді және де жеделдету арқылы ақпарат алмасуда орталық пен шеттің арасындағы алшақтықты ақырындап азайтуға көмектеседі. Нәтижесінде мультимедиалық технология кез келген тұтынушыға тіпті біртұтас қауымдастыққа әлемдік мәдени үдерістерге тартылуына және қосылуына мүмкіндік береді. Мультимедиалық құралдар адамның өз мүкіншіліктерін өзі іске асыра алудың әртүрлі және үлкен әсер беретін формалар мен әдістерді табуға мүмкіндік беруші үнемі дамып отыратын шығармашылық потенциалға ие. Толықтай технологизациялау қазіргі қоғам өмірінің барлық саласын қамтып отыр. Технология дамуының логикасында бар прогресс пен инновацияға бет бұрыс жасау мәдениет пен өнерге, білімге де оң және ынталандырушы әсер ету керек. Өйткені аталып отырған салалар осы мультимедиалық технологиялардың қызметін белсенді қолданатындар болып табылады. Осыған байланысты мультимедиа жалпы мәдениеттің құбылысы ретінде танылып, оның өнімдерінің игілікке жұмсалуын қамтамасыз ету қажет», — деп санайды осы саладағы зерттеушілер [7,151-157]. Қазіргі жағдайдағы оқытудың өзінің интеллектіленуі және оны интеллектінің дамуы үшін оңтайлы қолдануға бағытталуы ақпараттық технологияның жетістігі электронды, компьютерлік, мультимедиалық оқыту құралдарын білім алушы студенттің тек қана оңтайлы қызметтерді меңгеруі ғана емес, сонымен қатар сол құралды қолдана отырып, ойлау арқылы сәйкес әрекет түрін табуға бағыштау қажет. Осы жерде студенттің өрелік деңгейінің машинаға тәуелді болмай, берілген ақпаратты меңгеріп қана қоймай, ол оқу ақпаратының бірнеше рет қайталанып отыруы нәтижесінде және ол ақпаратқа студенттің өз бетінше қайта оралып игере алатын мүмкіншілігіне орай ақпаратты өз бойында шығармашылық әрекет тудыруға әкелетін қабілетті тудыруының құралы ретінде пайдалана алады. Осы жерден қазақ тілінің жоғары оқу орнында ақпараттық технологияларды қолдана отырып оқытылуының саналылық қағидасы туындайды.
Қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытудың саналылық қағидасының мазмұны студенттің тілдік материалмен жұмысты және тілдік материалмен операцияларды саналы түрде жасауы болып табылады. Басқаша айтсақ, тілдік материалды меңгеру дағдылары мен біліктері саналы негізде қалыптасады. Өзара байланысқан коммуникативтік, әлеуметтік мәдени және когнитивтік дамудың терең негізі оқылып жатқан тілдің қарым-қатынас құрал ретінде, білім ретінде, өзін өзі таныту құралы ретінде саналы түрде пайдаланылуы талап етеді. Тілдік құралдарды саналы түрде меңгеру және қарым-қатынас кезінде және тілді жеке меңгеру кезіндегі үдерістерді саналы басқаруға қызмет етеді. Сонымен қатар саналылық қағидасы оқу жағдайында бүгінгі күні жаңа мазмұнға ие болды. Ал оның жаңалығы тілді оқыту когнитивтік үдеріс ретінде құрылуы тиіс екендігі.
Когнитивтілік тілді үйренушінің және сол тілді оқытушы болашақ маман ретінде игерушінің тілдік жүйені қарым-қатынас құралы ретінде ғана игеруі емес, сонымен қатар тілді оқыту мен меңгеру ол студенттің әлем суретін қалыптастыруы болып табылатындығында. Бұл әлем суреті вербальды және тақырыптық, заттық мағынадан құралады. Осыған байланысты шетел тілін оқыту әдістемесін зерттеуші ғалымдар оның «формальды түрде» берілмей, тілді тасымалдаушы халықтың мәдениетін қоса оқыту арқылы меңгеру керектігін айтады. Жоғарыда көрсетілген қағиданың туындысы ретінде тілді үйренушіні уәждемелеуге деген көзқарас оның бойында мына қасиеттердің қалыптастырылуын көздеуі керек:
1) өзге ментальдылық, өзге мәдениетке деген қызығушылық пен сыйластық қасиетін қалыптастыру;
2) сол феномендерді қабылдау және түсіну, оларды өзінің әлемді тануы және мәдени тәжірибесімен салыстыру, олардың арасында ерекшеліктер мен ұқсастықтарды таба білуді қалыптастыру;
3) өзге өмір феномендерінде өзінің бағдарын таба білу және олармен қатынас құру барысында түсіне білуді қалыптастыру;
4) осылардың негізінде өзінің әлемдік суретін сыни тұрғыдан түсіну және оны байыту қасиетін қалыптастыру [4,75]. Ал осы қасиеттер мен біліктердің барлығын дамыту мына үдерісте іске асады:
1) өздері мекен етіп отырған қазақ елінің жағдайын таныстыруда және олардың ұлттық ерекшелігі бар адами қарым-қатынастарын үйретуде;
2) қазақ халқының әдет-ғұрпымен таныстыуда, қазақ халқында қабылданған өмірлік этикалық қағидаларды үйретуде;
3) қазақ халқының тұрмыстық, күнделікті мәдениеті туралы ақпарат беру және оларды оқытып үйретуде;
4) елде болып жатқан әлеуметтік мәселелерді және үрдістерді сыни тұрғыдан түсінуге үйретуде;
5) қазақ халқының жоғары мәдениетінің үлгілері мен интеллектуалды еңбектің эмоционалды түйісуі туралы айтуда, үйретуде.
ҚОРЫТЫНДЫ
Тіл үйренушінің сөйлеу аясындағы маңыздысы – ол оның коммуникативтік құрамдас бөлігі. Тұлғалық аяның құрылымындағы биологиялықты, психологиялықты, әлеуметтілікті тани отырып, осылардың барлығының коммуникативтік компонентке бағынатынын және тұлғаның доминантты сызығын қалыптастыратынын айтуға болады. Сондықтан да әрбір адамның айналасында В.фон Гумбольдт айтқан тіл және мәдениет шеңберінің болатынын ескерсек, тіл мен мәдениеттің тұлғаның өзін өзі іске асыруының және өмір сүруінің коммуникативтік кеңістігін құраушылар екендігін көруге болады.
Сонымен ақпараттық қоғамдағы қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытудың негізгі қағидалары жалпы дидактикалық және бүгінгі күнгі білім беру мен тілді оқыту қағидалары негізінде ұсынылып отыр. Ақпараттық қоғамда ақпараттық еңбек түрі өрбиді және білім оның негізгі әлеуметтік ұйымдастырушысы болып табылады. Осыған байланысты біздің жоғары оқу орындарында берілетін білімнің студент үшін жалғыз ғана білім ортасы емес екендігін ескеруіміз керек және де берілетін тілдік білімнің студенттің болашақ мамандығындағы қажет құрал ретінде берілуі әрдайым көзделген мақсат болуы керек. Сондықтан да жоғарыда аталып отырған қазақ тілін оқытудың дидактикалық қағидаларының ұстанылуы тілдік білімнің өнімді және берік қалыптасуына негіз бола алады деп ойлаймыз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:
1. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. — Алматы: Ғылым, 1994. -288 б.
2. Гейхман Л.К., Кушнина Л.В., Кушнин А.В. Синергетическая педагогика: монография. — Пермь, 2011. — 243 с.
3. Евдокимова М.Б. Развитие автономности учащегося в среде ИКТ// Информационнокоммуникационные технологии в лингвистике, лингводидактике и межкультурной коммуникации. Сборник статей. В.5 Под ред. А.Л.Назаренко. — Москва: МГУ, 2012. -12-19 с.
4. Гальскова Н.Д., Гез Н.И. Теория обучения иностранным языкам. Лингводидактика и методика. — Москва: Академия, 2006. — 336 с.
5. Дейк ван Т.А. Язык. Познание. Коммуникация. — Москва, 1989.
torrentino.ru/torrents/aucp-deyk-va… 03.03.2014
6. Хасанов Б.Х. Языки народов Казахстана: от молчания к стратегии
(социопсихолингвистические аспекты). — Алматы: Арда, 2007. — 384 с.
7. Шлыкова О.В. Мультимедийная культура в контексте вузовского образования // Культурология: Новые подходы. Альманах-ежегодник. №5-6. — Москва, 1999. — 151-157 б.

Б.Ж. Курманова
Актюбинский региональный государственный университет им. К.Жубанова г. Актюбе, Казахстан
В статье рассматриваются проблемы преподавания казахского языка, его принципы обучения в информационном обществе с точки зрения синергетической педагогики и пути реализации дидактических принципов в преподавании казахского языка в иноязычной аудитории. Также автором выделены основные приницпы обучения казахскому языку с учетом требований к современному языковому образованию, высказано мнение об инидивдуализации обучения казахскому языку и выстраивание субъект-субъектного отношения является важным моментом обучения, который должен учитываться при организации учебного процесса по языковым дисциплинам вообще. В статье рассматривается также проблема изменения отношении между субъектами образования в связи с развитием информационного общества. В статье сделаны выводы о развитии информационного труда в современном мире и обществе и, что в данной ситуации именно образование будет играть роль основного социального организатора во сферах жизнедеятельности человечества в информационном обществе, ибо непрерывные изменения в образовательном пространстве, демократизация общества, изменения контингента обучающихся, развитие СМИ, переход образования и знания из сферы потребления и ретрансляции в производительную и информационную порождает новую нетрадиционную форму обучающегося. В связи с этим автором выдвигается идея изменения характера роли и места субъектов языкового образования и обучения казахскому языку и необходимость нового направления научного исследования в методике преподавания казахского языка, продуктивные результаты которого можно получить лишь в определении и установлении закономерностей взаимоотношений между субъектами образования и обучения.

B.Kurmanova
K. Zhubanov
Aktobe regional state University In this article discusses the Kazakh language teaching, principles of learning in the information society in terms of synergistic pedagogy and the realization of didactic principles in teaching the Kazakh language in a foreign audience. The author also highlights the main principles of learning the Kazakh language, taking into account the requirements of the modern language education, expressed individualization of learning the Kazakh language and building subject-subject relationship is an important point to be considered in the educational process. The article also examines the problem of changing the relationship between the subjects of education in connection with the development of the information society. The article at the same conclusions about the development of the information in the modern world of work and society, and that in this situation, it is education that will serve as the main social organizer in the fields of human activity in the information society, for the continuous changes in education, the democratization of society, changes in contingent students, media development, education and knowledge transfer from the sphere of consumption and relaying information to productive and creates a new form of non-traditional student. In this regard, the author puts forward the idea of changing the nature of the role and place of the subjects of language education and learning the Kazakh language and the need for a new direction of research in the methodology of teaching the Kazakh language, productive results which can be obtained only in defining and establishing patterns of relationships between subjects of education and training.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *